Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 1256 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 1256 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының

Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы жасырынып

жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Орталық халық үкіметі осы Келісімді жасауға тиісті түрде уәкілеттік берген Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы (бұдан әрі – Макао АӘА)

      жасырынып жүрген қылмыскерлерді өзара ұстап беру мәселелерінде ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      бір-бірінің құқықтық жүйесі мен сот институттарына деген құрметін растай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Тарап осы Келісімнің және өз заңнамасының талаптарына сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген, оларға қатысты екінші Тараптың юрисдикциясы болатын қылмыстар үшін екінші Тарап іздестіріп жатқан өзінің юрисдикциясындағы кез келген адамды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап

Қылмыстар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру сұрау салу жіберілген кезде екі Тараптың заңнамасына сәйкес кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым қатаң жазамен жазаланатын қылмыс болып табылатын кез келген әрекетке немесе әрекетсіздікке қатысты ғана қанағаттандырылуы мүмкін.

      2. Егер ұстап беру сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, өтелмеген жаза мерзімі кемінде алты (6) айды құрауға тиіс болуы қосымша талап болып табылады.

      3. Қылмыстың осы баптың 1-тармағына сәйкес жазаланатын қылмыс болатынын не болмайтынын айқындау кезінде:

      а) Тараптардың заңнамасында осы қылмысты құрайтын әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыстардың ұқсас санатына жатқызылатыны не жатқызылмайтыны немесе бұл қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгіленетіні не белгіленбейтіні маңызды болмайды;

      b) ұстап берілуі талап етілетін адамға тағылатын әрекеттер немесе әрекетсіздік жиынтығы назарға алынады және Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыстың құрамдас элементтерінің ерекшеленетіні-ерекшеленбейтіні маңызды болмайды.

      4. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясынан тыс жерде жасалған болса, ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында дәл осындай мән-жайларда оның юрисдикциясынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық қудалау көзделген жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі немесе одан да көп қылмысқа қатысты болса, олардың әрқайсысы екі Тараптың заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымаса, ұстап беру қанағаттандырылуы мүмкін кем дегенде бір қылмыс үшін адам ұстап берілуге тиіс болған жағдайда, ұстап беру барлық қылмыс үшін де қанағаттандырылуы мүмкін.

3-бап

Ұстап беруден бас тартуға міндетті негіздер

      1. Егер:

      а) ұстап беру Қазақстан Республикасы үшін егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса не Макао АӘА үшін Қытай Халық Республикасының ұлттық қорғанысына, сыртқы істері мен егемендігіне немесе қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе Қытай Халық Республикасының немесе Макао АӘА қоса алғанда, оның кез келген бөлігінің басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;

      b) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру сұратылып отырған іс-әрекет саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс болып табылады деп есептесе;

      c) Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсіліне, діни сеніміне, азаматтығына, этностық тиесілігіне, саяси көзқарасына, әлеуметтік жағдайына қарай қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жіберілді не осы адамның жағдайы осы себептердің кез келгенінен нашарлауы мүмкін деп пайымдауға елеулі негізі болса;

      d) іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптан ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін сотталса немесе ақталса;

      e) сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалау басталмаса немесе үкім ескіру мерзімдерінің өтуі салдарынан не Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес өзге де негіздер бойынша орындалмаса, ұстап беру жүзеге асырылмайды. Ескіру мерзімінің өтуі Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады. Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап өзінің заңнамасына сәйкес ескіру мерзімдерінің өтуін тоқтатуға немесе тоқтата тұруға алып келген әрекеттерді немесе оқиғаларды түсіндіруге тиіс және оларды Сұрау салынатын Тарап ескеруі мүмкін;

      f) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру өз заңнамасына немесе қолданылатын халықаралық шарттарға қайшы келеді деп есептесе;

      g) сұрау салу Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес өлім жазасына, өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын қылмысқа немесе адамға физикалық зиян келтіруі мүмкін жазаға қатысты болса, егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа мұндай жазалар тағайындалмайтынына немесе егер тағайындалса, олардың орындалмайтынына жеткілікті түрде кепілдік бермесе;

      h) ұстап беру туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында әдеттегі қылмыстық құқық бойынша қылмыс болып табылмайтын әскери қылмыс ретінде қаралатын қылмысқа қатысты болса, ұстап беру жүзеге асырылмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағының b) тармақшасының мақсаттары үшін саяси қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты қылмысқа мыналар жатпайды:

      a) Мемлекет басшысын не Үкімет басшысын немесе олардың отбасы мүшелерін өлтіру немесе олардың өміріне қастандық жасау немесе жеке басына қол сұғу;

      b) екі Тарапқа да қолданылатын көпжақты халықаралық шарт негізінде Тараптар саяси қылмыс немесе саяси қылмысқа байланысты қылмыс ретінде қарамайтын кез келген қылмыстық әрекет.

4-бап

Ұстап беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер

      Мынадай жағдайларда:

      а) егер Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе жеке басының өзге де мән-жайларына орай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп есептесе;

      b) ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында өз юрисдикциясы шегінде жасалған қылмыс ретінде қаралса;

      c) ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысты қылмыстық тергеп-тексеру немесе сот талқылауы ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қарсы Сұрау салынатын Тараптың іс жүргізуінде болса;

      d) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін адамға қатысты қылмыстық қудалауды қозғамау не тоқтату туралы шешім қабылдаса; немесе

      e) егер іздестіріліп жатқан адам ұстап беру сұратылып отырған нақ сол қылмыс үшін үшінші Тарапта ақталса немесе сотталса және сотталған жағдайда шығарылған үкім толық орындалса немесе енді орындауға жатпаса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

5-бап

Өз азаматтарын және тұрақты резиденттерді ұстап беру

      1. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ұстап беруден бас тарту құқығын өзіне қалдырады, ал Макао АӘА Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Макао АӘА-дегі тұрақты резиденттерден басқа, Қытай Халық Республикасының азаматтарын және Макао АӘА-дегі тұрақты резиденттерді ұстап беруден бас тарту құқығын өзіне қалдырады.

      2. Егер ұстап беруге жататын адам ұстап беру туралы сұрау салуды алған кезде Сұрау салынатын Тараптың азаматтығын немесе тұрақты резиденттікті алса, осы Келісімнің 6-бабында қамтылған ережелер қолданылады.

6-бап

Сұрау салынатын Тараптың қылмыстық қудалауды жүзеге асыруы

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 4-бабының b) тармақшасының немесе 5-бабының негізінде ұстап беруден бас тартса, ол екінші Тараптың сұрау салуы бойынша ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға міндетті.

      2. Егер Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағы g) тармақшасының негізінде ұстап беруден бас тартса, ол екінші Тараптың сұрау салуы бойынша және өз заңнамасында рұқсат етілетін шекте ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алады.

      3. Егер Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 4-бабының а) тармақшасының негізінде ұстап беруден бас тартса, ол екінші Тараптың сұрау салуы бойынша және өз заңнамасында рұқсат етілетін шекте ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алады.

      4. Осы баптың мақсаттары үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа құжаттармен, дәлелдемелермен және өзінде бар кез келген өзге де мәліметтермен бірге қылмыстық іс материалдарын ұсынады.

      5. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуға сәйкес қабылданған іс-қимыл туралы, ықтимал сот талқылауы және түпкілікті процестік шешім туралы уақтылы хабарлайды.

7-бап

Орталық органдар

      1. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің орталық органдары арқылы жүзеге асырады.

      2. Орталық органдар:

      а) Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура;

      b) Макао АӘА үшін – Макао АӘА-ның Мемлекеттік прокуратурасы.

      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органын өзгерте алады және бұл жағдайда ол екінші Тарапқа осындай өзгеріс туралы жазбаша нысанда хабарлауға тиіс.

8-бап

Ұстап беру туралы сұрау салу және растайтын құжаттар

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалуға және онда мыналар қамтылуға тиіс:

      a) іздестіріліп жатқан адамның атын, туған күнін, жынысын, азаматтығын қоса алғанда, оның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін құжаттар, өтініштер немесе өзге де мәліметтер, ал бұл мүмкін болса, адамның сырт келбетінің сипаттамасы, фотосуреттері, саусақ іздері және ықтимал тұрған жері, сондай-ақ көрсетілген адамның іздестіріліп жатқанын растайтын кез келген басқа ақпарат;

      b) ұстап беру сұратылып отырған қылмыстың жасалған күнін және орнын, сондай-ақ істің процестік мәртебесін қоса алғанда, қылмыс жасалған мән-жайлар туралы ақпарат;

      c) қылмыстың негізгі элементтері, саралануы және ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін жаза қамтылған заңнама туралы ақпарат;

      d) қылмыстық қудалау немесе жазаны орындау мерзімін шектеу туралы заңнан үзінді көшірме және ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысты жазаны қолдану туралы ақпарат;

      e) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салушы Тараптың шегінен тыс жерде жасалса, Сұрау салушы Тараптың осындай қылмыс бойынша юрисдикциясын көздейтін заңнан үзінді көшірме.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша ретінде ұстап беру туралы сұрау салуға мыналар қоса берілуге тиіс:

      а) қылмыстық қудалау үшін адамға сұрау салынған кезде сұрау салуға мыналар қоса беріледі:

      i) күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының немесе айыптау актісінің, сондай-ақ соттың қамаққа алу шешімінің немесе ұстап алу ордерінің куәландырылған көшірмелері;

      ii) ұстап беру сұратылып отырған қылмысты іздестіріліп жатқан адамның жасағанын растайтын дәлелдемелер сипатталған ақпарат;

      b) сот үкімін орындау үшін сұрау салынған кезде сұрау салуға соттың қамаққа алу шешімінің немесе ұстап алу ордерінің көшірмесі және Сұрау салушы Тарап сотының түпкілікті және орындауға жататын үкімінің куәландырылған көшірмесі және жазаның өтелген және өтеуге жататын бөліктері туралы анықтама қоса берілуге тиіс.

      3. Егер адам сырттай сотталған болса, Сұрау салушы Тарап үкімге шағым жасау мүмкіндігіне немесе қайталама сот талқылауына қатысты құқықтық ережелердің үзінді көшірмесін беруге тиіс.

9-бап

Қосымша ақпарат

      1. Егер Сұрау салушы Тарап ұсынған ақпарат жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап қосымша ақпаратты сұратуға және оны ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы. Егер Сұрау салушы Тарап тиісті негіздеме берсе, мұндай мерзім ұзартылуы мүмкін.

      2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамаққа алынған болса және ұсынылған қосымша ақпарат осы Келісімге сәйкес жеткіліксіз болса немесе осы баптың
1-тармағында көрсетілген мерзімде алынбаса, адам күзетілуден босатылуға жатады. Алайда, осылайша адамды босату Сұрау салушы Тарапқа сол адамды ұстап беру туралы жаңа сұрау салу жіберуге кедергі келтірмейді.

      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес адам күзетілуден босатылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты мүмкіндігінше жылдам хабардар етеді.

10-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      1. Лауазымды адам қол қойған және тараптардың орталық органының немесе құзыретті органдарының мөрімен тиісті түрде бекемделген құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінің барлық мақсаты үшін куәландырылған және жарамды болып есептеледі және одан әрі заңдастыруды, куәландыруды немесе түпнұсқалылығын растауды талап етпейді.

      2. Егер Тараптар өзгеше келіспесе:

      а) ұстап беру туралы сұрау салу және оған қатысты барлық өзге де құжат пен мәлімет Сұрау салушы Тараптың ресми тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс;

      b) сұрау салуға жауап Сұрау салынатын Тараптың ресми тілінде ұсынылуға және Сұрау салушы Тараптың ресми тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс.

11-бап

Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің ережелеріне және өз заңнамасына сәйкес ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдайды және Сұрау салушы Тарапқа өзінің шешімі туралы хабарлайды.

      2. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толықтай немесе ішінара бас тартса, онда мұндай шешім түсіндірілуге тиіс.

      3. Формалды негіздер бойынша ұстап беруден бас тартылған жағдайда Сұрау салушы Тарап қажетті формалдылық сақталғаннан кейін ұстап беру туралы сұрау салуды қайтадан жіберуге құқылы.

12-бап

Арнаулы қағида

      1. Осы Келісімге сәйкес ұстап берілген адам, төмендегідей жағдайларды қоспағанда:

      а) егер қылмыс, ол қалай аталса да, ұстап беруді куәландыруға негіз болған нақ сол фактілерге сүйенсе, мұндай қылмыс осы Келісімге сәйкес адам ұстап берілуі мүмкін қылмыстардың бірі болып табылса, мұндай қылмыс, оның ұстап берілген қылмысы үшін берілетін жазаға қарағанда онша қатаң жазамен жазаланбаса;

      b) егер ұстап берілген адам оны ұстап бергеннен кейін Сұрау салушы Тараптан шығып кетсе және өз еркімен қайтып оралса;

      c) егер ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптан осындай мүмкіндік болған кезден бастап отыз (30) тәулік ішінде шығып кетпесе, оны ұстап бергенге дейін жасалған кез келген басқа қылмысы үшін қылмыстық қудалануға, ұсталуға, сотталуға, жазалануға, қайта экстрадициялануға немесе жеке бас бостандығын шектейтін кез келген басқа да шараға ұшырамауға тиіс. Алайда бұл кезең жоғарыда аталған адам өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптан шығын кетпеген уақытты қамтымайды;

      d) егер Сұрау салынатын Тарап өз келісімін берсе, оны ұстап бергенге дейін жасалған кез келген басқа қылмысы үшін қылмыстық қудалануға, ұсталуға, сотталуға, жазалануға, қайта экстрадициялануға немесе жеке бас бостандығын шектейтін кез келген басқа да шараға ұшырамауға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағының d) тармақшасының мақсаттары үшін Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 8-бабында аталған құжаттарды, сондай-ақ ұстап берілген адам тиісті қылмысқа қатысты жасаған жазбаша өтінішін ұсынуды талап етуге құқылы.

13-бап

Алдын ала қамаққа алу

      1. Шұғыл жағдайларда іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша алдын ала қамаққа алынуы мүмкін.

      2. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу тікелей орталық органдар арасында не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының (Интерпол) жәрдемдесуімен жіберілуі мүмкін. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу коммуникацияның техникалық құралдары пайдаланыла отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.

      3. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуда:

      а) сәйкестендіру деректері, сондай-ақ азаматтығы немесе резиденттігі туралы мәліметтерді қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасы;

      b) егер белгілі болса, оның тұрған жері туралы мәліметтер;

      с) қылмыстың қысқаша сипаттамасы және мүмкін болса, оны жасаған уақыты мен орны;

      d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелері;

      е) іздестіріліп жатқан адамға қатысты соттың қамаққа алу туралы қолданыстағы шешімі немесе ұстап алу туралы ордер немесе соттың қолданыстағы үкімі туралы анықтамасы; және

      f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу жақын арада ұсынылатынына кепілдік қамтылуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Тарап алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуды қарастыру нәтижесі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.

      5. Егер қамаққа алынған күннен бастап қырық (40) тәулік өткен соң Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды және растайтын құжаттарды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға тиіс. Алайда Сұрау салынатын Тарап кейіннен ұстап беру туралы сұрау салуды және растайтын құжаттарды алса, адамды осындай босату бұл адамды қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмейді.

14-бап

Бәсекелес сұрау салулар

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан және кез келген екінші Тараптан сол бір адамды нақ сол бір қылмыс үшін немесе әртүрлі қылмыс үшін ұстап беру туралы сұрау салулар алса, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес осы адамды қай тарапқа ұстап беретінін айқындайды және әрбір сұрау салушы тарапқа өзінің шешімі туралы хабардар етеді.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес шешім қабылдай отырып, Сұрау салынатын Тарап барлық мән-жайды және әсіресе:

      а) Сұрау салынатын Тарап пен Сұрау салушы Тарап немесе басқа тарап арасында қандай да бір қолданыстағы келісімнің бар не жоқ екенін;

      b) қылмыс жасалған орынды;

      c) сұрау салушы тараптың әрқайсысының мүдделерін;

      d) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;

      e) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы мен резиденттігін;

      f) сұрау салушы тараптар арасында кейіннен ұстап беру мүмкіндігін; және

      g) сұрау салуларды алу күнін ескеруге тиіс.

      3. Макао АӘА жағдайында осы Келісімнің ережелері Макао АӘА мен Қытай Халық Республикасының басқа юрисдикциялары арасындағы жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы уағдаластықты қозғамайды.

15-бап

Адамды ұстап беру

      1. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған кезде Тараптар адамды беруге тиіс күнді, сұрау салынатын Тараптағы орынды және ұстап беруге байланысты кез келген басқа шарттарды мүмкіндігінше жылдам келіседі.

      2. Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адам өз юрисдикциясынан әкетілуге тиіс мерзімдерді айқындайды және Сұрау салушы Тарапқа адамды ұстап беру мақсатында кейіннен жазаның жалпы мерзіміне есептелетін күзетпен ұстау кезеңінің ұзақтығы туралы хабарлайды.

      3. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде Сұрау салушы Тарап іздестіріліп жатқан адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды күзетпен ұстаудан дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сол қылмыс үшін осы адамға қатысты ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

      4. Ұстап берілген адамды беруге немесе әкетуге кедергі келтіретін Тараптардың біріне байланысты емес мән-жайлар болған кезде Тараптардың бірі бұл туралы екінші Тарапты мүмкіндігінше жылдам хабардар етуге тиіс. Мұндай жағдайда Тараптар ұстап беру үшін басқа күнді және басқа да қажетті шарттарды келісуге тиіс.

16-бап

Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер іздестіріліп жатқан адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылса немесе ол ұстап беру сұратылып отырғаннан өзге қылмыс жасағаны үшін Сұрау салынатын Тарапта жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылданғаннан кейін оның іс жүзінде берілуін сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе оның сот үкімі толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.

      2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру істі тергеп-тексеруді немесе сот талқылауын едәуір қиындатса, ескіру мерзімінің өтуіне алып келуі мүмкін болатын жағдайда Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді кейінге қалдырудың орнына, Сұрау салушы Тарапқа қылмыстық қудалау мақсатында өзара келісілген шарттар мен ережелерде іздестіріліп жатқан адамды уақытша ұстап беруге құқылы.

      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта болған кезең ішінде күзетпен ұсталуға тиіс және Тараптар арасында келісілген шарттар мен ережелерге сәйкес осы адамға қатысты рәсімдер аяқталғаннан кейін дереу қайтарылуға тиіс.

      4. Адамды уақытша ұстап беру кезінде Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұстау кезеңі Сұрау салынатын Тарапта жазаны өтеу мерзіміне есептелуге тиіс.

      5. Егер іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру оның денсаулығына байланысты оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін болса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруді кейінге қалдыруы мүмкін. Бұл жағдайда егжей-тегжейлі медициналық есеп берілуге тиіс.

17-бап

Заттар мен мүлікті беру

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес қылмыстық әрекеттен түскен кірістер мен құралдарды, сондай-ақ өз юрисдикциясында табылған дәлелдемелер ретінде бола алатын басқа да заттар мен мүлікті алып қоя алады және ұстап беру қанағаттандырылған жағдайда оларды Сұрау салушы Тарапқа бере алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен мүлікті, егер іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру, атап айтқанда, іздестіріліп жатқан адамның қайтыс болуы немесе қашып кетуі себебінен жүзеге асыру мүмкін болмаса да, Сұрау салынатын Тарап бере алады.

      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен мүлікті беруді уақытша кейінге қалдыруға немесе оларды Сұрау салушы Тарапқа қайтару шартымен уақытша беруге құқылы.

      4. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы немесе үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін берілген заттар мен мүлікті қайтаруды талап етсе, Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша талқылаулар аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде оларды өтеусіз қайтаруға міндетті.

18-бап

Транзиттеу

      1. Тараптардың кез келгені өз заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірместен үшінші Тарап екінші Тарапқа ұстап берген адамдарға өз юрисдикциясы арқылы транзиттеуге рұқсат беруге құқылы.

      2. Транзиттеу туралы сұрау салуда іздестіріліп жатқан адамға қатысты соттың қамаққа алу туралы шешімін немесе ұстап алу ордерін немесе сот үкімін қоса алғанда, тасымалданатын адамның сипаттамасы, оның азаматтығы туралы мәліметтер және адамның ұстап берілгенін растайтын құжаттың көшірмелері қоса берілген істің мән-жайларының қысқаша мазмұны қамтылуға тиіс. Жедел жағдайларда транзиттеу туралы сұрау салу Интерпол арқылы да жіберілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап өз юрисдикциясы шегінде тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит Тарапына қону жоспарланбаса, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит Тарапында жоспарланбаған түрде қону жағдайында транзиттеуді жүзеге асыратын Тарап бұл туралы транзит Тарапына хабардар етеді. Транзиттеуге сұрау салуды күту кезінде транзит Тарапы тасымалданатын адамды он бес (15) тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға тиіс. Транзиттеуге сұрау салатын Тарап сұрау салуды транзит Тарапы айқындаған мерзімдерде жіберуге тиіс.

      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес күзетпен ұсталатын адам, егер транзиттеуге сұрау салу транзит Тарапы айқындаған мерзімдерде алынбаса немесе тасымалдау он бес (15) тәулік ішінде жалғастырылмаса, босатылуы мүмкін.

19-бап

Шығыстар және өкілдік ету

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салуға байланысты туындайтын кез келген талқылауда заңды өкілдік ету және өз юрисдикциясында көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдай алады. Егер Сұрау салушы Тарап заңды өкілдік ету және көмек көрсету бойынша шараларды өз бетінше қабылдаса, ол барлық шеккен шығысты көтереді.

      2. Сұрау салушы Тарап транзиттеуге арналған шығыстарды қоса алғанда, ұстап берілген адамды Сұрау салынатын Тараптан Сұрау салушы Тарапқа тасымалдауға байланысты шеккен шығыстарды жабады.

      3. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша талқылауға байланысты өзінің юрисдикциясында шеккен басқа да барлық шығысты жабады.

      4. Транзиттеу кезінде адамды күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды транзит Тарапы жабады.

      5. Күтпеген сипаттағы шығыстар Тараптардың келісуі бойынша жабылады.

      6. Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің заңнамасында жол берілетін шектерде жабады. Шығыстар мұндай лимиттерден асып кеткен жағдайда, Тараптар мәселені консультациялар арқылы шеше алады.

20-бап

Нәтижелер туралы хабарлама

      Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты сот үкімін орындау туралы ақпаратты не оны үшінші Тарапқа қайта экстрадициялау туралы ақпаратты береді.

21-бап

Басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Келісім екі Тараптың өздеріне қолданылатын кез келген халықаралық келісімді іске асыруына әсер етпейді.

22-бап

Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі. Егер Тараптардың орталық органдары келісімге келе алмаса, келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы шешілуге тиіс.

23-бап

Түзетулер

      Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге түзетулер енгізілуі мүмкін. Мұндай түзетулер осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.

24-бап

Күшіне енуі және қолданысының тоқтатылуы

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті тиісті құқықтық рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң осы Келісім өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, адамдарды ұстап беру бойынша оның қолданылу кезеңінде басталған рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      4. Осы Келісім қылмыс жасалған күнге қарамастан, ол күшіне енгеннен кейін берілген кез келген сұрау салуларға қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      20 жылғы әрқайсысы қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімді түсіндіруде қандай да бір келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасы үшін
 
Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік
ауданы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады