Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) және 3) тармақшаларына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық омбудсмен функцияларын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
2. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Активтерді қайтару жөніндегі комитет) "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті) етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын, қайта ұйымдастырылған Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 11-1-бабында және "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілсін.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы берілетін функциялар мен өкілеттіктердің шегінде Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
4. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықты іске асыру бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, осы Ережеге және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның қазақ және басқа да тілдерде атауы жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Комитет, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының (бұдан әрі – Төраға) бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 14.
9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің міндеттері мен өкілеттіктері
13. Міндеттері:
1) инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы заңдылыққа жоғары қадағалауды жүзеге асыру;
2) инвесторлардың құқықтарын қорғау, бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу;
3) инвесторлардың құқықтарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтау және жою;
4) инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы басшылық ету және салааралық үйлестіру;
5) инвесторлар қатысатын дауларды сотқа дейін реттеуді жүзеге асыру;
6) Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және осы Ережеде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
жүктелген функциялар мен міндеттер шегінде облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы инвестициялық прокурорлардың және оларға теңестірілген прокурорлардың қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
Қазақстан Республикасының инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы заңнамасының қолданылуын қадағалау практикасын, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелерде, сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып талдау;
шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіру;
инвестициялар мен инвестициялық қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу;
жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оның ішінде инвесторларға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін, мемлекеттік қолдауды және инвесторларға жәрдем көрсетуді жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимыл жасау;
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен қылмыстық құқық бұзушылық туралы құжаттар мен материалдарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде және Ақпаратты есепке алу кітабында тіркеу;
заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу, жолданымдарды қарау;
инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы және инвестицияларды мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ақпаратқа мониторинг және талдау жүргізу;
Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) айқындайтын тәртіппен прокуратура актілерін енгізу;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің және олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін құқықтық актілеріне жүктелген функциялар мен өкілеттіктер шегінде наразылық білдіру;
меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын актілеріне наразылық білдіру;
жоғары тұрған сотқа не органға (лауазымды адамға) инвесторлардың құқықтарын қозғайтын акті мен шешімді Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы, әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат және наразылық келтіру;
тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды, инвесторлардың құқықтарын қозғайтын заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтатуды, тоқтата тұруды талап ету;
іс жүргізудегі материалдар, жолданымдар бойынша сараптамалар тағайындау, уәкілетті органдардан тексеру жүргізуді талап ету және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеу;
жүктелген функциялар мен өкілеттіктерді орындауға бағытталған қызметті жүзеге асыру үшін ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тарту;
қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тексеруді жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тарту;
жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау және қаралатын жолданым мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыру және олардан түсініктер алу;
мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпарат сұрату және алу;
инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы сотқа дейінгі дауларды реттеу үшін Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен комиссия құру;
инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы сотқа дейінгі дауларды реттеу нәтижелері бойынша қорытындылар беру;
инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгіну;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, жолданымдарды қарау мәселелері бойынша ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етіп алдыру және алу;
қадағалауды жүзеге асыру кезінде жасырын тергеу әрекеттері, жедел есепке алу істерін, материалдарды, құжаттарды, ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді, құпия көмекшілердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерді қоспағанда, басқа да қажетті мәліметтерді сұрату және алу;
дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында техникалық тіркеу құралдарын қолдану;
инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық қызметті жүзеге асыру мәселелері бойынша орындалуы міндетті нұсқамалар мен нұсқаулар беру;
заңдылықты бұзушылықты жою мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың басшыларынан өзіне бағынатын органдарға тексеру жүргізуді талап ету;
инвесторлардың құқықтарын бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қозғау және тоқтату;
инвесторларға байланысты атқарушылық құжаттарды жазып берудің және орындаудың заңдылығын тексеру;
инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында халықаралық-құқықтық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру және жүзеге асыру;
инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты мәселелер бойынша инвесторлардың қатысуымен инвестициялық келісімшарттардың, арнаулы инвестициялық келісімшарттардың, келісімдердің, шарттардың және өзге де құжаттардың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың тексеруді тағайындау; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау; сотқа талап қоюлар беру; инвестициялық келісімшартқа, инвестициялар туралы келісімге, арнаулы инвестициялық келісімшартқа қол қоюдан бас тарту; тыйым салу-шектеу сипатында шаралар қолдану және инвесторларға қатысты өзге де әкімшілік актілер шығару туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін келісу не келісуден бас тарту;
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының 1-2-бөлігінде көзделген азаматтық істер бойынша сотқа қатысу;
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік істер бойынша сотқа қатысу;
инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сотқа қатысу;
мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвесторлармен жасалған шарттар, келісімшарттар, келісімдер бойынша міндеттемелерді орындауына мониторингті жүзеге асыру;
инвесторларға көрсетілген мемлекеттік қолдау (оның ішінде преференциялар), инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылыммен және жер учаскелерімен қамтамасыз ету, инвестициялық келісімшарттарды, келісімдерді, шарттарды орындау шараларының толықтығын тексеруді жүзеге асыру;
"жасыл дәлізді" іске асыру кезінде инвесторлар үшін заңдылықтың қадағалануын жүзеге асыру;
инвестиция алдындағы кезеңнен бастап инвестициялық жобаны аяқтау кезеңіне дейін, сондай-ақ преференциялардың, инвестормен келісімшарттың, шарттың немесе келісімнің қолданылу кезеңінде инвестициялық жобаларды іске асырудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
инвесторлардың инвестициялық преференциялар беру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы өтінімдерін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауының заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру;
мемлекеттік органдардың және ұйымдардың инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы сотқа дейінгі дауларды реттеу жөніндегі жұмысына қатысу және олар бойынша жүктелген функциялар мен міндеттер шегінде өз ұстанымын білдіру;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен инвесторлардың жүйелік проблемаларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу;
Қазақстан Республикасының инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеудің жаңа нысандары мен құралдарын қатаңдатуға не енгізуге байланысты заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің жобалары бойынша қорытындыларды келісу және беру;
инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестицияларды қолдау жөнінде сараптамалық, үйлестіру және ведомствоаралық кеңестер (штабтар) құру;
инвестициялық жобаларды іске асыру және инвесторлардың міндеттемелерді орындау кезеңдеріне мониторингті жүзеге асыру;
мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және ұйымдардың, оның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдардың басшыларымен инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметтің түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар (келісімдер) жасасу;
жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын міндетті талаптар тізілімінің жаңартылуына мониторингті жүзеге асыру;
Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және осы Ережеде айқындалатын өзге құқықтарды жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдай отырып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау;
Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген тәртіппен инвесторлар қатысатын істер бойынша сот актілерімен келіспеу туралы өтінішхаттарды қарау;
инвестициялық жобаларды іске асырудың, инвестициялық келісімшарттардың, арнаулы инвестициялық келісімшарттардың, келісімдер мен шарттардың орындалуының заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
инвестициялық омбудсменнің қызметін қамтамасыз ету;
Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес (Инвестициялық штаб) және өңірлік инвестициялық штабтар шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асыру;
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін іске асыру үшін негізсіз кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) және прокуратура актілерінің қабылдануына жол бермеу;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған құжаттардың, мәліметтердің және өзге де ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету;
Комитет қызметкерлерінің және облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы инвестициялық прокурорлардың және оларға теңестірілген прокурорлардың мінез-құлық әдебі нормаларын сақтауын қамтамасыз ету;
Комитет қызметкерлерінің және өзге де қызметкерлердің құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулерді және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді өзіне қабылдауын бақылауды жүзеге асыру;
Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және осы Ережеде көзделген өзге міндеттерді орындау.
15. Функциялары:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес:
мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар инвестициялар және инвестициялық қызмет саласында қабылдайтын актілер мен шешімдердің;
инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын істер бойынша сот актілерінің;
инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын атқарушылық іс жүргізудің;
инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;
жүктелген функциялар мен міндеттер шегінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, қылмыстық қудалаудың, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметінің;
Қазақстан Республикасының инвестициялық қызметке байланысты халықаралық міндеттемелерінің сақталуының заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру;
2) инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің елшіліктерімен және басқа да шетелдік мекемелерімен, шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, халықаралық ұйымдармен, "Астана" халықаралық қаржы орталығымен, инвесторлармен және жеке кәсіпкерлік субъектілерімен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал құру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
3) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіру;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу, инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;
5) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;
6) инвестициялық омбудсменнің қызметін қамтамасыз ету;
7) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы инвестициялық прокурорлардың және оларға теңестірілген прокурорлардың қызметін ұйымдастыру;
8) инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеуді қорытындылар бере отырып жүзеге асыру;
9) инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жұмыс топтарының, сараптамалық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;
10) инвесторлардың жолданымдарын қарау;
11) инвестициялар және инвестициялық қызмет саласында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізу;
12) инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы заңдылықтың жай-күйіне, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қолжетімділікті пайдалана отырып талдау жүргізу;
13) күшіне енген актілерге:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерін;
меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерін, егер бұл актілер мен шешімдер инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты болса;
инвесторлардың құқықтарын қозғайтын сот (судья) үкімдерін, шешімдерін, қаулыларын және өзге де актілерін, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді зерделеу арқылы бағалау жүргізу;
14) прокуратура органдары әрекеттерінің келісілуін бақылау және қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
15) инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңдеріне, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы мониторинг жүргізу;
16) инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы нормашығармашылық қызметке қатысу;
17) инвесторлардың жүйелік проблемаларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу;
18) инвестициялық келісімшарттарды, инвесторлармен шарттар мен келісімдерді жасасудың және орындаудың, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
19) Конституциялың заңмен, Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президент актілерімен және осы Ережемен белгіленген шеңберде мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвесторларға қатысты актілері мен шешімдерін, әрекеттерін келісу;
20) инвесторлар үшін "жасыл дәлізді" іске асыру кезінде заңдылықты қадағалауды жүзеге асыру;
21) инвестиция алдындағы кезеңнен бастап инвестициялық жобаны аяқтау кезеңіне дейін, сондай-ақ преференциялардың, инвестормен келісімшарттың, шарттың немесе келісімнің қолданылу кезеңінде инвестициялық жобаларды іске асырудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
22) мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсету, жеңілдіктер мен преференциялар беру бөлігінде мониторингті жүзеге асыру;
23) Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес (Инвестициялық штаб) және өңірлік инвестициялық штабтар шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асыру;
24) инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеудің жаңа нысандары мен құралдарын қатаңдатуға не енгізуге байланысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындыларды келісу және беру;
25) инвестициялық прокурорлардың, аумақтық прокуратуралардың, мобильді топтардың, өңірлік фронт-офистердің құқықтық консультация беру және инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешуге жәрдемдесу әрекеттеріне басшылық ету, оларды үйлестіру, бақылау, олардың келісілуін қамтамасыз ету;
26) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілімен, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамымен, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, мекемелермен, олардың лауазымды адамдарымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдармен, сондай-ақ Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің елшіліктерімен және басқа да шетелдік мекемелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
27) Комитет қызметкерлерінің, инвестициялық прокурорлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және жүргізу;
28) Комитет қызметкерлерінің кәсіби қызметтік, дене шынықтыру және арнаулы даярлығын ұйымдастыру;
29) инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру, оларды үйлестіру және мониторингтеу;
30) Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды орындау.
3-тарау. Комитет басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері
16. Төраға Комитеттің қызметіне басшылықты жүзеге асырады, ол Комитетке жүктелген міндеттердің, өкілеттіктер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады.
17. Комитет төрағасын Бас Прокурордың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
18. Комитет төрағасының орынбасарлары болады, оларды Комитет Төрағасының ұсынуы бойынша Бас Прокурор лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:
1) Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді;
2) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ инвестициялық прокурорлардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің қызметкерлері мен жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлері мен жұмыскерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау мәселелерін шешеді;
5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда, оның ішінде халықаралық ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;
6) Бас Прокурорға және оның қоғамдық мүдделерді қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына Комитеттің қызметі туралы баяндайды;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
8) бекітілген құрылымы мен саны шегінде Комитеттің штаттық кестесін бекітеді;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
10) заңдылықтың жай-күйіне тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
20. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады. Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
22. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
23. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР
1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдар жүйесін одан әрі оңтайландыру шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 29 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлыққа 2-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:
| "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 29 Жарлығына 2-ҚОСЫМША |
Қазақстан Республикасы прокуратурасының
ЖАЛПЫ ШТАТ САНЫ
Қазақстан Республикасының Прокуратурасы, оның ішінде: Бас прокуратура, Құқық қорғау органдарының академиясы, прокуратура органдары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің аумақтық және оларға теңестірілген органдары, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті | 5884 |
| ". |
2. Қызмет бабында пайдалану үшін.
3. "Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы туралы ережеде:
1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бас прокуратура Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесіне (бұдан әрі – прокуратура органдарының жүйесі) басшылықты жүзеге асырады, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекет атынан және мүддесінде активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асырады.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Бас прокуратураның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет) және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті) болады.".
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Бас прокуратураның қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен, сондай-ақ активтерді қайтаруға қатысты қызмет бөлігінде Арнаулы мемлекеттік қордан жүзеге асырылады.";
13-тармақтың төртінші абзацынан кейін мынадай мазмұндағы бесінші, алтыншы және жетінші абзацтармен толықтырылсын:
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) жүктелген міндеттер шегінде заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару;
заңсыз иемденілген, оның ішінде шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды жүзеге асыру;
активтерді қайтару жөніндегі халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;";
1) тармақшаның отыз төртінші абзацынан кейін мынадай мазмұндағы отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы, қырық жетінші, қырық сегізінші, қырық тоғызыншы, елуінші, елу бірінші, елу екінші, елу үшінші, елу төртінші, елу бесінші, елу алтыншы, елу жетінші, елу сегізінші, елу тоғызыншы, алпысыншы, алпыс бірінші, алпыс екінші, алпыс үшінші және алпыс төртінші абзацтармен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мемлекеттік, арнаулы мемлекеттік органдарға және құқық қорғау органдарына қылмыстық құқық бұзушылықты анықтау туралы және (немесе) қажетті тексеру, жедел-іздестіру іс-шараларын, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүргізу туралы сұрау салу (талап), жазбаша тапсырма, ақпарат немесе баянат жіберу;
заңсыз иемденілген, оның ішінде шығарылған активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, сақталуын қамтамасыз ету, басқару, өткізу және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін комиссиялар мен жұмыс топтарын құру жөнінде ұсыныстар енгізу;
заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған қызметті жүзеге асыру үшін ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тарту;
заңсыз иемденілген, оның ішінде шығарылған активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау, қамтамасыз ету шараларын қолдану, басқару, өткізу және мемлекетке қайтару бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын және арнаулы іс-шараларды жүргізуде Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына жәрдемдесу;
халықаралық шарттарда көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке, заңды тұлғаларға және өзге де ұйымдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициарлық меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпарат, мәліметтер мен құжаттар беру туралы сұрау салулар жіберу, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келіп түскен осындай сұрау салуларды орындауға жәрдемдесу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шетелдік соттарға, халықаралық төрелік ұйымдарға және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына мемлекетке қайтарылуға жататын активтердің құқықтық мәртебесін немесе меншік құқығын анықтау туралы талап қою;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және дәлелдемелерді алу туралы сұрау салулар жіберу;
халықаралық шарттарға және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына тәркілеу нысанында (Қазақстан Республикасы сотының активтерді тәркілеу немесе мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы шешімі болған кезде де, болмаған кезде де) құқықтық көмек туралы сұрау салулар жіберу;
халықаралық шарттарға және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына Қазақстан Республикасы сотының активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), олардың пайда болуының заңдылығын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, сақталуын қамтамасыз етуге, басқаруға, өткізуге және қайтаруға қатысты шешімін немесе Қазақстан Республикасының соты шығарған өзге де сот актісін тану және орындау туралы арыз жіберу;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, заңнамасына не тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен арыз иесінің құқықтары шамасында арыздың нысанасын немесе негізін өзгерту, арыздан бас тарту не орындау (тәркілеу) тәсілін өзгертуді сұрату;
тиісті шетелдік сотқа немесе шет мемлекеттің құзыретті органдарына, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруды не жәбірленушілерге тиісті құқыққа қарсы іс-әрекеттен келтірілген залалды өтеуді қоса алғанда, тәркіленген мүлік пайдаланылатын мақсаттар туралы мәлімдеу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына сұрау салулар мен арыздарды жіберу кезінде азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық тәркілеу арасында таңдауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына Қазақстан Республикасы сотының шешімін (үкімін) немесе Қазақстан Республикасының соты шығарған өзге де сот актісін тану және орындау туралы арыз жіберу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттер соттарының немесе құзыретті органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздерге ұқсас негіздер бойынша азаматтық-құқықтық не қылмыстық-құқықтық тәркілеу бөлігінде құқықтық көмек туралы сұрау салуларын алу және орындау (не орындау үшін құзыретті органдарға немесе соттарға беру);
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен құқықтық көмек туралы сұрау салуларды қарау жөніндегі сот талқылауларына қатысу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттердің құзыретті органдарына заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициарлық меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды беру туралы сұрау салулар жіберу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен тиісті шет мемлекеттің заңнамасына немесе халықаралық шарттарға сәйкес берілуі мүмкін процестік құқықтарды жүзеге асыру;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен активтерді қайтару мәселелері жөніндегі халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеуге және келісуге қатысу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен активтерді қайтару және мүлікті тәркілеу мәселелері жөніндегі халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен халықаралық ұйымдардың, бірлестіктердің және өзге де жұмыс топтарының активтерді қайтару, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу саласындағы қызметіне белгіленген тәртіппен қатысу;
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық шарттар болып табылмайтын өзге де халықаралық келісімдерге (меморандумдарға) қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау және оларға қосылу туралы ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмысқа қатысу;
Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның талқылау күн тәртібіне мәселелер енгізу;
Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың жұмыскерлерін Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына қатысуға тарту;
өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның ішінде халықаралық тұрғыдағысын ұйымдастыру және өткізу;
қайтарылуға жататын активтерге үшінші тұлғаларды тарта отырып, бағалау жүргізуге, оның ішінде активтерді тәуелсіз бағалаудың сараптамасын жүргізуге бастама жасау;
активтердің қайтарылуын қамтамасыз етуге бағытталған аудитке, ревизияға, активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге бастама жасау;
Заңға сәйкес тізілімге енгізілген тұлғаларға қосымша сұрау салулар жіберу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына жүргізілетін тексеру мәселелері бойынша мәліметтер мен құжаттарды, материалдарды, қосымша материалдарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және атқарушылық іс жүргізуді талап ету және алу;
активтерді қайтару мәселелері бойынша шығарылған сот актілеріне жеке шағымдар, өтінішхаттар, апелляциялық, кассациялық шағымдар, апелляциялық өтінішхаттар, сот актілеріне кассациялық тәртіппен дау айту туралы өтінішхаттар беру және талапкердің немесе жауапкердің барлық құқықтарын пайдалану;
активтерді ерікті түрде беру рәсімінің барысында Заң субъектілерінен, олардың үлестес тұлғаларынан, сондай-ақ тізілімге енгізілмеген өзге де тұлғалардан қажетті ақпаратты сұрату;";
2) тармақшаның он үшінші абзацынан кейін мынадай мазмұндағы он төртінші және он бесінші абзацтармен толықтырылсын:
"мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын құпияларды құрайтын алынатын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету;
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ететін жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;";
15-тармақтың 3-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-1) активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан және мемлекет мүддесі үшін:
Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен Заңда айқындалған субъектілердің және олардың үлестес тұлғаларының заңсыз шығарылған активтері туралы келіп түсетін ақпаратты іздеуге, жинауға, өңдеуге, қорытуға, бағалауға бағытталған активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасауға және оларды қайтаруға арналған ақпаратқа мониторинг пен талдауды жүзеге асыру;
қайтарылуға жататын активтерге, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарта отырып, аудит, бағалау жүргізу;
Заңға сәйкес жүргізілетін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан ақпарат пен материалдарды сұрату;
Заңда көзделген әлеуетті субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларына қатысты және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу және (немесе) жүзеге асыру;
жеке және заңды тұлғалардың активтерді ерікті түрде қайтару туралы арыздарын қарау және олар бойынша Заңда көзделген тәртіппен шешімдер қабылдау;
мүлікті тәркілеудің және активтерді қайтарудың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделеу;
активтерді қайтару жөніндегі қызмет нәтижелерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның тиімді қызметін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асыру;";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
ҚҰРЫЛЫМЫ
Басшылық
Аппарат
Cотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау қызметі
Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі
Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі
Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі
Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі
Активтерді қайтару жөніндегі қызметі
Кадр жұмысы департаменті
Өзіндік қауіпсіздік департаменті
Стратегиялық даму департаменті
Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау департаменті
Норма шығармашылық қызметін үйлестіру департаменті
Жолданымдармен жұмыс және іс жүргізу департаменті
Қаржы департаменті
Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасы
Ішкі аудит басқармасы
Ақпараттық қауіпсіздік басқармасы.";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген прокуратура органдары жүйесінің сыныптық шендер берілетін лауазымдарының тізбесі, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендер ("Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар) осы өзгерістер мен толықтыруларға 2-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
4. Құпия.
5. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 366 Жарлығында 2-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын.
6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 27 мамырдағы № 560 Жарлығында Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 4-тармағы алып тасталсын.
