"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 31 қазандағы № 1071 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарт
Бұдан әрі жеке-жеке алғанда "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы
Тараптар арасындағы достық қарым-қатынастарды басшылыққа ала отырып,
халықаралық терроризм актілерінің және ұйымдасқан қылмыстың өршуіне қатты алаңдаушылық білдіре отырып,
қылмысқа қарсы күресте Тараптар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және нығайтуға ниет білдіре отырып,
өзара түсіністік, екі тарапта да жазалану қағидатын және қылмысқа қарсы күресте бірлескен күш-жігердің маңыздылығын мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Ұстап беру міндеттемесі
Тараптар осы Шартқа және өз заңнамасына сәйкес ұстап беруге алып келетін қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау үшін бір-біріне кез келген іздестіріліп жатқан адамды беруге міндеттенеді.
2-бап
Орталық органдар
1. Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптар өздерінің орталық органдарын айқындайды:
Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
Пәкістан Ислам Республикасы үшін - Ішкі істер және есірткі айналымын бақылау министрлігі.
2. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы осы өзгерістер туралы хабардар етеді.
3-бап Ұстап беруге алып келетін қылмыстар
1. Адамды ұстап беруге алып келетін қылмыс деп Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын және оны жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе неғұрлым қатаң жаза көзделетін қылмыс танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге алып келетін қылмыс үшін Сұрау салушы Тараптың соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамға қатысты болған жағдайда, егер бас бостандығынан айыруға сотталған адамның өтеуге тиіс мерзімі кемінде он екі (12) айды құраса немесе неғұрлым қатаң жазаны көздесе, ұстап беру жүзеге асырылады.
3. Осы баптың мақсатында жасалған іс-әрекет Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын-табылмайтынын айқындау кезінде Тараптардың заңнамасы бойынша қылмыстардың бір санаттағы қылмыстарға жататыны-жатпайтыны немесе жасалған қылмыс бірдей немесе әртүрлі терминологиямен аталатыны маңызды емес.
4. Адамды ұстап беру кеден, салық заңнамасын, валюталық реттеу, ақшаны жылыстату саласындағы заңнаманы бұзумен байланысты қылмыстар жасағаны үшін сұратылған жағдайда, егер ұстап беру сұратылатын әрекет немесе әрекетсіздік Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыс болып табылса, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында осыған ұқсас ережелердің болмауы себебінен адамды ұстап беруден бас тартуға болмайды.
5. Егер қылмысты Сұрау салушы Тараптың азаматы оның аумағынан тыс жерде жасаған жағдайда, адамды ұстап беру мынадай шарттар сақталған кезде:
i) Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында дәл осындай мән-жайлар кезінде оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделсе;
ii) осы Шартқа сәйкес сұратылып отырған адамды ұстап беру Сұрау салынатын Тарап заңнамасының талаптарына сай келсе, қанағаттандырылады. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында бұл көзделмеген жағдайда, Сұрау салынатын Tapaп адамды ұстап беруден бас тартуға құқылы.
4-бап
Ұстап беруден бас тарту
1. Адамды ұстап беру кез келген мынадай мән-жайлардың бірінде:
a) егер Сұрау салынатын Tapaп ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс саяси сипаттағы қылмыс болып табылады деп пайымдаса жүзеге асырылмайды. Бұл ретте мынадай қылмыстар:
i) Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының жеке басына немесе олардың отбасы мүшелеріне қарсы жасалған адам өлтіру немесе басқа да қасақана қылмыс;
ii) осы a) тармақшасының i) тармақшасында көрсетілген қылмыстарды жасауға дайындалу, қастандық жасау, оларды жасауға айдап салу, көмектесу немесе сөз байласу саяси сипаттағы қылмыстар болып табылмайды;
b) егер Сұрау салынатын Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, этностық, діни, жыныстық тиесілігіне, ұлтына байланысты немесе саяси уәждер бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында ұсынылған немесе адам осы себептердің кез келгені бойынша сотталуы мүмкін деп пайымдауға негізделген себептері болса;
c) егер адамды ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша Сұрау салынатын Тараптың әдеттегі қылмыстық құқығына сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмыстарға жататын болса;
d) егер ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс үшін:
i) Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес адам ақталған, оған кешірім жасалған немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған болса;
ii) адам Сұрау салынатын Тарапта дәл сондай қылмысы үшін сотталса және (немесе) жазасын өтесе;
e) ұстап беру сұратылып отырған адамға Сұрау салынатын Tapaп пана берсе;
f) адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алған кезде Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалау басталмаса немесе үкім ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не өзге де заңды негіз бойынша орындалмаса, жүзеге асырылмайды. Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша ескіру мерзімдерінің өтуін тоқтата тұруға байланысты әрекеттерді немесе мән-жайларды Сұрау салынатын Tapaп ескеруге тиіс, бұл жағдайда Сұрау салушы Тарап ескіру мерзімдеріне қатысты өз заңнамасынан үзінді-көшірмелерді ұсынуға тиіс;
g) егер адамды ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың халықаралық шарттары немесе ұлттық заңнамасы бойынша міндеттемелерге қайшы келсе, жүзеге асырылмайды.
2. Осы Шартқа сәйкес адамды ұстап беруден мынадай мән-жайлар кезінде:
а) егер ұстап беру сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса;
b) адамды ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың юрисдикциясына жататын қылмыс ретінде қарастырылса, бас тартылуы мүмкін.
3. Егер адамды ұстап беруден осы баптың 2-тармағының а) және b) тармақшаларына сәйкес бас тартылса, Сұрау салынатын Tapaп Сұрау салушы Тараптың Сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адамды қылмыстық қудалау мақсатында өзінің құзыретті органдарына қылмыстық істің материалдарын қарауға жібереді немесе Сұрау салушы Тарап өз заңнамасына сәйкес шығарған заңды күшіне енген үкімнің орындалуын жүзеге асырады.
5-бап
Уақытша ұстап беру немесе ұстап беруді кейінге қалдыру
1. Адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе ұстап беру сұратылмаған қылмыс үшін оның жазасын өтеуі мақсатында Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап осы туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.
2. Адам ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысы жоқ қылмыс үшін Сұрау салынатын Тараптың аумағында жазасын өтеп жатқан жағдайда, Сұрау салынатын Tapaп ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін осы адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша бере алады. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталуға тиіс және Тараптардың өзара келісімі бойынша белгіленген жазбаша уағдаластықтарға сәйкес осы адамға қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталған соң Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылуға тиіс.
6-бап
Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар
Ұстап беру туралы сұрау салуды жіберуді және одан кейінгі өзара іс-қимылды орталық органдар дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда жүзеге асырады.
1. Ұстап беру туралы сұрау салуда мынадай мәліметтер:
a) іздестіріліп жатқан адамның егер мүмкін болса, фотосуреттері, саусақ іздері, кез келген басқа да биометриялық сәйкестендіру мәліметтері және егер ол белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның соңғы орналасқан жері туралы ақпаратты қоса алғанда, жеке басын және азаматтығын сәйкестендіретін ақпарат;
b) ұстап беру сұралатын әрбір қылмыстың сипаттамасы;
c) қылмыс жасау фактілерін баяндау;
d) қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі және тағайындалуы мүмкін жаза туралы ережелерді қоса алғанда, ұстап беру сұралатын әрбір қылмысты саралайтын заңның мәтіні қамтылуға тиіс.
2. Адамды ұстап беру туралы Сұрау салуға осы адамды қамаққа алу туралы қаулылардың куәландырылған көшірмелері және адамның іс-әрекеттерін саралайтын құжаттар қоса беріледі.
3. Егер адам қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға:
a) орындалмаған айыптау үкімінің куәландырылған көшірмесі;
b) үкімнің заңды күшіне енуінің басталғанын растайтын анықтама;
c) жазаның орындалу жай-күйі туралы анықтама қоса беріледі.
7-бап Қосымша ақпарат
1. Егер Сұрау салынатын Tapaп ұстап беру туралы сұрау салудағы ақпарат осы Шартқа сәйкес шешім қабылдау үшін жеткіліксіз деп есептесе, бұл Тарап қосымша қажетті ақпаратты сұратуға құқылы. Сұрау салынатын Tapaп осындай ақпаратты беруге уақыт шегін белгілей алады және қажет болған кезде Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша осындай ұзарту себептерімен мерзімді ұзарта алады.
2. Егер ұстап беру сұратылып отырған адам қамаққа алынған болса, ал осы Шартқа сәйкес ұсынылған қосымша ақпарат жеткіліксіз болса немесе келісілген уақыт кезеңі ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен мұндай босату, егер кейін қосымша ақпарат алынса, адамды қайта қамаққа алуына және ұстап беруіне кедергі келтірілмеуге тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап ол туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.
8-бап Тіл
1. Ұстап беру туралы сұрау салулар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде болуға және Сұрау салынатын Тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса берілуге тиіс.
2. Ұстап беру туралы сұрау салуға жауаптар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тілінде болуға және Сұрау салушы Тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса берілуге тиіс.
9-бап
Құжаттарды куәландыру
Осы Шартқа сәйкес Сұрау салушы Tapaп ұсынатын құжаттар мен қосымша ақпарат, егер оларға судья немесе басқа құзыретті адам қол қойса және Сұрау салушы Тараптың орталық органының ресми мөрімен бекітілсе, Сұрау салынатын Тараптың аумағында қандай да бір заңдастыруды немесе түпнұсқалығын куәландыруды талап етпейді.
10-бап
Алдын ала қамаққа алу
1. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Сұрау салушы Тарап, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделсе, Сұрау салынатын Тараптан адамды ұстап беру туралы Сұрау салу берілгенге дейін іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алуды сұратуға құқылы.
2. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу жазбаша нысанда ресімделеді және Тараптардың орталық органына беріледі.
3. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу мыналарды қамтуға тиіс:
a) егер бар болса, фотосуреттері мен саусақ іздерін қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегі, туған күні, жынысы, азаматтығы;
b) іздестіріліп жатқан адамның соңғы белгілі болған орналасқан жері;
c) адам жасады деп күдіктелген, айыпталған немесе сотталған қылмыстардың жасалу сипаттамасы;
d) қылмыстың мән-жайларының қысқаша мазмұны, оның жасалған уақыты мен орны;
e) қамаққа алу туралы қаулының немесе айыптау үкімінің көшірмесі;
f) қылмыстарды саралайтын заңнамадан үзінді көшірмелер және қылмыс жасағаны үшін тағайындалуы мүмкін немесе тағайындалған жазаның сипаттамасы; және
g) адамды ұстап беру туралы Сұрау салуды кейіннен жіберу туралы кепілдік.
4. Мұндай сұрау салуды алғаннан кейін Сұрау салынатын Tapaп өз заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алу үшін қажетті шаралар қолдануға және сұрау салуды қарау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етуге тиіс.
5. Егер Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген қажетті құжаттарды алдын ала қамаққа алынған күннен бастап қырық (40) тәулік ішінде ұсынбаса, қамаққа алынған адам босатылуы мүмкін.
6. Осы баптың 5-тармағына сәйкес адамды босату, егер ұстап беру туралы сұрау салу кейін алынған болса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға кедергі келтірмеуге тиіс.
11-бап
Бәсекелес сұрау салулар
Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан және үшінші мемлекеттен сол не әртүрлі қылмыстар үшін бір адамға қатысты сұрау салулар алған жағдайда, Сұрау салынатын Tapaп қай мемлекетке адам берілуге тиіс екенін дербес айқындайды.
12-бап
Адамды ұстап беру және беру туралы шешім
1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылданғаннан кейін Сұрау салынатын Tapaп бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
2. Тараптар Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұстап берілген адамды беру күні мен орнын бірлесіп айқындайды және келіседі.
3. Егер ұстап берілген адам осы баптың 2-тармағына сәйкес келісілген уақыт кезеңі ішінде Сұрау салынатын Тараптың аумағынан әкетілмесе, адам күзетпен ұстаудан босатылуға тиіс және кейіннен Сұрау салынатын Тарап сол қылмысы үшін ұстап беруден бас тартуы мүмкін.
4. Егер форс-мажорлық мән-жайлар бір Тарапқа ұстап берілген адамды беруге кедергі келтірген жағдайда, онда бұл Тарап осы туралы екінші Тарапты хабардар етуге тиіс. Мұндай жағдайда Тараптар осы баптың 2-тармағына сәйкес адамды берудің жаңа күні мен уақытын келіседі.
13-бап
Заттар мен құжаттарды алып қою және беру
1. Сұрау салынатын Tapaп өздерінің ұлттық мүдделеріне зиян келтіру ретінде қарастыратындардан басқа, Сұрау салынатын Tapaп өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, іздестіріліп жатқан адамнан табылған, заттай дәлелдемелер болып табылатын немесе қылмыстық іс-әрекет нәтижесінде алынған барлық заттар мен құжаттарды алып қоюға және Сұрау салушы Тарапқа беруге құқылы. Мұндай жағдайда заттар мен құжаттар мүмкіндігінше Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген адамды беру кезінде беріледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілер, егер адамды ұстап беру берілген адамның қайтыс болуына, қашып кетуіне немесе басқа да объективті себептерге байланысты орындалмаса да, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша берілуі мүмкін.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілерді беру үшінші тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіретін болса, егер Тараптар өзгеше келіспесе, Сұрау салушы Тараптан келісілген мерзімде Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылатынын растауды алған кезде Сұрау салынатын Тарап оларды беруді жүзеге асыра алады. Сұрау салынатын Тарап та, егер олар Сұрау салынатын Тарапта дәлел ретінде қажет болса, мұндай объектілерді беруді кейінге қалдыруы мүмкін.
4. Егер өзгеше келісілмесе, көрсетілген объектілерді беру және қайтару жөніндегі барлық шығыстарды Сұрау салушы Tapaп көтереді.
14-бап
Арнаулы қағида
1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес ұстап берілген адамды, ұстап беруге рұқсат етілген қылмысты қоспағанда, Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз, оны ұстап бергенге дейін жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға, соттауға, жазалауға немесе үшінші мемлекетке беруге болмайды.
2. Сұрау салынатын Тараптың келісімі мынадай жағдайларда:
а) ұстап берілген адам мүмкіндігі бола тұра отыз (30) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпеген жағдайда қажет болмайды. Бұл кезеңге адамның өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыты кірмейді;
b) ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткеннен кейін қайтып оралған жағдайда қажет болмайды.
15-бап Транзит
1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамдарды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат беруге құқылы.
2. Бұл үшін Сұрау салушы Tapaп Сұрау салынатын Тарапқа орталық орган арқылы не кейінге қалдыруға жол бермейтін жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректері, оның азаматтығы туралы мәлімет және істің мән-жайының қысқаша мазмұны қамтылған транзит туралы сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салуға Адамды ұстап беруді растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Сұрау салынатын Tapaп өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону көзделмесе, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспардан тыс қонған жағдайда транзиттеуді жүзеге асыратын мемлекет бұл туралы транзит мемлекетін дереу хабардар етеді және транзит туралы Сұрау салуды күту барысында транзит мемлекеті тасымалданатын адамды жетпіс екі (72) сағат мерзімге дейін күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімдерде транзит туралы Сұрау салу алынбаса, егер Тараптар өзгеше келіспесе, адам босатылуға тиіс.
16-бап Шығыстар
1. Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, өз аумағында ішкі тасымалдауды қоса алғанда, адамды экстрадициялауға байланысты туындаған барлық шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
2. Экстрадицияланатын адамды және бірге алып жүретін ресми адамдарды халықаралық тасымалдау бойынша шығыстарды және транзитке байланысты шығыстарды Сұрау салушы Tapaп көтереді.
17-бап Консультациялар
1. Осы Шартты неғұрлым тиімді іске асыру мақсатында Тараптар өзара келісім бойынша осы Шартты қолдануға қатысты консультациялар жүргізеді.
2. Тараптар консультациялар, Тараптар арасындағы кез келген даулар мен келіспеушіліктерді шешу, осы Шарттың іске асырылуын мониторингтеу және жақсарту үшін Тараптарға қолайлы уақыт пен жерде кездесетін жұмыс топтарын құруға құқылы.
18-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынас
Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің өздері тараптары болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
19-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 20-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
20-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт ратификациялауға жатады, белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптар оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Шарт ол күшіне енген күннен кейін берілген адамды ұстап беру туралы Сұрау салуларға, тіпті сұрау салумен байланысты қылмыстар осы күнге дейін жасалған болса да, қолданылады.
3. Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы жіберілген екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Шарттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданысы хабарлама алынған күннен кейін бір жүз сексен (180) күннен кейін тоқтатылады.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, егер Тараптар өзгеше келіспесе, оның қолданылу кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген тараптардың өкілдері осы Шартқа қол қойды
___________ __________________________әрқайсысы қазақ және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі екі мәтін де бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
| Қазақстан Республикасы Үшін | Пәкістан Ислам Республикасы Үшін |
