"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 979 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі БҰҰ) Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін растай отырып,
2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес әрекет ете отырып,
Тараптардың терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресте ынтымақтастығын нығайтудағы ШЫҰ-ның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының (бұдан әрі - ӨТҚҚ) маңызды рөлін атап өтіп,
оларға қарсы іс-қимыл БҰҰ мен ШЫҰ-ның (бұдан әрі - ШЫҰ) қолданылып жүрген тиісті халықаралық-құқықтық құжаттарында көзделген, терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылықпен және олардың ақпараттық кеңістіктегі көріністерімен байланысты қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлердің өршуіне қатты алаңдай отырып,
өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіруі, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуына кедергі жасауы мүмкін жоғарыда аталған қыр көрсету мен қатерлердің барған сайын өзара байланысты және жан-жақты қамтып отырған сипатын назарға ала отырып,
жоғарыда аталған қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен күш-жігерді арттыру, ШЫҰ-дағы ынтымақтастық жасау тетіктерін жетілдіру және дамыту мақсатын көздей отырып,
БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы тиісті қарарын, терроризмге қарсы әмбебап конвенциялар мен оларға хаттамаларды, сондай-ақ 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын және оған қосымша хаттамаларды, 2000 жылғы 10 қаңтардағы Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны назарға ала отырып,
2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын, 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының деректер банкі туралы келісімді, 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымындағы Ақпаратты техникалық қорғау туралы келісімді, 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы шеңберіндегі құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісімді, 2005 жылғы 5 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизма және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық концепциясын, 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағына террористік, сепаратистік және экстремистік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың кіру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімді, 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімді, 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын, 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді, 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді, 2015 жылғы 10 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімді, 2017 жылғы 9 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын, сондай-ақ жоғарыда аталған қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін қозғайтын ШЫҰ-ның өзге де құжаттарын басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде санамаланған терминдер мыналарды білдіреді:
"Әмбебап орталық" немесе "ӘО" - ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық;
"Кеңес" - Әмбебап орталықтың Тараптардың өкілдерінен тұратын жоғары органы;
"өкіл" - жіберуші Тарап Кеңесте осы қызметті атқару міндетін жүктеген адам;
"Атқарушы комитет" - Әмбебап орталықтың тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органы;
"Директор" - Атқарушы комитеттің жоғары әкімшілік лауазымды адамы;
"лауазымды адамдар" - Тараптар Атқарушы комитетте жұмыс істеу үшін жіберген және Кеңестің келісімімен Директор тиісті штаттық лауазымдарға тағайындаған, дипломатиялық мәртебесі бар немесе соған теңестірілген адамдар;
"секондмент бойынша қызметкерлер" - Тараптар Атқарушы комитетке жұмыс істеу үшін ерікті негізде жіберетін мамандар, олар ШЫҰ бюджетінен ақшалай қамтылым, кепілдіктер мен өтемақылар алмайды;
"жұмыскерлер" - Атқарушы комитетте әкімшілік, техникалық және өзге де функцияларды атқаратын, дипломатиялық мәртебесі жоқ адамдар;
"персонал" - Директор, лауазымды адамдар, секондмент бойынша қызметкерлер және жұмыскерлер;
"Әмбебап орталық жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттің тұрақты өкілі" жіберуші Тарап осы мәртебеде әрекет етуге міндет жүктеген тұлға;
"қызметкер" - Әмбебап орталық жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттің тұрақты өкілінің қызметімен байланысты функцияларды орындау үшін Тарап жіберетін адам;
"үй-жайлар" - меншік нысанына және оған құқығының тиесілілігіне қарамастан, Әмбебап орталықтың және оның бөлімшелерінің мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бөліктері, соның ішінде осы ғимараттарға немесе ғимараттардың бөліктеріне қызмет көрсететін жер учаскелері;
"өкілдік орналасқан мемлекет" - аумағында Атқарушы комитет және (немесе) ӘО бөлімшелері орналасқан Тарап.
2-бап
Тараптар ШЫҰ ӨТҚҚ базасында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында құрылымына Ақпараттық қауіпсіздік орталығын, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында орналасқан Әмбебап орталықтың құрылымдық бөлімшесі мәртебесіндегі бөлімше ретінде Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл орталығын енгізе отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықты құрады.
Әмбебап орталық ШЫҰ ӨТҚҚ-тың құқықтық мирасқоры болып табылады. ШЫҰ ӨТҚҚ-тың барлық құқықтары мен міндеттемелері, оның ішінде халықаралық шарттардан туындайтындары осы Келісім күшіне енген кезден бастап ӘО-ға өтеді.
ӘО өз қызметінде ШЫҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды, шешімдерді және өзге де құжаттарды басшылыққа алады.
Тараптардың ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесіндегі өкілдері, сондай-ақ осы Келісім күшіне енген күнге дейін Тараптар осы мәртебеде әрекет етуге міндет жүктеген ШЫҰ ӨТҚҚ жанындағы Тараптардың тұрақты өкілдері ӘО Кеңесіндегі өкілдер және Әмбебап орталықтың жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің тұрақты өкілдері ретінде өз Тараптарының атынан өкілдік етуді жалғастырады.
Қажет болған кезде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесі Тараптардың аумақтарында Әмбебап орталықтың қосымша бөлімшелерін құра алады.
Әмбебап орталық пен оның бөлімшелерінің орналасу шарттары ШЫҰ мен өкілдік орналасқан мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісімдерде айқындалады.
3-бап
Әмбебап орталық ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы болып табылады және Тараптардың құзыретті органдарының терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және оларға қарсы іс-қимыл БҰҰ мен ШЫҰ-ның тиісті қолданылатын халықаралық-құқықтық құжаттарында көзделген ақпараттық кеңістіктегі олардың көріністеріне байланысты қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен қатерлерге (бұдан әрі - қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен қатерлер) қарсы іс-қимыл жасаудағы өзара іс-қимылына жәрдемдесуге және олардың ынтымақтастығын үйлестіруге арналған.
ӘО-ның қызметі осы Келісімде және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы ережеде (бұдан әрі - Ереже) регламенттеледі, оны ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесі бекітеді.
4-бап
Әмбебап орталық заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және оның осындай лауазымда, атап айтқанда:
азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға;
жылжымалы және жылжымайтын мүлікті иеленуге және оларға билік етуге;
кез келген қажетті валютамен банктік шоттар ашуға және жүргізуге;
соттарда талапкер немесе жауапкер ретінде өкілдік етуге құқығы бар.
Осы бапта көзделген құқықтарды ӘО атынан Директор жүзеге асырады.
5-бап
ӘО-ның қызметін қаржыландыру ШЫҰ бюджетінің қаражатынан жүзеге асырылады.
ӘО-ны қаржыландыру тәртібі ШЫҰ бюджетінің мәселелерін регламенттейтін құжаттарда айқындалады.
6-бап
ӘО-ның негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:
1. ШЫҰ-ның тиісті органдары үшін, оның ішінде Тараптардың өтініші бойынша қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимылда ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.
2. Тараптардың құзыретті органдарына қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық әлеуетін дамытуға және іске асыруға, оның ішінде мынадай бағыттар бойынша жәрдемдесу:
2.1. Тараптардың өтініші бойынша қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөнінде жедел-іздестіру және өзге де іс-шараларды дайындау және өткізу;
2.2. қауіпсіздікке қыр көрсету мен қатерлер төндіретін қылмыстарды жасағаны немесе жасауға қатысқаны үшін Тараптардың арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдары іздеу жариялаған адамдарды іздестіруді жүзеге асыру;
2.3. Тараптардың құзыретті органдарының қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен шекаралық, ақпараттық және өзге де операцияларын, терроризмге қарсы бірлескен және өзге де іс-шараларын дайындау және өткізу;
2.4. Тараптардың құзыретті органдарының қауіпсіздікке төнетін, оның ішінде ақпарат кеңістіктегі қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен оқу-жаттығуларын дайындау және өткізу;
2.5. Тараптардың өтініші бойынша, қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласында Тараптардың құзыретті органдарының бөлімшелері үшін кадрлар даярлау.
3. ШЫҰ органдарын және Тараптардың құзыретті органдарын ӘО құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.
4. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, ӘО-ның деректер банктерін және ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерін қалыптастыру, олардың жұмыс істеуін, қорғалуын және дамуын қамтамасыз ету.
5. Қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласын қозғайтын халықаралық шарттар мен құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу, аталған салада Тараптардың ұлттық заңнамаларын жақындастыруға жәрдемдесу.
6. Қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасу және оның тетіктерін жетілдіру жөнінде ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, конгрестік-көрмелік, сондай-ақ өзге де іс-шараларды дайындау және өткізу.
7. Тараптардың құзыретті органдарының мүдделері үшін бейінді халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, сондай-ақ қажет болған кезде мемлекеттік емес, коммерциялық емес, коммерциялық ұйымдармен және мекемелермен қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен қатерлерге, оның ішінде ақпараттық кеңістіктегі қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау үшін Кеңес бекітетін тәртіпке сәйкес жұмыс бабындағы байланыстарды орнату және қолдап отыру.
8. ШЫҰ-ның байқаушы мемлекеттерінің және диалог бойынша серіктестерінің құзыретті органдарымен қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласында ынтымақтастықты дамыту.
9. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің шешімімен ӘО-ға жүктелуі мүмкін өзге де міндеттер мен функциялар.
7-бап
Әмбебап орталық өзінің ағымдағы қызметін ШЫҰ-ның басқа да тұрақты жұмыс істейтін органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
Әмбебап орталықтың ШЫҰ хатшылығымен өзара іс-қимылы Ережеде регламенттеледі.
Әмбебап орталықтың ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығымен өзара іс-қимылы Тараптар арасындағы жекелеген келісімде реттеледі.
8-бап
Тараптар ӘО-мен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын өздерінің құзыретті органдарының тізбесін, оның ішінде аталған өзара іс-қимылды үйлестіретін құзыретті органды айқындайды.
Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаларды тапсыру кезінде осы Келісімнің депозитарийін бұл туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Тараптардың бірінің құзыретті органдарының тізбесінде өзгерістер болған жағдайда, ол бұл туралы депозитарийді жазбаша түрде хабардар етеді.
9-бап
Осы Келісіммен құрылатын Кеңес пен Атқарушы комитет ӘО-ның органдары болып табылады.
Кеңес өзінің функцияларын орындауы үшін қажет деп есептейтін қосалқы органдар құра алады.
10-бап
Кеңес үздіксіз жұмыс істей алатындай түрде ұйымдастырылады. Осы мақсатта әрбір Тарап ӘО болатын жерде тұрақты түрде өкілдік етуге тиіс. Тараптар ұлттық заңнамасына сәйкес ӘО жанындағы өздерінің тұрақты өкілдерін және қызметкерлерін тағайындайды.
ӘО жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттің тұрақты өкілі туралы ережені ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесі бекітеді.
Кеңес кезең-кезеңімен отырысқа жиналады, оларда Тараптың кұзыретті органының басшысы немесе басқа да арнаулы уәкілетті өкіл әрбір Тарапты білдіре алады.
Кеңес осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген ӘО-ның негізгі міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
Осы Келісімде белгіленген ӘО өкілеттіктеріне сәйкес Кеңес Тараптардың ӘО құзыретіне жататын мәселелер бойынша өкілеттіктер берілген құзыретті органдары басшыларының кеңестерін, аталған органдардың жоғары лауазымды адамдарының, сарапшы топтарының кеңестерін ұйымдастырады және үйлестіреді, Атқарушы комитеттің қызметін бақылауды жүзеге асырады, қаржылық мәсслелерді қоса алғанда, барлық мәселе бойынша міндетті сипаты бар шешімдер қабылдайды.
Кеңес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне ЕҚО қызметі туралы жыл сайынғы баяндамаларды ұсынады.
Егер оған ешбір Тарап қарсылық білдірмесе, Кеңесте кез келген мәселе бойынша шешім (консенсус) қабылданды деп есептеледі.
Кеңес төрағаны сайлау тәртібін, сондай-ақ Атқарушы комитеттің Тараптардың құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін қоса алғанда, өзінің рәсімдік қағидаларын белгілейді.
11-бап
Атқарушы комитетті Директор басқарады және ол ӘО-ның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті персоналдан тұрады.
Директор Атқарушы комитеттің жоғары әкімшілік лауазымды адамы болып табылады және Кеңестің барлық отырыстарында осындай лауазымда әрекет етеді, сондай-ақ оған осы орган жүктейтін басқа да функцияларды орындайды.
Директорды Кеңестің ұсынымы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі тағайындайды.
Директордың, өзінің пікірінше Кеңесте қарауды қажет ететін ӘО құзыреті шеңберіндегі кез келген мәселелерді Кеңестің назарына жеткізуге құқығы бар.
Директор тиісті Тараптардың ШЫҰ бюджетіне үлестік жарналарын ескере отырып, Кеңестің келісімімен Тараптардың азаматтары қатарынан лауазымды адамдарды тағайындайды.
Атқарушы комитеттің міндеттері мен функциялары, оларды іске асыру тәртібі, сондай-ақ лауазымды адамдарды тағайындау және кері шақырып алу тәртібі Ережеде айқындалады. Атқарушы комитеттің құрылымы мен штат кестесін Директордың Кеңес мақұлдаған ұсыныстары негізінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының (Премьер-Министрлер) кеңесі бекітеді.
Персонал өз міндеттерін орындау кезінде қандай да бір мемлекеттен және (немесе) үкіметтен, ұйымнан немесе жеке тұлғадан нұсқауларды сұратуға немесе алуға тиіс емес.
Тараптар персонал функцияларының халықаралық сипатын мүлтіксіз құрметтеуге және оның өз міндеттерін атқару кезінде оған ықпал етпеуге міндеттенеді.
12-бап
Атқарушы комитет Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіпке сәйкес Атқарушы комитетте жұмыс істеу үшін жіберген адамдармен жасақталады.
Жұмыскерлер мен Атқарушы комитет арасындағы еңбек қатынастары өкілдік орналасқан мемлекеттің заңнамасында реттеледі.
13-бап
Әмбебап орталық, оның мүлкі мен активтері, үй-жайлары, көлік құралдары, архивтері, құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабары 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
14-бап
Директор, лауазымды адамдар, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелері 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Секондмент бойынша қызметкерлер (өкілдік орналасқан мемлекеттің азаматтарын қоспағанда) 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның 17-бабына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Өкілдік орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатын секондмент бойынша қызметкерлер үшін берілетін артықшылықтар мен иммунитеттердің көлемі ШЫҰ мен орналасқан мемлекеттің үкіметі арасындағы ӘО-ның орналасу шарттары туралы келісімде белгіленеді.
2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер жұмыскерлерге қолданылмайды.
15-бап
Директор, лауазымды адамдар және секондмент бойынша қызметкерлер ӘО-дағы жұмысы аяқталғаннан кейін өздерін жіберген Тараптардың құзыретті органдарының қарамағына қайтарылады.
16-бап
Тараптар ӘО-ның ресми құжаттарын, мөрлері мен мөртабандарын мойындайды.
17-бап
Директордың, лауазымды адамдардың және секондмент бойынша қызметкерлердің, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелерінің ӘО-да және оның бөлімшелерінде жұмыс істеген уақытын еңбек сіңірген жылдарына есепке жатқызу, зейнетақымен қамсыздандыру оларды жіберуші Тараптың заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
Директорға, лауазымды адамдарға және секондмент бойынша қызметкерлерге, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету тәртібі ШЫҰ мен өкілдік орналасқан мемлекеттің үкіметі арасындағы ӘО-ның орналасу шарттары туралы келісімде айқындалады.
18-бап
ШЫҰ-ның ресми және жұмыс тілдері ӘО-ның ресми және жұмыс тілдері болып табылады.
19-бап
Осы Келісімнің мәтініне барлық Тараптың келісімімен осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
20-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
21-бап
ШЫҰ Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол Келісімге қол қойылған күннен бастап 15 күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмелерін жібереді.
22-бап
Осы Келісім 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хартиясына ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы ретіндегі ӘО мәртебесін бекітетін өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енген жағдайда Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен және осы күнге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесі Ережені, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлер) кеңесінің ӘО құрылымы мен штат кестесін, сондай-ақ ӘО қызметін қаржыландыруды көздейтін ШЫҰ бюджетін бекітетін күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
Егер 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хартиясына ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы ретіндегі ӘО мәртебесін бекітетін өзгерістер енгізу туралы хаттаманың күшіне енуі, ӘО Ережесін, құрылымын, штат кестесін және ӘО қызметін қаржыландыруды көздейтін ШЫҰ бюджетін бекіту Тараптардың осы бапта көрсетілген мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен кейін болса, онда осы Келісім 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хартиясына өзгерістер енгізу және аталған құжаттарды бекіту туралы хаттама күшіне енген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хартиясына қосылған мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы тиісті құжатты алған күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
23-бап
Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық антитеррорлық құрылым туралы келісім өзінің қолданысын тоқтатады, ал ШЫҰ ӨТҚҚ өз қызметін тоқтатады.
24-бап
Кез келген Tapaп осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, шығу туралы болжамды шығу күнінен 12 ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде Тараптың осы Келісімнен шығуы туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.
2025 жылғы ____________қыркүйекте Тяньцзинь қаласында орыс және қытай тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Беларусь Республикасы үшін |
Үндістан Республикасы үшін |
Иран Ислам Республикасы үшін |
Қазақстан Республикасы үшін |
Қытай Халық Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін |
Пәкістан Ислам Республикасы үшін |
Ресей Федсрациясы үшін |
Тәжікстан Республикасы үшін |
Өзбекстан Республикасы үшін |