"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған "Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығы лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымы, кепілдіктері және өтемақылары туралы ереженің жобасы мақұлдансын.
2. "Орталық Азия - Қытай" форматының Хатшылығы лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымы, кепілдіктері және өтемақылары туралы ережеге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 890 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
"Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығының лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымы, кепілдіктері және өтемақылары туралы
ЕРЕЖЕ
"Орталық Азия - Қытай" форматына (бұдан әрі - Формат) қатысушы мемлекеттер - бұдан әрі қатысушы мемлекеттер деп аталатын Қытай Халық Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы "Орталық Азия - Қытай" форматы хатшылығының (бұдан әрі - Хатшылық) лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымының, кепілдіктері мен өтемақыларының тәртібі мен шарттарын айқындайтын осы Ереже туралы келісті:
1. Осы Ережеде Хатшылықтың лауазымды адамдары қатысушы мемлекеттердің квоталарға сәйкес бекітілген штат кестесі шеңберінде жұмысқа қабылданатын және өз қызметін белгіленген мерзім ішінде жүзеге асыратын азаматтарына жатады.
2. Хатшылықтың лауазымды адамдарының жұмысын ұйымдастыру осы Ереженің негізінде жасалған келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Хатшылықтың лауазымды адамдарына ақшалай қамтылым, материалдық және тұрмыстық қамтамасыз ету мынадай тәртіппен беріледі:
а) лауазымдық міндеттерін атқару басталған кезден бастап, бірақ келісімшарт күшіне енгеннен кейін осы Ережеге 1-қосымшада көзделген стандарттарға сәйкес мөлшерде ай сайынғы ақшалай қамтылым (бұдан әрі - лауазымдық айлықақы) төленеді;
б) байланыс қызметтерін, Интернетті, спутниктік және кабельдік телевизияны пайдалануды және осыған ұқсас шығыстарды қоспағанда, осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес белгіленген мөлшерлерде тұрғын үй-жайды жалдау (жалға алу) бойынша шығыстар тиісті түрде төленеді;
в) Хатшылықтың лауазымды адамдарының 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларын оқытуға оларға тиісті құжаттарды ұсынған кезде бір балаға (лауазымды адамға ең көбі 3 балаға) есептегенде 2300 АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде жыл сайынғы жәрдемақы төленеді;
г) екі айдан аспайтын еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңіне осы Ережеде көзделген ақшалай қамтылым, сондай-ақ кепілдіктер мен өтемақылар сақталады;
д) жыл сайынғы демалыс осы Ереженің 3-тармағының а) тармақшасында белгіленген ақшалай қамтылым мөлшерінде төленеді және жыл сайынғы ақылы демалыс уақытында осы Ережеде көзделген кепілдіктер мен өтемақылар сақталады;
е) Хатшылықтың лауазымды адамы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне Хатшылық бюджетінің қаражаты есебінен Бас хатшының лауазымдық айлықақысының 50 %-ы мөлшерінде біржолғы ақшалай жәрдемақы төленеді және осы Ереженің 4-тармағының а) - г) тармақшаларына сәйкес келісімшартта көзделген тәртіппен және шарттарда оның қолданылуы тоқтатылып, олардың жіберуші мемлекеттің аумағындағы тұрақты тұратын жеріне дейін көшуіне байланысты шығыстар өтеледі;
ж) Хатшылықтың лауазымды адамы немесе Қытай Халық Республикасында онымен бірге жүрген оның отбасы мүшелерінің бірі қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның мәйітін сақтау рәсіміне, табыт сатып алуға және мәйітті жіберуші мемлекеттің аумағында ол жерленетін жерге тасымалдауға байланысты міндетті көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар төленеді;
з) Хатшылықтың лауазымды адамының келісімшарты Хатшылықтың таратылуына, қайта ұйымдастырылуына, штатының қысқартылуына немесе лауазымды адамдардың белгіленген квотасының азайтылуына байланысты тоқтатылған кезде оған екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы, сондай-ақ осы Ереженің 4-тармағының а) - г) тармақшаларына сәйкес оның және оның отбасы мүшелерінің жіберуші мемлекеттің аумағындағы тұрақты тұратын жеріне кетуіне өтемақы төленеді;
и) Хатшылықтың лауазымды адамының келісімшарты Хатшылықта келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты лауазымды адамның бастамасы бойынша (отбасылық мән-жайлар бойынша) тоқтатылған кезде оған осы Ереженің 4-тармағының а) - г) тармақшаларына сәйкес оның және оның отбасы мүшелерінің жіберуші мемлекеттің аумағындағы тұрақты тұратын жеріне кетуіне өтемақы төленеді;
к) Хатшылықтың лауазымды адамының келісімшарты оның өз қызметтік міндеттерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты онымен келісімшарттың бұзылуына байланысты тоқтатылған кезде одан өзі алған көтерме жәрдемақының 50 %-ы ұсталады және оған осы Ереженің 4 тармағының а) - г) тармақшаларына сәйкес оның және оның отбасы мүшелерінің жіберуші мемлекеттің аумағындағы тұрақты тұратын жеріне кетуіне өтемақы төленеді;
л) Хатшылықтың лауазымды адамының келісімшарты оның өз қызметтік міндеттерін кәсіпкерлік қызметпен айналысуына байланысты орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін келісімшарттың бұзылуына байланысты тоқтатылған кезде одан өзі алған көтерме жәрдемақының 100 %-ы ұсталады және оған және оның отбасы мүшелеріне осы Ережеде көзделген кепілдіктер мен өтемақылар қолданылмайды.
4. Хатшылықтың лауазымды адамдарының алғаш тағайындалуына байланысты олармен бірге шығатын олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда (жұбайы, зайыбы және олардың кәмелетке толмаған көп дегенде үш баласын не 18 жасқа толғанға дейін мүгедек болған, 18 жастан асқан балалары), оларға мынадай біржолғы өтемақылар төленеді:
а) жол жүру құжаттарын көрсеткен кезде:
Бас хатшы мен оның отбасы мүшелері әуе көлігімен жүргенде бизнес-класс тарифі бойынша, теміржол көлігімен жүргенде купедегі немесе бизнес-класты билет құны мөлшерінде;
Бас хатшының орынбасарлары мен олардың отбасы мүшелері әуе көлігімен жүргенде бизнес-класс тарифі бойынша, теміржол көлігімен жүргенде купедегі немесе бизнес-класты билет құны мөлшерінде;
Хатшылықтың өзге лауазымды адамдары мен олардың отбасы мүшелері әуе көлігімен жүргенде экономикалық класс тарифі бойынша, теміржол көлігімен - плацкартқа немесе екінші класты билет құны мөлшерінде әуе және теміржол көлігімен жол жүру шығыстары;
б) осы Ереженің 4-тармағының а) - г) тармақшаларында көрсетілген көлік түрлерімен жүргенде әуежай, сақтандыру және өтемақы алымдарын төлеу шығыстары;
в) қызметкерге және оның отбасы мүшелеріне әуе көлігімен (немесе әуе көлігімен алып жүру құны шегінде өзге көлікпен) 80 килограммға дейін, бірақ жалпы көлемі 240 килограмнан аспайтын багажды алып жүруге шығыстар;
г) отбасы мүшелері (жұбайы, зайыбы және кәмелетке толмаған көп дегенде үш баласы не 18 жасқа толғанға дейін мүгедек болған, 18 жастан асқан баласы) лауазымды адамнан бөлек жол жүрген жағдайда: әуе көлігімен жүргенде экономикалық класс тарифі бойынша, теміржол көлігімен жүргенде плацкартқа немесе екінші класты билет құны мөлшерінде шығыстарға өтемақы төленеді;
д) Хатшылықтың лауазымды адамдарына екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Алдыңғы келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін лауазымы жоғарылап немесе төмендеп, лауазымды адамның келісімшарты ұзартылған жағдайда көтерме жәрдемақы төленбейді.
5. Хатшылықтың лауазымды адамдарына босандыруды қоса алғанда, медициналық қызмет көрсету (жоспарлы операцияларды, тіс протездеуді және көзілдірік пен контактілі линзалар жасауды және (немесе) сатып алуды қоспағанда) және (немесе) оны және Хатшылықтың болу елінде онымен бірге жүрген, осы Ереженің 4-тармағында санамаланған отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру бойынша жылына жалпы сомасы 1200 АҚШ долларынан аспайтын шығыстар тиісті құжаттарды көрсеткен кезде өтеледі.
6. Хатшылықтың лауазымды адамдарына жоғарыда аталған кепілдіктер мен өтемақылардан басқа қандай да бір қосымша ақшалай қамтылым беру көзделмейді.
7. Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы Ереженің депозитарийі болып табылады.
Осы Ереже қатысушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Депозитарий қатысушы мемлекеттер мен Хатшылықты осы Ереженің күшіне енетін күні туралы хабардар етеді.
Барлық қатысушы мемлекеттер қол қойғаннан кейін Ереженің төлнұсқа данасы депозитарийге сақтауға тапсырылады. Депозитарий осы Ереженің расталған көшірмелерін қатысушы мемлекеттерге және Хатшылыққа жібереді.
8. Осы Ережеге қатысушы мемлекеттердің келісімі бойынша осы Ереженің 7-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9. 1 және 2-қосымшалар осы Ереженің ажырамас бөлігі болып табылады.
10. Осы Ереже "Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
Ереже қытай және орыс тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қытай Халық Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін | Тәжікстан Республикасы үшін |
Өзбекстан Республикасы үшін |
"Орталық Азия - Қытай" форматы хатшылығының лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымы, кепілдіктері және өтемақылары туралы ережеге 1-ҚОСЫМША |
Хатшылықтың лауазымды адамдарының штаттық орналасуы және олардың ай сайынғы ақшалай қамтылымының (лауазымдық айлықақыларының) мөлшерлері
1. Бас хатшының лауазымдық айлықақысы - 8470 АҚШ доллары, әрбір үш жыл сайын бағаланады және қайта қаралады.
2. Хатшылықтың басқа лауазымды адамдарының лауазымдық айлықақысы 1-кестеге сәйкес белгіленеді және әрбір үш жыл сайын бағаланады және қайта қаралады.
3. Хатшылықтың штаттық лауазымды адамдарының жалпы саны - 16 адам. Қытай тарапы жарналардың 60 %-ын, Орталық Азия тарапы (Орталық Азияның 4 мемлекеті) 40 %-ын өзіне алуға міндеттенеді, тиісінше Қытай тарапына 10 штаттық квота, ал Орталық Азия тарапына 6 штаттық квота беріледі. Орталық Азия мемлекеттерінен түскен ұсыныстарды ескере отырып, Қытай тарапы өзінің екі штаттық квотасын пайдалану құқығын өз еркімен Орталық Азия тарапына беруге әзір екенін білдірді, нәтижесінде Қытай тарапынан 8 адам, Орталық Азия тарапынан 8 адам (Орталық Азия мемлекеттерінің әрқайсысы 2 адамнан) болады.
1-кесте |
Лауазымы | Саны | Бас хатшының лауазымдық айлықақысына пайыздық қатынасы |
Бас хатшы | 1 | 100% |
Бас хатшының бірінші орынбасары және орынбасарлары | 4 | 90% |
1 -ші санаттағы сарапшы | 4 | 80% |
2-ші санаттағы сарапшы | 5 | 70% |
3-ші санаттағы сарапшы | 2 | 65% |
"Орталық Азия - Қытай" форматы хатшылығының лауазымды адамдарының ақшалай қамтылымы, кепілдіктері және өтемақылары туралы ережеге 2-ҚОСЫМША |
Хатшылықтың лауазымды адамдарының тұрғын үй-жай жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарына ай сайын өтемақының мөлшерлері және оны төлеу тәртібі
1. Бас хатшы үшін тұрғын үй-жайды жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарға ай сайынғы өтемақы болу еліндегі тұрғын үй-жайларды жалға алудың ағымдағы бағалары ескеріліп, 2200 долларға дейінгі мөлшерде белгіленеді және әрбір үш жыл сайын бағаланады және қайта қаралады.
2. Хатшылықтың басқа лауазымды адамдары үшін тұрғын үй-жайды жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарға ай сайынғы өтемақы 2-кестеге сәйкес белгіленеді және әрбір үш жыл сайын бағаланады және қайта қаралады.
3. Тұрғын үй-жайды жалдау (жалға алу) бойынша шығыстар, байланыс қызметтерін, Интернетті, спутниктік және кабельдік телевизияны пайдалануды және осыған ұқсас шығыстарды қоспағанда, тиісті түрде ресімделген растауларды көрсеткен кезде өтеледі.
2-кесте |
Лауазымы | Бас хатшының тұрғын үйді жалға алуына пайыздық қатынасы |
Бас хатшы | 100% |
Бас хатшының бірінші орынбасары және орынбасарлары | 90% |
1-ші санаттағы сарапшы | 80% |
2-ші санаттағы сарапшы | 70% |
3-ші санаттағы сарапшы | 65 % |