ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев және Р.А. Подопригора қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі З.С. Сыздыкованың және оның өкілі – Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Е.Б. Бричковскаяның,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Төрағасының орынбасары М.М. Елемесовтің,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Экономика салаларының заңнама департаментінің директоры С.А. Жукеновтің,
Алматы қаласы әкімдігінің өкілі – Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Н. Қожекеновтің,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Р.Т. Байтеленовтің,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – жетекші ғылыми қызметкер А.К. Жаксылыковтың,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың,
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының өкілі – басқарма төрағасының кеңесшісі А.К. Баймаганованың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында З.С. Сыздыкованың Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы" 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 қаулысының (бұдан әрі – әкімдік қаулысы) 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды, сарапшы – заң ғылымдарының докторы, "Тұран" университеті Құқық жоғары мектебінің профессоры Л.Т. Жанұзақованы тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) әкімдік қаулысының 1-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 12, 14, 21 және 39-баптарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті, аталған қаулыға сәйкес электр қозғалтқышындағы көлік құралдарынан (бұдан әрі – электромобильдерден), сондай-ақ коммуналдық, жедел және шұғыл қызметтердің арнайы техникасы мен көлік құралдарынан басқа көлік құралдарының "Шымбұлақ" шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аймағына кіруі шектелген.
"Шымбұлақ" шатқалы "Медеу" өңірлік табиғи паркінің құрамына кіреді. Өтініш субъектісі "Тұйықсу" шатқалында тұрады, ол өз кезегінде Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді, бірақ аумақтық жағынан Алматы қаласының шегінде орналасқан. Өтініш субъектісінің тұрғын үйіне тек "Шымбұлақ" (Медеу–Шымбұлақ) шатқалындағы автомобиль жолымен ғана баруға болады. Екі парк те ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына жатады. Өтініш субъектісінің пікірінше, "Тұйықсу" шатқалында асфальт төселген жолдың болмауына және күрделі таулы жер бедері жағдайында, әсіресе белгілі бір маусымдық кезеңдерде электромобильді пайдалануға байланысты проблемалар туындайтындықтан өзіне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйге электромобильмен барып-келуі қиындаған. Өтініш беруші бұл жолмен ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильмен ғана жүруге болады, алайда әкімдік қаулысы аталған аумаққа мұндай автомобильмен кіруге тыйым салып, өзінің үйқұрылысына қол жеткізу және еркін жүріп-тұру құқықтарын шектейді деп санайды.
Өтініш субъектісі көтеріп отырған әкімдік қаулысы нормасының конституциялылығын тексеріп, Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, мемлекет бұл құқықтарға Конституцияның және соған сәйкес келетін нормативтік құқықтық актілердің нормаларында белгіленген шекте кепілдік береді. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болуы әркімнің құқықтары мен бостандықтарына да, міндеттеріне де тең дәрежеде қолданылады.
Конституциялық Сот құқықтар мен бостандықтарға құқықтық шектеулерді мемлекет белгілей отырып, адамның құқықтары мен бостандықтары, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтары, жария мүдделер арасында әділ теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс деп атап өтеді.
2. Экология – адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен мемлекеттің орнықты даму негіздерінің бірі (Конституцияның 31-бабының 1-тармағы). Табиғатты сақтау және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау азаматтардың конституциялық міндеті ретінде бекітіледі (Конституцияның 38-бабы).
Қазақстан Республикасында ерекше табиғат қорғау, ғылыми және мәдени маңызы бар бірегей табиғи кешендер сақталуға және қорғалуға тиіс. Олардың сақталуын қамтамасыз ету маңызды жария мүдделер қатарына жатады, осыған байланысты мемлекет тиісті аумақтарды айқындауды және оларда табиғатты пайдаланудың арнайы құқықтық режимдерін енгізуді қоса алғанда, аталған кешендерді қорғаудың құқықтық тетіктерін белгілеуге құқылы. Мұндай аумақтардың қатарына ерекше қорғалатын табиғи аумақтар да жатады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға белгіленетін құқықтық режимдер, сол сияқты жалпы экологиялық талаптар да табиғат аумақтарын қорғауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуді көздейді. Экологиялық жүйелерге зиянды әсер етуі мүмкін түрлі қызметке тыйым салулар мен шектеулер белгілеуді, жедел ден қою шараларын қолдануды осындай шаралардың қатарына жатқызуға болады, бұл ажырамайтын және айыруға болмайтын игілік ретінде адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғаудың конституциялық маңызды мақсатына қол жеткізу үшін қажет болу мүмкін.
Мұндай шектеулер мен тыйым салулар заңға қатаң сәйкестікте, мемлекеттік органдар құзыретінің шегінде және Негізгі Заңның 39-баптың 1-тармағына сәйкес жол берілу шарттары сақтала отырып белгіленуі мүмкін.
3. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары тек заңмен ғана шектелуі мүмкін. Бұдан келіп шығатыны, шектеудің негіздері, мақсаты, мазмұны мен шектері тікелей заңда айқындалуға не тиісті мемлекеттік органның заңда белгіленген өкілеттігіне негізделуге тиіс.
Заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт заңда белгіленген шектеуді іске асыру тәртібін нақтылай алады, алайда оның мазмұнын өзгертуге не құқықтар мен бостандықтарға жаңа шектеу енгізбеуі тиіс.
Конституциялық Соттың пікірінше, әкімдік заңда белгіленіп қойған шектеулердің сақталу тәртібін, мысалы, осы шектеулер қолданылатын субъектілер мен объектілер бойынша, аумақтар, мерзімдер және тағы басқа бойынша нақтылауға құқығы бар. Бұл ретте әкімдіктің мұндай өкілеттігі құзырет шеңберінде нақты көрсетілуге тиіс, бұған тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдау өкілеттігі де жатқызылуға тиіс ("Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 3-тармағы).
Конституциялық Сотқа жүгінуге себеп болған жағдайға келсек, қоршаған табиғи ортаны қорғау мақсатында белгілі бір аумақтарға көлік құралдарының кіруін заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт шығару арқылы шектеу секілді шара заңда көзделген, бірақ ол әкімдіктің құзыретімен байланысты емес.
Ол табиғи ортаның өмірлік маңызды компоненті – атмосфералық ауаны қорғау мәселелерімен байланысты. Атмосфералық ауаға ластағыш заттар шығарындылары көздерінің қатарына заң шығарушы ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған көлік құралдарын да жатқызады (2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Экологиялық кодекс) 3-тармағы).
Мәселен, Экологиялық кодекстің 208-бабының 4-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары мемлекеттік экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағында атмосфералық ауа сапасы нормативтерінің қатарынан үш жыл бойы ұдайы асып түсуі анықталған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдау арқылы атмосфералық ауаға антропогендік жүктемені төмендету мақсатында елді мекендерге немесе елді мекендер шегіндегі жекелеген аймақтарға, демалыс және туризм орындарының аумақтарына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың немесе олардың жекелеген түрлерінің кіруіне шектеу енгізуге, сондай-ақ олардың шегінде көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың қозғалысын реттеуге құқылы.
Осылайша, көлік құралдарының кіруін шектеу және тиісті нормативтік құқықтық актіні шығару өкілеттіктері заңда тікелей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органының (мәслихаттың) құзыретіне жатқызылады.
Демек, заң шығарушы тиісті шектеуді енгізу мүмкіндігін қарастырып қана қоймай, осы мәселе бойынша шешім қабылдауға уәкілетті мемлекеттік органды да тікелей айқындаған. Мұндай өкілеттікті жергілікті атқарушы органға беру заңда көзделмеген.
Конституциялық Сот осы мән-жайдың дау айтылып норманың Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан баға беру үшін айтарлықтай маңызға ие екенін негізге алады, ол талаптарға сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңмен шектелуі мүмкін.
4. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімдіктің қоршаған табиғи ортаны қорғау мәселeлеріне қатысты экология саласындағы және жол жүрісі саласындағы құзыреті туралы жекелеген нормалар мен ережелердің, оның ішінде заңда белгіленген шектеулерді ескеретін ережелердің бар екенін атап өтуді маңызды деп есептейді.
Мәселен, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-8-тармағының 2) тармақшасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі тиісті аумақта халықтың экологиялық қауіпсіздігін және табиғи экологиялық жүйелердің элементтерін қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Осыған ұқсас ереже "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" 1998 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 4-1) тармақшасында да қамтылады.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – ЕҚТА туралы заң) әкімдік ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетін қамтамасыз ету жүйесіне кіреді және осы саладағы мемлекеттік басқарумен айналысады (6-баптың 5) тармақшасы және 6-1-баптың 5) тармақшасы), уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнінде шешімдер қабылдайды (10-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы) деп белгіленеді.
Келтiрiлген нормаларда әкiмдiктiң мемлекеттiк экологиялық саясатты iске асыруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруға қатысуы бекiтіледi, алайда оған нормативтiк құқықтық акт арқылы конституциялық құқықтарға өз бетінше шектеу белгiлеу өкiлеттiгi берілмейдi.
ЕҚТА туралы заңның 18-бабына сәйкес қолайсыз сыртқы әсерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық және өңiрлiк табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың айналасында және олардың шекараларында орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлерінде, бұл аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерi мен оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады және (немесе) шектеу жасала отырып, қорғау аймақтары белгiленедi. Аталған қорғалу аймақтарының аумағында табиғат пайдаланудың мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді. Жергілікті атқарушы органның тиісті шешім қабылдау құзыреті осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында көзделген.
ЕҚТА туралы заңның 25-бабына сәйкес рұқсаттар, шектеулер, тыйым салулар және басқа да ықпал ету шаралары екше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында көрсетіледі, ал оны осы аумақ қарауында болатын мемлекеттік орган бекітеді.
Осы нормалардың мазмұны бойынша әкімдіктер өз шешімімен ЕҚТА туралы заңда көзделген тыйым салулар мен шектеулер қамтылуы мүмкін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекітеді және аумақтарында тағы да осы заңда көзделген тыйым салулар мен шектеулер қолданылатын қорғау аймақтарын белгілейді. Әкімдіктердің заңда көзделмеген шектеулерді өз бетінше белгілеуге құқығы жоқ.
"Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Жол жүрісі туралы заң) 17-бабы 2-тармағы 8) тармақшасының үшінші абзацында көзделген тәртіппен облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары өз құзыреті және өңір шегінде қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеп, елді мекендерге көліктік жүктемені азайту жөнінде шаралар қолданады. Практикада көлік құралдарының жүруіне белгілі бір шектеулер қойылған осындай арнайы аймақтар жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары (жол белгілері, жол таңбалары) арқылы белгіленеді. Демек, шектеулер әкімдіктің нормативтік құқықтық акт шығаруымен белгіленбейді. Бұдан басқа, дау айтылып отырған әкімдік қаулысы, өтініш мазмұнынан және оған қоса берілген материалдардан көрініп тұрғандай, жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы (экологиялық) аймақтарын белгілеумен байланысты емес, бұл оған Жол жүрісі туралы заңның аталған нормасын қолдануға мүмкіндік бермейді.
5. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа жағдайларда, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар (Конституцияның 21-бабының 1-тармағы). Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (ХХI) резолюциясымен қабылданып, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (бұдан әрі – Пакт) 12-бабының 3-тармағына сәйкес еркін жүріп-тұру құқығы мен тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығы мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын не басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажетті, заңда көзделгеннен басқа шектеулерді және осы Пактіде танылған басқа да құқықтармен қабысатын шектеулерді қоспағанда, ешқандай шектеу объектісі бола алмайды. Осыған ұқсас көзқарас Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті ережесіндегі шектеу және тартыну түсіндірмесінің Сиракуз принциптерінде (БҰҰ E/CN.4/1985/4, Қосымша (1985) кездеседі, оған сәйкес кез келген шектеу заңды мақсаттарға сәйкес келуге, қажетті және мөлшерлес болуды білдіреді.
Конституциялық Сот аталған нормаларды басшылыққа ала отырып, дау айтылып отырған нормаға онда белгiленген шектеудiң мазмұны және конституциялық құқықтар мен бостандықтарды iске асыруға әсерi тұрғысынан баға беру қажет деп санайды.
Конституциялық бақылау органы бұған дейін осыған қатысты өз ұстанымын бұлай білдірген болатын: бұл құқық жүріп-тұру құралдарын немесе тәсілдерін таңдаумен байланысты, ал жеке және қоғамдық көлік жүріп-тұруға қолайлы кез келген құралдар мен тәсілдерді заңды негіздерде пайдалана отырып іске асыруға болатын, әркімнің еркін жүріп-тұру құқығын іске асырудың маңызды құралы болып табылады. Осы құқық басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, сондай-ақ заңмен белгіленген шектеулерді бұзбауға тиіс, өз кезегінде, ақылға қонымды, мөлшерлес және кемсітусіз болуға тиіс (2023 жылғы 27 қазандағы № 34-НҚ және 2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ нормативтік қаулылар).
Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған кез келген мүлкін, оның ішінде көлік құралдарын және Конституцияның ерекше қорғауына ие тұрғын үйін жеке меншігінде ұстай алады (Конституцияның 25-бабының 1-тармағы, 26-бабының 1 және 2-тармақтары). Меншік құқығының мазмұны мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын қамтиды, бұл адамның өзіне тиесілі тұрғын үйге, оның ішінде жеке не қоғамдық көлікті пайдаланып іс жүзінде жету мүмкіндігін де білдіреді.
Конституциядағы меншік құқығы және еркін жүріп-тұру құқығы абсолютті болып табылмайды. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес олар конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.
Атмосфералық ауаны қорғауды және басқа да экологиялық талаптарды, әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақ аймақтарында сақтауды қамтамасыз ету заңды қоғамдық мүддені білдіреді. Демек, жекелеген ерекше қорғалатын аумақтарда жүріп-тұруға шектеу белгілеу, егер мұндай шектеу заңда белгіленіп, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатын көздейтін, қажетті әрі мөлшерлес болса, Конституцияға қайшы келмейді.
Конституциялық Сот жоғарыда айтып өткендей, өтініш субъектісі дау айтып отырған норманы мемлекеттік орган өзіне заңмен берілген өкілеттік шегінен тыс қабылдаған. Сонымен бiрге, конституциялық бақылау органы белгiленген шектеудiң мазмұны Конституцияның 39-бабынан туындайтын әдiлдік пен мөлшерлестiк талаптарына сәйкес келедi ме деген мәселенi де қарау қажет деп санайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көлiк құралдарының қозғалысын шектеу конституциялық маңызды мақсатты – қоршаған ортаны қорғауды және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуді көздей алады, бұл ретте шектеу әсер ететін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерi ескеріліп, оларға шамадан тыс ауыртпалық салмау керек.
Жүргізілген талдау қаралып отырған жағдайда "Шымбұлақ" шатқалының аумағы арқылы жүріп өту тұратын жеріне жету үшін жалғыз жол болып табылатын адамдарға дау айтылып отырған норманы қолдану конституциялық құқықтарды мөлшерлес етіп шектеу талаптарын сақтау және жария экологиялық мүдделер мен осындай адамдардың құқықтары арасында әділ теңгерімді қамтамасыз ету мәселелерін қатысты екенін көрсетеді.
Әкімдік қаулысымен белгіленген шектеу салдары тұрғын үйді пайдалану құқығын және еркін жүріп-тұру құқығын іске асыруды шын мәнісінде қиындатады. Мұндай жағдайларда мүдделеріне әсер еткен адамдардың конституциялық құқықтары мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жария мүдделер арасында қажетті теңгерімді сақтау туралы тұжырым жасауға жеткілікті негіз жоқ.
Конституциялық Сот дау айтылып отырған норманы мемлекеттік орган өзіне заңмен берілген құзырет шегінен тыс қабылдаған деген тұжырымға келеді. Бұл жағдай әкімдік қаулысының 1-тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп тануға жеткілікті негіз болып табылады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы" 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 2/122 қаулысының 1-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
|
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |
