2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 50-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 18 мамырдағы № 80-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев және Р.А. Подопригора қатысқан құрамда,

      өтініші субъектісі Ж.К. Кожановтың өкілі – заң консультанты Д.С. Мустафинаның,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің бастығы Р.В. Зұлхайыровтың,

      Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ж.П. Карамбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Б.С. Исаметовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты В.В. Ханның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – жетекші ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты Е.С. Абулгазиннің,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚбК) 50-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды, сарапшы – Лестер университетінің заң ғылымдарының докторы (PhD) Х.К. Ажигулованы тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ӘҚбК-нің 50-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 14-бабының 2-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті. Осы нормаға сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар қатарына басқалармен бірге он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдер және он төрт жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдар жатады.

      Іс материалдарынан соттың Ж.К. Кожановқа қатысты он бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды қолданғанын түсінуге болады. Сот өтініш субъектісінің он төрт жасқа дейінгі балам бар деген дәлелдеріне баланың басқа да заңды өкілі – елдің басқа өңірінде тұрып жатса да, ата-ана құқықтарынан айырылмаған анасы бар деп уәж келтіріп, бұл жағдайда ӘҚбК-нің 50-бабының екінші бөлігі қолданылмайды деп оларды қабылдамаған.

      Ж.К. Кожанов әкімшілік қамаққа алуды қолданған кезде артықшылық он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге беріліп, ал ер адамдарға қатысты қосымша өлшемшарт – осы жастағы баласын жалғыз өзі тәрбиелеуі белгіленгендіктен, ӘҚбК-нің 50-бабының екінші бөлігінде жынысқа байланысты кемсіту белгілері бар деп есептейді.

      ӘҚбК-нің аталған нормасының конституциялылығын тексере келе өтініш нысанасы шеңберінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге міндетті (Негізгі Заңның 12-бабының 1 және 5-тармақтары, 34-бабы).

      Әркімге тумысынан жазылған адам құқықтары мен бостандықтарының абсолютті және ажыратылмас болуы бірқатар конституциялық кепілдіктермен қамтамасыз етіледі (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы) және заң шығарушы мен құқық қолданушы оларды сақтауға міндетті.

      Адамның іргелі құқықтарының бірі – әркімнің жеке бас бостандығына құқығы (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы). Адамды қоғамнан, отбасынан оқшаулауға және еркін жүріп-тұру мен қарым-қатынас мүмкіндігін болғызбауға, еңбек функцияларын орындауды тоқтатуға әкеп соғатын мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы осы етене құқықты шектеу қалыпты тыныс-тіршілікті қамтамасыз етумен, сондай-ақ өзіне жүктелген міндеттерді атқарумен байланысты басқа да жеке бас құқықтарын іске асыруға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан оларды енгізу және қолдану кезінде конституциялық маңызы бар мақсат пен шек қатаң сақталуға және қоғамдық, мемлекеттік, жеке мүдделердің ақылға қонымды теңгерімі қамтамасыз етілуге тиіс.

      Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (бұдан әрі – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы) ережелеріне сәйкес келеді, онда әр адамның қоғам алдында міндеттері бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырған кезде басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тиісінше тануды және құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен ортақ игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсатында ғана оған заңмен белгіленген шектеулер қойылуға тиіс делінген (29-баптың 1 және 2-тармақтары).

      2. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады, ал балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті (Конституцияның 27-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Конституциялық бақылау органы өзінің қорытынды шешімдерінде Конституцияның осы ережелері балалардың ерекше құқықтық мәртебесін, құқықтары мен бостандықтарын, оларды іске асыру кепілдіктерін кейіннен салалық заңнамада бекіту және реттеу үшін мызғымас конституциялық құндылық ретінде баланы қорғаудың кешенді жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды деп баса атап өткен болатын (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 және 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылары).

      Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы 44/25 резолюциясымен қабылданған (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған) Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы ретінде балаға ата-анасының, қамқоршыларының немесе заң бойынша бала үшін жауапкершілікті мойнына алған басқа да адамдардың құқықтары мен міндеттерін назарға ала отырып, бала игілігі үшін қажетті қорғауды және қамқорлықты қамтамасыз етуге міндеттенеді, сондай-ақ осы мақсатта барлық тиісті заңнамалық және әкімшілік шараларды жүзеге асырады. Бұдан басқа, балаларға қатысты іс-әрекеттердің бәрінде, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік немесе жекеше мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қабылдағанына қарамастан, ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінуге тиіс (3-баптың 1 және 2-тармақтары). Бұл бала мүддесіне қатысты кез келген қабылданатын шешімге оған салдары қалай болмақ деген арқылы баға берілуі керек дегенді білдіреді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1959 жылғы 20 қарашадағы 1386 (XIV) резолюциясымен қабылданған Бала құқықтары декларациясының қағидаттарына сәйкес бала мүмкіндігінше ата-анасының қамқорлығы мен жауапкершілігін көріп және кез келген жағдайда махаббатқа бөленіп, моральдық және материалдық қамтамасыз етуді сезініп өсуге тиіс; айрықша мән-жайлар орын алған жағдайларды қоспағанда, жас бала анасынан ажыратылмауға тиіс.

      Дау айтылып отырған нормада қолданылатын "он төрт жасқа дейінгі бала" санаты осы жастағы баланың ата-анасының не оларды алмастыратын адамдардың үнемі күтіміне, тәрбиесіне және күнделікті өміріне қатысуына жоғары дәрежеде тәуелді екенін заңнамалық тұрғыдан тануды көрсетеді.

      Аталған жас шегі баланың объективті осалдығының өлшемшарты ретінде нормативтік-құқықтық мәнге ие және ол әрбір нақты жағдайда тәуелділік дәрежесіне жеке-дара баға беруді көздемейді.

      3. Заң шығарушы Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы мәселелерін құқықтық реттеу шеңберінде ӘҚбК-де әкімшілік қамаққа алуды негізгі әкімшілік жазалардың бірі ретінде, сондай-ақ жасағаны үшін осы жаза түрі қолданылатын әкімшілік құқық бұзушылық құрамдарын айқындап өткен.

      ӘҚбК әкімшілік жаза түрлерін мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде бекітіп, олар құқық бұзушылық жасаған адамды заңнама талаптарын сақтау және құқықтық тәртіпті құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзінің де, басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында қолданылады деп айқындайды. Әкімшілік жазаның қолданылуы адамға тән азабын шектіруді немесе оның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.

      Әкімшілік қамаққа алу – құқық бұзушыны сот тағайындаған (отыз тәулікке дейінгі, ал төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы режимі талаптарын бұзғаны үшін қырық бес тәулікке дейінгі) мерзімге қоғамнан және отбасынан оқшаулау. Айрықша жағдайларда мұны судья жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, мүлiктiк жағдайын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, ӘҚбК-нің Ерекше бөлігінің баптарында көзделген шекте тағайындайды (ӘҚбК-нің 50-бабының бірінші бөлігі, 55-бабының екінші және үшінші бөліктері).

      Заң шығарушы әкімшілік қамаққа алуды ең қатаң әкімшілік жаза түрі ретінде санап және оның ерекше сипатын ескере отырып, осы жаза түрін қолдануға болмайтын адамдардың санаттарын айқындады: олар – жүкті әйелдер; он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдер; он сегіз жасқа толмаған адамдар; бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар; елу сегіз жастан асқан әйелдер; алпыс үш жастан асқан ер адамдар; он төрт жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдар.

      Мұндай артықшылықтарды белгілеу қылмыстық заңда және әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасында негізге алынған ізгілік пен әділдік, жауаптылықты даралау мен саралау қағидаттарын іске асырумен байланысты. Бұларда белгілі бір санаттағы азаматтарға қатысты жаза мен әкімшілік жаза қолданылған кезде олардың жасына, әлеуметтік жағдайына және басқа жағдайларға байланысты ерекше көзқарас айқын байқалады.

      Он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдердің және он төрт жасқа толмаған балаcын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдардың осы санатқа енгізілуі азаматтардың ең осал санаты ретінде балалардың (баланың) мүдделерін барабар қорғау және барынша толық қамтамасыз ету бойынша мемлекет міндеттемелеріне сәйкес келеді, сондай-ақ өз мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, әр баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену, ата-анасының қамқорлығында болу және олармен бірге тұру құқығын ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – НОтК) 60-бабы) іске асыруға негіз болады. Аталған саралау он төрт жасқа дейінгі бала өзін жеке-дара және тікелей күтіп-бағатын және қамқорлық жасайтын адамды оқшаулау салдарынан тиісті күтімнен және тәрбиеден шын мәнісінде айырылуы мүмкін жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

      Сонымен, құқықтық реттеудегі айырмашылық жыныс белгілеріне емес, ата-анасының әрбірінің баласына үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне негізделеді.

      4. Конституцияға сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап).

      Тең болу конституциялық қағидаты айырмашылықтардың объективті сипаты, ақылға қонымды негіздемесі болған және конституциялық маңызы бар мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жағдайда құқықтық реттеуде оларды белгілеуге жол береді.

      Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

      Аталған ережелерден құқықтар мен бостандықтарды кез келген шектеу заңды, қажетті және мөлшерлес болуға, сондай-ақ анық және болжамды құқықтық өлшемшарттарға негізделуге тиіс деген шығады.

      Демек, бірдей жағдайларда құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келеді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысы және басқалар). Бұл заң шығарушы шектен тыс емес, құқық мәніне нұқсан келтіретіндей шектеулерді қолданбай, қажетті және конституциялық тұрғыдан танылған мақсаттарға негізделген шектеулерді ғана қолдануға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекет мұндай шектеулерді белгілей отырып, ақылға қонымдылық, қажеттілік пен мөлшерлестік өлшемшарттарының, сондай-ақ құқықтық қатынастардың барлық қатысушыларының, әсіресе балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті (Конституциялық Соттың 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ нормативтік қаулысы және басқалар).

      Жасына байланысты аса әлеуметтік және құқықтық қорғауды қажет ететін балаларға қамқорлық жасау физиологиялық және өзге де факторларға байланысты әке мен ана арасында кейбір айырмашылықтың, ерекшеліктің, артықшылық пен шектеудің болуына негіз болады. Бұл ұстаным халықаралық актілерде көрініс тауып, ананы қорғауға бағытталған арнайы шаралар кемсіту болып саналмайды (Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясының 1979 жылғы 18 желтоқсандағы № 34/180 резолюциясымен қабылданған Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылу туралы заң қабылдады), ана және нәресте болу жағдайы ерекше қамқорлық пен көмек алу құқығын береді (Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 25-бабының 2-тармағы) деп белгіленген. Осы көзқарастар заң аясында қолданылатын және арнайы әйелдердің, әсіресе жүкті әйелдер мен емізетін аналардың, сондай-ақ балалардың, жасөспірімдердің, қарт, науқас немесе мүгедек адамдардың құқықтары мен ерекше мәртебесін қорғауға арналған шаралар кемсіту ретінде қаралмайды (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1988 жылғы 9 желтоқсандағы 43/173 резолюциясымен қабылданған Қандай да бір түрде ұсталған немесе қамауға алынған барлық тұлғаларды қорғау қағидалары жинағының № 5 қағидасы) дегеннен де көрінеді.

      Мұндай түсінуді Конституциялық Сот он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге және осындай жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға әкімшілік қамаққа алудың қолданылуына тыйым салуды көздейтін ӘҚбК-нің 50-бабы екінші бөлігінің ережесі кемсітпеу қағидатын бұзбайды деп есептейді.

      5. Сонымен қатар, ӘҚбК-нің 50-бабының екінші бөлігіне өтініш нысанасы шеңберінде жүргізілген талдау көрсеткендей, оның ережесі формалды айқындылық талаптарына сай келмейді және әртүрлі түсіндіруге жол береді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысында жасағаны үшін әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза белгіленген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде соттардың әкімшілік қамаққа алуды қолдануға жол бермейтін, ӘҚбК-нің 32 және 50-баптарының екінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардың бар-жоғын мұқият анықтауы көзделген.

      Қаралып отырған норма құқық бұзушы мен бала арасында туыстық немесе өзге де байланыстың бар-жоғын айқындамайды, гендерлік белгіні (ер адамды) ғана көрсетіп қоя салады. Бұлайша жазып қоя салудан қамаққа алуға жататын субъект құрамына қатысты соттың аталған норманы әркелкі түсіндіру және әртүрлі қолдану тәуекелі, оған әкелерді ғана емес, балаға тәрбие беру функциясын орындап жүрген өзге адамдарды да (қорғаншыларды, қамқоршыларды және басқа адамдарды) жатқызу мүмкіндігі туындайды.

      Норма "баласын жалғыз өзі тәрбиелеуші" өлшемшартының мазмұнын ашпайды, заңдық маңызы бар мән-жайлардың толық тізбесін айқындамайды және құқық қолдану практикасында оны анықтауға біркелкі тәсілді қамтамасыз етпейді.

      Құқықтық норманың тұжырымдамасында ер адамның баланы жалғыз өзі тәрбиелеу фактісі анықталған кезде соттардың адамның формалды танылған мәртебесін, тиісті актілермен расталған заңды фактілерді және орындалған рәсімдер нәтижелерін (баланың анасының қайтыс болуы, оны қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп тану, баланың тұрғылықты жері әкесімен болады деп анықтай отырып некені бұзу) ғана негізге алуы керек екені немесе соттардың ер адамның (әкесінің) балаға тәрбие беру бойынша негізгі функцияларды шын мәнінде орындайтынын куәландыратын өзге де мән-жайларды (анасының науқастануына немесе тұратын жерінде баланың болмауына байланысты тәрбие беруді және оған қамқорлық жасауды тікелей жүзеге асыруға үнемі мүмкіндіктің болмауы және тағы басқа) назарға алуы мүмкін екені анық берілмеген.

      Конституциялық Сот құқықтық реттеудің атап өтілген олқылықтары орын алған кезде және сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірулер болмаған кезде адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылу тәуекелі және баланы, отбасы мен басқа да құндылықтарды қорғау туралы конституциялық ережелердің тиісінше іске асырылмау тәуекелі сақтала бермек деп пайымдайды.

      6. Әкімшілік қамаққа алу – құқық бұзушыны сот тағайындаған мерзімге қоғамнан және отбасынан оқшаулау, бұл оның асырауындағы немесе қамқорлығындағы кәмелетке толмағандарды, өзге де мұқтаж адамдарды күтімсіз және күнделікті тіршілікке жұмсалатын қаражатсыз, сондай-ақ мүлікті қараусыз уақытша қалдыруға сөзсіз әкеп соғады.

      Адамды бас бостандығынан айырудың басқа да мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында жақындарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері көзделеді (мысалы, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 154 және 406-баптары).

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада ата-анасы немесе асыраушысы әкімшілік қамаққа алынған жағдайда кәмелетке толмаған, еңбекке жарамсыз балалардың және өзге де адамдардың қамқорлыққа алыну құқығы көзделмеген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға, жоғарыда аталған адамдарға қамқорлық көрсетуді қамтамасыз етуге уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) тікелей бекітілген міндеті де жоқ. Конституциялық іс жүргізу барысында бұл мәселелердің тек ведомствоаралық құқықтық актілермен регламенттелетіні анықталды.

      Әкімшілік қамаққа алу түрінде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының белгiленген мерзiмде орындалуына мүмкiндік бермейтін мән-жайлар болған кезде судья өзiне қатысты қаулы шығарылған адамның өтініші бойынша қаулының орындалуын бiр айға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыра алады (ӘҚбК-нің 888-бабы).

      Конституциялық Соттың пікірінше, сот қаулысын орындауды кейінге қалдыру қажетті шаралардың барлық спектрін қамтымайды және балаға (балаларға) әсері болуы мүмкін салдардың тігісін қиыстырып жібере алмайды.

      7. Мемлекет ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа, асырап алушы отбасыларына, патронаттық тәрбиеге бере отырып немесе өзге де орналастыру нысандарын қолдана отырып, қамқоршыларға осы балаларға тәрбие беру, олардың денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасау, қамқорлыққа алынушылар білім беру ұйымында немесе медициналық ұйымда тәрбиеленуде не емделуде болатын жағдайларды қоспағанда, өздерiнің қамқорлығына алғандармен бiрге тұру мiндетін жүктейді (НОтК-тің 126-бабының 1 және 4-тармақтары) және ата-анамен қатар заңды өкілдерге кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, сондай-ақ оларға қарау мен күтіп-бағуды орындамағаны үшін жауаптылықты көздейді.

      Конституция балаларға ерекше қорғауды белгілей отырып, мемлекетке қабылданатын шешімдер салдарына баға беру міндетін жүктейді, олар кәмелетке толмағандардың өміріне, денсаулығына немесе қалыпты дамуына теріс әсер етуге алып келетін жағдайларға жол бермеуге тиіс. Тиісінше, ата-анаға да, оларды алмастыратын адамдарға да қатысты мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданған кезде ықтимал теріс салдар да ескерілуге тиіс.

      Конституция және оны негізге алған Қазақстан Республикасының заңнамасы, халықаралық құқықтық актілер балалардың тегіне, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына және балаға, оның ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, бала құқықтарының тең болуын негізге алады.

      Конституциялық Сот ата-анасы және тәрбиені (күтімді) жүзеге асыратын өзге де адамдар адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты әкімшілік жауаптылыққа тартатын жағдайларға тап болған кезде азаматтардың осал санаттарының мүдделерін барынша толығымен қамтамасыз ету қағидатын неғұрлым толық іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында осындай санаттағыларға қатысты тәрбие беру және қамқорлық жасау міндеті жүктелген адамдарды әкімшілік қамаққа алуды қолдану ерекшеліктері туралы ӘҚбК ережелерін неғұрлым тереңірек пысықтау қажет деп санайды.

      Құқық бұзушының баласының және тәрбие мен қамқорлыққа мұқтаж басқа да субъектісінің болуына, олардың жасына, жағдайына, санына байланысты мәселелер сот талқылауы шеңберінде дербес зерделеу нысанасы болып, сот қабылдаған қаулыда көрсетілуге тиіс. Бұған уәкілетті органдар мен лауазымды адамдар сотқа жіберетін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттамалар мен өзге де материалдар өз ықпалын тигізуге тиіс.

      Мұндай балаларға қамқорлықты қамтамасыз етудің арнайы құқықтық тетігі болмаған кезде уәкілетті органның әкімшілік жазаны орындатуы кезеңінде балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған қосымша нормативтік реттеу қажеттігі туындайды.

      Әкімшілік қамаққа алуды орындауды кейінге қалдыру балаға әсері болуы мүмкін салдарды толық көлемде жоймайды және оны қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық тетігін алмастырмайды.

      Бала тәрбиелеп отырған адамға әкімшілік қамаққа алу тағайындалған жағдайда баланың заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шараларды дер кезінде қабылдау мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық және осындай істер бойынша іс жүргізу тәртібі туралы заңнама бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық актілермен үйлестірілуге тиіс.

      Конституциялық Сот атап өтілген тәуекелдерді барынша азайту мақсатында әкімшілік жазаның баламалы түрлерін неғұрлым кеңінен қолдану үшін тиісінше құқықтық және өзге де жағдайлар жасау орынды деп санайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 50-бабының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарына сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдардың санаттарына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, әкімшілік қамаққа алуды тағайындау мәселелері бойынша сот практикасын жинақтап қорыту және осы мәселелерге қосымша түсіндірулер беру ұсынылсын.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады