2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 196-бабы 1-тармағының, 202-бабы 2-тармағының, 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларының 5-тармағы бесінші бөлігінің конституциялылығын тексеру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 18 мамырдағы № 79-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – вице-министр А.М. Ертаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі С.С. Дельмановтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Н.Т. Харесованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Каспий қоғамдық университетінің өкілі – Жоғары құқық мектебінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор С.П. Мороздың,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – Азаматтық, азаматтық іс жүргізу заңнамасы және атқарушылық іс жүргізу бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Т. Акимжанованың,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – Арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты В.В. Ханның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Шығыс Қазақстан облыстық сотының (бұдан әрі – сот) 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 196-бабының 1-тармағын, 202-бабының 2-тармағын, 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 23 маусымда № 32890 болып тіркелген Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 5-тармағының бесінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынуын қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Қыдырбаеваны, филология саласының мамандары – филология ғылымдарының докторы, профессор С.А. Ашимханованы, филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Н. Смағұлованы және "Қазақ филологиясы" мамандығы бойынша философия (PhD) докторы Т.Б. Рамазановты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын, сарапшы – заң ғылымдарының докторы, Астана халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры А.М. Нурмагамбетовтің қорытындысын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Кодекстің 196-бабының 1-тармағын, 202-бабының 2-тармағын, 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасын және Қағидалардың 5-тармағының бесінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы сот ұсынуы келіп түсті.

      Ұсынудан соттың дау айтылып отырған нормалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 14-бабының және 28-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмеуіне байланысты адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары бұзылып отыр деген тұжырымға келгенін түсінуге болады. Соттың пікірінше,осы ережелер аталған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және жасына байланысты зейнетақы төлемі құқығын іске асыруды Қазақстан Республикасы азаматының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру фактісіне тәуелді етуді көздей отырып, Қазақстан Республикасы азаматының әлеуметтік қамсыздандыруға конституциялық құқығын шектейді.

      Кодекстің және Қағидалардың жоғарыда аталған нормаларының конституциялылығын тексере келе Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Мемлекеттің әлеуметтік сипаты әрбір азаматтың, оның ішінде еңбекке жарамсыз жасында лайықты өмір сүруін және тиісінше әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жағдай жасау міндетінен көрінеді.

      Жасына байланысты еңбекке жарамсыздық – адамның лайықты өмір сүру деңгейін өз бетінше қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылатын әлеуметтік осалдығының объективті жағдайын негіздейді.

      Зейнетақымен қамсыздандыру әлеуметтік қамсыздандыру нысандарының бірі ретінде азаматтарға заңда көзделген тиісті жасқа толған және басқа да жағдайлар басталған кезде зейнетақы төлемдерін беруге бағытталған әлеуметтік, құқықтық және экономикалық шаралар жиынтығын білдіреді және мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаудың басты элементі болып табылады, бұл зейнеткерлік жастағы адамды белгіленген ең төмен деңгейден төмен емес табыспен қамтамасыз ету жөніндегі конституциялық және заңнамалық тұрғыда бекітілген міндеттемені іске асыруға бағытталған. Зейнетақының ең төмен мөлшерін белгілеу зейнеткерлік жастағы адамдарды материалдық күтіп-бағудың ең төмен стандарты ретінде мемлекет кепілдік берген шекті деңгейді айқындауға бағытталған.

      2. Конституцияның 28-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе өзге кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Конституциялық теңдік Негізгі Заң құқықты бекітеді және оған кепілдік береді, ал оны іске асыру тәртібі мен шарттары заңда айқындалады дегенді білдіреді. Бұл ретте заң шығарушы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы актілерді қабылдаған кезде Конституция ережелеріне сәйкес құқық мәніне нұқсан келтіретін және оны іске асыруға мүмкіндік бермейтін шектеулер енгізуге құқылы емес.

      Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы халықаралық актілерде де бекітілген (Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 22-бабы және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (XXI) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 21 қарашадағы № 87 Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің (бұдан әрі – Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт) 9-бабы).

      Құқықтар мен бостандықтар әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды. Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық-құқықтық мәртебесі жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандырылу құқығын толық көлемде иеленуді де көздейді және оны өз бетінше шектеу мүмкіндігіне жол бермейді. Бұл құқықтар мен бостандықтар осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде негіз құраушы болып табылады (Конституцияның 12-бабының 2-тармағы).

      Әрбір азаматтың әлеуметтік қамсыздандырылу құқығын тани отырып, мемлекет осы құқықты қолдануға қатысты "заңда айқындалған және аталған құқықтың табиғатымен үйлесімді" және "демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқатты жақсартуға жәрдемдесу мақсатындағы ғана" деген шектеулердi ғана белгiлей алады (Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 4-бабы).

      Жасына байланысты зейнетақы төлемін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін толық тоқтату, сол сияқты оларды тағайындаудан бас тарту шын мәнісінде жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру құқығының мазмұндық мәніне нұқсан келтіреді және оны азаматтардың едәуір тобының жүзеге асыруына мүмкіндік бермейді.

      Зейнетақы төлемдері тағайындалған елде тұру шарты азаматтардың зейнетақы алу құқықтарын іске асырудың белгіленген тәртібін ретке келтіру мақсатында ескерілуі мүмкін. Алайда бұл шарт Қазақстан Республикасы азаматының зейнетақымен қамсыздандырылу құқығының болуына міндетті шарт ретінде қарастырылмайды.

      Конституциялық Сот Кодекс ережелерін азаматтығы бар елдің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі негізінде ғана Қазақстан Республикасы азаматының бұрын тағайындалған зейнетақы төлемін толық тоқтатуға немесе оны тағайындаудан бас тартуға жол беретін мағынада қолдану азаматтардың құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің көлемінде негізсіз айырмашылықтың болуына, олардың әлеуметтік қамсыздандырудан нақты айырылуына, конституциялық кепілдіктің шынайы мазмұнының жойылуына әкеп соғуы мүмкін екеніне назар аударады.

      3. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі өзінің құқықтық табиғаты бойынша адамның тұрғылықты жеріне емес, дәл осы белгілі бір жасқа толуына және соған қарай әлеуметтік осалдығының туындауына байланысты төленетін төлемдер болып табылады.

      Кодекстің 196-бабының 1-тармағында зейнетақымен қамсыздандыру әлеуметтік құқығы жалпы тұрғыда бекітіліп, зейнетақымен қамсыздандыру құқығын іске асыру үшін елде тұрақты тұру туралы талап түріндегі шарт жалпы сипаттағы нормаға енгізілгендей тұжырымдалған. Кодекстің 196-бабының 3-тармағында осы құқықты іске асырудың тәртібі мен шарттары (төлемдерді тағайындау, тоқтату, тоқтата тұру, қайта бастау мәселелері және тағы басқалар) Кодекстің басқа баптарында айқындалады деп тікелей көрсетіледі.

      Зейнетақымен қамсыздандыру құқығын іске асыру үшін елде тұрақты тұру туралы талап түріндегі шарттың енгізілуіне қатысты Кодекстің 196-бабы 1-тармағының жазылуы заң техникасы қағидаларын бұзып отыр, бұл әлеуметтік қамсыздандыруға, атап айтқанда жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға берілетін конституциялық кепілдіктерге толық көлемде сәйкес келмейтін түрлі түсіндіруге алғышарт туғызып отыр.

      Конституциялық Сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын конституциялық-құқықтық реттеуге азаматтықтың болуы не болмауы маңызды фактор ретінде әсер етеді, бұл адам мен мемлекет арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланысты білдіреді, өзара құқықтары мен міндеттерін айқындайды дегенді негізге алады. Нақ осы азаматтықтың болуы не болмауы азаматтар мен өзге де адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің көлеміндегі айырмашылықты айқындап беруі мүмкін. Конституцияда бұл субъектілер үшін олар пайдалана алатын құқықтар мен бостандықтардың және оларға жүктелетін міндеттердің әртүрлі көлемі белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық-құқықтық мәртебесі олардың заң алдында тең бола отырып, Конституцияда белгіленген құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің барлық кешеніне ие болуын көздейді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін өзге, шектеулі конституциялық-құқықтық мәртебе көзделген: Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл адамдар ел азаматтарына белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысы).

      Қазақстан Республикасы Конституцияның 28-бабының 1-тармағы арқылы Қазақстан азаматтарына нақ жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік бере отырып, осы азаматтар заңда көзделген өзге де өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда тұрақты тұратын жеріне (Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерде екеніне) қарамастан оларға зейнетақымен қамсыздандырылу конституциялық құқығын береді.

      Қазақстан Республикасының азаматтары елден тыс жерге кеткен кезде өз азаматтығын жоғалтпайды, демек, жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қатысты ел азаматтарына берілетін конституциялық құқықтар мен кепілдіктердің барлық көлемі сақталады.

      Ендеше Кодекстің 196-бабы 1-тармағының ережелері негізінде зейнетақымен қамсыздандыру құқығы мәселесін шешкен кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы қосымша талап, егер Конституцияда, заңдарда және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, мемлекетпен азаматтығы тұрғысынан құқықтық байланысы жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

      Конституция нормаларын және Кодекс ережелерін жүйелі түсіндіруді негізге ала отырып, Конституциялық Сот Кодекстің 196-бабы 1-тармағының ережелерінде зейнетақымен қамсыздандыруға заңды құқықтың туындауы үшін ел аумағында міндетті түрде тұру шартының Қазақстан Республикасының азаматтарына белгіленуі көзделмейді деген қорытындыға келіп отыр.

      Конституцияда зейнетақымен қамсыздандыру құқығының болуын азаматтың Қазақстан Республикасының аумағында тұруымен ғана байланыстыратын ережелер қамтылмайды.

      Конституцияның 21-бабының 2-тармағына сәйкес "Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар". Азаматтың еркін жүріп-тұру конституциялық құқығын іске асыруы зейнетақымен қамсыздандырылу конституциялық құқығын шектеуге негіз бола алмайды, өйткені адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтары бір-бірінен ажыратылмайды және олар өзара байланысты; құқықтардың бір санатын дамыту және қорғау мемлекетті басқа санаттағы адамдардың құқықтарын дамыту және қорғау міндетінен босату үшін сылтау немесе ақтау бола алмайды.

      Бұл тұрғыда халықаралық аспект ерекше маңызға ие. Халықтың белсенді түрде көшіп-қонуы жағдайында азаматтығы бар мемлекеттің шегінен тыс жерде тұратын азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру ақылға қонымды және келісілген мемлекетаралық реттеуді талап етеді. Бұл зейнетақы жүйелеріндегі айырмашылықпен және зейнетақы алу құқықтарын беру мәселесінде бірдей тәсілдердің болмауымен байланысты. Тиісті шарттарды жасасу азаматтардың зейнетақы алу құқықтарын іске асыру тетігін белгілеуге: әртүрлі мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің өзара іс-қимыл мәселелерін тиімді шешуге, еңбек өтілінің жылын шығаруға, қосарланған төлемдерді болғызбауға, берілген зейнетақы алу құқықтарын азаматтардың сақтап қалуына мүмкіндік береді.

      Мұндай реттеудегі мақсат – азаматтығы бар елде адамның құқығы болған әлеуметтік қамсыздандыруды жалғастыру, өйткені зейнетақымен қамсыздандыру маңызды (көбінесе жалғыз) кіріс көзі болып табылады. Басқа елге көшкен кезде зейнетақы алу құқықтарының сақталуы адамға өзінің конституциялық құқықтарының шектеліп қалуынан қорықпай, мемлекеттің шегінен тыс жерге еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

      Жоғарыда айтылғандарға байланысты Конституциялық Сот рәсімдік олқылықтарды жою үшін ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттар жасасу қажеттігіне ерекше назар аударады, себебі азаматтың әлеуметтік қамсыздандырылу құқықтарын сақтаудағы маңызды факторлардың бірі – азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тиімді тетігін жасау. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында елдің шегінен тыс жерде тұрақты тұратын азаматтарына зейнетақы төлеу тетігі қамтылмаған, бұл жасасылған халықаралық шарттардың болмауымен бірге тиісті құқық нормаларының дәлме-дәл еместігіне немесе олардың үйлеспеуіне байланысты құқықтық екіұштылық тәуекелін туғызады.

      Заң шығарушы шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарына кепілдік беретін және теріс пайдалануға жол бермейтін, сондай-ақ заңсыз зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік бермейтін құқықтық тетік әзірлеуі қажет.

      Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мақсаты – зейнеткерлік жасқа толған адамдарға, оның ішінде әртүрлі себептерге байланысты еңбек өтілі жоқ немесе аз, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары жоқ адамдарға тиісті материалдық қолдауды қамтамасыз ету. Базалық зейнетақы төлемі зейнеткерлердің өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеуге бағытталған елдің зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады, сондай-ақ олардың негізгі өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік туғызады және мемлекеттің өзінің әлеуметтік функциясын орындауын куәландырады.

      4. Конституциялық Сот 2023 жылғы 27 наурыздағы № 5 нормативтік қаулысында еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығын еңбек жолынан туындайды, ал одан туындайтын төлемдер әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады деп таныды. Осы құқықтық ұстаным жасына байланысты зейнетақыға да қатысты, бұл да адамның еңбек жолымен байланысты.

      Мәселен, жасына байланысты зейнетақы төлемдері Кодексте айқындалған жасқа толған және 1998 жылғы 1 қаңтарға тиісті еңбек өтілі бар адамдарға тағайындалады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтың еңбек өтілінің ұзақтығына және жұмыс істеген кездегі орташа айлық табысының мөлшеріне байланысты.

      Жасына байланысты зейнетақы төлемі құқығы азаматтың бұрынғы еңбек етуінің нәтижесінен туындайды және зейнеткерлік жасқа толған кезде еңбекке жарамсыздығына байланысты табысынан айрылуына өтемақы төлеу түрі болып табылады, бұл осы құқықтың ерекше сипатын алдын ала айқындайды. Аталған төлемді республикалық бюджеттен қаржыландыру бұрынғы еңбекпен және қоғамдық пайдалы қызметпен тапқан табысы секілді оның мәнін өзгертпейді. Ортақ зейнетақы жүйесіне адал ниетпен қатысқан азамат өзінің тұратын жеріне қарамастан, өзіне берілген зейнетақы алу құқықтарының сақталуына және іске асырылуына сенім артуға құқылы, бұл әлеуметтік әділдік, мемлекеттің адалдығы және өз азаматтарының заңды үміттерін қорғау қағидаттарынан туындайды.

      Конституциялық Сот мұндай жағдайларда азаматтың зейнетақы алу құқықтарының сақталуы құқықтық сабақтастық қағидаттары сақталатын жиынтықта мемлекеттің адал болу элементі ретінде қаралуға тиіс екендігіне ерекше назар аударады. Зейнетақы заңнамасы азаматқа ортақ әлеуметтік құқықтық қатынастардың қатысушысы ретінде оның ресми танылған мәртебесінің тұрақтылығына және осы мәртебеге байланысты құқықтардың іске асырылуына сенімді қамтамасыз етуге тиіс. Басқаша көзқарас Негізгі Заңның 39-бабының талаптарына сәйкес келмейді.

      5. Кодекстің 202-бабының 2-тармағында және 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін жүзеге асырудың жалпы кезеңі және алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі анықталған жағдайда олардың тоқтатылуы айқындалады.

      Кодекстің осы ережелерінде алушының елдің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде мұндай талап қойылған адамдарға қатысты ғана заңдық мәнге ие және аталған төлемдердің тоқтатылуына әкеп соғады.

      Мұндай түсінуден Конституциялық Сот Кодекстің 202-бабы 2-тармағының және 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының Конституция ережелеріне сәйкес келмеуін таппады.

      6. Қағидалардың 5-тармағы бесінші бөлігінің дау айтылып отырған ережелері өтініш берушінің заң талаптарына сәйкестігін растау тетігімен байланысты және зейнетақы тағайындауға тыйым салуларды, шектеулерді қамтымайды, осыған байланысты нормативтік құқықтық актіні көрсетіліп отырған бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп тануға негіздер жоқ. Уәкілетті мемлекеттік орган аталған актіге нақтылау сипатында түзетулер енгізуі керек.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 50-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциялық Сот Кодекстің дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын сот ұсынуында көрсетілген Кодекстің 196-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген зейнетақы төлемдеріне қатысты бөлігінде ғана тексерді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Конституцияның 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, Конституциялық заңның 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты өтініш нысанасы шеңберінде

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 196-бабының 1-тармағы төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асырған кезде осы төлемдерді тағайындау үшін заңда белгіленген барлық басқа шарттарға сәйкес келген Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру талабы қойылмайды.

      2. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 202-бабының 2-тармағы және 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, зейнетақы төлемдерін алушының елдің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі мұндай төлемдерді тағайындау кезінде (осы нормативтік қаулының қарар бөлігінің 1-тармағында берілген түсіндірмені ескере отырып) аталған талап қойылатын адамдарға қатысты ғана заңдық мәнге ие және зейнетақы төлемдерінің тоқтатылуына әкеп соғады.

      3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларының 5-тармағының бесінші бөлігі осы нормативтік қаулының қарар бөлігінің 1 және 2-тармақтары ескеріліп, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бастама жасасын.

      Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берілсін.

      5. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      6. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады