"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы 4-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 18 наурыздағы № 77-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініші субъектісі А.С. Шалкарбекованың және оның өкілі – заң консультанты И.Ю. Машинскийдің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілі – Төрағаның бірінші орынбасары Е.К. Жамаубаевтың,

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі – Төраға орынбасары О.Т. Кизатовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық даму саласындағы заңнама департаментінің директоры Б.Б. Байкеновтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ж.С. Тасболатовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бөлім басшысы М.Т. Акимжанованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында А.С. Шалкарбекованың "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 50-бабы 4-тармағының 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы К.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің қолданыстағы құқығына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі – Конституциялық Сот)

анықтады:

      А.С. Шалкарбекова мен жұбайы А.Ж. Шалкарбековтің арасындағы неке Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы шешімімен бұзылған. Кәмелетке толмаған төрт баланың тұрғылықты жері деп олардың анасының тұрғылықты жері айқындалған.

      Өтініш субъектісі неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап қоюды дайындаған кезде жұбайының екінші деңгейдегі банктердегі және өзге де қаржы ұйымдарындағы қаржы жинақтары туралы мәліметтерді ала алмағанын көрсетеді. "Bereke Bank" акционерлік қоғамы, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Kaspi Bank" АҚ банк құпиясына сілтеме жасай отырып, А.Ж. Шалкарбековтің ағымдағы және депозиттік шоттарының бар-жоғы туралы ақпаратты, оның ішінде "QUANTUM" ЖК-дағы бұрынғы жұбайына тиесілі ағымдағы шоттан жасалған аударымдар туралы мәліметтерді, сондай-ақ олар бойынша шот ашылған күннен бастап 2022 жылғы 1 қарашаны қоса алғандағы кезеңдегі ақша қаражатының қозғалысы туралы ақпаратты беруден бас тартқан.

      Алматы қаласының Бостандық аудандық соты 2025 жылғы 17 маусымдағы шешімімен (бұдан әрі – бірінші сатыдағы сот шешімі) А.С. Шалкарбекованың "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ға және "Kaspi Bank" АҚ-ға банктерге жоғарыда көрсетілген ақпаратты беру міндетін жүктеу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан.

      Сот өз шешімінде А.Ж. Шалкарбеков банк құпиясын құрайтын мәліметтердің ашылуына келісім бермеген, сондай-ақ сот мүлікті, атап айтқанда ақша қаражатын бөлу туралы дауды қарамағандықтан, соттың Банктер туралы заңның 50-бабы 6-тармағының б) тармақшасына сәйкес ағымдағы және депозиттік шоттардың бар-жоғы, олар бойынша ақша қозғалысы туралы ақпаратты беру бойынша тиісті міндетті банктерге жүктеуге құқықтық негіздер жоқ деп уәж келтірген.

      Бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым жасалмаған және бұл шешім 2025 жылғы 28 шілдеде заңды күшіне енген.

      Өтініш субъектісі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне өзінің конституциялық құқықтарын іске асыру мүмкіндігінің болмауы Конституцияның 14-бабының 1 және 2-тармақтарында, 26-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында және 27-бабының 1-тармағында көзделген кепілдіктерді бұзуға алып келеді деп санайды. Оның пікірінше, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – НОтК) 30, 32 және 33-баптарының нормаларына сәйкес ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезінде жинаған мүлік олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Өз кезегінде, Банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағы ерлі-зайыптылардың біреуін бірлесіп жинаған қаражат туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігінен іс жүзінде айырып отыр, бұл олардың арасында тең емес жағдай туғызады және әркімнің ортақ мүлік құқығын іске асыруға кедергі келтіреді, осыған байланысты өтініш субъектісі аталған норманың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрайды.

      Дау айтылып отырған норманың конституциялылығын қарап шығып, өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысында "Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және олар Негізгі Заңда тұжырымдалған биік мақсаттар мен базалық қағидаттардан заңды түрде туындайтын Республиканың іргелі конституциялық құндылықтары қатарына жатады" деп атап өткен.

      Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Сот өз шешімдерінде мемлекет адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына Конституцияда және оған сәйкес келетін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген шектерде кепілдік береді және олар осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде негіз болып табылады, сондай-ақ аталған құқықтық ұстаным Қазақстанның қолданыстағы құқығының тұжырымдамалық құрамдас бөлігі болып табылады деп бірнеше рет баса атап өткен болатын (Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8, 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5, Конституциялық Соттың 2025 жылғы 26 ақпандағы № 67-НҚ және басқа да нормативтік қаулылары).

      Аталған конституциялық ережелер кейіннен салалық заңнамада ерлі-зайыптылардың құқықтық мәртебесін бекіту және реттеу үшін неке мен отбасын мемлекеттік қорғаудың әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық негіздерін қалайды.

      Қазақстанның неке-отбасы құқығында ерлі-зайыптылардың өзара мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған ер адам мен әйел арасындағы тең құқықты одақ неке (ерлі-зайыптылық) деп түсіндіріледі (НОтК-тің 1-бабы).

      Заң шығарушы НОтК-тің 2 және 30-баптарында неке-отбасы заңнамасы отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының тең болуы және отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу қағидаттарына негізделеді, бұл ретте ерлі-зайыптылар тең құқықтарға ие болады және тең міндеттер атқарады деп атап көрсетеді.

      Ерлі-зайыптылар құқықтарының тең болуы Конституцияда бекітілген кез келген кемсітуге тыйым салынады (14-баптың 2-тармағы), неке, отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (27-баптың 1-тармағы) дегеннен тікелей туындайды және кез келген мән-жайлар бойынша, оның ішінде жынысы, мәртебесі, отбасындағы рөлі, табыс деңгейі немесе ортақ мүлікке қосқан үлесі бойынша ерлі-зайыптылардың біреуіне екіншісінің алдында артықшылық беруге немесе шектеулер белгілеуге заң тұрғысынан жол берілмейді дегенді білдіреді.

      Отбасындағы теңдік кешенді сипатқа ие және оны ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке теңдік (тек, кәсіп таңдау еркіндігі, бала тәрбиесіне тең қатысу, басыбайлылыққа жол бермеу), мүліктік теңдік (ортақ табыс, өтеусіз салым, ортақ бірлескен меншік), сондай-ақ процестік теңдік түрінде іске асырады. Бұл ретте заң (НОтК-тің 30-бабы) ана мен әкеге, бала тәрбиесі мен біліміне, ерлі-зайыптылардың тұрғылықты жеріне, болатын жеріне қатысты және отбасы өміріндегі басқа да мәселелерді ерлі-зайыптылардың бірлесіп шешуін талап етеді.

      Некені мемлекеттік тіркеген кезден бастап ерлі-зайыптылардың бірлескен мүлікке мүліктік құқықтарының туындауы неке қиюдың маңызды құқықтық салдары болып табылады.

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – АК (Жалпы бөлім) 223-бабына және НОтК-тің 32-бабына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік, егер олардың арасындағы шартта осы мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестiк меншiгi болатыны не олардың біреуіне тиесiлi екені немесе меншiк құқығымен ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиістi бөлiктерде тиесілі екені көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.

      Отбасындағы мүліктік құқықтық қатынастарға азаматтық заңнаманың бірлескен меншік режимін реттейтін нормалары қолданылады.

      Мәселен, АК-нің (Жалпы бөлім) 220-бабына сәйкес бірлескен меншіктегі мүлікке билік ету қатысушылардың қайсысы мүлікке билік ету жөніндегі мәмілені жасағанына қарамастан, қатысушылардың бәрінің келісімімен жүзеге асырылады. Егер барлық қатысушының келісімінен өзге нәрсе туындамаса, бірлескен меншікке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлікке билік ету жөнінде мәміле жасауға құқылы.

      Ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігіне қатысты ұқсас нормалар НОтК-тің 33 және 34-баптарында да белгіленген.

      Ортақ бірлескен меншік ережесі ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлікке, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ табысы есебiнен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiкке, бағалы қағаздарға, пайларға, салымдарға, кредиттік ұйымдардың немесе өзге де ұйымдардың есебіндегі жарғылық капиталдағы үлестерге және отбасында кімнің атына сатып алынғанына не ақша қаражатын ерлi-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде жинаған кез келген басқа да мүлiкке қолданылады.

      Егер неке шартында өзгеше көзделмесе, ортақ мүлікті бөлген кезде ерлі-зайыптылардың үлесі тең деп танылады. Үй шаруашылығын жүргізген немесе бала күтімімен айналысқан және өзінің табысы болмаған жұбайының ортақ мүлікке тең құқығы бар. Ортақ мүлікке билік етуді ерлі-зайыптылар өзара келісіммен жүзеге асырады. Нотариаттың куәландыруы немесе белгіленген тәртіппен тіркеу талап етілетін мәміле, сондай-ақ жылжымайтын мүлік бойынша жасалатын мәміле үшін ерлі-зайыптылардың екіншісінің нотариат куәландырған келісімі қажет болады.

      Сонымен, мүліктік құқықтар ерлі-зайыптыларға азаматтық заңнаманың бірлескен меншік туралы нормалары негізінде де, НОтК ережелеріне байланысты да тең дәрежеде тиесілі болады.

      2. Банктер туралы заңның 50-бабының 1-тармағына сәйкес банк құпиясы құқығы шоттардың бар-жоғы, қаражат қалдығы, операциялар мен салымдар туралы мәліметтерге үшінші тұлғалардың заңсыз қол жеткізуінен қорғауды білдіреді.

      Банк өз клиенттерi мен корреспонденттерiнiң операциялары мен шоттары жөніндегі құпияға, сондай-ақ банктердiң сейф жәшiктерi мен шкафтарында, сондай-ақ үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлiктердiң және Банктер туралы заңның ережелеріне сәйкес банк құпиясын құрайтын өзге де мәліметтердің құпиясына кепiлдiк бередi.

      Банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағына сәйкес банк құпиясы клиентке ғана, шот (мүлік) иесінің жазбаша нысанда берген келісімінің негізінде не шот иесінің сәйкестендіру құралы арқылы кез келген үшінші тұлғаға ашылуы мүмкін. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 223-бабында банк құпиясын құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

      3. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларында конституциялық тұрғыдан қорғалатын жеке өмір құпиясына, банктік салымдар мен жеке жинаған қаражат құпиясына, сондай-ақ меншікке еркін билік ету құқықтары арақатынасының Банктер туралы заңның дау айтылып отырған нормасының Конституцияға сәйкестігіне баға беру үшін елеулі маңызы бар.

      Негізгі Заңның осы нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын зерттей келе, Конституциялық Сот кемсітуге жол бермеу туралы конституциялық нормадан туындайтын ерлі-зайыптылардың тең мәртебесі туралы отбасылық құқық қағидаты ерлі-зайыптлардың әрқайсысының жеке адам ретінде маңызы тең екенін, отбасындағы құқықтары мен міндеттерінің тең көлемін, мүліктік және жеке мүдделерінің тең қорғалуын заңдық тұрғыдан да тануды білдіретінін негізге алады.

      Сонымен бірге, жеке өмірге қол сұғылмау қазіргі заманғы адам құқықтары жүйесінің базалық элементі және жеке бас бостандығының іргелі кепілі болып табылады. Бұл құқық әмбебап сипатқа ие және әлемдегі құқық жүйелерінің көпшілігінде танылған. Жеке өмір – адамның автономды аясы, ол сыртқы араласуға жабық, мұнда адам заңды бұзбай, мінез-құлық ережелерін өзі айқындап, өзінің ішкі сәйкестігін: нанымын, дүниетанымын, эмоционалдық байланыстарын, моральдық бағдарларын, отбасылық қарым-қатынастары мен жеке жоспарларын еркін түрде қалыптастырады.

      Осыған байланысты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12-бабында, 1966 жылғы 16 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 17-бабында, көптеген мемлекеттердің конституциялық нормаларында жеке және отбасылық өмірді, хат-хабар алмасулар, телефон арқылы сөйлесулер және өзге де коммуникациялар құпиясын қорғау бекітіледі. Бұл мемлекеттің осы салаларға заңсыз араласудан аулақ болуға ғана емес, азаматтардың жеке өміріне үшінші тұлғалардың нұқсан келтіруінен құқықтық қорғаудың тиімді тетіктерін құруға да міндетті екенін білдіреді.

      Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы жоғарыда аталған негіз қалаушы актілеріне қосыла отырып, оларды орындау жөнінде міндеттемелерді қабылдап, жалпыадамзаттық құндылықтарға бейілділігін баса көрсетіп, Конституцияның 1 және 12-баптарында адамның құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына ретінде бекітті және мемлекет оларды таниды әрі кепілдік береді, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы соған қарай айқындалады.

      Конституцияның 18-бабының 1-тармағында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқығы бар деп бекітіледі. Қазақстан Республикасының заңнамасы конституциялық ережелерді дамыту үшін жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғаудың құқықтық тетіктерін нақтылайтын және қол сұғу орын алған кезде жауаптылықты көздейтін нақты нормаларды белгілейді.

      Мәселен, АК-нің (Жалпы бөлім) 144-бабында азаматтың жеке өмірі құпиясын, оның ішінде хат-хабар алмасулар, телефон арқылы сөйлесулер, күнделіктер, ескертулер, жазбалар, интимдік өмір, бала асырап алу, туу құпиясын, адвокаттық құпияны, медицина қызметкерінің, банктік салымдар құпиясын және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны қорғау құқығы белгіленіп, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда ғана жеке өмір құпиясын ашуға жол беріледі деп баса атап көрсетіледі.

      Еліміздің кодекстері, атап айтқанда 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (13-бап), 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (15-бап) қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде іске қатысатын адамның абыройын қорлайтын немесе қадір-қасиетін түсіретін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салады, жеке өмір туралы мәліметтерді, сол сияқты адам құпия сақталуы қажет деп есептейтін жеке және іскерлік сипаттағы мәліметтерді жинауға, пайдалануға және таратуға жол бермейді.

      Жеке өмірге қол сұғылмауды және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын, хат-хабар алмасулардың, телефон арқылы сөйлесулердің, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалардың құпиясын бұзу ҚК-нің 147 және 148-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      4. Конституцияның 18-бабының 2-тармағында әркімнің жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиясы болуына құқығы бар деп бекітіледі, бұл құқық заңда тікелей белгіленген жағдайларда және көзделген тәртіппен ғана шектелуі мүмкін.

      Жеке өмірге қол сұғылмау құқығы мен банктік салымдар құпиясы құқығы арасындағы байланыс жүйелі сипатқа ие. Банктік салымдар құпиясы – әркімнің жеке өмірін, атап айтқанда, қаржы саласында қорғау бойынша жалпы құқықты іске асырудың арнайы нысандарының бірі.

      Қазақстан Республикасын қоса алғанда, көптеген мемлекеттердің құқықтық жүйесінде жеке қаржылық ақпарат жеке өмірдің маңызды элементі ретінде қаралады. Бұл үшін мемлекет банктік ақпараттың құпиялылығын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіп, бірмезгілде оны ашудың нақты әрі айқын негіздерін белгілейді.

      Конституциялық бақылау органы бұған дейін "Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағымен кепілдік берілген, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын, салымшының өзі туралы, оған тиесілі ақша" немесе заңды жолмен сатып алынған өзге мүлік, оның ішінде банктік салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жарғылық капиталындағы үлестері және өзге де мүлкі, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы салымшының заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусіз тобы үшін жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын мәліметтердің жария етілмеуіне құқығы деп түсінген жөн деп атап өткен болатын (Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысы).

      Өзінің заңдық табиғаты бойынша бұл нормалар – жеке өмірге қол сұғылмау бойынша жалпы құқықтың анағұрлым нақтыланған кепілдігі. Қаржылық ақпарат қатаң түрде қорғалмаса, жеке өмірге қол сұғылмау құқығы декларативтік сипатта ғана болар еді.

      5. Банктік салымдар құпиясы құқығының ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншікке билік ету құқығын шектейтіні тұрғысынан Конституцияға сәйкестігі мәселесін зерттей келе, Конституциялық Сот осы құқықтардың конституциялық-құқықтық мағынасын, туындау көзін және құқықтық табиғатын негізге алу қажет деп есептейді.

      Негізгі Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды.

      Конституциялық Сот қоғамның толыққанды мүшесі ретінде әрбір адамның Конституцияда тікелей көзделген банктік салымдар құпиясына құқығы адамдардың белгісіз тобына қатысты қолданылады, ал мемлекет және кез келген басқа да субъект бұл құқықты бұзудан аулақ болуға міндетті деп санайды. Ерлі-зайыптылар құқықтарының бұдан айырмашылығы олар нақты құқықтық қатынастар (неке) ішінде ғана болады және ерлі-зайыптылардың біреуінің жалпы қоғамға емес, тек қана күйеуіне/әйеліне бағытталған қарым-қатынастарына ғана қолданылады.

      Ажыратуға болмайтын құқық дегеніміз адамға туылған сәтінен бастап жеке адам ретінде тиесілі болатын құқықтың табиғи сипатын білдіреді, ал ерлі-зайыптылардың құқықтары айыруға жататын және реттелетін құқық болып табылады.

      НОтК-тің 6-бабына сәйкес азаматтар неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын өздеріне тиесілі құқықтарды, оның ішінде осы құқықтарды қорғау құқығын өз қалауы бойынша пайдаланады. Яғни, ерлі-зайыптылар меншіктің заңды режимін шарттық режимге (неке келісімшарты режиміне) өзгерте алады, ерлі-зайыптылардың біреуі табыстағы үлес құқығынан және тағы басқадан ерікті түрде бас тартуы мүмкін. Бұл құқықтар заңмен шектелуі де немесе тоқтатылуы да мүмкін (мысалы, ата-ана құқығынан айыру немесе неке бұзылған кезде бірлескен меншік құқығының тоқтатылуы).

      Жоғарыда атап өтілгендей, адамның Конституцияда көзделген және кепілдік берілген құқықтары әркімге тумысынан жазылады. Олар ең алғашқы құқықтар болып табылады және адамның әлеуметтік немесе қандай да бір басқа мәртебесімен байланысты болмайды. Ерлі-зайыптылардың құқықтары некені мемлекеттік тіркеу актісінің нәтижесінде ғана пайда болатындықтан, олар оң (шарттық) сипатқа ие.

      Демек, Конституцияда белгіленген адам құқықтары – бұл әркімге тумысынан жазылған, ең жоғары заңды құндылық және конституциялық құрылыс негіздерінің бірі болып табылатын, ажыратуға болмайтын негізгі құқықтар, заңдардың мағынасы, мазмұны мен қолданылуы, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының қызметі осыларға қарай айқындалады, ал ерлі-зайыптылардың құқықтары – бұл тек некені мемлекеттік тіркеу фактісінен ғана туындайтын және неке-отбасы заңнамасымен реттелетін, тараптардың өз еркімен немесе сотпен өзгертілуі немесе тоқтатылуы мүмкін өмір жолында пайда болған құқықтар.

      Конституциялық Сот банктік салымдар құпиясы құқығы мен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке бірлесіп және тең билік ету құқығының құқықтық сипатындағы ең басты айырмашылық осы деп пайымдайды.

      Конституцияның 13-бабының 1-тармағымен, 14-бабының 1 және 2-тармақтарымен өзара байланысты болу тұрғысынан қарағанда, Конституцияның 18-бабында кепілдік берілген жеке өмірге қол сұғылмау құқығы мен банк құпиясы құқығы тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге мән-жайларға қарамастан, құқық субъектісі ретіндегі кез келген адамға, оның ішінде некеде тұрған ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі деген шығады.

      Конституцияның 12-бабының 5-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиіс. Аталған норма неке-отбасы қатынастарына да толық қолданылады, өйткені ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзіне заңмен берілген тең құқықтарын іске асырған кезде ерлі-зайыптылардың әрқайсысына жеке-дара тиесілі конституциялық құқықтар мен бостандықтарды бұзбауға тиіс.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот ерлі-зайыптылардың тең болуы ерлі-зайыптылардың әрқайсысының өз құқық субъектілігін, жеке дербестігін және жеке өмірін жоғалтуын көздемейді және әркімге Конституция мен заңдарда белгіленген құпиялылық режимдерінің күшін жоймайды деген тұжырымға келеді. Ерлі-зайыптылардың бірлесіп алған мүлікке тең құқығын кеңейту, оның ішінде осы ұғымға жұбайының банктік салымдарының бар-жоғы және мөлшері туралы тікелей ақпарат алу мүмкіндігін енгізу арқылы кеңейту әр адамның жеке өмірі мен банк құпиясына қол сұғылмау секілді ажыратуға болмайтын жеке-дара құқықтарын некеде болуына байланысты ғана төмен көруді білдіреді және бұл Негізгі Заңның 14-бабы 2-тармағының кез келген кемсітуге жол бермеу туралы нормасына қайшы келеді.

      6. Осы тұста, банктік салымдар құпиясын заңнамалық реттеу жеке және жария мүдделер арасындағы ақылға қонымды теңгерімді көздейтінін атап өткен маңызды.

      Конституциялық Кеңес 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысында банктік салымдар құпиясы құқығын шектеу мүмкіндігіне жол бере отырып, "Конституцияның 39-бабының 3-тармағында баянды етілген, ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтар тізбесіне Конституцияның 18-бабымен көзделген құқықтар енгізілмеген. Демек, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын шектеу заң шығарушының айрықша құзыреті болып табылады" деп атап өткен болатын.

      Конституциялық бақылау органы осы нормативтік қаулысында түсіндіріп өткендей, Конституцияның 18-бабының 2-тармағында көзделген әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиясы құқығын шектеу шегі Конституцияның 18-бабы 2-тармағының, 39-бабы 1 және 3-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес заңмен айқындалуға тиіс.

      Банктер туралы заңның 50-бабында банктік салымдар иесін, ол уәкілеттік берген адамдарды, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды қоспағанда, біреудің банк құпиясына қол жеткізуіне тыйым салынады.

      Алайда, заң шығарушы конституциялық мақсаттарға сәйкес салымдар құпиясы құқығына шектеу қойып тастаған. Банктер туралы заңның сол 50-бабында банк құпиясына өз иесінің және банктің еркінен тыс қол жеткізе алатын тұлғалар мен органдардың шектеулі тізбесі айқындалған, сондай-ақ мұндай қолжетімділік қандай жағдайлар мен мақсаттарда, қашан және неге байланысты берілетіні белгіленген. Мысалы, бұл мемлекеттік кіріс органдарына салықтық әкімшілендіру мақсатында, мемлекеттік органдар мен соттарға, бағалы қағаздар эмитентіне және бағалы қағаздарды ұстаушылардың өкіліне, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға, агент банктерге және басқаларға қатысты.

      Жеке және жария мүдделер арасында теңгерімді қамтамасыз етудің конституциялық маңызды тетігі – сот бақылауы, ол жеке өмірге кез келген араласу қажет және ол заңда белгіленген шектен шықпайды деп кепілдік беруге тиіс.

      Бұл жағдайда заң шығарушының шешімі Конституциялық Кеңестің келесідей ұстанымымен сәйкес келеді: "...заңда осындай шектеулер қойылуына мүмкіндік беретін негіздер болып, олардың толық тізбесі айқындалуға, сондай-ақ жеке салымдар мен жинаған қаражат құпиясын құрайтын мәліметтердің заңсыз түрде жария етілмейтін жағдайларда сұралуын, алынуын және пайдаланылуын қамтамасыз ететін кепілдіктер көзделуге тиіс" (2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулы).

      Конституциялық Сот Банктер туралы заңның дау айтылып отырған нормасының Конституцияның 26 және 27-баптарына қайшы келетін тұстарын таппады. Азаматтық, азаматтық процестік, банк және неке-отбасы заңнамасының нормаларында бір жағынан жеке өмірге қол сұғылмау, банктік салымдар құпиясы және екінші жағынан, ерлі-зайыптылардың құқықтарының, оның ішінде бірлескен меншік құқығын іске асыруда және қорғауда тең болуы арасында теңгерімді қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетік көзделген.

      АК (Жалпы бөлім) нормалары меншік құқығын тану, меншік иесінің мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап етіп алдыру, адал алушыдан мүлікті талап етіп алдыру, адал ниеттi де, ниеті адал емес те иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi талап ету, құқықтардың бұзылуы иелiктен айырумен байланысты болмаса да, кез келген құқық бұзушылықтарды жоюды талап ету секілді меншік құқығын қорғаудың негізгі тәсілдерін (15-тараудың 259267-баптары) айқындап берді.

      АК-нің (Жалпы бөлім) 157, 159 және 162-баптарында дау айтылатын және маңызсыз мәмілелер, мәмілені жарамсыз деп тану негіздері және мұндай танудың салдары, жарамсыз мәмілелер бойынша талап қоюдың ескіру мерзімдері белгіленген.

      1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 954-бабында негізсіз байлықты қайтару туралы талап жарамсыз мәміле бойынша орындалғандарды қайтару, меншік иесінің мүлікті бөгде біреудің заңсыз иеленуінен талап етіп алдыру, зиянды, байыған тұлғаның терiс пиғылынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарға қолданылады.

      Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын қорғауға қатысты неке-отбасы заңнамасымен АК нормалары нақтылана түседі.

      Мәселен, НОтК-тің 34-бабында ортақ мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді ерлі-зайыптылардың екіжақты ортақ келісімімен жүзеге асыруы көзделеді, ерлі-зайыптылардың біреуі жылжымайтын мүлікке билік ету жөнінде мәміле, сондай-ақ нотариаттың куәландыруын және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді талап ететін мәміле жасау үшін екінші жұбайының нотариат куәландырған келісімін алу қажеттігі белгіленеді.

      Аталған мәмiлені жасауға нотариат арқылы куәландырылған келiсiмін бермеген жұбайы осы мәмiленiң жасалғандығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

      Егер некеде тұрған кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен мүлiктiң құнын едәуiр өсірген салыным жасалғаны (күрделi жөндеу, реконструкциялау, қайта жабдықтау және басқалар) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгi деп танылады (НОтК-тің 36-бабы).

      Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез келгенінің талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де келісім жасасу не сот тәртібімен жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесі тең деп танылады (НОтК-тің 3738-баптары).

      2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 73-бабының төртінші бөлігіне сәйкес тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.

      Банктер туралы заңның 50-бабы 6-тармағының б) тармақшасына, 7-тармағының в) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ банктердің сейф жәшіктерінде, шкафтар мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы, заңды тұлғаның және (немесе) құрылымдық бөлімшесінің банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар-жоғы туралы қолда бар мәлiметтер соттарға олардың іс жүргізуінде жатқан iстер бойынша беріледі.

      Демек, Банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағында белгіленген банк құпиясын жария етуге тыйым салу абсолютті болып табылмайды және заңды негіздер мен жағдайлар болған кезде ерлі-зайыптылардың бірі өзінің мүліктік құқықтарын сот тәртібімен қорғаған кезде еңсере алады.

      Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жеке өмір құпиясын және банктік салымдар құпиясын қорғау туралы заңнаманы қолданған кезде туындайтын мәселелер бойынша соттарға сот практикасын түсіндірген кезде "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 62-бабының 2-тармағына сәйкес тікелей қолданылатын және басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың растауын талап етпейтін осы нормативтік қаулыны ескеру керек деп ұсыным жасауды қажет деп санайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, Конституциялық заңның 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 4-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады