2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 4 желтоқсандағы № 76-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі М.А. Сарсембаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурор Аппаратының басшысы А.О. Мухаметжановтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаменті директорының міндетін атқарушы Б.Ж. Бирназаровтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.А. Адылхановтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Э.А. Мухаметжанованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – алқа төрағасының кеңесшісі А.Н. Мухамедьяровтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды, сарапшы – заң ғылымдарының докторы, Astana International University Құқық жоғары мектебінің профессоры А.Н Ахпановты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті. Конституциялық Сот отырысы барысында өтініш беруші ҚПК-нің 161, 162 және 163-баптарын Негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтінішхатын мәлімдеп, бастапқы талаптарын кеңейтті.

      Конституциялық іс жүргізу материалдарынан Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тергеу судьясының қаулысымен өтініш субъектісіне, оның жұбайына және сол кезде күдікті процестік мәртебесінде болған ұлына ортақ меншік құқығымен тиесілі пәтерге тыйым салудың санкцияланғанын түсінуге болады.

      Өтініш субъектісінің пікірінше, өзі дау айтып отырған ҚПК нормалары тергеу судьясының мүлікке тыйым салуды сот отырысын өткізбей, жеке-дара санкциялауына жол бергендіктен, Конституцияда бекітілген әркімнің сотта өз сөзін тыңдату құқығын бұзады.

      Өтініш субъектісінің тыйым салынған мүліктің тең меншік иесі ретінде мүдделерін қозғайтын бөлікте ҚПК-нің қаралып отырған нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Сотта әркім өз сөзін тыңдату құқығы Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылатын сот төрелігі қағидаттарының бірі ретінде бекітіледі және сот арқылы қорғалу құқығымен тікелей байланысты. Осы құқықты сақтау ұлттық және халықаралық құқықта әділ сот төрелігінің ажырамас бөлігі болып табылады.

      Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды (Негізгі Заңның 75-бабының 2-тармағы және 76-бабының 1-тармағы).

      Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (бұдан әрі – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы) 10-бабында бұлайша белгіленген: "Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін, ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар".

      БҰҰ Бас Ассамбелясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (ХХI) резолюциясымен қабылданған, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 1-тармағында сот пен трибунал алдында жұрттың бәрінің теңдігі бекітіледі: "Әрбір адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсіз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы".

      Сот билігін қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асыру тәртібін айқындауды Конституция сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелері (61-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы) бойынша негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдарды қабылдайтын Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне жатқызады.

      Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады және соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды (Конституцияның 26-бабының 1 және 3-тармақтары). Аталған құқықтар ешбір жағдайда да шектелуге тиіс емес құқықтар мен бостандықтардың (Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағы) қатарына жатпайды.

      Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 17-бабында белгіленгендей, әрбір адамның мүлікті жеке өзі де, басқалармен бірлесіп те иеленуге құқығы бар. Ешкім де өз мүлкінен еріксіз айырылмауға тиіс.

      2. Мүлікке тыйым салу өзге де процестік мәжбүрлеу шараларының бірі ретінде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық істер бойынша тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін, үкімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қолданылады (ҚПК-нің 155-бабының бірінші бөлігі, 161-бабы).

      ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша материалдарды сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. ҚПК сот отырыстары міндетті түрде өткізілетін бірқатар мәселелерді айқындайды, сондай-ақ прокурордың немесе қорғаушы тараптың өтінішхаты болған кезде не заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болған жағдайда сот отырысын өткізу мүмкіндігін соттың қарауына қалдырады (56-баптың екінші бөлігінің екінші, үшінші және төртінші абзацтары).

      Тергеу судьясы қызметінің мұндай ұйымдастырушылық-процестік нысаны сот төрелігінің конституциялық үлгісіне қайшы келмейді. Соттың жекелеген процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялауы сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында ең қымбат конституциялық құндылықтарды сақтау мақсатында жүзеге асырылатын және жеке адамның конституциялық құқықтарына кепілдік берудің анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ететін сот бақылауын білдіреді. Қандай да бір мәселелерді әртүрлі сот ісін жүргізу нысандарында жеке-дара қарай отырып, судья сот билігін де жүзеге асырады (Конституциялық Соттың 2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ нормативтік қаулысы).

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) бұған дейін Конституциядан соттар мен қылмыстық қудалау органдарының өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын іс-әрекеттері мен шешімдеріне әркімнің сот тәртібімен шағым жасауға құқылы екені шығады деп түсіндіріп, осы құқықты қылмыстық процесс сатыларының әрбірінде іске асырудың процестік тетіктері заңмен белгіленеді деп нақтылап өткен болатын (2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулы).

      Конституциялық Соттың пікірінше, Конституцияда бекітілген сотта өз сөзін тыңдату құқығы кылмыстық сот ісін жүргізуде қорытынды сот шешімі шығарылумен аяқталатын басты сот талқылауы шеңберіндегі процесс қатысушыларына ғана емес, сонымен бірге әрбір адамға, егер тергеу соты қабылдайтын шешімдер оның құқықтарын қозғаса, процестік мәртебесіне қарамастан қолданылады.

      Тергеу судьясы сот отырысын өткізбей шешім қабылдайтын жағдайларда, сотта өз сөзін тыңдату құқығына заңда мүдделі адамды қабылданған сот актісі туралы хабардар етудің және оған шағым жасау мүмкіндігін берудің тиімді тетігін белгілеу арқылы кепілдік берілуге тиіс.

      3. ҚПК-нің 161163-баптарында мүлікке тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану рәсімі регламенттелген.

      Аталған қамтамасыз ету шарасы адамды мүлкінен айыруға әкеп соқпаса да, меншік иесінің құқықтарын айтарлықтай шектейді. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады (ҚПК-нің 161-бабының екінші бөлігі).

      Конституциялық Сот осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану рәсімі сотта өз сөзін тыңдату құқығын және сот актісіне шағым жасау құқығын қоса алғанда, әркімнің әділ сот талқылауына құқығын бұзбауға тиіс деп есептейді.

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысында былай деп атап өтті: Негізгі Заң заңды түрде иемденілген мүліктің ғана меншік құқығына кепілдік береді. Конституциялық кепілдіктер заңдарда белгіленген негіздер мен рәсімдерді бұза отырып иемденілген мүліктік игіліктерге, сондай-ақ оларды пайдаланудан алынған түсімдерге қолданылмайды.

      Конституциялық бақылау органы да бұған дейін сот заңға сәйкес әрбір тең меншік иесінің құқықтары мен заңды мүдделері барынша тиімді қорғалуы үшін жағдайлар жасауға міндетті деп көрсетті (Конституциялық Кеңестің 2014 жылғы 11 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы).

      Конституциялық Сот қаралып отырған қылмыстық-процестік нормаларда мүлікке тыйым салуды қолдану мақсаты – үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету деп айқындалғанына назар аударады.

      Осы негізге алына отырып, ҚПК-де мүлкіне тыйым салынуы мүмкін субъектілердің толық тізбесі анықталған:

      1) күдікті, айыпталушы немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалар;

      2) егер өздеріндегі мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық қаруы немесе құралы ретінде не экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған немесе пайдалануға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, басқа тұлғалар.

      Күдіктінің (айыпталушының, сондай-ақ ҚПК-де тікелей аталған өзге де тұлғаның) мүлкіне тыйым салу рәсімін регламенттеу қылмыстық қудалаудың тиімділігін, жәбірленушілердің және (немесе) мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды, заттай дәлелдеме болып табылатын мүліктің сақталуын, сондай-ақ айыптау үкімінің ықтимал орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

      ҚПК мүлікке тыйым салу рәсімін сот отырысын өткізу міндетті болып табылатын жағдайларға жатқызбайды. Заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болған жағдайда, сот отырысын өткізу мәселесі ҚПК-де тергеу судьясының құзыретіне жатқызылған (56-баптың екінші бөлігінің екінші абзацы).

      Конституциялық Сот мүліктің екі немесе одан көп адамның меншігінде болуы заңды және негізді шешім қабылдау үшін едәуір маңызы бар елеулі мән-жай және, тиісінше, мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қараған кезде сот отырысында осы мәселені зерттеуге негіз болып табылады деп есептейді.

      Конституциялық Сот ҚПК тең меншік иесінің мүлкіне, егер осы мүлік күдіктінің (айыпталушының) құқыққа қайшы қызметімен байланысты деуге негіздер болмаса, сондай-ақ егер тең меншік иесі басқа тұлғалардың қылмыстық құқық бұзушылығынан немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетінен келтірілген зиян үшін заң бойынша материалдық жауапты болмаса, тыйым салу мүмкіндігіне жол бермейді деп те көрсетеді.

      4. Конституциялық Сот мүлікке тыйым салу рәсімін реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдірген кезде ортақ меншіктегі мүліктің тең меншік иелерінің заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін шаралар көзделу қажет деп санайды. Мүлікке тыйым салу сот рәсіміне тең меншік иелерінің қатысуының нақты, дәйекті және қолжетімді тетіктерін белгілеу маңызды.

      Конституциялық Сотқа жүгінуге себеп болған жағдай көрсетіп отырғандай, күдіктіге ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлікке тыйым салынған кезде ҚПК-нің қаралып отырған нормаларын қолдану практикасы басқа тең меншік иелерінің конституциялық құқықтарының бұзылу тәуекелдерін туғызуы мүмкін.

      Мүлікке тыйым салу, оның ішінде қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың осы рәсімге байланысты әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау мәселелерін регламенттейтін ҚПК ережелерінде қылмыстық процеске қатысушы болып табылмайтын тең меншік иелерінің мүліктік құқықтарын қорғаудың жүйелі процестік құралдары қамтылмаған. ҚПК-де өзінің құқықтық жағдайы үзік-үзік және дәйекті түрде жеткіліксіз регламенттелуіне байланысты мұндай адамдардың процестік мәртебесі нақты айқындалмаған және олар мүлікке тыйым салу мәселесін қараудың барлық сатысында сотқа өз ұстанымын айту мүмкіндігінен шын мәнінде айырылған.

      Конституциялық Сот ҚПК-нің 163-бабы жетінші бөлігі екінші абзацының қисынсыз тұжырымдалуына назар аударады, бұл мүлікке билік етуге уақытша шектеудің қолданылуын тергеу судьясының мүлікке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жалғастыру мүмкіндігіне жол береді. Мүлікке билік етуге шектеуді алып тастауды осылайша белгілі бір уақытқа кейінге қалдыру да құқықтық екіұштылық туғызуы мүмкін, өйткені ҚПК-нің 161-бабының оныншы бөлігіне сәйкес қаржы ұйымдары мен мүлікті және (немесе) мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті органдар, егер оларға тергеу сотының мүлікке тыйым салуды санкциялауы туралы қаулы уақтылы келіп түспесе, мүлікке билік етуге уақытша шектеуді, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауды тоқтата тұруды өз бетінше алып тастауға міндетті.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының ережелері екі немесе одан көп адамның меншігіндегі мүлікке тыйым салу рәсімін жүзеге асыру үшін қолданылған кезде олар төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      1) қаралып отырған қылмыстық-процестік нормалар үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ғана мүлікке тыйым салуды қолдану мүмкіндігіне жол береді;

      2) сотқа келіп түскен материалдарда ортақ меншік құқығындағы мүліктің күдікті (айыпталушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде тікелей аталған өзге де тұлға) деп танылмаған адамға тиесілігі туралы мәліметтердің болуы заңды және негізді шешім қабылдау үшін едәуір маңызы бар елеулі мән-жай және, тиісінше, сот отырысында тең меншік иесіне сотқа өз ұстанымын айту мүмкіндігін бере отырып, осындай мүлікке тыйым салуды қолдану мәселесін зерттеуге негіз болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады