Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 441 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы
келісім
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" немесе жеке-жеке "Тарап" деп аталатындар)
Тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін, атап айтқанда, теңдік және өзара тиімділік қағидаттары негізінде бір мемлекет инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып;
инвестициялардың тұрақты дамуға қоса алатын маңызды үлесін мойындап және Тараптардың аумақтарында осындай инвестицияларды ілгерілетуге және оларға жәрдемдесуге ұмтыла отырып;
мұндай инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау іскерлік бастаманы ынталандыра, капитал мен технологияның ағынына ықпал ете алатынын, сондай-ақ екі мемлекетте де экономикалық дамуды және өркендеуді жеделдете алатынын мойындап;
заңды саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін Тараптардың өз аумақтарында инвестицияларға қатысты шараларды реттеу және жаңа шаралар енгізу құқығын растап,
төмендегілер туралы уағдаласты:
I тарау
Анықтамалар және қолданылу аясы
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
"Кәсіпорын" – корпорацияны, трастты, серіктестікті, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты немесе осындай кәсіпорынның ұқсас ұйымы мен филиалын қоса алғанда, Тарап мемлекетінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, жеке немесе мемлекеттік меншікте немесе басқаруда екеніне қарамастан, қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан және өзінің негізгі коммерциялық қызметін жүзеге асыратын кез келген заңды тұлғаны білдіреді.
Неғұрлым айқын болу үшін, кәсіпорын:
a) егер инвестор өзінің акционерлік капиталының 50 (елу) пайызынан астамының бенефициар иесі болып табылса, инвестордың "меншігінде" болады; және
b) егер инвесторда директорлардың көпшілігін тағайындау немесе әрекеттер мен шешімдерді өзгеше түрде заңды басқару өкілеттігі болса, инвестордың "басқаруында" болады;
"Еркін пайдаланылатын валюта" Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің Баптарына және оларға енгізілген кез келген түзетулерге сәйкес Халықаралық валюта қоры айқындаған ұғымды білдіреді;
"ИДРХО" Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықты білдіреді;
ИДРХО-ның "Қосымша тетік қағидалары" 2006 жылғы 10 сәуірде күшіне енген түзетулермен Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі Халықаралық орталық Хатшылығының талқылау процесін жүргізуіне арналған қосымша тетікті реттейтін қағидаларды білдіреді;
"ИДРХО-ның Төрелік регламенті" 2006 жылғы 10 сәуірде күшіне енген түзетулермен төрелік талқылау регламентін (Төрелік регламентін) білдіреді;
"ИДРХО Конвенциясы" 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда жасалған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияны білдіреді;
"Инвестициялар" – бұл инвестордың меншігіндегі немесе тікелей немесе жанама бақылауындағы және капитал салу, пайданы немесе кірісті күту, тәуекелді қабылдау, белгілі бір мерзім және тұрақты дамуға үлес қосу сияқты инвестициялық сипаттамаларға ие активтердің кез келген түрі. Инвестициялар қабылдай алатын нысандар мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
a) акциялар, пайлар және олардан туындайтын құқықтарды қоса алғанда, кәсіпорындағы үлескерлік қатысудың басқа да нысандары;
b) бір Тарап екінші Тарапқа берген қарызды қоспағанда, облигациялар, борыштық міндеттемелер мен қарыздар және олардан туындайтын құқықтарды қоса алғанда, басқа борыштық құралдар;
Осы Келісімнің мақсаттары үшін осы баптың (b) тармақшасында сипатталған "қарыздар және басқа да борыштық құралдар" және осы баптың (d) тармақшасында сипатталған "ақшалай талаптар немесе кез келген шарттық міндеттемелерді орындауға қойылатын талаптар" коммерциялық қызметке байланысты активтерді білдіреді және қандай да бір коммерциялық қызметпен байланысы жоқ жеке сипаттағы активтерді білдірмейді.
Бір Тараптың екінші Тарапқа берген қарызы инвестиция болып табылмайды.
c) құрылысқа, басқаруға, өндіріске, концессияларға арналған, кірістерді бөлу туралы "толық бітіріп берілетін" келісімшарттар және басқа да осыған ұқсас келісімшарттар;
d) коммерцияға байланысты және келісімшартқа сәйкес экономикалық құндылықты білдіретін ақшалай талаптар немесе шарттық міндеттемелерді кез келген орындауға қойылатын талаптар;
e) инвестиция орналасқан Тараптың заңдары мен нормативтік актілеріне сәйкес берілетін зияткерлік меншік құқықтары;
f) табиғи ресурстарды барлауға, игеруге, өндіруге немесе пайдалануға арналған кез келген концессияларды қоса алғанда, қолданыстағы жергілікті заңнамаға сәйкес берілетін лицензиялар, кіру рұқсаттары, рұқсаттар және осыған ұқсас құқықтар;
Лицензияның, кіру рұқсатының, рұқсаттың немесе осыған ұқсас құралдың (осындай құралдың сипатына ие болған шамада концессияны қоса алғанда) сол немесе өзге түрінің инвестиция сипаттамаларына ие болуы-болмауы, лицензия ұстаушы Тарап заңнамасына сәйкес иеленетін құқықтардың сипаты мен көлемі сияқты факторларға байланысты болады. Инвестиция сипаттамаларына ие емес осындай құралдардың қатарына Тараптың заңнамасымен қорғалатын ешқандай құқықтарды көздемейтін құралдар жатады. Неғұрлым айқын болу үшін, жоғарыда айтылғандар осындай құралдарға байланысты қандай да бір активтің инвестиция сипаттамаларына ие болуына-болмауына әсер етпейді.
g) кез келген басқа материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік және соған байланысты ипотека, ұстап қалу құқығы және кепіл сияқты меншік құқықтары.
Неғұрлым айқын болу үшін, егер актив инвестиция сипаттамаларына ие болмаса, онда мұндай актив нысанына қарамастан инвестиция болып табылмайды.
"Инвестиция" термині сот немесе әкімшілік талқылау барысында шығарылған бұйрықты немесе шешімді немесе төрелік талқылау барысында қабылданған төрелік шешімді қамтымайды.
"Инвестиция" терминін айқындау мақсатында инвестицияланатын кірістер инвестициялар ретінде қаралады және активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысандардың кез келген өзгеруі олардың инвестиция ретіндегі сипатына әсер етпейді.
"Инвестор" қабылдаушы мемлекетке инвестициялар салуды жүзеге асырған:
a) Тараптың кәсіпорнын; немесе
b) кез келген Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын жеке тұлғаны білдіреді;
"Жергілікті кәсіпорын" бір Тарап инвесторының меншігінде және басқаруында болып, екінші Тараптың аумағында құрылған кәсіпорынды білдіреді;
"Шара" Тараптың заң, қаулы, қағида, рәсім, шешім, әкімшілік әрекет нысанындағы немесе кез келген басқа нысандағы кез келген шарасын білдіреді және:
a) орталық, өңірлік немесе жергілікті үкімет және мемлекеттік билік органдарын; және
b) орталық, өңірлік немесе жергілікті үкімет немесе мемлекеттік билік органдары берген өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес органдар қабылдайтын шараларды қамтиды;
"Ұлттық заңнама" Тараптар мемлекеттерінің заңдарын, қаулыларын, қағидаларын, рәсімдерін білдіреді.
"Нью-Йорк конвенциясы" 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияны білдіреді.
"Кіріс" алынған кез келген пайданы, пайыздарды, капитал өсімін, дивидендтерді, роялтиді немесе комиссияларды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмейтін, инвестициялар нәтижесінде алынған соманы білдіреді;
"Аумақ":
a) Қазақстан Республикасына қатысты – Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқығына сәйкес юрисдикцияны қолданылатын жерді, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі Қазақстан Республикасының аумағын; және
b) Индонезия Республикасына қатысты – құрлықтағы аумақтарды, ішкі суларды, архипелаг суларын, теңіз түбін және оның жер қойнауын қоса алғанда, аумақтық теңізді және осындай аумақтар мен сулардың үстіндегі әуе кеңістігін, сондай-ақ Индонезия өзінің заңдарында айқындағандай және 1982 жылғы 10 желтоқсанда Монтего-Бейде жасалған Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясын қоса алғанда, халықаралық құқыққа сәйкес егемендікке, егемен құқықтарға немесе юрисдикцияға ие болатын іргелес аймақты, континенттік қайраңды және айрықша экономикалық аймақты білдіреді;
"ЮНСИТРАЛ Төрелік регламенті" 1976 жылғы 15 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының Төрелік регламентін білдіреді және
"ДСҰ келісімі" 1994 жылы 15 сәуірде Марракеште жасалған Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімін білдіреді.
1. Осы Келісім бір Тараптың инвесторлары екінші Тараптың аумағында жүзеге асырған, осы Келісім күшіне енген күні бар не кейіннен жүзеге асырылған, сатып алынған немесе кеңейтілген және қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай деп танылған және егер қолданылатын болса, қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы тиісті жағдайларда арнайы мақұлдаған барлық инвестицияға қолданылады.
Егер Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес инвестициялар үшін жазбаша нысанда арнаулы рұқсат талап етілсе, онда бұл Тарап өтінімді қарау кезінде ашықтықты, әділдікті және тиімділікті қамтамасыз ету үшін барлық орынды шараны қабылдайды. Бұл шаралар:
a) осы Тараптың құзыретті органы және оның бекіту процестері туралы ақпараттың жариялануын немесе өзгеше түрде берілуін қамтамасыз етуді;
b) бекітуге өтінім жазбаша нысанда берілген жағдайда өтінім берушіні кез келген талап етілетін қосымша ақпарат туралы және өтінімді қарау нәтижелері туралы жазбаша нысанда хабардар етуді және
c) өтінім қабылданбаған жағдайда, өтінім берушіні бас тарту себептері туралы жазбаша нысанда хабардар етуді қамтиды. Егер өтінім қабылданбаса, өтінім берушіге өтінім берушінің қалауы бойынша жаңа өтінім беру мүмкіндігі беріледі.
2. Осы Келісімнің ережелері болған оқиғалардан туындайтын кінәрат-талаптарға немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін берілген кінәрат-талаптарға қолданылмайды.
Неғұрлым айқын болу үшін, осы Келісім Тарапты күшіне енген күнге дейін орын алған әрекетке немесе фактiге немесе болып кеткен жағдайға қатысты осы Тарап үшін міндеттемелер жүктемейді.
3. Осы Келісім:
a) Үкіметтің қолдауымен берілетін қарыздарды, кепілдіктерді және сақтандыруды қоса алғанда, Тарап ұсынатын субсидияларға немесе гранттарға, немесе осындай субсидиялар немесе гранттар тек Тараптың инвесторларына немесе Тарап инвесторларының инвестицияларына ғана ұсынылатынына-ұсынылмайтынына қарамастан, осындай субсидияларды немесе гранттарды алуға немесе үздіксіз алуға байланысты кез келген шарттарға;
b) мемлекеттік сатып алуларға;
c) мемлекеттік өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде ұсынылатын қызметтерге;
d) салық салу мәселелеріне қолданылмайды;
Неғұрлым түсінікті болу үшін:
(i) Осы Келісімдегі ешнәрсе Тараптардың кез келген салық конвенциясы шеңберіндегі құқықтары мен міндеттерін қозғамайды Осы Келісім мен кез келген осындай салық конвенциясы арасында кез келген алшақтық болған жағдайда, бұл конвенция мұндай сәйкессіздік бөлігінде басым күшке ие болады. Тараптар арасында салық конвенциясы жасалған жағдайда осы конвенцияға сәйкес құзыретті органдар осы келісім мен бұл конвенция арасында қандай да бір алшақтықтың бар-жоғын айқындау үшін айрықша жауапкершілікте болады;
(ii) салық конвенциясы Қазақстан немесе Индонезия қатысушысы болып табылатын қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияны немесе басқа халықаралық салық келісімін немесе уағдаластықты білдіреді және
e) тек қана мыналардан:
(i) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатуға арналған коммерциялық келісімшарттардан, осындай келісімшарттарды ішкі қаржыландырудан немесе
(ii) осындай коммерциялық келісімшарттарға байланысты қарыз беруден туындайтын ақшалай талаптарға қолданылмайды.
II тарау
Қорғау
1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тараптың инвестициялары мен инвесторларына осы бапқа сәйкес олардың инвестицияларына қатысты әділ және тең құқықты режим мен толық қорғау және қауіпсіздік ұсынады.
2. Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген әділ және тең құқықты режимді ұсыну туралы міндеттемені мыналарды:
a) қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот төрелігінен бас тартуды;
b) сот және әкімшілік рәсімдердегі тиісті құқықтық рәсімді түбегейлі елемеуді, оның ішінде ашықтықты елеулі түрде бұзуды;
c) айқын жөнсіздікті;
d) жынысы, нәсілі немесе діни сенімі сияқты анық құқыққа қайшы негіздерге байланысты мақсатты кемсітушілікті немесе
e) қысым көрсету, мәжбүрлеу, билікті асыра пайдалану немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттері сияқты құқыққа сыйымсыз қатынасты білдіретін шаралар немесе шаралар сериясы арқылы бұзады.
3. Тараптар Тараптың сұрау салуы бойынша осы Келісімнің 45-бабында (Күшіне енуі, Мерзімі және Қолданылу мерзімінің тоқтатылуы) баяндалған түзетулер енгізу рәсіміне сәйкес әділ және тең құқықты режимді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеменің мазмұнын атап айтқанда, осы баптың 2-тармағында санамаланғаннан өзгеше режим әділ және тең құқықты режимді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзуды білдіруі-білдірмеуіне де қатысты қайта қарайды.
4. Толық қорғау мен қауіпсіздік әрбір Тараптан инвестицияларды қорғауды және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды түрде қажет болуы мүмкін шараларды қабылдауды талап етеді.
5. Тараптың инвестор үмітіне сәйкес келмейтін әрекеттерді жасау немесе жасамау фактісінің өзі, егер тіпті инвестиция салу нәтижесінде залал немесе шығын келтірілсе де, осы бапты бұзу болып табылмайды.
6. Осы Келісімнің басқа ережесін немесе кез келген басқа халықаралық келісімді бұзу фактісін анықтау осы баптың бұзылуы орын алғанын білдірмейді.
1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен инвестицияларына инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, қолдануға, сатуға немесе өзге де билік етуге қатысты осыған ұқсас мән-жайларда өз аумағындағы өзінің инвесторлары мен инвестицияларына ұсынатын режимінен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
Неғұрлым айқындылық үшін, егер шетелдік инвесторлар өз инвестицияларын тіркеген күні немесе тіркеу кезінде осы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес болашақта олардың инвестициялары иеліктен шығарылатыны туралы хабардар болса, осы бап Тараптың нақты секторлардағы инвестицияларды иеліктен шығаруға байланысты кез келген шараларына қолданылмайды.
2. "Ұқсас мән-жайлардағы" режимнің ұсынылуы мән-жайлардың жиынтығына байланысты болады. Мұндай мән-жайлар тиісті режимде қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттары негізінде инвестициялар арасындағы айырма жүргізілетін немесе жүргізілмейтінін, сондай-ақ бұл өзекті болған жағдайда тиісті экономикалық немесе іскерлік секторлардағы бәсекелестік пен қолданылатын нормативтік-құқықтық базаны қамтиды.
Неғұрлым айқын болу үшін, осы Келісімнің 4-бабына (Ұлттық режим) және 5-бабына (Барынша қолайлылық режимі) сәйкес "ұқсас мән-жайлардағы" режимнің ұсынылуы-ұсынылмауы мән-жайлардың жиынтығына, оның ішінде тиісті режимде қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттары негізінде инвестициялар арасындағы айырма жүргізілетіне немесе жүргізілмейтініне де байланысты.
1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тараптың инвесторлары мен инвестицияларына инвестицияларды басқаруға, ұстауға, қолдануға, жүргізуге, пайдалануға, сатуға, өткізуге немесе өзге де билік етуге қатысты осыған ұқсас мән-жайларда Тарап болып табылмайтын өз аумағындағы кез келген елдің инвесторлары мен инвестицияларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Осы баптың ережелері Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына мыналардан:
a) кез келген қолданыстағы немесе болашақ кеден одағынан, еркін сауда аймағынан, еркін сауда туралы уағдаластықтан, ортақ нарықтан, валюталық одақтан немесе осыған ұқсас халықаралық келісімнен немесе кез келген Тарап қатысушысы болып табылатын немесе бола алатын өңірлік ынтымақтастықтың немесе өңірлік экономикалық қоғамдастықтың басқа нысанынан; немесе осындай одақтың, аумақтың немесе келісімнің қалыптасуына немесе кеңеюіне алып келетін келісімге қабылдаудан;
b) осы келісімдерді кейіннен кез келген қайта қарауды немесе оларға түзетулерді қоса алғанда, осы Келісім күшіне енгенге дейін дәйектелген, қол қойылған немесе күшіне енген кез келген қолданыстағы екіжақты инвестициялық (сондай-ақ әдетте "инвестициялық кепілдіктер туралы келісімдер", "инвестицияларды ынталандыру және қорғау туралы келісімдер" немесе "халықаралық инвестициялық келісімдер" деп аталатын) келісімдерден;
Неғұрлым айқын болу үшін, "екіжақты инвестициялық келісімдер" осы келісімдерді кейіннен кез келген қайта қарауды немесе оларға түзетулерді қамтиды;
c) Тарап болып табылмайтын тұлғамен немесе сол географиялық өңірдегі тараптармен жасалған, нақты жобалар шеңберінде экономикалық, әлеуметтік, еңбек, өнеркәсіптік немесе валюталық салалардағы өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге бағытталған, кез келген уағдаластықтан немесе
d) қолданыстағы немесе болашақтағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерден немесе кез келген басқа да салық конвенцияларынан туындайтын кез келген режимнің, преференциялардың немесе артықшылықтардың басымдығын қолдануды міндеттейтін ережелер ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
3. Неғұрлым айқын болу үшін осы баптың 1 және 2-тармақтары басқа халықаралық келісімдердегі дауларды реттеу жөніндегі халықаралық рәсімдерге немесе тетіктерге қолданылмауға тиіс және инвесторларға осы Келісімнің III тарауының (Дауларды реттеу) I-бөлімінде (Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу) баяндалғандардан өзгеше дауларды реттеу рәсімдерін немесе тетіктерін ұсынатындай түсіндірілмеуге тиіс.
4. Неғұрлым айқын болу үшін, басқа да халықаралық инвестициялық шарттар немесе басқа сауда келісімдері бойынша негізгі міндеттемелер өздігінен "режимді" білдірмейді және осылайша Тарап мұндай міндеттемелерге сәйкес ешқандай шаралар қабылдамаған немесе қолдамаған жағдайда осы баптың бұзылуына алып келмейді.
1. Тараптардың ешқайсысы инвестицияларды экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алуға баламалы салдар бар шаралар:
a) қоғамдық мақсат үшін;
b) кемсітпеушіліксіз түрінде;
c) уақытылы, мөлшерлес және тиімді өтемақы төленген жағдайда және
d) тиісті құқықтық рәсімге сәйкес жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, осындай шаралар арқылы тікелей немесе жанама түрде мемлекет меншігіне алмайды және экспроприацияламайды.
2. Осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында көрсетілген өтемақы:
a) негізсіз кешіктірілмей төленуге тиіс. Тараптар төлем жүзеге асырылғанға дейін сақталуға тиіс заңды және әкімшілік рәсімдер болуы мүмкін екенін түсінеді;
b) экспроприацияланған инвестицияның экспроприация алдындағы немесе қайсысы ертерек болатынына байланысты, алдағы экспроприация туралы жұртшылыққа белгілі болғанға дейінгі немесе экспроприация кезіндегі әділ нарықтық құнына баламалы болуға тиіс;
c) болжалды экспроприация туралы бұрын белгілі болғандығына байланысты құндағы қандай да бір өзгерістерді көрсетпеуге тиіс;
d) осы Келісімнің 8-бабына (Төлемдері) сәйкес Тараптардың аумақтары арасында тиімді іске асырылуға, еркін пайдаланылуға және еркін берілуге тиіс.
3. Кез келген экспроприациялау немесе бағалау шарасы қатысы бар инвесторлардың сұрау салуы бойынша шаралар қабылдайтын Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен оның соты немесе өзге де тәуелсіз органы қарауы мүмкін.
4. Осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында аталған өтемақы сомасы тиісті пайыздарды қамтуға тиіс. Кез келген есептелген пайыздарды қоса алғанда, өтемақы экспроприациялаушы Тараптың валютасымен не инвестордың сұрау салуы бойынша еркін пайдаланылатын валютамен төленеді.
5. Егер инвестор төлемді еркін қолданыстағы валютамен сұратса, кез келген есептелген пайыздарды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында көрсетілген өтемақы төлем күні қолданыста болатын нарықтық айырбас бағамы бойынша төлем валютасына айырбасталады.
6. Осы бап ТРИПС келісіміне сәйкес зияткерлік меншік құқықтарына қатысты ұсынылған мәжбүрлі лицензияларды беруге, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын беру, кері қайтарып алу, шектеу немесе құру ДСҰ Келісіміне келген 1С-қосымшадағы ТРИПС келісіміне сәйкес келетін шамада кері қайтарып алуға, шектеуге немесе құруға қолданылмайды. Неғұрлым айқын болу үшін Тараптар осы баптың мақсаттары үшін зияткерлік меншік құқықтарын "кері қайтарып алу" термині осы құқықтардың күшін жоюды, ал зияткерлік меншік құқықтарын "шектеу" термині осы құқықтардан алып тастауды қамтитынын мойындайды.
7. Қоғамдық денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоршаған орта сияқты қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттарын қорғау үшін әзірленген және қолданылатын құқықтық кемсітпеушілік шаралары экспроприация болып табылмайды.
8. Осы бап Осы Келісімнің I (Экспроприация) қосымшасына сәйкес түсіндірілуге тиіс.
1. Екінші Тараптың аумағындағы соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыс, азаматтық толқулар, төтенше жағдай, көтеріліс, бүлік, бүліншілік немесе басқа да осыған ұқсас жағдайлар нәтижесінде инвестицияларға байланысты шығын шеккен Тараптың инвесторларына екінші Тарап мемлекеті тарапынан реституцияға, шығындарды өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеу шараларына қатысты қолайлылығы кем емес режим ұсынатын болады. Алынған кез келген өтемақы еркін пайдаланылатын валютамен төленуге тиіс және осы Келісімнің 8-бабына (Төлемдер) сәйкес еркін аударыла алады.
2. Осы баптың 1-тармағына қарамастан, егер Тараптың инвесторы осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда осы Тараптың аумағында:
a) инвестордан екінші Тараптың күшімен немесе билік органдары инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін реквизициялауы немесе
b) жағдайдың қажеттілігі талап етілмегенде инвестордың инвестицияларын немесе осындай инвестицияларының бір бөлігін екінші Тараптың күштері немесе билік органдары жоюы нәтижесінде шығынға ұшыраса, екінші Тарап инвесторға осындай шығындар үшін осы Келісімнің 6-бабына (Экспроприация және өтемақы) сәйкес мән-жайларға байланысты реституция, өтемақы немесе екеуін де ұсынуға тиіс.
1. Осы Келісімнің 9-бабында (Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер) көзделген жағдайларды қоспағанда, аумағында екінші Тараптың инвесторлары инвестиция салған әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық салықтық және өзге де міндеттемелер орындалғаннан кейін екінші Тараптың инвесторларына өз аумағына немесе одан тыс жерге инвестицияларға қатысты кез-келген аударымдар мен төлемдер жасауға рұқсат береді. Мұндай төлемдер мен аударымдар:
a) капиталға салымдарды;
b) кірістерді;
c) инвестицияларды ішінара немесе толық сатудан түскен кірістерді, инвестицияларды ішінара немесе толық жоюдан түскен кірістерді;
d)қарыз туралы келісімдерді қоса алғанда, шарттарға сәйкес төлемдер;
e) шетелде жалданған және инвесторлардың инвестициялары салынған Тараптың аумағында жұмыс істейтін персоналдың жалақысы мен басқа да сыйақыларын және
f) осы Келісімнің 6-бабына (Экспроприация және өтемақы), 7-бабына (Шығындар үшін төленетін өтемақы) және III тараудың (Дауларды реттеу) 1-бөліміндегі (Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу) баптарға сәйкес төлемдерді де қамтиды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған аударымдар мен төлемдер аударым не төлем жасалған күнгі нарықтық валюталық бағамға сәйкес еркін қолданыстағы валютада негізсіз кешіктірілмей және ешбір шектеусіз жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне нұқсан келтірместен, Тарап өз ұлттық заңнамасын қолдану арқылы төлемді немесе аударымды келесі мәселелерге:
a) банкроттық, төлем қабілетсіздігі немесе кредиторлар құқықтарын қорғауға;
b) еңбек міндеттемелерін сақтауға;
c) құнды қағаздардың немесе деривативтердің (туынды қаржы құралдары) эмиссиясы, олар арқылы жасалатын операциялар мен келісімдерге;
d) құқық қорғау органдарына немесе қаржы реттеуші органдарға жәрдем көрсетуге;
e) қылмыстық құқық бұзушылықтарға;
f) салықтар немесе салық салуға;
g) сот, әкімшілік немесе төрелік процестердің ұйғарымдары мен шешімдеріне сәйкестікті қамтамасыз етуге;
h) әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді сақтауға;
i) қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға (жасыруға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-әрекетке; немесе
j) құқық қорғау органдарына немесе қаржы реттеуші органдарға көмек көрсету үшін қажет болған жағдайда, қаржылық есептілік немесе аударымдарды есепке алуға қатысты болдырмауға құқылы.
4. Осы Келісімнің 9-бабында (Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер) көрсетілген немесе Халықаралық валюта қоры сұратқан жағдайларды есепке алмағанда, Тарап осы Келісімге сәйкес капитал операцияларына қатысты өзінің сол операциялармен байланысты міндеттемелеріне қайшы келетін шектеулер белгілемейді деген шартпен, Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарына сәйкес, Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарына сәйкес келетін валюталық операцияларды жүзеге асыру құқығын қоса алғанда, осы Келісімде ешнәрсе Халықаралық валюта қоры мүшелерінің құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпеуге тиіс.
Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер
1. Төлем балансына қатысты елеулі қиындықтар туындаған және сыртқы қаржылық қиындықтарға тап болған немесе оған тап болу қаупі төнген жағдайда, не болмаса айрықша жағдайларда капитал қозғалысы макроэкономиканы басқару, соның ішінде ақша-несие және валюта саясаты үшін елеулі қиындықтар тудыратын немесе тудыру қаупін төндірген кезде, Тарап инвестицияларға қатысты төлемдерге, аударымдарға немесе капитал қозғалысына шектеулер енгізуі немесе сақтауы мүмкін. Экономикалық даму үстіндегі Тараптың төлем балансына түскен ерекше қысым, атап айтқанда, оның экономиканы дамыту бағдарламасын іске асыру үшін қаржы резервтерін жеткілікті деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз ету мақсатында шектеулер қолдануды талап етуі мүмкін екендігі мойындалады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданатын немесе қолдау көрсетілетін кез келген шара:
a) Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарына сәйкес келуі;
b) басқа Тарап инвесторларының коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне шамадан тыс зиян келтіруден аулақ болуы;
c) осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда қажетті шектерден аспауы;
d) уақытша сипатта болуы және осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдай жақсарған сайын біртіндеп жойылуы;
e) кемсітпеушілік негізде қолданылуы керек.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеу немесе ондағы кез келген өзгерту екінші Тарапқа дереу хабарлануға тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген шектеуді қабылдайтын Тарап, егер мұндай консультациялар осы Келісімнің шеңберінен тыс өзгеше түрде жүргізілмесе, өзі қабылдаған шектеулерді қайта қарау мақсатында екінші Тараптың консультациялар өткізу туралы сұрау салуына дереу келіседі.
5. Мұндай шектеулердің қолданылу аясын айқындау кезінде Уағдаласушы тараптар өздерінің экономикалық бағдарламалары немесе даму бағдарламалары үшін неғұрлым маңызды болып табылатын экономика секторларына артықшылық бере алады. Алайда мұндай шектеулер тек қана төлем балансына қауіп төнген жағдайда рұқсат етіледі және экономиканың белгілі бір секторын қорғау мақсатында басқа уақытта пайдаланылмауы керек.
1. Егер Тараптардың қандай да бірі (немесе оның тағайындаған қандай да бір агенттігі, мекемесі, уәкілетті органы немесе корпорациясы) инвестицияларға немесе оның кез келген бөлігіне қатысты коммерциялық емес тәуекелдер бойынша өзі берген өтеу нәтижесінде, өз инвесторларына осы Келісім бойынша олардың кез келген талаптарына қатысты төлем жасайды, ал екінші Тарап өз инвесторларына төлем жасайтын Тараптың (немесе оның тағайындаған кез келген агенттігі, мекемесі, уәкілетті органы немесе корпорациясы) суброгация тәртібімен өз инвесторларының құқықтарын жүзеге асыруға және талаптарын қоюға құқығы бар екенін мойындайды. Суброгация нәтижесінде алынған құқықтар мен талаптар мұндай инвесторлардың бастапқы құқықтары немесе талаптарынан аспауға тиіс. Алайда, бұл екінші Тараптың кез келген істің мәнін немесе одан туындайтын кез келген талаптардың жиынтығын міндетті түрде мойындауын білдірмейді.
2. Егер Тараптардың бірі (немесе оның тағайындаған кез келген агенттігі, мекемесі, уәкілетті органы немесе корпорациясы) осы Тараптың инвесторына төлем жасап, сол инвестордың құқықтары мен талаптарын өзіне алған жағдайда, егер бұл инвестор төлем жасаған Тараптың (немесе оның тағайындаған кез келген агенттігі, мекемесі, уәкілетті органы немесе корпорациясы) атынан әрекет етуге уәкілетті болмаса, бұл құқықтарды қорғай алмайды және екінші Тарапқа талап қоя алмайды.
1. Осы Келісімде ештеңе Тараптардың өздерінің тиісті аумақтарында қоғамдық денсаулық сақтау, қауіпсіздік, қоршаған орта немесе қоғамдық мораль, әлеуметтік қорғау немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау немесе мәдени әртүрлілікті ілгерілету және қорғау сияқты заңды саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін реттеу құқықтарын қозғамайды.
2. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын немесе шектелуі немесе алынып тасталуы мүмкін тиісті қызмет түрлерін айқындау құқығын өзіне қалдырады.
Неғұрлым айқын болуы үшін, Тараптың қолданылатын өз құқығын өзгерту арқылы реттеуі, осылайша инвестицияға немесе инвестордың күтулеріне, оның ішінде пайдаға қатысты күтулеріне теріс әсер етуі осы Келісім бойынша міндеттемені бұзу болып табылмайды.
Ұлттық заңнаманы және нормативтік актілерді сақтау
Осы Келісімге нұқсан келтірместен, Тараптың инвесторы және оның инвестициясы инвестициялар орналасқан екінші Тараптың аумағында осындай инвестицияны құру, сатып алу, кеңейту, басқару, пайдалану, сату және оларды иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен билік етуге қатысты барлық заңдар мен нормативтік актілерді сақтауға тиіс.
Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік
Әрбір Тарап өз аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарды осы Тарап мақұлдаған немесе қолдайтын халықаралық танылған стандарттарды, нұсқаулықтарды және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын өз ішкі саясатына ерікті түрде енгізуге ынталандырудың маңыздылығын растайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар
1. Тараптар кез келген инвестициялық қызметтегі парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың өзге де нысандары демократия мен құқық үстемдігіне нұқсан келтіруі, шетелдік инвестицияларға кедергі келтіруі және Тараптардың экономикалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін екенін растайды.
2. Егер мұндай шаралар осы Келісімге қайшы келмеген жағдайда, осы Келісімде ештеңе Тарапқа өз аумағындағы кез келген инвестициялық қызметте парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың өзге де нысандарының алдын алу және оған қарсы күрес шараларын қабылдауға кедергі келтірмейді.
3. Тарап инвесторы мен оның инвестициялары екінші Тараптың аумағында инвестицияны жүзеге асырғанға дейін де, одан кейін де тікелей немесе делдалдар арқылы екінші Тараптың лауазымды тұлғасына, сондай-ақ өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде инвестицияларға қатысты қандай да бір пайда алу үшін белгілі бір әрекет не әрекетсіздік жасауы мақсатында осындай лауазымды тұлғаның немесе үшінші тұлғаның пайдасына кез келген заңсыз мүліктік немесе өзге де артықшылықты ұсынбауы, уәде етпеуі не бермеуі керек.
4. Тарап инвесторы және оның екінші Тарап аумағындағы инвестициялары айдап салуды және бірлесіп қатысуды, сондай-ақ осындай әрекеттерді жасау немесе мақұлдау мақсатында сөз байласуды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында сипатталған кез келген әрекетке қатыспауға тиіс.
III тарау
Дауларды реттеу
1-бөлім
Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу
Қолдану саласы және негізгі қағидаттар
1. Осы бөлім Тараптың осы Келісім бойынша инвесторға немесе оның инвестицияларына шығын немесе залал келтіретін міндеттемелерді болжамды бұзуына қатысты Тараптың (бұдан әрі – "дау Тарапы" деп аталатын) және екінші Тараптың инвесторы (бұдан әрі – "дауға қатысатын инвестор" деп аталатын) арасындағы дауларға (бұдан әрі – "инвестициялық дау" деп аталатын) қолданылады. Инвестициялық дау туындаған жағдайда дау Тараптары бітімгершілік келісімге қол жеткізу мақсатында дауды реттеуге ұмтылуға тиіс.
2. Неғұрлым айқын болуы үшін, дау Тарапының осы бөлімге сәйкес кез келген талқылау барысында келтіре алатын қарсылықтары инвестицияның әдейі жаңылыстыру, жасыру, сыбайлас жемқорлық немесе процестік өкілеттіктерді теріс пайдалануға тең келетін іс-әрекет арқылы жүзеге асырылғаны, жасалғаны, сатып алынғаны немесе жол берілгеніне негізделген қарсылықтарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.
3. Осы бөлім осы Келісім күшіне енген күнге дейін туындаған инвестициялық дауларға қолданылмайды.
4. Тараптың азаматы болып табылатын жеке тұлға осы Бөлімге сәйкес осы Тарапқа қарсы талап қоя алмайды.
Егер заңды тұлға Келісімге қатыспайтын Тарап инвесторына тиесілі немесе оның басқаруында болса және мұндай екінші Тарап Тарап болып табылмайтын елмен дипломатиялық қатынастарды қолдамаса, онда Тарап кәсіпорны және оның еншілес компаниялары осы бөлімге сәйкес екінші Тарапқа қарсы талап қоя алмайды.
1. Дау Тараптары бастапқыда инвестициялық дауды үшінші тараптардың ізгі көрсетілетін қызметтер, татуласу және медиация сияқты міндетті емес рәсімдерін қолдануды қамтуы мүмкін консультациялар мен келіссөздер ("консультациялар") арқылы реттеуге ұмтылуға тиіс. Мұндай консультацияларға дауға қатысатын инвестордың дау Тарапына жіберген консультациялар өткізу туралы жазбаша сұрау салуымен бастама жасалады.
2. Инвестициялық дауды консультациялар арқылы шешу мақсатында консультация туралы жазбаша сұрау салу дауға қатысатын инвестордың аты-жөні мен мекенжайын, осы Келісімнің бұзылды деп болжанатын ережелерін қоса алғанда, инвестициялық даудың құқықтық және нақты негіздері туралы ақпаратты, сұралып отырған көмек пен мәлімделген шығынның болжалды сомасын, сондай-ақ дауға қатысатын инвестордың екінші Тараптың инвесторы екенін және инвестицияларға иелік ететінін немесе оларды басқаратынын растайтын дәлелдерді қамтуға тиіс.
3. Егер дауға қатысатын Тараптар өзгеше келіспесе, консультациялар дау Тарапының консультациялар туралы жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде басталады, ал консультациялардың өткізу орны дау Тарапы Индонезия болған жағдайда Джакарта қаласы, Индонезия, ал дау Тарапы Қазақстан болған жағдайда Астана қаласы болып табылады.
1. Егер дау Тарапы консультацияларға жазбаша сұрау салуды алған күннен бастап 180 күн ішінде дауды шешу мүмкін болмаса, дау Тарапы бітімгершілік келісімге қол жеткізу мақсатында дауға қатысатын инвестор үшін міндетті болып табылатын медиация процесіне бастамашылық етуі мүмкін. Медиацияның мұндай процесіне дау Тарапының дауға қатысатын инвесторға жіберген жазбаша сұрау салуымен бастама жасалады.
2. Осы бапқа сәйкес медиация процесі дау Тарапының консультациялар туралы жазбаша сұрау салуды алған күнінен бастап 180 күн ішінде дау Тарапы жіберген жазбаша сұрау салуымен ғана бастамашылық етуі мүмкін.
3. Медиация процесіне байланысты шығыстарды дау Тараптары бірдей көтереді. Даудың әр Тарапы өзінің сот шығыстарын көтереді.
1. Егер инвестициялық дауды осы Келісімнің 16-бабына (консультацияларына) сәйкес консультацияларға жазбаша сұрау салу жіберілген күннен бастап бір жыл ішінде реттеу мүмкін болмаса, онда дауға қатысатын инвестор мынадай форумдардың біріне:
a) дау Тарапы да, дауға қатысатын инвестор Тарапы да ИДРХО Конвенциясының тараптары болып табылған жағдайда, ИДРХО Конвенциясына және ИДРХО-ның Төрелік регламентіне сәйкес төрелікке;
b) дау Тарапы не дауға қатысатын инвестор Тарапы ИДРХО Конвенциясының тараптары болып табылған жағдайда, ИДРХО-ның қосымша қағидаларына сәйкес төрелікке;
c) ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне сәйкес төрелікке; немесе
d) егер ұлттық соттар осындай дауға қатысты юрисдикцияға ие болса, кез келген басқа төрелік мекемеге немесе дау Тараптары келіссе, төреліктің кез келген басқа қағидаларына сәйкес болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық соттарына,
осы баптың (a)-дан (d)-ға дейін тармақшаларына сәйкес кез келген төрелік қағидаларға немесе форумдарға жүгіну басқаларға жүгінуді болдырмайтын жағдайда талап қоя алады.
Күмән келтірмеу үшін, дауға қатысатын инвестор өз атынан дауға қатысатын инвесторға келтірілген шығын немесе залалдарға немесе дауға қатысатын инвестор дауға қатысатын инвестордың меншігінде немесе басқаруында болған дау Тарапының кәсіпорны атынан кәсіпорынға келтірген шығындар мен залалдарға қатысты тікелей немесе жанама түрде талап қоя алады.
2. Осымен әрбір Тарап инвестициялық дауды осы баптың 1-тармағына сәйкес осы бөлімнің ережелеріне сәйкес мынадай шарттарда:
a) дауға қатысатын инвесторға немесе оның инвестициясына осы Келісім бойынша шығын немесе залал келтірген міндеттеменің бұзылуы туралы дауға қатысатын инвестор мәлім немесе мәлім болуға тиіс болғанда сол кезден бастап үш жыл ішінде дауды осындай төрелікке беру орын алса;
b) дауға қатысатын инвестор осы бөлімде баяндалған ережелерге сәйкес төрелікке жазбаша келісім берсе;
c) даудың құқықтық және нақты негізі тиісінше осы Келісімнің 16-бабы (Консультация) немесе 17-бабына (Медиация) сәйкес алдын ала консультацияның немесе татуласудың нысаны болса;
d) дауға қатысатын инвестор дауды осындай төрелікке беру ниеті туралы дауға қатысатын Тарапқа жазбаша хабарлама жолдаса; бұл хабарлама талапқа сәйкес талап қоюдан кемінде 90 (тоқсан) күн бұрын жолдануға тиіс және онда мынадай мәліметтер:
(i) дауға қатысатын инвестордың аты-жөні және мекенжайы, егер дау кәсіпорын атынан берілсе, кәсіпорын мекемесінің атауы, мекенжайы және орны;
(ii) осы баптың 1-тармағында аталған форумдардың бірін дауларды реттеу форумы ретінде ұсыну;
(iii) дауға қатысатын инвестор даудың мәніне қатысты осы баптың 1-тармағында аталған дауларды реттеу жөніндегі кез келген басқа форумдарда кез келген талқылауға бастамашылық жасау немесе жалғастыру құқығынан бас тарту;
(iv) егер дау жергілікті кәсіпорынның атынан берілсе, кәсіпорынның осы баптың 1-тармағында аталған дауларды реттеу жөніндегі кез келген басқа форумдарда даудың мәніне қатысты кез келген талқылауға бастамашылық жасау немесе жалғастыру құқығынан жазбаша бас тартудың көзделуі;
(v) дау Тарапының осы Келісімді болжамды бұзуы (бұзылған деп мәлімделген ережелерді қоса алғанда), даудың заңды және нақты негізі, сондай-ақ дауға қатысатын инвесторға немесе оның инвестицияларына осы бұзушылық себебінен келтірілген шығын немесе залал қысқаша баяндалуы; және
e) осы Келісімнің II тарауының (Қорғау) ережелерін бұзады деп көрсетіліп отырған сол режимге қатысты дауға қатысатын инвестордың осы бөлімге немесе кез келген басқа шартқа сәйкес құрылған басқа халықаралық төрелікке берген талап қоюы бойынша шығарылған түпкілікті шешім болмаса, төрелікке беруге келіседі.
3. Осы баптың 2 (d) тармағының (iii) тармақшасына қарамастан, дауға қатысатын инвестордың дауға қатысатын инвестордың тек құқықтары мен мүдделерін сақтаудың бірден-бір мақсатында уақытша қорғау шараларын қабылдауға бағытталған дау Тарапының соттарында немесе әкімшілік төреліктерінде шығындардың орнын толтыру немесе дау нысанасын реттеуге байланысты емес талап қоюына немесе жалғастыруына кедергі келтірілмеуге тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағы (е) тармақшасының мақсаттары үшін "дауға қатысатын инвестор" термині инвесторды және тиісті жағдайларда жергілікті кәсіпорынды білдіреді, сондай-ақ осы инвестордың немесе тиісті жағдайларда жергілікті кәсіпорынның қатысу үлесін тікелей немесе жанама иеленетін немесе басқаруындағы барлық тұлғаны қамтиды.
5. Осы баптың 2-тармағына сәйкес келісім және осы бөлімге сәйкес төрелікке талап қою мынадай талаптарды:
a) дау Тараптарының жазбаша келісімін алуға қатысты ИДРХО Конвенциясының II тарауы (Орталықтың юрисдикциясы) және ИДРХО-ның Қосымша қағидаларын; және
b) Нью-Йорк Конвенциясының "жазбаша келісім" туралы II бабын қанағаттандыруға тиіс.
6. Осы Бөлімге сәйкес төрелікке қойылатын талап қою Нью-Йорк Конвенциясының I бабының мақсаттары үшін коммерциялық қатынастардан немесе мәміледен туындаған болып есептеледі.
1. Үшінші тараптан қаржыландыру алатын дауға қатысатын кез келген Тарап дауға қатысатын екінші Тарапты және төрелікті үшінші Тараптың аты-жөні мен мекенжайы туралы хабардар етуге тиіс.
2. Мұндай хабарлама талап қою кезінде немесе жағдайларға байланысты үшінші Тараптың қаржыландыруы келісілген, аударылған немесе берілгеннен кейін дереу жасалуы керек.
3. Егер дауға қатысатын Тараптар осы бапқа сәйкес үшінші Тараптың қатысатын қаржыландыруы туралы ақпаратты ашып көрсетпесе, төрелік дауға қатысатын Тараптардың іс-әрекеттерін шығыстарды бөлу факторы ретінде қарастыруы немесе талқылауды тоқтата тұру немесе тоқтату туралы бұйрық беруі мүмкін.
"Үшінші тараптың қаржыландыруы" дегеніміз дау Тарапы болып табылмайтын, бірақ даудың нәтижесіне байланысты сыйақыға айырбастау үшін немесе қайырымдылық жасау не грант беру нысанында талқылау жүргізуге кеткен шығыстарды ішінара немесе толық қаржыландыру мақсатында Дау тарапымен келісім жасасатын жеке немесе заңды тұлға беретін кез келген қаржыландыруды білдіреді.
1. Егер дау Тараптары өзгеше уағдаласпаса, төрелік үш төрешіден тұрады және олар Тараптың ешбір мемлекеттерінің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмауы керек. Даудың әрбір Тарапы бір төрешіні тағайындайды, ал дау Тараптары төреліктің төрағасы болып табылатын үшінші төреші туралы уағдаласады. Дау Тарапымен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ Тараптың және дау Тарапына қатысы жоқ Тарап мемлекетінің азаматы ғана Төреліктің төрағасы бола алады. Егер төрелікке талап қою берілген күннен бастап 150 күн ішінде төрелік дау Тарапының төрешіні тағайындай алмауына не дау Тараптары төрағаға қатысты келісімге келмеуіне байланысты құрылмаса, ИДРХО-ның Бас хатшысы даудың кез келген Тарапының сұрау салуы бойынша әлі тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді өз ұйғарымы бойынша тағайындайды. Егер Бас хатшы Тараптардың кез келгенінің азаматы немесе тұрақты тұрғыны болып табылса немесе ол өзге де себептерге байланысты әрекет ете алмаса, қажетті тағайындауды жүзеге асыру үшін ИДРХО-ның Бас хатшысының Тараптардың ешқайсысының азаматы немесе тұрақты тұрғыны болып табылмайтын орынбасары шақырылуы мүмкін.
2. Төрешілердің халықаралық жария құқық саласында тәжірибесі немесе білімі болуға тиіс. Атап айтқанда, олардың халықаралық инвестициялық құқық, халықаралық сауда құқығы немесе халықаралық инвестициялық немесе халықаралық сауда келісімдері бойынша туындайтын дауларды реттеу саласында тәжірибесі болғаны жөн. Төрешілер дауға қатысатын Тараптар және инвесторға тәуелді болмауы, сондай-ақ олардың ешқайсысымен үлестес болмауы немесе олардан нұсқаулар алмауы керек.
3. Дау Тараптары, төрешілердің сыйақысын қоса алғанда, төрелік шеккен шығыстарға қатысты қағидаларды белгілей алады.
4. Егер осы Баптың ережелеріне сәйкес тағайындалған қандай да бір төреші өз функцияларын орындаудан бас тартса немесе қабілетсіз болса, құқық мирасқоры бастапқы төрешіні тағайындау үшін айқындалған тәсілмен тағайындалады және құқық мирасқорына бастапқы төрешінің барлық өкілеттігі мен міндеті жүктеледі.
5. Осы бөлімге сәйкес тағайындалған төрешілер осы Келісімнің II қосымшасын (Төрешілер мен медиаторлардың мінез-құлық кодексін) сақтауға тиіс.
Қолданылатын заңнама және бірлесіп түсіндіру
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарын ескере отырып, талап қою осы Келісімнің 18-бабына (талап қою) сәйкес беріледі, төрелік осы Келісімге, Тараптар арасындағы кез келген басқа да қолданылатын келісімдерге және халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына сәйкес даулы мәселелерді шешеді.
2. Төрелік өз жеке бастамасы бойынша немесе дау Тарапының сұрау салуы негізінде осы Келісімнің даудың мәні болып табылатын кез келген ережесін бірлесіп түсіндіруді талап ете алады. Тараптар сұрау салуды алған сәттен бастап 60 (алпыс) күн ішінде төрелікке олардың түсіндірмесі баяндалатын кез келген бірлескен шешімді жазбаша нысанда ұсынуға тиіс. Күмән келтірмеу үшін Тараптар да осы Келісімнің ережелерін өз бастамасы бойынша бірлесіп түсіндіре алады.
3. Тараптардың осы Келісімнің ережесін түсіндіру туралы бірлескен шешімі төрелік үшін міндетті болып табылады және төрелік шығарған кез келген қаулы немесе шешім осы бірлескен шешімге сәйкес келуге тиіс.
Егер дау Тараптары өзгеше уағдаласпаса, бұл орын Нью-Йорк конвенциясына қатысушы мемлекеттің аумағында және Тараптар аумағынан тыс жерде орналасқан жағдайда, төрелік төреліктің қолданылатын қағидаларына сәйкес төреліктің орнын айқындайды.
1. Даудың төрелік құзыретіне жатпайтындығы туралы қарсылық сияқты басқа қарсылықтарды алдын ала мәселе ретінде қарау өкілеттіктеріне нұқсан келтірместен, төрелік сот істің мәнін қарастырмас бұрын, дауға қатысатын Тараптың заң бойынша қойылған талап қоюы Келісімнің 25-бабына (Шешімдер) сәйкес дауға қатысатын инвестордың пайдасына шешім шығаруға жатпайтын талап екендігі немесе талапта көрсетілген фактілер шындыққа сәйкес келсе де, талап қоюдың негізсіз немесе айқын негізсіз екендігі туралы кез келген қарсылығын алдын ала мәселе ретінде қарастырады және анықтайды. Төрелік сонымен қатар даудың мәні болып табылмайтын кез келген фактілерді қарастыра алады. Дау Тарапы қарсылықтың негізін мүмкіндігінше дәл көрсетуі керек.
a) Мұндай қарсылық төрелік құрылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек төрелікке ұсынылуы және ешқандай жағдайда да дау Тарапының өзінің қарсы меморандумын ұсынуы үшін төрелік белгілеген күннен кешіктірілмеуі тиіс (немесе төрелік туралы хабарламаға түзету енгізілген жағдайда, төрелік дау Тарапына түзетуге өзінің жауабын ұсыну үшін белгілейтін күн).
b) Осы тармаққа сәйкес қарсылықты алғаннан кейін, төрелік іс бойынша кез келген талқылауды тоқтата тұрады, кез келген басқа алдын ала мәселені қарау үшін өзі белгілеген тиісті кез келген графикке сәйкес қарсылықты қарау графигін белгілейді және қарсылық бойынша негіздерді көрсете отырып, шешім немесе қаулы шығарады. Дау Тараптарына өз көзқарастары мен ескертулерін төрелікке ұсынуға ақылға қонымды мүмкіндік берілуі тиіс.
c) Дау Тарапы осы тармаққа сәйкес қарсылық білдіргендіктен немесе білдірмегендіктен немесе осы баптың 2-тармағында баяндалған жеделдетілген рәсімді пайдаланбағандықтан ғана дау Тарапы құзыреттілікке немесе іс бойынша қандай да бір дәлелдерге қатысты қандай да бір қарсылықтардан бас тартпайды. Неғұрлым айқын болуы үшін, мұндай қарсылықтар немесе дәлелдер талқылаудың басқа кезеңінде ұсынылуы мүмкін.
Осы баптың осы тармағының мақсаттары үшін мәлімделген фактілер дегеніміз төрелік туралы хабарламада (немесе оған кез келген түзетуде) талап қоюдың негіздемесі үшін келтірілген фактілер, ал ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес қозғалған дауларда – ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің тиісті бабында аталған талап қою болып табылады.
2. Егер дау Тарапы төрелік құрылғаннан кейін 45 (қырық бес) күн ішінде тиісті сұрау салуды жіберген жағдайда, төрелік осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген алдын ала қарсылық және дау төреліктің құзыретіне кірмейді деген кез келген қарсылық бойынша жеделдетілген тәртіппен шешім қабылдайды. Төрелік кез келген талқылауды мәні бойынша тоқтата тұрады және сұрау салу күнінен кейін 150 (жүз елу) күннен кешіктірмей олардың негіздерін көрсете отырып, қарсылық (қарсылықтар) бойынша шешім шығарады. Алайда, егер дау Тарапы тыңдау өткізуді талап етсе, төрелікке шешім немесе қаулы шығару үшін қосымша 30 (отыз) күн қажет болуы мүмкін. Тыңдау сұралғанына қарамастан, төрелік, төтенше себеп болған жағдайда, өз шешімін немесе қаулысын 30 (отыз) күннен аспайтын қосымша қысқа мерзімге шығаруды кейінге қалдыра алады.
3. Төрелік, егер орынды деп тапса, дауда жеңіске жеткен тарапқа қарсылық білдіру немесе дауласу кезінде шыққан ақылға қонымды шығындар мен алымдарды өтеуді тағайындай алады. Мұндай шешімнің орынды екендігін анықтау кезінде төрелік талап қоюдың немесе қарсылықтардың негізсіз немесе айқын негізсіз болған-болмағанын қарастыруы тиіс және дау Тараптарына түсініктеме беруге ақылға қонымды мүмкіндік беруі қажет.
Тараптардың ешқайсысы дауға қатысты олардың инвесторларының бірі және екінші Тарап осы бөлімге сәйкес оны төрелікке беруге келіссе немесе берсе, екінші Тарап осындай дау бойынша шығарылған шешімді сақтамаған және орындамаған жағдайларды қоспағанда, дипломатиялық қорғауды ұсынбайды және халықаралық талап қоймайды. Дипломатиялық қорғау осы баптың мақсаттары үшін дауды реттеуге жәрдемдесудің бірден-бір мақсатымен бейресми дипломатиялық алмасуларды қамтымайды.
1. Егер төрелік дау Тарапына қарсы түпкілікті шешім шығарса, төрелік тек мыналарды:
a) ақшалай залал және кез келген қолданылатын пайыздар; және
b) бұл жағдайда төрелік шешім жауапкер реституцияның орнына осы Келісімнің II тарауының (Қорғау) 6-бабына (Экспроприация және өтемақы) сәйкес айқындалатын дәл экспроприация немесе алдағы экспроприация туралы белгілі болған сәтке дейінгі, яғни, қайсысы ертерек болса, соған сәйкес сәттегі әділ нарықтық құнға сәйкес ақшалай өтемақыны және кез келген қолданылатын пайыздарды төлей алатынын ескере отырып, мүлікті реституциялауды жеке немесе бірге тағайындай алады.
2. Сондай-ақ, төрелік осы бөлімге және қолданылатын төрелік қағидаларына сәйкес адвокаттарға сот шығасылары мен гонорарларын шешіп бере алады.
3. Төрелік айыппұл шығындарын шешіп бере алмайды.
4. Осы бөлімге сәйкес өткізілетін кез келген төрелікте дауға қатысатын инвестордың сұрау салуы бойынша төрелік жауапкершілік туралы шешім немесе қаулы шығарылғанға дейін өзінің ұсынылған шешімін немесе қаулысын дау Тараптарына жібереді. Төрелік өзінің ұсынылған шешімін немесе қаулысын бергеннен кейін 60 (алпыс) күн ішінде дау Тараптары төрелікке ұсынылған шешімнің немесе қаулының кез келген аспектісіне қатысты жазбаша түсініктемелер бере алады. Төрелік кез келген осындай түсініктемелерді қарап, 60 күндік түсініктеме кезеңі өткеннен кейін 45 (қырық бес) күннен кешіктірмей өз шешімін немесе қаулысын шығаруға тиіс.
5. Егер талап қою дау Тарапының кәсіпорны атынан берілсе, төрелік шешім кәсіпорынға шығарылады.
6. Кез келген төрелік шешім дау Тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Шешімнің дау Тараптары арасында және нақты іске қатысты ғана міндетті күші болады.
7. Осы баптың 8-тармағына және алдын ала шешімді қайта қараудың қолданылатын рәсіміне сәйкес дау Тараптары шешімді кідіріссіз сақтауға және орындауға тиіс.
8. Дауға қатысатын инвестор мынадай жағдайларда:
a) Егер түпкілікті шешім ИДРХО Конвенциясына сәйкес қабылданса:
(i) шешім шығарылған күннен бастап 120 күн өтсе және дау Тараптарының ешқайсысы шешімді қайта қарауды немесе күшін жоюды талап етпесе; немесе
(ii) қайта қарау немесе күшін жою рәсімі аяқталса;
b) ИДРХО-ның Қосымша қағидаларына, ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне немесе осы Келісімнің 18-бабының 1-тармағына (талап қою) сәйкес таңдалған қағидаларға сәйкес түпкілікті шешім шығарылған жағдайда:
(i) шешім шығарылған күннен бастап 90 (тоқсан) күн өтсе және дау Тараптарының ешқайсысы шешімді қайта қарау, жою немесе күшін жою рәсімін бастамаса; немесе
(ii) сот шешімді қайта қарау, жою немесе күшін жою туралы өтінішті қабылдамаса немесе қанағаттандырса, одан әрі апелляция берілмесе, түпкілікті шешімді орындауды талап ете алмайды.
9. Әрбір Тарап өз аумағында төрелік шешімнің орындалуын қамтамасыз етеді. Әрбір Тарап өзінің тиісті заңдары мен қағидаларына сәйкес төрелік шешімді мойындауды және орындауды қамтамасыз етеді.
26-бап
1. Төрелік талқылау бойынша шығыстарды дауда жеңілген тарап көтеретіні туралы қаулы шығарады. Айрықша мән-жайларда, егер төрелік шығыстарды дауға қатысатын тараптар арасында бөлу істің мән-жайларында орынды болады деп тапса, осындай бөлуді жасауы мүмкін.
2. Өзге ақылға қонымды шығыстар, оның ішінде заңды өкілдік пен көмек көрсетуге жұмсалған шығыстар, егер тек төрелік мұндай бөлудің талап қою мән-жайларында негізсіз болатынын анықтамаса, дауда жеңілген тарапқа жүктеледі.
3. Егер талаптардың тек бір бөлігі ғана қанағаттандырылса, ұйғарылған шығыстар қанағаттандырылған талап бөліктерінің санына немесе көлеміне қарай пропорционалды түрде түзетілуге тиіс.
Шығыстарды өтеуді қамтамасыз ету
1. Дау Тарапының өтініші бойынша, егер дауға қатысатын инвестор өзіне қарсы шығарылуы мүмкін шығыстар туралы шешімді орындауға қабілетсіз болып қалу қаупі бар деген ақылға қонымды негіздер болса, төрелік дауға қатысатын инвестордың шығыстардың барлығын немесе бір бөлігін өтеуді қамтамасыз етуіне қаулы ете алады.
2. Егер төрелік қаулы шығарғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде немесе төрелік белгілеген кез келген басқа мерзім ішінде шығыстарды өтеуді қамтамасыз ету толық көлемде енгізілмесе, төрелік бұл туралы дау Тараптарын хабардар етеді. Төрелік іс жүргізуді тоқтата тұру немесе тоқтату туралы қаулы шығара алады.
Егер осы Келісімнің 18-бабына (Талап қоюды) сәйкес екі немесе одан да көп талап қою төрелікке жеке-жеке берілсе және талап қоюлар құқық немесе факт бойынша ортақ мәселеге ие болса және бірдей немесе ұқсас оқиғалардан немесе мән-жайлардан туындаса, даудың барлық мүдделі Тарапы бұл талап қоюларды өздері қолайлы деп санайтын кез келген тәсілмен біріктіру туралы уағдаласа алады.
29-бап
Егер осы бөлімге сәйкес талап қою берілгеннен кейін дау Тарапы 180 күн немесе дау Тараптары келісуі мүмкін осындай мерзім ішінде талқылау шеңберінде ешқандай қадамдар жасамаса, дау Тарапы өз талап қоюын қайтарып алған және іс жүргізуді тоқтатқан болып есептеледі. Төрелік дау Тарапының өтініші бойынша және дау Тараптарына хабарлағаннан кейін талқылауды тоқтату туралы қаулы шығарады. Мұндай қаулы шығарылғаннан кейін төреліктің өкілеттіктері тоқтатылады.
30-бап
Осы Келісімнің III тарауының 1-бөліміне сәйкес даулар бойынша хабарламалар мен басқа да құжаттар Тараптардың құзыретті органдарына дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.
1. Қазақстан Республикасы үшін: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Д. Қонаев көшесі 31, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы немесе оның құқықтық мирасқоры; және
2. Индонезия Республикасы үшін: Сыртқы істер министрлігінің Құқықтық мәселелер және халықаралық шарттар жөніндегі бас директоры, Джалан Таман Педжамбон № 6 Джакарта 10110, Индонезия немесе оның құқықтық мирасқоры.
2-бөлім
Тараптар арасындағы дауларды шешу
31-бап
Осы бөлім Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын дауларды реттеуге қолданылады.
32-бап
1. Тараптардың кез келгені осы Келісімнің түсіндірілуі немесе қолданылуы жөнінде жазбаша нысанда консультациялар сұрата алады. Егер Тараптар арасында осы Келісімнің түсіндірілуі немесе қолданылуы туралы дау туындаса, ол консультациялар арқылы мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешілуге тиіс.
2. Егер дау жоғарыда көрсетілген тәсілдермен осындай консультациялар жүргізуге жазбаша сұрау салынған күннен бастап 6 (алты) айдың ішінде реттелмеген жағдайда, онда егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, кез келген Тарап мұндай дауды осы бөлімге сәйкес құрылған төрелікке немесе Тараптардың келісімі бойынша кез келген басқа халықаралық трибуналға бере алады.
33-бап
1. Төрелік талқылау бір Тараптың (бұдан әрі "сұрату салушы Тарап" деп аталады) екінші Тарапқа (бұдан әрі "жауапкер Тарап" деп аталады) дипломатиялық арналар арқылы жіберген жазбаша хабарламасынан кейін басталады. Мұндай хабарламада осы Келісімнің II тарауының (Қорғау) бұзылды деп айтылған ережелері, шағымның заңды және нақты негіздері, осы Келісімнің 32-бабына (Консультациялар) сәйкес консультациялардың барысы мен нәтижелерінің қысқаша мазмұны, сұрау салушы Тараптың осы бөлімге сәйкес талқылау қозғау ниеті және осындай сұрау салушы Тарап тағайындаған төрешінің аты жазылған мәлімдеме қамтылуға тиіс.
2. Осындай хабарламаны алғаннан кейін 60 (алпыс) күн ішінде жауап беруші Тарап сұрау салушы Тарапқа өзі тағайындаған төрешінің атын хабарлайды.
3. Екінші төреші тағайындалған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде Тараптар өзара келісу бойынша төреліктің төрағасы болып табылатын үшінші төрешіні тағайындайды. Егер Тараптар үшінші төрешіні тағайындау туралы уағдаласпаған жағдайда, Тараптар тағайындаған төрешілер төреліктің төрағасы болып табылатын үшінші төрешіні 60 (алпыс) күн ішінде тағайындайды.
4. Төрешілердің халықаралық жария құқық саласында тәжірибесі немесе білімі болуға тиіс. Атап айтқанда, олардың халықаралық инвестициялық құқық, халықаралық сауда құқығы немесе халықаралық инвестициялық немесе халықаралық сауда келісімдері бойынша туындайтын дауларды шешу саласында тәжірибесі болғаны жөн. Төрешілер Тараптардан тәуелсіз болуға, сондай-ақ үлестес болмауға немесе олардың бір де біреуінен нұсқаулар алмауға тиіс.
5. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес төрешілерді таңдауға қатысты екі Тарап және тиісті жағдайларда өзара тағайындаған төрешілер, Тараптардың кез келгенінің мемлекетінің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болып табылатын төрешілерді таңдамауға тиіс. Бұдан басқа, үшінші төреші Тараптармен дипломатиялық қатынастары бар Тарап болып табылмайтын мемлекеттің азаматы болуға тиіс.
6. Егер талап етілетін тағайындаулар жоғарыдағы, 2 және 3-тармақтарда көрсетілген мерзімдерде жүргізілмесе, Тараптардың кез келгені ИДРХО Бас хатшысына әлі тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындауды ұсынуы мүмкін. Егер ИДРХО Бас хатшысы кез келген Тарап мемлекетінің азаматы немесе тұрақты тұрғыны болса немесе ол өзге себептер бойынша әрекет етуге қабілетсіз болса, ИДРХО Бас хатшысының орынбасарына көрсетілген тағайындауларды жүргізу ұсынылады. Егер ИДРХО Бас хатшысының орынбасары Тараптардың кез келгенінің мемлекетінің азаматы немесе тұрақты тұрғыны болса немесе ол өзге себептер бойынша әрекет етуге қабілетсіз болса, кез келген Тараптың азаматы да, тұрақты тұрғыны да болып табылмайтын, қызмет жағынан жоғары тұрған тұлғаға қажетті тағайындаулар жүргізу ұсынылады.
7. Егер осы бапқа сәйкес тағайындалған төреші отставкаға кеткен немесе әрекет етуге қабілетсіз болған жағдайда, оның мирасқоры бастапқы төрешіні тағайындау үшін көзделгендей тағайындалады және ол бастапқы төреші сияқты осындай өкілеттіктер мен міндеттерге ие болуы тиіс.
8. Әрбір Тарап өзі тағайындаған төрешінің және талқылаудағы кез келген заңды өкілдігінің шығыстарын көтереді. Егер тек төрелік Тараптардың біріне шығыстардың неғұрлым үлкен үлесі туралы шешім қабылдамаса, төрелік төрағасының шығыстары мен төрелікті жүргізуге байланысты басқа да шығыстарды Тараптар тең үлеспен көтереді.
34-бап
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, төреліктің орнын төрелік айқындайды.
35-бап
1. Осы бөлімге сәйкес құрылған төрелік өзінің құзыретіне жататын барлық мәселелерді шешеді және Тараптар арасындағы кез келген келісімді ескере отырып, өзінің рәсімдерін айқындайды. Талқылаудың кез келген сатысында төрелік Тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуді ұсынуы мүмкін. Кез келген уақытта төрелік Тараптардың әділ тыңдалуын қамтамасыз етеді.
2. Төрелік даулы мәселелерді осы Келісімге және қолданылатын нормалар мен халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес шешеді.
3. Төрелік шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Шешім жазбаша нысанда шығарылады және қолданылатын нақты және заңды тұжырымдарды қамтуға тиіс. Қол қойылған шешім әрбір Тарапқа жеткізілуге тиіс. Шешім Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.
IV тарау
Қорытынды ережелер
Егер Тараптардың бірінің ұлттық заңнамасы немесе осы Келісімге қосымша ретінде Тараптар арасында қазіргі уақытта қолданылып жүрген немесе кейіннен белгіленген халықаралық міндеттемелер екінші Тараптың инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделгеннен неғұрлым қолайлы режимге құқық беретін ережеге алып келсе, мұндай ереже осы Келісімде қарастырылмайды.
1. Тарап екінші Тараптың кәсіпорны болып табылатын осы Тараптың инвесторына және осы инвестордың инвестицияларына, егер кәсіпорын:
a) Тарап болып табылмайтын елдің немесе бас тартушы Тараптың тұлғасына тиесілі немесе бақылауында болса; және
b) бас тартушы Тараптан басқа қандай да бір Тараптың аумағында айтарлықтай коммерциялық қызметті жүргізбесе, осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.
2. Егер Тарап болып табылмайтын елдің тұлғасы кәсіпорынға иелік етсе немесе оны бақылауда ұстаса, ал бұдан бас тартатын Тараптың Тарап болып табылмайтын осы елмен дипломатиялық қатынастары болмаса, Тарап екінші Тараптың инвесторына осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.
3. Тарап екінші Тараптың жеке тұлғасы болып табылатын инвесторға және егер осы жеке тұлға бірінші Тарап мемлекетінің азаматы болса, осы инвестордың инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.
4. Егер Тарап болып табылмайтын тұлғалар кәсіпорынға иелік етсе немесе оны бақыласа, ал құқықтан бас тартатын Тарап осы Тарапқа немесе Тарап болып табылмайтын елдің тұлғасына қатысты кәсіпорынмен жасалатын операцияларға тыйым салатын немесе, егер осы Келісімнің артықшылықтары осы кәсіпорынға немесе оның инвестицияларына берілсе, бұзылатын немесе айналып өткен шараларды қабылдаса немесе сақтаса, Тарап екінші Тараптың кәсіпорны болып табылатын инвесторына Тараптың және осы инвестордың инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.
38-бап
Талап қою талаптарын ерекшеліктері
Кез келген қолданылатын ерекшеліктердің немесе халықаралық құқық қағидаттарының қолданылу аясына немесе дау Тарапының талқылау барысында мұндай ерекшеліктерге немесе халықаралық құқық қағидаттарына сүйену қабілетіне нұқсан келтірмей, осы Келісімнің 1-бөліміне (Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу) және 2-бөліміне (Тараптар арасындағы дауларды шешу) сәйкес ешбір талап қоюларды ұсына алмауы мүмкін:
a) басқа халықаралық келісім неғұрлым қолайлы құқықтарды немесе міндеттемелерді қамтығаны негізінде осы Келісімнің 5-бабында (Барынша қолайлылық режимі) көрсетілгендей, барынша қолайлылық режимінің болжамды бұзылуына байланысты талап қою. Неғұрлым анық болу үшін бұл Тараптың шараларын, оның ішінде осы Келісімнің 5-бабын (Барынша қолайлылық режимі) бұзатын және дауласушы инвесторды залалға немесе шығынға алып келген шараларды даулау туралы талап қоюды беруге кедергі болмайды;
b) халық денсаулығын қорғау немесе нығайту үшін әзірленген және іске асырылған шараға қатысты талап қою;
c) алаяқтықпен жаңылыстыруға алып келуді, жасыруды немесе сыбайлас жемқорлықты қоса алғанда, заңсыз әрекет нәтижесінде құрылған инвестицияларға қатысты талап қою.
d) негізсіз немесе айқын дәлелсіз болып табылатын талап қою;
e) салықтық шараға қатысты талап қою;
f) осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған инвестициялық дауларға қатысты талап қою; және
g) дау Тарапы мемлекетінің азаматтығына немесе бодандығына ие жеке тұлғаның талап қоюы.
39-бап
1. Әрбір Тарап осы Келісімде қамтылған немесе оны қозғайтын кез келген мәселеге қатысты жалпы қолданылатын өз заңдары, ережелері және әкімшілік қаулылары мүдделі тұлғалар немесе екінші Тарап олармен таныса алатындай етіп дереу жариялануын немесе өзгеше түрде ұсынылуын қамтамасыз етеді. Тарап қол қойған, инвесторларға немесе инвестициялық қызметке қатысты немесе оларды қозғайтын халықаралық келісімдер де жариялануға тиіс.
2. Мүмкіндігінше әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында аталған шараларды және халықаралық келісімдерді Интернетте орналастырады. Әрбір Тарап екінші Тараптың сұрау салуы бойынша нақты сұрақтарға ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде жауап береді және осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелерге қатысты ақпаратты екінші Тарапқа ұсынады.
1. Осы Келісімнің кез келген басқа да ережелеріне қарамастан, инвесторларды, салымшыларды, сақтандыру полисін ұстаушыларды немесе қаржылық қызметтерін жеткізуші олардың алдында фидуциарлық міндеттемелері бар тұлғаларды қорғау немесе өзінің қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шараларды қоса алғанда, Тараптардың ешқайсысы себептер бойынша қаржылық қызметтерге қатысты кемсітпеушілік шаралар қабылдау мүмкіндігінен айырылмайды.
Тараптар "пруденциялық себептер" термині жекелеген қаржылық қызметтер жеткізушілердің қауіпсіздігін, негізділігін, тұтастығын немесе қаржылық жауапкершілігін, сондай-ақ төлем және клирингтік жүйелердің қауіпсіздігін, қаржылық және операциялық тұтастығын қамтамасыз етуді қамтитынын түсінеді.
2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес Тарап қабылдаған шаралар осы Келісімге сәйкес келмесе, олар осы Келісім бойынша Тараптың міндеттемелерінен немесе міндеттерінен жалтару құралы ретінде пайдаланылмауға тиіс.
3. Осы Келісімде ештеңе де Тараптардан жекелеген клиенттердің істері мен шоттарына қатысты ақпаратты немесе мемлекеттік ұйымдардың иелігіндегі кез келген құпия немесе қызметтік ақпаратты ашуды талап ететіндей түсіндірілмеуге тиіс.
41-бап
Инвестицияларды ілгерілету және жеңілдету
1. Әрбір Тарап өзінің қолданылатын заңдары мен қағидаларына сәйкес Тараптар арасындағы инвестицияларға жәрдемдесуге, оның ішінде:
a) инвестициялардың барлық нысаны үшін қажетті жағдайлар жасау;
b) инвестициялық өтінімдер мен келісу рәсімдерін оңайлату;
c) инвестициялық қағидаларды, ережелерді, саясатты және рәсімдерді қоса алғанда, инвестициялық ақпаратты, сондай-ақ басым секторлар, жергілікті шағын және орта кәсіпорындармен (ШОБ) әріптестік туралы ақпаратты таратуға жәрдемдесу; және
d) мүмкіндігінше операциялық лицензиялар мен рұқсаттамаларды оңайлатуды қоса алғанда, инвесторларға көмек көрсету және консультациялық қызметтер көрсету үшін тиісті тетік құру арқылы ынтымақтасуға ұмтылады.
2. Өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастық бойынша қызмет осы баптың 1-тармағының (d) тармақшасына сәйкес экономикалық ынтымақтастық мақсатында жасалған қолданыстағы келісімдерге немесе уағдаластықтарға негізделуі мүмкін.
3. Осы бапта ештеңе де осы Келісімнің II тарауының (Қорғау) ережелеріндегі қандай да бір міндеттемелерді қозғайтындай түсіндірілмеуге тиіс, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес дауларды шешудің кез келген рәсімдеріне жатпайды немесе өзгеше түрде ықпал етпейді.
42-бап
Осындай шаралар ұқсас жағдайлар басым болатын жерде екінші Тарапқа немесе оның инвесторларына қатысты еркін немесе негізсіз кемсітушілік құралы немесе екінші Тарап инвесторларының Тарап аумағындағы инвестицияларын бүркемеленген шектеу ретінде қолданылмауға тиіс деген талапты ескере отырып, осы Келісімде ештеңе де:
a) қоғамдық моральды қорғау немесе қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажетті;
b) адамдардың өмірін немесе денсаулығын, жануарларды немесе өсімдіктерді қорғау үшін қажетті;
c) осы Келісімнің ережелеріне, оның ішінде:
(i) алдаудың және алаяқтықтың алдын алу немесе келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмау салдарларын болдырмау;
(ii) дербес деректерді өңдеу мен таратуға байланысты жеке тұлғалардың жеке өмірін қорғау және жеке жазбалар мен есептік жазбалардың құпиялылығын қорғау;
(iii) қауіпсіздікке қатысты ережелерге қайшы келмейтін заңдардың немесе нормативтік актілердің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті;
d) көркемдік, тарихи немесе археологиялық құндылығы бар ұлттық қазыналарды қорғау үшін енгізілетін; немесе
e) егер мұндай шаралар ішкі өндіріске немесе тұтынуға қойылатын шектеулермен қатар жүзеге асырылса, сарқылатын табиғи ресурстарды сақтауға қатысты шараларды Тараптың қабылдауына немесе орындауына кедергі келтіретіндей түсіндірілмеуге тиіс.
Қауіпсіздік бойынша ерекшеліктер
Осы Келісімде ештеңе де:
a) Тараптан оның кез келген ақпараттың ашылуы қауіпсіздіктің елеулі мүдделеріне қайшы келеді деп санайтын кез келген ақпаратты ұсынуды талап ету; немесе
b) Тарапқа халықаралық бейбітшілікті немесе қауіпсіздікті сақтауға немесе қалпына келтіруге немесе қауіпсіздікке немесе өзінің қауіпсіздіктің елеулі мүдделерін қорғауға қатысты өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті деп санайтын шараларды қолдануға кедергі келтіру ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
Орталық банктердің иммунитеттері
Осы Келісімде ештеңе де Тараптардың орталық банктеріне меншік құқығында немесе өзгеше түрде тиесілі мүлікке, оның ішінде Тараптардың орталық банктерінің сенімгерлік басқаруындағы мүлікке қатысты кез келген иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмейді.
45-бап
Күшіне енуі, мерзімі және қолданылу мерзімінің тоқтатылуы
1. Осы Келісім екі Тараптың да осы Келісімнің күшіне енуі үшін заңды рәсімдерін орындағанын растайтын соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
3. Егер Тараптардың ешқайсысы бастапқы он жылдық кезең өткеннен кейін кез келген уақытта осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, осы Келісім 10 (он) жыл бойы күшінде қалады және бұдан кейін де қолданысын жалғастырады. Тарап осындай хабарлама жіберген жағдайда, осы Келісім оны алған күннен бастап бір жыл өткен соң бұзылады.
4. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлама күшіне енген күнге дейін жасалған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің ережелері сол күннен бастап тағы 10 (он) жыл бойы күшінде қалады.
5. Осы Келісімге қоса берілген қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады.
Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
202___ жылғы "__"______________ әрқайсысы қазақ, орыс, индонезия, ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында қандай да бір алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН |
ИНДОНЕЗИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢҮКІМЕТІ ҮШІН |
| I қосымша |
Экспроприация
1. Егер материалдық немесе материалдық емес меншікке немесе инвестициялардағы мүліктік мүддеге құқықты қозғамаса, Тараптардың әрекеті немесе байланысты бірқатар әрекеттері экспроприацияны білдіре алмайды.
2. Осы Келісімнің 6-бабы (Экспроприация және өтемақы) екі жағдайға қатысты болады:
a) бірінші жағдай – ол тікелей экспроприация, мұнда инвестициялар мемлекеттік меншікке алынады немесе өзге жағдайда меншік құқығын формальды түрде беру немесе тікелей алып қою арқылы тікелей экспроприацияланады; және
b) екінші жағдай – жанама экспроприация, мұнда Тараптың әрекеті немесе байланысты бірқатар әрекеттері баламалы салдарлары болса, меншік құқығын формальды түрде бермей немесе тікелей тыйым салу арқылы тікелей экспроприацияланады.
3. Осы баптың 2-тармағының (b) тармақшасында көрсетілген түрдегі экспроприация болып табылатынын немесе табылмайтынын айқындау, әрбір нақты жағдайда тергеп-тексеру фактілеріне негізделген тексеруді жүргізуді қажет етеді, онда басқа факторларды арасында мыналарды:
a) үкімет әрекеттерінің экономикалық салдарлары, дегенмен, Тараптың әрекеті немесе байланысты бірқатар әрекеттері инвестициялардың экономикалық құнына теріс әсер ету фактісі өздігінен мұндай жанама экспроприацияның болғанын дәлелдемейді;
b) Тараптың әрекетінің немесе әрекеттер сериясының ұзақтығы;
c) үкіметтің әрекеттері инвестицияларға негізделген айқын, ақылға қонымды күтулерін қорғайтын дәреже; және
Неғұрлым анық болу үшін инвестордың инвестицияларға негізделген үміттері негізді болып табыла ма деген мәселе үкімет инвесторға міндетті жазбаша растаулар берді ме деген, сондай-ақ мемлекеттік реттеудің сипаты мен дәрежесі немесе тиісті сектордағы мемлекеттік реттеу әлеуеті сияқты факторлардың қаншалықты орынды екеніне байланысты болады.
d) үкімет әрекет ету сипаты, оның ішінде оның мақсаты және әрекет қоғамдық мақсатқа қатысты пропорцияналды емес болуын қарастырады.
4. Қоғамдық денсаулықты қорғау, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау сияқты қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттарына қол жеткізу үшін әзірленген және қолданылатын Тараптың кемсітпейтін реттеуші әрекеттері осы баптың 2-ші тармағының (b) тармақшасында көрсетілген экспроприацияны білдірмейді.
| II қосымша |
Төрешілер мен медиаторлардың мінез-құлық кодексі
Анықтамалар
1. Осы Мінез-құлық кодексінде:
"төреші" осы Келісімнің 20-бабына (Төрелік құрам) сәйкес құрылған төреліктің мүшесін білдіреді;
"медиатор" осы Келісімнің 17-бабына (Делдалдық) сәйкес медиацияны жүзеге асыратын тұлғаны білдіреді;
"кандидат" төреші ретінде сайлау үшін кандидатурасы қарастырылып жатқан жеке тұлғаны білдіреді;
"көмекші" төрешіні тағайындау шарттарына сәйкес зерттеу жүргізетін немесе төрешіге көмек көрсететін адамды білдіреді;
"персонал" төрешіге қатысты көмекшіні қоспағанда, төрешінің басшылығындағы және бақылауындағы болатын кез келген адамды білдіреді; және
"талқылау", егер өзгеше көрсетілмесе, осы Келісімнің III-тарауының (Дауларды реттеу) 1-бөліміне (Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу) сәйкес төрелік талқылауды білдіреді.
Процесс үшін жауапкершілік
2. Әрбір кандидат заңсыз әрекеттерден және заңсыз әрекеттердің көрінісінен аулақ болуға, тәуелсіз әрі бейтарап болуға, тікелей және жанама мүдделер қақтығысынан аулақ болуға және дауларды шешу тетігінің тұтастығы мен бейтараптығын сақтау үшін жоғары мінез-құлық стандарттарын ұстануға тиіс.
3. Төрешілер төрелікте қаралатын мәселелер бойынша қандай да бір ұйымнан немесе үкіметтен нұсқаулар алмауға тиіс.
Ақпаратты ашу бойынша міндеттемелер
4. Төреші болып тағайындалғанға дейін кандидат өзінің тәуелсіздігіне немесе бейтараптығына әсер етуі мүмкін немесе сот талқылауында орынсыз ақылға қонымды көрінісін немесе біржақтылықты тудыруы мүмкін кез келген өткен немесе қазіргі мүдделерді, қатынастарды немесе мәселелерді даулы тараптарға жария етуге тиіс. Осы мақсатта кандидат кез келген осындай мүдделер, қатынастар және істер туралы білу үшін барлық орынды күш-жігерін жұмсауға тиіс.
5. Тағайындалғаннан кейін төреші 4-тармақта аталған кез келген мүдделер, қатынастар немесе мәселелер туралы білу үшін әрқашан барлық орынды күш-жігерін жұмсауды жалғастыруға және оларды жария етуге тиіс. Ақпаратты жария ету жөніндегі міндеттеме тұрақты міндет болып табылады, ол төрешіден талқылаудың кез келген кезеңінде туындайтын кез келген осындай мүдделер, қатынастар немесе мәселелер туралы ақпарат белгілі болған сәттен мүмкіндігінше ертерек жария етуді талап етеді. Төреші мұндай мүдделерді, қатынастарды немесе мәселелерді даулы тараптарды оларды қарастыру үшін жазбаша түрде хабарлау арқылы жария етеді.
6. Мүддені, қатынастарды немесе мәселені жария ету шын мәнінде осы мүдделердің, қатынастардың немесе мәселенің осы баптың 4 немесе
5-тармақтарының қолданылу аясына нақты жататынына нұқсан келтірмейді және қарсылық білдіруге немесе шеттетуге негіз болып табылады. Мүддені, қатынастарды немесе мәселені жария ету қажеттігіне қатысты айқын болмаған жағдайда кандидат немесе төреші ақпаратты ашу пайдасына бейімделуге міндетті.
7. Төреші осы Мінез-құлық кодексінің нақты немесе ықтимал бұзушылықтары туралы дау тараптарының назарына жеткізуге тиіс.
Төрешілердің міндеттері
8. Төреші осы Келісімнің III тарауының (Дауларды реттеу) 1-бөлімінің (Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу) ережелерін және қолданылатын рәсімдік қағидаларды сақтауға тиіс.
9. Төреші талқылау барысында өз міндеттерін мұқият әрі жылдам, сондай-ақ адал әрі ынтамен орындауға тиіс.
10. Төреші екінші төрешілерге талқылаудың барлық аспектілеріне қатысу мүмкіндігінен бас тартпауға тиіс.
11. Төреші тек талқылау барысында туындайтын және шешім немесе қаулы қабылдау үшін қажетті мәселелерді ғана қарастырады және осы міндетті басқа біреуге бере алмайды.
12. Төреші өз көмекшілері мен персоналы осы Мінез-құлық кодексінің 2 – 6, 8, 13 және 19 – 23-тармақтарынан хабардар болып, оларды сақтауы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға тиіс.
13. Төреші талқылауға қатысты қандай да бір біржақты тәртіппен байланысқа түспеуге тиіс.
Төрешілердің тәуелсіздігі мен бейтараптылығы
14. Төреші тәуелсіз және бейтарап болуға, біржақтылықтың немесе орынсыздықтың көрінісін тудыруды болдырмауға әрі оған жеке мүдделер, сыртқы қысым, саяси, қоғамдық резонанс, даулы тарапқа немесе дауға қатыспайтын тарапқа деген адалдық немесе сынға ұшырау қорқынышына ықпал етпеуге тиіс.
15. Төреші өзінің міндеттерін тиісінше орындауына кедергі келтіруі немесе кедергі келтіретіндей әсер тудыруы мүмкін қандай да бір міндеттемелерді тікелей немесе жанама түрде өзіне алуға немесе қандай да бір пайда табуға тиіс емес.
16. Төреші төреліктегі өзінің жағдайын қандай да бір жеке немесе жеке мүдделерді ілгерілету үшін пайдалануға тиіс емес және басқалардың оған ықпал ету үшін ерекше жағдайға ие болғандай әсер тудыруы мүмкін әрекеттерден аулақ болуы тиіс.
17. Төреші өткен немесе қазіргі қаржылық, іскер, кәсіби, отбасылық немесе әлеуметтік қатынастардың немесе міндеттемелердің оның мінез-құлқына немесе шешіміне әсер етуіне жол бермеуге тиіс.
18. Төреші өзінің бейтараптығына әсер етуі мүмкін немесе орынсыздық немесе біржақтылықтың көрінісін ақылға қонымды түрде тудыруы мүмкін қандай да бір қатынастарға түсуден немесе қандай да бір қаржылық мүдделерді иеленуден аулақ болуға тиіс.
Бұрынғы төрешілердің міндеттері
19. Бұрынғы төреші өз міндеттерін атқару кезінде біржақтылық танытқандай немесе төрелік шешімдер мен қаулылардан қандай да бір пайда көргендей әсер қалдыруы мүмкін әрекеттерден аулақ болуға тиіс.
Құпиялылық
20. Төреші немесе бұрынғы төреші осы талқылаудың мақсаттарынан басқа, сот талқылауына қатысты немесе сот талқылауы барысында алынған қандай да бір жарияланбайтын ақпаратты ешбір жағдайда жария етпеуге немесе пайдаланбауға тиіс және атап айтқанда, басқалар үшін жеке пайда табу немесе басқалардың мүдделеріне әсер ету үшін кез келген осындай ақпаратты жария етуге немесе пайдалануға тиіс емес.
21. Төреші аяқталмаған талқылаудың мәні бойынша ешқандай жария мәлімдемелер жасамауға тиіс.
22. Төреші шешімдерді немесе олардың бөліктерін олар жариялағанға дейін жария етпеуге тиіс.
23. Төреші немесе бұрынғы төреші заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік шешімдерін немесе талқылауларға қатысты кез келген төрешінің пікірін ешбір жағдайда жария етпеуге тиіс.
Шығыстар
24. Әрбір төреші рәсімге жұмсаған уақыты туралы және өз шығыстары, сондай-ақ өз көмекшілерінің уақыты мен шығыстары туралы есеп жүргізеді және түпкілікті есепті ұсынады.
Көмекшілер мен қызметкерлердің міндеттері
25. Осы Мінез-құлық кодексінің 2 – 6, 8, 13 және 19 – 23-тармақтары көмекшілер мен персоналға қатысты да қолданылады.
Медиаторлар
26. Осы Мінез-құлық кодексінде mutatis mutandis баяндалған қағидалар төрешілерге немесе бұрынғы төрешілерге қолданылғандай, медиаторларға да қолданылады.