"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 5) тармақшасына сәйкес Түркістан облысының Түркістан қаласын кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған, Түркістан облысы мен Түркістан қаласының мәслихаттары мақұлдаған Түркістан облысы Түркістан қаласының бас жоспарының жобасы (негізгі ережелерді қоса алғанда) бекітілсін.
2. "Түркістан облысы Түркістан қаласының Бас жоспары туралы (негізгі ережелерді қоса алғанда)" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № 793 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 353 қаулысымен бекітілген |
Түркістан облысы Түркістан қаласының бас жоспары (негізгі ережелерді қоса алғанда)
1. Жалпы ережелер
Түркістан қаласының бас жоспары (бұдан әрі – Бас жоспар) қаланың дамуын айқындайтын кешенді құжат болып табылады, ол аумақтық жоспарлауды ұйымдастыруды, қала құрылысы аймақтарына бөлуді, әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ туристік сектордың орнықты өсуі мен дамуын және ұзақ мерзімді перспективада абаттандыруды қамтамасыз етеді.
Өңірдің экономикасына туризмнің үлесін барынша арттыруға кешенді тәсіл арқылы қол жеткізіледі, оған инфрақұрылымды дамыту, туристік дестинацияларды ілгерілету, жаңа туристік өнімдер құру, қызмет көрсету сапасын арттыру және дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету кіреді.
Бас жоспарды іске асыру нәтижесінде инвестициялық тартымдылықтың артуы, көліктік және инженерлік инфрақұрылымның дамуы, экономикалық өсудің жаңа нүктелерінің қалыптасуы, сондай-ақ туристік әлеуметтің және онымен байланысты салалардың күшеюі күтіледі, бұл халықтың өмір сүру деңгейі мен өңір экономикасының орнықтылығының жоғарылауына әкеледі.
Қаланың бас жоспары Түркістан қаласының аумақтық дамуының ұзақ мерзімді перспективаларын, сәулет-жоспарлау құрылымын қалыптастыруды, аумақты функционалды-қала құрылысы аймақтарына бөлуді, жалпықалалық мақсаттағы объектілерді орналастыру және қызмет көрсету жүйесін ұйымдастыру бойынша негізгі шешімдерді, көше-жол желісін және көлік қызметін дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды, аумақты инженерлік қорғау және дайындау бойынша ұсыныстарды, экологиялық ахуалды жақсарту бойынша қала құрылысы іс-шараларын айқындайды.
Бас жоспардың схемасы (негізгі сызбасы) осы Бас жоспарға қосымшаға сәйкес перспективадағы аумақтық даму шекараларында орындалған.
2025 жылғы наурызда "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының № 165-VIII Заңы қабылданды, бұл қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғалатын аймағында орналасқан ескерткіштерді басқару мен сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қолданыстағы Бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін әзірлемелер жүргізілуде. Бас жоспарда мынадай жобалық кезеңдер қабылданған:
бастапқы жыл | – | 2024 жыл; |
бірінші кезең | – | 2031 жыл; |
есепті мерзім | – | 2044 жыл. |
2. Түркістан қаласы туралы мәліметтер
Түркістан қаласы – Түркістан облысының әкімшілік орталығы, республикалық маңызы бар Шымкент қаласынан 165 км қашықтықта орналасқан және Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі болып табылады, Қазақстанның оңтүстік облыстарын оның батыс және шығыс өңірлерімен байланыстыратын республикалық маңызы бар автомобиль және теміржол көлігі магистральдарында орналасқан. Түркістан қаласында да, оның маңында да дін мен мәдениеттің тарихи ескерткіштері бар.
Түркістан қаласының басты мақтанышы – ежелгі Түркістанның қорғалатын аймағымен бірге қаланың тарихи ошағында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 2000 жылы Түркістан 1500 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтті, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді, 2017 жылы Түркі мәдениеті халықаралық ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленді.
Түркістан қаласы Ұлы жібек жолында пайда болған және шығыс пен батыс арасындағы сауда жолдарында тиімді орналасқан қалалардың бірі болып табылады. Қала ретіндегі Түркістан туралы алғашқы деректер XV ғасырға жатады.
Түркістан қаласы Жоңғар тауларынан Жетісу мен Сырдария маңындағы дала арқылы Арал теңізіне дейін созылып жатқан ежелгі Қазақстан қалалары алқасындағы ең ірі інжу-маржаны болып табылады.
Түркістан қаласының бекітілген шекарасы – 22 370 гектар.
3. Табиғи-климаттық және инженерлік-геологиялық аспектілер
"Құрылыс климатологиясы" ҚР ҚЕ 2.04-01-2017 сәйкес Түркістан қаласының аумағы IVА кіші ауданға жатады, жазда ыстық, аптап, ұзаққа созылмайтын қыста салыстырмалы түрде жылы ауа райымен, атмосфералық жауын-шашынның тапшылығымен және желдің соғып тұруымен сипатталады. Түркістан қаласының көлденең бетіндегі жалпы күн радиациясының жылдық құйылуы күн ашық болғанда орта есеппен 7000 МДж/м² тең. Жаз айларында 12-13 сағат бойы күн жарқырап тұрады. Жаз 5 айға созылады (мамыр – қыркүйек аралығында). Жаз мезгілінде температура көбінесе жоғары (25-28℃) болады, күндізгі уақытта ауа температурасы 30℃-тан асады. Топырақ 50-55℃ дейін, ал кейбір күндері 70℃ дейін қызады. Қысы қысқа әрі құбылмалы. Суық ауа температурасы желтоқсан – ақпан айларында тіркеледі. Қаңтар айының орташа температурасы – -5,4℃, орташа максимум – -0,5℃, орташа минимум – -9,5℃, абсолюттік минимум -38℃ тең.
Жыл бойы жел көбінесе шығыс бағыттан соғады, жаз мезгілінде солтүстік-шығыстан және солтүстік-батыстан соғатын жел көп болуы мүмкін, ал қыс мезгілінде жел шығыстан соғады және көбінесе тынық болады.
Түркістан қаласының аумағы арқылы мына өзендер мен каналдар өтеді: Арыс-Түркістан магистральді каналы (бұдан әрі – АТК) және Қарашық өзені.
Қарашық өзені, уақытша ағын сулар, суару арналары, дренаждық коллекторлар қаралып отырған аумақтағы гидрографиялық желіні құрайды. Қарашық өзенінің ұзындығы 198 км құрайды, жалпы төмендеуі – 1050 м, орташа еңісі – 0,0084. Арыс – Түркістан суару каналы 1961 жылы салынған, жалпы ұзындығы – 142 км, ең жоғары су өткізу қабілеті – 45 м³/сек. Канал қарастырылып отырған бүкіл аумақты оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай кесіп өтеді, Түркістан қаласының солтүстік-шығыс шекарасы арқылы өтеді және өзінің бүкіл ағысының бойында құнды суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің кең ауқымды аймағын қалыптастырады. Каналдың тереңдігі – 3-4 м, ені – 20-25 м. Тарату арналарының дамыған желісі магистральды су ағынынан бастау алады.
4. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы
Түркістан облысы – Қазақстан Республикасының индустриялық-аграрлық тұрғыдан дамыған өңірлерінің бірі, өндірістік-экономикалық әлеуеті мол. Бұл – Қазақстандағы еңбек ресурстары көп өңірлердің бірі. Облыс мақта, былғары шикізаты, өсімдік майы, жеміс-жидек, көкөніс, жүзім, қауын-қарбыз, макарон, темекі өнімдері, алкогольді және алкогольсіз сусындардың ірі өндірушісі және жеткізушісі болып табылады. Облыста сонымен қатар уран кендері, цемент, мұнай өнімдері, қуат трансформаторлары, майлы ажыратқыштар, шұлық, тігіншілік бұйымдарды, жиһаз шығарылады.
Тамақ өнеркәсібі
Тамақ өнімдері өндірісінің көлемі 1,2 миллиард теңгені құрады. Қаладағы тамақ өнеркәсібі негізінен нан-тоқаш, кондитерлік және шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындардан тұрады.
Жеңіл өнеркәсіп
Жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 106,8 миллион теңгені (қаланың жалпы өнеркәсіп өнімінің 0,4 %-ы) құрады.
Қала аумағында ай сайын 13 мың текстиль бұйымдарын шығаратын "Turkistan Textile" фабрикасы жұмыс істейді, сондай-ақ мақта талшығын өндіретін "Түркістан-Мақта" ЖШС, "Фараб комбинаты" ЖШС қызмет атқарады.
Түркістан қаласында өнеркәсіп өндірісінің өсімі байқалады, әсіресе асыл және түсті металдарды, азық-түлік өнімдері мен машина жасауды қоса алғанда, өндеу өнеркәсібінде. Қалада арнайы және индустриялық аймақтар жұмыс істейді, құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі сияқты жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Түркістан қаласында өнеркәсіптің дамуы:
1. Өндіріс көлемінің артуы. Соңғы жылдары қара металлургия, мұнай өңдеу өнімдері, сусын, бейметалл минералды өнімдер, қағаз, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз өндірісі сияқты түрлі салаларда өндіріс көлемінің өсімі байқалады.
2. Өңдеу өнеркәсібі. Өңдеу өнеркәсібіне негізгі асыл және түсті метал өндірісі, азық-түлік өнімдері өндірісі және машина жасау салалары қомақты үлес қосады.
3. Арнайы және индустриялық аймақтар. Түркістанда жалпы аумағы 180 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ және 190 гектар индустриялық аймақ жұмыс істейді, олар өнеркәсіптің дамуына елеулі ықпалын тигізеді.
4. Тамақ өнеркәсібі. Тамақ өнімдерінің өндірісін қамтитын тамақ өнеркәсібінің дамуы – қаланың өнеркәсіптік секторының маңызды құрамдас бөлігі.
Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығы өндірісі Түркістан қаласының шаруашылық кешенін дамытуда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректеріне сәйкес 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 9010,05 миллион теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 6041,0 миллион теңге, мал шаруашылығы 2969,5 миллион теңге болды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары мынаны қамтиды:
ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, өсімдіктердің сорттары мен жануарлардың тұқымдарын жақсарту үшін цифрландыру, автоматтандыру және биотехнология сияқты жаңа технологияларды енгізу;
өңдеу өнеркәсібін дамыту, жалпы экспорт көлеміндегі қайта өңделген өнім үлесін ұлғайту үшін өңдеу кәсіпорындарының жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту және жаңаларын салу;
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халық сұранысын өтеу және импортқа тәуелділікті азайту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерінің өндірісін ұлғайту;
шағын шаруашылық жүргізу нысандарын қолдау, шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпорындарға қаржылық және ұйымдастырушылық көмек көрсету;
ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, ауылдық жерлердегі тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру;
өндірісті экологияландыру, орнықты даму қағидаттарын енгізу, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және экологиялық қауіпсіздікті жоғарылату;
АӨК өнімдерінің экспортын, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін ұлғайту, жаңа нарықтарға шығу.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы болып табылады және азық-түлік қауіпсіздігін, халықтың жұмыспен қамтылуын және ауылдық аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз етеді.
Туризмді дамыту
2018 жылы облыстың әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру көне қаланың мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа дәуірге қадам басты деуге болады. Түркістанның географиялық орналасуы және бай да көркем тарихы көршілес елдермен өзара тиімді әріптестік орнатуға үлкен мүмкіндік береді. Түркістан қаласы өңір пен елдің шын мәніндегі інжу-маржанына айналды. Мұнда әкімшілік орталық, Неке сарайы, амфитеатр, бассейні бар спорт сарайы, жеті мың адамға арналған стадион, конгресс-холл, бірегей ғылыми-техникалық кітапхана, бес мың адамға арналған мешіт, көз тартар есу каналы, жаңа саябақтар және басқа да объектілер пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұр.
Қаланың тарихи бөлігіне ерекше назар аударылған, бүгінде ол арқылы ортағасырлық атмосфера мен рухты сезінуге болады. 2019 жылдың желтоқсанында құрылысы басталған Орталық Азиядағы көп функциялы ең ірі туристік кешен – "Керуен-сарайдың" ашылуы ауқымды оқиға болды. Объект "Әзірет-Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы алдында 20,5 гектар аумақта орналасқан. Кешен құрамына Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, "ұшатын театр", салт аттылар шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда қатарлары мен бутиктер кіреді. Барлық құрылыстардан су каналына шығуға болады, онда "Қайықтар парады" атты судағы театрландырылған шоу өткізіледі.
Жеке инвесторлар есебінен салынған "Rixos", "Hampton by Hilton", "Нұр-Әлем" қонақүй кешендері, фитнес орталығы және орасан зор "Керуен сарайы" қаланың өткенінен болашағына апаратын нағыз көркем көпірге айналды.
Түркістанның дамуы көбінесе оның туристік әлеуетіне сүйенеді. Тәу етушілер туризміне арналған инфрақұрылымға ерекше мән беруге болады.
Туристік қалалар брендтің жаһандық танымалдығын қалыптастыруға басымдық беретінін қазіргі әлемдік практика көрсетіп отыр. Осыған байланысты мәдени символдарды, туристік маршруттарды және ұлттық бірегейлікті қамтитын Түркістанның бірыңғай брендинг тұжырымдамасын әзірлеу ұсынылады.
Түркістанда туризмді дамыту инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға және тарихи-мәдени мұраны ілгерілетуге бағытталған, бұл туристер легінің өсуіне ықпалын тигізді. Негізгі бағыттарға объектілерді рестарвациялау, жаңа қонақүйлер мен аквапарктер салу, цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ ұлттық фестивальдер өткізу және қазақ мәдениетін таныстыратын этноауылдар құру кіреді. Түркістанның түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесін алуы халықаралық деңгейде кеңінен танылып, әрі қарай дамуына серпін берді.
Экономикалық әсер
Туристік саланың дамуы өңір мен жалпы ел экономикасына оң ықпалын тигізеді. 2024 жылы қазақстандық үй қожалықтары жол жүруге 957,7 млрд теңге жұмсаған, бұл 2023 жылға қарағанда 10,2 % көп. Салыстыратын болсақ, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 34,9 %-ға өскен болатын.
"Таза Қазақстан" бастамасы аясында экологиялық және мәдени туризмді белсенді ілгерілету жүргізілуде, ол экологиялық және рухани мәдениетті нығайтуға бағытталған. Саланың сарапшылары Түркістандағы туристік көрсеткіштердің тұрақты өсуі ішкі туризмді дамыту және Қазақстанның халықаралық аренадағы туристік тартымдылығын арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететінін атап отыр.
Сауда
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректері бойынша Түркістан қаласында 2023 жылы бөлшек сауда көлемі 79,5 млрд теңгені, көтерме сауда көлемі 36,5 млрд теңгені құрады.
Тамақ өнімдерін және сусын жеткізу бойынша көрсетілген қызметтер 14,9 млрд теңгені құрады.
Түркістандағы сауданың дамуы оның рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық ретіндегі ерекше мәртебесімен тығыз байланысты. Осы мәртебеге байланысты туристтер легінің артуы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге деген сұраныстың өсуіне ықпалын тигізеді, ал бұл өз кезегінде сауданың дамуын ынталандырады.
Құрылыс
Тұрғын үй қорының жалпы ауданы – 4213,6 мың м2, оның ішінде тұрғын аудан – 2872,8 мың м2. Тұрғын үйлер саны – 31837 дана, оның ішінде жеке тұрғын үй – 31179 дана, көпқабатты үй – 658 дана. Тұрғын үймен қамтамасыз етілу – адам басына 19 м2.
2023 жылғы құрылыс көлемі 219,6 млрд теңгені құрап, оның алдындағы жылға қатысты салыстырғанда 103,3 % болды.
Жаңа құрылыс объектілерді болашақ сұраныс пен өзгерістерді ескере отырып, сондай-ақ заманауи технологиялар мен материалдарды қолдану арқылы салуды көздейді. Бұл жаңа ғимараттар мен құрылыстарды тұрғызуды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы объектілерді реконструкциялауды да қамтиды, басты назар орнықтылыққа, энергия тиімділігіне және өзгермелі жағдайларға бейімділікке аударылады.
Инвестициялар
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректері бойынша 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 323,5 млрд теңгені құрады.
Ғимараттар мен құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарына салынатын инвестициялардың үлесі 2020 жылғы 327760,0 миллион теңгеден 2023 жылы 274480,8 миллион теңгеге дейін төмендеді.
2020–2023 жылдар аралығында инвестициялардың негізгі үлесі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға және өнеркәсіпке тиесілі болады.
Білім беру
Қала аумағында жобалық қуаты 25214 оқушыны құрайтын 46 жалпы білім беретін мектеп орналасқан, оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Мектепке дейінгі білім беру: мектеп базасында шағын орталықтар жұмыс істейді, сондай-ақ жобалық қуат 3630 орынды құрайтын 20 бөлек тұрған балабақша қызмет етеді.
Түркістан қаласында 2 университет бар – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Халықаралық туризм және меймандостық университеті. 2023/2024 оқу жылының басында студенттер саны 10787 адамды құрады.
Түркістанды дамытудың ықтимал бағыттары:
1) мақта, жібек және жүн сияқты текстильдік шикізат өндірісін ұлғайту, мемлекеттің осы шикізат түрлеріне сұранысын толық өтеуге жеткізу;
2) әрқилы майлы заттарды – өсімдік (мақта) және жануар тектестерді – қатты түрдегі тағам, қою сабын, экстра майы, ақ сабын, таза сабын, доңғалақ жақпамайы, гудрон, олеин, стеарин, май ұнтағы және т.б. етіп өңдеп шығару, мақта шаруашылығы мен мал шаруашылығынан алынатын тиісті шикізатты (мақта тұқымы және ет, консерв және мұздатылған ет дайындаған кездегі қалдықтар) толық қайта өңдеуге дейін жеткізу;
3) мақта сабағы мен делинттен, яғни қағаз өндірісіне, жарылғыш заттар, жасанды жібек, фибра, жасанды ат қылшығы және т.б. өндірісіне қажетті шикізат алу бағытында целлюлоза өңдеп шығару;
4) қантты өнімдер өңдеп шығару – қызылшадан, жүзімнен, балдан қант жасау, кептірілген жеміс және т.б. түріндегі жемістер мен жүзімнен пюре, тосап, консервілер мен басқа да түрлі-түрлі өнімдер жасау;
5) Түркістан қаласындағы оңай қазып алуға болатын тұзды жерлерден калий (KCl), глаубер тұзы (Na₂SO₄), ас тұзы (NaCl) және басқа да сульфаттар мен хлоридтерді өндіру (тұз қоры миллиардтаған пұтпен есептеледі);
6) өндіріс орнында жоғарыда аталған шикізат түрлерінен Түркістан қаласының өзіне және онымен шектес елдерге қажетті көлемде дайын өнімдер, яғни:
а) түрлі сорттағы мақта-мата;
б) түрлі сорттағы жібек мата;
в) түрлі сорттағы жүн мата;
г) түрлі сорттағы қағаз;
д) жарылғыш заттар;
е) қант;
ж) химиялық құнды өнімдер – сода, күйдіргіш натр, күкірт қышқылы және басқалары;
з) түрлі өңдеуден өткен былғары өндірісін ұйымдастыру.
5. Демографиялық ахуалды талдау және халық санының болжамы
2024 жылдың басында Түркістан қаласы халқының саны 228,1 мың адамды құрады. 2009 жылғы халық санағы нәтижелерімен салыстырғанда халық саны 85,1 мың адамға немесе 37,3 %-ға артты (4.1.1-кесте).
2019 – 2024 жылдар аралығында Түркістан қаласының халқы 164,7 мың адамнан 228,1 мың адамға дейін өсіп, 1,4 есеге ұлғайды.
Түркістан қаласының халық санының болжамы БҰҰ-ның халықаралық стандартына сәйкес демографиялық болжау әдісі бойынша жасалды.
Осылайша, болжам бойынша халық саны:
1) бастапқы жылы 228,1 мың адам;
2) 1-кезеңде 280,0 мың адам;
3) есепті мерзімде 400,0 мың адам болады.
6. Тұрғын үй-азаматтық құрылыс
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қаладағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 4 213,5 мың м² құрады. Қазіргі құрылыс салуды сипаттау үшін Ұлттық статистика бюросының материалдары және аумақты кварталдық зерттеу деректері пайдаланылды.
Қазіргі тұрғын үй қорының басым бөлігін жеке тұрғын үйлер құрайды. Көпқабатты тұрғын үй қорында 5–9 қабатты құрылыс көп, жаңа тұрғын үй қоры бойынша 12 қабатты үйлер де кездеседі. Тұрғын үй қорының жалпы көлемінің 1 %-ын мемлекеттік қор, 99 %-ын мемлекеттен басқа жеке қор құрайды.
ҰСБ департаментінің деректері бойынша Түркістан қаласында авариялық күйдегі 1 тұрғын үй бар, жалпы ауданы – 0,1 мың м², онда бір адам тұрып жатыр. Бұл авариялық үй әрі қарай пайдалануға жарамсыз болғандықтан, бірінші кезекте сүріп тасталады.
Аумақтық тұрғыдан алғанда, жоспарлау аудандарының игерілу деңгейінің әртүрлілігі мен функционалдық аймақтарға бөлінуіне байланысты тұрғын үй қоры біркелкі бөлінбеген, қазіргі жеке тұрғын үй қорының 22 %-ы Шаухар ауданында, 23 %-ы Бекзат ауданында орналасқан, ал көпқабатты тұрғын үйлердің 80 %-ы Отырар ауданында шоғырланған.
Есептік жылы қала бойынша жалпы тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етілу бір адамға 18 м² болды.
Бас жоспарда қазіргі құрылысты барынша сақтау ұсынылады. Жобалық бүкіл кезең ішінде 8093,6 мың м² жалпы тұрғын үй ауданы салынады, оның ішінде құрылыстың бірінші кезегінде – 3557,4 мың м². Есепті мерзімге қарай тұрғын үй қорының жалпы ауданы 11 199,8 мың м² дейін ұлғаяды.
Халыққа қызмет көрсету жүйесін қалыптастырудың қазіргі жай-күйі және жобалық ұсыныстар
Қаланың бас жоспарында перспективада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жаңа қала құрылысы және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бағытталып, мына бағыттарды қамтиды:
қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру әлеуметтік маңызы бар объектілерді нормативтік деңгейге дейін жеткізуге бағытталуға тиіс;
қызмет көрсетудің жаңа түрлері мен жаңа кәсіпорындарын көбейту арқылы қаланың барлық аудандарында тұрғындар үшін тең әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау;
қызмет көрсету жүйесін әлеуметтік сала объектілерінің қалыптасқан желісінің, даму үстіндегі көліктік байланыстардың және жаңа тұрғын үй-азаматтық құрылыс аудандарының базасында дамыту;
қызмет көрсету объектілері қорын үнемі ұлғайтып тұру, сондай-ақ өз мақсатына сай келетін қолданыстағы әлеуметтік объектілерді сақтау.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту
Мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру кезінде басты күш-жігер қызмет көрсетудің әрқилы түрлеріндегі тұрғын үй құрылысы мен халық санының өсуінен артта қалуды еңсеруге жұмсалуға тиіс. Бас жоспарда қала тұрғындарын мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетудің барлық түрімен толық әрі жан-жақты қамтамасыз етуге негізделген мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жүйесі көзделуге тиіс.
Жалпы қала бойынша және перспективалық жаңа даму аумақтарындағы қызмет көрсету мекемелері мен кәсіпорындарының құрамы мен сыйымдылығына есепті мерзімге арналған қажетті сұраныс 2031 және 2044 жылдарға арналған жобалық халық санына сәйкес және қала халқына қызмет көрсетуді ұйымдастырудың қазіргі жағдайы ескеріле отырып анықталды.
Қызмет көрсету мекемелері мен кәсіпорындарының есеп-қисабы мына нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізілді: ҚР ЕЖ 3.01-101-2013 "Қала құрылысы. Қалалар мен ауылдық елді мекендердің жоспарлануы және құрылысы", ҚР ҚН 3.01-01-2013 "Қала құрылысы. Қалалар мен ауылдық елді мекендердің жоспарлануы және құрылысы", ҚР ЕЖ 3.01-01-2008 "Қалалардың және басқа да елді мекендердің жекелеген бөліктерінің жоспарлау жобаларын әзірлеуге арналған әдістемелік нұсқаулар", ҚР ЕЖ 3.01-102-2012 "Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын жоспарлау және салу", әрбір тұрғын-үй ауданы үшін шешімдер ұсынылатын құрылыс салу құрамына, белгіленген нормаларға және тұрып жатқан халық санына сәйкес қабылданады.
Білім беру
Мектепке дейінгі мекемелер
Қазіргі уақытта қалада жалпы сыйымдылығы 3630 орынды құрайтын мектепке дейінгі 20 тұрақты мекеме бар.
16227 орынды құрайтын жеке меншіктегі мемлекеттік емес 136 мектепке дейінгі мекеме бар.
Есепті кезеңнің соңына қарай мектепке дейінгі тәрбие объектілерінің (мемлекеттік) жалпы сыйымдылығы 24690 орынды құрайды. Жаңа құрылысты қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен де, жеке инвесторлар есебінен де көзделіп отыр. Бірінші кезекке жалпы сыйымдылығы 11500 орынды құрайтын 52 балабақша қарастырылған. Есепті мерзімге жалпы сыйымдылығы 9560 орынды құрайтын 48 балабақшаны орналастыру көзделген.
Жалпы білім беретін мекемелер
Бас жоспарда жалпы білім беретін мекемелер желісін жартылай орта біліммен толық қамту және балаларды бір ауысымда оқытып, орта біліммен қамтуды 75 %-ға дейін кеңейту көзделген. Осыған сүйене отырып, есепті мерзімнің соңына қарай жалпы білім беретін мектептердің жалпы сыйымдылығы 90,0 мың оқушыны құрауға тиіс. Бірінші кезекте жалпы сыйымдылығы 45630 оқушыны құрайтын 35 мектепті орналастыру, есепті мерзімге жалпы сыйымдылығы 19100 оқушыны құрайтын 18 мектепті орналастыру жоспарланып отыр.
Арнаулы орта, кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындары
Түркістан қаласында 9 оқу орны бар, оның ішінде 3-еуі мемлекеттік, 6-уы мемлекеттік емес мекемелер.
Қалада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті орналасқан. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ – Қазақстандағы тұңғыш халықаралық жоғары оқу орны және түркітілдес елдердің жоғары оқу орындары арасында халықаралық мәртебе алған жалғыз оқу орны. Білім беру қызметі 54 бакалавриат, 30 магистратура, 11 докторантура, 3 резидентура және 7 интернатура мамандығы бойынша жүзеге асырылады. Оқыту қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де жалпы 7036 студент білім алады. Оқытушылар құрамы 913 оқытушыдан тұрады.
Сондай-ақ қала аумағында Халықаралық туризм және меймандостық университеті орналасқан, онда 2068 студент оқиды. Оқытушылар құрамы 107 оқытушыдан тұрады.
Жекеменшік колледждерге: "Болашақ" колледжі, "Тұран" колледжі, "Дарын" колледжі, "Түркістан" көпбейінді медициналық колледжі, Түркістан индустриялық-педагогикалық колледжі, Түркістан кәсіптік-педагогикалық колледжі, Этнопедагогикалық колледж жатады.
7. Аумақты инженерлік дайындау
Биіктік жүйесі – Балтық жүйесі, координаттар жүйесі – жергілікті.
Жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 3,20 ‰ еңіс (Кентау қаласына шығатын жолдан Балтакөл ауылына шығатын жерге дейін 19,9 км).
Жобаланатын аумақтың жер беті 3 ‰-тен 36 ‰-ке дейін еңіс (республикалық маңызы бар магистральдық жолдың еңісін қоспағанда), бұл ҚР ҚН 4.01-03-2011 және ҚР ЕЖ 3.01-01-2008 талаптарына сәйкес (5.1-кестені қараңыз). Жер бетінде судың (жаңбыр суының) жиналуын болғызбау және жер қазу жұмыстарының көлемін азайту мақсатында ең аз еңіс деп 3 ‰ қабылданды. Бұл еңіс жобалық белгіні көтеріп (топырақ үйіп), контреңістер ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілді.
Жол бөлігінен және кварталішілік аумақтан жер бетіндегі суды ағызып жіберу жол жүрісі бөлігінің бойына салынатын су бұру каналдары (арықтар) арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте ғимараттардың нөлдік/бұрыштық белгілері қиылыстың берілген жобалық белгісінен 0,1 – 0,4 м аралығында қабылдануға тиіс.
8. Көлік және көше-жол желісі
Әуе көлігі
Өткізу қабілеті сағатына 250 жолаушы болатын (жылына 3,0 миллион жолаушы) халықаралық әуежай қала сыртында, қала шекарасынан солтүстік-шығысқа қарай 16 км жерде, Шаға ауылынан 3 км қашықта орналасқан және жұмыс істеп тұр.
Әуежай және оған іргелес жер таяудағы болашақта жүк және қойма терминалдары, көрме кешендері, сауда орталықтары және т.б. бар бизнес-парктер құру үшін инвестициялық тұрғыдан тартымды болады. Түркістан әуежайының болашағы ел ішінде, сондай-ақ шетелден келетін жолаушылар қатынасының артуымен ғана емес, сонымен қатар бүгінде байқалатын авиа жүк тасымалының өсу қарқынымен де байланысты. Болашақ авиациялық "хаб" үшін жағдай жасау – Түркістан қаласының ертеңі.
Теміржол көлігі
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі, қала және қала маңындағы аймақ тұрғындары санының өсуі, бірқатар ірі кәсіпорындардың қызметінің жандануы және олардың салынуы Түркістан станциясының теміржол көлігін одан әрі дамыту, жүк-жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуді жақсарту қажеттігін туғызды.
Есепті мерзімге "Түркістан – Шымкент" теміржол магистралінің бүкіл учаскесін электрлендіру ұсынылады. "Түркістан – Шымкент" теміржол магистралін электрлендіруді аяқтау (Арыс II-Түркістан 108 км учаскесі) Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымы шеңберіне кірмейді және Бас жоспарда Түркістан облысындағы "Ұлы Жібек жолы туристік бағытын жаңғырту" стратегиясы түрінде атап өтілген.
Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған теміржол вокзалы жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау талаптарына сай келмейді, сәулет ескерткіші мәртебесіне ие және оны реконструкциялауға болмайды.
Осы Бас жоспарда қаланың оңтүстік бөлігінде, жұмыс істеп тұрған Шымкент – Түркістан теміржол тармағының бойында жаңа теміржол вокзалын орналастыру көзделген. Жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 5000 жолаушыны құрайды.
Жаңа вокзалдың құрылысы есепті мерзімге қарастырылған.
Сыртқы автомобиль жолдары
Түркістан қаласының сыртқы автожол желісі халықаралық, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардан тұрады:
1) I санаттағы халықаралық автожол: "Батыс Еуропа – Батыс Қытай";
2) II санаттағы республикалық автожол: "Түркістан – Кентау";
3) III санаттағы республикалық автожол: "Түркістан – Шәуілдір;
4) III санаттағы облыстық автожол: "Түркістан – Балтакөл";
5) III санаттағы облыстық автожол: "Түркістан – Қарнақ".
Қазіргі уақытта "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық маңызы бар автожолының 16 км учаскесі Түркістан қаласының аумағы арқылы өтеді. Есепті мерзімге бұл жол қалалық магистральға айналады.
Сонымен қатар Түркістан қаласына 3-ші техникалық санаттағы облыстық маңызы бар автожолдар келеді. Жүк және транзиттік машина легін тұрғын аумақтардан тыс шығару үшін Бас жоспарда қаланың оңтүстік және солтүстік айналма жолдары қарастырылған (ұзындығы тиісінше 32 км және 30 км). Бас жоспарда ұсынылған қаланың автожол айналмасы (оңтүстік айналма) "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойынша транзиттік автокөліктің іркіліссіз және жоғары жылдамдықпен жүріп өтуін қамтамасыз етеді.
Түркістан қаласында "Саяхат" автостанциясы және тәулігіне 1000 жолаушыға арналған автовокзал бар. Түркістан қаласының аумақтық дамуына, халық санының өсуіне және қаланың мәдени-рухани және туристік орталық ретіндегі маңызының артуына байланысты халықаралық, қалааралық және қала маңындағы автобус бағыттарымен экскурсанттар мен туристерді тасымалдау көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Сыртқы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында 5000 жолаушыға арналған, өңірлік, қазақстандық және халықаралық маңызы бар маршруттарды жүзеге асыратын заманауи халықаралық автовокзал бар.
Қалалық жолаушылар көлігі
Қалада қоғамдық жолаушылар көлігінің бір түрі – автобустар мен шағын автобустар пайдаланылады. Қосалқы көлік – такси. Негізгі тұрғын аудандарды орталықпен және өнеркәсіптік аймақтармен байланыстыратын 20 қалалық маршрут ұйымдастырылған.
Перспективада автобус негізгі көлік түрі болып қалады. Перспективалық даму аудандарын қаланың қазіргі бөлігімен және өнеркәсіптік аймақпен байланыстыратын қалаішілік жолаушылар көлігінің жаңа маршруттары ұсынылады. Түркістан қаласы халқына көлік қызметін көрсетуді жақсарту үшін жолаушылар көлігі жұмысын нақты ұйымдастыру, жылжымалы құрамды пайдалану құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізу, шағын автобустар мен сыйымдылығы шағын автобустарды сыйымдылығы орташа және үлкен жайлы әрі бәсекеге қабілетті автобустарға ауыстыру ұсынылады.
Есептік мерзімге жолаушылар көлігінің негізгі түрлері автобус және BRT болады. Қала халқына көлік қызметін көрсетуді жақсарту үшін қозғалыс тұрақтылығын, маршруттардағы қажетті аралықтарды қамтамасыз етуді нақты ұйымдастыру, сыйымдылығы әртүрлі жылжымалы құрамды икемді пайдалану арқылы автобусты пайдалану тәсілін өзгерту ұсынылады. Құрылыстың 1-кезегінде жеке өндірістік-техникалық базасы және жылжымалы құрамы бар муниципалдық автобус паркін құру қажет. Магистральдық көшелерде жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту үшін жол жүрісі бөліктерінде автобустар қозғалысы үшін бөлінген жолақтарды кеңінен енгізу ұсынылады. Бұл жолаушылар көлігінің жүру жылдамдығын едәуір арттырады.
Бас жоспардың көше-жол желісі және көлік қозғалысы схемасында қалада BRT қоғамдық көлігінің жүрдек түрлерін кеңінен енгізу ұсынылады.
Көше-жол желісі
Қалада соңғы жылдары жеңіл автомобильдер паркінің ұлғаюы және автомобиль алу деңгейінің өсу перспективасы қала тұрғындарына көлік қызметін көрсетуді ұйымдастырудың бірқатар негізгі қағидаттарын қайта қарау, қуатты магистральдар жүйесін, автомобиль тұрақтарын және автокөлік қызметтерін көрсететін салаларды құру қажеттігін туғызады. Бүгінгі таңда Полиция департаментінің деректері бойынша қалада 45 237 автомобиль тіркелген, оның 38 085-і жеңіл автомобильдер.
Сонымен қатар бұрын көлік жүйесін құру немесе реконструкциялау бойынша іс-шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу кезінде капитал салымдарының белгілі бір шектеулі болатыны ескерілетін, яғни қала бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері байланыстырылды. Көше-жол желісін дамытуды негіздеу кезінде кейбір қиылыстарды қайта жоспарлау, көшелердің жаңа учаскелерін тесіп өту, бұрын жабылған учаскелердегі қозғалысты қалпына келтіру, жаңа көпірлер мен өткелдерді реконструкциялау және салу, көшелерді реконструкциялау және әртүрлі деңгейдегі көлік айрықтарын салу арқылы қолданыстағы желі тораптарының өткізу қабілеті коэффициентін ұлғайту үшін қолдағы мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет.
Түркістан қаласының заманауи көше-жол желісі кварталдар мейлінше жиі қиылатын тікбұрышты көшелер жүйесінен тұрады. Ескі қала ауданында тарихи қалыптасқан радиалды-айналмалы көшелер жүйесі сақталған.
Қаланың негізгі жоспарлау осьтері батыс және шығыс бағытта Шымкент және Қызылорда тас жолына шығатын Б. Саттарханов даңғылы, солтүстік бағытта Кентау тас жолына шығатын Қазыбек би көшесі, Қарашыққа шығатын әл-Фараби және Наурызым көшелері, оңтүстік бағытта Балтакөл тас жолына шығатын Ерубаев – Жандосов көшелері, Шәуілдір бағытына шығатын Жібек жолы даңғылы, сондай-ақ вокзал – әуежай тас жолы болып табылады.
Жаңа жоспарлау құрылымының негізгі қағидаты – тарихи орталықты бөліп көрсету, оның айналасында ішкі көлік сақинасы қалыптасады. Оны құру үшін қаланың оңтүстік бөлігінде Б. Саттарханов даңғылынан Майкөтов көшесіне дейін және солтүстік бөлігінде Қазыбек би көшесінен Ерубаев көшесіне дейін Жібек жолы даңғылын тесіп өту және Ерубаев көшесіне дейін Ортақ құрылысын салу ұсынылады.
Сонымен қатар Бас жоспарда Б.Саттарханов даңғылынан Жібек Жолы көшесіне дейін Қазыбек би көшесін кеңейтуді және Қошанов көшесінен солтүстік айналма жолына дейін Наурызым көшесін кеңейту ұсынылды.
Тарихи орталықта Б.Саттарханов даңғылын Тәуке хан даңғылымен Байбұрт көшесі арқылы қосу да көзделеді.
Бұдан басқа, Майкөтов көшесінің жалғасын теміржол желілері арқылы Балтакөл тас жолына дейін салу ұсынылады. Көшелер мен жолдардың жіктелуі және қызыл сызықтардағы параметрлері сәулет және қала құрылысы саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес қабылданған.
Жалпықалалық маңызы бар магистральдық көшелердің және сақиналы айналма автожолының бойында теміржол үстінен жол өтпелерін салу көліктің жалпықалалық орталықтан желі артындағы қала бөлігіне және сақиналы айналма жолына шығуын қамтамасыз етеді.
9. Инженерлік инфрақұрылым
Сумен жабдықтау
Түркістан қаласы халқының шамамен 90 %-ы орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілген. Негізгі бастаулар – жалпы қоры тәулігіне шамамен 300 мың м³ құрайтын Мырғалымсай, Біресек-Қантағы және Иқансу-Ктай жерасты кен орындары, бұл қаланың перспективадағы сұранысын толық қамтамасыз етеді.
Қазіргі су құбыры желісі – 1738,5 км, ескі учаскелердің тозу деңгейі 60–65 %-ды құрайды. Су беру жалпы қуаты тәулігіне 81,2 мың м³ болатын төрт негізгі су құбыры торабы арқылы жүзеге асырылады.
Су тұтыну:
бірінші кезек — 103,2 мың м³/тәулік
есепті мерзім — 164,4 мың м³/ тәулік
Таяудағы кезеңге қуат тапшылығы байқалады (шамамен 2 мың м³/тәулік), бұл жаңғыртуды талап етеді.
Жобалық шешімдер:
Иқансу–Қытай су көзінен магистральдық су құбырын салу;
жаңа су құбыры тораптарын құру (әрқайсысы 20 мың м³/тәулік);
тозған желілерді ауыстыру;
SCADA жүйесін енгізу, су шығынын бақылау және мониторинг жасау;
қосымша тазарту және қуаттарды резервке қою.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 1 738,5 | 3 020,0 | 5 100,0 |
Су құбыры құрылыстары тораптарының өнімділігі, м³ / тәулік | 61 250 | 120 000 | 180 000 |
Норма, л / күн / адам | 63 | 250 | 410 |
Су тұтыну, м³ / тәулік | 38 400 | 103 246 | 164 386 |
Халықтың сумен қамтамасыз етілуі, % | 90 | 99 | 100 |
Су бұру
Түркістанда халықтың 17 %-ын қамтитын орталықтандырылған бөлек су бұру жүйесі жұмыс істейді. Желілердің ұзындығы – 127,5 км, ескі құбырлардың тозуы 80 %-ға жетеді. Негізгі сарқынды су қуаты тәулігіне 20 мың м³ болатын қалалық кәріздік тазарту құрылыстарына (бұдан әрі – КТҚ) келіп түседі, нақты жүктемесі шамамен ~7,2 мың м³/тәулік. Тазартылған судың сапасы нормаларға сәйкес келеді, бірақ ғимараттарды жаңғырту қажет.
Сарқынды суды ағызып жіберу:
бірінші кезек: 69,4 мың м³/тәулік;
есепті мерзім: 114,1 мың м³/ тәулік;
өнеркәсіптік кәсіпорындар: 19,3 мың м³/тәулік;
нөсер ағыны: ~18 мың м³/ тәулік;
Болашақ көлемдерді қамту үшін жобада:
қуаты 75 мың м³/тәулік КТҚ салу;
КТҚ-1 (+60 мың м³/тәулік) реконструкциялау көзделген.
Жүйенің қорытынды қуаты – 160 мың м³/тәулік, бұл қаланың перспективадағы сұранысын қамтамасыз етеді.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 127,5 | 688,5 | 750 |
КТҚ саны, дана. | 27 | 8 | 3 |
Норма, литр/ күн / адам | 60 | 248 | 408 |
Qср сарқынды су шығыны, м³/ тәулігіне | 7 200 | 103,4 | 159,6 |
СТҚ өнімділігі, м³ / тәулік | 20 000 | 95 000 | 155,0 |
Халықтың су бұрумен қамтамасыз етілуі, % | 17 | 91,8 | 97,1 |
Нөсер кәрізінің техникалық-экономикалық көрсеткіштері
Көрсеткіш | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Нөсер кәрізінің жалпы ұзындығы | 68 | 40 |
Сорғы станциясы бар жаңбыр қабылдағыштардың саны, дана | 204 | 101 |
Модульдік жаңбыр суын тазарту станциялары | 48 | 16 |
Халықтың нөсер кәрізімен қамтамасыз етілуі, % | 90,7 | 95,1 |
Жылумен жабдықтау
Түркістанда аралас жүйе жұмыс істейді: орталықтандырылған қазандықтар + көптеген автономды (блок-модульді қазандықтар, шатырлық қазандықтар), оның ішінде 18 қазандық жұмыс істейді, орталықтандырылған қазандықтардың қуаты – 162,93 Гкал/сағат;
желілер – 56,2 км, тозуы – 23%, бір бөлігі ауыстыруды қажет етеді;
ағымдағы жүктеме – 487 Гкал/сағ, 1-ші кезекке қарай 756 Гкал/сағ-қа дейін артады;
негізгі жүктеме – жаңа Отырар, Тұран Сити, Шауһар аудандары;
қазірдің өзінде орталықтандырылған қазандықтардың қуаты жеткіліксіз.
Жоспар: орталық қазандықты кеңейту, жаңа автономды жылыту көздерін салу, тозған желілерді ауыстыру және 40 км магистраль салу.
ЖТП, автоматиканы, алдын ала оқшауланған құбырларды, күн коллекторларын және жылу сорғыларын енгізу ұсынылады.
Бұл сенімді жылумен жабдықтауды қамтамасыз етеді және шығындарды 8–10 %-ға дейін төмендетеді.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 56,2 | 96,2 | 96,2 |
Орталықтандырылған жүйенің жалпы өнімділігі, Гкал / сағат | 162,93 | 200 | 200 |
Жылу тұтыну, Гкал / сағат | 487,39 | 756,54 | 758,07 |
Газбен жабдықтау
Түркістан қаласын газбен жабдықтау "Интергаз Орталық Азия" АҚ-ға тиесілі АГРС-15 "Түркістанға" газ беретін жоғары қысымды магистральдық газ құбыры арқылы жүзеге асырылады:
газ АГРС-15-тен ГТП, ГРП және шкафты ГРП желісі арқылы беріледі, газдандыру деңгейі – 92 %;
желілердің ұзындығы – 1466 км, көп бөлігі жаңа (ПЭ-100), бірақ Шавгар мен орталықта тозған учаскелер бар;
қысым бойынша проблемалы аудандар: Отырар, Бірлік, Шавгар – жаңа ГТП қажет;
тұтыну: бірінші кезек – 107,9 мың м³/сағат, есепті мерзім – 55,6 мың м³/сағ;
өнеркәсіп – 54,9 мың м³/сағат, негізгі тұтынушы – "Түркістан Текстиль";
болашақ газ көздерінің қуаты: 220 мың м³/сағат (жұмыс істеп тұрған + "Сауран" АГТС);
қуат қоры бар, желі жаңа аудандарды дамытуды қамтамасыз етеді;
жоспар: "Сауран" АГТС, жаңа ГТП (ГТП-25, ГТП-14а) салу, газ құбырларын тұйықтау, ескі тораптарды жаңғырту.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есептік мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 1 466 | 1 720 | 1 950 |
ГТП және ГРБП саны, дана. | 31 | 44 | 55 |
Жүйенің жалпы өнімділігі, мың м³/сағ | 100 | 220 | 220 |
Табиғи газ шығыны, мың м³/сағ | - | 175,3 | 120,1 |
Халықтың газбен қамтамасыз етілуі, % | 92 | 99 | 100 |
Телефондандыру
Түркістанда дамыған телекоммуникациялық желі толық жұмыс істейді: тіркелген IP-телефония, 2G/3G/4G және 5G мобильді желілері (Қазақстан Республикасындағы алғашқы қала).
5G негізгі объектілерде жұмыс істейді: әкімдік, конгресс-холл, Түркістан
Арена, Фараб, Жастар сарайы; әуежайға және ірі кешендерге кеңейту жоспарлануда;
қалаға Қазақтелеком, Транстелеком, Beeline, Tele2/Altel, Kcell, AlmaTV, Қайнар-Медиа операторлары қызмет көрсетеді;
магистральдық байланыстар ТОБЖ, SDH, абоненттік — ТПП мыс кәбілдері және оптикалық желілер бойынша орындалған;
кең қамту және тұрақты байланыс үшін CDMA-450/800 станциялары қолданылады;
жобалық даму: FTTH (G-PON) көшу, АТС кеңейту, мультисервистік абоненттік қолжетімділікті арттыру;
қажеттілік: бірінші кезек — 70 000 нөмір, есепті мерзім — 100 000 нөмір.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 1 786 | 3 920 | 4 150 |
АТС саны, дана | 5 | 42 | 55 |
Жүйенің жалпы өнімділігі, нөмірлер | 60 000 | 70 000 | 100 000 |
Халықты жалпыға ортақ телефон желісімен қамтамассыз ету, % | 85 | 99 | 100 |
Электрмен жабдықтау
Түркістан қаласын электрмен жабдықтау жүйесі "KEGOC" АҚ энергожүйесінен түсетін 220 кВ және 110 кВ магистральдық желілерден қоректенетін радиалды-айналма схема негізінде қалыптастырылған.
Электрмен жабдықтауды 220-110-35-10-0,4 кВ желілері, қосалқы станциялар — 13 дана қамтамасыз етеді, қамтамасыз етілу деңгейі — 95 %.
Желілердің жалпы ұзындығы — 1056 км, тозуы — ескі учаскелерде 60 % дейін.
Негізгі қоректендіру орталықтары: Орталық, Коммуналдық, Солтүстік қосалқы станциялары.
Қуат тапшылығы ең жоғары аймақтар – Отырар, Бірлік, Тұран-Сити (жаңа ТҚС/ҚС қажет).
Тұтыну: бірінші кезек 239 МВт, болжалды мерзімі 240 МВт.
Қосалқы станциялардың қуат резерві үлкен — 754 МВт дейін.
Жоспар: жаңа ҚС салу (Бекзат, Сауран, Нұртас), ӘЖ 110 кВ күшейту, жаңа ТҚС 10/0,4 кВ.
Техникалық-экономикалық көрсеткіштер
Көрсеткіш | Қазіргі жағдай | Бірінші кезек | Есепті мерзім |
Желілердің ұзындығы, км | 1 056,5 | 2 750 | 2 950 |
ҚС саны, дана. | 13 | 16 | 16 |
Жүйенің жалпы өнімділігі, МВт | 587,7 | 619,7 | 1089,7 |
Электр жүктемелерінің шығыны, МВт | 60 | 332,21 | 335,43 |
Халықтың электрмен қамтамасыз етілуі, % | 95 | 99 | 100 |
Аумақты санитариялық тазарту
Түркістан қаласында ҚТҚ ұйымдасқан түрде жинау және шығару жүйесі жұмыс істейді. Көпқабатты аудандарда қамту деңгейі жоғары, ал жеке секторда шектеулі. Жалпы ауданы 50 гектар болатын негізгі полигон 95 %-ға толған (1,25 млн тоннаның 1,187 млн тоннасы), қалдық сыйымдылығы 62,8 мың тоннаны құрайды, бұл бір жылдан аз уақытқа жетеді.
Бөлек жинау ішінара енгізілген, сұрыптау және қайта өңдеу жеткіліксіз дамыған, ірі габаритті және қауіпті қалдықтарды қабылдау жүйесі жоқ.
Бас жоспарда қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи инфрақұрылымын құру көзделген: контейнер паркін жаңарту, алаңдарды кеңейту, қоқыс таситын көліктерге GPS-бақылау орнату, сұрыптау кешенін, қайталама шикізат қабылдау пункттерін және ірі габаритті қалдықтар үшін жаңа алаң салу.
Ауданы 50 гектар және сыйымдылығы 3,5 млн тонна болатын жаңа полигон салу жоспарланған, бұл жүйенің 25–30 жыл жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ энергия тиімділігін арттыратын шешімдер – метанды кәдеге жарату және Waste-to-Energy (қалдықтан энергия алу) технологиясы қарастырылуда.
10. Бас жоспардың жобалық шешімдерінің бірінші кезектегі қала құрылысы іс-шаралары
Бірінші кезек 2031 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және елді мекенді дамыту перспективаларына қатысты жоспарлар мен бағдарламаларға, сондай-ақ осы Бас жоспардың ұсыныстарын негізге алады.
Бас жоспарды жобалау кезінде қаланың әлеуметтік дамуының перспективалы деңгейіне сай келетін келесі факторлар ескерілді:
нақты функционалдық аймақтарға бөлу;
жаңа меншікжай үлгісіндегі жеке тұрғын үй құрылысын қалыптастыру;
қаланың қоғамдық орталығын және жаңа тұрғын үй құрылысындағы шағын қоғамдық орталықтарды одан әрі қалыптастыру;
қаланың көлік желісін және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі қалыптастыру және жетілдіру;
жолдардың бойындағы аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру;
қаланың микроклиматтық жағдайларын жақсартуға ықпал ететін жалпы пайдаланудағы жасыл желектердің бірыңғай, өзара байланысты жүйесін ұйымдастыру;
табиғатты қорғау және қоршаған ортаны сауықтыру бойынша іс-шараларды жүргізу.
Көшелер жүйесінің кеңістіктік шешімі мен құрылымы қазіргі жоспарлау құрылымы ескеріліп, қаланың сәулет-жоспарлау шешімімен және функционалдық аймақтарға бөлумен байланыста айқындалды.
Схемада белгіленген күйдіргі көмілген ошақтың орналасқан жерін ескере отырып, жоба бойынша бұл аумақта бірінші кезекте тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу жүргізілмейді. Мұндай аймақтағы кез келген қызмет қатаң реттеледі және ветеринариялық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі мемлекеттік органдармен келісуді талап етеді.
Бірінші кезектегі құрылысты іске асырудың негізгі міндеттері: жан басына шаққанда тұрғын үймен орташа қамтамасыз етілуді 27 м²-ге дейін арттыру, жаңа кешенді құрылыс салу ауданын инженерлік жабдықтармен қамтамасыз ету, құрылыстың бірінші кезегіне орналастыру үшін аудандарға арналған қала құрылысы жобаларын орындау. Құрылыстың бірінші кезегіндегі тұрғын аумақтарды салу бірінші қабаттарына қызмет көрсету объектілері салынған тұрғын үй кешендерімен және меншікжайлы құрылыс аудандарымен жоспарланған.
Осылайша, Бас жоспарда жаңа тұрғын үй құрылысының жалпы көлемі, қоныстанатын халық, оны орналастыру үшін қажетті аумақтар, қолданыстағы тұрғын үй қорының азаю көлемі, тұрғын үй қоры қозғалысының серпіні және құрылыстың қабат саны бойынша құрылымы айқындалған.
Қарастырылып отырған аумақ шегінде 2031 жылға дейін 3 557,4 мың м² тұрғын үй құрылысын орналастыруға болады, оның ішінде: 2-3 қабатты – 414,8 мың м², 4,5,6 қабатты – 1203,9 мың м², 6-12 қабатты – 1379,7 мың м², меншікжайлы – 559,0 мың м². Қабылданған шекаралардағы қала халқының саны 2031 жылдың бірінші кезеңінің соңына қарай 280,0 мың адамды құрайды.
Бас жоспардың бірінші кезеңінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және тұрғын үй қорын салуға Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Елді аумақтық кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауы негіз болады. Тұжырымдамада тұрғын үй құрылысы, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, ТКШ жүйесін жаңғырту және дамыту саласындағы мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары шоғырланған. Тұрғын үй құрылысындағы мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары құрылыс салынатын аудандарды инженерлік желілермен жабдықтау, жеке инвестиция тарту, ипотекалық бағдарламалар, бірыңғай тұрғын үй саясаты, аумақты кешенді жоспарлауды ескере отырып, тұрғын үй қорының өсуін ынталандыру есебінен халықтың қалың бұқарасы үшін қолжетімді тұрғын үй салуды ынталандыруға бағытталған.
Сондай-ақ ТКШ дамыту шараларына мыналар жатады:
құрылыс қызметіндегі реттеу және бақылау;
ТКШ-ын цифрландыру;
қала құрылысын жоспарлау;
халықты сапалы ауыз сумен ұтымды қамтамасыз ету.
Әлеуметтік маңызы бар объектілерден бірінші кезекке жалпы сыйымдылығы 45630 оқушыға арналған 35 мектепті орналастыру жобаланған және жалпы сыйымдылығы 11500 орынға арналған 52 балабақша қарастырылған.
11. Құрылыс шығындарының ірілендірілген есебі және құрылымы
Жобалық шешімдерді іске асырудың бірінші кезеңі (2031 жыл) бойынша құрылыс құны 1898,8 миллиард теңге сомасында айқындалды.
Күрделі салымдарды есептеу – ірілендірілген, бағдарлық сипатта болады.
Инвестицияларды айқындау үшін "Ғимараттар мен құрылыс құнының ірілендірілген көрсеткіштері. Өндірістік емес мақсаттағы объектілер. Түркістан облысы" ҚР ЖСЖ 8.02-04-2023 сәйкес бірқатар мекемелер мен қызмет көрсету кәсіпорындары бойынша сыйымдылық бірлігіне және өзге де объектілер бойынша орташа көрсеткіштер пайдаланылды.
Кесте – Күрделі салымдардың құрылымы
| 2031 жыл | |
млрд теңге | қорытындыға % | |
1. Өндірістік құрылыс, барлығы | 199,8 | 10 |
соның ішінде: | ||
1.1. Өнеркәсіп | 130,0 | |
1.2. Инженерлік жабдықтар және аумақты инженерлік дайындау, барлығы | 57,3 | |
соның ішінде: | ||
- сумен жабдықтау және кәріз | 12,0 | |
- жылумен жабдықтау | 7,5 | |
- электрмен жабдықтау | 28,0 | |
- байланыс және телекоммуникация | 0,8 | |
- аумақты инженерлік дайындау | 7,0 | |
- қаланы санитариялық тазарту | 0,5 | |
- газбен жабдықтау | 1,5 | |
1.3 Көше-жол желісі және көлік құрылыстары | 12,5 | |
2. Өндірістік емес құрылыс, барлығы | 1699,0 | 90 |
оның ішінде: | ||
2.1. Тұрғын үй құрылысы | 894,0 | |
2.2.Тұрғын үй қоры бойынша жөндеу-реконструкциялау іс-шаралары | 105,0 | |
2.3. Қызмет көрсету объектілерін салу | 700,0 | |
Капитал салымдарының жиыны | 1898,8 | 100,0 |
Капитал салымдарының жалпы көлемінің 199,8 миллиард теңгесі немесе 10 %-ы өндірістік құрылысқа, 1699,0 миллиард теңгесі немесе 90 %-ы өндірістік емес құрылысқа көзделген.
Өндірістік емес құрылыс шығындарының негізгі бөлігін тұрғын үй құрылысына жұмсалатын шығындар құрайды, олардың үлесі осы капитал салымдарын жалпы көлемінің 47 %-ын, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің құрылысына салынатын күрделі салымдардың үлесі 36,8 % құрайды.
12. Әуеайлақтардың маңызды аумақты аймақтарға бөлу
Әуеайлақтардың маңындағы аумақты аймақтарға бөлу "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орындалған.
Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметке: әуеайлақ маңындағы аумақтағы және әуе жолдары шегіндегі жергілікті жердегі кедергі болып табылатын объектілерді салу, электр беру желілерін орнату және басқа да құрылыстарды орналастыру; нәтижесінде әуе кеңістігінде радиотолқындық, көрінетін, акустикалық және өзге де сәулелену түрлері жүзеге асырылатын жұмыстар; құстардың жаппай шоғырлануына жағдай жасайтын немесе ұшу кезіндегі көрінуді нашарлататын объектілерді орналастыру, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдаланумен тікелей байланысты емес, бірақ ұшу қауіпсіздігіне, әуе кемелерінің жабдықтарына және ондағы адамдарға әсер ететін кез келген басқа қызмет жатады.
Мұндай қызметті Ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асыруға болады.
Салуға, орнатуға, орналастыруға, кеңейтуге, реконструкциялауға немесе техникалық қайта жарақтандыруға рұқсат алу талап етіледі:
1) биіктігі мен орналасуы Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалған әуеайлақ ауданындағы барлық объектілер;
2) авиациялық радиотехникалық құралдардың, жарық-сигнал беру жабдықтарының қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін, пилот көзінің шағылысуына себеп болатын байланыс, электр беру желілері, сондай-ақ радиотолқындық және көрінетін электромагниттік сәулеленудің басқа да объектілері;
3) жарылыс қаупі бар объектілер;
4) шығарып тасталатын газдарды авариялық жағуға арналған алау құрылғылары.
Алау құрылғыларының биіктігін айқындау кезінде жалын шығарындысының барынша ықтимал биіктігі ескеріледі;
5) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аудандарындағы көрінудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстар;
6) әуеайлақтың бақылау нүктесінен он үш километр радиустағы аң өсіретін фермалар, мал сою пункттері және ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға арналған басқа да объектілер. Қызмет Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларында айқындалатын өлшемшарттарға сәйкес құстардың жаппай шоғырлануына және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруге әкеп соқпаса ғана, оған рұқсат етіледі.
Осы бөлімнің 2-тармағында көрсетілген объектілерді салу, орнату, орналастыру, кеңейту, реконструкциялау немесе техникалық қайта жарақтандыру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Әуеайлақтың бақылау нүктесінен он үш километрден жақын қашықтықта құстардың жаппай шоғырлануына және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қалдықтарды тастау орындарын орналастыруға тыйым салынады.
Әуеайлақтан қаланың құрылыс салынған бөлігіне дейінгі қашықтық шамамен 12,5 км құрайды.
ӘБН-ден 13 км радиуста орман қоры аумақтары және жеке тұрғын үй құрылысының шағын аумағы орналасқан (схемасы қоса беріледі). Алайда аталған объектілер әуе кемелерінің ұшып шығу және қону аймағынан тыс орналасқан.

12.1-сурет. Түркістан қаласы әуежайының орналасу схемасы
13. Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шаралары.
Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар
"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 24 қазандағы № 732 бұйрығымен бекітілген Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының мазмұны мен көлемі жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық қорғаныс бойынша (бұдан әрі – АҚ) қалаларды топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу жүзеге асырылады.
Түркістан облысы әкімінің 2024 жылғы 3 шілдедегі №1-37-р-о/д өкіміне сәйкес азаматтық қорғаныс санаттары бойынша белгілі бір топтарға жатқызылған қалалар мен ұйымдардың тізбесі бекітілді. Көрсетілген құжат азаматтық қорғаныс талаптарын ескере отырып, облыс қалаларының жіктелуін белгілейді және оларды тиісті АҚ санаттары бойынша бөледі. Жоғарыда аталған заңнама негізінде Түркістан қаласы азаматтық қорғаныс бойынша үшінші топқа жатқызылды, бұл мынадай өлшемшарттармен айқындалады:
халық саны 250 000-нан 500 000 адамға дейін;
қала аумағында аса маңызды немесе санатталған санатқа жатқызылған ұйымдар бар;
қала аумағының немесе халқының 30 %-дан азы жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кіреді.
Түркістан қаласы аумағындағы ұйымдар төтенше жағдай туындаған кездегі маңыздылығы мен ықтимал салдарының дәрежесіне байланысты азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған (стратегиялық, тіршілікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, байланыс, энергетика ұйымдары). Мұндай ұйымдардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар Заңның 20-бабы негізінде қалыптастырады.
Әуе соққысының толқынынан қирайтын аймақтар
ҚР ІІМ № 732 бұйрығының 6-тармағына сәйкес:
10 кПа (0,1 кгс/см²) – қирауы ықтимал аймақ;
30 кПа-дан (0,3 кгс/см²) – жойқын қирауы ықтимал аймақ;
аралық аумақ – аздап қирауы ықтимал аймақ.
Қирайтын аймақтар шекараларының қашықтығы:
жойқын қирау – қаланың жобалық құрылысы шегінде;
аздап қирау – жобалық құрылыс шекарасынан 7 км дейін;
жобалық құрылыс қаланың бекітілген бас жоспарында айқындалады.
Ықтимал қирау аймағы ені 120 км болатын іргелес аумақпен бірге жойқын радиоактивті ластануы ықтимал аймақты құрайды, бұл АҚ жоспарларын және халықты эвакуациялау мен қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу кезінде ескеріледі.
Хабардар ету жүйесі
Хабардар етудің тиімділігі келесі іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етіледі: электр сиреналар мен сиреналық-сөйлеу құрылғыларын (ССҚ) іске қосу, телерадио хабарларының трансляциясын таратуды тоқтату, SMS-хабар тарату, смартфондарға арналған мобильді қосымшаларды пайдалану, сондай-ақ ақпаратты интернет-сайттарда орналастыру.
Төтенше жағдай туындау қаупі төнгенде немесе туындаған кезде халықты хабардар ету үшін "Баршаның назарына!" сигналы қолданылады. "Баршаның назарына!" сигналы бойынша халық қалыптасқан жағдайдағы іс-қимыл туралы нұсқаулықтарды алу және орындау үшін қолда бар ақпарат қабылдау құралдарын пайдаланады.
Сонымен қатар телерадио хабарларының трансляциясын үзу арқылы ақпараттық бейне және аудиохабар беру "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
Халықты хабардар етудің техникалық құралдары және қандай да бір тетіктерін пайдалану мүмкіндігі жоқ елді мекендерде ТЖД мобильді кешендері, дабыл-дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған жедел-қызметтік көлік, сондай-ақ үйлерді аралау жұмыстары іске қосылатын болады.
Қала және ауылдық округтердің имамдарымен төтенше жағдайлар қаупі төнгені немесе сондай жағдайлар орын алғаны туралы өңір халқын дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы хабардар ету мәселесі пысықталды. Барлық мешіттерде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері бар хабардар ету пакеттері дайындалған.
Азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйесі – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп туралы, қалыптасқан жағдайдағы іс-қимыл тәртібі туралы халықты және мемлекеттік органдарды хабардар етуді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы.
Бекітілген нормаларға сәйкес ("Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесінің техникалық құралдары тиесілігінің заттай нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 10 сәуірдегі № 130 бұйрығы) Түркістан облысының аумағын толық қамту үшін 1041 бірлік сиреналық-сөйлеу құрылғылары қажет. Қазіргі уақытта өңірде 359 ССҚ және 60 электр сирена (С-40) жұмыс істейді.
Түркістан қаласында 54 ССҚ және 1 бірлік С-40 орнатылған, бұл халықты 73 % деңгейінде қамтуды қамтамасыз етеді. Толық қамту үшін қосымша 20 ССҚ орнату қажет.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шешімдер
Табиғи апаттардың, авариялар мен дүлей апаттардың зақымдаушы факторларынан халықты қорғауға түрлі технологияларды, қорғау түрлерін, әдістерін және құралдарын кешенді пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Құрылыс салынатын аумақты инженерлік қорғау табиғи және техногендік процестердің жағымсыз әсерінен аумақты тиімді қорғауды қамтамасыз ететін бірыңғай кешенді аумақтық жүйені құруды көздейді. Қорғау іс-шаралары тұрғылықты ортаны оңтайландыруға, пайдалануға байланысты техногендік авариялар мүмкіндігінің алдын алуға бағытталған. Инженерлік қорғаудың бірыңғай кешенді аумақтық жүйелері қорғалатын учаскелер мен объектілердің инвестициялық салымдарына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, қаланың бүкіл аумағы үшін жобаланады.
Ықтимал жер сілкіністерінен инженерлік қорғау ғимараттар мен құрылыстардың тірек қабілетін күшейтуге, сейсмикалық төзімді емес элементтерді ауыстыруға, құрылыстардың беріктігін арттыруды қамтамасыз ететін қосымша конструктивтік шешімдерді қолдануға бағытталған құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға саяды.
Ғимараттардың сейсмикалық соққылардың әсеріне тұрақтылығын арттыру материалдық залалдарды азайтып қана қоймай, сонымен бірге орнына келмейтін материалдық шығындардың санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Аумақты су басу
Циклдік қауіпті табиғи құбылыстар арасында нөсер жауын, көктемгі-жазғы су тасқыны ерекше сипатталады. Олардың ішіндегі ең жойқын апат – су жайылуы.
Еріген жаңбыр суының ағынын Қарашық, Шаға, Шошқакөл магистральдық каналдарына бұру бойынша бірқатар алдын алу іс-шараларын қарастыру қажет.
Қала аумағының шекараларының өзгеруін ескерсек, Түркістан қаласының Отырар, Бірлік, Яссы, Сауран секторлары аумағындағы Шаға, Қарашық каналдарының бөгет денесін нығайту бойынша инженерлік іс-шараларды қарастыру қажет. Ең жақын су қорғау аймақтарын су деңгейінің датчиктерімен және жергілікті хабардар ету жүйесімен мониторингтеуді қарастыру керек (Заңның 42-бабы).
Көктемгі су тасқыны кезеңінде осы учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізу және оларды тексеру ұйымдастырылады. Азаматтық қорғау қызметтері ТЖ-ға ден қою және оның салдарын жою бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын өткізеді.
Су тасқыны кезеңіне Түркістан қаласының азаматтық қорғау мемлекеттік кіші жүйесінің күштері мен құралдары дайындыққа келтіріледі.
Су басу аймақтарынан халықты эвакуациялау, әдетте, су басу қаупі шарықтау шегіне жеткенге дейін алдын ала қарастырылады.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар өндірістер істен толық немесе ішінара шығатын авариялар, сондай-ақ кәсіпорынның тұтастай немесе оның жеке өндірістерінің немесе техникалық бірліктерінің жұмысына әсер ететін өндірістік ғимараттардың, құрылыстардың, аппараттардың, машиналардың, жабдықтардың авариялары жағдайында туындауы мүмкін.
Техногендік сипаттағы әдеттегіден тыс жағдайлар туындағанда қауіпті аймақтан халықты және ішінара кәсіпорындар қызметкерлерін эвакуациялау қажет, мұндай жағдайларда халықты қорғау үшін апат көзін оқшаулау маңызды міндет болып табылады, ол үшін әдеттегіден тыс жағдайдың туындауына себеп болған объектінің жұмысын қысқа мерзімге тоқтату немесе уақытша тоқтату қажет.
Қала әкімі бекіткен негізгі іс-шаралар жоспарына (жыл сайын жасалады) сәйкес техногендік апат орын алуы ықтимал объектілерде Заңның 46-бабына сәйкес азаматтық қорғау саласында оқыту, басшы құрам мен мамандарды даярлау және қайта даярлау жүргізіледі. Сондай-ақ ұйым басшысы бекіткен жоспар бойынша оқу дабылдары мен аварияға қарсы жаттығулар өткізіледі.
Қала аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметтің үш бөлімшесі бар.
Қаланың перспективалық аумақтық дамуын ескерсек, қолданыстағы өрт сөндіру деполары жеткіліксіз. Қала аумағында екі өрт сөндіру депосын салу, өрт сөндіру және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарына ден қою үшін жедел-құтқару жасағын құру көзделген.
Соғыс уақытына арналған шешімдер
Төтенше жағдайлардың ауқымын тиімді азайту бағыттарының бірі – қала аумағында түрлі мақсаттағы қорғаныш құрылыстарын салу және пайдалану. Қала аумағында шамамен 1,0 мың объектіні, атап айтқанда, жерасты кеңістігіндегі жертөлелерді, жертөле бөлмелерін, тұрғын үйлер мен құрылыстардың жерасты паркингтерін, сондай-ақ жерасты өткелдерін қарапайым баспана ретінде пайдалану ұсынылады, бұл бүгінгі күні төтенше жағдайлар туындаған кезде халықтың уақытша паналауы үшін жеткілікті. Халықтың өсуіне байланысты құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтай отырып, жаңадан салынған ғимараттарда халықтың көп келуіне және болуына арналған қарапайым баспаналардың болу фактісін ескеру қажет.
Бас жоспарда шамамен 767 қарапайым баспана орнату көзделген.
Қорғаныш құрылыстарының қорын ұлғайту үшін модульдік қорғаныш құрылыстарын сатып алу туралы мәселені қарастыру қажет.
Заңның 23-бабының 4-тармағына сәйкес азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел басқару үшін запастағы (қалалық, қала сыртындағы), қосалқы және жылжымалы басқару пункттері құрылады.
Қала әкімінің запастағы және қала сыртындағы басқару пунктін құру көзделеді.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тиімді ден қою мақсатында және ерекше кезең жағдайында қала үшін өтімділігі жоғары автомобиль базасында құрылған жылжымалы басқару пунктін құру қажет.
Эвакуация
"Ерекше кезеңде" халықты құтқару жөніндегі шаралардың бірі оны эвакуациялау болып табылады, оны автомобиль көлігімен және жаяу жүзеге асыру көзделіп отыр.
Халықты эвакуациялауды жоспарлау, ұйымдастыру және жүргізу эвакуациялық органдарға, азаматтық қорғау істері және төтенше жағдайлар жөніндегі басқару органдарына тікелей жүктеледі.
Түркістан қаласының тұрғындарын эвакуациялау және тарату жоспары бар (Түркістан қаласының азаматтық қорғаныс жоспарының бөлімі).
Халықты эвакуациялауды азаматтық қорғаныс жоспарына сәйкес қаланың Төтенше жағдайлар қызметі әзірлеген бағдарлама бойынша жүргізу ұсынылады.
Қала тұрғындарын жаппай эвакуациялау қажеттігі туындаған кезде қала тұрғындары тұрғылықты жері бойынша эвакуациялық жинау пункттерін пайдаланады. Эвакуация пункттерінің мекенжайлары "2GIS" мобильді қосымшасына енгізілген.
Жиналу-эвакуациялау пункттерінің орналасқан жері халықтың ауқымды контингентін қабылдауға есептелген, оны жинау үшін едәуір алаңдары және халықты эвакуациялау үшін ыңғайлы көлік байланыстары бар объектілерде айқындалған.
Халық эвакуациясының жиналу пункттері қалыптасқан құрылыс аудандарында орналасқан. Перспективада халық санының өсуімен жаңа тұрғын үй құрылысы аудандарында қосымша жиналу-эвакуациялау пункттерін ұйымдастыру ұсынылады.
Халық теориялық тұрғыдан төтенше жағдайларға дайын болуға тиіс. Осы мақсатта мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде, оқу орындары мен ұйымдарда, ал жұмыспен қамтылмаған халық үшін тұрғылықты жері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
14. Тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін қорғау
Түркістан қаласындағы сәулет ескерткіштерінің жай-күйі
Түркістан қаласы – ислам және түркі мәдениетімен байланысты бірегей сәулет ескерткіштерімен танымал, Орталық Азиядағы аса маңызды тарихи-мәдени орындардың бірі. Қаланың басты назар аударатын нысаны – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Тимур дәуірі сәулетінің бұл шедеврі көп ғасырлық тарихына қарамастан, өзінің ұлылығын әлі де сақтап тұр.
Түркістандағы ескерткіштердің жалпы жай-күйін қанағаттанарлық деп сипаттауға болады, соңғы жылдары жүргізілген реставрациялық жұмыстардың арқасында бірқатар нысандар жақсы жағдайда. Әсіресе, Түркістанның түркі әлемінің рухани орталығы ретінде танылуы қарсаңында және туристік инфрақұрылымды дамыту аясында реставрациялық іс-шаралар белсенді жүргізілді.
Дегенмен бірқатар ескерткіштер қосымша назар аударуды және консервациялауды талап етеді. Орталық туристік аймақтан тыс орналасқан кейбір нысандар табиғи факторлардың – желдің, жауын-шашынның, температура айырмашылықтарының әсеріне ұшыраған. Сондай-ақ жекелеген сәулет элементтерінің түпнұсқалығын сақтауда проблемалар байқалады, әсіресе қалпына келтіру кезінде бастапқы технологияға сәйкес келмейтін заманауи материалдар қолданылған жағдайларда.
Бұдан басқа, ескерткіштердің жағдайына антропогендік факторлар да әсер етеді: туристердің бақыланбайтын легі, қорғау мен ақпараттық сүйемелдеудің жетіспеуі, сондай-ақ мәдени мұраны қалпына келтіру және қорғау саласындағы кәсіби кадрлардың тапшылығы.
Ескерткіштердің жай-күйін қолдау және жақсарту үшін:
нысандардың жай-күйіне жүйелі ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізу;
реставрация кезінде дәстүрлі материалдар мен технологияларды қолдану;
жергілікті халық пен туристер арасында білім беру және ағарту бағдарламаларын кеңейту;
тарихи нысандарды қорғау мен ұстауға арналған қаржыландыруды ұлғайту қажет.
Қала аумағында республикалық маңызы бар барлығы 19 ескерткіш орналасқан ("Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 11 шілдедегі № 318-НҚ бұйрығы), олардың ішінде 1 нысан ЮНЕСКО тізіміндегі бүкіләлемдік маңызы бар объект (Бүкіләлемдік мұра комитетінің 2003 жылғы 3 шілдедегі № 27 COM 8C.35 шешімі) және 1-еуі 20 ғимарат пен құрылыстан тұратын теміржол станциясының құрылыс кешені болып табылады. Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № 188 қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне 5 нысан кіреді.
Тарихи орталықтың республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері:
1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (XIV ғасырдың соңы).
2. Күлтөбе қалашығы, ІІІ–ІV – ХІV–ХІХ ғасырлар.
3. Ежелгі Түркістан қалашығы, ХV–ХІХ ғасырлар.
4. Қылует жерасты мешіті, XII–ХХ ғасырлар.
5. Әулие Құмшық ата жерасты мешіті, XI–ХIІ ғасырлар.
6. Шілдехана, XI–ХIІ ғасырлар.
7. Тәуке хан кесенесі, XIV–XVII ғасырлар.
8. Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, XV ғасыр.
9. Аты жоқ кесене (склеп), XVI ғасыр.
10. Цитадель қамал қабырғасы, XVI–XIX ғасырлар.
11. Шығыс моншасы, XVI–XVIII ғасырлар.
12. Есім хан кесенесі, XVII ғасыр.
13. Цитадель қамалының қақпасы, XVI–XIX ғасырлар.
14. Жұма мешіті, XIX ғасыр.
15. Гауһар ана кесенесі, ХІІ–ХІV ғасырлар.
16. Гарнизон штабының ғимараты, ХІХ ғасыр.
17. Әлқожа ата кесенесі, ХІІ ғасыр.
18. Жәудір ана мешіт-медресесі, XIV-XV – XIX-XX ғасырлар.
19. Темір жол станциясы кешені (вокзал; депо; тұрғын үйлер; мұздықтар) 1903 жыл.
Жергілікті маңызы бар:
20. Қалалық атқару комитетінің ғимараты, ХIХ ғасыр.
21. Бала би кесенесі XIX ғасыр.
22. Балалар спорт мектебі ХIХ ғасыр.
23. Дәріхана ғимараты XIX ғасырдың соңы.
24. Казарма ХІХ–ХХ ғасырлар.
Түркістан қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумақтары және олардың қорғау аймақтары
Қазіргі Түркістан қаласында қаланың құнды тарихи құрылысы екі негізгі аймақта орналасқан ескерткіш топтарынан тұрады: қаланың шығыс бөлігінде – ортағасырлық Ескі Түркістан (VI–XIX ғғ.) және "жаңа" (орыс) қала (XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы), ал оңтүстік-батыс бөлігінде – теміржол вокзалы маңы ауданы – Түркістан станциясы (1902–1906 жж.).
Кейінгі ортағасырлық Түркістан қаласының аумағы (Ескі Түркістан)
Археологиялық нысандарға Күлтөбе қалашығы (I–XIV ғғ.) – ерте Яссы және Ескі Түркістан қалашығы (XIV ғасыр – XX ғасырдың басы) жатады. Ескі Түркістан қалашығының солтүстік-батыс бөлігінде XVII–XVIII ғғ. қалпына келтірілген хан ордасы (Хан ордасы) орналасқан.
Сәулет ескерткіштері ортағасырлық Түркістанның солтүстік-шығыс бөлігіндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында шоғырланған. Оларға Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғасыр), Есім хан кесенесі (XVII ғасыр), Сегіз қырлы кесене (XIV–XVI ғғ.), Аты жоқ кесене (XVI ғасыр), Шілдехана (XV ғасыр), Жұма мешіті (XIX ғасыр), Шығыс моншасы (XVI–XVIII ғғ.) жатады. Сонымен қатар Ескі Түркістан аумағында казарма ғимараты да бар (XIX ғасырдың соңы).
Ортағасырлық Ескі Түркістанның қорғау аймағының жалпы аумағы ескерткіштер аумағымен бірге 88,7 гектар құрайды.
Әулие Құмшық ата жерасты мешіті – республикалық маңызы бар ескерткіш, Қожа Ахмет Ясауи тәкиясынан оңтүстікке қарай 1 км жерде орналасқан. Қорғау аймағы ескерткіш аумағымен бірге 0,03 гектар.
Әлқожа ата кесенесі (XII ғ.) – республикалық маңызы бар ескерткіш, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде орналасқан. Қорғау аймағы 0,03 гектар.
Гауһар ана кесенесі (XII–XIV ғғ.) – республикалық маңызы бар ескерткіш. Қорғау аймағы 0,09 гектар.
Дүниежүзілік мұра ескерткіші – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістан қаласының орталығында, ортағасырлық Түркістан қалашығының аумағында орналасқан. Кесене Әмір Темірдің бұйрығымен 1389–1399 жылдары XII ғасырда салынған шағын кесененің үстінен тұрғызылған. Ол 1166 жылы Яссы қаласының некрополінде жерленген атақты сопы, философ, "Хикмет" діни жинағының авторы әрі ақын Қожа Ахмет Ясауиге арналған. Кесене республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде, ал 2003 жылдан бастап халықаралық маңызы бар ескерткіш мәртебесінде мемлекет қорғауында. Ескерткіш аумағы – 0,55 гектар, буферлік аймақ – 88,7 гектар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның буферлік аймағында орналасқан археологиялық және сәулеттік ескерткіштерде жүргізілетін барлық жұмыстар Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияны (1972 жыл) іске асыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізілуге тиіс.
Түркістан қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау жөніндегі негізгі ережелер:
қаладағы тарихи және мәдени ескерткіштерде барлық жұмыстар тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген ғылыми-реставрациялық жобалар негізінде жүргізілуге тиіс;
Түркістан қаласының аумағын игеру кезінде жер учаскелерін бөлгенге дейін 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 30-бабының 1-тармағына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және сақтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет;
тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын пайдалану режимі талаптарын сақтау қажет.
15. Қала құрылысын дамыту
Аумақты сәулет-жоспарлау тұрғысынан ұйымдастыру
Қала аумағының сәулет-жоспарлау тұрғысынан жобалық ұйымдастырылуы қаланың қалыптасқан функционалдық-жоспарлау құрылымын ескере отырып орындалды және аумақты кешенді бағалау мен қалыптасқан көлік-жоспарлау қаңқасы негізінде әзірленді.
Жоспарлау кезінде тарихи қалыптасқан қаланың негіздерін сақтауды, бірақ қалалық көшелер мен алаңдар желісін түбегейлі қайта құруды, тұрғын үй кварталдарын босатуды және дұрыс ұйымдастыруды, халықтың саламатты өмір сүруіне жағдай жасай отырып, көгалдандыруды негізге алу қажет.
Бас жоспарда бірқатар іс-шаралар қарастырылған: қолданыстағы тұрғын аудандар шағын тұрғын аудандарды ұлғайта отырып, түбегейлі қайта құрудан өткізу, магистральдық көшелер желісін жақсарту, қолданыстағы тар көшелер кеңейтіліп, жаңа магистральдарды төсеу, тұрғын аудандарда орналасқан, өндірістік бейіні бойынша зиянды немесе қаланың дамуына кедергі келтіретін өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрғын үй құрылысынан тыс жерлерге шығару немесе жаңарту, жаңа тұрғын және қоғамдық ғимараттар салу.
Қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру бойынша ұсыныстар табиғи-климаттық ерекшеліктерді, қалыптасқан және ұсынылған қала құрылысы тораптарын, қазіргі заманғы сәулет үрдістерін ескере отырып әзірленді.
Қалалық кеңістіктің ұйымдастырушылық негізі – қала аумағының табиғи ландшафты және урбанизацияланған қаңқасы.
Сәулет-жоспарлау құрылымы тарихи сабақтастық, қаланың радиалды-айналма орналасуын жетілдіру және өңірлік, ұлттық және мемлекетаралық қоныстандыру жүйелерінің барлық бағыттарында қалалық және сыртқы жоспарлау қаңқаларын өзара байланысты дамыту негізінде құрылған.
Урбанизацияланған қаңқаны тарихи өзек, әкімшілік-іскерлік орталық, көлік магистральдары, басты көшелер, полиция орталықтары, қала құрылысы тораптары және магистральдық аумақтар қалыптастырады.
Қаланың қалыптасқан бөлігінің айналасында біркелкі дамуы көзделген; болжамды мерзімге – солтүстік бағытта, Кентау қаласына қарай; оңтүстік бағытта – Шәуілдір тас жолының бойында. Жоспарлау құрылымының негізгі қағидаты – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ол қаланың барлық жағынан көрінуі керек.
Түркістан қаласы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның маңызды тарихи және мәдени орталықтарының бірі болып табылады. Қала Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда нүктесі болды, Қазақ хандығының астанасы болды және бүгінгі күнге дейін түркі әлемінің рухани орталығы болып табылады. Ұлы сопы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – қаланың басты көрікті жері, Қазақ хандығының ұлы адамдары, көшпелі халықтың билеушілері, билері мен батырлары жерленген жер, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және кесенеге іргелес аумақтардың тарихи орналасуын қалпына келтіруді және жандандыруды көздейтін оның қорғау аймағы. Тарихи орталықтың қоғамдық маңыздылығын арттыру сәулет ескерткіштерінде ғылыми негізделген қайта құру жұмыстарын жүргізу, жоспарлау мен құрылыстың морфологиялық негіздерін қалпына келтіру, тарихи абаттандыру мен ландшафттың жоғалған элементтерін қайта құру арқылы көзделеді.
ЮНЕСКО-ның қорғауындағы кесене аумағының ауданы 88,7 га құрайды. Кешен аумағынан қорғау аймағы 100 метрді құрайды. Бұл аумақтағы құрылыс нысандарының биіктігі 7 метрден аспауы керек.
Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсыныстары бойынша кесененің айналасындағы құрылысты реттеу аймағы анықталды, ол кесене ашық көрнетін 12 нүктені жаппауға тиіс.
Бас жоспарда тарихи-мәдени мұраның барлық объектілері сақталады.
Мәдени мұраны сақтау қала экономикасының әртүрлі салаларын – құрылыс, қайта құру және қалпына келтіру, жылжымайтын мүлік нарығы, туризмді дамытуға оң әсер етеді. Ол үшін мәдени мұра элементтері мемлекеттік және жергілікті органдардың ерекше назарында болуға және республикалық, облыстық және қалалық даму бағдарламаларына енгізілуге тиіс.
Қоғамдық-іскерлік кіші аймақты құрайтын тарихи-әкімшілік орталық жоспарлау құрылымында басым элемент болып табылады, онда оның барлық көлік магистральдары тоғысады, олар қала жоспарының негізгі композициялық осьтері болып табылады.
Кешенде орталық тарихи өзектің бүкіл аумағы жаяу жүргіншіге беріледі. Орталық өзектің айналасында қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бұқаралық демалуға және туристер мен қажылардың баруына арналған мекемелер мен құрылғылар орналасқан. Бұған мыналар жатады: қонақүйлер, мотельдер, дәмханалар, мейрамханалар, базарлар, әкімшілік мекемелер, сондай-ақ ашық автотұрақтар.
Жаңа тұрғын аймақтар негізгі магистральдық және аудандық көшелердің бойында, сондай-ақ қаланың солтүстік-шығыс бағытында, Түркістан – Кентау тас жолының шығысында орналасқан, аз қабатты ғимараттар да, 5-7 қабатты ғимараттар да бар.
Құрылыстың биіктігі ғимараттардың қабат санын орталық бөліктен қала шетіне қарай арттыру қағидаты бойынша қалыптасады.
Жобаланатын жаңа тұрғын аудандар қаланың жалпы кешеніне үйлесімді түрде енгізілуде. Тұрғын аудандар магистральдық көшелермен жалпы қалалық және аудандық орталықтармен, теміржол және автовокзалдармен, саябақтармен және өндірістік аудандармен байланысты.
Әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту шығыс бағытта, Түркістан-Шымкент магистралінің солтүстігінде көзделеді. Қолданыстағы Бас жоспар бекітілген сәттен бастап әкімшілік-іскерлік орталықтың (ӘІО) аумағы 60 пайыздан астам игерілді. Бас жоспарда ӘІО-ны одан әрі дамыту ұсынылады (ауданы 640 га). Бұл аумақтарда әлеуметтік және қоғамдық нысандары бар жайлы көпқабатты тұрғын үй құрылысы, вип-қалашық, аквапарк, диснейленд, ескек есу каналының айналасындағы ашық демалыс аймағы және гольф-клуб ұсынылады.
Қаланың оңтүстік бөлігіндегі Шәуілдір тас жолына қарай (ауданы 1500 га) құрылыс салынбаған аумақтарда да қаланы дамыту болжанады.
Мұнда Гаухар ана кесенесінің айналасында туризм объектілерін дамыту, сондай-ақ Ипподром ауданында ұлттық спорт түрлері орталығын құру, жаңа теміржол вокзалын, автовокзал мен логистикалық объектілер кешенін орналастыру ұсынылады. 2-ден 7-9 қабатқа дейінгі каскадты тұрғын үй құрылысы қарастырылған, екпінді нүктелер 12 және одан жоғары қабаттарға дейін орналастырылған.
Қаланың одан әрі өсуі "полициорталық" жүйесін қамтамасыз ете отырып, магистральдық кіру аумақтарын дамытумен қатар жүреді.
Көп орталықты қаланы қалыптастырудың табыстылығының кепілі қаланың әр ауданында жұмыс істеу, білім алу және демалу үшін қолайлы тұрғын үй жағдайларын және тиісті мүмкіндіктер жасауға сайып келеді.
Қаладағы әрбір магистральдық ауданда алты қоғамдық орталық құру жоспарлануда. Қоғамдық орталық – адамдардың жұмыс орны, мәдени демалыс орны, сауда орталықтары, саябақ алаңдары, ашық демалыс аймақтары және қаланың қалған бөліктерімен көлік байланысы болатын орын.
Қаланың дамуымен оның қала құрылысын жоспарлаудағы өзгерістер қажетті туындады. Қаланың дамуындағы ең маңыздысы қала орталығында орналасқан өндірістік аймақтар мәселесі. Өнеркәсіптік аумақтарды жаңарту неғұрлым қолайлы қалалық ортаны құруға, әлеуметтік инфрақұрылымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістіктерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі өндірістік аумақтарда қаланың батыс бөлігінде жобаланатын өнеркәсіптік аймақта ауданы бойынша ұқсас аумақты бере отырып, олардың функционалдық рөлін тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер ретінде өзгерту жүзеге асырылады.
Қаланың әртүрлі бөліктеріндегі тұрғын үй құрылыстарының арасында орналасқан кәсіпорындарды жаңа жобаланған аумаққа шығару және жаңарту қоныстану аумағында қолайлы экологиялық жағдай туғызады.
Шығыс және солтүстік-шығыс бағыттан жел көп соғатынын ескере отырып, өндірістік объектілердің жаңаларын қаланың батыс және оңтүстік-батыс бөліктеріне орналастыру және ескілерін құрылыс салудан бос аумақтарға шығару көзделген.
Бас жоспарда қаланың тарихи ортасының бұзылуына жол бермей, барлық қалалық көшелерде, алаңдарда, желекжолдарда, саябақтар мен шағын бақтарда жаяу және велосипед қозғалысының үздіксіз желісін қамтитын ашық қоғамдық кеңістіктердің тұтас жүйесін қалыптастыру ұсынылады.
Сондай-ақ Гаухар ана кесенесінің аумағынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне дейін және Қарашық өзенінің бойындағы "Жасыл аймаққа" дейін жаяу жүргіншілерге арналған үлкен саябақ аллеясын құру көзделуде.
Бекітілген шекарадағы қала аумағының ауданы 22 370 гектар құрайды.
Резервтік аумақтардың ауданы – 414 гектар, оның ішінде:
қоныстану аумақтарын дамыту үшін – 265 гектар;
өнеркәсіптік-өндірістік және коммуналдық аумақтарды дамыту үшін-111 гектар;
рекреациялық және өзге де аймақтарды ұйымдастыру үшін – 38 гектар;
жер учаскелерін перспективалық алып қою аумақтарының ауданы – 4030 гектар, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін – 215 гектар.
Рекреациялық-туристік қызмет аймақтарын жоспарлау және орналастыру.
Бас жоспарда қаланың бүкіл аумағын, қала маңындағы аймақтың оңтүстік бөлігін Сырдария өзеніне дейін қамтитын жасыл аймақтардың бірыңғай жоспарлау жүйесі құрылады, солтүстік жағынан жоталардың өзін жаппай, таулардың шатқалдары бойынша көгалдандыру көзделеді.
Рекреациялық аймақ қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыруға арналған. Жобаланған аймақта жаздың ыстық әрі ұзақ болуы, ландшафтының шөлді және шөлейт болуы күрделі табиғи-климаттық жағдайлары рекреациялық қызметті толық ұйымдастыруды қиындатады. Бас жоспарда қала аумағында және оған іргелес аудандарда қазіргі қолайлы табиғи факторларды барынша пайдалану ұсынылады.
Түркістан қаласының аумағында бір өзен жүйесі – Қарашық өзені ағып өтеді, онда су қорғау аймағы мен жолақ орнатылған (су қорғау аймағының ені – 500 м, су қорғау жолағының ені – 35 м).
Қала шегінде қысқа мерзімді демалыс объектілері орналастырылады: дендрологиялық саябақ, ботаникалық бақ, қалалық саябақ және тұрғын үй алаптары саябақтары, шағын бақтар, желек жолдар, аквапарк, ландшафттық сәулет объектілері және туризм объектілері.
Тарихи орталықтан оңтүстік бағытта Сырдария өзенінің рекреациялық жайылма аумағы бағытында қаланың тарихи панорамасын ашатын рекреациялық мақсаттағы аумақ көзделген.
Солтүстік-батыс бағытта, қалалық автомагистраль бойында, қаланың орталық бөлігінің Қарашық өзенінің жайылмалы аумақтарымен рекреациялық байланысын қамтамасыз ететін жасыл аймақ көзделген.
Бұдан басқа, қаланың перифериялық бөліктері бойынша радиалды бағытта тұрғын үй алаптары тұрғындарының қысқа мерзімді демалу объектілері болып табылатын саябақтар көзделген. Сондай-ақ қаланың солтүстік бөлігінде Арыс-Түркістан каналының бойында қоғамдық мақсаттағы, оның ішінде рекреациялық объектілерді орналастыру үшін көгалдандырылған кең жолақ ұйымдастырылуда.
Қала маңындағы аймақта барлық түрдегі (ұзақ, аралас және қысқа мерзімді) рекреациялық мақсаттағы объектілерді орналастыру ұсынылады. Қала маңындағы аймақтағы рекреациялық қызметтің негізгі объектілері мен аймақтары Сырдария өзені, оның салалары мен жайылмалы аумақтарда пайда болған таяз көлдер, Қарашық өзені, таяз бұлақтар болып табылады. Жасанды су объектілерінің ішінен Арыс-Түркістан каналы және оған іргелес жағалау аумақтары рекреациялық қызмет үшін пайдаланылады. Солтүстік бағытта рекреациялық мақсаттағы объектілерді орналастыру үшін Қаратау жотасының тау бөктері мен тау беткейлері, әсіресе мұнда пайда болған өзендер арнасы және орман шаруашылығы аумағы қолайлы.
Көлік жолдарының көркем учаскелеріндегі аралас демалыс объектілерінен мотельдер, кемпингтер, көлікпен келген туристерге арналған жазғы лагерьлер салу ұсынылады.
Қаратау жотасының көркем шатқалдары ұзақ демалу объектілерін орналастыру үшін ұсынылады.
Туристік аймақтардың орналасуын жоспарлаған кезде жобаланған аймақтың табиғи байлығын, оның ландшафтық қасиеттерін сақтауға көп көңіл бөлу қажет. Бұл өте маңызды, өйткені адамның табиғатқа абайсызда, ойланбастан қол сұғуы көбінесе оның құнды қасиеттерінің орны толмас бұзылуына әкеледі
Су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау жөніндегі шаралар
Түркістан қаласының бас жоспарында Қазақстан Республикасының Су кодексінің, Қазақстан Республикасының Экология кодексінің, сондай-ақ қолданыстағы санитариялық және құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес су объектілерін қорғау бойынша іс-шаралар кешені қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 75-бабына сәйкес су объектілерінің экологиялық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу және су экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында олар ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғалуға тиіс.
Су объектілерін қорғау шаруашылық қызмет режимін сақтау, су қорғау аймақтары мен жағалаудағы қорғау белдеулерін белгілеу, сондай-ақ инженерлік және ұйымдастырушылық іс-шараларды іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі (Қазақстан Республикасының Су кодексінің 75, 85, 86-баптары).
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 76 және 89-баптарына сәйкес су объектілеріне сарқынды суларды төгуге тек арнайы су пайдалануға рұқсат болған жағдайда және оларды нормативтік көрсеткіштерге дейін тазарту шартымен жол беріледі.
Бас жоспарда мыналар көзделген:
орталықтандырылған су бұру жүйелерін дамыту және жаңғырту;
сарқынды сулардың сапасын шекті рұқсат етілген концентрация нормативтеріне дейін жеткізе отырып, тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау;
тазартылмаған сарқынды суларды төгуге жол бермеу;
су бұруды есепке алу және бақылау жүйелерін енгізу;
тазарту құрылыстары жоқ объектілерді пайдалануға беруге жол бермеу жөніндегі талаптарды сақтау.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 77-бабына сәйкес жерүсті су айдындарының ластануы деп оларға жерүсті айдынының гидрогеологиялық жай-күйінің нашарлауына әкеліп соғатын немесе әкелуі мүмкін және суды пайдалануды қиындататын қатты және ерімейтін қалдықтардың түсуі түсініледі.
Осыған байланысты бас жоспарда мыналар көзделеді:
су қорғау аймақтары мен жағалаудағы қорғау белдеулерінің шекараларын белгілеу және сақтау;
су қорғау аумақтарының шегінде қалдықтарды, қоқыс үйінділерін және басқа де ластану көздерін орналастыруға тыйым салу;
жағалаудағы аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру;
арналар мен жағалауларды жүйелі түрде тазартуды ұйымдастыру;
беткі ағынды тазартатын нөсер кәрізінің жүйелерін орнату.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің ережелеріне сәйкес су объектілерін қорғау олардың сарқылуына жол бермеуді және су ресурмстарын ұтымды пайдалануды қамтиды.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 86 және 125-баптарына сәйкес су қорғау аймақтары мен жағалау белдеулерінде су объектілерінің ластануына, қоқыстануына және сарқылуына әкеп соғатын қызметке, соның ішінде экологиялық талаптарды сақтамай объектілерді орналастыруға және жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.
Қарастырылған іс-шараларды іске асыру Қазақстан Республикасының су заңнамасы талаптарының сақталуын, су ресурстарының сақталуын және Түркістан қаласы аумағының экологиялық жай-күйін жақсартуды қамтамасыз етеді.
Сәулет-жоспарлау және көлемдік-кеңістіктік шешім
Бас жоспардың сәулет-жоспарлау және көлемдік-кеңістіктік шешімі облыс орталығы мәртебесін ескере отырып, заманауи кешенді талаптарға жауап беретін жаңа өңірлік құрылысты қалыптастыруға негізделген. Жобаланатын аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуі табиғи ландшафттың ерекшеліктерін, жел бағыттарын, қалыптасқан жоспарлау құрылымын, тұрғын және қоғамдық мақсаттағы объектілердің орналасуын ескере отырып шешілген.
Бұл Бас жоспардың мақсаты – үйлесімді дамуды құру және осы ауданға халық легін ұлғайту. Ол үшін әкімшілік, қоғамдық, спорттық және қоғамды дамытуға бағытталған іс-шаралардың толық спектріне бағдарланған теңдестірілген жобалық құрылыс әзірленді.
Бас жоспар болжамды тұрғын үй құрылысымен бірге жобаланатын әкімшілік-іскерлік, қоғамдық, діни және спорттық құрылыстардан біртұтас ансамбль құратын объектілерге негізделген. Кеңістік жаяу жүргіншілер көшелері, веложол, каналдар мен желекжолдар желісі бар, аласа еуропалық үлгідегі құрылыстармен қоршалған биік объектілермен айқындалған.
Осы аумақтың тартылыс орталықтары – облыс әкімдігі, медиа-орталық, конгресс-орталық, тұрғындар үшін әдемі панорамалық көрініс ашатын аттракциондары бар саябақ, бассейні бар спорт сарайы, олимпиадалық резервтің спорт мектебі, 7000 көрерменге арналған стадион.
Жобаланатын ғимараттардың функционалы кең: тұрғын үй, қонақүйлер, коммерция, түрлі діни және қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар. Құрылыстан бос кеңістіктің негізгі бөлігі өзара байланысты жаяу жүргіншілер көшелерінің желісімен анықталған. Еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйенсек, тығыз орналасқан аласа қабатты құрылыстар енсіз серуендеу көшелерімен, веложолмен, каналдармен және желекжолдармен қатар, ерекше қалалық жайлылықты құруға ықпал етеді және алуан түрлі қоғамдық инфрақұрылыммен бірге халықты жаяу серуендеуге және мәдени типтегі де, сондай-ақ түрлі коммерциялық объектілерге де баруға тартуға ықпал етеді.
Ретсіз құрылыс салудан аулақ болу үшін құрылысқа арналған барлық аумақтар абаттандыру бойынша рұқсат етілген функционалдық параметрлері бар жер бөлу учаскелеріне және аумаққа түсетін жүктемені ұтымды бөлумен бірыңғай сәулет стилінің өзге де талаптарына бөлінген.
Бас жоспарда инженерлік инфрақұрылымды кешенді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар қарастырылған. Жасыл желектер бірыңғай жоспарлау құрылымына біріктірілген және функционалдық мақсатына қарай сараланған.
Қазақстанның жаңа облыс орталығының көркем бейнесі XXI ғасыр сәулетінің стильдік бағыттарына сәйкес келуі тиіс және сонымен бірге Түркістан қаласының тарихи ерекшелігімен байланысты элементтер мен формаларды қамтуы керек. Заманауи әлемдік ғылым және қала құрылысы тәжірибесі жобалаудағы жаңа тенденцияларды, оның ішінде орын контекстін ескеруді, сәулет-кеңістіктік ортаның өңірлік сипатын анықтауды, қала құрылысының бірыңғай сәулет стилін қалыптастыруды талап етеді.
Бұл Бас жоспарда бірыңғай сәулет стилін сақтау бөлігінде де, Бас жоспардың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тұжырымын да ескере отырып әзірленген. Осылайша, ұсынылған жобалық шешімдер қаланың әлемдік контекстегі тарихи ерекшелігін ескере отырып, оның құрылысын жоспарлаудың түбегейлі жаңа тәсілдерімен сипатталады.
Болашақта ол өзінің тарихы мен мәдениетіне бай Ыстанбұл, Иерусалим және Рим сияқты әлемдегі ірі қалалармен қатар тұруға тиіс. Бұл қалалардың тарихи қалыптасқан сәулеттік келбеті сөзсіз әлемдік қала құрылысының игілігі болып табылады. Түркістан қаласын қала құрылысы тұрғысынан жоспарлауға және инфрақұрылымын дамытуға деген көзқарас Қазақстан Республикасының қолданыстағы ҚНжЕ-ге сәйкес қағидаттарды ғана емес, сонымен бірге озық әлемдік аналогтарды және жеке шығыс нақышын, ыстық және құрғақ климатты, сондай-ақ қаланың рухани тиесілігін ескеруге тиіс.
Бұл өршіл мақсатқа одан әрі қол жеткізу үшін "адамдарға арналған қала" қағидаты бойынша әлемдік тәжірибеге негізделген, түбегейлі жаңа тәсілдері бар, қаланың ерекшелігін көздейтін нормативтік-құқықтық қала құрылысы құжаттарын әзірлеу қажет.
16. Негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер
___________________________
| Түркістан қаласының бас жоспарына (негізгі ережелерді қоса алғанда) қосымша |

___________________