Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 22 қарашадағы № 1001 қаулысымен мақұлданған |
|
| Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі
2017 жылғы 18 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты назарға ала отырып,
өзара достық қарым-қатынастарды дамыту мен нығайту және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар мәдениет, өнер, көрме қызметі, музей мен кітапхана ісі, археология, телевизия және кинематография саласында, сондай-ақ көркем-қолданбалы халық шығармашылығы қызметі салаларында ынтымақтасады.
Тараптар театр, би, эстрада, цирк және фольклорлық-этнографиялық топтар мен қызметін мәдениет және өнер, көркем-қолданбалы халық шығармашылығы және бейнелеу өнері саласында жүзеге асыратын басқа да ұжымдар арасында өзара мәдениет алмасуды жүзеге асырады, сондай-ақ халықаралық ғылыми конференциялар, конгрестер, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізеді.
Тараптар Қазақстан мен Түрікменстанның музыкалық ұжымдары мен шығармашылық бірлестіктерінің Тараптар мемлекеттерінде ұйымдастырылатын халықаралық фестивальдерге, көрмелерге, музыкалық және басқа да іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етеді.
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес телерадио хабарларын тарату саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Осы ынтымақтастықтың нақты мән-жайы Тараптар мемлекеттерінің тиісті уәкілетті органдары арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай уәкілетті органдарды тағайындайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;
Түрікменстан Үкіметінің атынан – Түрікменстан Мәдениет министрлігі.
Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
Тараптар екі мемлекеттің мәдениет саласындағы білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты және тікелей байланыс орнатуды қамтамасыз етеді.
Тараптар мәдениет және өнер саласында кадрлар даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің екі мемлекеттің мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарында және шығармашылық тағылымдама мен оқу тағылымдамасынан өтуіне жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
Тараптар тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін есепке алу, қорғау, реставрациялау және пайдалану саласындағы зерттеулер туралы ақпарат алмасып, консервация-реставрация жұмыстарын, ғылыми симпозиумдарды, семинарлар мен экспедицияларды бірлесіп өткізу мүмкіндіктерін зерделейді.
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекеті халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге жәрдемдеседі.
Тараптар өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес екі мемлекет азаматтарының музей және кітапхана қорларына қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Осы Келісімде көзделген барлық қызмет түрлері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және қаржыландырылады.
Егер әрбір жеке жағдайда шығындарды қаржыландырудың өзгеше тәртібі келісілмесе, әрбір Тарап осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды өздері көтереді.
Тараптар өз мемлекеттерінің осы Келісімде көзделген салаларды реттейтін нормативтік құқықтық актілерімен алмасады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және іске асыру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда Тараптар бастаған кез келген қызмет аяқталғанға дейін жалғаса береді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы оның қолданысын тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап 6 (алты) айдан кейін тоқтатылады.
202__ жылғы "___" ________ _________ қаласында қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің мәтіндері арасында келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
| Қазақстан Республикасының | Түрікменстан |
| Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
