Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемесін жіберу қағидаларын, салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары мен оларды белгілеу тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 993 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Салық кодексі 34-бабының 4 және 7-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттілігінің негіздемесін жіберу қағидалары;

      2) салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары мен оларды белгілеу тәртібі бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 21 қарашадағы
№ 993 қаулысымен
бекітілген

Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемесін жіберу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемесін жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Салық кодексі 34-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жетекшілік ететін салалар немесе стратегиялық жоспарлау құжаттарын ескергендегі мәселелер бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемесін жіберу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) салықтық жеңілдік – салық төлеушілерге Қазақстан Республикасы салық заңнамасының нормаларына сәйкес мөлшерлемені төмендету, бір немесе бірнеше салық төлеуден толық босату, салық салынатын базадан шегерім, түзету түрінде берілген артықшылық;

      2) салықтық шығыстар – Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес салық төлеушілерге берілетін салықтық жеңілдіктер;

      3) уақытша салықтық жеңілдіктер – белгілі бір мерзімге, алдын ала белгіленген мерзімге берілетін салықтық жеңілдіктер;

      4) тұрақты салықтық жеңілдіктер – қолданылу мерзімі шектелмей берілетін салықтық жеңілдіктер;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдар – бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, бөлек салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты, оның ішінде бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

      6) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган – салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7) монополияға қарсы орган – тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынатын және есеп беретін, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді, сондай-ақ тауарлық биржалар саласындағы қызметті мемлекеттік бақылау мен лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жетекшілік ететін салалар немесе мәселелер бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттілігінің негіздемесін жіберу тәртібі

      3. Уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелері жетекшілік ететін салалар немесе мәселелер бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемелерін салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      Салықтық жеңілдікке уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі бастама жасаған жағдайларда негіздеме осы Қағидаларға сәйкес ресімделеді және қаралады.

      4. Салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемелері мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) саланың ағымдағы жай-күйінің сипаты, сондай-ақ ұсынылатын салықтық жеңілдіктің мақсаттары мен күтілетін әсері;

      2) мәлімделген мақсаттарға қол жеткізу мерзімдері;

      3) осыған ұқсас қолдау шараларын қолданудың халықаралық тәжірибесі;

      4) салықтық жеңілдік берілетін мерзім (уақытша немесе тұрақты салықтық жеңілдіктер);

      5) қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын, жетекшілік ететін саланың салықтық жеңілдіктерін, бәсекелестікке теріс әсер ету тәуекелдерін талдау;

      6) салық төлеушілердің санаты мен саны, жеңілдіктің қолданылу мерзімі, дамыту үшін жеңілдік ұсынылатын сала, жеңілдік қолданылатын өңір туралы мәліметтер.

      5. Ұсынылған негіздемелерді дайындау және қарау кезіндегі негізгі өлшемшарттар:

      1) салықтық шағыстардың мөлшері, саланың даму басымдықтары немесе көрсеткіштері;

      2) мәлімделген мақсаттардың мемлекет жүргізетін әлеуметтік-экономикалық саясатқа сәйкестігі;

      3) салықтық жеңілдікке деген сұраныс (жеңілдік алу құқығын пайдаланған салық төлеушілер санының жалпы салық төлеушілер санымен арақатынасы).

      6. Уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелері уәкілетті органға жүгінген кезде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан монополияға қарсы орган берген қорытындыны және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган берген қорытындыны ұсынады.

      7. Уәкілетті орган салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемелерін салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемелері түскен сәттен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қарайды.

      8. Мемлекеттік орган, сондай-ақ уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелері осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты толық бермеген жағдайда уәкілетті орган ақпарат тіркелген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ақпаратты пысықтау қажеттігі туралы хабарлама береді және уәкілетті мемлекеттік органға пысықтауға жібереді.

      Пысықтауға осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген қажетті ақпаратты беру кіреді және әр пысықтауды уәкілетті мемлекеттік орган 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      9. Жетекшілік ететін салалар немесе мәселелер бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттігінің негіздемесін қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган алынған ақпарат негізінде салықтық жеңілдік берудің (ұзартудың) орындылығы/орынсыздығы туралы уәкілетті мемлекеттік органға хабарлайды.

      10. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға байланысты стратегиялық сипаттағы міндеттерді шешуге, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды іске асыру үшін салықтық жеңілдік беру қажет болған жағдайларда салықтық жеңілдік беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      11. Уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп салықтық жеңілдікті беру немесе одан бас тарту, салықтық жеңілдікті ұзарту немесе оның күшін жою, салықтық жеңілдікті беру мерзімі жөніндегі ұсыныстарға бастама жасайды.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 21 қарашадағы
№ 993 қаулысымен
бекітілген

Салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары мен оларды белгілеу тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары және оларды белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексі 34-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және көрсетілген өлшемшарттар мен тәртіпті бекіту жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттіктеріне қатысты мәселелерді реттейді.

      2. Өлшемшарттар салық саясаты саласындағы уәкілетті органның салықтық жеңілдікті енгізу кезінде мәлімделген әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды бағалауына, сондай-ақ оның бюджетке әсерін ескере отырып бағалауына арналған.

2-тарау. Салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары

      3. Әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу өлшемшарттары мыналарды қамтиды:

      1) бюджеттік тиімділік;

      2) тұрақты жұмыс орындарын құру және сақтап қалу;

      3) өндіріс пен экспорттың өсуі;

      4)  инвестициялардың салықтық жеңілдіктерге арақатынасы;

      5) инновациялылық пен технологиялық даму.

      4. Салықтық жеңілдік қолданылатын мерзімде белгіленген 5 (бес) өлшемшарттың кемінде 4-еуіне (төрт) қол жеткізілген болса, ол әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жетті деп танылады, бұған міндетті түрде тұрақты жұмыс орындарын құру және сақтап қалу өлшемшартына қол жеткізу де кіреді.

      5. Салықтық жеңілдіктердің бюджеттік тиімділігі деп салықтық шығыстардың және жеңілдікті қолдану нәтижесінде түскен түсімдердің арақатынасы түсініледі.

      Егер салықтық шығыстар мен бюджетке түсетін басқа да түсімдердің арақатынасы кемінде 1:1 құраса, жеңілдік тиімді деп танылады. Бұл өлшемшарт агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне қатысты қолданылмайды.

      Есептеу бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның деректері негізінде жүзеге асырылады.

      Көрсеткішті есептеу тәртібі мен айқындау әдістемесін салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      6. Тұрақты жұмыс орындарын құру және сақтап қалу салықтық жеңілдіктерді қолданатын ұйымдардағы тұрақты жұмыспен қамтылғандар санының оны қолдану басталған дейінгі деңгеймен салыстырғанда өсуі немесе сол деңгейде сақталуы ретінде айқындалады.

      Бастапқы деңгеймен салыстырғанда жұмыс орындарының саны кемінде 10 %-ға ұлғайса не бастапқы жұмыс орындарының саны сақталған болса, жеңілдік тиімді деп танылады, бұл ретте орташа жалақы деңгейі 30 %-ға ұлғаюы шарт.

      7. Өндіріс пен экспорттың өсуі салықтық жеңілдікті қолданатын ұйымдардың ол енгізілгенге дейінгі деңгеймен салыстырғанда өндірістік өнім (жұмыстар, қызметтер) және/немесе экспорттық жеткізілімдер көлемінің ұлғаюы ретінде айқындалады.

      Өндіріс көлемі құндық мәнде жылына кемінде 5 %-ға ұлғайса немесе экспорттық өнімнің жалпы сату көлеміндегі үлесі кемінде 10 %-ға жетіп, жеңілдік қолданылатын барлық кезең ішінде көрсетілген деңгейде сақталса, жеңілдік әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жетті деп танылады.

      Көрсеткіштерді есептеу мемлекеттік статистика органының деректері негізінде жүргізіледі.

      8. Инвестициялық белсенділік салықтық жеңілдікті пайдаланатын кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициялары көлемінің ұлғаюы ретінде айқындалады. Тартылған инвестициялардың көлемі салықтық шығыстардың әрбір 1 теңгесіне кемінде 3 теңгені құрауға тиіс.

      9. Инновациялылық пен технологиялық даму қосылған құны жоғары өнім үлесінің ұлғаюы және жеңілдікті қолданатын кәсіпорындардың жаңа технологияларды енгізуі ретінде айқындалады.

      Егер пайдада ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстардың үлесі кемінде 1 %-ды құраса немесе қосылған құны жоғары өнім шығару көлемі жылына кемінде 5 %-ға артса, жеңілдік әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жетті деп танылады.

      Бұл ретте бұл өлшемшарт ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды лицензиялық-келісімшарттық талапшарт шеңберінде қаржыландыру көзделген салаларға қатысты қолданылмайды.

3-тарау. Салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттарын белгілеу тәртібі

      10. Салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары олардың ашықтығын, объективтілігін және ұсынылатын салықтық жеңілдіктер нәтижелерінің өлшемді болуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді.

      11. Өлшемшарттарды белгілеуді уәкілетті орган макроэкономикалық үрдістерді және экономика салаларының жай-күйін талдау негізінде жүзеге асырады.

      12. Әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу өлшемшарттары үш жыл мерзімге белгіленеді және экономикалық конъюнктураның өзгерістері ескеріле отырып қайта қаралады.

      13. Талдау жүргізу кезінде уәкілетті орган мемлекеттік статистика деректерін, салықтық жеңілдіктерді іске асыру мониторингінің нәтижелерін пайдаланады.

      14. Талдау нәтижелері бойынша уәкілетті орган салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттарын сақтау немесе түзету туралы ұсыныс қалыптастырады.

      Салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттарын түзету қажет болған жағдайда уәкілетті орган Үкімет Аппаратына ұсыныс енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады