Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 10 қарашадағы № 943 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 10 қаршадағы
№ 943 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

      2014 жылғы 30 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы туралы келісімді назарға ала отырып,

      жолаушылар мен жүктерді халықаралық тасымалдауды, сондай-ақ каботаждық автомобильдік жүк тасымалдарын жүзеге асыру кезінде көлік кешенінің қызметіне заңсыз араласу актілерін уақтылы анықтауды, олардың алдын алуды және жолын кесуді қамтамасыз ететін Тараптар арасындағы біріздендірілген өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыру мақсатында,

      көлік кешенінің қызметіне заңсыз араласу актілерін анықтауға, алдын алуға және олардың жолын кесуге, салдарын жоюға, заңсыз араласу актілерінің жасалу себептері мен жағдайларын айқындауға бағытталған практикалық шараларды іске асыру саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытудың қажеттілігін түсіне отырып,

      көлік кешенін заңсыз араласу актілерінен қорғау жөніндегі міндеттерді шешуде Тараптардың күш-жігерін біріктірудің тиімділігін ұғына отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      "заңсыз араласу актісі" – көлік кешенінің қауіпсіз қызметіне қатер төндіретін, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге, материалдық залалға не осындай салдардың орын алу қаупін туындатуға алып келген құқыққа қарсы әрекет (әрекетсіздік), оның ішінде террористік акт;

      "Тараптардың құзыретті органдары" – Тараптар осы Келісім шеңберінде өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін айқындайтын органдар;

      "көлік инфрақұрылымы объектілері" – теміржол, автомобиль вокзалдары мен станцияларын; тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді; теңіз терминалдарын, теңіз порты акваторияларын; ішкі су жолдарында орналасқан және арнаулы рұқсаттар негізінде жолаушыларды отырғызу (түсіру) және (немесе) аса қауіпті жүктерді тиеу-түсіру жүзеге асырылатын порттарды; кеме қатынайтын гидротехникалық құрылысжайларды; әуеайлақтарды, әуежайларды, байланыс, навигация және көлік құралдарының жүрісін басқару жүйелері объектілерін; автомобиль жолдарының, теміржол және ішкі су жолдарының учаскелерін, тікұшақ алаңдарын, қону алаңдарын, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттар, құрылысжайлар, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен;

      "тасымалдаушы" – жолаушыны, жөнелтуші сеніп тапсырған жүкті, багажды, жүк-багажды жөнелту пунктінен межелі пунктке жеткізу, сондай-ақ жүкті, багажды, жүк-багажды оларды алуға уәкілетті, екінші Тарап мемлекетіне, екінші Тарап мемлекетінен және (немесе) екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы халықаралық тасымалдарды, сондай-ақ жүктердің каботаждық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын адамға (алушыға) беру міндетін өзіне алған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;

      "көлік инфрақұрылымы субъектілері" – көлік инфрақұрылымы объектілерінің және/немесе көлік құралдарының меншік иелері болып табылатын немесе оларды өзге де заңды негізде пайдаланатын заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер (егер бұл Тараптар мемлекетінің заңнамасында көзделсе) және жеке тұлғалар;

      "көлік қауіпсіздігі" – көлік инфрақұрылымы объектілері мен көлік құралдарының заңсыз араласу актілерінен қорғалу жай-күйі;

      "көлік кешені" – көлік инфрақұрылымы объектілері мен субъектілері, көлік құралдары;

      "көлік құралдары" – жеке тұлғаларды, жүктерді, багажды, қол жүгін, жеке заттарды, жануарларды немесе аталған көлік құралдарында орнатылған жабдықтар мен құрылғыларды тасымалдауға арналған құрылғылар және олар мыналарды:

      жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау немесе тапсырыс бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау үшін пайдаланылатын, не жүзеге асырылуы арнаулы рұқсатты талап ететін қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын автомобиль көлігінің көлік құралдарын;

      азаматтық авиацияның әуе кемелерін;

      серуендеу кемелерін, спорттық желкенді кемелерді қоспағанда, сауда мақсатында теңізде жүзуге пайдаланылатын кемелерді (теңіз кемелерін);

      серуендеу кемелерін, спорттық желкенді кемелерді қоспағанда, ішкі су жолдарында жолаушыларды тасымалдау үшін және (немесе) арнаулы рұқсаттар бойынша тасымалдауға рұқсат етілген аса қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын кемелерді;

      жолаушыларды және (немесе) арнаулы рұқсаттар бойынша тасымалдау үшін рұқсат берілген аса қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын теміржол жылжымалы құрамын қамтиды.

2-бап

      Осы Келісімнің мәні – заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптеріне сәйкес келетін, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де шаралар жүйесін әзірлеу мақсатында Тараптардың өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық негіздерін айқындау болып табылады және олар:

      бір Тарап мемлекетінің көлік инфрақұрылымы субъектісі және (немесе) тасымалдаушысы осы Тараптың құзыретті органдарын Тараптар мемлекеттері аумағында орналасқан көлік инфрақұрылымы объектілерінің және (немесе) екінші Тарап мемлекетіне, екінші Тарап мемлекетінен немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы халықаралық тасымалдауды, сондай-ақ каботажды автомобильдік жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптері мен олардың жасалғаны туралы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген тәртіппен дереу хабардар етуін;

      бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың құзыретті органдарын екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан көлік инфрақұрылымы объектілерінің және (немесе) екінші Тарап мемлекетіне, екінші Тарап мемлекетінен немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы халықаралық тасымалдауды, сондай-ақ каботаждық автомобильдік жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптері мен олардың жасалғаны туралы бір Тарап мемлекетінің көлік инфрақұрылымы субъектілері мен тасымалдаушыларынан алынған ақпарат негізінде дереу хабардар етуін;

      бір Тарап мемлекетінің көлік инфрақұрылымы субъектісі және (немесе) тасымалдаушысы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында айқындалған талаптар көлемінде көлік құралының көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыруын;

      бір Тарап мемлекетінің көлік инфрақұрылымы субъектісі және (немесе) тасымалдаушысы басқа Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан көлік инфрақұрылымы объектілерінің және (немесе) екінші Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерін анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ олардың салдарын жою, заңсыз араласу актілерінің жасалу себептері мен жағдайларын анықтау мәселелерінде жәрдем көрсетуін;

      бір Тарап мемлекетінің көлік инфрақұрылымы субъектісі және (немесе) тасымалдаушысы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында айқындалған тәртіппен екінші Тарап мемлекеті қалыптастыратын жолаушылар туралы дербес деректер базасына жол жүру құжаттарында (билеттерде) қамтылған деректерді беруін қамтамасыз етуге бағытталған.

3-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін Тараптар мынадай құзыретті органдарды айқындайды:

      Қазақстан тарапының атынан – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      Ресей тарапының атынан – Ресей Федерациясының Көлік министрлігі, көлік саласындағы Қадағалау жөніндегі федеральдық қызмет;

      Құзыретті орган ауыстырылған немесе оның атауы өзгерген жағдайда осындай шешім қабылданған күннен бастап 30 күн ішінде Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлайды.

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімді іске асыру мақсатында өзара іс-қимылды ұйымдастырады және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

4-бап

      1. Бір Тараптың құзыретті органдары:

      а) осы Келісімнің 2-бабында көзделген ережелерді іске асыру мақсатында бір Тарап мемлекетінде қабылданған нормативтік құқықтық актілердің мазмұны туралы ақпаратты басқа Тараптың құзыретті органдарына жолдайды, оның ішінде осы саладағы заңнамадағы өзгерістер туралы хабардар етеді;

      б) осы Келісімнің 2-бабында көзделген ережелерді іске асыру мақсатында екінші Тараптың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша оларға бір Тарап мемлекетінде қабылданған нормативтік құқықтық актілерді қолдану жөнінде түсіндірме береді;

      в) осы Келісімнің 2-бабының ережелерін іске асыру мақсатында мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру және нормативтік-құқықтық реттеу, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы деңгейінде әзірленетін көлік түрлері бойынша көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың мазмұнына қолданылатын тәсілдер, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілеріне және (немесе) көлік құралдарына заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы өзара ақпарат алмасу тәртібі мәселелері бойынша екінші Тараптың құзыретті органдарының ұсыныстарын қарайды және екінші Тараптың құзыретті органдары үшін ұсыныстарды қалыптастырады;

      г) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында:

      көлік инфрақұрылымы субъектілерінің және (немесе) тасымалдаушылардың көлік инфрақұрылымы объектілерінде және (немесе) көлік құралдарында заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптері мен олардың жасалғаны туралы хабарлау тәртібі;

      көлік инфрақұрылымы субъектілері мен тасымалдаушыларға көлік инфрақұрылымы объектілері мен көлік құралдарының көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын талаптар айқындалатын нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады.

      д) екінші Тараптың құзыретті органдарына Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында орналасқан көлік инфрақұрылымы объектілерінде және (немесе) екінші Тарап мемлекетіне, екінші Тарап мемлекетінен және (немесе) екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы халықаралық тасымалдарды, сондай-ақ жүктердің каботаждық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарында заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптері туралы және олардың жасалғаны туралы ақпарат береді.

      2. Осы Келісімнің 2-бабында көзделген ережелерді іске асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдары Тараптар мемлекеттері аумағында орналасқан көлік инфрақұрылымы объектілерінің және (немесе) басқа Тарап мемлекетіне, одан немесе оның аумағы арқылы халықаралық тасымалдауды, сондай-ақ каботаждық автомобильдік жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қауіптері мен олардың жасалғаны туралы бір Тараптың құзыретті органдарының екінші Тараптың құзыретті органдарына хабар беру тәртібін бірлесіп әзірлеуді ұйымдастырады.

5-бап

      Тараптардың құзыретті органдарының осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметі жүйелілік пен үздіксіздік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

      Осыған байланысты Тараптардың құзыретті органдары жыл сайынғы негізде осы Келісімнің 2 және 4-баптарының ережелерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлейді.

      Аталған ережелерді іске асыру жөніндегі бірінші іс-шаралар жоспары осы Келісім күшіне енген күннен бастап 180 күннен кешіктірілмей қалыптастырылады.

      Осы жоспарлардың орындалуына талдау жасауды және қажет болған кезде оларды қайта қарауды Тараптардың құзыретті органдары жыл сайынғы негізде жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімді практикалық іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың құзыретті органдары сарапшылардың бірлескен жұмыс топтарын құра алады.

      Сарапшылар жұмыс топтарының негізгі міндеттері – осы Келісім шеңберінде Тараптардың өзара іс-қимылды жүзеге асыруына байланысты ұсыныстарды, сондай-ақ Тараптардың осы Келісімді іске асыруына барысына үздіксіз мониторинг ұйымдастыру және қажет болған жағдайда оның ережелерін қайта қарау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.

7-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді орындау үшін қажетті ақпаратты екінші Тарапқа беруді қамтамасыз етеді. Осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясын немесе Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын мәліметтерді осы Келісімді іске асыру барысында беру, пайдалану және қорғау 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты үшінші тараптарға бермеуге міндеттенеді.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты тек осы Келісімді іске асыру мақсатында ғана пайдаланады.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді әрі осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

9-бап

      Осы Келісім бойынша бір Тараптың міндеттемелерін орындауына кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары туындаған кедергілерді жою және Келісімді орындауды қамтамасыз ету жөнінде шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар өткізеді.

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Келісім Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 ай өткен соң өз қолданысын тоқтады.

      Осы Келісім 202_ жылғы "__" __________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы
Үкіметінің атынан
Ресей ФедерациясыҮкіметінің атынан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады