ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 25.08.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасында:
1, 2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 100-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі және шет елде дипломатиялық қызмет органдарына бекітілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жағдайларын қоспағанда, жекешелендіру объектілерін аукцион мен тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату тәртібін реттейді.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – жекешелендіру объектісінің бағаны көтеру аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын бағасы немесе бағаны төмендету аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын жарияланған баға;
2) алғашқы баға – жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы берген есептің негізінде айқындалатын және қайсысының ең жоғары болатынына байланысты баланстық құн не бағалау құны мөлшерінде мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейтін жекешелендіру объектісінің бағасы;
3) аукцион – тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық форматта өткізілетін сауда-саттықтың қатысушылар өз ұсыныстарын жария түрде мәлімдейтін нысаны;
4) аукцион залы – тізілім веб-порталының аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін бөлімі;
5) аукцион нөмірі – Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңбасы болған кезде қатысушыға аукционға, тендерге қатысу үшін берілетін нөмір;
6) әлеуетті сатып алушының (ие болушының) үлестес тұлғасы – осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) шешімдерін айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешімге, оның ішінде жазбаша түрде жасалған мәмілеге байланысты ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;
7) бастапқы баға – әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық басталатын баға;
8) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс – конкурс жеңімпазын сатушы тәуелсіз консультанттардың қатысуымен кезең-кезеңімен келіссөздер жүргізу арқылы айқындайтын сауда-саттық нысаны;
9) ең төменгі баға – жекешелендіру объектісін одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
10) жекешелендіру объектісі – мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын; жекешелендірілуі тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның өндірістік және өндірістік емес бөлімшелері мен құрылымдық бірліктері; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершілегі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар;
11) жеңімпаз – жекешелендіру объектісі үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға және тендерге қатысушы; екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың екінші кезеңінің ең жоғары баға және (немесе) ең үздік шарттар ұсынған қатысушысы;
12) кепілдік жарна – сауда-саттық немесе өзге міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеуші кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы;
13) қатысушы – аукционға, тендерге немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
14) қатысушының ақшалай балансы (бұдан әрі – электрондық әмиян) –екінші деңгейдегі банктегі бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына әлеуетті қатысушы құйған:
екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, аукцион, тендер және жабық тендер нысанындағы сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарналарды қабылдауға;
осы Қағиданың 23-тармағының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілдік жарналарды қайтаруға байланысты ақша қаражатын есепке алу үшін бірыңғай оператор пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты;
15) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – Заңда және осы Қағидада көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құратын алқалы орган;
16) сату бағасы – өткізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша белгіленген жекешелендіру объектісінің түпкілікті бағасы;
17) сатушы (мүлікті иеліктен айыруды жүргізетін адам) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
18) сатып алушы (ие болушы) – мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлікті сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
19) сауда-саттық – жекешелендіру түрі;
20) сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын әдіс;
21) сауда-саттықтың бағаны төмендету әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы жарияланған қадаммен төмендетілетін әдіс;
22) тәуелсіз консультанттар – жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында сатушы тартатын заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдіктер немесе олардың бірлестіктері, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар;
23) тендер – тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында жабық электрондық конвертке жүктелетін, қатысушылар өздерінің баға ұсыныстарын мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;
24) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сатылатын объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
25) ұйымдастырушы – қор биржасында және шет елдегі мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған тәртіппен тартылатын сатушы не заңды немесе жеке тұлға;
26) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
27) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
3. Объектіні жекешелендіру туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты қабылдайды, олар күнтізбелік он күн ішінде жекешелендіру объектілері туралы ақпаратты (жекешелендіру кестесі) тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешімді "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті түрде жария тыңдау жүргізе отырып қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау барысында коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша жүзеге асырады, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Кәсіпорында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бар болса, кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешім дайындау кезінде шешімнің жобасы мемлекеттік материалдық резерв, жұмылдыру даярлығы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.
4. Екінші және одан кейінгі сауда-саттық өткізілетін жағдайларды қоспағанда, жекешелендіру объектілері сатуға жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасынан төмен болмайтын бастапқы бағамен қойылады.";
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 7-тарауына сәйкес екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурста иеліктен шығарылады.";
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Комиссия шешімінің негізінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 4, 5 және 6-тарауларына сәйкес аукцион немесе тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық жолымен иеліктен шығарылады.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату Заңда, "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар сақталып жүргізіледі.";
8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Жарғылық капиталындағы акциялардың бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлесін) сату кезінде әлеуетті сатып алушы (ие болушы) және әлеуетті сатып алушының (ие болушының) үлестес тұлғасы аукционға, тендерге, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа бірге қатыса алмайды.";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, комиссия шешімінің негізінде әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысанын және шарттарын айқындау;";
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"10) жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілелерді сүйемелдеу мақсатында "Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 1 маусымдағы № 98 бұйрығымен бекітілген Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларында (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32695 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультанттарды тарту;";
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"14) тендерге қатысушылардың құжаттарын олардың қосымша талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау және оларды сауда-саттыққа жіберу;";
13-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) қор биржасындағы сауда-саттықты қоспағанда, акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) акцияларының мемлекеттік пакеттері (жарғылық капиталға қатысу үлесі) сауда-саттыққа шығарылған жағдайда мемлекет тікелей қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ олармен үлестес болып табылатын өзге заңды тұлғалар сауда-саттықтың қатысушысы ретінде тіркелуге жатпайды.";
15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өз жұмысының регламентін өзі әзірлейді;
2) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы шешім қабылдайды;
3) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түріндегі әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарын қарайды және шешім қабылдайды;
4) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату туралы шешім қабылдайды;
5) жекешелендіру объектісін бағалау негізінде қайсысының ең жоғары болатынына байланысты жекешелендіру объектісінің баланстық құны немесе бағалау құны мөлшеріндегі алғашқы бағасын белгілеу туралы шешім қабылдайды;
6) акцияларды биржалық сауда-саттыққа қоюдың мерзімдері мен ұзақтығы, сатудың шекті мерзімдері және биржалық сауда-саттықтан алу күні туралы шешім қабылдайды;
7) тендер шарттары туралы шешім қабылдайды;
8) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптар туралы шешім қабылдайды;
9) жекешелендіру объектісін сауда-саттыққа одан әрі қоюдың орындылығы туралы шешім қабылдайды;
10) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарайды және оларды сауда-саттыққа жібереді;
11) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс жеңімпазын жариялайды;
12) сатушының ұсынысы бойынша жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты бойынша кейінгі бақылауды аяқтау туралы шешім қабылдайды.
16. Сауда-саттық ашық болуға тиіс. Сауда-саттықты өткізуге дайындықты сатушы жүзеге асырады, ол сауда-саттықтың өткізілетіні туралы хабарламаның уақтылы жариялануын қамтамасыз етеді, өтінімдер қабылдауды және екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың түскен материалдарын комиссияның қарауына береді.";
17-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасы жекешелендіру объектілерінің құнын бағалау туралы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы ұсынған есептер негізінде комиссияның шешімі бойынша қайсысының ең көп болатынына байланысты баланстық құн не бағалау құны мөлшерінде айқындалады;";
20-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Аукционға, тендерге қатысуға кепілдік жарна мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың (бұдан әрі – бірыңғай оператор) деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.";
23-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Барлық қалған жағдайларда кепілдік жарна сомасына енгізілген ақша қаражаты аукционға, тендерге қатысушының электрондық әмиянында сауда-саттық күні бұғаттан алынады, ал сатушы екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушының кепілдік жарнасын өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қайтарады.";
24-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары қолданылатын акцияларды, ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестерді, мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік кәсіпорындарды сату туралы хабарламаны объект (жекешелендіру кестесі) бойынша ақпарат тізілімге енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткеннен кейін жариялауға жол беріледі.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер басталғанға дейін бес минут бұрын және екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, содан соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтарып ала алмайды.";
28-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Аукционға, тендерге қатысу үшін мыналарды:
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН), тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – БСН), толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;
4) байланыс деректерін (почталық мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркелу қажет.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Аукционға, тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған сауда-саттыққа қатысуға өтінімді тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.
Тендерге қатысушылар сауда-саттық шартымен келісетінін қамтитын өтінімді және тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында электрондық конвертке жүктелетін баға ұсынысын сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерімен қоса тіркейді.";
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Аукционның, тендердің жеңімпазы сатып алу-сату шартына қол қойған кезде сатушыға мынадай құжаттардың көшірмелерін, оларды салыстырып тексеру үшін міндетті түрде түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынады:
1) жеке тұлғалар үшін: паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;
2) заңды тұлғалар үшін: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік не анықтама;
заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжат, сондай-ақ заңды тұлға өкілінің паспорты немесе оның жеке басын куәландыратын құжат;
мемлекетке тиесілі акцияларды сатқан кезде – қатысушының акцияларына иелік ететін (хабарлама жарияланған сәтте) акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлер тізілімінен үзінді-көшірме.";
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Тендердің жеңімпазы сатып алу-сату шартына қол қойған кезде сатушыға да өтінімге қоса берілген құжаттардың түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынады.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Аукционға, тендерге қатысушылардың өтінімдері және оларға қоса берілетін құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелері тізілімнің дерекқорында сақталады және сауда-саттықтың өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақытқа дейін жүктеу және қарау үшін қолжетімсіз болады.";
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Аукционға, тендерге қатысуға өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы үш минут ішінде электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражатының бар-жоғын автоматты түрде тексереді.";
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болған жағдайда тізілімнің веб-порталы оны сауда-саттық нәтижелері анықталғанға дейін бұғаттайды, өтінімді қабылдауды және қатысушыларды аукционға, тендерге жіберуді жүзеге асырады. Электрондық әмиянда кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болмаған кезде тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Тізілімнің веб-порталы аукционға, тендерге қатысу үшін электрондық өтінімін кері қайтарып алған қатысушының аукцион нөмірін сауда-саттықты өткізу басталғанға дейін кемінде бес минут бұрын жояды.";
39-тармақ алып тасталсын;
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Жекешелендiру объектiсi бірінші сауда-саттыққа бағаны көтеру әдісі қолданылатын аукционға шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi екінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның жетпіс пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi үшінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi төртінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның отыз пайызы мөлшеріндегі ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.
Жекешелендіру объектісі бесінші және одан кейінгі сауда-саттыққа бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционға кепілдік жарна мөлшерінен төмен болмайтын ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.
Аукцион нысанындағы әрбір келесі сауда-саттық алдыңғы аукцион күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.";
52-тармақтың екінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) аукцион және тендер нысанында кейінгі сауда-саттықтарға қатысуға өтінім беру үшін электрондық әмиянда қатысушылардың бұғаттан алынған ақшалай қаражатын бірнеше рет пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.";
5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Тендердi өткiзу";
57-тармақ алып тасталсын;
58, 59, 60, 61, 62, 63, 64 және 65-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"58. Тендердi ұйымдастыру мен өткiзудi сатушы жүзеге асырады. Жекешелендіру объектiсі бірінші тендерге шығарылған кезде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы алғашқы бағасына тең болады.
59. Тендер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі – жұма аралығында тізілімнің веб-порталында өтеді. Тендер Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 13:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.
60. Жекешелендіру объектісі екінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның жетпіс пайызына тең болады.
Жекешелендіру объектісі үшінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның елу пайызына тең болады.
Жекешелендіру объектісі төртінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның отыз пайызына тең болады.
Жекешелендіру объектісі бесінші және одан кейін тендерге шығарылған кезде бастапқы баға кепілдік жарнаның мөлшеріне тең болады.
Әрбір келесі тендер алдыңғы тендер өткізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
61. Жарғылық капиталындағы акциялардың (қатысу үлестерінің) бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тендерде сатылған жағдайда қызмет бейінін және қызметкерлердің штат санының кемінде үштен екісін сақтау тендердің шарты болып табылады.
Акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) қызмет бейінін, жұмыскерлерінің штат санын сақтау мерзімдерін сатушы комиссия шешімінің негізінде айқындайды.
62. Жекешелендіру объектісі бойынша тендер басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған жағдайда тендер өтпеді деп танылады. Егер қатысушы бастапқы бағадан кем болмайтын құн ұсынса, бір қатысушы қатысқан тендер өтті деп танылады.
Егер тендер өтпеді деп жарияланса, сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын тендердің өткізілмегені туралы актіге қол қояды.
63. Тендерге қатысуға өтінімдерді ашу сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақыт келгенде тізілімнің веб-порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
64. Тендерге қатысуға өтінімдерді сатып алушы сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген объектіге қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды айқындау мақсатында тізілімнің веб-порталында қарайды.
65. Жекешелендiру объектiсi үшiн ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңiмпаз деп танылады. Егер тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысында бірдей ең жоғары баға қамтылатын болса, онда осы қатысушылардың арасында өтінімі басқа қатысушылардың өтінімдерінен бұрын қабылданған қатысушы тендердің жеңімпазы болып танылады.";
67 және 68-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Тендердің жеңімпазы сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамаға қол қою үшін электрондық пошта арқылы сауда-саттық нәтижелері туралы хабардар етіледі.
Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама тізілімнің веб-порталында қалыптастырылады, оған сауда-саттық өткізілген күні сатушы мен тендердің жеңімпазы ЭЦҚ пайдаланып қол қояды.
68. Сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттама тендердің нәтижелерiн және жеңімпаз бен сатушының тендер нәтижесi болып табылатын шарттарда жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін тіркейтін құжат болып табылады. Сатып алу-сату шарты электрондық форматта тізілімнің веб-порталында жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдаланып сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде қол қояды. Бұл ретте сатушы сатып алушыға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қол қоюға сатып алу-сату шартының жобасын ұсынады.";
79-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"79. Екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың екiншi кезеңi барысында ең жоғары баға және (немесе) ең үздік шарттарды ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың жеңiмпазы болып танылады.";
мынадай мазмұндағы 80-1-тармақпен толықтырылсын:
"80-1. Егер:
1) конкурстың бірінші кезеңіне қатысуға екеуден аз өтінім тіркелсе;
2) конкурстың екінші кезеңіне екеуден аз әлеуетті сатып алушы (инвестор) жіберілсе;
3) конкурс жеңімпазы сатушы белгілеген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймаса, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс өткізілмеді деп танылады.
Осы тармақта көзделген жағдайларда сатушы мен тәуелсіз консультант өткізілмеген конкурс туралы актіге қол қояды және жекешелендіру объектісі қайтадан конкурсқа шығарылады.
Әрбір кейінгі конкурс алдыңғы конкурс күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей өткізіледі.";
9-тарау алып тасталсын;
11-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"11-тарау. Жекешелендiру объектiсiн сатудан алынған қаражат";
мынадай мазмұндағы 12-тараумен толықтырылсын:
"12-тарау. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау
99. Сатушы осы Қағиданың 5 және 7-тарауларына сәйкес тендердің немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың нәтижелері бойынша сатып алушының міндеттемелерді орындау шартымен жасалған жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартының талаптарының тиісінше орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
100. Сатушы бақылауды жүзеге асыру мақсатында сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындаумен байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдерін, сондай-ақ қажет болған жағдайда консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.
Сатып алу-сату шартында сатып алушының инвестициялық және өзге де қаржылық міндеттемелерді орындауы (берешекті өтеу, құрылысты немесе реконструкциялауды жүзеге асыру, өндіріс көлемінің белгілі бір деңгейін, шығарылатын өнім немесе көрсетілетін қызметтер номенклатурасын қамтамасыз ету) бойынша шарттар болған кезде бақылау консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарта отырып жүргізіледі.
101. Тиісті салалардың уәкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) сатушыдан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылауға қатысу үшін өз өкілдерінің кандидатураларын ұсынады.
Бақылауды жүргізу үшін консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарту Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
102. Тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдерін тарту арқылы бақылау нәтижелері бойынша сатушы сатып алушының сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындауының барысы туралы ақпаратты қамтитын тиісті бақылау актісін растайтын құжаттармен қоса ресімдейді.
Бақылау актісіне бақылауға қатысушылардың бәрі (сатушының, тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдері) және сатып алушы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдар тартылатын бақылау нәтижелері бойынша сатушыға сатып алушының сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындауын бағалау туралы бекітілген есеп растайтын құжаттармен қоса ұсынылады.
103. Сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылау жекешелендіру объектісі сатып алушыға берілген күннен бастап осы Қағиданың 91-тармағында белгіленген тәртіппен сатып алушының міндеттемелерді орындауы аяқталған сәтке дейін, бірақ жылына бір реттен сиретпей жүргізіледі.
104. Сатып алу-сату шарты талаптарының сақталуын бақылауды аяқтау туралы шешімді сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған кезде комиссия шешімінің негізінде сатушы қабылдайды.
Сатып алушы сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.".
2. Осы қаулы 2025 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |