Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік қызметшілердің, дипломатиялық қызмет персоналының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлерінің іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 қарашадағы № 755 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және өзге ұйымдарға іссапарға бару қағидаларында:
10-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) уәкілетті органда қызметінің нәтижелері соңғы сегіз тоқсан бойы қатарынан "функционалдық міндеттерді тиімді орындайды" мәнімен бағаланған;";
көрсетілген қаулымен бекітілген Өзге мемлекеттік органдардан мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне іссапарға бару қағидаларында:
10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне іссапарға бару:
1) С-2 және одан жоғары санаттағы лауазымдарға орналасуға үміткер мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ Ұлттық Банктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің;
2) Қағидалардың осы тармағының 1) тармақшасында көрсетілмеген тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
11. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне:
1) мынадай:
мемлекеттік қызметшілерге қатысты – жіберуші мемлекеттік органдағы саяси лауазымда алты айлық міндетті өтіл белгіленетін мемлекеттік саяси қызметшілерді қоспағанда, жіберуші мемлекеттік органда кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
Ұлттық Банктің қызметкерлеріне қатысты – Ұлттық Банкте кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар;
2) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіндегі іссапарға бару тәртібімен атқарылатын лауазым үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келетін;
3) алынбаған тәртіптік жазалары жоқ;
4) міндеттерді уақытша атқарушы немесе уақытша жоқ қызметкерді алмастырушы болып табылмайтын;
5) осы тармақшаның екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген іссапарға баратын кандидаттарды қоспағанда, жіберуші мемлекеттік органда қызметінің нәтижелері соңғы сегіз тоқсан бойы қатарынан "функционалдық міндеттерді тиімді орындайды" мәнімен бағаланған жіберуші мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің, Ұлттық Банк қызметкерлерінің іссапарға баруына болады.
Әскери қызметші, құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның қызметкері лауазымын атқаратын іссапарға баруға кандидат соңғы аттестаттаудың қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясының шешімі оң болуы шартымен іссапарға бара алады.
Ұлттық Банктің қызметкері соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша қызмет тиімділігінің функционалдық түйінді көрсеткіштері бойынша нақты нәтижеліліктің 80 %-дан кем болмауы шартымен іссапарға бара алады;
6) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруға жазбаша келісім білдірген жіберуші мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің, Ұлттық Банк қызметкерлерінің іссапарға баруына болады.";
16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Мемлекеттік қызметшінің, Ұлттық Банк қызметкерінің Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға баруы туралы ұсыныс келісілген жағдайда жіберуші мемлекеттік орган үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген лауазымды адамдарға осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген құжаттармен, сондай-ақ уәкілетті орган хатының көшірмесімен қоса негізделген хат жолдайды.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге де ұйымдарға іссапарға бару қағидаларында:
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге де ұйымдарға жіберуші мемлекеттік органның:
1) жіберуші мемлекеттік органда кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар;
2) алынбаған тәртіптік жазалары жоқ;
3) міндеттерді уақытша атқарушы немесе уақытша жоқ қызметкерді алмастырушы болып табылмайтын;
4) қызметінің нәтижелері соңғы сегіз тоқсан бойы қатарынан "функционалдық міндеттерді тиімді орындайды" мәнімен бағаланған;
5) іссапарға баруы тәртібінде атқаруға жататын лауазым үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, халықаралық және өзге де ұйымдардың жарғылық және өзге де құжаттарында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келетін;
6) іссапарға баруға жазбаша келісім білдірген мемлекеттік қызметшінің іссапарға баруына болады.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |