Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 1062 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 13 тамыздағ № 614 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 1062 қаулысымен бекітілген |
Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары
Кешенді жоспар Қазақстандағы мұнай-газ жобаларының іске асырылуын мониторингтеу мен басқарудың түйінді құралы болып табылады, сонымен қатар жобаларды сәтті аяқтау үшін ықтимал кідірістер мен проблемаларды уақтылы анықтауды және жоюды қамтамасыз ете отырып, жобалардың іске асырылу барысын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы өнеркәсіп өндірісінің жетекші салаларының бірі ретінде экономикалық дамудың негізі болып табылады және көп жағдайда еліміздің экономикалық және энергетикалық тәуелсіздігін айқындайды.
2020 – 2022 жылдар кезеңінде мұнай өндіру: 2020 жылы 85,6 млн тоннаны, 2021 жылы 85,9 млн тоннаны, 2022 жылы 84,2 млн тоннаны құрады.
Сонымен қатар еліміздегі мұнай өңдеу өнеркәсібінің басты міндеті экономикалық өсуді және ішкі нарықтың сапасы жоғары жанар-жағармай материалдарына сұранысын қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл міндетті отандық 3 мұнай өңдеу зауыты орындайды: "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (мұнай өнімдерінің өндірісі) және "Caspi Bitum" БК" ЖШС (битум өндірісі), жалпы өңдеу көлемі жылына 18 млн тоннаға дейін.
2020 – 2022 жылдар кезеңінде: 2020 жылы 15,8 миллион тонна, 2021 жылы 17 миллион тонна, 2022 жылы 17,9 миллион тонна өңделген.
Мұнай-газ химиясы өнеркәсібінде бүгінде бірқатар жобалар іске асырылған, олардың негізгілері: "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС хош иісті көмірсутектер (бензол, параксилол) өндірісі, "KPI" ЖШС полипропилен, "Компания Нефтехим ЛТД" ЖШС полипропилен, "Hill Corporation" ЖШС жағармай материалдары, "Лукойл Лубрикантс Центральная Азия" ЖШС жағармай, "Шымкент химия компаниясы" ЖШС бензин қоспалары (метил терт-бутил эфирі) және т.б. өндірісі, олардың жалпы өндіріс қуаты жылына шамамен 1,350 мың тоннаны құрайды.
2020 – 2022 жылдар кезеңінде мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі:
2020 жылы 359,3 мың тоннаны, 2021 жылы 190,1 мың тоннаны, 2022 жылы 271,4 мың тоннаны құрады.
Ірі мұнай-газ жобалары
Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіру кәсіпорны 295 кен орнын игеруде.
Еліміздің үш ірі кен орнында – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанда көмірсутектерді өндіру ел бойынша жалпы өндірістің 60 %-ын құрайды.
Теңіз жобасы аса ірі кеңейту жобасын аяқтау сатысында: келешек кеңейту жобасы (бұдан әрі – ККЖ), ҰЕҚБ жобасы. 2022 жылы әріптестер жобаның жаңартылған құны мен графигін мақұлдады. Акционерлер мен Қазақстан Республикасы үшін экономикалық құндылығын қамтамасыз ете отырып, жобаны келісілген бюджет пен мерзімдерге сәйкес іске қосу күтіледі. Жұмыстың жалпы прогресі – 98,8 %. Жобаның жалпы құны 46,7 млрд долларды құрайды.
Қарашығанақ кен орнын келешек игеру жоспарында өндіру деңгейін ұстап тұру жөніндегі инвестициялық жоба (бұдан әрі – ӨДҰТ) мен Қарашығанақты кеңейту – I кезең (ҚКЖ1) жобасын іске асыру көзделген:
Қарашығанақты кеңейту жобасы – 1А (ҚКЖ-1А).
Қарашығанақты кеңейту жобасы – 1Б (ҚКЖ-1Б).
Көрсетілген жобалардың бәрі сұйық көмірсутектерді өндірудің қазіргі деңгейін жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған. Бұл жобаларды 2020 – 2027 жылдары іске асыру жоспарланған.
Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1А) қосымша 5-ші шикі газды кері айдау компрессорын енгізуді ескере отырып, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұруға бағытталған. Іске асыру кезеңі: 2011 жылғы КОТИ-ға № 18 толықтырудың бекітілген 1-ші қайта қаралуына сәйкес 2020 – 2025 жылдар. Жоба бюджеті – 970 млн АҚШ доллары. Жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім 2020 жылғы 11 желтоқсанда қабылданды. Жобаны іске асырудағы жалпы прогрес – 91,8 %. Жобаның игерілген сомасы 970 млн АҚШ долларының 617,2 млн АҚШ долларын құрайды.
Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1Б) шикі газды кері айдайтын қосымша 6-шы компрессорды енгізуді ескере отырып, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұруға бағытталған. Іске асыру кезеңі:
2022 – 2027 жылдар. ҚРЖ-1Б жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім 2022 жылғы 25 қарашада қабылданды. Жобаның алдын ала бюджеті – 734,6 млн АҚШ доллары. Жобаны іске асырудағы жалпы прогрес 32,1 %-ды құрайды. Жобаның игерілген сомасы 734,6 миллион АҚШ долларының 148,9 АҚШ долларын құрайды.
Солтүстік Каспий жобасын іске асыру шеңберінде Қашағанды толық көлемде игеру тұжырымдамасы әзірленуде, оның барысында Шығыс Қашағанда мұнай өндіру тәулігіне 450 мың баррельден 900 мың баррельге дейін (II кезең) және одан әрі Батыс Қашағанда тәулігіне 1100 мың баррельге дейін (III кезең) ұлғайтылады. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2027 – 2042 жылдар.
Газ жобалары
Газ саласы Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік игілігінде шешуші рөл атқарады. Еліміздің газ ресурсы аса бай.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші және ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында. Бекітілген алынатын қор – 3,8 трлн м3, оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн м3, бос газ – 1,6 трлн м3.
Барлық барлау жүргізілген газ қорының шамамен 98 %-ы Қазақстанның батысында, оның 87 %-ы аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған.
Өз құрылымы бойынша республикада өндірілетін газ негізінен ілеспе мұнай газы болып табылады.
Қазақстанда газ өндірудің шамамен 80 %-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобалары қамтамасыз етеді.
Газ саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша ілеспе газ өндіру
53,2 млрд м3, өткізуге арналған тауарлық газ – 23,9 млрд м3 (өз қажеттіліктерін есепке алмағанда) құрады, оның ішінде ішкі тұтыну – 19,3 млрд м3 (2020 жылғы тұтыну – 17 млрд м3), экспорт 4,6 млрд м3 құрады.
Қазақстан Республикасының аумақтарын одан әрі газдандыру және ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ету газ саласындағы негізгі басымдық болып табылады.
Қазақстан экономикасының дамуымен бірге ішкі нарықтың газға сұранысы да үнемі артып келеді. Саны ұлғайып келе жатқан жаңа тұтынушыларды газбен қамтамасыз етуден басқа электр энергиясы жобаларын, мұнай-газ химиясы саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз ету және өнеркәсіп орындарын газға ауыстыру қажеттігі туындап отыр.
Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және газ саласын одан әрі орнықты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет.
Өсіп келе жатқан сұраныс жаңа кен орындарын пайдалануға беру және газ өңдеу қуаттарын кеңейту есебінен жабылады деп күтілуде.
ҚР ЭМ НКОК акционерлерімен Қашаған кен орнын игерудің 2А-кезеңін іске асыру шеңберінде қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізуде.
Қазақстан Республикасының ішкі нарығына жеткізу үшін Қарашығанақ кен орнының жылдық көлемі 9 млрд м3 дейінгі шикі газы Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді.
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. (бұдан әрі – ҚПО) бағалауы бойынша ӨБТК аяқталу мерзімі – 2037 жылға дейін сұйық көмірсутектерді өндіруге айтарлықтай әсер етпей, компанияның кен орнынан шикі газ өндіруді жылына 9 млрд м3-тен 13 млрд м3-ке (+4 млрд м3) дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.
Алдағы іс-қимылды мақұлдау мақсатында ҚПО "PSA" ЖШС-мен (бұдан әрі – өкілетті орган) бірге Газ стратегиясын іске асыру жол картасын (2028 жылы газ өңдеу зауытын іске қосу арқылы жобаны іске асырудың жеделдетілген жоспары бөлінісінде) (бұдан әрі – Жол картасы) әзірледі.
Жол картасына сәйкес газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру жөніндегі стандартты графикке 2030 жылы пайдалануға беру әзірлігімен 6-7 жыл уақыт кетеді.
Газ бойынша қуаттарды кеңейту мүмкіндігіне жаңа ұңғымалар мен кәсіпшілік ішінде құбыржолдарды пайдалану, Қарашығанақ қайта өңдеу кешеніндегі (ҚҚК) қондырғыларды модификациялау, газды кешенді дайындау жаңа қондырғысы (ГКДЖҚ-4), сондай-ақ экспорттық құбыржолдар жатады.
Мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу жобалары
Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі еліміздің өңдеу саласын дамытудың перспективалы бағыты болып табылады және мультипликативтік әсері жоғары әрі аралас салалардағы (құрылыс, автомобиль өнеркәсібі, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқалар) өнеркәсіптік өндірістің дамуын ынталандырады.
Отандық мұнай-газ химиясы хош иісті көмірсутектерді (бензол, параксилол), полипропиленді, жағармай, метил-терт-бутил эфирін өндіретін кәсіпорындардан тұрады, олардың жалпы қуаты жылына шамамен 1350 мың тоннаны құрайды.
Мұнай-газ химиясы өндірістерін кешенді дамыту үшін "ҰИМХТ" АЭА жұмыс істейді, салықтық және кедендік жеңілдіктер, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.
"ҰИМХТ" АЭА аумағында қуаты жылына 339 мың тонна бутадиен мен оның туындыларын өндіретін зауыт салу және 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарланған.
"Самұрық-Қазына" АҚ мен ҚМГ стратегиялық инвестор – "СИБУР" компаниясымен полиэтилен жобасын (жылына 1,25 млн полиэтилен) бірлесіп іске асыру және полипропилен жобасын (жылына 550 мың полипропилен) бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойған.
Бутадиен жобасы бойынша "Бутадиен" ЖШС мен Lummus Technology LLC арасында екінші іске қосу кешені шеңберінде базалық жобаны әзірлеуге арналған лицензиялық келісімге және шартқа қол қойылды, жобалық жұмыстар жүргізілуде.
Бұған қоса Атырау – Кеңқияқ мұнай құбырының кері бағыттағы қуатын жылына 6-дан 15 млн тоннаға дейін және Кеңқияқ – Құмкөл 10-нан 20 млн тоннаға дейін ұлғайту қазақстандық мұнай өндіру компанияларына, оның ішінде Шымкент МӨЗ қуатын жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды ескере отырып, батыс өңірлердің (Атырау, Маңғыстау облыстары) кен орындарынан ҚР МӨЗ-ге мұнай жеткізуді ұлғайтуға, сондай-ақ Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы ҚХР-ға, оның ішінде Батыс Қазақстаннан қазақстандық жүк жөнелтушілердің экспорттық көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жер қойнауын пайдалану
Еліміздің мұнай кен орындарының негізгі қорының табиғи сарқылуынан бөлек күрделі шығындар мен геологиялық барлауға инвестиция құюдың жеткіліксіздігі мұнай өндіру деңгейінің төмендеуінің бірден-бір негізгі себебі болды.
Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарына салған инвестициялары 2019 жылы 133,4 миллиард теңгені құрады, 2020 жылы 95,3 миллиард теңгеге дейін төмендеді, 2021 жылы 80,9 миллиард теңгені, 2022 жылы 135,7 миллиард теңгені құрады. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда кен орнын игеруді одан әрі дамытуға және игеру тиімділігін арттыруға салынатын инвестициялар серпінінің теріс екені байқалады.
Жалпы республикадағы барлық кен орындары бойынша мұнай алудың ағымдағы коэффициентінің орташа мәні шамамен 0,15 құрайды, ал мұнай алу әдістерін қолданудың әлемдік тәжірибесін талдау осы коэффициент бойынша шамамен 0,4 – 0,5 мәнге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Жалпы еліміздің мұнай өндіру саласы жұмыс істеп тұрған кен орындары сарқылуының жоғары деңгейімен, жеңіл мұнай дәуірінің аяқталуымен, теңіздегі және құрлықтағы күрделі кен орындары сияқты жер қойнауының әлеуетті жаңа учаскелерін игерудің күрделенуімен сипатталады.
Сонымен қатар Қазақстанның жер қойнауында барлау жұмыстары жүргізілмеген ірі көмірсутек қоры шоғырланған.
Мәселен, ҚР шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу есебіне сәйкес (Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің тапсырысы бойынша орындалған) Қазақстанда көмірсутектер бойынша барлығы шамамен 76 млрд тонна шартты отынды құрайтын болжамды ресурстарымен 15 шөгінді бассейн бар (5 – игерілген, 5 – аз зерттелген және 5 – келешегі аз). Бағалау бойынша зерттелмеген және терең жатқан көкжиектерде 40 млрд тоннаға дейін көмірсутектің болжамды ресурстары шоғырланған.
Әлеуетті инвесторлар үшін болжамды ресурстары жеткілікті, аз зерттелген және күрделі учаскелер жобалардың капиталды көп қажет ететіндігіне және өзекті геологиялық деректер болмауына байланысты тартымды болмай отыр.
Халықаралық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес барлау табысы коэффициентінің орташа мәні 20 – 25 %-ды құрайды.
Осыған байланысты жер қойнауын пайдалануды дамыту мәселелері мемлекеттің маңызды және басым міндеті болып табылады.
Геологиялық барлауды ынталандыру және мұнай-газ кен орындарын (теңіз, құрлықтағы күрделі және газ) игеру мақсатында 2022 жылғы желтоқсанда ҚР ЭМ жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт қабылдады.
Тартымды реттеушілік және фискалдық преференциялар жаңа күрделі жобаларды игеруді ынталандыратын болады, құрлықтағы және теңіздегі капиталды көп қажет ететін жобалар жеңілдіктер түріндегі мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады. Жетілген кен орындарында жаңа ынталандырушы салық режимі қолданылатын болады.
Еліміздің аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту жөніндегі өткір проблемаларды шешумен қатар Кешенді жоспар орнықты дамуды қамтамасыз етуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ЖСҚ – жобалау-сметалық құжаттама;
ЖШС – жауапкершігі шектеулі серіктестік;
ҚМГ – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы;
ҚПО – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.;
ҚР ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
НКОК – Норт Каспиан Оперейтинг компаниясы Н.В.;
ӨБТК – өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім;
ТЭН – техникалық-экономикалық негіздеме;
ҰЕҚБ – ұңғыма ернеуінің қысымын басқару;
"ҰИМХТ" АЭА – "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы;
"QazaqGaz" ҰК" АҚ – "QazaqGaz" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы.