Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 113-бабының 9-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 603 қаулысымен бекітілген |
Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 113-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік қазынашылығының бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі (бұдан әрі – Ұлттық Банк), Ұлттық пошта операторындағы және (немесе) екінші деңгейдегі банктердегі (бұдан әрі – банктер) депозиттерге орналастыруды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2-тарау. Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру үшін банктерді таңдау
2. Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыруды мемлекеттік қазынашылық пен банктер арасында жасалатын бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру туралы келісімнің (бұдан әрі – орналастыру туралы келісім) негізінде оларды ұтымды пайдалану және республикалық бюджетке кіріс алу мақсатында мемлекеттік қазынашылық жүзеге асырады.
3. Уақытша бос бюджет ақшасын орналастырудан пайыздық кіріс түрінде алынған сыйақы республикалық бюджеттің кірісіне аударылады және салық салынбайды.
4. Уақытша бос бюджет ақшасы банктерде мынадай шарттармен орналастырылады:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге орналастыру валютасы болып табылады;
2) уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру мерзімі он екі айға дейін, бірақ ағымдағы қаржы жылының аяқталу мерзімінен аспайды;
3) пайыздық кірісті төлеу ай сайын, ал бір айға дейінгі мерзімге орналастырылған ақша бойынша орналастыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
5. Уақытша бос бюджет ақшасын банктерге орналастыру осы Қағидаларда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін банктерді таңдау арқылы жүзеге асырылады.
6. Банктерге қойылатын тиісті талаптар туралы ақпарат мемлекеттік қазынашылықтың ресми интернет-ресурсында жарияланады.
7. Уақытша бос бюджет ақшасын орналастыруға мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін банктер жіберіледі:
1) банк операцияларын жүргізу құқығына тиісті лицензиясының болуы;
2) жиынтық активтерінің бір триллион теңгеден кем болмауы;
3) меншікті капиталының бес жүз миллиард теңгеден кем болмауы;
4) халықаралық рейтингі "Standard&Poor's" немесе "FitchRatings" рейтингтік агенттіктерінің шәкілі бойынша "ВВ-" деңгейінен төмен болмауы немесе "Moody' s Investors Service" ұқсас рейтингінің шәкілі бойынша "Ba3" төмен болмауы не мемлекеттік қатысу үлесінің жүз пайыз болуы;
5) бұған дейін қатысушыда орналастырылған уақытша бос бюджет ақшасы бойынша оның мерзімі өткен берешегінің болмауы және қатысушының пруденциялық нормативтерді сақтауы;
6) депозиттерге міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесіне (Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры) қатысу.
8. Мемлекеттік қазынашылық осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келетін банктермен орналастыру туралы келісімдерді он екі айға дейінгі, бірақ ағымдағы қаржы жылының аяқталу мерзімінен аспайтын мерзімге жасасады.
9. Орналастыру туралы келісімдер жасалған банктер туралы ақпаратты мемлекеттік қазынашылық орналастыру туралы келісім жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік қазынашылықтың ресми интернет-ресурсында жариялайды.
10. Орналастыру туралы келісімдер банктер айқындаған және мемлекеттік қазынашылықпен келісілген нысан бойынша жасалады.
3-тарау. Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру тәртібі, тетігі мен параметрлері
11. Банктерде уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру лимиттері мен мерзімдерін, сыйақының ең төмен шекті мөлшерлемесін және орналастыру санын уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – орналастыру жөніндегі комиссия) белгілейді.
12. Орналастыру жөніндегі комиссияның құрамы, оның өкілеттіктері мен отырыс өткізу мерзімдері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалады.
13. Комиссияның шешімдері оның барлық мүшелерінің, оның ішінде Ұлттық Банк өкілінің бірауыздан келісімі болған кезде ғана қабылданды деп есептеледі.
14. Банктермен жасалған орналастыру туралы келісімнің шеңберінде қаражатты орналастыруды мемлекеттік қазынашылық осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын банктерде орналастыруға сұраным негізінде жүзеге асырады.
15. Мемлекеттік қазынашылық уақытша бос бюджет ақшасын орналастырудың әрқайсысына жеке-жеке сұраным ресімдеп, орналастыру жоспарланатын ақша сомалары мен мерзімдерін, сондай-ақ сыйақының ең төмен шекті пайыздық мөлшерлемесін міндетті түрде көрсетеді.
16. Мемлекеттік қазынашылық уақытша бос бюджет ақшасын банктерге орналастыруды орналастыру жөніндегі комиссия айқындаған лимит шегінде жүзеге асырады. Лимит бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасының жалпы қалдығынан айқындалады. Бір банкте орналастырудың жалпы сомасы бірыңғай қазынашылық шоттағы қаражаттың жалпы қалдығының жиырма пайызынан аспауға, бірақ орналастыруға сұраным берілген кездегі банктің меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес пайызынан аспауға тиіс.
17. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығымен бекітілген 2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі – № 272 қағидалар) сәйкес мемлекеттік қазынашылық:
1) Ұлттық Банкке – бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын банктерде орналастыру нәтижелері, сондай-ақ банктер тарапынан міндеттемелерді орындамау фактілері туралы ақпаратты;
2) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға – банктерде орналастырылған бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасы туралы ақпаратты ұсынады.
18. Мемлекеттік қазынашылық уақытша бос бюджет ақшасын банктерде орналастыру туралы жасалған келісімдер негізінде орналастыру туралы келісімде көрсетілген шоттарға ақша аудару арқылы және орналастыруға сұранымда көрсетілген мерзімдерде орналастырады.
19. Банктер орналастырылған ақшалай қаражатты уақтылы қайтармаған жағдайда олар орналастыру туралы келісімдерде айқындалған мөлшерде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен берешек сомасынан өсімпұл төлейді.
20. Өсімпұл түсімдерінің сомасы республикалық бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
21. Банктерде орналастырылған бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын есепке алу № 272 қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру қағидаларына қосымша |
Бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын банктерде орналастыруға сұраным
Сомасы | Мерзімі | Орналастыру күні | Қайтару күні | Орналастыру бойынша ең төмен сыйақы мөлшерлемесі (пайызбен) |