"Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 27 қарашадағы № 4 Нормативтік қаулысы

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 8-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "Адвокат берген апелляциялық (кассациялық, жеке) шағымға апелляциялық (кассациялық, жеке) шағым беру және оған қол қою құқығы көзделген сенімхат, куәлік және оның істі жүргізуге өкілеттігін растайтын қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарлама қоса берілуге тиіс. Қосымшада көрсетілген кез келген құжаттың болмауы АПК-нің 407-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасы, 442-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде оны қайтаруға әкеп соғады.";

      2) 12-1-тармақта:

      екінші абзацтағы "АПК-нің 165-бабының бірінші бөлігі" деген сөздер "АПК-нің 165-бабының 1) тармақшасы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 13-тармақта:

      екінші абзацтағы "ғана" деген сөз алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "АПК-нің 198-бабында көзделген істі талқылауды кейінге қалдыру жағдайларының тізбесі түпкілікті болып табылмайды.";

      4) мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Соттар талап қоюшының талап қою ісін жүргізу істері бойынша талап қоюдан бас тарту құқығын арыз берушінің ерекше іс жүргізудегі істер бойынша мәлімделген талапты қолдамау құқығынан ажыратуы тиіс.

      Талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы (АПК-нің 48-бабының бірінші бөлігі). Сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдаған кезде АПК-нің 277-бабы 4) тармақшасының негізінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады және АПК-нің 278-бабының екінші бөлігінде көзделген салдарлар туындайды.

      Арыз берушінің ерекше іс жүргізудегі істер бойынша келтірілген нормаларға сәйкес өз талаптарынан бас тартуға құқығы жоқ, сонымен қатар ол мәлімделген талапты қолдамауға құқылы. Мұндай жағдайда арыз АПК-нің 279-бабы 8) тармақшасының негізінде қараусыз қалдырылуға жатады. Сот, егер істі ерекше іс жүргізуде қарау кезінде талап қою ісін жүргізуде қаралуға жататын, соттың ведомстволығындағы құқық туралы даудың бар екені анықталса, мәлімделген талаптарды да қараусыз қалдырады (АПК-нің 279-бабының 13) тармақшасы). Арызды қараусыз қалдыру АПК-нің 280-бабының үшінші бөлігінде көзделген салдарларға әкеп соғады.";

      5) 21-тармақта:

      бірінші абзацтағы "сот отырысында" деген сөздер алып тасталсын;

      екінші абзацтағы "мерзімін қалпына келтіруден" деген сөздер "үшін өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіруден" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 26-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Егер сот шешімінің күшін жоюға АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар негіз болса, апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға міндетті және мәлімделген талаптың мәні бойынша қаулы шығаруға құқылы емес. АПК-нің 427-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасын бұза отырып шығарылған мұндай қаулының күшін кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес жоюға тиіс.";

      7) 28-тармақта:

      "28-1" деген цифрлар "27-2" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      "өтінішхаттар бойынша" деген сөздер "кассациялық шағымдар бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. АПК-нің 436-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға кассациялық шағым, наразылық берілуі мүмкін. Көрсетілген мерзімнің өтуі апелляциялық сатының сот актісі жария етілген күннен кейінгі күні басталады (АПК-нің 122-бабының екінші бөлігі).

      Алты айлық мерзім өткізіліп берілген кассациялық шағым, АПК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына және 124-бабының екінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіру туралы арыз болмаған кезде, оны берген адамға қараусыз кері қайтарылады.

      Кассациялық сатыдағы сот, егер алты айлық мерзiм өткізіліп берiлген кассациялық шағымға оны қалпына келтiру туралы арыз қоса берiлсе, сот отырысын тағайындайды және АПК-нің 445-бабының бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді орындайды.

      АПК-нің 450-бабының бірінші бөлігінде көзделген талаптарды орындағаннан кейін кассациялық сатыдағы сот арыз берушінің кассациялық шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру немесе қалпына келтіруден бас тарту туралы мәселені шешеді.

      Кассациялық шағым беру мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептері болған кезде кассациялық сатыдағы сот істі мәні бойынша қарауға кіріседі. Соттың істі қарау нәтижелері бойынша қаулысында өткізіп алынған мерзімнің қалпына келтірілгені көрсетіліп, мұндай шешімді қабылдаудың уәждері келтірілуі тиіс.

      Көрсетілген сот, егер мұндай мерзімді қалпына келтіруге негіздер жоқ деп түйін жасаса, шағымды берген адамға оны қараусыз қайтарады. Бұл жағдайда арыз берушінің кассациялық шағым беру құқығы жүзеге асырылған болып есептеледі (АПК-нің 124-бабының бірінші бөлігі).

      Кассациялық сатыдағы сот осыған ұқсас тәртіппен прокурордың наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені қарайды.";

      9) 32, 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Іс бойынша шығарылған сот актісінің (актілерінің) күші жойылып, іс бірінші не апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан соттың қарауына жіберілген кассациялық сатының сот актісіне өтінішхат беру процестік әрекет болып табылады. Ұсыну енгізуге немесе наразылық келтіруге құқығы бар лауазымды адамдар осындай істі талап етіп алдыртқан кезде бірінші не апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында АПК-нің 54-1-тарауында көзделген тәртіппен дау айтылған сот актісін қайта қарау туралы мәселе шешілгенге дейін АПК-нің 198-бабына сәйкес істі қарауды кейінге қалдырады.

      33. АПК-нің 448, 454-3-баптарында санамаланған лауазымды адамдар заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуын, егер келіп түскен кассациялық шағым, өтінішхат бойынша азаматтық істі соттан талап етіп алдыртқан жағдайда ғана тоқтата тұруы мүмкін.";

      10) 35-тармақтағы "Кассациялық сатыдағы сот" деген сөздерден кейін "және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты" деген сөздермен толықтырылсын;

      11) 40-тармақтағы "Кассациялық сатыдағы сот" деген сөздерден кейін ", Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты" деген сөздермен толықтырылсын;

      12) мынадай мазмұндағы 40-1-тармақпен толықтырылсын:

      "40-1. Судьяға, екі және одан да көп судьяға немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқалы құрамының барлық судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тарту) сол сот АПК-нің 41-бабының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші бөліктеріне ұқсастық бойынша қарайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау нәтижелері бойынша ұйғарымы түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады