Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабын қолдану жөнiндегi сот практикасы туралы

Жаңартылған

2001 жылғы 21 маусымдағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "67" деген цифрлар "68" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "КІЖК-нің", "КІЖК-ге", "ҚІЖК-не" деген сөздер тиісінше "КПК-нің", "ҚПК-ге", "ҚПК-не" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбiрленушімен, арыз берушімен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 68-бабының негізiнде қылмыстық жауаптылықтан босату сот практикасын қорыту нәтижелерін талқылап, соттардың аталған заң нормаларын біркелкі қолдануы мақсатында мынадай түсiндiрме беруге қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Тараптарды татуластыру институтын дұрыс қолдану жәбірленушінің, арыз берушінің қылмыстық процестегі рөлi мен белсенділігін арттыруға, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын толық және тез қалпына келтiруге ықпал етеді, бір мезгілде қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, кейіннен жәбiрленушiмен, арыз берушімен татуласу және зиянды қалпына келтіру түрiнде байқалатын оң мінез-құлық танытқан адамдарға ізгілік танытуға бағытталған.

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға, жәбірленушіге және арыз берушіге ҚК-нің 68-бабына сәйкес татуласу құқығын, негіздері мен тәртібін түсіндіруге міндетті.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы ҚК-нің 68-бабының негізінде күдіктінің қорғаушысының қатысуымен жәбірленуші мен күдіктіге олардың татуласу құқығы туралы түсіндіреді, бұл туралы жеке хаттама толтырылады.

      Тараптан іс бойынша тараптарды татуластыру үшін медиаторды тарту туралы өтінішхат келіп түскен кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы оны қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.

      Татуласу процесінде, оның ішінде медиация тәртібімен болашақта зиянды өтеу туралы келісімге қол жеткізу ҚК-нің 68-бабын қолдануға негіз болатын жәбірленушіге келтірілген зиянның орны толтырылды деп қаралуы мүмкін емес, бұл туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күдікті мен жәбірленушіге түсіндіруі тиіс.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      2. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. ҚК-нің 68-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық жасаған адам, егер ол келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе және ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса немесе медиация тәртібімен татуласса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3-1. ҚК-нің 68-бабы бірінші бөлігінің ережелері онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға қатысты мынадай негіздердің жиынтығы болған:

      ол жасаған қылмыстық жазаланатын іс-әрекет қазаға ұшыратуға байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатқан;

      қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен, сондай-ақ медиация тәртібімен татуласқан;

      қылмыс жасаған адам жәбірленушіге, арыз берушіге жасаған қылмысымен келтiрілген зиянды қалпына келтірген кезде қолданылады.

      Санамаланған негіздердің ең болмағанда біреуі болмаған жағдайда ҚК-нің 68-бабының бірінші қолдануға жол берілмейді.

      Бұл ретте адам қылмыстық теріс қылықты немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасағаны не оның әрекеттерінде қылмыстардың бірнеше рет жасалуы, жиынтығы немесе қайталануы, оның алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеген-өтемегені немесе жаңа қылмысты жазасын өтеу кезеңінде не пробациялық бақылау немесе үкімді орындауды кейінге қалдыру не шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған кезде жазасының өтелмеген бөлігі кезеңінде жасағаны маңызды емес.

      ҚК-нің 68-бабы бірінші бөлігінің ережелерін қолдану кезінде осы бапта көрсетілген істі тоқтату негіздері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 32-бабының екінші және төртінші бөліктерінде, 35-бабы бірінші бөлігінің 5,7-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қолданылмайтынын ескерген жөн.

      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2003.07.11 N 6; жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3-2. ҚК-нің 68-бабы екінші бөлігі бойынша қазаға ұшыратуға немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты жасағаны туралы істі тоқтату мәселесін шешу, егер бұл қылмысты толық тізбесі ҚК-нің 68-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдар алғаш рет жасаса, мүмкін болады.

      ҚК-нің 68-бабы екінші бөлігінің ережелері қазаға ұшыратуға немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты мынадай негіздердің жиынтығы болған:

      қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар оны тәрбиелеп отырған әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер жасаған;

      кінәлі адам жасаған іс-әрекет қазаға ұшыратуға немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыстар санатына жатқан;

      қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласқан;

      қылмыс жасаған адам жәбірленушіге, арыз берушіге қылмыспен келтірген зиянды қалпына келтірген кезде қолданылады.

      Санамаланған негіздердің ең болмағанда біреуі болмаған жағдайда ҚК-нің 68-бабының екінші бөлігін қолдануға жол берілмейді.

      Кәмелетке толмаған адамды қазаға ұшыратуға немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған жағдайда оған тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

      Ескерту. Қаулы 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыс жасаған адамға ҚК-нің 68-бабының екінші бөлігін қолдану туралы мәселені шешу кезінде алғаш рет жасалған қылмыс деп адамның іс жүзінде алғаш рет жасаған іс-әрекеті, не алғаш рет жасамаған, бірақ, егер бұрын жасаған қылмысы үшін заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылған немесе жазадан толық босатылған не сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған іс-әрекеті түсінілуі тиіс (ҚК-нің 79-бабы).

      Екі және одан да көп қылмыс жасаған адам (бірнеше рет жасалуы немесе нақты жиынтығы кезінде) тұтастай алғанда қылмысты алғаш рет жасаған адам болып таныла алмайды. Сонымен қатар айыптаудың бірінші эпизоды бойынша адамды алғаш рет қылмыс жасаған деп санау қажет.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қалпына келтіруге жататын зиянға қылмыстық құқық бұзушылықпен жәбірленушіге, арыз берушіге келтірілген кез келген: моральдық, тәндік және мүліктік зиянды жатқызу қажет, бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылыққа байланысты тікелей шығындар ғана емес, сонымен қатар жанама шығындар, оның iшiнде өкiлге жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, алдын ала тергеуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстар да ескерілуі тиіс.

      Зиянды қалпына келтіру бүлiнген мүлiктi қалпына келтiру, ұрланған мүлiктi қайтарып беру немесе соған тең мүлiктi беру, ақшалай өтемақы төлеу, дәрi-дәрмектердi, санаториялық-курорттық жолдамаларды сатып алу, жәбірленушіден, арыз берушіден кешiрiм сұрау түрiнде және заңмен тыйым салынбаған басқа да нысандарда болуы мүмкiн.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Жәбiрленушiге, арыз берушіге нақты қандай зиян келтiрiлгенiн және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның келтірілген зиянды толық көлемде қалпына келтірген-келтірмегенін мұқият анықтау қажет. Келтiрiлген зиян үшiн жасалатын өтемақы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның емес, жәбiрленушiнiң, арыз берушінің көзқарасы бойынша жеткiлiктi болуға тиiс.

      Қылмыстық қудалау органдары мен сот жәбiрленушiнiң, арыз берушінің қалпына келтіруге жататын зиянның көлемi туралы талаптарын өзгертуге құқылы емес.

      Тараптар арасында зиянды өтеу көлемi туралы даудың болуы татуласудың болмағанын куәландырады және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам бұл жағдайда ҚК-нің 68-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін емес.

      Зиянды қалпына келтіру нақты болуы, тараптардың татуласуынан және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешiм қабылдауға дейін болуы тиіс. Жәбiрленушiнiң, арыз берушінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға зиянды қалпына келтіру туралы қойған талаптарынан ерiктi түрде бас тартуы осы мiндеттi ол орындамаған деп бағалана алмайды және өздігінен тараптардың татуласуы үшiн кедергі бола алмайды.

      ҚК-нiң 68-бабын қолдану үшiн зиянды қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның өзі немесе оның өтiнiшi бойынша туыстарының, басқа адамдардың не ұйымның қалпына келтіргені маңызды емес.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Татуласу жәбiрленушiнiң, арыз берушінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қарсы қозғалған қылмыстық iстi тоқтату туралы өтінiшi түрiнде болады. Жәбiрленушінiң, арыз берушінің ерік бiлдiруi жазбаша арызбен ресiмделедi немесе алдын ала тергеп-тексеру сатысында одан жауап алу хаттамасында не сот отырысының хаттамасында көрсетiледi.

      Айыпталушыға (сотталушыға) материалдық наразылықтардың болмауына байланысты жазаны жеңілдету туралы жәбірленушінің, арыз берушінің өтінішхаты болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам мен жәбірленушінің, арыз берушінің арасында татуласудың болған-болмағанын және ҚК-нің 68-бабын қолдану үшін қажетті өзге де негіздердің бар-жоғын анықтауға міндетті.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Жәбiрленушінiң, арыз берушінің татуласу құқығын жүзеге асыруы кезiнде өз еркімен ерік білдіру фактісі iс бойынша дәлелдеу нысанасына кiредi. Жәбiрленушiнiң, арыз берушінің кiмнiң болса да мәжбүрлеуімен берген татуласу туралы арызы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босату үшiн негiз бола алмайды.

      Тараптардың келісімімен татуласу рәсіміне басқа адамдардың (туыстарының, достарының, қызметтестерінің, мемлекеттiк ұйымдар немесе қоғамдық бірлестіктер өкiлдерiнiң және т.б.) қатысуы жәбiрленушiнiң, арыз берушінің татуласу құқығына өз еркімен ерік білдіруін жоққа шығармайды.

      Қылмыстық қудалау органдары мен сот қандай да бір мақсатпен тараптардың татуласу процесiне қатысуға құқығы жоқ, олар тек жәбiрленушi, арыз беруші мен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға татуласу құқығын, негіздері мен тәртібін түсiндiруге тиiс.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Қылмыстық қудалау органдары мен соттар адамдарға жәбiрленушi мәртебесiн берген кезде заң талаптарын қатаң сақтауы, жәбiрленушi деп танудан негiзсiз бас тартуы, сол сияқты шын мәнiсiнде жәбiрленушi болып табылмайтын адамға жәбiрленушiнiң құқықтарын заңсыз беру жағдайларын практикадан алып тастау қажет.

      ҚПК-нің 71-бабына сәйкес жеке тұлға, сонымен қатар заңды тұлға да жәбiрленушi болуы мүмкiн. Қылмыстық қудалау органдары мен сот қылмыс жасаған адаммен татуласуға жәбiрленушінiң өкiлi ретiнде қатысатын заңды тұлғаның өкiлеттігін тексеруге тиiс. Мұндай өкiлеттiктер iске қатысуға берiлген сенiмхатта көрсетiлуi тиіс.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9-1. ҚК-нің 68-бабының бірінші, екінші бөліктерінің негізінде татуласуына байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға жәбірленуші (жеке немесе заңды тұлға), арыз беруші болған кезде ғана жол беріледі.

      ҚК-нің 68-бабының үшінші бөлігінің негізінде ҚК-нің 68-бабының бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам шын ниетімен өкінген және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды қалпына келтірген жағдайда, жәбірленуші, арыз беруші болмаған кезде де қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

      Тізбесі ҚК-нің 3-бабының 29-тармағында берілген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істер бойынша ҚК-нің 68-бабын қолдануға жол берілмейді.

      Ескерту. Қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9-2. ҚПК-нің 36-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, ҚК-нің 68-бабының екінші және үшінші бөліктерінің негізінде сотқа дейінгі сатыда - прокурор және оның келісімімен тергеуші немесе анықтау органы, сот талқылауы сатысында тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасымен сот (судья) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық істі тоқтатуға құқылы.

      Ескерту. Қаулы 9-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      10. Кәмелетке толмаған (он төрт жастан он сегіз жасқа дейiнгi) не әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған жәбiрленушiнiң қылмыс жасаған адаммен татуласуы жәбiрленушiнiң заңды өкiлiнiң келiсiмiмен ғана мүмкiн.

      Заңды өкiлдер болып табылатын адамдар тобы ҚПК-нің 7-бабының 13-тармағында белгіленген және кеңейтіп түсіндірілуге жатпайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10-1. ҚК-нің 68-бабының (Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) ережелері ҚК-нің 68-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда қолданылмайды.

      ҚК-нің 6-бабы үшінші бөлігінің (қылмыстық заңның кері күші) талаптарына сәйкес ҚК-нің 68-бабы төртінші бөлігі 8) тармағының ережелері 2020 жылғы 10 қаңтардан кейін жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты бұрын қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға ғана қолданылады.

      Адамды тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің ескіруі, ҚК-нің 71-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы қылмыс жасалған кезден бастап ҚК-нің 71-бабының бірінші бөлігінің қағидалары бойынша есептеледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
      11. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Жәбiрленушінiң ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілерi, апа-сiңлiлерi, атасы, әжесi, немерелерi оның жақын туыстары болып табылады. ҚПК-нiң 7-бабының 11-тармағында көрсетiлген адамдардың осы тiзбесі түпкiлiктi болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Заңға сәйкес ҚК-нің 68-бабының бірінші бөлігінде көзделген норманы, қылмыстық қудалау органдары мен соттың адамды қылмыстық жауаптылықтан босату үшін көрсетілген негіздер жиынтығы болған кезде қолдануы үшін міндетті.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының күдіктіге және (немесе) жәбірленушіге ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 15) тармағында және 71-бабы алтыншы бөлігінің 8) тармағында көзделген олардың құқықтарын түсіндірмеуі, сондай-ақ тараптардың татуласуға келісімі болған кезде, оларға ҚК-нің 68-бабы бірінші бөлігінің қағидаларын қолданбауы заңды елеулі бұзу болып табылады. Көрсетілген бұзушылықтар анықталған кезде, сот жекеше қаулымен тиісті шаралар қолдану үшін бұл туралы прокурордың назарына жеткізуге міндетті.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13-1. ҚК-нің 68-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген заң нормаларын қолдану міндетті (факультативтік) болып табылмайды.

      Заңның көрсетілген нормаларын қолдану кезінде жәбірленушілердің, арыз берушілердің позициясымен қатар, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды сипаттайтын деректер, қылмыстық құқық бұзушылықтан туындаған салдар және істің басқа да елеулі мән-жайлары ескерілуге тиіс.

      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2003.07.11 N 6; жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      13-2. ҚК-нің 68-бабын іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, бөлігінде қолдану татуласуға қол жеткізілген қылмыстар мен эпизодтарға қатысты қылмыстардың жиынтығы болған және бірнеше рет жасалған кезде мүмкін болады. Бұл ретте татуласуға қол жеткізілмеген немесе заңда жол берілмеген қылмыстар бойынша іс жүргізу ҚПК-ге сәйкес жалғасады.

      Қылмыстар сыбайласып жасалған жағдайларда ҚК-нің 68-бабының қолданылуы жәбірленушімен, арыз берушімен татуласқан адамдарға ғана қатысты қолданылуы мүмкін. Жәбірленушімен, арыз берушімен татуласуға қол жеткізбеген қылмысқа сыбайлас қатысушыларға қатысты іс бойынша іс жүргізу ҚПК-ге сәйкес жалғасады.

      Бір іс жүргізуде қаралатын бірнеше рет жасалған қылмыстар туралы істер бойынша өзіне айыптаудың алдыңғы эпизоды бойынша ҚК-нің 68-бабы бірінші бөлігінің ережелері қолданылған адам, ҚК-нің 68-бабының төртінші бөлігінің 8) тармағында санамаланған адамдардың қатарына жатпайды, өйткені кейінгі қылмыс жасалған кезде бұл адам бұрын жасалған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам болып табылмайды.

      Ескерту. 13-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2003.07.11 N 6; жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      14. Заңда бір мезгілде екi және одан да көп объектiге қол сұғатын қылмыстар туралы iстер (мысалы, бұзақылық, әскери қылмыстар және т.б.) бойынша ҚК-нiң 68-бабын қолдануға жол беріледі. Осы санаттағы iстер бойынша қылмыстық процесті жүргізетiн орган тiкелей қылмыс арқылы моральдық, тәндік немесе мүліктік зиян келтiрілген барлық адамдарды (оның ішінде заңды тұлғаларды да) заңға сәйкес жәбірленуші деп тануға мiндетті.

      Егер жәбiрленушiлердiң ең болмағанда бiреуiмен татуласу болмаса қылмыс жасаған адам ҚК-нiң 68-бабының негізiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатпайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. ҚПК-нің 36-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ҚК-нiң 65-бабының бірінші бөлігінде, 66, 67-баптарында, 68-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 83-бабының бірінші, үшінші бөліктерінде, сондай-ақ 441, 442, 444, 445, 446, 447, 448, 453-баптарының ескертпелерінде көзделген жағдайларда 68- бапты қолдану үшiн негiздер болған кезде сот қылмыстық iстi тоқтатуға не қылмыс жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып айыптау үкiмiн шығаруға құқылы.

      Қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы алдын ала тыңдау сатысында және басты сот талқылауының кез келген сатысында шығарылуы мүмкiн.

      Yкiм басты сот талқылауы аяқталғаннан кейiн ғана шығарылуы мүмкін.

      Сот ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптау бойынша сотқа берiлген адамның әрекеттерiнде іс жүзінде ҚК-нің 68-бабы қолданылуы мүмкін құрам болды деп таныған жағдайларда да үкiм шығарады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Қылмыстық iстi ҚК-нiң 68-бабының негiзiнде тоқтатуды заң ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатқызады. Iс тоқтатылғанға дейiн қылмыс жасаған адамға жәбiрленушiге, арыз берушіге iстi тоқтату негiзiнiң құқықтық салдары мен осы негiз бойынша iстi тоқтатуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс. Жәбiрленушiге, арыз берушіге ҚК-нiң 68-бабы бойынша iс тоқтатылғаннан кейiн, осы айыптау бойынша сол қылмысты жасаған адамға қатысты қылмыстық қудалауды қайта бастау туралы мәселе қоюға құқылы емес екенiн түсiндiру қажет.

      Егер күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе жәбiрленушi, арыз беруші iстiң тоқтатылуына қарсы болса, онда ҚПК-нің 36-бабының бесінші бөлігіне сәйкес iстiң тоқтатылуына жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша іс жүргізу әдеттегі тәртіппен жалғасады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Қылмыстық қудалау органы немесе сот шығарған қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы, сондай-ақ үкiм заңда осындай процестік құжаттарға қойылатын жалпы талаптарға (тиiсiнше ҚПК-нің 288-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктері, 327, 344, 395, 396, 397, 398, 401-баптары) сәйкес болуға тиiс. Бұдан басқа онда қылмыстың ауырлық дәрежесі бойынша санаты көрсетіле отырып, іс-әрекетке заңдық баға берілуі, болған татуласудың еріктілігі аталып өтілуі, келтірілген зиянды қалпына келтіру нақты қалай жасалғаны да көрсетілуі, ал қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыс жасаған адамға ҚК-нің 68-бабының екінші бөлігін қолдану жағдайларында адамның осы қылмысты алғаш рет жасағаны расталуы тиіс.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. Татуласу туралы арыз сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында әрі бiрiншi және апелляциялық сатыдағы берiлуі мүмкін. Қылмыстық қудалау органы мен сот, жәбірленушімен, арыз берушімен татуласуға байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босату үшін заңда көзделген негіздердің жиынтығы болған кезде ҚК-нiң 68-бабын қолдану туралы мәселенi талқылауға және қабылданған шешiмдi уәждеуге міндетті.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Кассациялық сатыдағы сотта ҚК-нің 68-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатуға, егер бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотта ҚК-нің 68-бабын қолдануға негіз болатын мән-жайлар анықталған, алайда осы заңды сот заңсыз немесе негізсіз қолданбаған жағдайда ғана жол беріледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 20-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Пленум хатшысы,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады