Адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізген және (немесе) залал келтірген және оған қатысты шаралар қабылданған қауіпті өнім айналысы жағдайларының анықталғаны туралы ақпаратты жинау, жинақтау және ұсыну және оны Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына орналастыру тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2025 жылғы 22 қаңтардағы № 14 шешімі.

      2020 жылғы 3 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі мен мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімнің 7-бабын іске асыру мақсатында және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 1 қосымшаның 427-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізген және (немесе) залал келтірген және оған қатысты шаралар қабылданған қауіпті өнім айналысы жағдайларының анықталғаны туралы ақпаратты жинау, жинақтау және ұсыну және оны Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына орналастыру тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ол ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения
Республикасынан
 
М. Григорян

Беларусь
Республикасынан
 
И. Петришенко

Қазақстан
Республикасынан
 
С. Жұманғарин

Қырғыз
Республикасынан
 
Д. Амангельдиев

Ресей
Федерациясынан
 
А. Оверчук

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2025 жылғы 22 қаңтардағы
14 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізген және (немесе) залал келтірген және оған қатысты шаралар қабылданған қауіпті өнім айналысы жағдайларының анықталғаны туралы ақпаратты жинау, жинақтау және ұсыну және оны Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына орналастыру ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізген және (немесе) залал келтірген және оған қатысты зиян тигізудің алдын алу бойынша (оның ішінде қауіпті өнімді алып тастау және кері қайтару бойынша) шаралар қабылданған қауіпті өнім (бұдан әрі – зиян тигізген өнім) туралы ақпаратты жинау, жинақтау және ұсыну және оны Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына (бұдан әрі тиісінше – ақпараттық ресур, Одақ) орналастыру қағидаларын айқындайды.

      Осы Тәртіп Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 526 шешімімен бекітілген Кеден одағы шеңберінде оған қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілген, бірақ оған қатысты Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген және Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемелекеттер) заңнамасына сәйкес міндетті қауіпсіздік талаптары белгіленбеген, зиян тигізген өнімнің, сондай-ақ көрсетілген Бірыңғай тізбеге енгізілмеген зиян тигізген өнімнің айналысының алдын алу мақсатында әзірленді.

      Осы Тәртіп 2020 жылғы 3 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі мен мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімнің 1-бабының 2-тармағында көрсетілген өнімге және санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық және карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын өнімге қолданылмайды.

      2. Осы Тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартта және осы Тәртіптің 1-тармағының үшінші абзацында көрсетілген Келісімде айқындалған мәндерде қолданылады.

      3. Зиян тигізген өнімнің айналысы туралы ақпаратты жинауды және жинақтауды мүше мемлекеттердің осы Тәртіптің 1-тармағының екінші абзацында көрсетілген өнімнің қауіпсіздігі мониторингін жүзеге асыруға уәкілетті органдары (бұдан әрі – уәкілетті органдар) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүргізеді.

      4. Қауіпті өнім айналысына байланысты және (немесе) адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізілгені және (немесе) залал келтірілгені анықталған жағдайлар туралы ақпаратты уәкілетті органдар мынадай мәліметтерді көрсете отырып, осындай айналыс анықталған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей оны ақпараттық ресурста орналастыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жібереді:

      а) зиян тигізген өнімнің айналысы анықталған күн;

      б) зиян тигізген өнімнің атауы және (немесе) белгілемесі, оның аты (бар болған жағдайда), өнімнің өндірілген күні және жарымдылық мерзімі (қызмет ету мерзімі;

      в) зиян тигізген өнімді дайындаушының (дайындаушының уәкілетті тұлғасының, импорттаушының) атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы) және қызметті жүзеге асыру орнының мекенжайы (мекенжайлары) (егер мекенжайларда айырмашылықтар болған жағдайда) – заңды тұлға үшін немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тұрғылықты жері және қызметті жүзеге асыру орнының мекенжайы (мекенжайлары) (егер мекенжайларда айырмашылықтар болған жағдайда) – дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға үшін, сондай-ақ телефон нөмірлері және электрондық мекенжайлары (бар болған жағдайда);

      г) зиян тигізген өнім анықталған заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы) және қызметті жүзеге асыру орнының мекенжайы (мекенжайлары) (егер мекенжайларда айырмашылықтар болған жағдайда) – заңды тұлға үшін немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тұрғылықты жері және қызметті жүзеге асыру орнының мекенжайы (мекенжайлары) (егер мекенжайларда айырмашылықтар болған жағдайда) – дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға үшін;

      д) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген сәйкестігін бағалау туралы құжат туралы мәліметтер (тіркеу нөмірі, қолданылу мерзімі және мәртебесі) (бар болған жағдайда);

      е) зиян тигізген өнімге қатысты мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қабылданған шаралар туралы мәліметтер;

      ж) зиян тигізген өнімге қатысы бар өзге мәліметтер (бар болған жағдайда және уәкілетті органның қалауы бойынша).

      5. Комиссия уәкілетті органдардан осы Тәртіптің 4-тармағында көрсетілген ақпарат келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей оны ақпараттық ресурста орналастырады.

      6. Ақпараттық ресурста орналастырылған ақпаратты өзектендіру мақсатында уәкілетті органдар осындай ақпаратқа тиісті өзгерістер енгізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бұл туралы мәліметтерді Комиссияға ұсынады.

      7. Ақпараттық ресурстан ақпаратты алып тастауды Комиссия ол орналастырылған күннен бастап 1 жыл өткен соң автоматты режимде жүзеге асырады.

      Уәкілетті органдар Комиссияға ұсынған осындай алып тастау негіздемелері негізінде ақпарат оны орналастырған күннен бастап 1 жыл өткенге дейін ақпараттық ресурстан алып тасталуы мүмкін.

      8. Одақ шеңберінде тиісті жалпы процесс қолданысқа енгізілген дейін Комиссия осы Тәртіптің 4-тармағында көрсетілген ақпаратты Одақтың ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Уәкілетті органдардың Одақтың ресми сайтында орналастыру үшін көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ оны өзектендіру және алып тастау үшін мәліметтерді Комиссияға ұсынуы қағаз тасымалдағышта және (немесе) электронды түрде жүзеге асырылады.

      Комиссия уәкілетті органдардан тиісті мәліметтер Комиссияға келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Одақтың ресми сайтында ақпаратты орналастыруды, оны өзектендіруді және алып тастауды қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады