"Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық мәслихатының 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 34/7 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына, "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген мәслихаттың үлгі регламентінің 79-тармағына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қоса беріліп отырған ережесі (бұдан әрі – Ереже) бекітілсін.

      2. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 19/25 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Ереже белгіленген заңнамалық тәртіппен әділет органында тіркелсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық мәслихатының төрағасы Ж. Елеусізов

  Солтүстік Қазақстан облысы
  Қызылжар аудандық мәслихатының
  2026 жылғы 29 қыркүйектегі
  № 34/7 шешімімен
  бекітілген

"Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (одан әрі – Мәслихат аппараты) Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының (одан әрі – аудандық мәслихат), оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мәслихат аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған басқа да актілермен рәсімделген шешімдер қабылдайды.

      8. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызыжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылымы және штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 150700, Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы, Гагарин көшесі, № 11 үй.

      Мәслихат аппаратының жұмыс тәртібі:

      дүйсенбі – жұма күндері сағат 09.00-ден 18.30-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ге дейін, демалыс күндері: сенбі, жексенбі.

      10. Осы Ереже Мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен Мәслихат аппаратының өкілеттері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      13. Мәслихат аппаратының Ережесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің міндеттері мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) аудандық мәслихаттың ұйымдастырушылық және сессиялық қызметін қамтамасыз ету;

      2) өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда депутаттарға көмек көрсету;

      3) аудандық мәслихаттың сессияларында жергілікті бюджеттердің кірістерін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды қамтамасыз ету;

      4) мемлекеттік функцияларды іске асыруды нормативтік құқықтық қамтамасыз ету, аудандық мәслихат қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерді тіркеу және олардың орындалуына талдау жүргізу;

      5) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықты аудандық мәслихаттың қызметі туралы ақпараттандыруды қамтамасыз ету;

      6) аудандық мәслихат депутаттарының материалдық-техникалық қызметін қамтамасыз ету;

      7) "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қоғамдық кеңес қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      8) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты аудандық мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған ұсыныстардың бағыттарын қамтамасыз ету және аудандық мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлау;

      9) мәслихат аппаратының қызметін қадрлык, құжаттамалық, ұйымдастырушылық және материалдық – техникалық қамтамасыз ету.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      жеке және заңды тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, шарттар жасасу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәмілелер жасау;

      мәслихаттың және оның орекандарының отырыстарына, сондай-ақ мәслихат өткізетін өзге де іс-шараларға қатысу;

      белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінен, өзге де ұйымдардан ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобаларын, нормативтік құқықтық актілері жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында басылуы туралы мәліметтер, сараптамалық кеңестердің қорытындыларын, аудандық мәслихаттың қарауына енгізілген шешімдер жобалары бойынша қажетті келісулерді, сессиялардың күн тәртібі мен тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша өзге де құжаттамаларды сұрау;

      депутаттық сауалдар мен ұсыныстарды уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар, ұсыныстар, шағымдар жіберу;

      аудандық мәслихаттың және оның тұрақты комиссияларының қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға қатысу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тарту;

      тиісті шешімдерді әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;

      қабылданған шешімдердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      Мәслихат аппаратына және аудандық мәслихатқа келіп түскен заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарастыру мерзімі мен нәтижелеріне бақылауды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы зағнамасы нормаларының сақталуын қамтамасыз ету;

      ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеу;

      аудандық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;

      азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      16. Функциялары:

      1) аудандық мәслихаттың және оның органдарының қызметiн ақпараттық-сараптамалық, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, депутаттарға аудандық мәслихаттың Регламентіне сәйкес олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету;

      2) мәслихаттың аудандық мәслихат бекіткен жұмыс жоспарының негізінде, сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттар топтары мен депутаттар, аудан әкімі енгізетін мәселелер бойынша аудандық мәслихат сессияларын дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету;

      3) тұрақты комиссиялардың отырыстарын, көпшілік тыңдауларын және жұмыс сапарларын дайындауды жүзеге асыру, тұрақты комиссиялардың мүшелеріне қаралатын мәселелердің мәні бойынша материалдарды талдау, қорыту және уақтылы ұсыну;

      4) аудандық мәслихат шешімдерінің, мәслихаттың тұрақты комиссиялары қаулыларының, аудандық мәслихат төрағасы өкімдерінің және Мәслихат аппараты басшысы бұфрықтарын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру;

      5) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты жалпыға міндетті маңызы бар мәслихат шешімдерінің нормативтік құқықтық актілеріне және әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге заң сараптамасын әзірлеуге және жүргізуді қамтамысыз етуге қатысу;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен аудандық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілердегі қайталауларды, олқылықтарды, ескірген және сыбайлас жемқорлық құқық нормаларын талдау, іске асыру тиімділігі және анықтау мақсатында құқықтық мониторингті жүзеге асыру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жағдайларда және тәртіппен аудандық мәслихаттың шешімдерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз ету;

      8) атқарушы органдар басшыларының ақпараттарын, есептерін жинау, талдау, аудандық мәслихат депутаттары алдында өз қызметі туралы есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы анықтамалар дайындау;

      9) аудандық мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссияларының отырыстарында айтылған ескертулер мен ұсыныстардың, сессиялар шешімдерінің, тұрақты комиссиялар қаулыларының орындалуын талдау және бақылау, аудандық мәслихат сессияларында және тұрақты комиссиялардың отырыстарында қарау үшін олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат дайындау;

      10) аудандық мәслихаттың және оның органдарының басқа да отырыстарының хаттамалары мен материалдарын қалыптастыру;

      11) аудандық мәслихат депутаттары жұмысының ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат құралдарында, аудандық мәслихаттың ресми веб-сайтында аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы ақпарат орналастыру;

      12) мәслихат депутаттарына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға жәрдемдесу, консультативтік және әдістемелік көмек көрсету, депутат сауалдарын, ұсыныстары мен ескертулерін уақытында қарастыру және жүзеге асыруға бақылауды жүзеге асыру;

      13) аудандық мәслихат қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды анықтау, депутаттардың біліктілігін арттырудан өтуі, іссапарлық шығындарды өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті атқару үшін қажетті өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;

      14) кадр жұмыстарын "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына, оны жүзеге асыруға қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына және Үкімет қаулыларына, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүргізу;

      15) іс жүргізу жұмыстарын, сондай-ақ арнайы байланысты ұйымдастыру және жүргізу, архивке тапсыру үшін, соның ішінде Мәслихат аппаратының ақпараттық жүйелері арқылы құжаттарды уақтылы тіркеу, сақтау және әзірлеу;

      16) Мәслихат аппаратына және аудандық мәслихатқа келіп түсетін азаматтар мен заңды тұлғалардың жазбаша, электрондық өтініштерін аудандық мәслихат өрағасының жеке қабылдауынан қарау, оларды бақылау және талдау.

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудандық мәслихатқа келіп түсетін петицияларды қарауды ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;

      18) аппарат құзыреті шегінде Мәслихат аппаратының қызметін және мәслихат қызметін қаржылық, материалдық-техникалық және шаруашылық қамтамасыз ету;

      19) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихаттың аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының мәртебесі, өқілеттері

      17. Мәслихат аппаратты басқаруды аппаратының басшысы жүзеге асырады, ол Мәслихат аппратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Мәслихат аппаратының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәслихат төрағасымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      Мәслихат аппаратының басшысы өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тікелей мәслихат төрағасына бағынады және оның басшылығымен жұмыс істейді.

      19. Мәслихат аппараты басшысының орынбасары жоқ.

      20. Мәслихат аппаратының басшысының өкілеттіктері:

      1) Мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;

      2) өз құзыреті шегінде аппараттың қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін және мәслихат аппаратының басқа да қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;

      4) мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      5) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      6) мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін және мәслихат аппаратының басқа да қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, оларға үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

      7) мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің және мәслихат аппаратының басқа да қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;

      9) мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;

      10) мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу жөніндегі және мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі бұйрықтарды дайындайды;

      11) депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      12) аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      22. Мәслихат аппаратының алқалы органдары жоқ.

4-тарау. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мүлкі

      23. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

      24. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше қарастырылмаса, мәслихат аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. "Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Мәслихат аппаратында оның қарамағындағы ұйымдар, аумақтық органдар, мемлекеттік мекемелер жоқ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады