Мәслихаттың 2023 жылғы 2 қарашадағы № 76 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 2026 жылғы 22 сәуірдегі № 271 шешімі

      Рудный қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 2 қарашадағы № 76 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10075 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) ардагерлерге және Заңның 8-бабының бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген басқа да адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) туберкулез ауруынан зардап шеккен және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, бір рет, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      6) мүгедектігі бар адамдарға, дәрілік заттарды сатып алуға байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, нақты шығындар мөлшерінде, 30 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      7) техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімді аяқтамаған және бұрын Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуға байланысты әлеуметтік көмекті алған мүгедектігі бар адамдарға, оқу жылы ішінде жартыжылдықта бір рет аударылатын, 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      8) дүлей апат немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтіруіне байланысты, табыстарын есепке алмай, бір рет, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) өрт салдарын жою кезінде азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтіруіне байланысты, бір рет, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде болатын адамдарға, табыстарын есепке алмай, бір рет, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, жылына 1 рет, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емделуді ұсынатын ұйымдарға бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға оларды санаторийлік-курорттық емделуге алып жүретін адамдардың шығындарын өтеуге, бірақ бір алып жүретін адамнан артық емес, табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, емдеу рәсімдерін қоспағанда, тұру және тамақтану үшін нақты шығындар мөлшерінде, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган тиісті қаржы жылына айқындайтын, мүгедектігі бар адамдардың оларды әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру барысында санаторийлік-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан артық емес;

      13) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеуге, Қазақстан Республикасының шегінде, табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган тиісті қаржы жылына айқындайтын, мүгедектігі бар адамдардың оларды әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру барысында санаторийлік-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан артық емес.

      Санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеу Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген заттай нысаннан жазбаша бас тартылған жағдайда ұсынылады.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі - АЖ) Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдар, бірінші рет өтініш білдіргендер, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдардың ата-анасы немесе заңды өкілі адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыру фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген қызмет көрсетуді (жедел емдеуді) растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдар дәрігер растаған ағымдағы жылға рецептуралық бланкінің көшірмесін және кассалық және/немесе тауар чегін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдар білім алғанын, оның құнын растайтын құжаттарды және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 8), 9) тармақшаларында көрсетілген адамдар дүлей апат немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы фактісін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы А. Искаков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады