Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Қостанай қаласы мәслихатының 2026 жылғы 8 шілдедегі № 256 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес, Қостанай қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы О. Байгабулов

      КЕЛІСІЛДІ

      "Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен

      қамту және әлеуметтік бағдарламалар

      бөлімі" мемлекеттік мекемесінің

      басшысының міндетін атқарушы

      ___________________М. Танатарова

      "Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен

      қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

      бағдарламалар басқармасы"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      __________________Д. Карымсакова

  Мәслихаттың
  2026 жылғы 8 шілдедегі
  № 256 шешіміне қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қостанай қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – облыстық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мерекелік және атаулы күндердің тізбесі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан;

      2) Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір;

      3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні – 29 тамыз;

      6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.

      Бірнеше негіз болған жағдайда, мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына, табыстарын есепке алмай біржолғы көрсетіледі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан, 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде өзге әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде алған жарақаты, контузия алуы, мертігуі салдарынан, немес майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда әскери қызметін өткеру ұрыс қимылдары кезеңінде мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      2) Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір, 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр, 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде өзге әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан, сондай-ақ ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5000000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, атап айтқанда:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз, 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына;

      6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан, 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына.

      6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) тұрмыстық қажеттіліктерге арналған әлеуметтік көмек:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) санаторийлік-курорттық емдеуге әлеуметтік көмек:

      мүгедектiгі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бiрiншi топтағы мүгедектігі бар адамдардың және оларды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін кәмілетке толған адамдардың шығындарын өтеу әлеуметтiк қызмет көрсету порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеудi жүзеге асыратын ұйымдарда, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға сату кезінде санаторийлік-курорттық емдеу құнының өтемақысы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын, табыстарын есепке алмай бiрақ бір алып жүретін адамнан аспайтын адаммен, жылына 1 рет емдеу шараларын қоспағанда, тұруға және тамақтануға нақты шығындар мөлшерінде;

      Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жылына бір рет, табыстарын есепке алмай, жолдаманың нақты құнын өтеуге, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оларды сату кезінде санаторийлік-курорттық емделудің құнына өтемақы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерінде.

      "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеу жазбаша түрде заттай нысаннан бас тартқан жағдайда ұсынылады.

      3) дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге әлеуметтік көмек:

      дәрі-дәрмектерді сатып алуға байланысты шығындарды өтеу үшін, табыстарын есепке алмай тоқсан сайын нақты шығындар мөлшерінде, бірақ 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      4) қаржылық көмек түріндегі әлеуметтік көмек:

      Заңның 8-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және басқа де адамдарға табыстарын есепке алмай ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрын техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алу үшін әлеуметтік көмек алған адамдарға, оқу аяқталғанға дейін, табыстарын есепке алмай, біржолғы төлем түрінде, оқудың нақты құны мөлшерінде, бірақ 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      мүгедектігі бар адамды оңалту орталығынан қызметтер алу үшін жеке абилитациялаудың және оңалтудың бағдарламасында ұсынсы бар, табыстарын есепке алмай, тұрғын үй аймағынан тыс жерде оңалтудан өткен мүгедектігі бар адамдар тоқсан сайын билет құнын өтеуге нақты шығындар бойынша, 3 айлық еептік көрсеткіштерден аспайтын мөлшерде;

      мүгедектігі бар адамдарды операциялық ем алуға, табыстарын есепке алмай, біржолғы, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын нақты шығындар мөлшерінде;

      5) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты әлеуметтік көмек:

      дүлей апат салдарынан азаматтарға (отбасыларға) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты табыстарын есепке алмай, біржолғы төлем түрінде, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты әлеуметтік көмек:

      өрт салдарынан зардап шеккен не оның салдарын жою кезінде оларға немесе олардың мүлкіне зиян келтірген азаматтарға (отбасыларға) табыстарын есепке алмай, біржолғы төлем түрінде, 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде.

      7) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуына байланысты әлеуметтік көмек:

      адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған, диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе басқа да заңды өкілдеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын Қостанай облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;

      туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емделуде жүрген адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті деңгейден аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшерінде болған кезде әлеуметтік көмек:

      жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген бірыңғай ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен төмен отбасылардан шыққан адамдарға өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін жылына бір рет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;

      4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.

      Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар болған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      Мүгедектігі бар адамдарға емделу және медициналық тексерілуге әлеуметтік көмек емделген және (немесе) медициналық тексерілуден өткен күннен бастап он екі айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе Мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жазбаша немесе Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      Жазбаша өтінішпен жүгінген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидалардың 1-2-қосымшаларына сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында және 4) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген, бірінші рет өтініш білдірген адамдар, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлегенін растайтын құжатты, санаторийлік-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты, санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актінсін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдар дәрі-дәрмектің тағайындалуын және дәрі-дәрмекке және (немесе) медициналық тексеруге ақы төленгенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар мүгедектігі бар адамдар үшін білім алғаны фактісін, оның құнын растайтын құжатты, абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар оңалту фактісін, билет құнының мөлшерін және/немесе өзге төлем құжатын растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген қызмет көрсетуді (операциялық ем алуға) растайтын құжатты, кассалық және/немесе тауарлық чекті ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне дүлей апаттың салдарынан зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасының көрсетілген адамдар өрт не оның салдарын жою кезінде азаматтарға (отбасыларға) немесе олардың мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар баланың иммун тапшылығы вирусы ауыру фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасының (азаматтың) табысын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      12. Әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.

      13. Құжаттарды қарау тәртібі, әлеуметтік көмек көрсету мерзімдері, бас тарту негіздері, әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату, артық төленген сомаларды қайтару және әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Үлгілік қағидалардың 13-24-тармақтарына сәйкес белгіленді.

      14. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      15. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын (белсенді) азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер осы Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      16. Үлгілік қағидалардың 28-32-тармақтарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған жағдайда әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      17. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады