Қостанай қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Мәслихаттың 2023 жылғы 2 қарашадағы № 61 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10081 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларындағы:
3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.";
6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) Заңның 8-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және басқа де адамдарға табыстарын есепке алмай ақшалай көмек түрінде ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде;
4) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емделуде жүрген адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) бұрын техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алу үшін әлеуметтік көмек алған адамдарға, оқуын аяқтау үшін, табыстарын есепке алмай ақшалай көмек түрінде жартыжылдықта 1 рет, оқудың нақты құны мөлшерінде, оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын, бірақ 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
6) мүгедектігі бар адамдарға ақшалай көмек түрінде емделуге және медициналық тексеруге, табыстарын есепке алмай, жартыжылдықта 1 рет, бірақ жылына 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес нақты шығындар мөлшерінде;
7) азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зиян келуіне байланысты, табыстарын есепке алмай, біржолғы, 100 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
8) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, жылына 1 рет, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
9) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, табыстарын есепке алмай, біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) мүгедектiгі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бiрiншi топтағы мүгедектігі бар адамдардың және оларды шипажайлық-курорттық емдеуге алып жүретін адамдардың шығындарын өтеу әлеуметтiк қызмет көрсету порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеудi жүзеге асыратын ұйымдарда, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға сату кезінде санаторийлік-курорттық емдеу құнының өтемақысы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын, табыстарын есепке алмай бiрақ бір алып жүретін адамнан аспайтын адаммен, жылына 1 рет емдеу шараларын қоспағанда, тұруға және тамақтануға нақты шығындар мөлшерінде;
11) Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ардагерлерге және өзге де адамдарға, Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, жолдаманың нақты құнын өтеуге, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оларды сату кезінде санаторийлік-курорттық емделудің құнына өтемақы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерінде.
"Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеу жазбаша түрде заттай нысаннан бас тартқан жағдайда ұсынылады.
Санаторийлік-курорттық емделу орнына бару және кері қайтуға жолақысын төлеу санаторийлік-курорттық емдеуді алушының өз қаражаты есебінен жүргізіледі.";
12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе Мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жазбаша немесе Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтінішпен жүгінген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидалардың 1-2-қосымшаларына сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).
Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген, бірінші рет өтініш білдірген адамдар, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген, адамдар адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар білім алғаны фактісін, оның құнын растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдар тағайындауды және (немесе) емделуден немесе медициналық тексеруден өтуді және емделуге және (немесе) медициналық тексеруге ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдар азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлегенін растайтын құжатты, санаторийлік-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актінсін ұсынады.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы | О. Байгабулов |
КЕЛІСІЛДІ
"Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"
мемлекеттік мекемесінің басшысы
__________________ А. Манатова
"Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы"
мемлекеттік мекемесінің басшысы
________________ Д. Карымсакова