Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу жөніндегі сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрінің 2026 жылғы 13 сәуірдегі № 178-нқ бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 21.04.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 5-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу жөніндегі сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберуді қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 21 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

  Қазақстан Республикасы
  Премьер-Министрінің орынбасары –
  Мәдениет және ақпарат министрінің
  2026 жылғы 13 сәуірдегі
  № 178-нқ бұйрығымен
  бекітілген

Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу жөніндегі сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу жөніндегі сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 5-1-тармағына сәйкес әзірленді және Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу жөніндегі сараптама комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Комиссия уәкілетті орган айқындайтын ұйымның жанынан құрылатын, фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасына прокаттауға дейінгі сараптаманы жүзеге асыратын, мемлекеттік органдар өкілдерінен, сарапшылар мен мамандардан тұратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының "Кинематография туралы" (бұдан әрі – Заң), "Мәдениет туралы", "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы", "Масс-медиа туралы" заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның мақсаттары мен міндеттері

      4. Комиссия қызметінің мақсаты фильмдердің Заңға, оның ішінде Заңның 7-бабының 5-1-тармағына сәйкестігіне сараптама жүргізу болып табылады.

      5. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған іс-әрекеттерді насихаттаудың болуын не болмауын анықтау;

      3) уәжді сараптамалық қорытындылар дайындау;

      4) жас сыныптамасы және өзге де шектеулер бойынша ұсынымдар әзірлеу.

3-тарау. Комиссияның құзыреті

      6. Комиссия фильмнің мазмұнында Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды, педофилияны, сондай-ақ порнографияны насихаттаудың немесе үгіттеудің болуы не болмауы тұрғысынан фильмдерді қарайды.

      7. Комиссия:

      1) фильмнің көркемдік деңгейі мен эстетикалық құндылығын;

      2) коммерциялық тиімділігін;

      3) саяси не идеологиялық артықшылықтарын бағаламайды.

4-тарау. Комиссияның құрамы және оны құру тәртібі

      8. Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссия мүшелерінің арасынан Комиссияның бірінші отырысында оның мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланады.

      9. Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды, Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      10. Комиссия мүшелерінің саны тақ және бір-бірімен жақын туыстық және жекжаттық қатынастарда болмайтын бес және одан да көп адамды құрайды, Комиссияның тәуелсіз мүшелері болып табылады.

      11. Комиссияның құрамына:

      1) кинематография;

      2) денсаулық сақтау (психолог);

      3) білім және ғылым (тарихшы, филолог);

      4) заңтану саласының және өзге де салалардың мамандары енгізіледі.

      12. Комиссия мүшесі мүдделер қақтығысы болған:

      1) фильм авторларының, түсірілім тобының, құқық иеленушінің, дистрибьютордың құрамына кірген;

      2) фильм авторларының құрамына және кинематографиялық қызмет субъектісінің басшылық құрамына кіретін адамдардың біреуінің жақын туысы (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, жұбайының (зайыбының) ата-аналары мен балалары) болып табылған;

      3) фильм авторларының, түсірілім тобының, құқық иеленушінің, дистрибьютордың үлестес тұлғасы болып табылған кезде фильмді қарауға қатысуға құқылы емес.

      13. Мүдделер қақтығысы болған кезде Комиссия мүшесі өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Комиссия мүшесінің қарсылық білдіруі (өздігінен бас тартуы) туралы мәселе отырыстың хаттамасында көрсетіледі.

      14. Комиссия өз қызметін:

      1) фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу;

      2) фильмдер мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бағалау;

      3) сараптамалық қорытындыдан тұратын хаттама әзірлеу мақсатында жүзеге асырады.

      15. Комиссия өз қызметін:

      1) заңдылық;

      2) объективтілік;

      3) сараптамалық пікірдің тәуелсіздігі;

      4) кәсіпқойлық;

      5) бейтараптық;

      6) құпиялылық қағидаттары негізінде жүзеге асырады.

5-тарау. Комиссияның негізгі функциялары

      16. Комиссияның негізгі функциялары:

      1) фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу;

      2) фильмдерді:

      зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, порнографияны, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды, педофилияны насихаттаудың;

      Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді үгіттеудің;

      әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттаудың және үгіттеудің;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де ақпараттардың болуы тұрғысынан бағалау.

      3) фильмнің жас санатын айқындау;

      4) сараптамалық қорытындыны дайындау;

      5) уәкілетті органға ұсынымдар беру болып табылады.

6-тарау. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру тәртібі

      17. Комиссия жұмысының негізгі нысаны отырыс болып табылады.

      18. Комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      19. Отырыс Комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

      20. Комиссия мүшелері:

      1) фильмдерді көруге қатысады;

      2) фильмге талдау жүргізеді;

      3) тәуелсіз сараптамалық пікір білдіреді;

      4) дауыс беруге қатысады.

      21. Комиссия мүшесі:

      1) құпиялылықты сақтауға;

      2) мүдделер қақтығысына жол бермеуге;

      3) бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге міндетті.

7-тарау. Сараптамалық қорытынды

      22. Отырыстың қорытындысы бойынша сараптамалық қорытынды отырыстың хаттамасымен ресімделеді.

      23. Отырыстың хаттамасында:

      1) фильмнің атауы;

      2) шығарылған елі;

      3) құқық иеленушісі туралы мәліметтер;

      4) фильмнің қысқаша сипаттамасы;

      5) сараптама нәтижелері;

      6) жас санаты;

      7) Комиссияның ұсынымдары қамтылады.

      24. Отырыстың хаттамасына Комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды.

8-тарау. Құпиялылық

      25. Комиссия мүшелері:

      1) фильмдердің мазмұнын жария етпеуге;

      2) ресми шешім қабылданғанға дейін сараптама нәтижелері туралы ақпаратты таратпауға;

      3) материалдардың көшірмесін түсірмеуге міндетті.

      26. Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады