"Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 2026 жылғы 25 қыркүйектегі N 472 шешімі

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6, 25 баптарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Темір аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.

      2. Темір аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) Темір аудандық мәслихатының "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін жаңа редакцияда бекіту туралы" 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 297 шешімі;

      2) Темір аудандық мәслихатының "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін жаңа редакцияда бекіту туралы" аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 297 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2024 жылғы 11 маусымдағы № 204 шешімі.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Темір аудандық
мәслихатының төрағасы
Б. Шаимов

  Темір аудандық мәслихатының
2026 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 472 шешімімен бекітілген

"Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мәслихат аппараты) Темір аудандық мәслихатының оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аудандық мәслихаты төрағасының өкімдерімен және аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мәслихат аппараты құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 030800, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Желтоқсан көшесі, ғимарат 8.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы:

      мемлекеттік тілде: "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі;

      на русском языке: государственное учреждение "Аппарат Темирского районного маслихата".

      11. Осы Ереже "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      13. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары: аудандық мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыру, депуттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсету.

      15. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары: аудандық мәслихаттың жоспарланған сессияларының және тұрақты (уақытша) комиссияларының отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан ақпараттар сұрау; депутаттық сауалдардың және депутаттық ұсыныстардың мерзімінде қаралуын және орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға және мекемелерге сұраулар жолдау;

      2) Міндеттері: аудандық мәслихаттың және оның тұрақты (уақытша) комиссияларының актілерінің орындалу мерзімдеріне және нәтижелеріне бақылауды жүзеге асыру; аудандық мәслихатқа келіп түскен жеке, заңды тұлғалардың өтініштері мен азаматтардың петицияларын заңнамада белгіленген тәртіпте және мерзімде қарау және олар бойынша қажетті шаралар қабылдау; аудандық мәслихаттың сессияларының және тұрақты (уақытша) комиссияларының отырыстары хаттамаларының жүргізілуін қамтамасыз ету.

      16. Функциялары:

      1) аудандық мәслихаттың сессияларын және тұрақты комиссияларының отырыстарын өткізуге дайындық және ұйымдастырушылық-техникалық жұмыстарды аудандық мәслихаттың Регламентіне сәйкес қамтамасыз етеді;

      2) депутаттарды сессиялар мен тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелерге байланысты шешім жобаларымен және басқа құжаттармен қамтамасыз етеді;

      3) тұрақты комиссиялардың ұсыныстарының негізінде аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарларының жобаларын жасайды және оның жұмыстары бойынша есептерін дайындайды;

      4) мәслихат депутаттарына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін жәрдемдеседі, консультативтік және әдістемелік көмек көрсетеді, депутаттардың сауалдарының, ұсыныстары мен сын-пікірлерінің уақытылы қаралуын және орындалуын бақылайды;

      5) депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы барысында енгізген ұсыныстары мен ескертпелерін есепке алады және талдау жасайды, оларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын құрады және қадағалайды;

      6) сессияларда қаралатын мәселелердің тұрақты комиссиялардың отырыстарында алдын ала талқылануын ұйымдастырады, депутаттарға шешімдер жобалары мен қорытындыларының сапалы дайындалуын қамтамасыз етуде көмек көрсетеді;

      7) аудандық мәслихаттың актілерін әзірлеуге қатысады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда оларды әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жолдайды;

      8) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер туралы қолданыстағы заңнамасында белгіленген жағдайлар мен тәртіпте аудандық мәслихаттың нормативтік құқықтық актілерінің ресми жариялауын қамтамасыз етеді;

      9) аудандық мәслихаттың шешімдері мен басқа да құжаттарының тиісті органдарға жолдануын қамтамасыз етеді;

      10) аудандық мәслихаттың сессия отырыстарының онлайн-көрсетілімін, хаттамаларын жүргізеді;

      11) "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған, Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

3-тарау. Аудандық мәслихаттың төрағасының, аппарат басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Аудандық мәслихат төрағасының өкілеттіктері:

      1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;

      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;

      5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;

      6) мәслихат аппаратының басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;

      8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;

      9) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады.

      10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;

      11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;

      12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;

      13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды;

      15) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      16) сенімхаттар береді.

      Мәслихатының төрағасы болмаған кезде оның өкілеттігін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.

      18. Мәслихат аппаратына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихат төрағасымен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын аппарат басшысы басқарады.

      19. Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапкершілікте болатын, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы жүзеге асырады.

      20. Аудандық мәслихат аппарат басшысының орынбасарлары болмайды.

      21. Мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері:

      1) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;

      2) өз құзыреті шегінде аппараттың қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;

      4) мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      5) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      6) мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, тағылымдамаға жіберу, көтермелеу, оларға үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

      7) мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;

      9) мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;

      10) мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу жөніндегі және мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі бұйрықтарды дайындайды;

      11) депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      12) аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      13) шарттар жасасады, бухгалтерлік құжаттарға бірінші қол қою құқығы беріледі;

      14) заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметші болып табылмайтын қызметкерлерді қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      15) қызметтік құжаттарға, аппарат қызметшілерінің еңбек кітапшаларына қол қояды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихат аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады