"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 861 жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі туралы ереженің 2-тармағына, 19-тармағы 5) және 6) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі және Комитет интернет-ресурстарында орналастыруды;
3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы |
А. Сәтқалиев |
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Төрағасының 2025 жылғы 9 маусымдағы № 05-н/қ бұйрығымен бекітілді |
"Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) атом энергиясын пайдалану саласындағы басшылықты жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Агенттігінің Ережесіне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша өз бетінше шешім қабылдайды, өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің нормаларын, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен келісімдер шеңберіндегі нормаларды басшылыққа алады.
4. Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі бланкілері болады.
5. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Комитеттің, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Нұра ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 19.
10. Мемлекеттік органның толық атауы – мемлекеттік тілде – "Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде – Республиканское государственное учреждение "Комитет атомного надзора и контроля Агентства Республики Казахстан по атомной энергии".
11. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Комитет қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің өкілеттілігі болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерімен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасынада өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жiберiледi.
2-тарау. Комитеттің міндеттері мен өкілеттіктері
14. Міндеттері:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыру;
2) өз құзыретi шегiнде Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру.
15. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
өз құзыреті шегінде консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру;
мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарынан және жеке тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, Комитетке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұрату және алу;
нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу немесе осындай актілердің бастамашылық жобаларын уәкілетті органдардың қарауына беру;
орталық және жергілікті атқарушы органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы ұсыныстар енгізу;
Комитетке жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын, сондай-ақ шетелдік және жергілікті сарапшылар мен мамандарды жұмысқа тарту;
халықаралық шарттар (келісімдер) жасасу жөнінде ұсыныстар енгізу, шет елдердің тиісті ведомстволарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен келіссөздер жүргізу, шарттар (келісімдер) жасасу;
тексерілетін субъектілерді тексеру санын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды жүргізу;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың басшыларымен меморандумдар (келісімдер) жасасу;
Комитеттің және оның аумақтық органдарының қызметіне қатысты мәселелер бойынша құқықтық актілерді әзірлеу және келісу;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де заңға тәуелді актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалану;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, Заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, Қазақстан Республикасы азаматтарының петицияларын қабылдау және қарау;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де заңға тәуелді актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындау.
16. Функциялары:
1) өз құзыреті шегінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) атом энергиясын пайдалану саласындағы реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады және өз құзыреті шегінде Агенттіктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады;
3) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
4) құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
5) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
6) өз құзыреті шегінде лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырады;
7) рұқсат беру бақылауын жүзеге асырады;
8) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін талдау, бағалау және бақылау нәтижелері бойынша шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
9) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
10) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
11) ядролық қондырғылардың, радиациялық көздердің, радиоактивті материалдарды сақтау пункттерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды бірыңғай мемлекеттік есепке алу және бақылау жүйелерін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады, өндірістік объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйінің мониторингін ұйымдастыруға қатысады;
12) радиациялық қауіпсіздік нормалары мен қағидаларын, лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
13) белгіленген құзырет шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы техникалық регламенттер талаптарының сақталуын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
14) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын талаптарды белгілейді;
15) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын әзірлейді;
16) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы тексеру және профилактикалық бақылау нысанында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
17) атом энергиясын пайдалану саласында тергеп-тексеру жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
18) бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесін, сондай-ақ талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрін осы шараның қолданылу мерзімін (қажет болған кезде) көрсете отырып әзірлейді;
19) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шараларын қолданады;
20) атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялануға жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар және электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлерін әзірлейді;
21) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
22) төтенше жағдайлардың туындауының алдын алу және оларды жою, олар туындаған жағдайда залал мен ысырап мөлшерін азайту, сондай-ақ төтенше жағдайларда объектілердің жұмыс істеуінің орнықтылығы мен қауіпсіздігін арттыру жөнінде жедел шаралар қабылдайды;
23) атом энергиясын пайдалану саласында өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асырады;
24) құзыреті шегінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
25) "Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асырады;
26) ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебін жүргізеді;
27) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасын бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінеді және соттың істерді қарауы кезінде қатысады;
28) ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке қою немесе мемлекеттік есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
29) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтардың, қондырғылардың, технологиялардың, иондаушы сәулелену көздерінің, қосарлы қолданылатын (мақсаттағы) жабдықтар мен тиісті тауарлардың және технологиялардың, оларды шығаруға байланысты жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экспортына және импортына лицензия беруін келіседі;
30) көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекітеді, сондай-ақ оларға басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен сертификаттар-рұқсаттардың Қазақстан Республикасының аумағында әрекетін қолданады;
31) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшін атом энергиясын пайдалану объектісінің Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау әдістері мен тәсілдеріне қатысты әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді;
32) иондандырушы сәулелену көздерінің болуы, орналасқан жері және орын ауыстыруы туралы алынған ақпаратты талдауды және салыстырып тексеруді жүзеге асырады және оны иондаушы сәулелену көздерінің тізіліміне енгізеді;
33) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттауды жүргізеді;
34) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеуді жүргізеді; 35) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізеді және оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырады;
36) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, оларға өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;
37) ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарына түзетулерді қарайды және келіседі;
38) санкциясыз қол жеткізуге, санкциясыз алып қоюға немесе диверсия жасауға байланысты немесе олар іс жүзінде жасалған оқиға болған жағдайда, оқиға себептері, олардың жай-күйі және салдары, сондай-ақ қолданылған немесе қолданылатын түзету шаралары туралы пайдаланушы ұйымның есебін қарайды;
39) иондандырушы сәулелену көздерін және сақтау пункттерін физикалық қорғауды қамтамасыз етудің жай-күйі туралы пайдаланушы ұйымнан ақпарат алады;
40) ядролық материалдарды тасымалдаудың арнайы шарттарын келіседі;
41) радиоактивті заттарды және (немесе) радиоактивті қалдықтарды тасымалдаудың арнайы шарттарын келіседі;
42) Комитеттің интернет-ресурсында ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамаларын жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін орналастырады;
43) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ядролық материалдар мен уран өнімі туралы дерекқорда қамтылған мәліметтерді Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке ұсынады;
44) уран өнімі мен ядролық материалдардың бар-жоғы, олардың орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы алдын ала хабарламалардағы, хабарламалар мен есептердегі жеке және заңды тұлғалар ұсынатын деректерді алдыңғы деректермен салыстырып тексеруді жүргізеді;
45) уран өнімі мен ядролық материалдардың бар-жоғы, олардың орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы, жеке немесе заңды тұлғаның тіркеу деректері туралы, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтің тиісті түріне лицензияның бар-жоғы, экспортқа немесе импортқа лицензияның бар-жоғы туралы алдын ала хабарламалардағы, хабарламалар мен есептердегі жеке және заңды тұлғалар ұсынатын ақпаратты тексереді;
46) атом энергиясын пайдаланатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттауды өткізу үшін тестілеу сұрақтарының тізбесін әзірлейді және бекітеді;
47) атом энергиясын пайдаланатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттауды өткізетін комиссияны құрады;
48) пайдаланушы ұйым ұсынатын жергілікті жобалық қауіп-қатер жоспарын келіседі;
49) радиациялық қауiпсiздiктi бағалауды жүзеге асырады;
50) радиациялық қауiпсiздiктi бағалау нәтижелерiн талдайды және бекiтедi;
51) атом энергиясын пайдалану саласында нормативтік техникалық құжаттарды әзірлейді, келіседі;
52) пайдаланушы ұйым белгілеген ықтимал радиациялық қауіптілік санатын және радиациялық объектінің қауіпсіздігін келіседі;
53) техникалық регламент талаптарына немесе халықаралық талаптарға немесе олардың шығарылған елінде бекітілген талаптарына сәйкес келетін ядролық қондырғылардың конструкциялары, жүйелері және элементтері үшін қолданылатын инженерлік-техникалық нормалар мен қағидалардың тізбесін келіседі;
54) қауіпсіздікті талдау жөніндегі алдын ала есепті қарастыру нәтижелері бойынша қорытынды береді;
55) қауіпсіздікті талдау жөніндегі есептің құрамы мен мазмұнын әзірлейді;
56) ядролық қондырғыларды пайдаланудың технологиялық регламентін келіседі;
57) техникалық регламенттердің талаптары қолданылатын жабдықтар мен құбырларды қоса алғанда, ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың қауіпсіздігіне әсер ететін элементтер жүйелерін тіркеуді, сондай-ақ тіркеуден алуды жүзеге асырады;
58) ядролық қондырғыларды пайдалану жобалау құжаттамасын, сондай-ақ ядролық қондырғыларды орналастыру алаңдарын таңдауды негіздейтін материалдарды келіседі;
59) ядролық қондырғыны физикалық іске қосу процесінде эксперименттерді жүргізу әдістемесін келіседі;
60) ядролық қондырғыны физикалық іске қосу бағдарламасын келіседі;
61) ядролық қондырғының әкімшілігі әзірлеген энергетикалық іске қосу бағдарламасын келіседі;
62) пайдаланушы ұйым әзірлеген белгіленген нысандағы ядролық қондырғыға паспортты бекітеді;
63) бекітілген жобалық құжаттамадан ауытқуларды, атом станциясының қауіпсіздігіне әсер ететін құрамның, конструкцияның және (немесе) сипаттамалары мен жүйелерінің өзгерістерін, сондай-ақ техникалық шешімдермен ресімделген атом станциясының жобасында белгіленген пайдалану шектері мен шарттарының өзгерістерін келіседі;
64) арнайы қабылдап алуға тиісті жабдық пен құбырларға конструкторлық құжаттаманы (және оған барлық өзгерістерді) келіседі;
65) әзірлеуші кәсіпорын белгілеген жабдыққа паспорттың және өзге де куәліктердің нысанын келіседі;
66) қолданыстағы жабдық пен құбырларда пайдаланудың технологиялық регламентінде көзделмеген әртүрлі зерттеулер мен эксперименттерді жүргізуді келіседі;
67) атом станциясының әкімшілігі бекіткен жөндеу мерзімдерін ауыстыруды және атом станциясының жүйелерін, жабдығын және құбырларын пайдалану бойынша жұмыс көлемдерін азайтуды келіседі;
68) жабдықты және құбырларды жұмыс параметрлеріне шығарумен байланысты іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге және атом станциясының жүйелерін жұмыс параметрлері кезінде пайдалануға рұқсаттар береді;
69) атом станциялары жабдығының белгіленген жұмыс параметрлерін өзгерту туралы техникалық шешімдерді келіседі;
70) отынды және атом станциялары белсенді аймағының компоненттерін сынақтан өткізу бағдарламаларын келіседі;
71) ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың қауіпсіздігі үшін сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларының үлгілік мазмұнын және оны бекіту тәртібін әзірлейді;
72) радиациялық қауіпсіздікке, ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелендіру көздерін физикалық қорғауға және аварияға қарсы жоспарлауға, есепке алу мен бақылауға қатысты нормалар мен қағидаларды әзірлейді және келіседі;
73) ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді;
74) иондандырушы сәулелену көздерін және сақтау пункттерін физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді;
75) ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын әзірлейді;
76) Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру тәртібін әзірлейді;
77) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамаларын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді;
78) ядролық материалдарды мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді;
79) иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді;
80) радионуклидті көздермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын әзірлейді;
81) Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын әзірлейді;
82) ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау қағидаларын әзірлейді;
83) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын әзірлейді;
84) ядролық қауіпсіздікке және (немесе) радиациялық қауіпсіздікке және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздікке сараптаманы жүргізу қағидаларын әзірлейді;
85) атом энергиясын пайдаланатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлейді;
86) атом энергиясын пайдаланатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларын әзірлейді;
87) Агенттікке халыққа және (немесе) қоршаған ортаға қауіпсіздік қаупі туындаған жағдайда ядролық қондырғыларды мерзімінен бұрын пайдаланудан шығару немесе көму пункттерін жабу туралы ұсыныс енгізеді;
88) көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекіту тәртібін әзірлейді;
89) радиоактивті қалдықтарды және пайдаланылып болған ядролық отынды жинауды, сақтауды және көмуді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді;
90) атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналдың біліктілік талаптарын әзірлейді;
91) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;
92) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік құпияларды қорғау, азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
93) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің актілерінде және Агенттіктің бұйрықтарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
94) Комитет әзірлеген және (немесе) қабылдаған нормативтік құқықтық актілерге қатысты құқықтық мониторингті жүргізеді (соның ішінде Комитет жүзеге асыратын бұрын қабылданған актілер бойынша);
95) құзыреті шегінде Агенттіктің Операциялық жоспары мен даму жоспарына стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, ұсыныстарды әзірлеуге, іске асыруға қатысады;
96) Қазақстан Республикасы Президентінің, Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының және Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тапсырмаларына актілер мен жауаптардың жобаларын сапалы және уақтылы дайындауды, сондай-ақ жетекшілік ететін мәселелер бойынша жоғары тұрған органдардың бақылау тапсырмаларын орындауды жүзеге асырады;
97) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығында көрсетілген функцияларға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
3-тарау. Комитет қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның басшысының мәртебесі және өкілеттіктері
17. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Төраға жүзеге асырады.
18. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
19. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Комитет төрағасының орынбасарлары болады.
20. Төрағаның өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, Комитеттің мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
3) Агенттіктің Аппарат басшысына Комитет Төрағасының орынбасарлары мен оның аумақтық органдарының басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту, іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйлықақы беру туралы ұсыныстар енгізеді;
4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің және оның аумақтық органдарының жұмыскерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және Комитеттің жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарды;
еңбек шарты негізінде қызметін Комитетте жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдауды және еңбек шартын тоқтатуды жүзеге асырады;
6) Еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің және оның аумақтық органдарының жұмыскерлерін;
техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және Комитеттің жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарды;
еңбек шарты негізінде қызметін Комитетте жүзеге асыратын адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту, іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қаута даярлау), біліктілікті арттыру, көтермелеу, ұстемақы төлеу, сыйлықақы беру мәселелерін шешеді.
7)Комитеттің аумақтық органы басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және Комитеттің аумақтық органының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін адамдарға;
еңбек шарты негізінде Комитеттің аумақтық органдарында қызметін жүзеге асыратын адамдарға материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру туралы мәселелерді шешеді;
8) Комитеттің аумақтық органдарының қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
9) аумақтық органдардың актілері мен шешімдерінің қолданылуын толығымен немесе бір бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;
10) ескертулер болмаған жағдайда, Комитеттің келісуіне келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобаларына бұрыштама қояды;
11) өз құзыреті шегінде Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
12) заңнамаға сәйкес Комитетті мемлекеттік органдармен және өзге ұйымдармен өзара қатынастарда Комитеттің мүдделерін білдіреді;
13) Комитеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдайды және осы үшін дербес жауаптылықта болады;
14) Агенттіктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстарды ұсынады;
15) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Төраға болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, оны ауыстыратын адам жүзеге асырады.
21. Комитет Төрағасының орынбасарлары:
1) өз құзыреті шегінде Комитеттің қызметін үйлестіреді;
2) Комитет Төрағасымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
22. Комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Комитетке бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
24. Егер заңнамада өзгесі көзделмесе, Комитеттің өзіне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi дербес иелiктен шығаруға немесе өзге тәсiлмен иелік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
25. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Комитеттің аумақтық органдарының тізбесі
1) Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Атомдық қадағалау мен бақылау комитетінің Батыс өңіраралық инспекциясы;
2) Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Атомдық қадағалау мен бақылау комитетінің Оңтүстік өңіраралық инспекциясы;
3) Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Атомдық қадағалау мен бақылау комитетінің Шығыс өңіраралық инспекциясы.