Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу туралы

Жаңа

Түркістан облысы Арыс қаласы әкiмдiгiнiң 2025 жылғы 4 маусымдағы № 342 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығына сәйкес, Арыс қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғ.Садықов "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін қолданыстағы заңға сәйкес Әділет органдарында тіркеуден өткізсін.

      3. Осы қаулының орындалуын Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғ.Садықовқа жүктелсін.

      4. Осы қаулының орындалуын қала әкімінің орынбасары Е.Қуандық жүзеге асырсын.

      Арыс қаласының әкімі Қ.Маңқараев

  Арыс қаласы әкімдігінің
2025 жылғы "_4_" __маусым___
№_342_ қаулысына қосымша

Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі –Мекеме) Арыс қаласының ішкі саясат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мынадай ведомстволары жоқ.

      3. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мекеме – мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мекеме, егер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарутуралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері. Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Арыс қаласы, Әл-Фараби көшесі №3 үй. Индекс 160100.

      10. Осы Ереже Мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мекеменің қызметін қаржыландыру, Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес, республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері.

      13. Мақсаттары:

      1) Арыс қаласында ішкі саясат саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      2) Мекеменің басқаруындағы мекемелердің қызметін үйлестіру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де мақсаттарды жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - мемлекеттік мекеменің қарауына жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттiк және мемлекеттiк емес органдармен және ұйымдармен қызметтiк хат алмасуды жүргiзу;

      - қалалық әкiмдiктiң және мәслихаттың мәжiлiстерiне, қалалық, аумақтық және өзге де атқарушы органдардың алқаларына қатысу.

      - жоғары органдарға қаланың негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;

      - қала әкімдігіне салалық (секторалдық) және аймақтық бағдарламаларды одан әрі әске асырудың орындылығы туралы ұсыныстар енгізуге;

      - өз құзыреті шегінде ақпараттық-талдау материалдарын дайындауға және оларды облыстық мемлекеттік органдарға және қала әкімдігіне ұсынуға;

      - Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы мекемелердің қызметін ұйымдастыруға;

      - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      1) Қалада ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін және қоғамды топтастыруды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Қалада Президенттің Қазақстан Халқына жыл сайынғы Жолдауларын түсіндіру мен насихаттауды қамтамасыз ету;

      3) Қаладағы қоғамдық-саяси ахуалды болжауға бағытталған әлеуметтік және саяси зерттеулерді жүргізу;

      4) Мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

      5) Оперативті басқару құқығымен қарасты мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларының, облыс әкімдігі мен қала әкімінің қаулылары мен өкімдерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету;

      2) Саяси және стратегиялық жоспарлауды жүзеге асыру, ішкі саясат сұрақтары бойынша мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіру, бірыңғай іс-әрекет жоспарын әзірлеу;

      3) Саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, діни бірлестіктермен, кәсіподақтармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;

      4) Әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, оның ішінде конкурстық рәсімдер мен жобалардың іске асырылу барысында мониторинг жүргізу;

      5) Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығына ақпараттық-ұйымдастырушылық көмек көрсету;

      6) Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау мәселелері бойынша қала аумағында акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кеңестер ұйымдастыру және өткізу;

      7) Қаладағы қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шараларды идеологиялық қамтамасыз ету;

      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану мен насихаттау мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсету;

      9) Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану тәжірибесін талдау, ақпаратты өңдеу мен жинауды жүзеге асыру, осы саладағы жұмыстарды жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау;

      10) Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құзыретіне кіретін сұрақтар бойынша мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдармен қызметтік хат-хабарлар алмасуды жүзеге асыру;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру;

3-тарау. Мемлекеттік органның басшысының мәртебесі, өкілеттіктері.

      16. Мекемені басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады;

      17. Мекеменің басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады;

      18. Арыс қаласының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Мекеме басшысының өкілеттіліктері:

      1) Мекеме қарамағындағы ұйымдардың басшыларын Еңбек заңнамаларына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады:

      2) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, Мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазалар қолдану мәселелерін шешеді;

      4) бұйрықтарды шығарады және Мекеменің барлық жұмыскері үшін орындалуға міндетті нұсқаулар береді;

      5) мекеменің атынан сенімхатсыз әрекет жасайды;

      6) белгіленген еңбекақы төлеу қоры мен саны шегінде Мекеме мен ведомстволық бағынысты мекемелері жұмыскерлерінің штат кестесін бекітеді;

      7) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің және Мекеменің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітеді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауап береді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мекеменің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін атқаруды, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі.

      20. Мекеменің "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады;

      21. Мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады;

      22. Егер "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше белгіленбесе, Мекеменің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату.

      23. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мекеменің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Арыс қаласының ішкі саясат бөлімі "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Арыс қаласының ішкі саясат бөлімі "Руханият орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады