"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағына, "Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5) тармақшасына және "Жапониядан, Таиланд Корольдігінен, Түрік Республикасы мен Малайзиядан шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін доңғалақтардың құйылған алюминий дискілеріне қатысты демпингке қарсы бажды енгізу арқылы демпингке қарсы шараны қолдану туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы № 7 шешіміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. 2030 жылғы 21 наурызға дейінгі мерзімде жыл сайын 135 тонна көлемінде демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін Қазақстан Республикасына әкелуге сан жағынан шектеулер (квоталар) енгізілсін.
2. Қоса беріліп отырған Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
4. Сауда комитеті:
1) осы Қағидаларға сәйкес демпингке қарсы баж төлемей, Жапониядан шыққан пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерінің импортына лицензия беруді жүзеге асыруын;
2) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулер (квоталар) туралы мәліметтерді (бекітілген, пайдаланылған және бөлінбей қалған) жариялауды қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2030 жылғы 21 наурызға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаққалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министірлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 273-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағына, "Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5) тармақшасына және "Жапониядан, Таиланд Корольдігінен, Түрік Республикасы мен Малайзиядан шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін доңғалақтардың құйылған алюминий дискілеріне қатысты демпингке қарсы бажды енгізу арқылы демпингке қарсы шараны қолдану туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы № 7 шешіміне сәйкес әзірленді және сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тауар – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының 8708 70 500 9 кодымен жіктелетін Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілері;
2) квота көлемі – Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы №7 шешімімен белгіленген, жылына 135 тоннаға тең, Қазақстан Республикасына демпингке қарсы баж төлемей әкелу үшін рұқсат етілген заттай мәндегі тауардың сан жағынан шектелуі (квотасы) ;
3) сыртқы сауда қызметіне қатысушылар – сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар;
4) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
2-тарау. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібі
3. Уәкілетті орган осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, сондай-ақ жыл сайын күнтізбелік жыл басынан бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында www.gov.kz демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге квота көлемін бөлуді бастау туралы хабарландыру орналастырады.
4. Хабарландыруда мынадай ақпарат көрсетіледі:
1) демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған квота көлемі;
2) сыртқы сауда қызметінің әрбір қатысушысы үшін демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған лимит.
5. Сыртқы сауда қызметіне әрбір қатысушы үшін демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған лимит 20 (жиырма) тоннаны құрайды.
6. Демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу "Сауда саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 51 бұйрығымен бекітілген "Жекелеген тауар түрлерінің импортына және (немесе) экспортына лицензия беру" мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес импортқа лицензия беру кезінде порталда автоматты түрде жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20135 болып тіркелген).
7. Демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге квота көлемін бөлу квота көлемі толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
8. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында квоталарды бөлу қорытындыларын: тауардың атауын, бөлінген квоталар санын көрсете отырып, демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге квота алған өтініш берушілердің жиынтық тізбесін орналастырады.
9. Лицензия иелері лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде уәкілетті органға Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларына № 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарлардың импортына лицензияның орындалуы туралы анықтама ұсынады.
10. Сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес жүзеге асырылады.