Абай облысы бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Абай облысы мәслихатының 2022 жылғы 19 қазандағы № 9/48-VII шешімі

      Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 407-2-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңының 8-бабының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 "Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28125 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес, Абай облысы мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Абай облысы бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Абай облыстық мәслихатының хатшысы К. Сулейменов

  Абай облысы мәслихатының
2022 жылғы 19 қазандағы
№ 9/48-VII шешіміне
қосымшасы

Абай облысы бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Абай облысы бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңынның 7-бабының 5) тармақшасына 8-бабының 2) тармақшасына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 "Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28125 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді және Абай облысы бойынша жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың (иттер мен мысықтарды) тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік заңды тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      2) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      4) алып тасталды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және иесіз жануарларды, ұстаудан бас тартуына байланысты иелері немесе жауапты адамдар берген, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстауға әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      6) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;

      7) иесіз жануарлар – иесі жоқ немесе үй жануарлары есебіне алынбаған иттер мен мысықтар;

      8) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;

      9) алып тасталды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      10) алып тасталды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      11) үй жануарларын есепке алу жөніндегі деректер базасы (бұдан әрі - деректер базасы) – үй жануарының жеке нөмірі туралы, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы, үй жануарлары ұсталатын немесе тасымалданатын жылжымайтын мүлік объектілері мен көлік құралдары, жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі туралы ақпарат, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған үй жануарларын иелену тарихы туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін электрондық деректер базасы;

      12) үй жануарларын есепке алу - үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу.

      13) шұғыл ден қою шаралары – адамның, жануарлардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және (немесе) адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарлардың тіршілігіне немесе саулығына және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүлкіне қатер төнуін болғызбау мақсатында жануарлардың агрессия көрсетуін дереу тоқтатуға және (немесе) оның салдарын барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы, оның ішінде әрекеттер.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. Жануарларды аулау

      3. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.

      4. Жануарларды аулау жұмыстары аулау қызметінің басшысымен бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

      5. Кесте жануарлардың шоғырлану орындарын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша жасалады.

      6. Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді.

      7. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен оқшаулау сүрлемдерін, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді, ұстап алу кезінде бекітуге арналған Ү-тәрізді бекіткіштерді (рогатин), Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады.

      8. Аулануға иесінің және (немесе) жауапты тұлғаның сүйемелдеуінсіз қоғамдық орындарда, оның ішінде көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, иесіз қалған ғимараттарда, елді мекендердің шетінде, саяжай алқаптарында және өзге де орындарда жүрген қараусыз қалған жануарлар, сондай-ақ иесіз жануарлар жатады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қараусыз қалған және қаңғыбас иттерді, жануарларды, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны аулау қызметі ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.

      10. Қараусыз қалған және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде аулау қызметі мамандарының өзімен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі аулау қызметі қызметкерінің куәлігі (бұдан әрі - куәлік) болады және олар азаматтардың талап етуі бойынша көрсетіледі.

      11. Аулау қызметі өз қызметкерін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлікпен қамтамасыз етеді.

      12. Ауланған жануарларды тасымалдау Заңның 12-бабына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 164 "Жануарларды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28139 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      12-1. Шұғыл ден қою шараларын астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырады.

      Ескерту. 2-тарау 12-1-тармақпен толықтырылды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Жануарларды уақытша ұстау пунктінде ұстау

      13. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған баспанаға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады.

      13-1. Ауланған жануар уақытша ұстау пунктіне немесе жануарларға арналған панажайға жеткізілген кезде үй жануарларын есепке алу бұйымдарының (құралдары) болуы, сондай-ақ үй жануарларын есепке алу дерекқорында жануардың иесі және (немесе) жауапты адам туралы мәліметтердің болуы тексеріледі.

      Ескерту. 3-тарау 13-1-тармақпен толықтырылды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. уақытша ұстау пунктімен жануарларды ұстау, азықтандыру, қарау, жансыздандыру, қажетті құрал-саймандармен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар қамтамасыз етіледі.

      15. Уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі.

      16. Жануарларды ұстау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.

      17. Уақытша ұстау пункті металл торлармен және иттерге арналған үйшіктермен жарақталады, онда 1 (бір) дарақтан орналастырылады.

      18. Тордың мөлшері жануарларға еркін тұруға, жатуға және өздеріне тән тәсілмен еркін айналуға мүмкіндік береді.

      19. Ауланған жануарларға күтім жасалады, күнделікті механикалық тазарту және жасушаларды дезинфекциялау жүргізіледі.

      20. Үй-жайлардың қабырғалары мен едендік жабындарының беті тегіс, жинауға және дезинфекциялауға ыңғайлы.

      21. Жануарларды ұстау шарттары олардың биологиялық, түр және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады.

      22. Азықтық рационды және жануарларды азықтандыру режимін уақытша ұстау пунктінің басшысы жасайды. Азықтарды сақтау және пайдалану оларды өндірушілер белгілеген сақтау шарттарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      23. Жануарларды азықтандыру күніне кемінде бір рет, оның ішінде мысықтарды күніне кемінде екі рет жүзеге асырылады.

      24. Ішетін ыдыстар мен басқа да су көздері әрбір жануарға таза ауыз суға тұрақты және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылады. Ауыз суды ауыстыру тәулігіне кемінде бір рет жүзеге асырылады.

4 тарау. Жануарларды өлтіру

      25. Осы Қағида шеңберінде жануарларды жансыздандыру Заңның 15-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда жол беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жүргізіледі.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      25-1. Иесіз жануарлардың санын реттеу кезінде мысықтарды қоспағанда, иесіз жануарларды жансыздандыруға облыстың жергілікті өкілді органы белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жол беріледі.

      Ескерту. 4-тарау 25-1-тармақпен толықтырылды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      25-2. Жануарларға арналған панажайларға және (немесе) жануарларды уақытша ұстау пункттеріне түскен иесіз жануарларды, мысықтарды қоспағанда, егер мұндай жануарлар ауру болса, негізсіз агрессия танытса, орналастырылмаса және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген мерзімдер өткеннен кейін оларды иесі немесе жауапты адам, сондай-ақ өзге де жеке немесе заңды тұлғалар талап етпесе, жансыздандыруға жол беріледі.

      Ескерту. 4-тарау 25-2-тармақпен толықтырылды - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      26. Жануарлардың өлекселерін кәдеге жаратуды арнайы кремациялау пештері орнатылған орындарда, мал қорымында (биотермиялық шұңқырларда) аулау қызметі жүргізеді.

      27. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, иесіз жануарлардың санын уларды, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы реттеуге жол берілмейді.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - Абай облысы мәслихатының 24.09.2026 № 41/273-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  Абай облысы бойынша
жануарларды
аулаудың, уақытша ұстаудың
және
жансыздандырудың
Қағидаларына
қосымша
Нысан

Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі

      Қағазда жасалған және қорғаныс пленкасына салынған куәліктің мөлшері 54х85 миллиметр болады.

      Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі (1)

      Ұйым атауы (2)

      №________ (3)

      QR-код (4)

      Фотосурет (5)

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (6)

      Берілген күні: __________ ж. (7)

      Әрекет ету мерзімі __________ ж. дейін (8)

      Осы құжаттың түпнұсқалығын деректер базасы арқылы тексере аласыз (9)

      1-жол – "Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі" құжатының атауы көрсетіледі;

      2-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметінің қызметкері жұмыс істейтін ұйымның атауы көрсетіледі;

      3-жол – деректер базасында жинақталатын және қалыптастырылатын куәліктің бірегей сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;

      4-жол - мөлшері 30х30 сантиметр деректер базасында автоматты түрде туындалатын QR-код түріндегі куәліктің бірегей сәйкестендіру нөміріне арналған орын;

      5-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің өлшемі 3х4 сантиметр фотосуретіне арналған орын;

      6-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі;

      7-жол - күні, айы, жылы форматы бойынша куәліктің берілген күні көрсетіледі;

      8-жол - күні, айы, жылы форматы бойынша куәліктің қолданылу мерзімі көрсетіледі;

      9-жол – "Осы құжаттың түпнұсқалығын деректер базасы арқылы тексере аласыз" - деген жазу көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады