Азаматтық қорғау органдарындағы әлеуметтік көмектің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2024 жылғы 7 қарашадағы № 403 бұйрығы.

      "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 7-тармағына, 21-тармағының 4) және 10) тармақшаларына, сондай-ақ "Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 10 қарашадағы № 184 бұйрығына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясын құрсын.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес азаматтық қорғау органдарындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиялар туралы қоса беріліп отырған үлгілік ережені бекітсін.

      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарының, мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарының басшылары осы бұйрықтың негізінде азаматтық қорғау органдарында әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияны құрсын.

      4. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аппараты мен ведомстволары әскери қызметшілерінің, қызметкерлерінің, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2023 жылғы 22 тамыздағы № 443 бұйрығының күші жойылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр және тәрбие жұмысы департаментіне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр генерал-майор Ш. Әрінов

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2024 жылғы 7 қарашадағы
№ 403 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының құрамы

      Комиссия төрағасы:

      қаржы қызметіне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі.

      Комиссия мүшелері:

      Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің бастығы;

      Заң департаментінің директоры;

      Қаржылық қамтамасыз ету департаментінің директоры;

      Медициналық-психологиялық қызмет басқармасының бастығы.

      Комиссия хатшысы:

      Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығы басқармасының өкілі.

      Ескертпе: Комиссияның бекітілген құрамы уақытша болмаған жағдайда, оларды ТЖМ басшы құрамының және олардың міндеттерін атқаратын құрылымдық бөлімшелердің тұлғаларының өзара алмастыру схемасына сәйкес ауыстыруға жол беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2024 жылғы 7 қарашадағы
№ 403 бұйрығына
2-қосымша

Азаматтық қорғау органдарындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Азаматтық қорғау органдарындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – Комиссия) қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің, азаматтық қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің, зейнеткерлердің, сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің, азаматтық қорғау органдарының азаматтық қызметшілерінің әлеуметтік мәселелері бойынша шешімдер (немесе материалдарды ТЖМ комиссиясының қарауына енгізу туралы шешімдер) шығаруға уәкілетті Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ), аумақтық органдардың, ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жанынан құрылатын тұрақты негізде әрекет ететін алқалы органдар болып табылады.

      2. Комиссия кемінде бес адамнан тұратын тақ саннан құралады.

      3. Комиссияны:

      1) ТЖМ-да – қаржы қызметіне жетекшілік ететін вице-министр;

      2) ТЖМ-ның аумақтық органдарында – аумақтық органның басшысы;

      3) ТЖМ-ның мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында – бірінші басшы басқарады.

      4. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.

      5. Комиссия хатшысы Комиссия отырысының хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) жүргізеді.

      Комиссия хатшысы кадр қызметінің өкілі болып табылады.

      6. Комиссия құрамына:

      1) ТЖМ-да:

      қаржылық қызметке жетекшілік ететін вице-министр;

      кадр қызметінің басшысы;

      медициналық қызметтің басшысы;

      заң қызметінің басшысы;

      қаржы қызметінің басшысы;

      2) ТЖМ-ның аумақтық органдарында:

      аумақтық органның басшысы;

      аумақтық орган басшысының жеке құрам мәселелері жөніндегі орынбасары;

      кадр қызметінің басшысы;

      медициналық, заң және қаржы қызметтерінің өкілдері;

      3) мемлекеттік мекемелерде және ТЖМ ұйымдарында:

      мемлекеттік мекеменің, ұйымның басшысы;

      ТЖМ-ның мемлекеттік мекемесі, ұйымы басшысының орынбасары;

      кадр қызметінің басшысы;

      медициналық, заң және қаржы қызметінің өкілдері кіреді.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің (бұдан әрі – Министр) шешімі бойынша Комиссия құрамына өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.

      7. Комиссияның жұмыс органдары:

      1) осы ереженің 8-тармағының 1) тармақшасы бойынша – медициналық қызмет;

      2) осы ереженің 8-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшалары бойынша – кадр қызметі болып табылады.

      Жұмыс органдарымен Комиссияның қарауына енгізу үшін материалдар дайындалады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      8. Комиссияның міндеті Қазақстандық құтқарушылар қорына (бұдан әрі – Қор) әлеуметтік көмек көрсету туралы ұсыныстар енгізу үшін өмірлік қиын жағдайға тап болған қызметкерге және олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдау болып табылады.

      Осы ережеде өмірлік қиын жағдайға мына жағдайлардың бірі:

      1) қызметкердің күші жетпейтін жедел емдеуді, қаржылық шығындарды талап ететін аурулардың (мертігу, контузия, жарақат) болуы;

      2) қызметкерде ауруларды (мертігу, контузия, жарақат) емдеуге жұмсалған үлкен қарыздардың (қаржылық шығындардың) болуы;

      3) жалғызбасты көп балалы қызметкердің жеке тұрғын үйінің болмауы;

      4) көп балалы қызметкердің еңсере алмайтын күштің нәтижесінде су тасқыны, өрт, басқа да дүлей зілзалалар сияқты, сондай-ақ қызметкерге байланысты емес кез келген басқа жағдайлар нәтижесінде өз тұрғын үйінен (мүлкінен) айырылуы (бүлінуі);

      5) қызметкердің отбасын асырауға қаражатының болмауы жатады.

      9. Комиссияның функциялары:

      1) ТЖМ:

      осы ереженің 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген Комиссиялар ұсынған қызметкерлердің құжаттарын уақтылы қарауды қамтамасыз ету;

      осы ереженің 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген Комиссиялар ұсынған құжаттардың осы ереженің 10-тармағына сәйкестігін тексеру;

      үміткердің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдау не құжаттардың толықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыс органына немесе аумақтық органның, мемлекеттік мекеменің немесе ТЖМ ұйымының Комиссиясына материалдарды пысықтауға жіберу.

      2) аумақтық органдардың, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың:

      1) осы ереженің 10-тармағында көзделген қызметкердің құжаттарын уақтылы қарауды қамтамасыз ету;

      2) қызметкер ұсынған құжаттардың осы ереженің 10-тармағына сәйкестігін тексеру;

      3) қызметкердің материалдарын ТЖМ Комиссиясының қарауына енгізу туралы шешім қабылдау не құжаттардың толықтығын қамтамасыз ету үшін материалдарды жұмыс органына пысықтауға жіберу болып табылады.

      10. Комиссиялардың қарауына үміткерлер ұсынатын құжаттардың тізбесі:

      1) осы ереженің 8-тармағының 1) тармақшасы бойынша:

      стационардан шығарылған эпикриз;

      амбулаториялық картадан үзінді;

      қорытынды диагнозы және ұсынымы бар дәрігерлік-консультативтік комиссияның анықтамасы;

      әлеуметтік көмек көрсету туралы мәселені шешу үшін қажетті өзге де құжаттар;

      2) осы ереженің 8-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшалары бойынша:

      медициналық қызметтерге ақы төленгенін растайтын түбіртектер, шоттар және чектер;

      егер емдеу бөліп немесе несие арқылы төленсе медициналық мекемелерден алынған құжаттар;

      меншік құқығында тұрғын үйдің жоқтығы туралы құжат;

      су басу, өрт, басқа да дүлей зілзалалар сияқты еңсере алмайтын күш салдарынан мүліктің айырылуын немесе бүлінгенін, сондай-ақ қызметкерге байланысты емес кез келген басқа жағдайларды растайтын құжаттар;

      әлеуметтік көмек көрсету туралы мәселені шешу үшін қажетті өзге де құжаттар.

3-тарау. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      11. Комиссия қажеттілікке қарай отырыс ұйымдастырады.

      12. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және дауыс беру құқығы бар Комиссия мүшелері қол қояды.

      13. Дауыс беруге құқығы бар Комиссия мүшелері өздерінің ерекше пікірін жазбаша баяндай алады және оны хаттамаға қоса бере алады, бұл туралы жазба қойылады.

      14. Комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен дауыс беру арқылы қабылданады.

      15. Комиссия шешімі қатысып отырған мүшелер санының үштен екісі қабылдаған жағдайда заңды болады.

      16. Осы ереженің 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген Комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) үміткердің өтінішін қанағаттандыру және оның материалдары мен Комиссия хаттамасын қорға жіберу туралы;

      2) қызметкерге әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту;

      3) құжаттардың толықтығын қамтамасыз ету үшін материалдарды жұмыс органына немесе аумақтық органның, мемлекеттік мекеменің немесе ТЖМ ұйымының Комиссиясына пысықтауға жіберу.

      17. Осы ереженің 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген Комиссиялар мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) ТЖМ Комиссиясының қарауына материалдар енгізу туралы;

      2) ТЖМ Комиссиясының қарауына материалдар енгізу туралы дәлелді бас тарту;

      3) құжаттардың толықтығын қамтамасыз ету үшін материалдарды жұмыс органына пысықтауға жіберу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады