ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Кредиттік бюролардың, ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ Кредиттік бюролардың ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қоятын талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 228 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17702 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Кредиттік бюролардың, ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ Кредиттік бюролардың ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қоятын талаптарын бекіту туралы"
көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттік бюролардың, ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар және Кредиттік бюролардың ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қоятын талаптары осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Ақпараттық және киберқауіпсіздік департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының м.а. |
О. Кизатов |
Кредиттік бюролардың, ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кредиттік бюролардың, ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен, коллекторлық агенттікпен, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымымен, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйыммен, микроқаржы ұйымының қамтамасыз етілген облигацияларды шығару немесе қарыздар алу кезінде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы-заңды тұлғамен, секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының секьюритилендіру және жобалық қаржыландыру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясымен, акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын тұлғамен, банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, микроқаржы ұйымдарында қаржыны негізделген орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған банктік қарыз шарты, микрокредит беру шарты бойынша жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорымен, өзге тұлғамен – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты жеке тұлғаның банктік қарыз шарты бойынша, микрокредит беру туралы шарт бойынша немесе ол бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес, оның ішінде банктік қарыз шарты бойынша, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) сатып алу немесе пайда болу (құру) сәтіне құнсыздану белгілері анықталған заңды тұлғаның банктік қарыз шарты бойынша, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарына (талаптарына) қатысты жасалған банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шеңберінде банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын коллекторлық агенттіктер мен сервистік компаниялардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Талаптарда Кредиттік бюролар туралы заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпарат берушілер - Кредиттік бюролар туралы заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілер;
2) ақпараттық актив - ақпараттың және оны сақтауға және (немесе) өңдеуге пайдаланылатын цифрлық инфрақұрылым объектісінің жиынтығы;
3) ақпараттық қауіпсіздік – цифрлық ресурстардың, цифрлық жүйелердің және цифрлық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалу жай-күйі;
4) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелі - кредиттік бюроның ақпараттық активтері конфиденциалдылығының бұзылуы, тұтастығының немесе қолжетімділігінің қасақана бұзылуы салдарынан залалдың ықтимал пайда болуы;
5) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - кредиттік бюроның ақпараттық активтерінің конфиденциалдылық, тұтастық және қолжетімділік күйін ұстап тұруға бағытталған процесс;
6) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасы – цифрлық инфрақұрылымның немесе оның жекелеген объектілерінің жұмысында жеке немесе сериялық туындайтын, олардың тиісінше жұмыс істеуіне қауіп келтіретін іркілістер және (немесе) кредиттік бюроның цифрлық ресурстарын заңсыз алу, көшіру, тарату, модификациялау, жою немесе бұғаттауға арналған талаптар;
7) артықшылық берілген есептік жазба – цифрлық жүйеде жасалу, жойылу және басқа есептік жазбаларға кіру құқықтарын өзгерту артықшылықтарына ие есептік жазба;
8) аудиторлық із – цифрлық жүйенің функцияларын орындау нәтижесінде деректердің өзгеруінің дәлелі қамтылған жазбалардың хронологиялық реттілігі;
9) аутенфикациялау – цифрлық жүйеге қол жеткізу субъектісінің немесе объектісінің түпнұсқалылығын ұсынылған қолжетімділік деректемелерінің сәйкестігін анықтау арқылы растау;
10) бизнес-процесс - сыртқы (клиент) немесе ішкі (кредиттік бюроның қызметкері, бөлімшесі, басқа бизнес-процесс) тұтынушы үшін белгілі өнімді немесе қызметті жасауға бағытталған өзара байланысты іс-шаралар немесе міндеттер жиынтығы;
11) деректерді өңдеу орталығы – технологиялық, инженерлік, техникалық құралдар мен бағдарламалық қамтылым арқылы өзге де цифрлық объектілерді орналастыруға және олардың жұмыс істеу ортасын қамтамасыз етуге арналған цифрлық инфрақұрылым объектісі;
12) жауапты тұлға - кредиттік есептерді алушының кредиттік есептерге қолжетімділігі бар қызметкері;
13) жұмыс станциясы - кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне кіру үшін пайдаланылатын дербес компьютер;
14) кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің бизнес-иесі - кредиттік бюроның цифрлық жүйе автоматтандыратын негізгі бизнес-процестің иесі болып табылатын бөлімшесі (қызметкері);
15) кредиттік есептерді алушылар – Кредиттік бюролар туралы заңның 20-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген кредиттік есептерді алушылар;
16) қолжетімділік - ақпараттық активтерді пайдалану мүмкіндігі;
17) оператор - кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне ақпараттың дұрыс енгізілуі үшін жауап беретін қызметкер;
18) резервтік көшірме - ақпарат жеткізгіштегі деректердің қажет болған жағдайда оларды түпнұсқада немесе жаңадан орналастырылған орнында қалпына келтіруге арналған көшірмесі;
19) техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - техникалық құралдарды (күзет және өрт сигнализациясы, кіруді бақылау және басқару, бейнебақылау, өрт сөндіру, деректерді өңдеу орталығында температуралық режим мен ылғалдылықты бақылау жүйелерін) пайдалана отырып кредиттік бюроның қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесі;
20) технологиялық есептік жазба - цифрлық жүйедегі цифрлық жүйелердің арасында аутенфикациялауға арналған есептік жазба;
21) түзету шарасы - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында болған проблеманы не оның бұзылу салдарын түзетуге бағытталған ұйымдастыру және техникалық іс-шараларының жиынтығы;
22) уәкілетті орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган;
23) цифрлық инфрақұрылым – цифрлық ресурстарды қалыптастыру және оларға қолжетімділік беру мақсатында технологиялық ортаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған цифрлық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы.
2-тарау. Цифрлық технологияларды пайдалануға қойылатын талаптар
3. Кредиттік бюро қамтамасыз ететін цифрлық жүйені (бұдан әрі – кредиттік бюроның цифрлық жүйесі) әзірлеуді жүзеге асырады:
1) ақпарат берушіден ақпарат алуды;
2) кредиттік тарихтардың дерекқорын қалыптастыруды;
3) кредиттік есептерді қалыптастыруды, беруді және сақтауды;
4) кредиттік бюроның цифрлық жүйесін пайдаланушыларды сәйкестендіруді және аутентификациялауды;
5) кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің аудиторлық ізін жүргізуді.
4. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесі мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) техникалық тапсырма негізінде және кредиттік бюроның әзірлеу, өзгерістер енгізу, тестілеу, өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау және енгізу, сондай-ақ барлық кезеңді құжаттандыру кезеңі мен тәртібін реттейтін ішкі құжаттарына сәйкес әзірлеуді, енгізуді және оған қызмет көрсетуді (немесе дайын өнімді бейімдеуді) жүзеге асыру;
2) кредиттік бюроның цифрлық жүйесін пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарының аражігін ажыратуды қамтамасыз ету;
3) кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің есептік жазбаларын басқаруды қамтамасыз ету;
4) кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің қорғалатын деректерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
5. Кредиттік бюро кредиттік бюроның кез келген цифрлық жүйесін әзірлеу, тестілеу және өнеркәсіптік пайдалану орталарына енгізілген өзгерістері кредиттік бюроның басқа ортада орналасқан цифрлық жүйесіне әсер етпейтіндей кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің осындай орталарының болуын және оларды бөлуді қамтамасыз етеді. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесін әзірлеу және пысықтау өнеркәсіптік пайдалану ортасында жүзеге асырылмайды.
6. Бағдарламалық қамтылымды әзірлеуді жүзеге асыратын тысқары ұйымдар мен ақпараттық технологиялар бөлімшесінің қызметкерлері кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің өнеркәсіптік пайдалану ортасындағы өзгерістерін көшіруге қол жеткізе алмайды, сондай-ақ өнеркәсіптік пайдалану ортасындағы кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне әкімшілік қол жеткізе алмайды.
7. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізбес бұрын, онда орнатылған әдепкі теңшеулер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде кредиттік бюроның ішкі құжаттарында айқындалған ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес теңшеулерге өзгертіледі. Көрсетілген теңшеулерге тестілеу кезінде пайдаланылатын құпия сөздерді ауыстыру, сондай-ақ барлық тестілік есептік жазбаларды жою кіреді.
8. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің бастапқы кодтары (бар болса) және орындалатын модульдері оларды қалпына келтіру үшін жарамды түрде жүргізілетін бағдарламалық қамтылымның қорғалған сақтау орнында сақталады.
9. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінде аудиторлық ізді жүргізу қамтамасыз етіледі, ол мыналарды көрсетеді:
1) байланыстарды орнату, сәйкестендіру, аутентификациялау және авторизациялау оқиғалары (сәтті және сәтсіз);
2) сақталған деректерді өзгерту оқиғалары;
3) қауіпсіздік теңшеулерін жаңғырту оқиғалары;
4) пайдаланушылар топтарын және олардың өкілеттіктерін жаңғырту оқиғалары;
5) пайдаланушылардың есептік жазбаларын және олардың өкілеттіктерін жаңғырту оқиғалары;
6) цифрлық жүйеде жаңартуларды және (немесе) өзгерістерді орнатуды көрсететін оқиғалар;
7) аудиторлық ізді жүргізу өлшемдерінің өзгеру оқиғасы;
8) жүйелік өлшемдерді өзгерту оқиғалары.
10. Аудиторлық із форматы келесі ақпаратты қамтиды:
1) әрекет жасаған пайдаланушының сәйкестендіргіші (логині);
2) әрекеттің жасалған күні мен уақыты;
3) әрекет жүргізілген объектілердің атаулары;
4) цифрлық жүйенің әкімшісі немесе соңғы пайдаланушысы жасаған әрекеттің түрі немесе атауы;
5) әрекет нәтижесі (сәтті немесе сәтсіз).
11. Аудиторлық іздің сақталу мерзімі жедел қолжетімділікте кемінде 3 (үш) айды және архивтік қолжетімділікте кемінде 1 (бір) жылды құрайды. Аудиторлық ізді оқиғаларды сақтаудың, өңдеудің және талдаудың мамандандырылған цифрлық жүйесінде сақтауға жол беріледі.
12. Кредиттік бюро аудиторлық іздің ұйымдастырушылық та, техникалық құралдармен де өзгертілмеуін қамтамасыз етеді. Цифрлық жүйенің әкімшілеріне аудиторлық із журналдарын архивке көшіруге ғана рұқсат беріледі.
13. Кредиттік бюроның деректерді өңдеу орталығы мына талаптарға сәйкес келеді:
1) үздіксіз электрмен жабдықтау жүйесі электр желілерінің екі немесе одан да көп тәуелсіз енгізулерімен, сондай-ақ жиырма төрт сағат бойы автономды электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін автоматты түрде қосылатын резервтік қорек беру құрылғыларымен қамтамасыз етіледі;
2) ғимаратқа, негізінен деректер өңдеу орталығына түрлі жолдармен жүргізілген телекоммуникациялық қызмет көрсетудің тәуелсіз провайдерлерінен деректер берудің екі немесе одан астам арнасының, сондай-ақ деректер өңдеудің резервтік орталығында кемінде екі байланыс арнасының болуы. Байланыс арналарының өткізу қабілеті ақпарат ұсыну туралы шарттардың және кредиттік есептер алу туралы шарттардың талаптарына сәйкес қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
14. Кредиттік бюро кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында мынадай талаптарды сақтайды:
1) кредиттік бюроның цифрлық жүйесі оның негізгі сервистерінің жұмыс істеуін үзбей профилактикалық жұмыстар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін серверлік жүйеде жұмыс істейді. Аппараттық қуат көздерін виртуализациялау технологияларын пайдалану кезінде виртуалды негізгі және резервтік серверлер жеке нақты серверлерге орналастырылуға тиіс;
2) кредиттік бюроның деректерін өңдеудің резервтік орталығы кредиттік бюродан тыс орналасады және кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің жұмысын негізгі деректер өңдеу орталығының жұмысы тоқтатылған сәттен бастап он екі сағаттан аспайтын мерзімде қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
15. Ақпарат беруші кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне қосылу кезінде:
1) ақпарат беру туралы шартта көрсетілген кредиттік бюроның талаптарына сәйкес келетін;
2) вирусқа қарсы өзекті базалары бар лицензиялық вирусқа қарсы бағдарламалық қамтамасыз етумен қорғалған жұмыс станциясын пайдаланады.
16. Кредиттік есептерді алушы кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне қосылу кезінде:
1) кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне ғана қосылу үшін пайдаланатын бір немесе бірнеше жұмыс станциясының болуын қамтамасыз етеді;
2) жұмыс станцияларын вирусқа қарсы өзекті базалары бар лицензиялық вирусқа қарсы бағдарламалық қамтамасыз етумен қорғауды қамтамасыз етеді.
17. Ақпарат берушінің ақпаратты кредиттік бюроға беру және кредиттік бюроның кредиттік есептерді кредиттік есептерді алушыға беру процестері автоматтандырылған жағдайда, Талаптардың 15 және 16-тармақтарының талаптары ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қолданылмайды.
3- тарау. Кредиттік бюролардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
1-параграф. Ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін ұйымдастыруға қойылатын талаптар
18. Кредиттік бюро қорғалған ақпаратты алу, сақтау және өңдеу кезінде, сондай-ақ кредиттік есептерді дайындау және беру кезінде оның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
19. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесін басқаруға арналған кредиттік бюроны басқарудың жалпы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
20. Ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесі кредиттік бюроның бизнес-процестері үшін әлеуетті шығынның барынша төмен болуына мүмкіндік бере отырып, кредиттік бюроның ақпараттық активтерін қорғауды қамтамасыз етеді.
21. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің тиісті деңгейін, оны дамыту мен жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында мыналар айқындалатын ішкі құжаттардың болуын қамтамасыз етеді:
1) мыналар қамтылатын ақпараттық қауіпсіздік саясаты:
ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін құру мақсаттары, міндеттері және негізгі қағидаттары;
ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің қолданылу саласы;
ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесі шеңберіндегі жауапкершілік;
ақпараттық қауіпсіздік саясатының қолжетімділігін тарату және қамтамасыз ету;
ақпараттық қауіпсіздік саясатын қайта қарауға қойылатын талаптар;
2) мыналар қамтылатын ақпараттық активтерді басқару қағидалары:
құпиялылық деңгейі көрсетілген ақпаратқа қойылатын негізгі талаптар;
активтерді таңбалау және паспорттау жөніндегі талап;
құпиялылық деңгейін ескере отырып, ақпаратпен жұмыс істеу тәртібі;
3) мыналар қамтылатын резервтік көшіру (архивтеу) тәртібі:
резервтік және архивтік көшіруге қойылатын талаптар;
резервтік көшірмелерді тестілеу тәртібі;
4) мыналар қамтылатын ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау және басқару әдістемесі:
ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау және өңдеу процесі;
ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерінің қолайлы болу өлшемшарттары;
ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін өңдеу жоспары;
ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау және өңдеу туралы есеп;
5) мыналар қамтылатын цифрлық жүйе пайдаланушыларының (цифрлық жүйелердің операторлары, басқарушылары) қолжетімділігі мен міндеттерін шектеу бойынша:
еңбек шартының қолданылуы аяқталғаннан кейін конфиденциалды ақпаратты жария етпеу туралы талаптарды қамтитын функционалдық міндеттерін тоқтату немесе өзгерту тәртібі;
оқыту және хабардар болуды арттыру тәртібі;
ақпаратқа, цифрлық жүйелерге, желілерге, сервистерге, жабдыққа және үй-жайларға қолжетімділікті бақылау тәртібі;
қолжетімділік құқықтарын жүйелі түрде қайта қарау талаптары;
пайдаланушылық және артықшылық берілген қолжетімділік құқықтарын басқаруға талаптар;
қолжетімділік құқықтарын ұсынуды, өзгертуді, жоюды техникалық тұрғыдан іске асыру тәртібі;
6) мыналар қамтылатын кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу тәртібі:
кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің өзгерістерін әзірлеу және басқару рәсімдері;
кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің операторлары мен басқарушыларының құқықтары мен міндеттері;
7) мыналар қамтылатын ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын басқару рәсімдері:
оқыс оқиғаларды жіктеу, хабарлауға жататын адамдары көрсете отырып, оқыс оқиғалар туралы хабарлау тәртібі;
оқыс оқиғаларға ден қою және өңдеу тәртібі;
ақпараттық активтерді зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуден қорғау қағидалары.
22. Кредиттік ұйымның ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің қатысушылары мыналар болып табылады:
1) басқару органы;
2) атқарушы орган;
3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті алқалы орган (бұдан әрі - алқалы орган);
4) әуекелдерді басқару бөлімшесі;
5) ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесі;
6) ақпараттық технологиялар бөлімшесі;
7) қауіпсіздік бөлімшесі;
8) қызметкерлермен жұмыс жүргізу бөлімшесі;
9) заң бөлімшесі;
10) өзге бөлімшелер.
Осы тармақтың 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген бөлімшелердің функцияларын функционалдық міндеттеріне сәйкес жауапты қызметкерлердің жүзеге асыруына рұқсат етіледі.
23. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін құру және оның жұмыс істеуі кезінде ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің тәуелсіздігін оларды кредиттік бюроның атқарушы органының әртүрлі мүшелеріне немесе кредиттік бюроның атқарушы органының басшысына тікелей бағынуы арқылы қамтамасыз етеді.
24. Кредиттік бюроның басқару органы ақпараттық қауіпсіздік саясатын бекітеді.
25. Кредиттік бюроның басқару органы қорғалатын ақпараттың тізбесін, оның ішінде қызметтік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпия болып табылатын мәліметтер туралы ақпаратты (бұдан әрі - қорғалатын ақпарат) қамтитын тізбені және қорғалатын ақпаратпен жұмыс тәртібін бекітеді.
26. Кредиттік бюроның атқарушы органы ақпараттық қауіпсіздікті басқару процесін регламенттейтін, қайта қарау тәртібі мен кезеңділігі кредиттік бюроның ішкі құжаттарында айқындалатын ішкі құжаттарды бекітеді.
27. Кредитік бюро алқалы органды құрады, оның құрамына ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің, тәуекелдерді басқару бөлімшесінің, ақпараттық технологиялар бөлімшесінің өкілдері, сондай-ақ қажет болған кезде кредиттік бюроның басқа бөлімшелерінің өкілдері кіреді. Кредиттік бюроның атқарушы органының басшысы не кредиттік бюроның атқарушы органының ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің қызметіне жетекшілік ететін мүшесі алқалы органның басшысы болып тағайындалады.
28. Тәуекелдерді басқару бөлімшесі ақпараттық қауіпсіздікті басқару процесін ұйымдастыру және үйлестіру үшін жауап береді және мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жүйесін әзірлеу, енгізу және тұрақты дамыту;
2) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару бойынша рәсімдерді әзірлеу;
3) ақпараттық қауіпсіздік саласындағы процестерді талдау;
4) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерінің мониторингі және бағалау.
29. Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесі кредиттік бюро ақпаратының конфиденциалдылығын, тұтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін құрады, кредиттік бюро бөлімшелерінің ақпараттық қауіпсіздікті және қауіптерді анықтау және талдау, шабуылдарға қарсы іс-қимыл жасау және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын тергеу жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асырады;
2) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздік саясатын әзірлейді;
3) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесін әдіснамалық қолдауды қамтамасыз етеді;
4) өз құзыреті шегінде кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздігін басқарудың, қамтамасыз етудің және бақылаудың әдістерін, құралдарын және тетіктерін таңдауды, енгізуді және қолдануды жүзеге асырады;
5) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты жинауды, шоғырландыруды, сақтауды және өңдеуді жүзеге асырады;
6) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты талдауды жүзеге асырады;
7) алқалы органның ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі мәселелер бойынша шешім қабылдауы үшін ұсыныстар дайындайды;
8) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесін автоматтандыратын бағдарламалық-техникалық құралдарын енгізуді және олардың тиісінше жұмыс істеуін, сондай-ақ оларға кіруді қамтамасыз етеді;
9) артықшылық берілген есептік жазбаларды пайдалану бойынша шектеулерді айқындайды;
10) кредиттік бюро қызметкерлерінің ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде хабардар болуын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді;
11) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің жай-күйінің мониторингін жүзеге асырады;
12) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің жай-күйі туралы кредиттік бюроның басшылығын хабардар етуді жүзеге асырады.
30. Кредиттік бюроның ақпараттық технологиялар бөлімшесі кредиттік бюроның мыналарды:
1) элементтерінің нақты орналасқан жерін көрсете отырып, цифрлық инфрақұрылымының жалпы схемасын;
2) цифрлық инфрақұрылым тораптарының (телекоммуникациялық құрылғылардың, серверлердің және онда орналасқан операциялық жүйелердің, дерекқорларды басқару жүйелерінің және цифрлық жүйені пайдаланушының қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуінің) жауапты әкімшілерінің тізбесін айқындайтын ішкі құжаттарын әзірлейді.
31. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бөлімшеге техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша функцияларды жүктеу мүмкіндігін айқындайды. Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бөлімше олардың негізгі функцияларымен мүдделер қақтығысына әкелетін функцияларды жүзеге асырмайды.
32. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің мынадай функцияларын басқа бөлімшелерге:
1) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесін автоматтандыратын бағдарламалық-техникалық құралдарын енгізуді және беруді - ақпараттық технологиялар жөніндегі бөлімшеге;
2) кредиттік бюро қызметкерлерінің ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде хабардар болуын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді - қызметкерлермен жұмыс жүргізу бөлімшесіне;
3) ақпараттық қауіпсіздік жай-күйінің бұзылуына байланысты оқиғаларды және оқыс оқиғаларды есепке алуды және өңдеуді - қауіпсіздік бөлімшесіне немесе ақпараттық технологиялар бөлімшесіне тәуелді емес, жеке бөлінген оқыс оқиғаларды өңдеу бөлімшесіне беру мүмкіндігін айқындайды.
33. Ақпараттық технологиялар бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) кредиттік бюроның цифрлық инфрақұрылымының схемаларын әзірлейді;
2) пайдаланушыларға кредиттік бюроның ақпараттық активтеріне кіруіне рұқсатын беруді қамтамасыз етеді;
3) кредиттік бюроның жүйелік және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуін қонфигурациялауды қамтамасыз етеді;
4) цифрлық инфрақұрылымның үзіліссіз жұмыс істеуі, кредиттік бюроның цифрлық жүйелері деректерінің құпиялылығы, тұтастығы және қолжетімділігі (ақпаратты резервтеуді және (немесе) мұрағаттауды және резервтік көшіруді қоса алғанда) бойынша белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді;
5) цифрлық жүйелерді таңдау, енгізу, әзірлеу және тестілеуден өткізу кезінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
34. Қауіпсіздік бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) кредиттік бюрода жеке қауіпсіздік пен техникалық қауіпсіздік шараларын іске асырады, оның ішінде өткізу және объектішілік режимді ұйымдастырады;
2) кредиттік бюроның қызметкерлерін жұмысқа қабылдаған және жұмыстан босатқан кезде ақпараттық қауіпсіздік қауіптерінің туындауы тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
35. Қызметкерлермен жұмыс жүргізу бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) кредиттік бюро қызметкерлерінің, сондай-ақ қызмет көрсету туралы шарт бойынша жұмысқа тартылған адамдардың, тәлімгерлердің, практиканттардың ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемелерге қол қоюын қамтамасыз етеді;
2) кредиттік бюро қызметкерлерінің ақпараттық қауіпсіздік саласында хабардар болуын арттыру процесін ұйымдастыруға қатысады.
36. Заң бөлімшесі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кредиттік бюроның ішкі құжаттарына құқықтық сараптаманы жүзеге асырады.
37. Кредиттік бюроның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары:
1) қызметкерлердің кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды (бұдан әрі – ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар) қамтитын ішкі құжаттарымен танысуын қамтамасыз етеді;
2) олар басқаратын бөлімшелерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дербес жауапкершілік атқарады.
3) кредиттік бюро бөлімшесі келісімдерді, шарттарды жасасуға бастамашы болған жағдайларда конфиденциалды ақпаратты жария етпеу туралы келісімдер жасасуды және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы талаптарды осындай келісімдерге, қызметтер көрсетуге/жұмыстарды орындауға арналған шарттарға енгізуді қамтамасыз етеді.
38. Кредиттік бюро өнімдерді және қызметтерді құру, ендіру, түрлендіру, клиенттерге беру кезінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуы үшін жауап беретін кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің бизнес иесін айқындайды.
39. Кредиттік бюроның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері:
1) кредиттік бюрода қабылданған ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың орындалуы үшін жауап береді;
2) өздерінің функционалдық міндеттері шеңберінде өздері өзара іс-әрекет жасайтын үшінші тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындауын, оның ішінде аталған талаптарды үшінші тұлғалармен жасалған шарттарға енгізу арқылы бақылайды;
3) өзінің тікелей басшысына және ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесіне ақпараттық активтермен жұмыс істеу кезіндегі барлық күдікті жағдайлар мен бұзушылықтар туралы хабарлайды.
2-параграф. Ақпараттық активтерге қолжетімділікті ұйымдастыруға қойылатын талаптар
40. Қызметкерлерге ақпаратқа қолжетімділік олардың функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде беріледі.
41. Үшінші тұлғалардың кредиттік бюросының ақпараттық активтеріне қолжетімділік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды сақтау туралы талаптарды қамтитын келісім, шарт негізінде жүргізілетін жұмыстар айқындайтын кезеңге және көлемде беріледі. Ақпарат берушімен, кредиттік есептерді алушымен, үшінші тұлғалармен жасалатын келісімдерде, шарттарда конфиденциалдылық туралы ережелер, ақпараттық қауіпсіздіктің бұзылуы, сондай-ақ цифрлық жүйелердің жұмысындағы іркілістер және кредиттік бюроның, ақпарат берушінің, кредиттік есептерді алушының, үшінші тұлғалардың әрекетінен немесе әрекетсіздігінен туындаған олардың қауіпсіздігінің бұзылуы салдарынан туындаған залалды өтеу туралы талаптар қамтылады.
42. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне қолжетімділік пайдаланушыларды сәйкестендіруден және аутенфикациялаудан кейін жүзеге асырылады.
43. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің пайдаланушыларын сәйкестендіру және аутенфикациялау мынадай тәсілдерініңің бірі:
1) "есептік жазба (сәйкестендіруші) – құпиясөз" деген жұпты енгізу және екі факторлық бірегейлендіру тәсілдерін қолдану арқылы;
2) биометриялық және (немесе) криптографиялық және (немесе) аппараттық аутенфикациялау тәсілдерін пайдалану арқылы жүргізіледі.
44. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінде пайдаланушылардың дербестендірілген есептік жазбалары ғана пайдаланылады.
45. Технологиялық есептік жазбаларды пайдалануға ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесі басшысының келісімімен ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы бекітетін, оларды пайдалануға және оның жаңартылуына дербес жауап беретін адамдарды көрсете отырып, әрбір цифрлық жүйе үшін осындай есептік жазбалардың тізбесіне сәйкес жол беріледі.
46. Кредитік бюроның цифрлық жүйесінде кредиттік бюроның ішкі құжатында айқындалатын есептік жазбаларды және құпиясөздерді басқару, сондай-ақ пайдаланушылардың есептік жазбаларын оқшаулау бойынша функциялар қолданылады.
47. Кредиттік бюроның ақпараттық активтеріне нақты кіруді ұсыну кредитік бюроның ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3-параграф. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
48. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігі мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:
1) ақпаратты өңдеу, сақтау және беру кезінде қорғау;
2) деректерді кредиттік бюроның тарабында резервтеу;
3) кредиттік бюроның цифрлық жүйесін жабдықтың іркілістері мен істен шығуынан кейін қалпына келтіру рәсімдерінің болуы;
4) кредиттік бюро мен ақпаратты беруші және (немесе) кредиттік есептерді алушылар арасында криптографиялық қорғау трафигінің орнатылуы.
49. Кредиттік бюро кредиттік бюроның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіпте цифрлық инфрақұрылымның вирусқа қарсы қорғанысын қамтамасыз етеді.
50. Ақпараттық технологиялар бөлімшесі ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесімен келісім бойынша цифрлық жүйелерге өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды.
51. Маңызды ақауларды жоятын цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін жаңартулар ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесімен келісілген жағдайларды есептемегенде, өндіруші жариялаған және таратқан күннен бастап бір айдан кешіктірмей орнатылады.
52. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесін жаңартулар өнеркәсіптік ортаға орнатылғанға дейін тестілеу ортасында сынақтардан өтеді.
53. Кредиттік бюро кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің деректерін, оның жұмысқа қабілетті көшірмелерін қалыпқа келтіруді қамтамасыз ететін оның файлдары мен теңшеулерін резервтік сақтауды қамтамасыз етеді.
54. Ақпараттың резервтік көшірмесін жасау, сақтау, қалпына келтіру тәртібі мен кезеңділігі, резервтік көшірмелерден кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келуін тестілеу кезеңділігі кредиттік бюроның ішкі құжаттарында айқындалады.
4-параграф. Кредиттік бюроның жұмыс станцияларының қорғалуын қамтамасыз ету процесіне қойылатын талаптар
55. Кредиттік бюро кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу үшін қолдануға рұқсат етілген бағдарламалық қамтамасыз ету мен жабдықтардың тізбесін айқындайды.
56. Жұмыс станцияларына кредиттік бюро қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін орындауға арналмаған бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылмайды.
57. Кредиттік бюроның ішкі құжаттарында жұмыс станцияларының, сондай-ақ ақпарат жеткізгіштер мен кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу үшін қолданылатын желілік ресурстардың қорғалуын қамтамасыз ететін ұйымдастыру және техникалық шаралар айқындалады.
58. Кредиттік бюро пайдаланушыларға бағдарламалық қамтамасыз етуді, жұмыс станцияларын және перифериялық жабдықтарды өз бетінше орнатуға және теңшеуге тыйым салатын ұйымдастыру және техникалық шараларды айқындайды және енгізеді.
59. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесінің пайдаланушыларына жергілікті әкімшінің құқықтары немесе оларға ұқсас құқықтар осындай құқықтар пайдаланушы орындайтын функцияларды автоматтандыратын бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеуі үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, берілмейдi.
60. Қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті болған жағдайларда пайдаланушылардың жеке топтарына бағдарламалық қамтылым мен жабдықты өз бетінше орнату және теңшеу құқығы беріледі. Пайдаланушылардың көрсетілген топтарына жергілікті әкімші құқықтары немесе оған ұқсас құқықтар беріледі.
61. Талаптардың 59 және 60-тармақтарында көрсетілген пайдаланушылардың тізбесін ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесімен келісім бойынша қалыптастырады, жаңартады және бекітеді. Пайдаланушыларға Талаптардың 59 және 60-тармақтарына сәйкес қосымша құқықтар берілген жағдайда ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесі олардың қолданылуын бақылайды.
5-параграф. Кредиттік бюроның деректерді өңдеу орталығының заттай қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне қойылатын талаптар
62. Деректерді өңдеу орталығының заттай қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі ішкі құжатпен айқындалады.
63. Деректерді өңдеу орталығы мынадай техникалық қауіпсіздік жүйелерімен жарақталады:
1) қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі;
2) күзет сигнализациясы;
3) өрт сигнализациясы;
4) автоматты түрде өрт өшіру жүйесі;
5) температура мен ылғалдылықтың берілген өлшемдерін қолдау жүйесі;
6) бейнебақылау жүйесі;
7) үздіксіз электр қуаты көзінің жүйесі.
64. Деректерді өңдеу орталығына қолжетімділік тізбесін ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесімен келісім бойынша ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы бекітетін кредиттік бюро қызметкерлеріне беріледі.
65. Кредиттік бюро деректерді өңдеу орталығына қолжетімділікті бақылау және басқару журналын жүргізеді, ол кемінде 1 (бір) жыл сақталады.
66. Деректерді өңдеу орталығының автоматты түрде өрт өшіру жүйесі үй-жайдың бүкіл аумағы бойынша өртті жоюды қамтамасыз етеді және оның резервтік қоры болады.
67. Деректерді өңдеу орталығының бейнебақылау жүйесі деректерді өңдеу орталығына кіру орындарын бақылауды қамтамасыз етеді. Деректерді өңдеу орталығында бейнекамераларды орналастырып орнату деректерді өңдеу орталығының үй-жайының ішінде және оның берісінде бейнебақылаумен қамтылмаған аймақтардың болуын болдырмайды.
68. Деректерді өңдеу орталығының бейнебақылау жүйесінің оқиғаларды жазуы үздіксіз немесе қозғалыс детекторын қолданумен жүргізіледі.
69. Деректерді өңдеу орталығының бейнебақылау жүйесінің мұрағаты кемінде 3 (үш) ай сақталады.
70. Деректерді өңдеу орталығынан тыс орналасқан серверлерге және белсенді желілік жабдықтарға рұқсатсыз заттай қолжетімділіктің алдын алу мақсаттарында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар белгіленеді және іске асырылады.
6-параграф. Кредиттік бюродағы ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалар жөніндегі ақпараттың мониторингі мен өңдеу тәртібіне қойылатын талаптар
71. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметтің мониторингі барысында алынған ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпарат шоғырландырылуы және жүйеге келтірілуге тиіс.
72. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етеді.
73. Егер кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларының жеке көздерінің мониторингі жұмыстан тыс уақытта қажет деп белгілесе, тәулік бойы мониторинг қызметі құрылады.
74. Кредиттік бюро орын алған ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы кредиттік бюроның басшы қызметкерлері мен бөлімшелерін ақпараттандыру тәртібін айқындайды.
75. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларды, оның себебі мен салдарын жоюға кезек күттірмейтін шаралар қабылдау тәртібін айқындайды.
76. Кредиттік бюрода қағаз тасымалдағышта не электрондық түрде ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары, қабылданған шаралар және ұсынылатын түзету шаралары туралы ақпаратты көрсетумен ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын есепке алу журналы жүргізіледі.
77. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын өңдеу нәтижелері бойынша ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларының орын алу себебін, оның тетіктері мен салдарының жан-жақты талдауы жүргізіледі. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаға тартылған бағдарламалық-техникалық құралдардан техникалық деректер жинау кезінде жиналған деректердің сақталуы мен өзгерту енгізбеуді қамтамасыз етіледі.
78. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасы туралы ақпарат, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасының қайталануының ықтималдығы мен залалдың мүмкіндігін төмендету мақсатында түзеу шараларын қабылдау бойынша ұсыныстар.
79. Орын алу ықтималдығы жоғары және қысқа мерзімде төмендету мүмкін емес ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары үшін кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздіктің мұндай оқыс оқиғаларын өңдеу алгоритмін, ақпараттық қауіпсіздіктің мұндай оқыс оқиғаларды мен олардың салдарын оқшаулау, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын өңдеу әдістемелері бойынша кезек күттірмейтін бірыңғай шараларды сипаттайтын ішкі құжат әзірлейді.
7-параграф. Кредиттік бюролардың ақпараттық қауіпсіздігінің жай-күйі, оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты ұсынуға қойылатын талаптар
80. Кредиттік бюро жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей уәкілетті органға ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің жай-күйі және оның Талаптарға сәйкестігі туралы ақпарат ұсынады.
81. Ақпараттық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпаратта:
1) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздігін басқару жүйесінің қолданылу аясы және олардың функционалының Талаптарға сәйкестігі көрсетіле отырып оның қатысушылары;
2) ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін құру және оның жұмыс істеуін регламенттейтін құжаттардың болуы;
3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдардың болуы және сандық құрамы;
4) байланыс операторларымен жасалған қызмет көрсету туралы шарттардағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар мен міндеттемелер;
5) деректерді өңдеудің резервтік орталықтарының болуы, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және дайындығы;
6) кредиттік бюроның ақпараттық қауіпсіздігін және ақпараттық активтерін басқару жүйесін Талаптарға сәйкес келтіру бойынша жүргізілген іс-шаралар туралы мәліметтер қамтылады.
82. Ақпараттық қауіпсіздіктің жай-күйі, ақпараттық қауіпсіздіктің оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпарат уәкілетті органға оқиғалар мен оқыс оқиғалар туралы ақпаратты өңдеуге арналған ақпараттық қауіпсіздік және ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен немесе кредиттік бюро жүйелерімен біріктірілген, ұсынылатын деректердің конфиденциалдылығы мен түзету енгізбеуді қамтамасыз ететін криптографиялық қорғаныс құралдарымен ақпаратты кепілді жеткізудің транспорттық жүйесін қолданумен, цифрлық инфрақұрылымдағы немесе электрондық форматтағы оқиғалар туралы ақпаратты нақты уақытта жинауды және талдауды жүзеге асыратын ақпаратты өңдеудің автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ААӨЖ) арқылы ұсынылады.
Мемлекет қатысатын кредиттік бюро үшін ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ААӨЖ-мен ықпалдастырылған ақпараттандыру объектілері арқылы беруге жол беріледі.
83. Кредиттік бюро уәкілетті органға мынадай анықталған ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы ақпарат береді:
1) қолданбалы және жүйелік бағдарламалық қамтылымдағы осалдықтарды пайдалану;
2) цифрлық жүйеге рұқсатсыз кіру;
3) цифрлық жүйеге немесе деректерді беру желісіне "қызмет көрсетуден бас тарту" шабуылы;
4) серверге зиянды бағдарлама немесе код енгізу;
5) ақпараттық қауіпсіздікті бақылауды бұзу салдарынан ақшалай қаражатты рұқсатсыз аударуды жүзеге асыру;
6) цифрлық жүйелердің бір сағаттан артық тоқтап қалуына әкеп соққан ақпараттық қауіпсіздіктің өзге де оқыс оқиғалары.
Осы тармақта көрсетілген ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпарат кредиттік бюроға оқыс оқиға анықталған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде ұсынылатын деректердің конфиденциалдылығын және түзету енгізбеуді қамтамасыз ететін криптографиялық қорғаныс құралдарымен ақпаратты кепілді жеткізудің транспорттық жүйесін қолданумен, ААӨЖ арқылы немесе электрондық форматта беріледі.
Мемлекет қатысатын кредиттік бюро үшін ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ААӨЖ-мен ықпалдастырылған ақпараттандыру объектілері арқылы беруге жол беріледі.
84. Ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы ақпарат ААӨЖ-дағы кредиттік бюроның цифрлық инфрақұрылымындағы оқиғалар туралы ақпаратты нақты уақытта жинауды және талдауды жүзеге асыратын ақпараттық қауіпсіздік жүйелерінен немесе кредиттік бюро жүйелерінен беру арқылы автоматтандырылған режимде беріледі.
Мемлекет қатысатын кредиттік бюро үшін ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ААӨЖ-мен ықпалдастырылған ақпараттандыру объектілері арқылы беруге жол беріледі.
8-параграф. Кредиттік бюролардың қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
85. Кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымына мыналар кіреді:
1) веб-қосымшалар серверлерінің бағдарламалық қамтылымы (бұдан әрі – веб-қосымша);
2) мобильдік құрылғыларға арналған бағдарламалық қамтылым (бұдан әрі – мобильдік қосымша);
3) бағдарламалық интерфейстер серверлерінің бағдарламалық қамтылымы (бұдан әрі – серверлік БҚ).
86. Қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымды әзірлеуді және (немесе) пысықтауды кредиттік бюроның бағдарламалық қамтылымын әзірлеу және (немесе) пысықтау тәртібін, әзірлеу кезеңдерін және олардың қатысушыларын регламенттейтін ішкі құжаттарына сәйкес кредиттік бюро жүзеге асырады.
87. Егер кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымын әзірлеу және (немесе) пысықтау тысқары ұйымға және (немесе) үшінші тұлғаға берілген жағдайда, кредиттік бюро тысқары ұйымның және (немесе) үшінші тұлғаның осы тараудың және ішкі құжаттардың талаптарын орындауын қамтамасыз етеді, қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылым қауіпсіздігінің жай-күйіне жауап береді.
88. Кредиттік бюрода әзірленетін қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымның бастапқы кодтарын сақтау резервтік көшіруді қамтамасыз ете отырып, кредиттік бюроның қорғау аясында орналастырылатын код репозиторийлерін басқарудың мамандандырылған жүйелерінде жүзеге асырылады.
89. Қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымды әзірлеу және (немесе) пысықтаудың кредиттік бюрода қабылданған тәсіліне қарамастан, қауіпсіздікті тестілеу міндетті болып табылады, оның барысында кем дегенде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
1) бастапқы кодты статикалық талдау;
2) құрауыштарды және (немесе) тысқары кітапханаларды талдау.
90. Кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымының бастапқы кодын статикалық талдау тексерілетін бағдарламалық қамтылымда қолданылатын барлық бағдарламалау тілдерін талдауды қолдайтын бастапқы кодтарды статикалық талдау сканерін қолдана отырып жүзеге асырылады, оның функциялары келесі осалдықтарды анықтауды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) зиянды кодты инъекциялауға мүмкіндік беретін тетіктердің болуы;
2) бағдарламалау тілдерінің осал операторлары мен функцияларын пайдалану;
3) әлсіз және осал криптографиялық алгоритмдерді пайдалану;
4) белгілі бір жағдайларда қызмет көрсетуден бас тартуды немесе кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымының жұмысын айтарлықтай баяулатуға алып келетін кодты пайдалану;
5) кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымын қорғау жүйелерін айналып өту тетіктерінің болуы;
6) кодта құпияларды ашық түрде пайдалану;
7) қосымшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлгілері мен практикаларын бұзу.
91. Кредиттік бюроның қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымының құрауыштарын және (немесе) тысқары кітапханаларын талдау құрауыштың және (немесе) тысқары кітапхананың пайдаланылатын нұсқасына тән белгілі осалдықтарды анықтау, сондай-ақ құрауыштар және (немесе) тысқары кітапханалар мен олардың нұсқалары арасындағы тәуелділіктерді қадағалау мақсатында жүргізіледі.
92. Кредиттік бюро атқарушы орган бекіткен ішкі құжатта айқындалған тәртіппен анықталған осалдықтарды жою жөніндегі түзету шараларының іске асырылуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте маңызды осалдықтар қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымды және (немесе) оның жаңа нұсқаларын пайдалануға бергенге дейін жойылады.
93. Кредиттік бюро ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бөлімшемен келісілгеннен кейін қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымды және (немесе) оның жаңа нұсқаларын пайдалануға енгізуді жүзеге асырады.
94. Кредиттік бюро соңғы 3 (үш) жыл ішінде пайдалануға берілген қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымның бастапқы кодтарының және қауіпсіздікті тестілеу нәтижелерінің барлық нұсқаларын сақтауды және жедел режимде оларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
95. Қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымның клиенттік және серверлік тараптары арасында деректер алмасу Transport Layer Security (Транспорт Лейер Секьюрити) шифрлау хаттамасының 1.2-ден төмен емес нұсқасын пайдалана отырып шифрланады.
96. Клиентті мобильді қосымшада бастапқы тіркеу кезінде кредиттік бюро Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы (бұдан әрі – СДАО) арқылы немесе кредиттік бюро құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректерді пайдалана отырып, Клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүзеге асырады.
97. Мобильдік қосымшаға кіру кодын (құпиясөзін) өзгерту СДАО растаған биометриялық деректерді пайдалана отырып, клиенттің биометриялық сәйкестендіруін қолдану немесе несиелік бюро құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
98. Қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымда клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау кредиттік бюроның ішкі құжаттарында белгіленген қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес екі факторлы аутентификациялау тәсілдерін (үш фактордың екеуін: білімін, иеленуін, ажырамастығын) пайдалана отырып жүзеге асырылады.
99. Қызметтерді қашықтан көрсететін бағдарламалық қамтылымды кроссдомендік аутентификациялау тетігі ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесімен келісіледі.
100. Веб-бағдарлама:
1) веб-қосымшаның кредиттік бюроға тиесілілігін сәйкестендіру (домендік атауы, логотиптері, корпоративтік түстері) бірегейлігін;
2) браузердің жадында авторизациялық деректерді сақтауға тыйым салуды;
3) енгізілген құпияларды жасыруды;
4) веб-қосымшаны пайдалану кезінде клиенттің авторизация парағында сақталуы туралы ұсыным берілетін кибергигиенаны қамтамасыз ету шаралары туралы хабарлауды;
5) клиент интерфейсінде конфиденциалды деректердің көрсетілуіне жол бермей, қате туралы ең аз жеткілікті ақпарат бере отырып, қателер мен ерекше жағдайларды қауіпсіз тәсілмен өңдеуді қамтамасыз етеді.
101. Мобильдік қосымша:
1) мобильдік қосымшаның кредиттік бюроға тиесілілігін сәйкестендірудің (ресми қосымшалар дүкеніндегі деректер, логотиптер, корпоративтік түстер) бірегейлігін;
2) операциялық жүйенің тұтастығын бұзу және (немесе) қорғау тетіктерін айналып өту, қашықтан басқару процестерін анықтау белгілері анықталған жағдайда кредиттік бюроның қашықтан қызмет көрсету жөніндегі функционалын бұғаттауды;
3) клиентке мобильдік қосымша жаңартуларының бар екендігі туралы хабарлауды;
4) аса маңызды осалдықтарды жою қажет болған жағдайларда мобильдік қосымшаның жаңартуларын мәжбүрлеп орнату немесе оларды орнатқанға дейін мобильдік қосымшаның функционалын бұғаттау мүмкіндігін;
5) конфиденциалды деректерді мобильдік қосымшаның қорғалған контейнерінде немесе жүйелік есептік деректер қоймасында сақтауды;
6) конфиденциалды деректерді кэштеуді болдырмауды;
7) мобильдік қосымшаның резервтік көшірмелерінен конфиденциалды деректерді ашық түрде алып тастауды;
8) клиентті мобильдік қосымшаны пайдалану кезінде сақтау туралы ұсыным берілетін кибергигиенаны қамтамасыз ету әдістері туралы хабардар етуді;
9) клиентті оның есептік жазбасындағы авторизация оқиғалары, құпиясөзді өзгерту және (немесе) қалпына келтіру, кредиттік бюро тіркеген ұялы телефон нөмірін өзгерту туралы хабардар етуді;
10) ақшалай қаражатпен операцияларды жүзеге асыру барысында клиенттің рұқсаты болған жағдайда мобильдік құрылғының геолокациялық деректерін кредиттік бюроның серверлік БҚ-на беру не мұндай рұқсаттың жоқ екендігі туралы ақпаратты беруді қамтамасыз етеді.
102. Кредиттік бюро өз тарапынан:
1) жауапта конфиденциалды деректердің жария етілуіне жол бермей, проблеманың диагностикасы үшін ең аз жеткілікті ақпарат бере отырып, қателер мен ерекшеліктерді қауіпсіз тәсілмен өңдеуді;
2) мобильдік қосымшаларды және олармен байланысты құрылғыларды сәйкестендіруді және аутентификациялауды;
3) жасанды сұратулар мен зиянды код инъекциялары шабуылдарының алдын алу үшін деректердің жарамдылығын тексеруді қамтамасыз етеді.
4 тарау. Ақпаратты берушілерді ұйымдастырудағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
103. Ақпаратты беруші кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне берілетін ақпараттың тұтастығы мен конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.
104. Ақпаратты беруші ақпаратты ұсыну туралы шарттың талаптарына сәйкес ақпараттық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етеді.
105. Ақпаратты беруші ұйымдастырушылық-техникалық, технологиялық талаптардың және кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен өзара әрекет ету үшін пайдаланылатын жүйелік және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеп тұруы және оны қорғау үшін қажетті шараларды орындауды қамтамасыз етеді.
106. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу үшін жабдықты пайдалану кезінде оны рұқсатсыз қолжетімділіктен қорғау, сондай-ақ ақпарат тасымалдағыштарды және жүйелік ресурстарды қорғау қажеттілігі ескеріледі.
107. Ақпаратты беруші операторды (операторларды) тағайындайды.
108. Ақпаратты беруші оператордың (операторлардың) қол қойылған қызметтік міндеттерін атқару процесінде оларға мәлім болған ақпаратты жария етпеу және таратпау туралы міндеттемелерінің болуын қамтамасыз етеді.
109. Ақпаратты беруші операторды (операторларды) тағайындау тәртібін, оның (олардың) құқықтары мен жауапкершілігін айқындайтын ішкі құжаттардың (лауазымдық нұсқаулықтарды қоса алғанда) болуын қамтамасыз етеді.
110. Ақпаратты берушінің қызметкерлеріне функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде ақпаратқа қолжетімділік ұсынылады.
111. Оператордың кредиттік бюроның цифрлық жүйесінде сәйкестендірілетін есептік жазбасы нақты адамға тиесілі.
112. Ақпаратты беруші уәкілетті органның сұратуы бойынша ақпаратты ұсыну туралы шартта көзделген талаптарға оның сәйкес келуін растайтын мәліметтерді ұсынады.
113. Жұмыс станциясының операциялық жүйесі пайдаланушы сәйкестендіру және аутентификациялау, сондай-ақ белгіленген құқықтарға сәйкес пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарын ажыратуды және авторизациялауды қамтамасыз етеді.
114. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне қосылу үшін жұмыс станциясын пайдаланған кезде Интернет желісінің басқа ресурстарына бірмезгілде қосылуға болмайды.
115. Ақпарат берушінің қызметкерлері цифрлық жүйелерге қолжетімділік үшін пайдаланылатын жеке сәйкестендіру және аутентификациялау деректерінің конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.
116. Ақпарат берушінің қызметкерлері кредиттік бюроның цифрлық жүйесін пайдалану процесінде оларға мәлім болған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.
5-тарау. Кредиттік есепті алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
117. Кредиттік есепті алушы кредиттік бюроның цифрлық жүйесінен алынатын ақпараттың тұтастығы мен конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.
118. Кредиттік есепті алушы кредиттік есептерді алу туралы шарттың талаптарына сәйкес ақпараттық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етеді.
119. Кредиттік есепті алушы ұйымдастырушылық-техникалық, технологиялық талаптарды және кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен өзара әрекет ету және одан алынатын ақпаратты өңдеу үшін пайдаланылатын жүйелік және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеп тұруы және оны қорғау үшін қажетті шараларды орындауды қамтамасыз етеді.
120. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу үшін жабдықты пайдалану кезінде оны рұқсатсыз қолжетімділіктен қорғау, сондай-ақ кредиттік бюроның цифрлық жүйесімен жұмыс істеу үшін пайдаланылатын ақпарат тасымалдағыштары мен жүйелік ресурстарды қорғау қажеттілігі ескеріледі.
121. Кредиттік есептерді алушы жауапты тұлғалардың тізбесін айқындайды және бекітеді.
122. Кредиттік есепті алушы ұйымның жауапты тұлғасының (тұлғаларының) қол қойған қызметтік міндеттерін атқару процесінде оларға мәлім болған ақпаратты жария етпеу және таратпау туралы міндеттемелерінің болуын қамтамасыз етеді.
123. Кредиттік есепті алушы жауапты тұлғалардың тізбесін айқындау және бекіту тәртібін, олардың құқықтары мен жауапкершілігін (лауазымдық нұсқаулықтарын қоса алғанда) айқындайтын және бекітетін ішкі құжаттардың болуын қамтамасыз етеді.
124. Қызметкерлерге функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде ақпаратқа қолжетімділік ұсынылады.
125. Жауапты тұлғаның кредиттік бюроның цифрлық жүйесінде сәйкестендірілетін есептік жазбасы нақты адамға сәйкес келуі тиіс.
126. Кредиттік есепті алушы жұмыс станцияларының кредиттік есепті алушының ақпараттық қауіпсіздікті регламенттейтін Талаптарына және ішкі құжаттарына сәйкес келуіне жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
127. Кредиттік есепті алушы уәкілетті органның сұратуы бойынша кредиттік есептерді алу туралы шартта көзделген талаптарға оның сәйкес келуін растайтын мәліметтерді ұсынады
128. Жұмыс станциясының операциялық жүйесі пайдаланушыны сәйкестендіру және аутентификациялау, сондай-ақ пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарын ажырату және белгіленген құқықтарға сәйкес авторизациялау функцияларын қамтамасыз етеді.
129. Кредиттік есептерді алушы өзінің жұмыс станциясын пайдаланады.
130. Кредиттік бюроның цифрлық жүйесіне қосылу үшін жұмыс станциясын пайдаланған кезде Интернет желісінің басқа ресурстарына бірмезгілде қосылуға болмайды.
131. Кредиттік есептерді алушының қызметкерлері цифрлық жүйелерге кіру үшін пайдаланылатын дербес сәйкестендіру және аутентификациялау деректерінің конфиденциалдығын қамтамасыз етеді.
132. Кредиттік есептерді алушының жұмыскерлері оларға кредиттік бюроның цифрлық жүйесін пайдалану барысында белгілі болған ақпараттың конфиденциалдығын қамтамасыз етеді.
Кредиттік бюролардың ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қоятын талаптары
1. Осы кредиттік бюролардың ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қойылатын Талаптары (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6) тармақшасына (бұдан әрі – Кредиттік бюро туралы заң) сәйкес әзірленді және тауарларды және көрсетілетін қызметтерді кредитке өткізетін не төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынатын жүйеленген белгілері "Жеке кәсіпкерлердің немесе заңды тұлғалардың жүйеленген белгілерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 қаңтардағы № 25 қаулысымен (бұдан әрі - № 25 қаулы) айқындалатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді кредитке өткізетін не төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынатын, коммуналдық қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілерінің, өзге де тұлғалардың ақпарат беру туралы шарттар негізінде (бұдан әрі - ақпарат берушілер), сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді кредитке өткізетін не жүйеленген белгілері № 25 қаулыда айқындалатын тауарларды және көрсетiлетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын жеке кәсiпкерлерлер немесе заңды тұлға, ақпарат беру туралы шарт негізінде өзге де тұлғалар, облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарт жасалған облигациялар эмитентінің кредиттік есебіне қатысты облигациялар ұстаушылардың өкілі болып табылатын кредиттік есептерді алушылардың (бұдан әрі – кредиттік есептерді алушылар) қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кредиттік бюролар қоятын талаптарды айқындайды.
2. Кредиттік бюролар ақпарат берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қойылатын талаптар ақпарат беру туралы шартқа және кредиттік есептер алу туралы шартқа енгізіледі.
3. Кредиттік бюролар ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға қоятын талаптар осы қаулымен бекітілген Кредиттік бюролардың, банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер болып табылатын ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарының талаптарына сәйкес келеді.
4. Кредиттік бюролар ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қоятын талаптар осы қаулымен бекітілген Кредиттік бюролардың, банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер болып табылатын ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде цифрлық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын Талаптардың 4 және 5-тарауларының талаптарына сәйкес келеді.
