"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банктің пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің банктің акцияларын олардың тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесін азайту шарттары бекітілсін.
2. "Қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) оны қалпына келтіру үшін мемлекет бюджетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банктің жай және (немесе) артықшылықты акциялар және (немесе) мерзімсіз қаржы құралдары бойынша пайданы бөлу, дивидендтер есептеу, сондай-ақ меншікті акцияларды кері сатып алуды жүргізу талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 27 сәуірдегі № 21 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №32430 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2026 жылғы 20 наурыздағы № 18 қаулысымен бекітілді |
Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банктің пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің банктің акцияларын олардың тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесін азайту шарттары
1. Осы Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банктің пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің банктің акцияларын олардың тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесін азайту шарттары (бұдан әрі – Шарттар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес пайданы айқындау күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілігінде мемлекет қаражаты бар банкке қолданылады.
2. Шарттардың мақсаттары үшін банктің қаржылық есептілігіндегі мемлекет қаражаты (бұдан әрі – мемлекет қаражаты) деп банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы қаражатын пайдалана отырып орналастырылған, сатып алынған немесе банкке берілген және олар бойынша бастапқы танудан кіріс бар банктің салымдар, облигациялар, қарыздар бойынша міндеттемелері (бұдан әрі – борыш құралдары) және (немесе) борыш құралы пайыздық мөлшерлемесінің, сомасының, түрінің және (немесе) мерзімінің өзгеруін қоса алғанда, міндеттемелер шарттарының өзгеруі түсініледі.
Мемлекет қаражатына банктің экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерін және (немесе) ипотекалық кредиттеуді қолдау және (немесе) ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру мақсатында мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы қаражатын пайдалана отырып орналастырылған, сатып алынған немесе банкке берілген борыш құралдары бойынша міндеттемелері енгізілмейді.
3. Мемлекет қаражатын пайдаланудан түсетін мынадай кірістерді банктің жай және (немесе) артықшылықты акциялары бойынша дивидендтерге бөлуге болмайды, сондай-ақ өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу үшін пайдаланылмайды:
1) мемлекет қаражаты бойынша танылған амортизацияланбаған дисконт;
2) мемлекет қаражатының есебінен резервтер (провизиялар) қалыптастырылған банк активтерінің тізбесіне енгізілген қарыздар, шартты міндеттемелер, қаржы лизингі шарттары және дебиторлық берешек бойынша құрылған, олар бойынша үстеме қалыптастырылған резервтерді (провизияларды) есептемегенде шарттар бойынша таратылған резервтердің (провизиялардың) сомасы;
3) әділ құны бойынша бағаланатын, бұрын құнсызданған активтерді, оның ішінде бастапқы тану сәтінде құнсыздану туралы растау болған, мемлекет қаражатының есебінен теріс қайта бағалау жүзеге асырылған банк активтерінің тізбесіне енгізілген сатып алынған немесе құрылған қаржы активтерін, олар бойынша теріс қайта бағалауды есепке алмағанда, әрбір актив бойынша оң қайта бағалау сомасы;
4) қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) қалпына келтіру үшін мемлекет қаражаты пайдаланылатын (пайдаланылған) басқа банктің акцияларын сатып алуға және (немесе) олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылу нысанында қайта ұйымдастырылуына байланысты туындаған, банктің қаржылық есептілігінде көрсетілген оң әсер сомасы.
4. Мынадай шарттар сақталған жағдайда, банк пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы және (немесе) банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізуі туралы шешім қабылдайды:
1) жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу, сондай-ақ өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу үшін банк пайда мөлшерін есептеген жылдың басындағы жағдай бойынша банк есептейтін меншікті капиталдың оң қалдығының болуы.
Шарттардың мақсаттары үшін меншікті капиталдың оң қалдығы деп амортизацияланбаған дисконт шегерілгеннен кейін банктің қаржылық есептілігіне сәйкес банктің меншікті капиталының оң мәні түсініледі.
Дисконт – банктің мемлекет қаражатын алудан түскен табысты тану нәтижесінде туындаған, кейінге қалдырылған корпоративтік табыс салығы бойынша міндеттемелерін шегергендегі, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қаржылық міндеттемені бастапқы тану және (немесе) өзгерту сәтінде банк қаржылық есептілікте мойындаған мемлекет қаражатының номиналды және әділ құны арасындағы айырма;
2) мемлекет қаражатын банктің меншікті капиталындағы дисконттың үлесіне тепе-тең мөлшерде, бірақ жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша төленетін дивидендтер сомасының немесе банктің меншікті акцияларын кері сатып алу сомасының 100 (жүз) пайызынан аз емес мөлшерде мерзімінен бұрын қайтаруды:
мемлекет қаражатын беру шарттары оны мерзімінен бұрын қайтару мүмкіндігін көздеген жағдайларда, банктің уәкілетті органы жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша пайданы бөлу, дивидендтерді есепке жазу және (немесе) банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей;
мемлекет қаражатын беру шарттары оны мерзімінен бұрын қайтаруды көздемеген жағдайларда, банктің уәкілетті органы жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша пайданы бөлу, дивидендтерді есепке жазу және (немесе) банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап 1 (бір) ай ішінде борыш құралын ұстаушының және (немесе) кредитордың банктің борыш құралын ұстаушыға және (немесе) кредиторға бағытталған мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару туралы ұсынысына келісімін алған күннен бастап 1 (бір) ай ішінде осы тармақшада көзделген мөлшерде қамтамасыз ету;
3) жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша пайданы бөлуді, дивидендтерді есепке жазуды және (немесе) өз акцияларын кері сатып алуды банк Шарттардың 3-тармағында көрсетілген мемлекет қаражатын пайдаланудан түскен кірістерді шегере отырып (бұдан әрі – шегерімдер) жүзеге асырады.
Банк пайданы бөлу туралы шешім қабылдайтын кезеңдегі таза пайдаға қатысты шегерімдерді банк ұқсас кезең үшін қолданады. Осы бөліктің мақсаттары үшін пайданы бөлу кезеңі 2023 жылдан бастап 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейінгі күнтізбелік жыл болып табылады.
Шарттардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген, банктің жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы шешім қабылдаған күннің алдындағы кезең аяқталған күні қалыптасқан мөлшерде қолданылатын шегерімді қоспағанда, өткен жылдардың бөлінбеген пайдасына қатысты шегерімдерді банк мемлекет қаражаты берілген сәттен бастап мемлекет қаражаты берілген сәттен бастап банк жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы шешім қабылдаған күннің алдындағы кезең аяқталғанға дейінгі кезеңге қолданады.
Шарттардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген, банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу туралы шешім қабылдаған күні қалыптасқан мөлшерде қолданылатын шегерімді қоспағанда, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу кезінде шегерімдер банк мемлекет қаражаты берілген сәттен бастап банк өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу туралы шешім қабылдаған күнге дейінгі кезең үшін қолданады.
Банктің Шарттардың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мемлекет қаражатын пайдаланудан түсетін кірістерді айқындауы мүмкін болмаған кезде:
пайда банк жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы шешім қабылдаған күннің алдындағы кезең аяқталған күні қалыптасқан мемлекет қаражаты бойынша амортизацияланбаған дисконт мөлшеріне азаяды;
кері сатып алу үшін қолжетімді сома банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу туралы банк шешім қабылдаған күні қалыптасқан мемлекет қаражаты бойынша амортизацияланбаған дисконт мөлшеріне азаяды;
4) Шарттарға сәйкес банктің пайда мөлшерін және (немесе) өз акцияларын кері сатып алу сомасын айқындау жөніндегі банк есеп айырысуларының сәйкестігін растайтын, сондай-ақ Шарттардың 5-тармағында көзделген ақпаратты қамтитын, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10875 болып тіркелген "Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 231 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес келетін тәуелсіз аудиторлық ұйымның жеке есебінің (бұдан әрі – Аудиторлық ұйымның есебі) болуы.
5. Аудиторлық ұйымның есебін дайындау үшін банк аудиторлық ұйымға ұсынатын ақпарат мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) банк туралы мәліметтер;
2) ақпаратты дайындау қағидаттары мен мақсаттарының, сондай-ақ пайданы есептеу әдіснамасының сипаттамасы;
3) Шарттардың 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес банк есептеген меншікті капиталдың оң қалдығы туралы мәліметтер;
4) банктің жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазуды және (немесе) өз акцияларын кері сатып алуды жүргізуі үшін қолжетімді, Шарттардың 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес түзетілген банк пайдасының мөлшері туралы мәліметтер;
5) пайда бөлінетін кезеңдегі және (немесе) пайданы бөлу және (немесе) банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізуі туралы банк шешім қабылданған күннің алдындағы кезең аяқталған күнгі жағдай бойынша мемлекет қаражатының мөлшері және мемлекет қаражаты бойынша банк таныған амортизацияланбаған дисконттың сомасы туралы мәліметтер;
6) мемлекет қаражаты берілген сәттен бастап банк жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы шешім қабылдаған және (немесе) банк өз акцияларын кері сатып алу жүргізген күнге дейінгі кезең үшін мемлекет қаражатының есебінен резервтер (провизиялар) қалыптастырылған банк активтерінің тізбесіне енгізілген қарыздар, шартты міндеттемелер, қаржы лизингі шарттары және дебиторлық берешек бойынша құрылған провизияларды (резервтерді) банктің таратуы туралы мәліметтер;
7) мемлекет қаражаты берілген сәттен бастап банк жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазу туралы шешім қабылдаған және (немесе) банк өз акцияларын кері сатып алу жүргізген күнге дейінгі кезеңдегі банктің әділ құны бойынша бағаланатын бұрын құнсызданған, оның ішінде бастапқы тану сәтінде құнсыздану туралы растау болған сатып алынған немесе құрылған, мемлекет қаражаты есебінен теріс қайта бағалау жүзеге асырылған банк активтерінің тізбесіне енгізілген активтерді қайта бағалау бойынша мәліметтер;
8) қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету және (немесе) сауықтыру үшін мемлекет қаражаты пайдаланылатын (пайдаланылған) басқа банктің акцияларын сатып алуға және (немесе) олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылу нысанында қайта ұйымдастырылуына байланысты туындаған, пайда бөлінетін кезеңде қаржылық есептілікте көрсетілген әсер туралы мәліметтер;
9) жай және (немесе) артықшылықты бойынша дивидендтерді есепке жазуға жұмсалатын банк пайдасының мөлшері туралы, сондай-ақ өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу сомасы туралы мәліметтер;
10) мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару мөлшері туралы мәліметтер.
Аудиторлық ұйымның есебінде оған қол қойылған күн, аудиторлық ұйым басшысының және (немесе) аудиторлық ұйым Аудиторлық ұйымның есебіне қол қоюға уәкілеттік берген өзге адамның қолы және аудиторлық ұйымның нақты орналасқан жері де қамтылады.
Банктің аудиторлық ұйыммен жасалған шартының талаптарында банкті аудиторлық ұйымға берген ақпараттың дәйектігі мен толықтығы және есептеулердің дұрыстығы үшін жауапкершіліктен босататын ережелердің болуына жол берілмейді.
6. Жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша пайданы бөлу, дивидендтерді есепке жазу туралы және (немесе) банктің өз акцияларын кері сатып алуды жүргізуі туралы шешімді банк Шарттарға сәйкес дербес қабылдайды.
7. Банктің немесе банк холдингінің ірі қатысушысы өзінің банктегі акцияларын тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету үлесін төмендегі шарттардың бірі орындалған жағдайда азайтады:
1) банктің мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын толық өтеуді қамтамасыз ету;
2) банктің не банк холдингінің ірі қатысушысының белгілерін сатып алушы тұлғадан мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару үшін пайдаланылатын қаражаттың мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, банктің мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, банктің мемлекет қаражатын қайтару жөніндегі міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындағаны туралы жазбаша растауды алу.
8. Банктің ірі қатысушысы және (немесе) банк холдингінің мәртебесін алу үшін банктің ірі қатысушысынан және (немесе) банк холдингінің Шарттардың 7-тармағында көрсетілген банктің акцияларын тікелей және (немесе) жанама иеленудің және (немесе) пайдаланудың және (немесе) оларға билік етудің үлесін сатып алғысы келетін тұлға "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-5-бабында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерге қосымша банктің мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару туралы жазбаша растауды мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару үшін пайдаланылатын қаражаттың мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару бойынша іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып ұсынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтару мерзімдері банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекет қаражатын қайтарудың қолданыстағы мерзімдерін қысқартуды көздейді.
9. Шарттардың 7 және 8-тармақтарының талаптары банктің акцияларын тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесі азайған жағдайда, мұндай азайту тұлғаның банктің капиталына қатысуын тоқтатуға бағытталмаған және оның банктің не банк холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін жоғалтуына әкеп соқпайтын жағдайда қолданылмайды.
