Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 17 маусымда № 36282 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № 646 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35143 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қағидаларында:

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Осы Қағидалардың 19-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер (екінші орын алған және бір көзден жасалатын тәсілмен жасалатын шарттар бойынша әлеуетті өнім берушілерді қоспағанда) бойынша қалыптастырылады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты (егер шартта аванс көзделген жағдайда) және (немесе) Заңның 13-бабына сәйкес соманы қамтамасыз етуді енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша веб-портал арқылы өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешім қабылдайды және веб-портал арқылы уәкілетті органға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осындай өнім беруші туралы мәліметтерді электрондық түрде ұсынады.".

      2. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35238 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында:

      55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. Әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығы түріндегі біліктілік талабы Заңның 27-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілерге, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілерден Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2023 жылғы 30 маусымдағы № 284 "Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышы" бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32984 болып тіркелген) мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші көмекпен мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде, сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген әлеуетті өнім берушілерге олардан Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімінен тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 58-1-тармақпен толықтырылсын:

      "58-1. Салық кодексінің 293-бабы 1-тармағының 6)-тармақшасында көрсетілген және тауарларды мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім беруші, егер ол осы Қағидалардың 57-тармағының 1)-тармақшасында көзделген шартқа сәйкес келсе, қаржылық орнықты деп танылады.";

      мынадай мазмұндағы 60-1-тармақпен толықтырылсын:

      "60-1. Салық кодексінің 293-бабы 1-тармағының 6)-тармақшасында көрсетілген және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім беруші, егер ол жиынтығында осы Қағидалардың 57-тармағының 1) және 4)-тармақшаларында көзделген шарттарға сәйкес келсе, қаржылық орнықты деп танылады.";

      550 және 551-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "550. Тапсырыс беруші шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, электрондық банк кепілдігі түрінде енгізілген демпингке қарсы соманы (бар болса) өнім беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, сондай-ақ өнім беруші шарттың қолданылу кезеңінде шарттың орындалуын қамтамасыз ету тәсілін ауыстыруды ұсынған жағдайда қайтарады.

      Бұл ретте, тауарды лизингке беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауарды толық көлемде жеткізген жағдайда, көрсетілген қызметтердің бекітілген актісі негізінде электрондық банк кепілдігі түрінде енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, демпингке қарсы соманы (бар болса) қайтаруға жол беріледі.

      551. Бірыңғай оператор өнім беруші шарт бойынша міндеттемелерді толық және тиісінше орындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өнім берушінің электрондық әмиянына өзі бұғаттаған шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, демпингке қарсы соманы (бар болса) автоматты түрде ашады және қайтаруды жүзеге асырады.

      Тауарларды лизингке беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде біріңғай оператор өнім берушінің өзі бұғаттаған шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, демпингке қарсы соманы (бар болса) толық көлемде тауарды лизингке беру жөніндегі көрсетілген қызметтер актісі бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық әмиянына қайтаруды жүзеге асырады.".

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады