"Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 92-ө өкіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2025 жылғы 21 қазандағы № 168-ө Өкімі

      1. "Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 92-ө өкіміне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылсын.

      2. Ұлттық орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Экономикалық бөлімі құрылымының негізінде жүзеге асырады.";

      көрсетілген өкім осы өкімге 1-қосымшаға сәйкес Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың құрамымен толықтырылсын.

      көрсетілген өкіммен бекітілген Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық туралы ереже осы өкімге 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жүктелсін.

      Премьер-Министр О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2025 жылғы 21 қазандағы
№ 168-ө өкіміне
1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2025 жылғы "28" маусымдағы
№ 92-ө өкіміне
қосымша

Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі – Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Экономикалық бөлімінің меңгерушісі – Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары;

      "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры;

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2025 жылғы 21 қазандағы
№ 168-ө өкіміне
2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2025 жылғы "28" маусымдағы
№ 92-ө өкімімен
бекітілген

Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталық туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың (бұдан әрі – ИҚҰО) міндеттерін, функционалдық қызметін және ұйымдық құрылымын айқындайды.

      2. ИҚҰО инвестициялық қызметтің ұйымдық құрылымын жақсарту мақсатында құрылады.

      3. ИҚҰО өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. ИҚҰО Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты құрылымдық бөлімшесінің негізінде матрицалық құрылым форматында құрылады, оған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың, оның ішінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзге де құрылымдық бөлімшелері, Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің хатшылығы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті, Президенттік жобалық офис (Delivery unit – стратегиялық және инвестициялық жобалар блогы), "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы", "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі", "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамдары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың өңірлік үйлестіру кеңестері тартылады.

      5. Инвестициялар тарту жүйесінің мынадай құрылымы бар:

      1) ИҚҰО – орталық және жергілікті атқарушы органдардың инвестициялар тарту жөніндегі қызметін жалпы ведомствоаралық үйлестіру;

      2) Ұлттық экономика министрлігі – инвестициялар тарту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;

      3) Сыртқы істер министрлігі – шетелдегі елшіліктер арқылы инвестициялар тарту;

      4) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының инвестициялар тарту жөніндегі арнайы командасы – қоса қаржыландыру міндеттерін шешу;

      5) инвестициялық жобаларды іске асыруға жауапты салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар.

      6. ИҚҰО шешімдері заңнама шеңберінде барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі", "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамдарының орындауы үшін міндетті болып табылады.

2-тарау. Инвестициялық қызмет жөніндегі ұлттық орталықтың міндеттері мен функциялары

      7. ИҚҰО-ның міндеттері:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі", "Самұрық-Қазына" ұлттық
әл-ауқат қоры", "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамдарының инвестициялық жобаларды тарту және іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру;

      2) бәсекеге қабілетті инвестициялық климат жасау үшін реттеушілік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі басшылығының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуын сүйемелдеу және мониторингтеу;

      4) мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және мониторингтеу кезіндегі салааралық үйлестіру;

      5) инвесторларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдау.

      8. ИҚҰО-ның функциялары:

      1) ИҚҰО-ның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің шешімін талап ететін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу;

      3) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің бизнес өкілдерімен және сарапшылар қауымдастықтарымен өзара іс-қимылын басқару;

      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшелерін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарды тарта отырып, жоспарлы және жедел кеңестер өткізу;

      5) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне ИҚҰО-ның міндеттері мен функциялары, сондай-ақ оның қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу.

      9. Мыналарды:

      1) ИҚҰО қызметінің басым бағыттарын айқындауды;

      2) ИҚҰО-ның жұмыс барысы туралы ИҚҰО басшысының есебін тыңдауды;

      3) ИҚҰО-ға оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмалар беруді қоса алғанда, ИҚҰО қызметіне жалпы басшылықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады.

      10. ИҚҰО басшысы:

      1) ИҚҰО жұмысын ұйымдастырады;

      2) ИҚҰО жұмысына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдерін тартады;

      3) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдерін ИҚҰО отырыстарына шақырады.

      4) ИҚҰО-ға жіберілген қызметкерлердің міндеттері мен функционалдық қызметтерін айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларына қызметкерлерді ауыстыру туралы ұсыныстар енгізеді;

      5) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар басшыларының атына олардың орынбасарларын көтермелеу немесе жазалау туралы ұсыныстар енгізеді;

      6) ИҚҰО отырыстарын айына бір реттен сиретпей өткізеді;

      7) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін ИҚҰО жұмысының нәтижелері туралы тоқсанына бір реттен сиретпей хабардар етеді;

      8) ИҚҰО міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерінен құралған ИҚҰО-ның жұмыс топтарын қалыптастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады