Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 қазандағы № 910 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасында:
"Паспорт (негізгі параметрлер)" деген 1-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
"
Тұжырымдаманың атауы | Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) |
Әзірлеу үшін негіз | Қазақстан Республикасының Экология кодексі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 30 сәуірдегі № 24-41-8.81 тапсырмасы |
Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдар | Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі |
Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі; |
Іске асыру мерзімдері | 2024 – 2029 жылдар |
";
"Ағымдағы жағдайды талдау" деген 2-бөлімде:
1-кестенің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-кесте. "Экология, шикізатты, қалдықтарды қайта өңдеу тақырыптары Қазақстан Республикасы үшін қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?" деген сұраққа жауаптардың бөлінуі, %";
он бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Өңірлік талдау Қазақстан Республикасында экологиялық тұрғыдан ең белсенді өңірлер: Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстары екенін айғақтайды, себебі бұл өңірлерде респонденттер күнделікті өмірде экологиялық дағдыларды басқаларға қарағанда жиі қолданатынын көрсетті. Айталық, Қарағанды облысының тұрғындары көп мәрте пайдаланылатын ыдыстарды (84,1 %), көп мәрте пайдаланылатын пакеттерді (69,5 %) қолданады, ағаш отырғызу, сенбілік акцияларына (37,1 %) қатысады. Қостанай облысында респонденттерде қоқыс сұрыптау (49,6 %), энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану (80,9 %) және макулатура жинау (17,4 %) дағдылары қалыптасқан. Жетісу облысында энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану (82,1 %) және жарық пен суды үнемдеу (79,8 %) кеңінен тараған. Ақтөбе облысына қатысты тұрғындардың көбі өздері үйде болмаған кезде жылу құрылғыларының температурасын төмендететінін (83,8 %) атап өткен жөн, сонымен қатар мұнда жарық/суды үнемдеу көрсеткіші (92,8 %) жоғары.";
он жетінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасында халықтың экологиялық сана-сезімінің жетілмеуіне байланысты проблемалар бар екенін талдау көрсетіп отыр. Бұл өзінің күнделікті әрекетінің қоршаған ортаның жай-күйі үшін маңызды екенін көптеген адамдардың түсінбеуіне және анағұрлым экологиялы әдеттерге көшу сияқты мінез-құлық өзгерістеріне дайын болмауына әкеп соғады. Экологиялық сана-сезімнің төмен болу себептерінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық мәселелердің жеткілікті жария етілмеуі, бұл адамдардың экологиялық бастамалардың маңызы мен олардың планетаның болашағына әсері туралы толық түсінік алуына мүмкіндік бермейді.";
жиырмасыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – ЭТРМ) деректері бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында жылына 5 млн тоннаға жуық қалдық түзіледі. Дүниежүзілік Банктің бағалауы бойынша әлемде тәулігіне орта есеппен 0,74 кг тұрмыстық қатты қалдық (бұдан әрі – ТҚҚ) түзіледі. Қазақстан Республикасында жан басына шаққандағы қалдықтардың түзілу деңгейі орташа әлемдік деңгейден төмен және бағалау бойынша тәулігіне 0,62 кг немесе жылына 200 кг-нан асады (1-сурет).";
1-суреттің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы бойынша бір адамға шаққанда ТҚҚ, кг/тәул";
жиырма сегізінші абзацта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
отыз бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"British Petroleum компаниясының бағалауы бойынша Қазақстан Республикасында бастапқы энергияны тұтыну көрсеткіші ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады және жан басына шаққанда 150,1 ГДж-ға сәйкес келеді, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен екі есе көп (2021 жылғы деректер бойынша).";
отыз үшінші, отыз төртінші және отыз бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"2022 жылы Қазақстан Республикасында жалпы түпкілікті энергия тұтыну 43,4 мың м.б.т. құрады. Энергия тұтыну құрылымында мұнай өнімдері басым, одан кейін көмір, электр энергиясы, газ және жылу. Сонымен қатар 2019 жылдан бері газ тұтыну төмендегені байқалады, ал ЖЭК тұтыну көлемі өте аз күйінде қалуда (5-сурет).
Энергия тұтыну субъектілері бөлінісінде 2017 – 2022 жылдары негізгі тұтынушылар өнеркәсіп секторынан үй шаруашылықтарына ығысып, олардың энергия тұтынудағы үлесі 16,1 %-дан 30,8 %-ға дейін өсті, ал өнеркәсіпте 53 %-дан 28,2 %-ға дейін қысқарды (6-сурет). Осылайша, үй қожалықтары негізгі энергия тұтынушыларға айналуда және халықтың энергияны ұтымды пайдалануы өзекті мәселеге айналды. Сөйтіп, электр энергиясын тұтыну көлемі бойынша Қазақстан Республикасы ТМД елдері арасында көшбасшылардың үштігіне кірді.
Суды ұтымды пайдалану мәселелері де маңызды. Су ресурстарының тапшылығы Қазақстан Республикасының ең өткір экологиялық проблемаларының бірі болып табылады. Ескірген инфрақұрылым, ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында суды ұтымсыз пайдалану проблемаларынан басқа халықтың су тұтыну мәдениетінің төмендігі судың үнемді пайдаланылмайтын анықтайтын фактор болып табылады.";
отыз жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Энергия мен су тұтынудың жоғары деңгейі, ең алдымен, осы қызметтердің құнының қолжетімділігіне байланысты. Мысалы, 2022 жылы елімізде 1 текше метр суық судың құны орта есеппен небәрі 71 теңгені құрады (8-сурет). Салыстыратын болсақ, Данияда судың құны 25 есе жоғары, ал Қазақстан Республикасында тұтыну 8 есе көп. БҰҰ-ның бағалауы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі жаһандық су тапшылығы 40 %-ды құрауы мүмкін. Бұл проблема Қазақстан Республикасына да әсерін тигізеді, алдағы 5 жылдық кезеңде су тапшылығы 15 %-ға бағаланады.";
8-суреттің атауында орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
отыз сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында энергиямен және сумен жабдықтау саласында бірқатар бастамалар іске асырылуда. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тозған желілерді ауыстыру және салаға инвестиция құюды арттыру мақсатында коммуналдық қызметтердің тарифтерін біртіндеп ұлғайту жүзеге асырылады.";
қырық төртінші және қырық бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 100 адамға 22,6 жеңіл автокөліктен келеді, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 22 %-ға жоғары (18,6). 100 адамға шаққанда автомобильдердің ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында 39,1, ең азы Жетісу облысында – 6,8 автомобильден келеді.
Қазақстан Республикасында 100 адамға шаққанда автокөлік иелену деңгейі көршілес Орталық Азия елдеріне қарағанда едәуір жоғары: Қырғызстан – 15,8, Әзербайжан – 13,4, Өзбекстан – 10 автомобиль.";
елуінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Одан басқа, елде іске қосылған жеңілдетілген бағдарламалар автокредиттеу нарығын тым қолжетімді етті. Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша 2023 жылы Қазақстан Республикасының банктері азаматтардың әртүрлі санатта көлік сатып алуына 1,6 трлн теңге кредит қаражатын берді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 81,5 %-ға жоғары.";
елу жетінші, елу сегізінші және алпыс екінші абзацтарда орыс тіліндегі мәтінге өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
жетпіс сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"2009 жылдан бері Қазақстан Республикасында "Жер сағаты" акциясы өткізіліп келеді, оның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттігіне назар аударту. Жыл сайын барлық қатысушы елдер ең өзекті экологиялық тақырыптардың бірін көтереді. Өткен жылдары Қазақстан Республикасында акция аясында экологиялық белсенділік, экологиялық із және жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау мәселелеріне назар аударылды. 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы Жер сағаты экотуризм тақырыбына орайластырылды.";
сексен тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Сонымен қатар басқа елдердегідей Қазақстан Республикасында да адамдарды экологиялық акциялар мен іс-шараларға қатысуға тарту мәселесінде кедергілер бар. Олардың ішінде ең жиі кездесетіні: ұйымдастырылған экологиялық бастамалардың болмауы; хабардар болудың төмендігі, өйткені адамдар біздің қатысуымыз маңызды емес немесе экологиялық проблемаларды бұлай шешу мүмкін емес деп санайды; мотивацияның болмауы, өйткені олар өздеріне тікелей пайданы көрмейді; уақыт тапшылығы; ұйымдар мен акциялардың бастамашыларына деген сенімсіздік; құндылықтарға сәйкес келмеуі және т.б. Мұның бәрі осындай акциялардың тиімділігін төмендетеді және олардың ауқымын шектейді.";
жүз үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Бесіншіден, көптеген басқа елдердегідей Қазақстан Республикасында кәсіпорындар бірнеше себеп бойынша ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік) қаржылық емес есептілігін жариялауға мүдделі болмауы мүмкін:";
3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасындағы экологиялық сауаттандыру – елдің орнықты дамуының маңызды аспектісі, алайда ол оның тиімділігі мен қоғамға әсерін шектейтін бірқатар жүйелі проблемаларға тап болады.";
"Халықаралық тәжірибеге шолу" деген 3-бөлімде:
сексен жетінші, сексен сегізінші, сексен тоғызыншы, тоқсаныншы және тоқсан бірінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, Қазақстан Республикасында қолдануға болатын бірнеше негізгі аспектілерді бөліп көрсетуге болады.
1. Қалдықтарды бөлек жинау. Бұл практика Германия мен Франция сияқты елдерде белсенді қолданылады. Қазақстан Республикасында да қалдықтардың әрқилы түрлеріне (шыны, пластик, қағаз, биоқалдықтар) арналған контейнерлерді енгізу арқылы бөлек жинау жүйесін дамытуға болады. Бөлек жинау жүйесін жеңілдету және қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығы туралы халыққа білім беру бағдарламаларын енгізу қалдықтарды басқаруды едәуір жақсарта алады.
2. Тамақ қалдықтарын барынша азайту. Дания мен Италияның мысалдары азық-түлік қалдықтарын төмендетілген бағамен сатуға арналған қосымшалар және азық-түлік қайырымдылықтарын ынталандыратын заңдар сияқты тамақ қалдықтарын азайту бастамаларының тиімділігін көрсетеді. Қазақстан Республикасында осындай технологиялар мен бастамаларды, сондай-ақ тамақ қалдықтарын азайту туралы білім беру науқандарын енгізуді қарастыруға болады.
3. RRR (Reduce, Reuse, Recycle) тұжырымдамасын енгізу. Жапонияда танымал тұжырымдаманы Қазақстан Республикасына бейімдеуге болады. "Азайт, қайта пайдалан, қайта өңде" идеясын насихаттауға арналған білім беру науқандары мен іс-шаралары қалдықтарды саналы түрде тұтынуға және азайтуға ықпал етуі мүмкін.
4. Технология және инновациялар. Жапониядағы NEC Corporation жасайтындай, жасанды интеллект сияқты технологияларды сұранысты болжау және өнімнің шамадан тыс көбеюін болғызбау үшін пайдалану Қазақстан Республикасындағы тамақ қалдықтарын басқару үшін пайдалы болуы мүмкін. Қайта өңдеу саласында жаңа технологиялар мен шешімдерді ендіру қалдықтарды басқарудың тиімділігін арттыруы мүмкін.";
тоқсан үшінші және тоқсан төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Үнемді тұтыну мәдениетін дамыту. Ресурстар мен қалдықтарға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған білім беру науқандары мен қоғамдық бастамалар арқылы жапондық "моттаинай" қозғалысы сияқты мәдениетті Қазақстан Республикасына бейімдеуге болады.
Бұл мысалдар мен тәсілдерді елдің ерекшелігін және қолданыстағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының жергілікті жағдайлары мен мұқтаждығына бейімдеуге болады.";
"Дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген 5-бөлімнің сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"2024 – 2029 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасында экологиялық мәдениетті дамыту мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылады:";
5.1-кіші бөлімінің оныншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Сондай-ақ жасыл желектердің тұқымдық құрамы және ормандардың ағымдағы жай-күйі, отырғызу жоспарлары және оларды күту бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы деректерді қамтитын бірыңғай цифрлық жүйені әзірлеу және ендіру жоспарлануда.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |