ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Экспортталатын шикі мұнайға және газ конденсатына баға белгілеу қағидаларын (әдістемесін) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 21 қыркүйектегі № 647 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Экспортталатын шикі мұнайға және газ конденсатына баға белгілеу қағидаларында (әдістемесінде):
3-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"9) ресми ақпарат көзі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 12 шілдедегі № 757 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33067 болып тіркелген) бекітілген нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесіне енгізілген ақпарат көзі (бұдан әрі – тізбе);";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Атырау – Самара маршруты бойынша тауарды Қара теңіз порттарына дейін жеткізу кезінде мәміле (өткізу) бағасы мына формула бойынша есептеледі:
P = B + Skebco – D (+/-) К, мұндағы:
P – тауардың мәміле (өткізу) бағасы;
B – белгіленім кезеңін ескергенде тауарды сатып алу-сату келісімшартының ресми ақпарат көзінде жарияланған талаптарына сәйкес тиісті нарықта әрбір тиеп-жөнелтуге қолданылатын тауардың 1 (бір) баррелі үшін орташа белгіленімдердің орташа мәні.
Осы нарықтағы баға белгіленімдері мынадай ақпарат көздерінде жарияланады:
1) Platts: Brent (Dated);
2) Argus Media: North Sea Dated (NSD);
3) Refinitiv: даталанған BFOE (RIC <BFO-E>);
Skebco – спрэд, үшінші тарапқа жүк сатуға арналған келісімшарт талаптарына сәйкес тиеу терезесінің бірінші күніне дейінгі оныншы күннен бастап жиырма бесінші күнді қамтитын кезеңде ресми ақпарат көздерінде жарияланатын бірнеше дәйекті орташа белгіленімдердің бірі немесе орташа мәні.
Айдың бірінші және екінші онкүндіктерінде тиеу терезелері бар жүктер үшін тиеу терезесінің бірінші күніне дейінгі күнтізбелік бірінші күннен бастап жиырма бесінші күнді қамтитын кезеңдегі спрэд (белгіленім) қолданылады. Тиеу портында тиеу терезелері позициялық график негізінде айқындалады:
1) Platts: Kebco жолындағы "Spread vs fwd DTD Brent" (CIF Augusta);
2) Argus Media: Russian-Caspian кестесіндегі Kebco (CIF Augusta) жолындағы Diff дифференциалы;
3) Refinitiv: Kebco-ның даталанған BFOE-ге қатысты дифференциалы (RIC <BFO-KBC-MED>).
Спрэд Солтүстік теңіз бағалық эталонының белгіленіміне қолданылады;
D – сатып алу-сату келісімшартында айқындалған, Заңға сәйкес ресми ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын, тауарды жеткізу талаптарына байланысты есепке алынатын дифференциал, ол мыналарды қамтиды:
1) кеме жалдау шығыстары;
2) жүктi сақтандыру шығыстары;
3) порттық алымдар;
4) жүк инспекциясы бойынша шығыстар;
5) түрік бұғаздарынан өту шығыстары;
6) танкерлік партияның 80 мың тонна және 140 мың тонна мөлшеріне жеңілдік;
7) қайтарып алынбайтын аккредитивті ашу және оған қызмет көрсету бойынша банктік шығыстар;
8) тауарды тасымалдау кезіндегі ысырап бойынша шығыстар;
9) сатып алушының маржасы;
K – API градусы бойынша бағаны түзету (эскалация-деэскалация), тауардың сапасы тауарды сатып алу-сату келісімшартының талаптары бойынша тығыздықтың базалық шектерінің стандартты аралығынан жоғары немесе төмен болған жағдайда сыйлықақы/жеңілдік түрінде есептеледі.
Формуланың әрбір жекелеген элементіне, оның ішінде белгіленімдерді, спрэдты, сыйлықақыны немесе Kebco сұрыпты мұнайға жеңілдікті айқындау үшін қолданылатын ресми ақпарат көзін таңдау сатушы мен сатып алушы арасында келісіледі және тауарды сатып алу-сату келісімшартында белгіленеді.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Мәміле (өткізу) бағасы мынадай формула бойынша есептеледі: P = B + Skebco – D (+/-) К, мұндағы:
P – тауар бойынша мәміле (өткізу) бағасы;
B – белгіленім кезеңін ескергенде тауарды сатып алу-сату келісімшартының ресми ақпарат көзінде жарияланған талаптарына сәйкес тиісті нарықта әрбір тиеп-жөнелтуге қолданылатын тауардың 1 (бір) баррелі үшін орташа белгіленімдердің орташа мәні.
Осы нарықтағы баға белгіленімдері мынадай ақпарат көздерінде жарияланады:
1) Platts: Brent (Dated);
2)Argus Media: North Sea Dated (NSD);
3) Refinitiv: даталанған BFOE (RIC <BFO-E>);
Skebco – спрэд, үшінші тарапқа жүк сатуға арналған келісімшарт талаптарына сәйкес тиеу терезесінің бірінші күніне дейінгі оныншы күннен бастап жиырма бесінші күнді қамтитын кезеңде ресми ақпарат көздерінде жарияланатын бірнеше дәйекті орташа белгіленімдердің бірі немесе орташа мәні.
Айдың бірінші және екінші онкүндіктерінде тиеу терезелері бар жүктер үшін тиеу терезесінің бірінші күніне дейінгі күнтізбелік бірінші күннен бастап жиырма бесінші күнді қамтитын кезеңдегі спрэд (белгіленім) қолданылады. Тиеу портында тиеу терезелері позициялық график негізінде айқындалады:
1) Platts: Kebco жолындағы "Spread vs fwd DTD Brent" (CIF Rotterdam);
2) Argus Media: Russian-Caspian кестесіндегі Kebco (CIF Augusta) жолындағы Diff дифференциалы;
3) Refinitiv: Kebco-ның даталанған BFOE-ге қатысты дифференциалы (RIC <BFO-KBC-NWE>).
Спрэд Солтүстік теңіз баға эталоны белгіленіміне қолданылады.
D – сатып алу-сату келісімшартында айқындалған, ресми ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын, тауарды жеткізу шарттарына байланысты есепке алынатын дифференциал, ол мыналарды қамтиды:
1) кемені жалдау бойынша шығыстар;
2) жүктi сақтандыру бойынша шығыстар;
3) жүк инспекциясы бойынша шығыстар;
4) қайтарып алынбайтын аккредитивті ашу және оған қызмет көрсету бойынша банк шығыстары;
5) тауарды тасымалдау кезіндегі ысыраптар бойынша шығыстар;
6) Балтық теңізінің порттарындағы порттық алымдар бойынша шығыстар;
7) Роттердам портына кеменің кіруі үшін алынатын порттық алымдар бойынша шығыстар;
8) күкірт шығарындыларын бақылау аймағындағы (ECA) экологиялық алымдар;
9) сатып алушының маржасы;
10) мұз алымдары, күту уақытын, оның ішінде мұз жиегінде және мұзда күту уақытын қоса алғанда, қыс маусымы ішінде тіркеп-сүйреу үшін қосымша төлем, осы акваторияда қалыпты жылдамдықпен жүрумен салыстырғанда мұзда жүру кезіндегі уақыт айырмашылығы (кідіру);
11) Усть-Луга және Приморск портында тауар сапасының арасындағы айырмашылық үшін өтемақы – мұның әртүрлі сападағы мұнай екені туралы мемлекеттік уәкілетті органдардың немесе уәкілетті көлік компанияларының растауы болған жағдайда мәліметтер болған кезде;
K – API градусы бойынша бағаны түзету (эскалация-деэскалация), тауардың сапасы тауарды сатып алу-сату келісімшартының талаптары бойынша тығыздықтың базалық шектерінің стандартты аралығынан жоғары немесе төмен болған жағдайда сыйлықақы/жеңілдік түрінде есептеледі.
Формуланың әрбір жекелеген элементіне, оның ішінде белгіленімдерді, спрэдты, сыйлықақыны немесе Kebco сұрыпты мұнайға жеңілдікті айқындау үшін қолданылатын ресми ақпарат көзін таңдау сатушы мен сатып алушы арасында келісіледі және тауарды сатып алу-сату келісімшартында белгіленеді.";
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
