Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Такиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы "4" маусымдағы № 465 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісім
Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім (бұдан әрі – "Негіздемелік келісім") бұдан әрі жеке "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – "Үкімет") мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – "ЕҚДБ") арасында жасалады.
ЕҚДБ-ның халықаралық құқыққа сәйкес 1990 жылғы 29 мамырдағы ЕҚДБ-ны құру туралы келісіммен (бұдан әрі – "ЕҚДБ келісімі") құрылған халықаралық қаржы ұйымы болып табылатынын, оның мақсаты елдердің ашық нарықтық экономикаға өтуіне және ЕҚДБ жұмыс істейтін елдерде жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылатынын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;
Үкімет Қазақстандағы экономикалық реформалар процесін күшейтуге, оның ішінде сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту процесін ынталандыру, тиісті құрылымдық реформалар жүргізу және Қазақстан экономикасының орнықты өсуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыру арқылы күшейтуге ниеттенгенін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, осыған байланысты Үкімет Қазақстан экономикасын дамытуға жәрдемдесу және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыру үшін бірлескен бастамаларды дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ЕҚДБ-мен байырғы әріптестікті күшейтуге және мүмкіндіктерді зерделеуді жалғастыруға ниетті;
ЕҚДБ мен Үкімет әртүрлі инвестициялық құралдарды, жұмыс капиталын және факторингті қаржыландыру құралдарын, инвестициялық гранттарды, техникалық көмек жобаларын және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі мемлекеттік саясатқа байланысты тұрақты диалогты пайдалануды қоса алғанда, Қазақстандағы экономикалық дамуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейтуге негіз болатын осы Негіздемелік келісімге қол қоюға ниеттеніп отырғанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;
осымен Тараптар төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бөлім. Мақсаттары
Осы Негіздемелік келісімнің мақсаттары әртараптандыру, орнықтылық, экологиялылық ("жасыл экономика"), инклюзивтілік және цифрландыру қағидаттарында жеке бизнесті белсенді түрде тарту арқылы Қазақстанның орнықты экономикасының дамуына ықпал ету мақсатында Тараптар арасындағы ынтымақтастықты ерекше емес негізде күшейту; сондай-ақ елде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу болып табылады.
Осы жан-жақты мақсаттарға қол жеткізу ел экономикасының заңнамалық және институционалдық-құқықтық базасын өзгертуді қамтитын аса маңызды құрылымдық реформалар бойынша Тараптардың бірлескен жұмысы, сондай-ақ қажет болған жерде Үкіметті қолдай отырып, ЕҚДБ инвестициялық жобаларын айқындау, құрылымдау және әлеуетті қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Тараптар Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 28 мамырдағы № 542 Жарлығында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бірлескен іс-қимыл бағдарламасында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін де ынтымақтасатын болады. Негіздемелік келісім Қазақстандағы басқа да халықаралық қаржы ұйымдарымен (бұдан әрі – "ХҚҰ") жұмысты үйлестіру үшін де негізді қамтамасыз етеді.
2-бөлім. Ынтымақтастық салалары
2.1. Осы Негіздемелік келісім шеңберіндегі ынтымақтастық салаларын Тараптар ішкі қағидалар мен рәсімдерді ескере отырып бірлесіп айқындайтын болады. Тараптар осы Негіздемелік келісімде көзделген шараларды іске асыруға қатысу үшін басқа да ХҚҰ тартуға құқылы.
2.2. Осы Негіздемелік келісім шеңберінде Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастық жасайды:
(i) Қазақстан экономикасының орнықтылығын арттыру үшін жекеше секторды қолдау;
(ii) инвестициялық жобалар арқылы, сондай-ақ салалық және жалпы экономикалық реформаларды іске асыру арқылы Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту;
(iii) инфрақұрылым, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты секторлардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы Қазақстанның өңірлік және әлемдік экономикаға және өндірістік-өткізу тізбектеріне одан әрі интеграциялануын қолдау;
(iv) төмен көміртекті дамуға басымдық беру және ұлттық деңгейде айқындалатын үлес шеңберінде Климат жөніндегі Париж келісімін (Nationally Determined Contributions) және Қазақстан Республикасының төмен көміртекті даму стратегиясын сақтау;
(v) күрделі салымдарды бірлесіп қаржыландыру, тәуекелдерді бөлу/орнықтылыққа байланыстыра отырып кредиттерді өтеу, "жасыл" жобаларды кешенді бағалау үшін көміртегі нарығының құралдары мен техникалық ынтымақтастық қорлары, сондай-ақ "жасыл" қаржыландыруды одан әрі кең ауқымда қолдану үшін қажетті нормативтік база әзірлеуді қолдау сияқты заманауи энергия тиімді және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, табиғатқа бағдарланған шешімдерді әзірлеу, "жасыл" экономиканы қолдау үшін жаңа нысандар мен құралдарды жасау есебінен "жасыл" экономиканы дамыту;
(vi) жаңартылатын энергия өндірісін, электр желілерін нығайтуды, электр энергиясын теңгерімдеуді және энергияны сақтауға арналған шешімдерді енгізуді, төмен көміртекті энергетикалық секторды дамыту стратегиясына сәйкес ауа сапасын едәуір жақсарту үшін газ желілерін және газ электр генераторларын пайдалануды қоса алғанда, энергетикалық секторды карбонсыздандыру үшін "Инвестиция орнына тариф" бағдарламасы шеңберінде инвестициялау және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
(vii) техникалық көмек арқылы жобаларды дайындауға жәрдемдесу, сондай-ақ техникалық ынтымақтастық және күрделі гранттар қаражаты есебінен қаржыландырылатын реттелетін субъектілер үшін реттеушілік базаны жетілдіру жолымен Қазақстанның "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы және "Инвестиция орнына тариф" бағдарламасы шеңберінде электр энергиясын тарату, сумен жабдықтау, су бұру, кәріздік тазарту құрылысжайы, ирригация және өзге де компаниялар мен жобаларға инвестициялау;
(viii) цифрлық трансформация, киберқауіптерге төзімділік жолымен таратушы компаниялар мен электр энергиясын генерациялау компанияларын қоса алғанда, цифрландыруға, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздікті дамытуға жәрдемдесу; Қазақстанда қашықтықтан қаржылық қызметтерді және заманауи цифрлық шешімдерді дамытуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыруға, Ауқымды цифрландыру стратегиясы және жасанды интеллект технологияларын – Digital Qazaqstan жаппай енгізу шеңберінде цифрлық деректерді сақтау орындарын енгізе отырып, бұлттық шешімдер негізінде бизнес-процестерді басқаруға көшуге жәрдемдесу;
(ix) дамудың бастапқы сатысындағы жоғары технологиялық компанияларды қоса алғанда, венчурлық қаржыландыруды дамыту, экономиканың жекеше және мемлекеттік секторларында цифрлық технологияларды пайдалану арқылы инновациялар мен цифрландыруға жәрдемдесу;
(x) шығарындылардың деңгейі жоғары өнеркәсіптік және өндірістік секторларды (мысалы, цемент, металлургия және тағы басқалар) карбонсыздандыру үшін реттеушілік базаны жетілдіру, сондай-ақ ресурстық және энергиялық тиімді шешімдерді қолдау;
(xi) сенімді және инновациялық технологиялық экожүйені қалыптастыруды қамтамасыз ететін инклюзивті, орнықты және "жасыл" цифрлық инфрақұрылымды дамыту (цифрлық инфрақұрылымды өрістетуді және жаңғыртуды, жеткілікті қызмет көрсетілмейтін өңірлерде желілерді кеңейтуді, жаңа технологиялық бағдарланған көрсетілетін қызметтерді енгізуді және/немесе кеңейтуді, сектордың киберқауіптерге төзімділігін арттыруды және т.б. қоса алғанда);
(xii) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің (бұдан әрі – "МЖӘ") құқықтық және институционалдық базасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында оны нығайту және халықаралық практикаға сәйкес МЖӘ жобаларын іске қосу, МЖӘ және басқа да модельдердің көмегімен бүкіл Қазақстан бойынша заманауи инфрақұрылымды дамыту;
(xiii) орнықты тұрғын үй шешімдеріне жеке сектордың инвестицияларын ынталандыратын саясат пен реттеушілік базаны қалыптастыру мәселелері бойынша қаржыландыруды, сондай-ақ консультациялық қолдау көрсетуді қамтуы мүмкін тұрғын үй тапшылығын қысқартуға бағытталған күш-жігерді қолдау, сондай-ақ тұрғын үй жобаларын іске асыру үшін МЖӘ жобаларын дамытуға жәрдемдесу;
(xiv) елдің негізгі сауда-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайту, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды және кеңейтуді, көлік паркін жаңарту және ұлғайту есебінен тасымалдардағы шығындарды азайтуды, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды және кеңейтуді көздейтін 2029 жылға қарай Қазақстанның көлік-логистикалық кешенін дамыту басымдықтарына сәйкес Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі көлік және қоймалау қызметтерінің үлесін арттыру, операциялық тиімділік пен еларалық кооперация деңгейін арттыру, сондай-ақ бәсекелестік ортаны дамыту және мемлекеттің қатысу үлесін кезең-кезеңмен қысқарту; көлік және муниципалдық инфрақұрылымда қаржылық және экологиялық орнықтылыққа қол жеткізу, әділ және тең құқықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғау желілерін енгізу, мультимодальды тасымалдарды кеңейтуді және Транскаспий көлік дәлізін кең ауқымда қолдануды қоса алғанда, Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін дамыту және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту, "жұмсақ" инфрақұрылым кедергілерін жою арқылы халықаралық сауда мен транзитті дамытуға жәрдемдесу; мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру және коммерцияландыру арқылы муниципалдық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жекеше сектордың тәжірибесін тарту және құқықтық және институционалдық базаны жетілдіру;
(xv) адами капиталды дамыту мен ұлттық біліктілік жүйесін күшейту және еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында баршаға тең мүмкіндіктер жасау үшін гендерлік, өңірлік және жастар интеграциясын ілгерілету, сондай-ақ микро, шағын, орта кәсіпкерлікпен (бұдан әрі – "МШОК") және неғұрлым ірі жеке және мемлекеттік компаниялармен, оның ішінде жекелеген клиенттер мен экономиканың салалары деңгейінде жұмыс істеу;
(xvi) Қазақстанның барлық өңірінде, оның ішінде цифрлық трансформация жөніндегі жобалар көмегімен, қаржыландыруды ұсыну, климаттың өзгеруіне қарсы күреске жәрдемдесу үшін бизнес-шешімдерді енгізу және ресурс тиімділігін ұлғайту, басқарушылық дағдыларды жетілдіру, МШОК өсуі мен экономикалық әртараптандырылуына жәрдемдесу, сондай-ақ олардың экспорттық әлеуетін ұлғайту мен өңірлік және халықаралық өндірістік-өткізу тізбектеріне интеграциялау арқылы МШОК қолдау;
(xvii) банктік және банктік емес қаржы ұйымдарына жаңа өнімдерді енгізу мен квазимемлекеттік ұйымдармен ынтымақтастықты қоса алғанда, климаттың өзгеруіне байланысты әсерлерді жұмсартуға бағытталған МШОК жобаларын қолдау, сондай-ақ әйелдер мен жастар басқаратын МШОК-ты дамытуды қолдау үшін орнықты даму облигацияларына қоса алғанда, инвестициялар және техникалық көмек беру жолымен қаржы секторын дамыту, әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі мемлекеттік саясат бойынша диалог шеңберінде реттеуші ұйымдармен және басқа да мүдделі қатысушыларымен өзара іс-қимыл арқылы қаржы секторын, капитал нарығын дамытуға жәрдемдесуді жүзеге асыру;
(xviii) қаржы нарығын жетілдіру және ЕҚДБ тарапынан жергілікті валютада қаржы қаражатын тарту бойынша жәрдемдесуді жетілдіру;
(xix) өңірдің "жасыл" және әлеуметтік жобаларын қаржыландыру құралы ретінде орнықты облигацияларды ілгерілету, сондай-ақ жауапты инвестициялау қағидаттарын енгізу бөлігінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының дамуына жәрдемдесу;
(xx) Үкіметтің басым ұлттық жобасы болып табылатын Алатау экономикалық аймағын дамыту;
(xxi) жекешелендіру процестеріне жәрдемдесу, оның ішінде активтерді жекешелендіруге дайындауға көмек, сенімгерлік басқару келісімшарттары және нәтижеге бағдарланған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сияқты жекеше секторды тартудың баламалы нысандарын енгізу, атап айтқанда бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту және бизнес үшін шығындарды азайту жөніндегі жоспарлар көрсетілген "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 28 мамырдағы № 542 Жарлығы шеңберінде мемлекет меншікте қалатын кәсіпорындарды корпоративтік және экономикалық басқаруды жақсарту және оларды коммерцияландыру;
(xxii) сыртқы факторларға байланысты экономикалық күйзелістерді болжау, алдын алу және жеңілдету үшін ерте ескерту жүйелерін пайдалану арқылы мемлекеттік мекемелер мен жеке сектордағы институционалдық әлеуетті нығайту;
(xxiii) озық халықаралық практика негізінде мыналарға:
а) тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін айқындылықты арттыруға, корпоративтік басқаруды жақсартуға және тау-кен өндіру секторын реттеуді жаңғыртуға;
б) Қазақстанның ресурстық базасын тиімді, нәтижелі, бәсекеге қабілетті, жауапты және орнықты түрде дамытуға бағытталған стандарттар мен тәсілдерді енгізу.
2.3. Бағдарламаларды іске асыру 2026 – 2030 жылдар аралығындағы кезеңге ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілген Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі ЕҚДБ бизнес-консультациялық көрсетілетін қызметтер бағдарламасы шеңберінде егемен және қосалқы егемен негізінде инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыруды және техникалық ынтымақтастық шотын толықтыруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың орнықты дамуына жәрдемдесу үшін, оның ішінде осы Негіздемелік келісімнің 2.2-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша Үкімет бөлетін күрделі салымдар және техникалық ынтымақтастықты қолдау қорларының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Жоғарыда көрсетілген қаражатты бөлу тетіктері Тараптар арасындағы жекелеген келісімдер негізінде жеке тәртіппен айқындалатын болады.
2.4. ЕҚДБ Директорлар кеңесі бекіткен Қазақстанға арналған елдік стратегия шеңберінде онда айтылған құралдар арқылы және ЕҚДБ-ның ішкі қағидаларына, рәсімдері мен келісулеріне сәйкес ЕҚДБ:
(i) жобаларды әзірлеу мен іске асыруда консультациялар мен техникалық көмек көрсетуді ұйымдастырады;
(ii) ішкі рәсімдер мен қағидаларға сәйкес қарыздар береді және басқа да қаржылай қолдау көрсетеді;
(iii) ЕҚДБ басқаратын жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу мен бағалауда ЕҚДБ ішкі саясатына, рәсімдері мен қағидаларына сәйкес қолдау көрсетеді; және
(iv) басқа ХҚҰ-мен, даму жөніндегі әріптестермен және мүдделі тараптармен ынтымақтасады.
3-бөлім. Іске асыру тетіктері
3.1. Осы Негіздемелік келісімнің бастапқы және кейінгі нұсқаларын іске асыру мақсатында 2014 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесі мемлекеттік саясаттың негізгі шараларына шолу жасау және бағдарламалардың іске асырылуын жалпы қадағалау функцияларын орындайды, сондай-ақ шешімдер қабылдаудың тиімді процесіне жәрдемдесетін болады.
3.2. Үйлестіру кеңесі жаңа жобаларды бекіту үшін қажеттілігіне қарай тұрақты отырыстар өткізетін болады. Бұдан басқа, тоқсан сайынғы негізде немесе қажет болса, одан да жиірек Үйлестіру кеңесі қол қоюға және/немесе іске асыруға дайындық сатысында тұрған жобалар бойынша ағымдағы мәселелерді талқылау үшін шақырылады.
3.3. Үкімет ЕҚДБ-мен және басқа да ХҚҰ-мен бірлесіп инвестициялық жобалар мен техникалық көмекті (консультацияларды) тарту жөніндегі жобалар үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру шеңберінде Қазақстанды дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын (бұдан әрі – "Бағдарлама") әзірлейді. Бағдарламаны өзгерту және іске асыру барысы Үйлестіру кеңесінің отырыстарында тұрақты түрде қаралатын болады.
3.4. Үйлестіру кеңесінің барлық шешімдері, осы Негіздемелік келісімге сәйкес іске асырылатын операциялар мен қызмет (i) Тараптардың ішкі саясатын, рәсімдері мен келісуін сақтау және (ii) Тараптар арасында жекелеген құқықтық келісімдер және/немесе ЕҚДБ мен жобалар бенефициарлары арасында келісімдер жасасу шартымен орындалуға жатады.
4-бөлім. Тараптардың міндеттемелері
4.1. Осы Негіздемелік келісім Тараптарға ешқандай қаржылық міндеттемелер жүктемейді. Кез келген осындай міндеттеме осы Негіздемелік келісімге сәйкес Тараптар қабылдауы мүмкін жекелеген келісімдерде көрсетілуге тиіс. Мұндай міндеттемелер мен келісімдер Тараптардың ішкі қағидалары мен рәсімдеріне сәйкес жеке келісуге жатады. Осы Негіздемелік келісім кез келген Тарап үшін екінші Тарапқа артықшылық беруге арналған міндеттемелерді жүктемейді.
5-бөлім. Осы Негіздемелік келісімнің күшіне ену, оған өзгерістер енгізу, қолданысын тоқтату тәртібі және басқа мәселелер
5.1. Осы Негіздемелік келісім Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді және 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
5.2. Тараптардың кез келгені осы Негіздемелік келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете алады. Мұндай жағдайда осы Негіздемелік келісім Тараптардың бірі тиісті хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
5.3. Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Негіздемелік келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын толықтырулар енгізілуі мүмкін.
5.4. Осы Негіздемелік келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген дауларды Тараптар консультациялар жүргізу арқылы шешеді.
5.5. Осы Негіздемелік келісім Тараптардың ерекше емес негізде ынтымақтасу көзқарастары мен ниеттерін көрсетеді және Тараптарға заңды немесе қандай да бір басқа міндеттемелер жүктемейді. Осы Негіздемелік келісім үшінші тарапқа заңды түрде қолданылмайды.
5.6. Осы Негіздемелік Келісімде ештеңе де ЕҚДБ келісімі және 2013 жылғы 11 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен ЕҚДБ арасындағы ЕҚДБ-ның Қазақстан Республикасындағы ынтымақтастығы мен қызметіне қатысты келісім шеңберінде ЕҚДБ берген артықшылықтардан, иммунитеттер мен жеңілдіктерден бас тарту немесе оларды өзгерту ретінде табылмайды және түсіндірілмейді.
2026 жылғы "___" _______ __________________________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды. Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін ________________________ |
Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі үшін | |
