Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 139-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 шілдедегі № 499 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 139-бабының 6-тармағына сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) "Астана" халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – орталық) – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим қолданылатын Астана қаласының шегіндегі аумақ;
2) бастамашы – "жасыл" жобаларды іске асыруға жауапты бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
3) депозитарий қағидалары – депозитарийдің ішкі құжаты, оның негізінде депозитарий бағалы қағаздарға қызмет көрсетуді және өтеуді жүзеге асырады;
4) "жасыл" жобалар – бекітілген сыныптама (таксономия) негізінде айқындалған, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобалар;
5) "жасыл" жобаларды іріктеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы (бұдан әрі – жұмыс тобы) – мақсаты мемлекеттік "жасыл" облигацияларды іріктеу мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру болып табылатын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның жанындағы консультативтік-кеңесші орган;
6) "жасыл" облигациялар шығару жөніндегі негіздемелік бағдарлама (Green Bond Framework (GBF) – эмитенттің мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудан алынған қаражатты пайдалану, "жасыл" жобаларды бағалау және іріктеу рәсімі, қаражатты басқару, қаражатты пайдалану туралы есептілік, оның ішінде әсер ету туралы есеп, сондай-ақ сыртқы бағалау (верификация) алу сияқты түйінді аспектілер бойынша "жасыл" облигациялар қағидаттарына сәйкес мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудың жалпы стратегиясы мен тәсілдерін айқындайтын құжат;
7) қор биржасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйелерін пайдалана отырып, оларды тікелей өткізу арқылы сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы, сондай-ақ орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген, орталықта қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
8) қор биржасының депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) –Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының кәсіби депозитарлық қызметті жүзеге асыратын қатысушысы, сондай-ақ орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген, есеп айырысу-депозитарлық қызметті және орталықтың аумағында бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
9) қор биржасының қағидалары – қор биржасының ішкі құжаты, оның негізінде эмитент мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орналастыруды жүзеге асырады;
10) мемлекеттік "жасыл" облигация – Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес "жасыл" жобаларға жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі болатын қарызға қатысты оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз;
11) мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару – эмитенттің азаматтық құқықтар объектісі ретінде эмиссиялық бағалы қағаздардың пайда болуына бағытталған іс-әрекеттері немесе орналастырылуы, айналысқа жіберілуі және өтелуі осы эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын белгілі бір бағалы қағаздардың жиынтығы;
12) мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша жылдық есеп – эмитент қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейтін, мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудан түскен қаражаттың жұмсалуы туралы және "жасыл" жобалардың қол жеткізілген әсері (әсер етуі) туралы ақпаратты қамтитын бірлескен есеп;
13) орналастыру жөніндегі агент – орталықтың қолданыстағы құқығына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру және айналысқа жіберу бойынша қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;
14) орталықтың актісі – орталықтың органы қабылдаған, орталықтың қатысушылары және (немесе) органдары және (немесе) олардың қызметкерлері арасында туындайтын қатынастарды реттейтін жазбаша ресми құжат;
15) тіркеуші – бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы, сондай-ақ орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген, эмитенттің мемлекеттік "жасыл" облигацияларын және тіркеушінің қағидаларына, сондай-ақ эмитентпен жасалған келісімнің шарттарына сәйкес мемлекеттік "жасыл" облигацияларды ұстаушылардың құқықтарын есепке алуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
16) тіркеушінің қағидалары – тіркеушінің ішкі құжаты, оған сәйкес тіркеуші бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуді, сондай-ақ эмитенттің мемлекеттік "жасыл" облигацияларын және олар бойынша құқықтарды есепке алуды жүзеге асырады;
17) сыртқы бағалау (верификация) – мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орналастырудан түскен қаражатты пайдалануға қатысты бағалау мен талдау жүргізу және мемлекеттік "жасыл" облигациялардың "жасыл" облигациялар қағидаттарының түйінді элементтеріне сәйкестігін растау рәсімі;
18) Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA Green Bond Principles) "жасыл облигациялар қағидаттары" (бұдан әрі – жасыл облигациялар қағидаттары) – Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы әзірлеген, ерікті ұсыным тәртібімен "жасыл" облигацияларды шығару, "жасыл" облигацияларды шығарудан түсетін түсімдердің нысаналы пайдаланылуын, эмитенттердің ақпараттың айқындығы мен ашылуын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі тәсілдер мен рәсімдерді айқындайтын және "жасыл" облигациялар нарығын адал дамытуға бағытталған "жасыл" облигацияларды шығару жөніндегі халықаралық стандарт (International Capital Market Association);
19) экологиялық әсер ету туралы есеп – мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығару есебінен қаржыландырылатын "жасыл" жобалардың күтілетін және (немесе) қол жеткізілген әсері (әсер етуі) бойынша бастамашылардан алынатын ақпарат жиынтығы;
20) эмитент – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі.
2-тарау. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару жөніндегі негізгі тәсілдер
3. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару "жасыл" облигациялар қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Жұмыс тобы мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудан алынған қаражатты нысаналы пайдалану аспектілері бойынша мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару жөнінде негіздемелік бағдарламаны, "жасыл" жобалар тізбесін айқындау, тартылған қаражатты басқару рәсімін және мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша есептілікті әзірлеу бөлігінде мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығару мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады.
Бұл ретте "жасыл" жобалардың тізбесі бюджет заңнамасында белгіленген мерзімде бастамашылар шығыстарының лимиттері шегінде кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде айқындалады.
Жұмыс тобының міндеттері, функциялары, ұйымдастырылуы, қызметінің тәртібі мен құрамы, сондай-ақ "жасыл" жобаларды бағалау мен іріктеудің жалпы өлшемшарттары мен қағидаттары эмитенттің бірінші басшысының немесе оны алмастыратын адамның және бастамашылардың бірінші басшыларының немесе оларды алмастыратын адамдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін жұмыс тобы туралы ережемен айқындалады.
5. Мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды бастамашылардың тиiстi "жасыл" жобаға бекiтiлген бюджетiнде көзделген шығыстардан тыс шығаруға жол берiлмейдi.
6. Бастамашылар эмитентке кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасына енгізілген, мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығару есебінен қаржыландыруға жататын "жасыл" жобалар бойынша ақпаратты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынады.
7. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару мемлекеттік "жасыл" облигациялардың жасыл облигациялар қағидаттарының негізгі элементтеріне сәйкестігіне сыртқы бағалау (верификация) болған кезде жүзеге асырылады.
8. Эмитент сыртқы бағалау (верификация) жүргізуге арналған өтінімді жұмыс тобы "жасыл" жобалардың тізбесін айқындағаннан кейін жібереді.
9. Жүргізілген сыртқы бағалау және (немесе) мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығарылымын верификациялау нәтижелері туралы ақпарат сыртқы бағалау (верификация) нәтижесін алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде эмитенттің интернет-ресурсында орналастырылады.
10. Сыртқы бағалауды (верификацияны) қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі уәкілетті орган айқындаған ұйымдар жүзеге асырады.
3-тарау. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудың, орналастырудың, айналысқа жіберудің, қызмет көрсетудің және өтеудің жалпы шарттары
11. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды эмитент құжатсыз нысанда шығарады.
12. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды есепке алуды тіркеуші қағидалары мен эмитентпен жасалған тіркеуші қызметтерін көрсету туралы келісімнің негізінде тіркеуші жүзеге асырады. Депозитарий мемлекеттік "жасыл" облигацияларға қатысты эмитентке кастодиандық және депозитарлық-есеп айырысу қызметтерін депозитарийдің қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
13. Әрбір шығарылымның депозитарий беретін халықаралық сәйкестендіру нөмірі (International Securities Identification Nimber – ISIN) болады.
14. Мемлекеттiк "жасыл" облигациялардың әрбiр шығарылымының көлемi мен шарттарын Қазақстан Республикасының тиiстi кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңында белгiленген үкiметтiк борыш пен оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар лимитi шегiнде эмитент белгiлейдi.
15. Эмитент мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орталықтың актілерінде және қор биржасының қағидаларында белгіленген аукцион өткізу, қосымша орналастыру, жазылу арқылы орналастырады.
16. Эмитентке мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығаруды жүзеге асыру кезiнде орналастыру жөнiндегi агенттi тартуға жол беріледі.
17. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығарылымының нысаналы мақсаты Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес "жасыл" жобаларға жатқызылған жобаларды қаржыландыру болып табылады.
18. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орналастыру, есепке алу, қызмет көрсету, айналысқа жіберу және өтеу тәсілдерінің шарттары мен рәсімдері мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару шарттарымен, қор биржасының қағидаларымен, тіркеушінің қағидаларымен, депозитарийдің қағидаларымен, сондай-ақ орталықтың актілерімен белгіленеді.
19. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша сыйақы төлеу мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару шарттарында белгіленген күндері жүргізіледі. Егер мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығару шарттарында өзгеше мерзiм көзделмесе, сыйақыны соңғы төлеу мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды өтеу күнiне сәйкес келедi. Егер мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша сыйақы төлеу күні жұмыс күніне тура келмесе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.
20. Мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды өтеу номиналды құны бойынша өтеу күнi жүргiзiледi. Егер мемлекеттік "жасыл" облигациялардың номиналды құнын өтеу күні жұмыс күніне тура келмесе, онда өтеу жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.
21. Эмитенттің мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды мерзiмiнен бұрын iшiнара немесе толық өтеу жүргiзуіне, сондай-ақ мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығару шарттарына сәйкес керi сатып алуды жүзеге асыруына жол беріледі.
22. Мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды өтеу және оларға қызмет көрсету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
23. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар борыштық эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады, егер мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару шарттарында өзге құн айқындалмаса, олардың әрқайсысының номиналдық құны 1000 (бір мың) теңгені құрайды.
24. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша купон сомасын есептеу үшін есеп айырысу базасы есеп айырысу айында 30 (отыз) күнді, есеп айырысу жылында 360 (үш жүз алпыс) күнді құрайды.
25. Егер мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды шығару шарттарында өзге мерзiм көзделмесе, мемлекеттiк "жасыл" облигациялар бiр жылдан астам айналысқа жіберу мерзiмiмен шығарылады.
26. Мемлекеттiк "жасыл" облигацияларды орналастыру және өтеу номиналды құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналысқа жіберу мерзiмi iшiнде орналастыру кезiнде айқындалған, купон деп аталатын сыйақы төленедi.
27. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша купон төлеу эмитент белгілеген күндері, егер төлемнің өзге шарттары мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару талаптарында көзделмесе, мемлекеттік "жасыл" облигацияларды айналысқа жіберудің тиісті жылында бір рет жүзеге асырылады.
28. Егер шығару шарттарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік "жасыл" облигациялар купонының сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
S=N*C,
мұндағы:
S, теңге – мемлекеттік "жасыл" облигациялар купонының кезекті төлеуге жататын сомасы,
N, теңге – сыйақысы кезекті төленуге жататын мемлекеттік "жасыл" облигациялар тиісті санының номиналды құнының сомасы,
С, % – купон мөлшерлемесі.
4-тарау. Мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша жылдық есеп
29. Эмитент мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша жылдық есепті мемлекеттік "жасыл" облигациялар орналастырылған кезден бастап 1 (бір) жыл өткен соң күнтізбелік 120 (бір жүз жиырма) күннен кешіктірмей жасайды және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша эмитенттің интернет-ресурсында бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның қолы қойылып орналастырылады.
30. Экологиялық әсер ету туралы есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жасайды және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік "жасыл" облигациялар орналастырылған кезден бастап 1 (бір) жыл өткен соң күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей оны эмитентке ұсынады.
Экологиялық әсер ету туралы есеп "жасыл" жобалардың күтілетін және (немесе) қол жеткізілген әсер етуі туралы ақпаратты қамтиды және тиімділіктің сапалық және сандық көрсеткіштерінен құралады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бастамашылардан осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "жасыл" жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат сұратады.
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидаларына 1-қосымша |
Нысан
Кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасына енгізілген, мемлекеттік "жасыл" облигациялар шығару есебінен қаржыландыруға жататын "жасыл" жобалар бойынша ___ жылғы "_____________" _______ ақпарат
"Жасыл" жобаның сипаттамасы | |
"Жасыл" жобаның атауы | |
Бастамашы | |
"Жасыл" жобаның мақсаты | |
"Жасыл" жобаның құны | |
"Жасыл" жобаның күтілетін әсер етуі | |
"Жасыл" жоба тиімділігінің сандық көрсеткіштері | |
"Жасыл" жоба тиімділігінің сапалық көрсеткіштері | |
"Жасыл" жобаны іске асыру мерзімдері |
Бастамашы ___________________________________________________________
Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (қолы) (қолды таратып жазу)
Мөр орны
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидаларына 2-қосымша |
Нысан
Мемлекеттік "жасыл" облигациялар бойынша ___ жылғы "____" ___ жылдық есеп
1-бөлім. Бөлу туралы есеп 1.1. Мемлекеттік "жасыл" облигацияның сипаттамасы
Эмитент | |
Есепті кезең | |
Шығарылым валютасы | |
Шеңберінде шығарылым жүзеге асырылған мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару жөніндегі бекітілген негіздемелік бағдарлама бойынша ақпарат (құжатты бекіту күні мен нөмірі, жарияланым туралы мәліметтер) | |
Шығарылым валютасындағы номиналды құны | |
Шығарылым көлемі | |
Ағымдағы купондық мөлшерлеме, жылдық пайызы, % | |
Айналысқа жіберудің басталған күні | |
Айналысқа жіберу мерзімі, жыл | |
Өтеу күні |
1.2. Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орналастырудан тартылған қаражатты бөлу туралы мәліметтер
Р/с | "Жасыл" жобаның атауы | Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды орналастырудан тартылған қаражат есебінен "жасыл" жобаларды қаржыландыруға бағытталған қаражат көлемі |
1 |
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидаларына 3-қосымша |
Нысан
Экологиялық әсер ету туралы ___ жылғы "___" _______ есеп
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы
________________________________________________________________
Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (қолы) (қолды таратып жазу)
Мөр орны
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу қағидаларына 4-қосымша |
Нысан
"Жасыл" жобаларды іске асырылуы туралы ақпарат
"Жасыл" жобаның атауы | |
Бастамашы | |
"Жасыл" жобаның мақсаты | |
"Жасыл" жобаның қол жеткізілген әсер етуі | |
"Жасыл" жоба тиімділігінің сандық көрсеткіштері | |
"Жасыл" жоба тиімділігінің сапалық көрсеткіштері | |
"Жасыл" жобаны іске асырғаннан кейінгі өзгерістерді сипаттау | |
Мемлекеттік "жасыл" облигацияларды шығарудан түсетін түсімдерді пайдалану (сомасы, орындау пайызы, %) |
Бастамашы ____________________________________________________________
Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (қолы) (қолды таратып жазу)
Мөр орны