Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 13 маусымдағы № 434 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Əбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2025 жылғы 13 маусымдағы
№ 434 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)

      Тараптар арасындағы инвестициялық ағындардың жедел өсімін мойындай отырып;

      мұндай инвестицияларды ынталандыру, көтермелеу және қорғау инвесторлардың іскерлік бастамасын ынталандыруға және Тараптардың экономикалық өркендеуін арттыруға ықпал ететінін мойындай отырып;

      инвестицияларды одан әрі ынталандыруға және Тараптардың арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдіре отырып; және

      ашық, тұрақты және болжамды инвестициялық орта қалыптастыруға ниет білдіре отырып;

      төмендегілер туралы уағдаласты:

А бөлімі

Жалпы ережелер

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      "Орталық" ИДРХО Конвенциясы негізінде құрылған Инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталықты ("ИДРХО") білдіреді;

      "кәсіпорын" корпорацияны, трастты, серіктестікті, дара кәсіпорынды, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты немесе соған ұқсас ұйымды қоса алғанда, Тараптың қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, жеке немесе мемлекеттік меншіктегі немесе бақылаудағы кез келген заңды тұлғаны; және кәсіпорынның филиалын білдіреді;

      "қолданыстағы" осы Келісім күшіне енген күні қолданылатын Келісімді білдіреді;

      "еркін пайдаланылатын валюта" Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына сәйкес айқындағандай, "еркін пайдаланылатын валютаны" білдіреді;

      "ГАТС" ДСҰ Келісіміне 1B қосымшада қамтылған көрсетілетін қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімді білдіреді;

      "ИДРХО қосымша тетігінің қағидалары" Инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталық Хатшылығының талқылауларды әкімшілендірудің қосымша тетігін реттейтін қағидаларды білдіреді;

      "ИДРХО Конвенциясы" 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда жасалған мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияны білдіреді;

      Тарапқа қатысты "қамтылған инвестициялар" екінші Тараптың инвесторының аумағында осы Келісім күшіне енген күні бар инвестицияларды немесе осы Тарап өзінің заңнамасына сәйкес жол берген және капиталды немесе басқа активтерді салу, пайданы немесе түсімді күту және тәуекелді қабылдау сияқты сипаттамалары бар екінші Тарап инвесторының инвестицияларын білдіреді;

      "инвестициялар" инвесторға тікелей немесе жанама түрде тиесілі немесе оның бақылауындағы барлық активтерді білдіреді және:

      а) кәсіпорынды;

      b) акцияларды, пайларды және кәсіпорынның капиталына қатысудың басқа да нысандарын;

      с) облигацияларды, борыштық міндеттемелерді, басқа да борыштық құралдарды және қарыздарды (Тарап шығарған қарыздарды немесе борыштық бағалы қағаздарды қоса алғанда);

      d) фьючерстерді, опциондарды және басқа туынды құралдарды;

      е) "толық бітіріп берілетін" құрылысты, құрылысты, басқаруды, өндірісті, концессияны, кірістерді бөлуді және басқа да осыған ұқсас келісімшарттарды;

      f) зияткерлік меншік құқықтарын;

      g) Тараптардың заңнамасына сәйкес берілетін лицензияларды, рұқсаттарды, рұқсаттамаларды және ұқсас құқықтарды; және

      h) басқа материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті немесе басқа да мүліктік құқықтарды қамтиды;

      "Тараптың инвесторы":

      инвестицияларды жүзеге асыратын немесе оларды жасаған немесе екінші Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыру бойынша нақты іс-әрекеттер атқарған

      a) осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның азаматы болып табылатын жеке тұлғаны; немесе

      b) осы Тарап мемлекетінің кәсіпорнын білдіреді;

      "шара" кез келген заңды, нормативтік актіні, рәсімді, талапты немесе практиканы қамтиды;

      "ұлттық заңнама" Тараптар мемлекеттерінің заңдарын, қаулыларын, қағидаларын, рәсімдерін білдіреді;

      "қорғалған ақпарат" құпия іскерлік ақпаратты немесе құпия болып табылатын немесе ашудан өзге де түрде қорғалған ақпаратты білдіреді.

      "Бас хатшы" ИДРХО Бас хатшысын білдіреді;

      "аумақ":

      а) Қазақстан Республикасына қатысты – Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес юрисдикциясын қолданатын жерді, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының құрлық, теңіз және әуе шекарасы шегіндегі аумағын; және

      b) Қытай Халық Республикасына қатысты – құрлықтық аумағын, аумақтық әуе кеңістігін, ішкі сулар мен аумақтық теңізді, сондай-ақ олардың түбі мен жер қойнауын қоса алғанда, Қытайдың бүкіл кедендік аумағы және оның шектерінде ол халықаралық құқыққа және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес егемен құқықтарды және/немесе юрисдикцияны жүзеге асыра алатын оның аумақтық теңізінен тыс кез келген аумақты білдіреді;

      "ТРИПС келісімі" ДСҰ Келісіміне 1С-қосымшада қамтылған Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімді білдіреді;

      "ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламенті" Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының төрелік регламентін білдіреді;

      "ДСҰ Келісімі" 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімін білдіреді.

2-бап

Қолдану және қамту аясы

      1. Осы Келісім:

      а) басқа Тараптың инвесторларына; және

      b) қамтылған инвестицияларға қатысты Тарап қабылдаған немесе сақтайтын шараларға қатысты қолданылады.

      2. Осы Келісімнің ережелері осы Келісім күшіне енгенге дейін немесе одан кейін болғанына қарамастан Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ болған оқиғалардан туындайтын талаптарға немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған талаптарға қолданылмайды. Неғұрлым түсінікті болу үшін, осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған немесе шешілген дауларға осы Келісім қолданылмайды.

      3. Осы Келісімнің ережелері:

      a) Үкіметтің қолдауымен алынатын қарыздарды, кепілдіктерді немесе сақтандыруды қоса алғанда, Тараптар берген субсидияларға немесе гранттарға немесе Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы жазбаша инвестициялық келісімдер арқылы берілетін осындай субсидияларды немесе гранттарды қоспағанда, осындай субсидиялардың немесе гранттардың Тараптар мемлекеттерінің инвесторларына немесе олардың инвестицияларына ғана берілетініне қарамастан, осындай субсидияларды немесе гранттарды алуға немесе үздіксіз алуға байланысты кез келген шарттарға;

      b) осы Келісімнің 22-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кез келген Тараптың аумағындағы салық салу мәселелеріне қолданылмайды. Осы Келісімде ештеңе де 2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қытай Халық Республикасының Yкiметi арасында кіріске салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келісімге ("ҚССБК") сәйкес кез келген Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды, оған уақыт өте келе өзгерістер енгізілуі мүмкін. Осы Келісім мен ҚССБК арасындағы кез келген сәйкессіздік жағдайында соңғысы сәйкессіздік бөлігінде басым күшке ие болады; және

      c) мемлекеттік сатып алуларға қолданылмайды. Неғұрлым айқын болу үшін бұл тармақ осы Келісімді осындай сатып алу нәтижесінде салынған инвестицияларға әсер ететін шараларға қолдануға кедергі келтірмейді.

3-бап

Ұлттық режим

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына өзінің аумағында инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға және сатуға немесе өзге де билік етуге қатысты өз инвесторларына ұқсас мән-жайлар кезінде ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.

      2. Әрбір Тарап қамтылған инвестицияларға инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға және сатуға немесе өзге де билік етуге қатысты өзінің аумағындағы өз инвесторларының инвестицияларына ұқсас мән-жайлар кезінде ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.

      3. Неғұрлым айқын болу үшін осы баптың "ұқсас мән-жайларға" сілтемесі инвестиция мән-жайларының жиынтығын әрбір нақты жағдайда:

      а) инвестор бар секторды;

      b) тиісті шараның мақсатын;

      с) заңды қоғамдық әл-ауқат немесе жария тәртіп мақсаттары негізінде инвесторлар немесе инвестициялар арасында тиісті режимде айырмашылық жүргізілетінін немесе жүргізілмейтінін;

      d) қарастырылып отырған шараға қатысты инвестицияға немесе инвесторға тікелей қатысты басқа да факторларды қоса алғанда, жан-жақты зерттеуді талап етеді.

      4. Осы бап:

      а) Тарап аумағында сақталатын кез келген қолданыстағы тиісті емес шараларға; немесе

      b) осы тармақтың (а) тармақшасында көрсетілген кез келген сәйкес емес шараны жалғастыруға немесе өзгертуге қолданылмайды.

4-бап

Барынша қолайлылық режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына ұқсас мән-жайлар кезінде Тарап болып табылмайтын кез келген елдің инвесторларына өзінің аумағындағы инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға және сатуға немесе өзге де билік етуге қатысты ұсынатын режимнен қолайлығы кем емес режим ұсынады.

      2. Әрбір Тарап қамтылған инвестицияларға ұқсас мән-жайлар кезінде Тарап болып табылмайтын кез келген елдің инвесторларына өзінің аумағындағы инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға және сатуға немесе өзге де билік етуге қатысты ұсынатын режимнен қолайлығы кем емес режим ұсынады.

      3. Осы баптың ережелері Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына:

      а) кез келген қазіргі немесе болашақ кеден одағынан, еркін сауда аймағынан, еркін сауда туралы уағдаластықтан, тарапы Тараптардың кез келгені болып табылатын ортақ нарықтан;

      b) осы Келісім күшіне енген күнге дейін қолданыста болған немесе қол қойылған инвестицияларға қатысты кез келген екіжақты немесе көпжақты келісімдерден; және

      с) қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерден немесе салық салу мәселелері жөніндегі өзге де халықаралық келісімдерден туындайтын кез келген режимнің, преференциялардың немесе артықшылықтардың басымдығын қолдануды міндеттейтін ережелер ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      4. Неғұрлым айқын болу үшін осы баптың "ұқсас мән-жайларға" сілтемесі инвестиция мән-жайларының жиынтығын әрбір нақты жағдайда:

      а) инвестор бар секторды;

      b) тиісті шараның мақсатын;

      с) заңды қоғамдық әл-ауқат немесе жария тәртіп мақсаттары негізінде инвесторлар немесе инвестициялар арасында тиісті режимде айырмашылық жүргізілетінін немесе жүргізілмейтінін; және

      d) қарастырылып отырған шараға қатысты инвестицияға немесе инвесторға тікелей қатысты басқа да факторларды қоса алғанда, жан-жақты зерттеуді талап етеді.

      5. Неғұрлым айқын болу үшін осы бапта айтылатын режим осы Келісімнің В бөліміне енгізілгендерге және халықаралық инвестициялық немесе сауда келісімдерінде көзделгендерге ұқсас дауларды реттеу тетіктерін немесе рәсімдерін қамтымайды.

5-бап

Әділ және тең құқықты қатынас

      1. Әрбір Тарап қамтылған инвестицияларға әділ және тең құқықты режимді, сондай-ақ толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.

      2. Тарап, егер қабылданған шара:

      а) қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік процестегі сот төрелігінен бас тартуды;

      b) тиісті құқық рәсімін елеулі түрде бұзуды; немесе

      с) ашық жөнсіздікті білдірсе, осы баптың 1-тармағында аталған әділ және теңқұқықты режим міндеттемесін бұзады.

      Неғұрлым айқын болу үшін, инвестордың заңды үміттеріне жауап бере алмайтын шараларды Тараптың қабылдауы немесе қабылдамауы фактісінің өзі, егер тіпті нәтиже қамтылған инвестициялардың жоғалуы немесе мөлшерінің азаюы болса да, осы бапты бұзу болып табылмайды.

      3. Осы Келісімнің немесе жекелеген халықаралық келісімнің басқа да ережелерін бұзу фактісінің анықталуы осы бапты бұзу фактісін білдірмейді.

6-бап

Қарулы қақтығыс немесе азаматтық тәртіпсіздіктер жағдайындағы қатынас

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына және қамтылған инвестицияларға қарулы қақтығыс немесе азаматтық тәртіпсіздіктер нәтижесінде өз аумағындағы инвестициялар шеккен шығындарға қатысты қабылдайтын немесе қолдайтын шараларға қатысты кемсітпеушілік режимін ұсынады.

      2. Осы баптың 1-тармағына қарамастан, егер бір Тараптың инвесторы: осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда:

      а) өзінің қамтылған инвестицияларын немесе оның бір бөлігін екінші Тараптың күштерімен немесе билігімен реквизициялау; немесе

      b) оның қамтылған инвестицияларын немесе олардың бір бөлігін жағдайдың қажеттілігі талап етпеген екінші Тараптың күштерімен немесе билігімен жою нәтижесінде екінші Тараптың аумағында шығынға ұшыраса,

      соңғы Тарап инвесторға осындай шығындар үшін мән-жайларға байланысты өтем, өтемақы немесе екеуін де ұсынуға тиіс. Кез келген өтемақы осы Келісімнің 7-бабының 2 - 4-тармақтарына сәйкес келуге тиіс, mutatis mutandis.

7-бап

Экспроприация және өтемақы

      1. Тараптардың бір де біреуі:

      а) қоғамдық мақсаттар үшін;

      b) кемсітпеушілік түріндегі;

      с) осы бапқа сәйкес өтемақы төлеу кезіндегі; және

      d) тиісті құқықтық рәсімге сәйкес шараларды қоспағанда, қамтылған инвестицияларды экспроприациялауға немесе мемлекет иелігіне алуға ("экспроприация") баламалы шаралар арқылы тікелей немесе жанама түрде экспроприацияламайды немесе мемлекет иелігіне ала алмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында аталған өтемақы:

      а) кідіріссіз төленуге;

      b) экспроприация тікелей орын алғанға дейін ("экспроприациялау күні") экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнына баламалы болуға;

      с) болжанатын экспроприация туралы бұған дейін белгілі болғандығына байланысты болған құнның қандай да бір өзгерістерін көрсетпеуге; және

      d) толығымен іске асырылатын және еркін берілетін болуға тиіс.

      3. Егер әділ нарықтық құн еркін пайдаланылатын валютада көрсетілсе, осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында аталған өтемақы экспроприациялау күнінен бастап төлем күніне дейін есепке жазылған осы валюта үшін коммерциялық негізделген пайыздық мөлшерлеме бойынша пайыздарды қосқанда экспроприация күніндегі әділ нарықтық құннан кем болмауға тиіс.

      4. Егер әділ нарықтық құн еркін пайдаланылатын болып табылмайтын валютада көрсетілсе, осы баптың 1-тармағының (с) тармақшасында аталған, төлем күнінде қолданыста болған нарықтық айырбастау бағамы бойынша төлем валютасына айырбасталған өтемақы:

      a) осы күні қолданыста болған нарықтық айырбастау бағамы бойынша еркін пайдаланылатын валютаға айырбасталған, экспроприациялау күніндегі әділ нарықтық құннан, қосу

      b) экспроприациялау күнінен бастап төлем күніне дейін есепке жазылған осы еркін пайдаланылатын валюта үшін коммерциялық негізделген пайыздық мөлшерлеме пайызынан кем болмауға тиіс.

      5. Осы бап ТРИПС келісіміне сәйкес зияткерлік меншік құқықтарына қатысты берілген мәжбүрлеу лицензияларын беруге, сондай-ақ мұндай беру, кері қайтарып алу, шектеу немесе құру ТРИПС келісіміне сәйкес келетін дәрежеде зияткерлік меншік құқықтарын кері қайтарып алуға, шектеуге немесе құруға қолданылмайды.

8-бап

Төлемдер және аударымдар

      1. Осы Келісімнің 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестициялары салынған әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық салық міндеттемелерін орындағаннан кейін екінші Тараптың инвесторларына өз аумағына және/немесе одан тыс жерлерге инвестициялармен байланысты кез келген аударымдар мен төлемдерге рұқсат береді. Мұндай төлемдер мен аударымдар, оның ішінде:

      a) капиталға салымды;

      b) кірістерді;

      c) инвестицияларды ішінара немесе толық сатудан түскен кірістерді, инвестицияларды ішінара немесе толық жоюдан түскен кірістерді;

      d) қарыз туралы келісімдерді қоса алғанда, шарттарға сәйкес төлемдерді;

      e) шетелде жалданған және инвесторлардың инвестициялары салынған Тараптың аумағында жұмыс істейтін персоналдың жалақысы мен басқа да сыйақыларын; және

      f) осы Келісімнің 7-бабына және В бөліміне сәйкес төлемдерді қамтиды.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған аударымдар мен төлемдер аударым немесе төлем күніне қолданыста болған нарықтық валюта бағамы бойынша еркін пайдаланылатын валютамен негізсіз кідіріссіз және шектеулерсіз жүзеге асырылады.

      3. Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне нұқсан келтірмей төлемді немесе аударымды өзіннің ұлттық заңнамасын әділ, кемсітушіліксіз және адал қолдану жолымен мыналарға:

      a) банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға;

      b) еңбек міндеттемелерін сақтауға;

      c) эмиссияларға, бағалы қағаздармен немесе деривативалармен (туынды қаржы құралдарымен) жасалатын операцияларға немесе мәмілелерге;

      d) құқық қорғау органдарына немесе қаржылық реттеу органдарына жәрдемдесуге;

      e) қылмыстық істерге;

      f) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңнаманы сақтауға;

      g) сот, әкімшілік немесе төрелік процестердің нұсқамаларына немесе шешімдеріне сәйкестікті қамтамасыз етуге;

      h) әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі міндеттемелерді сақтауға; және

      i) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруының таралуын қаржыландыруға қарсы іс-қимылға қатысты кідіртуі немесе шектеуі мүмкін.

      4. Осы Келісімнің 9-бабында аталған жағдайларды қоспағанда немесе Халықаралық валюта қорының өтініші бойынша Тарап қандай да бір операцияларға қатысты осы Келісімге сәйкес өзінің нақты міндеттемелерімен үйлеспейтін капиталмен жасалатын осындай операцияларға шектеулер қоймаған жағдайда, Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарымен үйлесетін валюталық операцияларды пайдалануды қоса алғанда, осы Келісімде ештеңе де Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарына сәйкес Халықаралық валюта қорының мүшесі болып табылатын Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамауға тиіс.

9-бап

Төлем теңгерімін қорғауға арналған шектеулер

      1. Төлем балансына байланысты елеулі қиындықтар, сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың туындау қаупі жағдайында, осы Келісімде ештеңе де Тарапқа капитал қозғалысына байланысты төлемдерге немесе аударымдарға қатысты шектеу шараларын қабылдауға немесе қолдауға кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған немесе қолдау көрсетілетін кез келген шаралар:

      а) Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарына сәйкес келуге;

      b) екінші Тарап инвесторларының коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне артық зиян келтіруді болдырмауға;

      c) осы баптың 1-тармағында баяндалған мән-жайлар кезінде қажеттілік шегінен шықпауға;

      d) осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайдың жақсаруына қарай уақытша болуға және біртіндеп жойылуға; және

      e) кемсітпеушілік негізінде қолданылуға тиіс.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеулер немесе олардағы кез келген өзгерістер туралы екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген шектеулерді белгілеген Тарап өзі белгілеген шектеулерді қарау үшін екінші Тараппен консультациялар жүргізуге тиіс.

      5. Осындай шектеулердің қолданылу аясын айқындау кезінде Тараптар өздерінің экономикалық бағдарламалары немесе даму бағдарламалары үшін неғұрлым маңызды болып табылатын экономика секторларына артықшылық бере алады. Алайда мұндай шектеулер экономиканың белгілі бір секторын қорғау мақсатында белгіленбейді және сақталмайды.

10-бап

Өнімділікке қойылатын талаптар

      Тараптар ДСҰ-ның сауда инвестициялық шаралары туралы келісімі (ТРИМС) бойынша өз міндеттемелерін, сондай-ақ өздерінің ДСҰ-ға қосылу туралы хаттамаларына сәйкес баяндалған өз құқықтары мен міндеттерін растайды.

11-бап

Персоналға рұқсат беру

      Тараптар ГАТС бойынша өз міндеттемелері шеңберіндегі корпоративішілік аударымдар мен іскер келушілерге қатысты өз міндеттемелерін тағы да растайды.

12-бап

Инвестицияларға қатысты заңдар мен нормативтік актілерді жариялау

      1. Әрбір Тарап өз заңдарының, нормативтік актілерінің және жалпы қолдану қағидаларының уақтылы жариялануын не жария қолжетімділігін кез келген тәсілдермен қамтамасыз етеді.

      2. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес заңдардың және жалпы қолданылатын нормативтік актілердің жобаларын алдын ала жариялайды.

      3. Осы Келісімде қамтылған заңдар мен жалпы қолданылатын нормативтік актілерге қатысты әрбір Тарап заңдар мен нормативтік актілерді, мүмкіндігінше, ресми веб-сайттарда немесе жалпыұлттық басылымдарда жариялауға тиіс.

      4. Бір Тарап екінші Тарапқа инвестицияларға қатысты оның заңдарының, нормативтік актілерінің және жалпы қолданылатын қағидаларының көшірмесін беру туралы сұрау салумен жүгінуге құқылы. Сұратылған құжаттарды түсіндіру мақсатында Тараптар консультациялар жүргізуі мүмкін.

13-бап

Ашықтық

      1. Тараптар осы бапта және осы Келісімнің 12-бабында баяндалған ашықтық практикасын жақсарту жолдары туралы кезең-кезеңімен консультацияларды жүргізуге келіседі.

      2. Мүмкіндігінше, әрбір Тарап осы Келісімнің 12-бабының 1-тармағында аталған, ол қабылдауды ұсынатын кез келген шараны алдын ала жариялауға тиіс.

      3. Ақпарат ұсыну

      а) Екінші Тараптың сұрау салуы бойынша Тарап осы Келісімнің 20-бабының талаптарына сәйкес, сұрау салушы Тараптың пікірінше, осы Келісім қолданылатын кәсіпорының жұмысына елеулі әсер етуі мүмкін немесе өзге түрде оның мүдделеріне елеулі әсер ететін кез келген нақты немесе ұсынылатын шараға қатысты ақпаратты дереу ұсынуға және сұрақтарға жауап беруге тиіс.

      b) Осы тармаққа сәйкес кез келген сұрау салу немесе ақпарат екінші Тарапқа тиісті байланыс тұлғалары арқылы ұсынылуы тиіс.

      c) Осы тармаққа сәйкес ұсынылатын кез келген ақпарат мұндай шараның осы Келісімге сәйкес келетін-келмейтіндігіне залал келтірмейді.

      4. Әкімшілік іс жүргізу

      Осы Келісімнің 12-бабында аталған барлық шараларды жүйелі, бейтарап және ақылға қонымды түрде қолдану мақсатында әрбір Тарап осындай шараларды екінші Тараптың нақты қамтылған инвестицияларына немесе инвесторларына қолданатын өзінің әкімшілік рәсімдері барысында ерекше жағдайларда:

      a) мүмкіндігіне қарай, екінші Тараптың сот талқылауында тікелей қозғалатын қамтылған инвестициялары немесе инвесторлары талқылау сипатының сипаттамасын, сот талқылауына бастамашылық оның негізінде жасалатын заңды органның өтінішін және кез келген даулы мәселелердің жалпы сипаттамасын қоса алғанда, талқылау қозғалған кездегі ішкі рәсімдерге сәйкес алдын ала хабарлама алады;

      b) мұндай тұлғаларға уақыт, талқылау сипаты және қоғамдық мүдделер мүмкіндік беретін кез келген түпкілікті әкімшілік әрекетке дейін өз ұстанымын қолдау үшін фактілер мен дәлелдерді ұсынуға ақылға қонымды мүмкіндік беріледі; және

      с) оның рәсімдері ішкі заңнамаға сәйкес келеді.

      5. Қарау және апелляция

      а) Әрбір Тарап осы Келісімде қамтылатын мәселелерге қатысты түпкілікті әкімшілік әрекеттерді жедел қарау және негізделген жағдайларда оларды түзету мақсатында сот, квазисот немесе әкімшілік трибуналдардың немесе рәсімдердің жұмысын қалыптастырады немесе қолдайды. Мұндай соттар бейтарап және әкімшілік мәжбүрлеу жүктелген ведомстводан немесе органнан тәуелсіз болуға тиіс және істің нәтижесіне қандай да бір елеулі мүдделілігі болмауға тиіс.

      b) Әрбір Тарап кез келген осындай трибуналдарда немесе рәсімдерде талқылау тараптарына:

      (і) өздерінің тиісті ұстанымдарын қолдауға немесе қорғауға ақылға қонымды мүмкіндікке; және

      (іі) дәлелдемелер мен материалдарға немесе егер ішкі заңнамада талап етілсе, әкімшілік орган жасаған хаттамаға негізделген шешім шығаруға құқық беруді қамтамасыз етеді.

      c) Әрбір Тарап өзінің ішкі заңнамасында көзделгендей шағымданған немесе одан әрі қаралған жағдайда мұндай шешімдерді қаралатын әкімшілік әрекетке қатысты ведомстволар немесе билік органдары орындайтынын қамтамасыз етеді.

14-бап

Ерекше формальдылықтар және ақпаратқа қойылатын талаптар

      1. Осы Келісімнің 3-бабында ештеңе де ерекше формальдылықтардың осы Келісімге сәйкес Тарап екінші Тараптың инвесторларына және қамтылған инвестицияларға ұсынатын қорғауға елеулі залал келтірмеуі шартымен, инвесторлардың Тараптың резиденттері болуы немесе қамтылған инвестициялар заңдарға немесе Тараптың нормативтік актілеріне сәйкес заңды түрде ресімделуге тиіс талабы сияқты қамтылған инвестицияларға байланысты осындай формальдылықтарды талап ететін шара қабылдау немесе сақтау Тарапқа кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмейді.

      2. Осы Келісімнің 3 және 4-баптарына қарамастан, Тарап екінші Тараптың инвесторынан немесе оның қамтылған инвестицияларынан тек ақпараттық немесе статистикалық мақсаттар үшін осы инвестициялар туралы ақпарат ұсынуды талап етуі мүмкін. Тарап кез келген құпия іскерлік ақпаратты инвестордың бәсекелестік жағдайына немесе қамтылған инвестицияларға залал келтіруі мүмкін кез келген ашылуынан қорғайды. Осы тармақта ештеңе де Тарапқа өзінің заңнамасының әділ және адал қолданылуына байланысты ақпаратты өзге түрде алуға немесе ашуға кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмейді.

15-бап

Басқа да халықаралық келісімдер мен міндеттемелер

      1. Егер екі Тараптың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын халықаралық шартта осы Келісімде қамтылатын мәселелерге қатысты неғұрлым қолайлы режим көзделген жағдайда, олардың тұлғалары мен инвестициялары үшін осындай неғұрлым қолайлы режим қолданылады.

      2. Егер Тараптардың бірінің заңнамасында осы Келісімде қамтылатын мәселелерге қатысты неғұрлым қолайлы режим көзделген жағдайда, екінші Тараптың тұлғалары мен екінші Тарап тұлғаларының инвестициялары үшін осындай неғұрлым қолайлы режим қолданылады.

16-бап

Суброгация

      Егер Тарап (немесе Тарап тағайындаған кез келген жарғылық орган, үкіметтік мекеме немесе институт немесе корпорация) Тараптың инвесторына кепілдеме, сақтандыру шарты немесе ол қамтылған инвестицияға қатысты жасасқан өтемнің басқа да нысаны бойынша төлем жасаса, аумағында қамтылған инвестиция жасалған екінші Тарап суброгацияны немесе осы Келісімнің В бөліміне сәйкес кез келген құқықтарды қоса алғанда, суброгацияны қоспағанда, қамтылған инвестицияға қатысты осы Келісім бойынша инвесторлар иеленуі мүмкін кез келген құқықтарды мойындайды және бұл ретте инвесторға суброгация шегінде мұндай құқықтарды жүзеге асыруға тыйым салынатын болады.

17-бап

Артықшылықтардан бас тарту

      1. Егер Тарап болып табылмайтын ел немесе Тарап болып табылмайтын елдің тұлғалары осы кәсіпорынға иелік етсе немесе оны бақылайтын болса, Тарап осы Келісімнің артықшылықтарын екінші Тараптың кәсіпорны болып табылатын осындай екінші Тараптың инвесторына және осы инвестордың инвестицияларына беруден бас тартуы мүмкін және бас тартушы Тарап:

      а) Тарап болып табылмайтын елмен дипломатиялық қатынастарды қолдамайды; немесе

      b) егер осы Келісімнің артықшылықтары кәсіпорынға немесе оның инвестицияларына берілген болса, кәсіпорынмен жасалған мәмілелерге тыйым салатын немесе бұзылатын немесе айналып өтетін Тарап болып табылмайтын елге немесе Тарап болып табылмайтын елдің тұлғасына қатысты шаралар қабылдайды немесе сақтайды.

      2. Егер кәсіпорын екінші Тараптың аумағында елеулі шаруашылық қызметін жүргізбесе және Тарап болып табылмайтын ел немесе Тарап болып табылмайтын елдің тұлғалары немесе бас тартушы Тарап кәсіпорынға иелік етсе немесе оны бақылайтын болса, Тарап екінші Тараптың кәсіпорны болып табылатын осындай екінші Тараптың инвесторына және осы инвестордың инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарын беруден бас тартуы мүмкін.

18-бап

Негізгі қауіпсіздік

      1. Осы Келісімде ештеңе де:

      a) ашылуы оның пікірінше, оның негізгі қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін кез келген ақпаратқа қол жеткізуді немесе рұқсат беруді Тараптан талап ететіндей; немесе

      b) Тарапқа Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша жалпыға ортақ бейбітшілікті немесе қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге не өзінің қауіпсіздік саласындағы негізгі мүдделерін қорғауға қатысты өз міндеттемелерін орындау үшін қажет деп санайтын шараларды қолдануға кедергі келтіретіндей түсіндірілмеуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағының (b) тармақшасына сәйкес шаралар қолданылатын екінші Тараптың инвесторларына және қамтылған инвестицияларға әрбір Тарап олардың меншік нысандарына қарамастан кемсітпейтін режим ұсынуға тиіс.

19-бап

Реттеу құқығы

      Тараптар өздерінің тиісті аумақтарында қоғамдық денсаулықты сақтауды қорғау, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік білім беру, қауіпсіздік, климаттың өзгеруіне қарсы күресті қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық мораль, ұлттық қауіпсіздік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, құпиялылық пен ақпаратты қорғау, сондай-ақ мәдени әртүрлілікті қолдау және қорғау сияқты заңды мемлекеттік мақсаттарға қол жеткізу үшін реттеу құқығын растайды.

      Үкіметтік реттеу шаралары немесе Тараптардың кез келгенінің ұлттық заңнамасындағы өзгерістер және инвесторлардың күтулері, атап айтқанда олардың пайданы күтулері арасындағы қайшылық фактісі немесе оған теріс әсер ету фактісі осы Келісімнің 3 және 4-баптары бойынша міндеттемелерді бұзу болып табылмайды.

20-бап

Ақпаратты ашу

      Осы Келісімде ештеңе де ашылып көрсетілуі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге кедергі келтіретін немесе қоғам мүдделеріне өзгеше қайшы келетін не белгілі бір мемлекеттік немесе жекеменшік кәсіпорындардың заңды коммерциялық мүдделеріне зиян келтіретін құпия ақпаратты немесе басқа да қорғалатын ақпаратты беру немесе оған қол жеткізу бойынша Тараптан түсетін талап ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

21-бап

Пруденциалдық шаралар

      1. Осы Келісімнің кез келген басқа да ережелеріне қарамастан, Тарапқа пруденциалдық себептер бойынша, оның ішінде инвесторларды, салымшыларды, сақтандыру полистерін ұстаушыларды немесе қаржы қызметтерін жеткізуші олардың алдында сенімгерлік міндеттілікте болатын тұлғаларды қорғау үшін немесе қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржы қызметтеріне қатысты шаралар қабылдауға немесе оларды қолдауға тыйым салынбайды. Егер мұндай шаралар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмесе, оларды осы Келісім бойынша Тараптың міндеттемелерінен немесе міндеттерінен жалтару құралы ретінде пайдалануға болмайды.

      2. Осы Келісімде ештеңе де ақша-кредит және онымен байланысты кредит саясатын немесе валюта бағамы саясатын жүргізу мақсатында жалпы қолданымдағы кемсітпеу шараларына қолданылмайды.

      3. Тараптың қаржы қызметтерінің құзыретті органы қаржы қызметтерін пруденциалдық реттеуге қатысты кез келген мәселе бойынша екінші Тараптың әріптесімен консультацияға сұрау салу жасай алады. Екінші Тараптың қаржы қызметтерінің құзыретті органдары осындай сұрау салуды алған кезден бастап 30 күн ішінде консультациялар туралы сұрау салуға жауап беруге тиіс. Осыдан кейін Тараптар консультациялар жүргізеді.

      4. a) Егер талап қоюшы осы Келісімнің В бөліміне сәйкес төрелікке талап арыз берсе, ал жауапкер қорғану ретінде осы баптың 1 немесе 2-тармақтарына сілтеме жасаса, осы Келісімнің В бөліміне сәйкес құрылған инвестор мен мемлекет арасындағы трибунал осы баптың 1 және 2-тармақтары талап қоюшының талаптарына қатысты негізделген қорғау құралы болып табылатынын және қандай дәрежеде екендігін шеше алмайды. Ол Тараптардан осы мәселе бойынша жазбаша есеп сұратады. Инвестор мен мемлекет арасындағы трибунал мән-жайларға байланысты Тараптардан осындай есепті немесе мемлекеттер арасындағы төрелік соттың шешімін алғанға дейін төрелік талқылауға кірісе алмайды.

      b) осы тармақтың (а) тармақшасына сәйкес алынған есепке сұрау салуға сәйкес Тараптардың қаржы қызметтерін көрсету органдары консультациялар жүргізеді. Егер Тараптардың қаржы қызметтерін көрсету органдары осы баптың 1 немесе 2-тармақтары талап қоюшының талап арызы бойынша негізді қорғау болып табыла ма және егер солай болса қандай дәрежеде деген мәселе бойынша бірлескен шешім қабылдаса, олар өздерінің бірлескен шешімінің сипаттамасымен бірге жазбаша есеп дайындайды. Есеп инвестор мен мемлекет арасындағы трибуналға беріледі және ол инвестор мен мемлекет арасындағы трибунал үшін міндетті болып табылады.

      c) Егер осы тармақтың (а) тармақшасында аталған есепке сұрау салынған күннен кейін 120 күн ішінде Тараптардың қаржы қызметтерін көрсету органдары осы баптың 1 немесе 2-тармақтары талапкердің талап арызы бойынша жарамды қорғау болып табыла ма және қандай дәрежеде екендігі туралы мәселе бойынша бірлескен шешімге келе алмаса, мәселені 120 күндік мерзім өткеннен кейін 30 күн ішінде Тараптардың кез келгені осы Келісімнің С бөліміне сәйкес құрылған мемлекеттер арасындағы төрелік сотқа береді. Мемлекет пен мемлекет арасындағы төрелік соттың шешімі инвестор мен мемлекет арасындағы трибуналға беріледі және инвестор мен мемлекет арасындағы сот үшін міндетті болып табылады. Мемлекеттер арасындағы осындай кез келген төрелік соттың барлық мүшелерінің қаржы мекемелерін реттеуді қамтуы мүмкін қаржы қызметтері саласындағы тиісті заңнамада немесе практикада білімі немесе тәжірибесі болуға тиіс.

22-бап

Салық салу

      1. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің А бөлімінде ештеңе салық шараларына қатысты міндеттемелер жүктемейді.

      2. Осы Келісімнің 7-бабы салық шарасы экспроприацияны болжайды деп сендіретін талап қоюшының осы Келісімнің В бөліміне сәйкес төрелікке талап арыз беруі мүмкіндігін қоспағанда, егер:

      а) талап қоюшы әуелі осы салық шарасы экспроприацияға алып келе ме деген сұрақпен екі Тараптың құзыретті салық органдарына жазбаша нысанда жүгінген және

      b) осындай өтініш жасалған күннен кейін 180 күн ішінде екі Тараптың құзыретті салық органдары салық шарасы экспроприация болып табылмайтыны туралы келісімге келмеген жағдайда ғана барлық салық шарасына қолданылады.

      3. 4-тармақты ескере отырып, осы Келісімнің 10-бабы барлық салық шарасына қолданылады.

      4. Осы Келісімде ештеңе қатысушылары мемлекеттер болып табылатын кез келген салық конвенциясы бойынша Тараптардың кез келгенінің құқықтары мен міндеттерін қозғамайды. Осы Келісім мен кез келген осындай конвенция арасындағы кез келген сәйкессіздік жағдайында мұндай конвенция сәйкессіздік шегінде басым күшке ие болады.

B бөлімі

Инвесторлар мен мемлекет арасындағы дауларды реттеу

23-бап

Консультациялар

      1. Инвестициялық дау туындаған жағдайда, егер талап қоюшы дауды қарауды төрелікке беруге ниетті болса, ол дауды қарауды төрелікке бергенге дейін 180 күннен кешіктірмей жауапкерге консультациялар туралы сұрау салу жіберуге тиіс.

      Сұрау салуда:

      а) талап қоюшының аты-жөні мен мекенжайы және егер талап қою талап қоюшы тікелей немесе жанама түрде иелік ететін немесе бақылайтын заңды тұлға болып табылатын жауапкердің кәсіпорны атынан берілсе, кәсіпорынның атауы, мекенжайы және тіркелген жері көрсетілуге;

      b) талап қоюшының осы Келісім бойынша инвестор болып табылатындығы туралы дәлелдемелер санамалануға;

      c) әрбір талап бойынша осы Келісімнің бұзылуы болжанған ережесі, сондай-ақ кез келген басқа да тиісті ережелер көрсетілуге;

      d) әрбір наразылық үшін наразылықтың себебіне айналған шаралар немесе оқиғалар көрсетілуге;

      e) әрбір наразылық бойынша құқықтық және нақты негіздің қысқаша мазмұны ұсынылуға және

      f) талап етілетін өтемақы және мәлімделген залалдың шамамен алынған сомасы көрсетілуге тиіс.

      2. Осы бөлімге сәйкес консультацияға сұрау салуды бергеннен кейін талап қоюшы мен жауапкер өзара тиімді шешімге қол жеткізу мақсатында консультацияларға кірісуге тиіс.

24-бап

Төрелікке талап қою

      1. Егер дау тарапы инвестициялық дауды осы Келісімнің 23-бабына сәйкес консультациялар арқылы реттеу мүмкін емес деп есептесе және консультацияға сұрау салу күнінен 180 күн өткен болса, талап қоюшы осы бапқа сәйкес төрелікке:

      а) жауапкердің осы Келісімнің 3-бабы, 4-бабы, 5-бабы, 6-бабы, 7-бабы, 8-бабы, 10-бабы, немесе 11-бабы бойынша міндеттемені бұзғаны және

      b) талап қоюшы осындай бұзушылықтың себебінен немесе соның салдарынан нұқсан немесе залал шеккені туралы талап қоя алады.

      2. Егер сол бір шараны немесе шараларды қамтитын талап арыз осы Келісімнің 24-бабында аталған болжамды бұзылуын білдірсе және сол оқиғалардан немесе мән-жайлардан туындаса:

      a) Тарап инвесторы тікелей немесе жанама түрде иелік ететін немесе бақылайтын Тараптардың бірі болып табылмайтын мемлекеттің кәсіпорны, немесе

      b) Тарап инвесторының тікелей немесе жанама түрде меншігіндегі немесе бақылауындағы Тараптардың бірі болып табылмайтын мемлекеттің кәсіпорны жауапкер мен Тараптардың бірінің мемлекеті болып табылмайтын мемлекет арасындағы келісімге сәйкес бастамашылық жасаса немесе жалғастырса, Тарап инвесторы осы Бөлімге сәйкес талап қоюға бастамашылық жасамайды немесе оны жалғастыра алмайды.

      Осы баптың 1-тармағына қарамастан, егер жауапкер талап қоюды қарауға болатындығымен келіссе, талап қою қаралуы мүмкін.

      3. Талап қоюға негіз болған оқиғалар сәтінен бастап 180 күн өткен жағдайда:

      а) жауапкер де, дауға қатыспайтын Тарап та ИДРХО Конвенциясының тараптары болған жағдайда, ИДРХО Конвенциясына және ИДРХО төрелік талқылау рәсімінің қағидаларына сәйкес;

      b) не жауапкер не дауға қатыспайтын Тарап ИДРХО Конвенциясының тарапы болған жағдайда, ИДРХО Қосымша қағидаларына сәйкес;

      c) ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне сәйкес немесе

      d) егер талап қоюшы мен жауапкер келіссе, кез келген басқа төрелік мекемеге немесе кез келген басқа төрелік қағидаларын сәйкес талап қоюшы осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап қоюды ұсынуы мүмкін.

      Талап қоюшы сондай-ақ дауды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың құзыретті сотының қарауына бере алады.

      4. Егер:

      а) ИДРХО Конвенциясының 36-бабының 1-тармағында аталған талап қоюшының төрелік туралы хабарламасын немесе төрелік туралы өтінішті ("төрелік туралы хабарлама") Бас хатшы қабылдаса;

      b) ИДРХО Қосымша қағидаларының С қосымшасының 2-бабында көрсетілген талап қоюшының төрелік туралы хабарламасын немесе төрелік туралы өтінішті ("төрелік туралы хабарлама") Бас хатшы алса;

      c) ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің 3-бабында аталған талап қоюшының төрелік туралы хабарламасын немесе төрелік туралы өтінішті ("төрелік туралы хабарлама") ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің 20-бабында көрсетілген талап қою арызымен бірге жауапкер алса немесе

      d) осы баптың 3-тармағының (d) тармақшасына сәйкес таңдалған кез келген төрелік мекемеде немесе төрелік регламентте аталған талап қоюшының төрелік туралы хабарламасын немесе төрелік туралы өтінішті ("төрелік туралы хабарлама") жауапкер алса, талап қою осы Бөлімге сәйкес төрелікке берілді деп есептеледі.

      5. Қолданылатын төрелік қағидаларында талап етілетін кез келген басқа ақпаратқа қосымша Төрелік туралы хабарламада осы Келісімнің 23-бабында көрсетілген санаттардың әрқайсысына қатысты ақпарат қамтылуға тиіс.

      6. Осы Келісіммен өзгертілген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағына сәйкес қолданылатын және осы бөлімге сәйкес төрелікке талап арыз немесе наразылық берілген күні қолданыста болатын төрелік регламенті төрелік талқылауды реттейді.

25-бап

Әрбір тараптың төрелікке келісуі

      1. Әрбір Тарап осы Келісімнің осы бөліміне сәйкес төрелікке талап арыз беруге келіседі.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес келісу және осы бөлімге сәйкес төрелікке талап арыз беру:

      а) ИДРХО Конвенциясының II тарауының (Орталықтың юрисдикциясы) және дау тараптарының жазбаша келісуі үшін ИДРХО Қосымша қағидаларының және

      b) "Жазбаша нысандағы келісім" туралы Нью-Йорк Конвенциясының II бабының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.

26-бап

Әрбір тараптың келісу шарттары мен шектеулері

      1. Егер талап қоюшы осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағына сәйкес болжанатын бұзушылық туралы талап қоюшының залал немесе нұқсан шеккенін алғаш білген немесе алғаш білуге тиіс болған күннен бастап үш жылдан астам уақыт өтсе, осы бөлімге сәйкес бірде бір талап арыз төрелікке берілмейді.

      2. Мыналарды:

      а) талап қоюшы осы Келісімде баяндалған рәсімдерге сәйкес төрелікке жазбаша келісім беретін;

      b) наразылық осы Келісімнің 23-бабына сәйкес өтініш беруші берген консультацияға сұрау салуға енгізілген шаралардан туындайтын және

      c) төрелік туралы хабарлама талап қоюшының Тараптың ұлттық заңнамасына немесе дауларды осы Келісімнің 24-бабында аталған болжамды бұзушылықты білдіретін кез келген шараға қатысты кез келген талқылауды шешудің басқа да рәсімдеріне сәйкес кез келген әкімшілік трибуналда немесе сотта бастамашылық жасау немесе жалғастыру құқығынан жазбаша бас тартуымен қоса берілетін жағдайларды қоспағанда, осы бөлімге сәйкес бір де бір талап арыз төрелікке берілмейді.

27-бап

Трибуналдың құрамы

      1. Егер дау тараптары өзге туралы уағдаласпаса, трибуналдың құрамы үш төрешіден: дау тараптарының әрқайсысынан тағайындалатын бір төрешіден және дау тараптарының келісімі бойынша тағайындалатын төрағалық етуші төреші болып табылатын үшінші төрешіден тұрады.

      2. Бас хатшы осы бөлімге сәйкес төрелік үшін құзыретті орган ретінде әрекет етеді.

      3. Егер трибунал осы бөлімге сәйкес төрелікке талап арыз берілген күннен бастап 90 күн ішінде қалыптастырылмаса, құзыретті орган оны дау тарапының сұрау салуы бойынша өз қалауымен және дау тараптарымен консультациядан кейін әлі тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындайды.

      4. Егер даудың екі Тарапы да өзге туралы уағдаласпаса, тағайындаушы орган Тараптардың бір мемлекетінің азаматы болып табылатын төрағалық етуші төрешіні тағайындай алмайды.

      5. Егер тағайындаушы орган тиісті төрелік қағидаларына сәйкес төрағалық етуші төрешіні тағайындаса, тағайындалатын төрағалық етуші төреші халықаралық жария құқық саласында мойындалған сарапшы болуға және оның инвестор мен мемлекет арасындағы дауларды реттеу тәжірибесі болуға тиіс.

28-бап

Төрелік тәртібі

      1. Дау тараптары осы Келісімнің 24-бабы 3-тармағының тиісті қағидаларына сәйкес кез келген төреліктің заңды орнымен келіседі. Егер дау тараптары келісімге келмесе, трибунал төреліктің орны Нью-Йорк Конвенциясының мүшесі болып табылатын мемлекеттің аумағында болуын қамтамасыз ете отырып, төреліктің орнын қолданылатын төрелік қағидаларына сәйкес айқындауға тиіс.

      2. Дауға қатысушы болып табылмайтын Тарап осы Келісімді түсіндіруге қатысты төрелікке ауызша және жазбаша өтініш жасай алады.

      3. Осы баптың 2-тармағына қарамастан, дау тараптарының жазбаша келісімінсіз трибуналдың дауға қатысушы болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлғаның amicus curiae өтініштерін қабылдауға және қарауға құқығы жоқ.

29-бап

Үшінші тараптың қаржыландыруы

      1. Дау тарапы одан дау тарапы тікелей немесе жанама түрде қайырымдылық немесе грант арқылы сот талқылауын жүргізу немесе қорғау үшін немесе сот талқылауының нәтижесіне байланысты сыйақыға ("Үшінші тараптың қаржыландыруы") айырбасқа қаражат алған дауға қатыспайтын кез келген тараптың аты-жөні мен мекенжайын көрсете отырып, жазбаша хабарлама береді. Егер дауға қатыспайтын және қаржыландыру ұсынатын тарап заңды тұлға болса, хабарламада осы заңды тұлғаға иелік ететін және оны бақылайтын жеке және заңды тұлғалардың аттары көрсетілуге тиіс.

      2. Үшінші тараптан қаржыландыру алатын дау тарапы осы баптың 1-тармағында аталған хабарламаны даудың екінші тарапына немесе ИДРХО шеңберіндегі төрелік жағдайында, даудың екінші тарапына және Бас хатшыға төрелік туралы хабарлама берілгеннен кейін немесе төрелік туралы хабарлама берілгеннен кейін үшінші тарапты қаржыландыру туралы келісім жасалғаннан кейін бірден беруге тиіс.

      3. Үшінші тараптың қаржыландыруы туралы хабарлама тағайындауға ұсынылған немесе тағайындалған кез келген төрешіге берілуге тиіс. Төрешілер дау тараптарының пікірінше ашық ақпарат, олардың тәуелсіздігіне немесе бейтараптылығына күмән тудыруы мүмкін бе немесе олардың біржақтылығын, мүдделер қақтығысын, қателігін немесе біржақтылығы көрінісін көрсетеді ме, жоқ па дегенді айқындайды.

      4. Нақты айқындылық үшін осы бап Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес үшінші тараптың қаржыландыруының құқықтық мәртебесіне және заңдылығына нұқсан келтірмейді.

30-бап

Шығыстарды қамтамасыз ету

      1. Трибунал даудағы тарап болып табылатын Тараптың ұсынысы бойынша шығыстардың өтелуін қамтамасыз етуді талап етуі мүмкін.

      2. Талапкерді шығыстарды қамтамасыз етуді беруге міндеттеу қажеттігін анықтау кезінде, трибунал үшінші тарапты қаржыландырудың болуын қоса алғанда, барлық тиісті мән-жайды ескеруге тиіс.

      3. Трибунал, егер:

      a) егер шығыстарды өтеу жауапкердің пайдасына болса, талапкер төлем жасай алмайды деп пайымдауға негіз болса; немесе

      b) талапкер төрелік талқылаудың салдарын болғызбау үшін кәсіпорынды құрылымдады немесе активтерді сатты деп пайымдауға негіз болса, шығыстарды қамтамасыз етуді тағайындайды.

      4. Егер талапкер трибунал тағайындаған шығыстарды қамтамасыз етуді төлемесе, трибунал төрелік талқылауды тоқтатады.

31-бап

Қолданылатын құқық

      1. Осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағына сәйкес талап қою берілген кезде осы баптың 2-тармағын ескере отырып, трибунал осы Келісімге және халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына сәйкес даулы мәселелерді шешеді.

      2. Осы Келісімнің ережелерін өзінің түсіндіруі туралы мәлімдейтін Тараптардың бірлескен шешімі кез келген ағымдағы немесе кейінгі дауды қарайтын сот үшін міндетті болып табылады және мұндай трибунал шығарған кез келген шешім немесе төрелік шешім осы бірлескен шешімге сәйкес келуге тиіс.

32-бап

Төрелік шешімдер

      1. Трибунал жауапкерге қатысты төрелік шешім шығаратын кездегі жағдайларда, ол жеке немесе жиынтығында:

      a) ақшалай залал және кез келген қолданылатын пайызды; және

      b) мүліктің реституциясын ғана тағайындай алады және бұл жағдайда шешім жауапкердің реституцияның орнына залалдың ақшалай өтемақысын және кез келген қолданылатын пайыздарды төлей алатынын көздеуге тиіс.

      Трибунал осы бөлімге және қолданылатын төрелік қағидаларға сәйкес адвокатқа шығыстары мен гонорарларды да тағайындай алады.

      2. Трибунал айыппұл санкцияларын тағайындай алмайды.

      3. Төрелік шешім жұртшылықтың назарына дереу жеткізілуге тиіс.

      4. Дау тарапы:

      а) ИДРХО Конвенциясына сәйкес шығарылған түпкілікті төрелік шешім жағдайында:

      (і) төрелік шешім шығарылған күннен бастап 120 күн өткенге және дау тараптарының бір де біреуі төрелік шешімді қайта қарауды немесе оның күшін жоюды талап етпегенге; немесе

      (іі) қайта қарау немесе күшін жою рәсімі аяқталғанға; және

      b) ИДРХО-ның Қосымша қағидаларына, ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне немесе осы Келісімнің 24-бабы 3-тармағының (d) тармақшасына сәйкес таңдалған қағидаларға сәйкес түпкілікті төрелік шешім жағдайында:

      (і) төрелік шешім шығарылған күннен бастап 90 күн өткенге және дау тараптарының бір де біреуі төрелік шешімді қайта қарау, оның күшін жою немесе оны бұзу жөніндегі талқылауды бастамағанға; немесе

      (іі) сот шешімді қайта қарау, оның күшін жою немесе оны бұзу туралы өтінішті қабылдамағанға немесе қанағаттандырғанға және одан әрі апелляция берілмегенге дейін түпкілікті төрелік шешімнің орындалуына ұмтылмайтын болады.

      5. Трибунал шығарған төрелік шешімнің, дау тараптарының арасындағы және нақты іске қатысты қатынастарды қоспағанда, міндетті күші болмайды.

      6. Осы бөлімде ештеңе де Орталық банктің мүлкін қоса алғанда, оның мемлекеттік меншігінің иммунитетіне қатысты Тараптардың кез келгенінің ұстанымын қозғаушы ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

33-бап

Сараптамалық қорытындылар

      Егер қолданылатын төрелік қағидаларда рұқсат етілсе, трибунал сарапшылардың басқа да түрлерін тағайындауға залал келтірмей даудағы тараптың өтініші бойынша немесе егер даудағы тараптар оны мақұлдамаса, өзінің жеке бастамасы бойынша бір немесе бірнеше сарапшыны тағайындауы, оған қоршаған ортаға, денсаулыққа, қауіпсіздікке немесе дау тараптары келісуі мүмкін осындай шарттарды ескере отырып, талқылау барысында дау тарапы көтерген басқа да ғылыми мәселелерге қатысты кез келген нақты мәселе бойынша жазбаша түрде хабарлауы мүмкін.

C бөлімі

Мемлекетаралық дауларды реттеу

34-бап

Консультациялар

      1. Тарап (талапкер Тарап) екінші Тараппен (жауапкер Тарап) дау туды деп есептеген жағдайда, ол жауапкер Тарапқа осы Тараптың кінәсіне жатқызылуы мүмкін және осы Келісімнің ережелерін бұзуға алып келетін кез келген әрекетке немесе әрекетсіздікке қатысты консультациялар жүргізу туралы жазбаша өтініш жібере алады.

      2. Консультацияға сұрау салуда қарастырылып отырған әрекетті немесе әрекетсіздікті көрсетуді және шағым үшін құқықтық негізді көрсетуді қоса алғанда, сұрау салудың себептері көрсетілуге тиіс.

      3. Егер консультацияға сұрау салу осы бөлімге сәйкес жасалса, жауапкер Тарап, егер өзара өзгеше келісілмесе, өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында сұрау салу алынған күннен кейін 30 күннен кешіктірілмейтін кезең ішінде адал ниетпен консультацияларға қосылады. Егер жауапкер Тарап сұрау салуды алған күннен кейін 30 күннен аспайтын кезең ішінде немесе өзара келісілген өзге де кезең ішінде консультацияға қосылмаса, онда консультациялар өткізуді сұраған талапкер Тарап осы бөлімге сәйкес дауды төрелікке тікелей ұсынуға кірісуі мүмкін.

35-бап

Дауды төрелікке беру

      1. Егер дау осы Келісімнің 34-бабына сәйкес консультацияға сұрау салу алынған күннен кейін 180 күн ішінде консультациялар арқылы реттелмесе, талап қоюшы Тарап осы Келісімнің 34-бабының 2-тармағында аталған сұрау салуды ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне сәйкес төрелікке ұсына алады.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қолданылатын және істі немесе мәселелерді осы бөлімге сәйкес төрелікке берген күні қолданыста болатын төрелік регламент Тараптар өзгерткен немесе осы Келісіммен өзгертілген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылауды реттейді.

      3. Талапкер Тарап төрелік туралы хабарламада талапкер Тарап тағайындайтын төрешінің атын ұсынуға тиіс.

36-бап

Трибуналдың құрамы

      1. Төреліктің құрамына үш төреші кіреді: дау Тараптарының әрқайсысы тағайындайтын, осы Тарап мемлекетінің азаматы болмауға тиіс бір төреші және дау Тараптарының келісімі бойынша тағайындалатын, төраға болып табылатын үшінші төреші.

      2. Егер жауап беретін Тарап төрешіні тағайындамаса немесе дау Тараптары трибунал төрағасын бірлесіп тағайындамаса, істі осы бөлімге сәйкес төрелікке берген күннен бастап 30 күн ішінде мұндай төрешіні немесе төрағаны Халықаралық соттың төрағасы өзінің қалауы бойынша тағайындайды.

      3. Егер Халықаралық соттың төрағасы Тараптардың кез келгені мемлекетінің азаматы немесе тұрақты тұрғыны болып табылса немесе ол өзге де себептер бойынша әрекет ете алмаса, Халықаралық соттың вице-төрағасына көрсетілген тағайындауларды жүргізу ұсынылады. Егер Халықаралық соттың вице-төрағасы Тараптардың кез келгені мемлекетінің азаматы немесе тұрақты тұрғыны болып табылса немесе ол өзге себептер бойынша әрекет ете алмаса, Тараптардың кез келгенінің азаматы да, мемлекетінің тұрақты тұрғыны да болып табылмайтын Халықаралық соттың дәрежесі бойынша жоғары тұратын келесі мүшесіне қажетті тағайындаулар жасау ұсынылады.

37-бап

Төрелікті жүргізу

      Дау Тараптарының жазбаша келісімінсіз трибуналдың amicus curiae дау Тарапы болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлғаның өтініштерін қабылдауға және қарауға өкілеттігі жоқ.

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, төреліктің орнын төрелік айқындайды.

38-бап

Шешімдер

      1. Трибунал төмендегілерден тұратын шешім шығара алады:

      a) егер Тараптар дауды шешу үшін бірлесіп сұратқан жағдайда жауапкер Тараптың осы Келісім бойынша міндеттемелерге және ұсынымдарға сәйкес әрекет етпегенін анықтау; немесе

      b) осы Келісімнің 21-бабының 4-тармағына сәйкес төрелікке берілген мәселе жағдайында осы Келісімнің 21-бабының 1 немесе 2-тармақтары жарамды қорғану болып табыла ма не табылмай ма және егер солай болып табылса, онда қандай дәрежеде екендігі туралы шешім.

      2. Осы бөлімге сәйкес құрылған трибунал шығарған шешімнің тек дау Тараптары үшін және нақты жағдайға қатысты ғана міндетті күші болады.

      3. Шешім осы баптың 1-тармағының (b) тармақшасына сәйкес шығарылатын жағдайларды қоспағанда, дау Тараптары осы бөлімге сәйкес құрылған трибуналдың шешімін кідіріссіз және адал сақтауға және орындауға тиіс.

      4. Төрешілер шеккен шығындарды және талқылауға байланысты басқа да шығыстарды Тараптар тең төлейді. Алайда, төрелік сот шығыстардың неғұрлым жоғары үлесін осы Келісімге және қолданылатын төрелік регламентке сәйкес Тараптардың бірі төлеуі үшін өз қалауы бойынша өкім шығара алады.


39-бап

Күшіне енуі, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қолданылу мерзімі және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      2. Осы Келісім 10 (он) жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібергенге дейін келесі онжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады. Осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 180 (бір жүз сексен) күн өткеннен кейін өзінің қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1992 жылғы 10 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім (бұдан әрі – 1992 жылғы келісім) өзінің қолданысын тоқтатады. Нақты айқындылық үшін 1992 жылғы келісімнің 12-бабы 4-тармағының қолданысы да тоқтатылады.

      4. Осы Келісімнің 3-тармағына қарамастан, наразылық 1992 жылғы келісімнің тиісті ережелеріне сәйкес орын алған кез келген әрекетке немесе фактіге немесе көрсетілген Келісімнің қолданылу кезеңінде болған кез келген жағдайға қатысты және осы Келісім күшіне енген күннен бастап 3 (үш) жылдан аспайтын уақыт өткен жағдайда берілуі мүмкін.

      5. Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

      6. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылып қамтылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің барлық қалған бабы осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап қосымша онжылдық кезең ішінде қолданылуын жалғастырады.

      7. Осы Келісімге қосымша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      Осыны куәландыру үшін тиісті үкіметтер тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды

      20___ жылғы " " __________ __________ әрбірі қазақ, орыс, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Қосымша

Экспроприация

      Тараптар төмендегілердің жалпы түсінігін растайды:

      1. Осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағы мемлекеттердің экспроприацияға қатысты міндеттемелеріне қатысты әдеттегі халықаралық құқықты көрсетуге арналған.

      2. Тараптың әрекеті немесе әрекеттер сериясы, егер олар инвестициялардағы материалдық немесе материалдық емес мүліктік құқықты немесе мүліктік мүддені қозғамаса, экспроприацияны білдіре алмайды.

      3.  Осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағында екі жағдай қаралады. Біріншісі – ол тікелей экспроприация, мұнда инвестициялар мемлекеттік меншікке алынады немесе өзге жағдайда меншік құқығын формальды түрде беру немесе тікелей алып қою арқылы тікелей экспроприацияланады.

      4. Осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағында қаралатын екінші жағдай – бұл жанама экспроприация, мұнда Тараптың әрекеті немесе әрекеттер сериясы меншік құқығын формальды түрде бермейтін немесе тікелей басып алмайтын тікелей экспроприацияға баламалы әсерге ие болады.

      a) Тараптың әрекеті немесе әрекеттер сериясы нақты іс жүзіндегі жағдайда жанама экспроприация болып табыла ма немесе табылмай ма екенін анықтау, әрбір нақты жағдайда өзге факторлардың арасында мыналарды ескеретін фактілерге негізделген тергеп-тексеру жүргізуді талап етеді:

      (і) үкімет әрекеттерінің экономикалық салдары, дегенмен, Тарап әрекетінің немесе әрекеттері сериясының инвестициялардың экономикалық құндылығына жағымсыз әсер ету фактісі өздігінен жанама экспроприацияның болғанын дәлелдемейді;

      (іі) үкіметтің әрекеті инвестициялармен бекітілген айқын, ақылға қонымды күтулерге қайшы келетін дәреже; және

      (ііі) үкімет әрекеттерінің сипаты, мақсаты және ұзақтығы.

      b) Сирек мән-жайларды қоспағанда, Тараптың қоғамдық мораль, қоғамдық тәртіп, қоғамдық денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоршаған орта сияқты қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттарын қорғау үшін әзірленген және қолданылатын кемсітусіз реттеу әрекеттері жанама экспроприацияны білдірмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады