"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 221–1 бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумақтарын қалыптастыру тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына мемлекеттік және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр | Е. Нағаспаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 года 15 шілдедегі |
|
| № 356 бұйрығымен бекітілген |
Аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумақтарын қалыптастыру тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумақтарын қалыптастыру тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 221-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және аукцион негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің аумақтарын қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Аукцион негізінде кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауының мынадай:
1) Кодекстің 22-бабының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуден бос және кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, қатты пайдалы қазбалардың қорлары және (немесе) ресурстары бар жер қойнауы учаскелері бойынша қатты пайдалы қазбаларды өндіруге;
2) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде анықталған учаскелер бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға.
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген аумақтарды қоспағанда, жарамсыз, ұзартылмаған немесе мерзімінен бұрын тоқтатылған деп танылған пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттардың аумақтары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған учаскелер беріледі.
3. Жер қойнауы учаскелерін қалыптастыруды геология саласындағы ұлттық оператор рәсімдердің ашықтығы және тең қолжетімділік қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырады.
2-тарау. Кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін жер қойнауы учаскелерін қалыптастыру
4. Кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған жер қойнауы учаскесі:
1) пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебінде пайдалы қатты қазбалар қорларының және (немесе) ресурстарының болуы;
2) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін учаскенің берілуіне кедергі келтіретін заңнамалық шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы кезінде қалыптастырылады.
5. Кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған жер қойнауы учаскесінің шекаралары кен орнының шекаралары, бекітілген қорлардың контурлары ескеріле отырып айқындалады.
6. Пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесі аумағының сыртқы шекаралары тіктөртбұрыш құрауы тиіс. Егер жер қойнауының табиғи ерекшеліктері немесе өзге учаскесінің шекаралары тиісті өндіру учаскесі аумағының сыртқы шекараларын тіктөртбұрыш түрінде анықтауға мүмкіндік бермесе, мұндай жер қойнауы учаскесінің аумағы кемінде екі қарама-қарсы жағы бір-біріне параллель болуы тиіс төртбұрыш нысанында болуы мүмкін.
7. Көрсетілген талаптарға сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесі аумағының сыртқы шекараларын анықтау мүмкін болмаған жағдайда, олар бұрыштардың ең аз саны бар көпбұрыш құра алады.
3-тарау. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша анықталған перспективалары бар пайдалы қатты қазбаларды барлау үшін жер қойнауы учаскелерін қалыптастыру
8. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған жер қойнауы учаскесі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу материалдарының негізінде қалыптастырылады. Қатты пайдалы қазбалар ресурстарының болуымен анықталған перспективалы учаскелер геологиялық және геофизикалық материалдармен расталады.
9. Шекараларды қалыптастыру геологиялық құрылымды ескере отырып, перспективалық алаңдарды жасанды бөлшектемей және қолданыстағы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялармен және келісімшарттармен қиылыспай жүзеге асырылады.
4-тарау. Кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлесіп барлауға және өндіруге тоқтатылған келісімшарттар бойынша жер қойнауы учаскелерін қалыптастыру
10. Кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған жер қойнауы учаскесі пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлесіп барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін қалыптастырылады.
Кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған жер қойнауы учаскесінің тізбесін қалыптастыру пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган геология саласындағы ұлттық операторға пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлесіп барлауға және өндіруге арналған келісімшартты тоқтату туралы ақпарат бергеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
11. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға, бірлескен барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы туралы ақпарат (бар болса) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою актілерін және (бар болса) жою жұмыстарын жүргізу қажеттілігінің жоқтығын растайтын барлау учаскесін (барлау учаскесінің бір бөлігін) тексеру актілерін қамтуға тиіс.
12. Учаскені қалыптастыру кезінде бұрын орындалған геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, анықталған ресурстар немесе қорлар, сондай-ақ шекараларды түзетудің орындылығы ескеріледі.
13. Жер қойнауы учаскелерінің шекаралары мемлекеттік координаттар жүйесінде кен орындарының геологиялық тұтастығын ескере отырып, тұйық көпбұрыш түрінде қалыптасады.
5-тарау. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына учаскелерді енгізу тәртібі
14. Қатты пайдалы қазбалар саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырған жер қойнауы учаскелерінің тізбесі және геологиялық, құқықтық және кеңістіктік талдау материалдары келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аукцион негізінде учаскелерді ұсыну үшін жер қойнауы учаскелерін мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (бұдан әрі - Бағдарлама) қосу туралы шешім қабылдайды.
15. Учаскелер жер қойнауын пайдалану құқығының түрін міндетті түрде көрсете отырып, бағдарламаға енгізіледі.
