"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 60-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалары бекітілсін.
2..Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1).осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Жолдау.
3..Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр генерал-майор | Ш. Әрінов |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 18 маусымдағы № 233 бұйрығымен бекітілген |
Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 60-13) тармақшасына сәйкес әзірленді және Министрліктің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар заңдылық, гуманизм, адам құқықтарын сақтау, медициналық этика, кәсібилік және өз жұмысының нәтижелері үшін жауапкершілік, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда кәсіби тәуелсіздік және ақылға қонымды дербестік қағидаттарына негізделеді.
3. Министрліктің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріндегі медициналық қызметтің медицина қызметкерлері өз қызметінде Қазақстан Республикасының Заңдарын, Президент пен Үкіметтің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
2-тарау. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру тәртібі
1-параграф. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріндегі медициналық қызмет
4. Министрліктің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріндегі медициналық қызмет (бұдан әрі – АҚ ӘБ медициналық қызметі) азаматтық қорғаныс әскери бөлімінің әскери-медициналық бөлімшесі болып табылады және әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетуге, оларды емдеуге, оңалтуға, тексеру (профилактикалық тексеру) комиссиясына жіберуге арналған.
5. АҚ ӘБ медициналық қызметтің міндеттері:
1) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі;
2) әскери қызметшілерді әскери-медициналық даярлау;
3) емдеу-профилактикалық іс-шаралар;
4) санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу;
5) салауатты өмір салтын насихаттау, гигиена қағидаларын оқыту;
6) дәрілік заттармен және медициналық мүлікпен жабдықтау жөніндегі іс-шаралар;
7) АҚ ӘБ медициналық қызметтің материалдық-техникалық базасын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар;
8) медициналық тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу;
9) әскери қызметшілерге тұрақты орналасу пункттерінде және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды орындау кезінде медициналық көмек көрсету;
10) жеке құрамды орналастыру, тамақтандыру, сумен жабдықтау, монша-кір жуу қызмет көрсетудің белгіленген нормалары мен қағидаларын сақтау шарттарын бақылау;
11) медициналық есепке алуды және есептілікті жүргізу болып табылады.
6. АҚ ӘБ медициналық қызмет көрсететін медициналық және фармацевтикалық қызмет лицензиялауға жатады. Медициналық көмек көрсету көлемі медициналық қызмет көрсетуге берілген лицензиямен айқындалады.
7. АҚ ӘБ медициналық қызмет медициналық пунктте орналастырылады.
8. Медициналық пункт әскери бөлімнің медициналық мекемесі болып табылады, онда мынадай үй-жайлар көзделеді:
1) әскери қызметшілерге арналған палаталар;
2) емдеу кабинеті;
3) инфекциялардың екі тобына арналған изолятор;
4) әскери қызметшілердің тамақтану бөлмесі;
5) медицина қызметкерлерінің кабинеттері;
6) санитарлық торап;
7) дәріхана үй-жайы;
8) қоймалар;
9) таңу кабинеті;
10) медициналық қалдықтарды сақтауға арналған үй-жайлар;
11) қосалқы үй-жайлар.
9. Медициналық пункттің жарақтандырылуы "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін бейбіт уақытқа медициналық мүлікпен қамтамасыз етудің заттай нормаларын бекіту туралы" Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 23 сәуірдағы № 153 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
10. АҚ ӘБ медициналық қызметтің жұмыс режимін АҚ ӘБ жұмыс регламентіне және күн тәртібіне сәйкес әскери бөлімнің командирі айқындайды.
11. АҚ ӘБ медициналық қызметінің лауазымды адамдары шаруашылық қызметті "Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпы әскери жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Ішкі қызметінің жарғысына (бұдан әрі – Ішкі қызмет жарғысы) және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
12. АҚ ӘБ медициналық қызметі мынадай емдеу-профилактикалық іс-шараларын жүргізеді:
1) олардың денсаулығына қолайсыз әсер ететін және аурулар мен жарақаттардың туындау себебі болып табылатын факторларды анықтау мақсатында әскери қызметшілердің оқу-жауынгерлік даярлығының, қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті мен тұрмыс жағдайларын зерделеу, сондай-ақ осы негізде кешенді емдеу-профилактикалық іс-шараларды әзірлеу және жүргізу;
2) жеке құрамның оқу-жауынгерлік даярлығы мен қызметтік-жауынгерлік қызметін, құрылыс, шаруашылық жұмыстарын медициналық қамтамасыз ету;
3) ауырған әскери қызметшілерді уақтылы анықтау, қажетті медициналық көмек көрсету, амбулаториялық және стационарлық емдеу;
4) "Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарында және Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 02 қарашадағы № 758 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21580 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияларына әскери-дәрігерлік сараптамаға жіберу;
5) гигиеналық білімді, салауатты өмір салтын насихаттау.
13. АҚ ӘБ медициналық қызметі әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын медициналық бақылау бойынша мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) Жауынгерлік даярлық, қызметте процесінде және тұрмыста жеке құрамды күнделікті медициналық бақылау;
2) медициналық қараулар;
3) медициналық зерттеулер;
4) әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын динамикалық бақылау.
14. Күнделікті медициналық бақылауды жүргізу кезінде динамикалық бақылауда тұрған, тамағы төмен адамдарға, кәсіптік зияндылықтардың әсер ету жағдайында жұмыс істейтін, жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы бойынша артта қалған әскери қызметшілерге, жас толықтыруларға, атап айтқанда оның жауынгерлік даярлық, қызметтік-жауынгерлік қызмет және тұрмыс жағдайларына бейімделуіне ерекше назар аударылады.
15. Күнделікті медициналық бақылауды медицина қызметкерлері тікелей оқу-жаттығу, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы бойынша сабақтар алдында, таңертеңгі тексерулер кезінде, қарауылға, нарядқа түсер алдында әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына шағымдарын сұрау, жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуіне, тез шаршағыштыққа, ентігуге, жүрек аймағындағы ауырсынуға шағымданатын адамдарды іріктеп тексеру және импульсті санау арқылы жүзеге асырады. Анықталған аурулары немесе олардың бастапқы белгілері бар, денсаулық жағдайына шағым жасаған әскери қызметшілер одан әрі тексеру үшін медициналық пунктке жіберіледі
16. Мына:
1) вакцинация жүргізер алдында – барлық жеке құрам;
2) күн сайын – азық-түлік қоймаларында, моншаларда тұрақты жұмыс істейтін адамдар – айғақтар бойынша, ал асханаға ауысуға кірісетін адамдар;
3) әскери бөлімге келген күні оларды бөлімшеге жібергенге дейін – әскери бөлімге жаңадан келген, демалыстардан, іссапарлардан және емдеу мекемелерінен оралған әскери қызметшілер;
4) жарыс алдында – спорттық жарыстарға қатысушы әскери қызметшілер;
5) рейске шықпас бұрын, көрсеткіштер бойынша экспресс-тесттер қолданылуы мүмкін: есірткіні сынау және алкостестілеу – жүргізушілер;
6) оларды гарнизондық гауптвахтаға жібермес бұрын – тәртіптік ретімен қамауға алынғандар;
7) белгіленген мерзімдерде – кәсіптік зияндылықтардың әсер ету жағдайында жұмыс істейтін және динамикалық бақылауда тұрған әскери қызметшілер;
8) монша үй-жайында жуу алдында – шақыру бойынша әскери қызметшілерге;
9) қарауылға, нарядқа түсер алдында – қарауыл мен тәуліктік нарядтың жеке құрамы;
10) ай сайын – аз тамақтануы бар жас толықтырудың арасынан шыққан адамдар медициналық тексеруден өтуге жатады.
17. Медициналық қызметкерлердің жарақаттануын уақтылы анықтау мақсатында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бөлімшелерінің офицерлерімен бірлесіп, бөлімше бойынша кезекшінің қатысуымен мерзімді қызмет әскери қызметшілердің дене тексеруі күн сайын жүргізіледі.
18. Әскери қызметшілерді медициналық тексеру жылына екі рет – қысқы және жазғы оқу кезеңдерінің басталуына дейін жүргізіледі. Медициналық тексеруді жүргізу уақыты, тәртібі мен орны командирдің бұйрығымен жарияланады. Демалыс және мереке күндері медициналық тексеруді тағайындауға жол берілмейді.
19. Барлық әскери қызметшілерді медициналық тексеру екі кезеңде жүргізіледі:
1) бірінші кезеңде антропометрия және АҚ ӘБ медициналық қызмет дәрігерінің тексеруі жүргізіледі;
2) екінші кезеңде жеке құрамға айғақтар бойынша вакцинация, кеуде қуысы органдарының флюорографиясы жүргізіледі, медициналық айғақтар бойынша динамикалық бақылауда тұрған жекелеген әскери қызметшілерге тиісті зертханалық, функционалдық зерттеулер жүргізіледі.
20. Жас толықтыруға медициналық тексеру әскери бөлімшеде болған алғашқы күндері жүргізілуі тиіс.
21. Жас толықтыруды медициналық тексерудің негізгі міндеттері мынадай адамдарды ерте анықтау:
1) соматикалық, инфекциялық, паразиттік аурулары бар адамдарды оқшаулау және стационарлық емдеуге жіберу;
2) туберкулезбен ауыру қаупі жоғары;
3) дене салмағының төмендеуімен;
4) анамнезінде өткен психиатриялық бұзылуларға, жүйке-психикалық тұрақсыздық көріністеріне, бас ми аурулары мен жарақаттарына, мектептегі үлгерімінің нашарлығына, мамандықты меңгерудегі қиындықтарға, алкогольді, есірткіні қолдану бейімділігіне көрсеткіштері бар болып табылады.
22. Медициналық көрсеткіштер бойынша функционалдық, зертханалық зерттеулер, сондай-ақ дәрігер-мамандардың консультациялары жүргізіледі.
23. Антропометрия нәтижесінде дене салмағының төмендеуі немесе гипотрофия анықталған әскери қызметшілер қосымша тексеруге жатады.
24. АҚ ӘБ медициналық қызметпен әскери қызметшілерді медициналық тексеруі бағалау жүргізуден тұрады:
1) жалпы жай-күйі;
2) тамақтану жай-күйі;
3) дененің тері және шырышты қабаттары, тірек-қимыл аппаратының, қан айналымы, тыныс алу, ас қорыту, жүйке және несеп-жыныс жүйесі органдары, сезім мүшелерінің дәйекті түрде зерттеледі.
25. Медициналық тексеру процесінде алдыңғы тексерумен салыстырғанда әскери қызметшінің денсаулық жағдайындағы өзгерістер, сондай-ақ бұрын тағайындалған емдеу-сауықтыру іс-шараларының тиімділігі бағаланады.
26. Медициналық тексерудің деректері бойынша әскери қызметшінің физикалық дамуы мен денсаулық жағдайының тобы анықталады.
27. Физикалық даму антропометрия, тамақтану жағдайы, бұлшықет жүйесінің даму деректер негізінде анықталады. Бұл ретте орташа, орташадан жоғары және орташа дене дамуынан төмен әскери қызметшілер бөлінеді.
2-параграф. Науқастарды емдеуді ұйымдастыру
28. Медициналық пунктке емделуге түсетін әскери қызметшілер іш киімдерін ауыстыра отырып, санитариялық өңдеуден өтеді. Санитарлық өңдеу АҚ ӘБ медициналық қызметінің қызметкерлерімен жүргізіледі. Қажет болған жағдайда науқастың киім-кешегі мен іш киімі дезинфекцияланады. Іш киім жууға тапсырылады.
29. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілер денсаулық жағдайына және дене бітімінің дамуына қарай үш топқа бөлінеді:
1) денсаулық жағдайының 1-тобы – "дені сау". Ауруы, физикалық даму кемістігі жоқ, сондай-ақ прогрессияға бейімділігі жоқ және жұмысқа қабілеттілігіне әсер етпейтін функционалдық және морфологиялық сипаттағы кейбір ауытқулары анықталған адамдар. Бұл топтағы адамдардың физикалық дамуы орташа немесе орташа деңгейден жоғары. Дене салмағының индексі - 18,5 кг / м2 және одан жоғары;
2) денсаулық жағдайының 2-ші тобы – "іс жүзінде сау". Жедел ауруларды, жарақаттарды, жаралануларды бастан өткерген және ағзалар мен жүйелер функцияларының елеусіз бұзылулары бар, еңбекке қабілеттілігін айтарлықтай төмендетпейтін, сондай-ақ амбулаториялық немесе стационарлық емдеуді, бақылауды талап ететін, мезгіл-мезгіл шиеленісіп тұратын созылмалы аурулары бар адамдардың әскери қызметшілері. Бұл адамдардың физикалық дамуын орташа немесе орташа деңгейден төмен деп бағаланады. Денсаулық жағдайының 2-ші тобына тамақтануы төмен адамдар да жатады (дене салмағының индексі 18,5 кг/м2 төмен). Денсаулық жағдайының 2-тобына жатқызылған әскери қызметшілердің бір бөлігі динамикалық бақылауға алынады;
3) денсаулық жағдайының 3-ші тобы – "созылмалы аурулары бар немесе өткен аурулар мен жарақаттардың салдары бар". Ішкі органдардың функциялары шамалы бұзылған және сирек асқынулары мен созылмалы аурулары бар әскери қызметшілер, сондай-ақ жарақаттар, уланулар, хирургиялық араласулар және сыртқы факторлардың басқа да әсерлері бар адамдар. Денсаулық жағдайының үшінші тобына жатқызылған әскери қызметшілер динамикалық бақылауға жатады. Жеке тәртіппен денсаулық жағдайының үшінші тобының әскери қызметшілеріне бақылау медициналық тексерулерінің (қараулардың) мерзімдері және қажетті емдеу-сауықтыру іс-шаралары тағайындалады.
30. Емдеуге түсетін әскери қызметшілерді дәрігер дереу тексереді. Тексеру кезінде шағымдар, аурудың және өмірдің тарихы зерттеледі, науқастың барлық мүшелері мен жүйелеріне клиникалық тексеру жүргізіледі, қажет болған жағдайда зертханалық, функционалдық және басқа зерттеулер жүргізіледі. Келіп түскен әскери қызметшіге стационарлық науқастың медициналық картасы (ауру тарихы) іске қосылады, науқас келіп түскен күннен бастап 3 тәуліктен кешіктірмей түпкілікті диагноз қойылады, күн сайын ауру күнделігі жүргізіледі, таңертең және кешке дене температурасы өлшенеді, тағайындау парағы жүргізіледі. Ауру тарихында, науқастың медициналық кітапшасында шығарылған кезде эпикриз жазылады.
31. Антибиотиктерді парентеральді енгізумен ем тағайындалған барлық науқастарға оларға сезімталдық сынамасы жүргізіледі. Сынама нәтижелері амбулаториялық науқастың медициналық картасының титулдық парағына жазылады және сынама нәтижелерін бағалайтын дәрігердің қолымен куәландырылады.
32. Науқастарды аралау күн сайын таңертең жүргізіледі. Емделуге түскендердің барлығы тәулік ішінде АҚ ӘБ медициналық қызмет бастығы тексереді. Кейіннен ол бұл науқастарды аптасына кемінде бір рет және шығарар алдында тексереді. Диагнозы мен ұсынымдары бар науқастарды қарау нәтижелері амбулаториялық науқастың медициналық картасына егжей-тегжейлі жазылады және қолтаңбамен бекітіледі.
33. Науқастарды емдеу кезінде емдеу режимін, дәрі-дәрмекпен емдеудің ұтымды режимдерін, хирургиялық әдістерді, дәрумендерді, физиотерапияны, дене шынықтыру, еңбек терапиясын қолдана отырып кешенді емдеу әдістері белсенді қолданылады.
34. Дәрігерлік тағайындауларды АҚ ӘБ медициналық қызметтің кезекші медицина қызметкері орындайды.
35. Кезекші медицина қызметкері күн сайын амбулаториялық картадан тағайындауларды іріктеп алады және оларды тағайындау парағына енгізеді. Тағайындау парағына сәйкес науқасқа дәрі-дәрмектер беріледі. Кезекші медицина қызметкері науқастардың медициналық пункттің ішкі тәртіп ережелерін орындауын қадағалайды.
36. Медициналық қызметкердің тәуліктік кезекшілігінен кейін ауысым күн сайын жұмыс күнінің басында, сағат 10:00-де медициналық құрамның қызметтік кеңесін өткізе отырып жүзеге асырылады, онда өткен тәуліктегі жұмыс нәтижелері бойынша кезекші медицина қызметкері және басқа да медицина қызметкерлері тыңдалады, қорытындылар шығарылады және ағымдағы күнге міндеттер қойылады. Тәуліктік кезекшілікке кезекшілік графигінің негізінде әскери бөлімнің барлық медицина қызметкерлері тартылады. Кезекшілікке түсетін медицина қызметкеріне нұсқама беруді АҚ ӘБ медициналық қызмет бастығы немесе оның орнындағы адам жүргізеді. Басқа түрлерге кезекшілік (қарауылдар, патрульдік-бекеттік қызмет бойынша) медицина қызметкерлері тартылмайды.
37. Медициналық емес мамандықтардың дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері (эпидемиолог, гигиенист, маман - фармацевт) қызметтің мүдделерін және мамандық бойынша лауазымдық міндеттерін орындауды ескере отырып, медициналық пункт бойынша кезекшілікке тартылады.
38. Кезекші медицина қызметкерінің баяндамасында мынадай мәселелер көрсетіледі: кезекшілік кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары; стационардағы науқастардың саны және олардың жай-күйі; стационарлық және амбулаториялық науқастардың дәрігерлік тағайындауларды орындауы; науқастардың науқастарға арналған күн тәртібі мен ережелерін орындауы, асхана жұмысын медициналық бақылау нәтижелері; шешуді талап ететін мәселелер.
39. Медициналық қызметкердің баяндамасы бойынша командир немесе оның орнындағы адам стационарлық емделуге мұқтаж науқастар анықталған жағдайда, науқасты дәрігердің қарауы және бейінді мамандардың консультациясы үшін оны уақтылы емдеуге жатқызуға қажетті шараларды қабылдайды.
40. Науқасты алып жүруге, екінші медицина қызметкері болмаған кезде, Штаттарында әскери қызметші тіркелген бөлімше бойынша кезекші немесе жауапты адам тартылады.
41. Науқасты емдеу мекемелеріне шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету үшін әскери бөлімде тұрақты түрде шығуға әзірлікте санитариялық автомобиль көзделеді. Санитариялық немесе басқа да арнайы жабдықталған медициналық көлікті тікелей мақсаты бойынша пайдалануға жол берілмейді. Санитариялық автомобиль болмаған жағдайда науқасты шұғыл тасымалдау үшін басқа көлік пайдаланылуы немесе жедел медициналық жәрдем вагоны шақырылуы мүмкін.
42. Әскери қызметші АҚ ӘБ медициналық қызметке жүгінген жағдайда мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) тексеру барысында денсаулыққа шағымдар, ауру анамнезі, өмір анамнезі анықталады;
2) дене температурасы, қан қысымы өлшенеді, жүрек соғу саны және тыныс алу саны 1 минутқа есептеледі;
3) амбулаториялық рәсіммен карточканы толтыра отырып емдеу тағайындалады;
4) мерзімді қызметтің әскери қызметшілерінде жоғарыда көрсетілген деректер медициналық кітапшада қайталанады;
5) стационарлық емделуге мұқтаж әскери қызметшілер көрсетілімдері бойынша әскери бөлімнің медициналық пунктіне немесе АҚ ӘБ тіркелген денсаулық сақтау органдарының медициналық мекемелеріне жатқызылады.
43. Әскери қызметшілер амбулаториялық және стационарлық емдеуден бас тартқан жағдайда, себебін көрсете отырып, олармен әскери бөлім командиріне баянаттар беріледі.
44. Әскери бөлімнен тыс жерде стационарлық емделіп жатқан науқастарды тексеру бекітілген график бойынша жүргізіледі.
45. Демалыстардағы және іссапарлардағы әскери қызметшілер орналасқан жері бойынша денсаулық сақтау органдарының медициналық мекемелерге, оның ішінде шұғыл айғақтар бойынша әскери бөлім командиріне кез келген қолжетімді тәсілмен хабарлай отырып, жатқызылады.
46. Жұқпалы ауруларға күдікті адамдарды және тасымалдаушыларды анықтау:
1) таңертеңгі тексерулерде және кешкі тексерулерде бөлімше командирлері мен медицина қызметкерлері жеке құрамға сұрау салу жолымен;
2) асхана бойынша кезекшілікке тағайындалатын адамдарды медициналық қарап-тексеру кезінде, сондай-ақ тамақтану, сумен жабдықтау және монша-кір жуу қызметтері қызметкерлерін медициналық тексеру кезінде;
3) амбулаториялық қабылдауда;
4) әскери бөлімге жаңадан келген және іссапарлардан, демалыстардан және емдеу мекемелерінен оралған әскери қызметшілерге медициналық қарап-тексерулер жүргізу кезінде;
5) әскери қызметшілердің дене тексерулері кезінде;
6) толықтыру қабылдау, жоспарлы медициналық қарап-тексерулер мен тексерулер кезінде жүргізіледі.
47. Анықталған инфекциялық ауруға күдікті адамдар медициналық пункттің изоляторына орналастырылады.
48. Штаттық изолятор болмаған жағдайда инфекциялық науқастар алдын ала көзделген үй-жайда оқшауланады. Тұлғалар тексеру, диагноз қою, медициналық көмек көрсету және эпидемиологиялық анамнез жинау үшін бір тәуліктен аспайтын мерзімге изоляторға орналастырылады. Жұқпалы аурулар дәрігерінің кеңесінен кейін науқастарды изоляторда емдеу үшін қалдыруға рұқсат етіледі.
49. Денсаулық сақтау органдарының медициналық мекемелеріне медициналық пункттің изоляторынан эвакуациялау осы мақсат үшін арнайы бөлінген әскери бөлімнің санитариялық немесе басқа көлігінде жүргізіледі.
50. Инфекциялық науқасты сүйемелдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектері бар медицина қызметкері, шұғыл көмек көрсету үшін, сондай-ақ инфекциялық аурудың сипатына сәйкес науқастарға күтім жасау заттары және дезинфекциялау құралдары тағайындалады.
51. Инфекциялық науқастың анықталуы, денсаулық сақтау органдарының арнайы мекемелерімен эпидемиологиялық тексеру нәтижелері және жүргізілетін іс-шаралар туралы АҚ ӘБ медициналық қызмет бастығы белгіленген тәртіппен командирге, жоғары тұрған бастыққа және ҚР ТЖМ Медициналық-психологиялық қызмет басқармасына баяндайды.
52. Эпидемиялық ошақта жеке құрамның мінез-құлқының ерекше режимін қамтамасыз ететін режимдік-шектеу іс-шаралары жүргізіледі. Бұл шаралардың сипаты инфекцияның эпидемиологиялық ерекшеліктерімен және жағдайдың нақты мән-жайымен анықталады.
53. Режимдік-шектеу іс-шараларының мынадай түрлері айрықшаланады: күшейтілген медициналық бақылау, обсервациялық бақылау және карантин.
54. Күшейтілген медициналық бақылау медициналық қызмет бастығының нұсқауы бойынша жүргізіледі.
55. Азаматтық қорғаныс әскери бөліміндегі карантин АҚ ӘБ командирінің бұйрығымен белгіленеді және жойылады.
56. Медициналық қызмет жеке құрамды жұқпалы аурулардан қорғауды қамтамасыз ететін эпидемияға қарсы іс-шараларды (иммунопрофилактика және шұғыл профилактика) жүргізеді.
57. Екпе жүргізу тәртібі азаматтық қорғаныс әскери бөлімі командирінің бұйрығымен белгіленеді, онда дайындық іс-шаралары, вакцинациялау, егілгендерді бақылау және алынған нәтижелерді тіркеу көрсетіледі.
3-параграф. Медициналық есеп пен есептілікті ұйымдастыру
58. Медициналық есепке алу және есеп беру мынадай мақсатта жүргізіледі:
1) әскери бөлімдерді, құрамаларды медициналық қамтамасыз етуін ұйымдастыру үшін қажетті медициналық-статистикалық деректерді алу;
2) АҚ ӘБ медициналық қызметтің күштері мен құралдарына жедел басшылық жасау;
3) АҚ ӘБ медициналық қызмет жүргізетін іс-шаралардың тиімділігін, уақыттылығын бақылау;
4) медициналық қамтамасыз етудің жай-күйі туралы қолбасшылықты және жоғары тұрған бастықты уақытылы ақпараттандыру;
5) АҚ ӘБ медициналық қызмет жұмысының нәтижелерін зерделеу және қорытындылау.
59. Медициналық есепке алу мен есептілікке қойылатын негізгі талаптар-анықтығы, толықтығы, салыстырмалылығы, сабақтастығы және уақыттылығы. Медициналық есепке алу және есептілік құжаттарымен жұмыс істеу тәртібі дербес деректерді жария ету мүмкіндігін болғызбау.
60. Бейбіт уақытта жеке құрамның денсаулық жағдайының көрсеткіші АҚ ӘБ медициналық қызмет жұмысының негізгі бағалау критерийлерінің бірі болып табылады.
61. Медициналық қызметтің негізгі есепке алу құжаттарына мыналар жатады:
1) науқастың амбулаторлық медициналық картасы;
2) амбулаториядағы науқастарды есепке алу кітабы;
3) бөлімде және одан тыс жерлерде стационарлық емдеудегі науқастарды есепке алу кітабы;
4) динамикалық байқауды талап ететін адамдарды есепке алу кітабы;
5) стационарлық науқастың медициналық картасы (ауру тарихы).
62. Әскери қызметшілердің аурушаңдығын талдау сырқаттанушылықтың әрбір түрінің жиілік (деңгей) көрсеткіштерін есептеу арқылы жүргізіледі. Бұдан басқа, ауру құрылымының көрсеткіштері анықталады (тіркелген аурулардың жалпы санына пайызбен).
63. Жұқпалы аурушаңдықты зерделеу кезінде есепке алу бірлігі инфекциялық аурудың әрбір жағдайы, ал жарақаттануды зерделеу кезінде - әскери қызметшінің еңбегін жоғалтуға немесе өліміне әкеп соққан жарақат жағдайы болып табылады.
64. Ауру бойынша қызметтен босатудың барлық жағдайлары және әскери қызметшілердің қаза табу жағдайлары медициналық есепке алу құжаттарында себептерін көрсетумен тіркеледі, медициналық есепке және оған түсіндірме жазбасына енгізіледі.
65. Медициналық қызметінің жұмысы мына көрсеткіштермен сипатталады:
1) өтінішхат, күніне өтініштердің орташа саны;
2) өтініштердің қайталануы;
3) емдеуге жатқызылған әскери қызметшілерді емдеу орнына қарай бөліну (медициналық пункт, лазарет, денсаулық сақтаудың басқа ведомстволық құрылымдарының емдеу мекемелері);
4) штаттық және орналастырылған төсектерді пайдалану; медициналық пунктте аурулардың сыныптары, топтары және нысандары бойынша емделген науқастардың құрылымы;
5) аурулардың әртүрлі нысандарымен ауыратын науқастарды емдеудің орташа ұзақтығы; емдеу-диагностикалық іс-шаралардың толықтығы мен сапасы;
6) медициналық пунктте емделген бір науқасқа және 100 амбулаториялық науқасқа зертханалық, функционалдық зерттеулер мен физиопроцедуралардың орташа саны;
7) дәрілік заттармен және техникамен қамтамасыз етілуі.
5 параграф. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің медициналық қызметтегі санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар
66. АҚ ӘБ медициналық қызметі мынадай санитариялық-эпидемиологиялық және санитариялық-гигиеналық іс-шараларды:
1) әскери қызметшілерді орналастыру шарттарын және тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, құрылыстардың және әскери бөлім аумағының санитарлық жай-күйін бағалау;
2) әскери бөлімнің үй-жайлары мен аумағында тазалықты сақтауды, сумен жабдықтаудың, жылу берудің, желдетудің, кәріздің және қатты қалдықтарды шығарудың тиімді жұмысын тексеру;
3) гигиеналық нормалар мен санитариялық қағидалардың орындалу дәрежесін ескере отырып, далалық тұрғын үйлердің, асханалардың, дәретханалардың, сондай-ақ медициналық пункттерді өрістетуге арналған үй-жайлардың жеке құрамды далалық жағдайларда орналастыруға әзірлігін тексеру;
4) бөлімшелер орындайтын міндеттер мен әскери қызметшілердің далалық тұрмыс жағдайларын ескере отырып, гигиеналық білімді насихаттау жөніндегі жұмыс.
5) лагерь аумағының, оқу алаңдары мен атыс алаңдарының санитариялық жай-күйін бағалау; жинау кезеңділігінің сақталуын және қалдықтар мен кірлерді уақтылы жоюды, сондай-ақ ұйымдастырылған қоқыс үйінділерін пайдалану жөніндегі талаптардың орындалуын тексеру;
6) су сапасын мерзімді тексеру;
7) әскери қызметшілерді жуудың реттілігін және онымен қамтудың толықтығын, іш киімдер мен төсек-орындарды ауыстыруды, сондай-ақ монша сүлгілерімен, сабынмен және жуғыштармен қамтамасыз етілуін тексеру;
8) әскери қызметшілердің тамақтануын бақылау;
9) әскери қызметшілердің салқын тиюі мен қызып кетуінің алдын алу жөніндегі талаптардың орындалуын тексеру;
10) әскери қызметшілердің дене жүктемелерінің шамасы мен қарқындылығының сәйкестігін бағалау.
11) санитариялық-эпидемиологиялық барлауды, байқауды, зерттеп-қарауды және эпидемиологиялық талдауды қамтитын эпидемиологиялық диагностика
12) антропоноздық инфекциялардың көздерін бейтараптандыру мақсатында оқшаулау, емдеу-диагностикалық және режимдік - шектеу іс-шаралары жүргізіледі;
13) зооноздық инфекциялар көздерін бейтараптандыру мақсатында-ветеринариялық-санитариялық және дератизациялық іс-шаралары жүзеге асырылады.