"Абай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Абай ауданының әкімдігінің 2025 жылғы 12 маусымдағы № 30/02 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Абай ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген "Абай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулыдан шығатын басқа да шаралар қабылдансын.

      3. Заңды тұлғаның орналасқан жері Қарағанды облысы, Абай ауданы, Абай қаласы, Әлия Молдағұлова көшесі, 41 құрылысқа ауыстырылсын.

      4. Абай ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 18 қыркүйектегі "Абай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" № 58/02 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің аппарат басшысына жүктелсін.

      Абай ауданының әкімі С. Оспанов

  Абай ауданы әкімдігінің
2025 жылғы 12 маусымдағы
№30/02 қаулысына қосымша

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Абай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) Абай ауданының аумағында жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласында, өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық саясат, инвестициялар, сыртқы экономикалық байланыстар және туризм салаларында үйлестіру және есепке алу, кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерінде басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомствосы жоқ.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлім құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қарағанды облысы, Абай ауданы, Абай қаласы, Әлия Молдағұлова көшесі, 41 құрылыс.

      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері.

      13. Мақсаттары:

      1) кәсіпкерлік қызметті қорғауды және қолдауды қамтамасыз ету;

      2) кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау;

      3) өнеркәсіп салалары мен инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдайлар жасау.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, аудан аумағында орналасқан мемлекеттік органдар мен мекемелерден Бөлімге жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті ақпаратты сұрату және алу;

      - Бөлім өзіне жүктелген функцияларға сәйкес жүргізетін іс-шараларды жүзеге асыруға келісім бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын тарту;

      - аудан әкімінің және әкімдігінің қарауына өз құзыретіне жататын мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар енгізуге;

      - Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіпте кеңестер шақыру;

      - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен берілген өзге де құқықтарды пайдалану.

      2) міндеттері:

      - Қазақстан Республикасының "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 39-4 бабына сәйкес талаптарды сақтау;

      - осы Ереженің талаптарын сақтау;

      - Бөлімді қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

      15. Функциялары:

      1) кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті және индустриялық-инновациялық дамытуды қолдау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) өңірде шағын кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құруға және дамытуға жәрдемдесу;

      3) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындау;

      4) сараптамалық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;

      5) жергілікті деңгейде кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету;

      6) ауданның кәсіпорындарында мониторинг жүргізу, деректер жинау және өңдеу жолымен кәсіпкерлік, өнеркәсіп, сауда және туризм салаларында жағдайды талдау және болжау, инвестициялық ахуалды және индустриялық-инновациялық дамуды жақсарту үшін үрдістерді анықтау және ұсыныстар дайындау;

      7) аудан аумағында сауда қызметіне қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар әзірлеу;

      8) өз құзыреті шегінде ішкі сауда субъектілерінің қызметін реттеуді жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 199-бабында көзделген "Қазақстан Республикасы заңнамасының темекiні және темекi бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді сату, темекіге, темекі бұйымдарына демеушілік ету жөнiндегi, сондай-ақ темекi бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді имитациялайтын тауарларды өндiру, сату және тарату жөнiндегi талаптарын бұзу" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      10) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-бабында көзделген "Белгiленбеген орындарда сауда жасау" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      11) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 405-бабында көзделген "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру кезінде шекті сауда үстемесін сақтамау" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      12) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 455-бабының бірінші бөлімінің 1), 2), 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында, екінші, үшінші және бесінші бөлімдерінде көзделген "Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасын бұзу" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      14) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыру;

      15) өз құзыреті шегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеу және іске асыру;

      16) кәсіпкерлікке қаржылық, техникалық және консультациялық көмек көрсету мәселелерінде халықаралық және отандық қаржы институттарымен, басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;

      17) кәсіпкерлік және өнеркәсіп мәселелері бойынша кеңестерді, семинарларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;

      18) Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тұрғындар, кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      19) Бөлім қызметкерлерінің біліктілігін және кәсіби деңгейін арттыру бойынша шараларды жүзеге асыру;

      20) азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтердің саудамен, тамақпен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бөлігіндегі жұмысын ұйымдастыру;

      21) азаматтардың хаттарын, шағымдарын, ұсыныстары мен өтініштерін белгіленген тәртіппен қарау;

      22) құзыретіне сәйкес кәсіпкерлікті қорғау, қолдау және дамыту проблемалары бойынша қабылдау болжанатын заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ұсыныстар әзірлеу;

      23) оларға қатысты әкімші болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, негіздеу, іске асыру және нәтижелерге қол жеткізу;

      24) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру;

      25) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжат айналымын жүргізу;

      26) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген басқа да функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері.

      16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының өз орынбасарлары жоқ.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады және Бөлімнің барлық қызметкерлеріне орындалуға міндетті нұсқаулар береді, келісім-шарттар жасайды;

      2) Бөлім қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      3) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық органдар мен ұйымдарда Бөлім атынан өкілдік етеді;

      5) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді және ол үшін дербес жауапты болады;

      6) құжаттардың орындалу барысын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі.

      20. Бөлімге заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлім мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату.

      23. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады