Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы осы жолдауы Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасын іске асыру мақсатында дайындалды.
2025 жылғы Жолдау адамға бағдарланған қағидаттар басымдығын көрсететін, осы жылы атап өтілетін: Конституцияның 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы, биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау секілді бірнеше маңызды тарихи және қоғамдық маңызы бар оқиғалармен ерекше өзекті болып табылады.
1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Негізгі Заң адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы болып табылатынын бекітіп берді. Жыл сайын атап өтілетін Жеңіс күні бізге бейбітшілік пен адам өмірінің құндылығын еске салып отырады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі бірлікті, теңдік пен кемсітпеуді сақтаудың, елімізде этномәдени әртүрліліктің болуының маңыздылығына қоғам назарын аударып келеді. Жүмысшы мамандығын атқарып жүрген адамдарға құрмет көрсету қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық идеяларының орнықты даму мәселелерінде басым болып табылатынын растайды.
Адамға бағдарланған тәсіл адам құқықтарының мемлекеттік саясатта басым екенін бекітеді. Конституциялық заңдылық Конституция үстемдігін қамтамасыз етеді және осы құқықтардың практикада іске асырылуына кепілдік береді.
Бұлардың арасында тікелей байланыс бар: Конституцияны сақтамай, адамға бағдарланған қағидаттарды толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес.
Қазіргі сын-қатерлер жағдайында, әлеуметтік, технологиялық, геосаяси жағдайларда конституциялық нормалардың сақталуына күшейтілген бақылаудың қажеттігі артып келеді. Конституциялық заңдылық - бұл құқықтар ғана емес, сонымен бірге міндеттер. Бұлардың арасында: басқалардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, жария тәртіпті сақтау. Конституциялық нормалар - жеке бас бостандығы мен қоғамдық игіліктің құқықтық тепе-теңдігін, ал мемлекеттік билік үшін тежемелік әрі тепе-теңдік және жауапты өзара іс-қимыл жасау жүйесін көрсетеді. Әрбір құқықтың артында міндеті түр: мемлекет тарапынан - қамтамасыз ету, жеке адам тарапынан - сақтау. Әрбір қағидаттың артында жауапкершілік бар: институционалдық, құқық шығарушылық, басқарушылық. Осылайша, Конституция үстемдігі, әділдік және есеп беру қағидаттарын бекітуге арналған бағдарлар Мемлекет басшысы белгілеп берген "Заң және Тәртіп" формуласының мазмұнын құрайды, оған сәйкес заң қатынастарды реттеудің құқықтық тетігі ғана емес, сонымен қатар теріс пайдаланудан және құқық бұзушылықтардан қорғау туралы да болып табылады.
Азаматтардың өтініштері - конституциялық заңдылық жай-күйінің индикаторы
Конституциялық Сот өз қызметіне кіріскеннен бері 10,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың үштен бір бөлігі 2024 жылға тиесілі. Азаматтардың барлық өтініш субъектілерінің басым көпшілігін қурауы жалғасып келеді.
Азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік рәсімдік-процестік, Салық, Азаматтық, Азаматтық процестік, Жер және Әлеуметтік кодекстердің нормаларына қатысты болды.
Заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстармен және оның жекелеген ережелерінің мәнін түсіндіруге өтініш білдірген азаматтардың саны едәуір өсті. Егер ұсыныстар азаматтардың заңдар сапасына қызығушылығын көрсетсе және құқық қолдану практикасын ескере отырып, оларды талқылауға қатысу ниетін білдірсе, онда түсіндіру туралы сұрау салулар құқықтық айқындылық пен анықтықты, заңнама нормаларын біркелкі түсінуді қамтамасыз өту мақсатында заң шығару және құқық түсіндіру қызметін күшейту қажеттігін растайды.
Осыған байланысты Әділет министрлігінің үйлестіруші орган ретінде "Ашық НҚА" электрондық порталын жаңғырту кезінде және жасанды интеллектіні пайдалана отырып, цифрлық құралдар мен мүмкіндіктерді қолдануды кеңейтуге бағдарланған виртуалды заң консультацияларын ұйымдастыру бөлігінде құқықтық ақпараттық қызмет жобасы шеңберінде ескеру үшін осы екі санат бойынша азаматтардың алаңдаушылығын туғызатын мәселелер мен ұсыныстарға талдау жүргізуі орынды болады.
Заң шығару - конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің шарты
Конституциялық Сот өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде дербес және тәуелсіз, биліктің үш тармағының ешқайсысына кірмейді, Конституцияны және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Конституциялық заңды басшылыққа алады. Мұндай құқықтық модель биліктің бөліну қағидатын көрсетеді және конституциялық бақылауды жүзеге асырудың объективтілігі мен бейтараптылығының кепілі болып табылады.
Құқық қолдану практикасында конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету Конституциялық Сот шешімдерін іске асыру арқылы өзге де мемлекеттік органдар мен соттарға жүктеледі.
Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау міндеттілігі олардың Қазақстан Республикасының құқық дереккөздері жүйесіндегі ерекше мәртебесімен айқындалады. Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, соттарының және құқық қорғау органдарының Конституциялық Сот қабылдаған шешімдерге құқықтық актілердің конституциялық емес деп танылған нормаларын қайта қарау, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу және анықталған олқылықтарды жою арқылы жедел ден қоюы Конституция үстемдігін қамтамасыз етуде және адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
Конституциялық Сот өз қызметін бастағалы бері конституциялық іс жүргізу нәтижелері бойынша барлығы 71 қорытынды шешім қабылдады, олардың 14-і бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік органдар заңнамалық ұсыныстар мен құқық қолдану практикасы бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмысын жүргізіп жатыр.
33 нормативтік қаулы қаралған нормаларды жетілдіру бойынша одан әрі шаралар қабылдау не Конституциялық Сот берген түсіндірмеге сәйкес құқық қолдану практикасында орындалуын қамтамасыз ету арқылы іске асырылды (2023 жылғы 10 қаңтардағы № 2, 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4, 2023 жылғы 27 наурыздағы № 5, 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6, 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7, 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10, 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11, 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НҚ, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 17-НҚ, 2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ, 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 23-НҚ, 2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 28-НҚ, 2023 жылғы 6 қазандағы № 33-НҚ, 2023 жылғы 27 қазандағы № 34-НҚ, 2023 жылғы 16 қарашадағы № 35-НҚ, 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 39-НҚ, 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 56-НҚ, 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 58-НҚ, 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 59-НҚ, 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61 -НҚ, 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62-НҚ, 2025 жылғы 26 ақпандағы № 67-НҚ, 2025 жылғы 23 сәуірдегі № 71-НҚ нормативтік қаулылар).
Конституциялық бақылау нәтижелері бойынша 2024 жыл - 2025 жылғы маусым аралығында 33 нормативтік қаулы қабылданды, оның ішінде Бас Прокурордың тұрғын үйден айыру және сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу әрекеттері мен қылмыстық-процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялау мәселелері бойынша прокуратура функцияларына қатысты Конституцияның жекелөген ережелері жөніндегі екі өтініші бойынша Конституция нормаларына ресми түсіндірме берілді.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері норма шығару процесіне қатысушыларды оларды орындау шараларын таңдауда шектемейтінін атап өту керек. Шешімдердегі тұжырымдамалық сипатғағы құқықтық ұстанымдар тиісті органдарға мәселелерді дербес пысықтауға және анықталған проблемаларды өз құзыреті шегінде кешенді шешуге түрткі болады. Бүл Конституциялық Соттың түпкілікті түйінді тұжырымдау кезінде іс жүргізуге қабылданған өтініш шегінен шығуға құқылы еместігіне байланысты, сонымен қатар ол Үкімет пен мүдделі мемлекеттік органдардың назар аударуын талап ететін құқықтық ұстанымдар беруге құқылы.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері уақтылы орындалмаған немесе формальды түрде орындалған жағдайда құқықтық екіұштылықтың және мөлшерлес болмаудың сақталу қаупі туындауы мүмкін, бұлар, әдетте, азаматтар мен қоғамның заңға деген сенімін азайтуға және конституциялық заңдылық негіздерін нашарлатуға алып келеді.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріне сәйкес:
жеке тұлғалардан сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттары бойынша алынатын мемлекеттік баж мөлшері оңтайландырылды және мемлекеттік бажды кейінге қалдырып төлеуге қолжетімділік енгізілді (2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулы);
Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы деңгейлердің, мақсаттардың, міндеттердің және мемлекеттік саясат саласындағы өкілеттіктердің аражігі ажыратылды; министрліктердің тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыруы туралы норма бекітілді (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулы);
судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту негіздері, оның ішінде "сот істерін қараған кезде заңдылықты өрескел бұзу" ұғымы нақтыланды (2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулы);
судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау рәсімдеріне өкілдердің қатысу мүмкіндігі енгізілді (2023жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулы);
әкімшілік сот ісін жүргізуде апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхатын беру мерзімдерін - сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептеу тәртібі нақтыланды (2023 жылғы 6 қазандағы № 33-НҚ нормативтік қаулы);
көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған, оны басқаруға құқығы жоқ адамдар емтихан тапсыруға жеті жыл бойы жіберілмейді деп белгіленді (2023 жылғы 27 қазандағы № 34-НҚ нормативтік қаулы);
кассациялық сатыда сот арқылы қорғалу құқығының кепілдіктері күшейтілді: шағымдарды алдын ала қарау рәсімінің күші жойылды, қылмыстық іс материалдарын талап етіп алдыру міндеті бекітілді, іс-әрекеттің саралануына және өзге де өлшемшарттарға қарамастан процестің барлық қатысушыларының кассациялық қайта қарауға тең қол жеткізуі қамтамасыз етілді (2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулылар);
бұрын өздері тартылған жауаптылық түрлері мен салдары ескеріле отырып, мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптар нақтыланды (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылар);
әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қайта қарау мүмкіндігі кеңейтіле отырып, сот арқылы қорғалу құқығының кепілдіктері күшейтіледі (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НҚ нормативтік қаулы);
отбасы мүшелерімен әлеуметтік байланыстарды сақтап тұру бөлігінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қатысты кемсітушілік алып тасталды (2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 нормативтік қаулы);
бала асырап алуға кандидатқа қойылатын талап отбасын, ана мен әкені және баланы қорғау туралы конституциялық кепілдіктерге сәйкес нақтыланды (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулы);
"пара беруге арандату" ұғымы нақтыланды (2023 жылғы 16 қарашадағы № 35-НҚ нормативтік қаулы);
бір борышкерге қатысты бірнеше атқарушылық іс жүргізу жағдайында кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент өндіріп алу шарттары нақтыланды (2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 58-НҚ нормативтік қаулы);
біркелкілік құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органның бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаларға заңда белгіленген ден қою алгоритміне Конституцияға сәйкес түсіндірме берілді (2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61-НҚ нормативтік қаулы);
әскери қызметшілердің ақшалай ризығына қатысты ведомстволық қағидалардағы конституциялық емес деп танылған нормалардың күші жойылды (2025 жылғы 24 қаңтардағы № 62-НҚ нормативтік қаулы);
сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы істерді соттардың қарау практикасына қатысты заңға тәуелді деңгейдегі актілердің конституциялық емес деп танылған нормаларының күші жойылды (2024 жылғы 9 қазандағы № 53-НҚ нормативтік қаулы);
жазаны өтеудің қатаң жағдайларында және тәртіптік изоляторда ұсталған кезеңде білікті заң көмегін және медициналық көмек алуға қол жеткізу мақсатында сотталушының телефон арқылы сөйлесу құқығы бөлігінде Қылмыстық-атқару кодексінің нормаларына түсіндірме берілді (2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 60-НҚ нормативтік қаулы);
қай аумақтың соттылығына жататынын айқындау тәсілдері, оның ішінде ұзаққа созылған (жалғасатын) қылмыстар жасалған жағдайдағы тәсілдер (2024 жылғы 9 қазандағы № 52-НҚ нормативтік қаулы) нақтыланды;
кәсіпкерлік пен ұйымдасқан қылмысты саралаудың құқықтық тәсілдері тұжырымдалды (2025 жылғы 25 маусымдағы № 72-НҚ нормативтік қаулы) және тағы басқалар.
Конституциялық Соттың жекелеген нормативтік қаулыларын орындау мақсатында бірқатар заңнамалық ұсыныс жаңа редакциядағы Салық кодексі және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң шеңберінде қаралды (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ, 2023 жылғы 20 шілдедегі № 24-НҚ, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ, 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ, 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 37-НҚ, 2024 жылғы 11 шілдедегі № 48-НҚ, 2024 жылғы 26 шілдедегі № 50-НҚ нормативтік қаулылар);
Қазіргі уақытта конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін орындау жөніндегі ұсыныстарды Парламент мынадай заң жобалары шеңберінде қарап жатыр:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ нормативтік қаулы);
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулы);
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (2023 жылғы 6 қазандағы № 32-НҚ, 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 40-НҚ, 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ, 2024 жылғы 28 маусымдағы № 46-НҚ, 2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 51-НҚ, 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 55-НҚ нормативтік қаулылар);
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы, адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсетуді жетілдіру, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (2024 жылғы 24 сәуірдегі № 42-НҚ, 2024 жылғы 4 мамырдағы № 43-НҚ, 2024 жылғы 16 мамырдағы № 44-НҚ, 2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ, 2024 жылғы 5 шілдедегі № 47-НҚ, 2024 жылғы 9 қазандағы № 52-НҚ, 2024 жылғы 9 қазандағы № 53-НҚ нормативтік қаулылар).
Конституциялық Соттың сегіз нормативтік қаулыда баяндалған құқықтық ұстанымдарының едәуір бөлігі (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ, 2023 жылғы 20 шілдедегі № 24-НҚ, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ, 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ, 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 37-НҚ, 2024 жылғы 11 шілдедегі № 48-НҚ нормативтік қаулылар) бүгінгі таңда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" бір кешенді Заң шеңберінде іске асырылды, бұл қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-процестік нормаларды Конституциялық Сот актілерінде бекітілген конституциялық стандарттарға сәйкес келтіру бойынша Парламенттің, Үкіметтің және мүдделі мемлекеттік органдардың тоғысқан көзқарасын растайды.
Прокуратураның қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін негізсіз шектеуден немесе олардың құқықтарының бұзылуынан қорғауға жоғары қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларына қатысты түзетулерді депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы, адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсетуді жетілдіру, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы шеңберінде талқылауда.
Конституциялық заңдылықтың сақталуына бағытталған қорытынды шешімдерді орындаудың дәйекті әрі тиімді процесін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, Парламент Мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарауына қабылдады. Оны ілгерілету конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін орындау, құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың конституциялық кепілдігін сақтау тетігін күшейтуге ықпал ететін болады.
Қорытынды шешімдердің орындалуына прокурорлық қадағалау және сот бақылауы – конституциялық заңдылық кепілі
Прокурорлық қадағалау және сот бақылауы заңдарды біркелкі қолдануды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметінде конституциялық нормалардың бұзылуын дер кезінде анықтауды және оларды жоюды қамтамасыз ете отырып, конституциялық заңдылықтың кепілдіктер жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Мысалы, Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерінің призмасы арқылы аумақтық прокурорлар 20 мың қылмыстық істі (2024 жылы – 13 мың, 2025 жылдың өткен кезеңінде – 7 мың), 8,5 мыңнан астам азаматтық істі (2024 жылы – 3,5 мың, 2025 жылдың өткен кезеңінде – 5 мың) зерделеді.
Батыс Қазақстан облысында бұрын лауазымынан заңсыз босатылған азамат жұмысқа қайта қабылданды. Сот істі қайта қараған кезде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын ескерген (2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулы).
Солтүстік Қазақстан облысында медицина қызметкерлерін шақыру туралы өтінішін әкімшіліктің елемеуіне байланысты дене мүшесін зақымдау актісін жасаған сотталған адамды изоляторға жабу туралы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бастығының 2024 жылы қабылдаған заңсыз қаулысы анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мекеме бастығы қаулысының күші жойылды, сотталған адам изолятордан шығарылды, кінәлі адамдар жауаптылыққа тартылды (2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 37-НҚ нормативтік қаулы).
Конституциялық Соттың ұстанымынан туындайтын тікелей тыйым салуға қарамастан, Ақмола облысында мүгедектігі бар адамнан мемлекеттік бажды өндіріп алу фактісі анықталды. Прокурордың наразылығы бойынша сот шешімінің күші жойылды (2024 жылғы 26 шілдедегі № 50-НҚ нормативтік қаулы).
Жалпы юрисдикция соттарының конституциялық бақылау органының нормативтік қаулыларын ескере отырып, сот шешімдерін қайта қарауының басқа жағдайлары да орын алды.
Сонымен қатар, осы шешімдерді біркелкі түсіну және қолдану мақсаттарында конституциялық бақылау органының оларды түсіндіру қызметінің тұжырымдамалық мәні бар. Мысалы, Бас Прокурордың атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тұрғын үйге өндіріп алуды қолдануға санкцияның берілуіне қатысты өтініші бойынша Конституциялық Сот меншік мәселелері бойынша Конституция нормаларына ресми түсіндірме берді (2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ нормативтік қаулы). Конституцияның 25 және 26-баптарының ережелерін түсіндіре отырып, барлық даулы жағдайларда мүліктен айыру сот алдын ала қабылдаған шешім негізінде немесе мүлікті иеліктен шығарудың заңдылығына кейіннен сот бақылауы мүмкіндігімен заңда көзделген өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін. Конституцияға сәйкес адам тұрғын үйінен сот шешімімен ғана айырылуы мүмкін, сондықтан прокурордың тұрғын үйге мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсімін санкциялауы сот шешімінің күшін жоймайды, оны алмастырмайды және оған тең келмейді деп көрсетіп өтті.
Осылайша, отандық конституциялық бақылау тәжірибесі қолданыстағы заңнама нормаларының Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін құқық қолдану практикасының маңыздылығын растайды. Мұндай сәйкестікке баға беру нәтижелері бойынша конституциялық емес деп танылған норманың қолданылуын тек тоқтатып қоя салу жеткіліксіз. Конституциялық бақылау органының қорытынды актілерінің негізінде сот шешімдерін қайта қарау және прокурорлық ден қою шараларын қабылдау бойынша келтірілген жағдайлар оның сот немесе қадағалау функциясын жүзеге асырмайтынын, конституциялық қағидаттар мен кепілдіктерге қайшы келетін нормаларды қолдану практикасынан алып тастаудың құқықтық мүмкіндігін қамтамасыз ететінін тағы да дәлелдеп берді.
Мемлекеттік органдар орындап жатқан қорытынды шешімдер
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі тапсырма тұрғысынан мемлекеттік органдар, жоғарыда атап өткендей, Конституциялық Соттың бірқатар нормативтік қаулысын орындауда (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 30-НҚ, 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ, 2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ, 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 57-НҚ, 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 60-НҚ, 2025 жылғы 29 қаңтардағы № 63-НҚ, 2025 жылғы 30 қаңтардағы № 64-НҚ, 2025 жылғы 7 ақпандағы № 65-НҚ, 2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НҚ, 2025 жылғы 27 ақпандағы № 68-НҚ, 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 69-НҚ, 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ нормативтік қаулылар). Осыған байланысты заң шығарушыға заң жобалау қызметі шеңберінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларындағы құқықтық ұстанымдарға, тұжырымдар мен ұсынымдарға назар аудару ұсынылады.
Сот арқылы қорғалу және білікті заң көмегін алу құқығы
2025 жылғы 29 қаңтардағы № 63-НҚ нормативтік қаулыда Қылмыстық-процестік кодекстің 645-бабы төртінші – алтыншы бөліктерінің ережелері Конституцияға сәйкес келеді деп танылды. Алайда Конституциялық Сот кесім шығарылғаннан кейін алқабиді ауыстыру және осыған байланысты алқабилер алқасының таратылуы сотталушының әділ сот талқылау құқығын, әсіресе, кесім ақтау кесімі болған жағдайда бұзуы мүмкін деп көрсетті.
Кесім шығарылғаннан кейін алқабилер алқасының қызметіне кез келген араласу Конституцияның 77-бабының 2-тармағында белгіленген түпкілікті шешім мен құқықтық айқындылық қағидатын бұзады.
Конституциялық Сот қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру кезінде алқабилер алқасының таратылуына (мысалы, қосалқы алқабилер санын ұлғайту арқылы) жол бермеу мүмкіндігін көздеуді, сондай-ақ сот арқылы қорғалу құқығын іске асыру тетігін күшейту үшін анықталған құқықтық олқылықтарды жою мақсатында өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.
2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 60-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот сотталған адамның тәртіптік изоляторда болған кезеңінде адвокаттан немесе медицина қызметкерінен консультация алу мақсатында телефон арқылы сөйлесу құқығына жол бермейтін Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының нормасын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Ішкі істер министрлігіне осы норманың заң көмегін және медициналық көмек алу құқығының конституциялық кепілдігіне құқықтық сәйкессіздігін жою ұсынылды.
Конституциялық Сот 2025 жылғы 7 ақпандағы № 65-НҚ нормативтік қаулысында Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) құмар ойындарға қатысуға байланысты талаптар болған жағдайда сот арқылы қорғалуға жол бермейтін 914-бабы шарт міндеттемелерінің тазалығы және тараптардың тең болу қағидаттарын бұзады деп таныды. Осы баптың қолданыстағы тұжырымы осындай ойындарды ұйымдастырушылардың адал ниетсіз тәсіліне, ойыншылар алдындағы жауапкершіліктерінің болмауына жағдай жасап келді.
Қай ұлтқа жататынын көрсету құқығы, баланы және баланың мүдделерін қорғау
Конституциялық Соттың 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ нормативтік қаулысына Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 65-бабының баланың ұлтын ата-анасының ұлтымен айқындайтын ережелері негіз болды. Конституциялық Сот мұндай норма ата-анасы туралы мәліметтер жоқ жағдайларды (мысалы, жетімдер жағдайын), сондай-ақ өзге де өмірлік жағдайларды ескермейтінін атап өтіп, аталған бапты баланың ұлтын көрсетудің немесе өзгертудің баламалы тәсілдерін көздемейтін бөлігінде конституциялық емес деп таныды.
2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот бала асырап алу кезінде бала асырап алушылардың балалы болуға мұқтаждығы немесе ниеті емес, баланың отбасы ортасында толыққанды даму мен тәрбиелену құқығы аса маңызды болып табылатынын атап өтті. Баланы толық отбасының асырап алуына басымдық берілуге тиіс, бұл ретте бала асырап алушылар мен асырап алынатын бала арасындағы бауыр басушылық пен психоэмоционалдық байланыс, қарым-қатынастырының ұзақтығы, туыстық байланыстары ескерілуге тиіс. Үкіметке бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіру туралы заң жобасын енгізу ұсынылды.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы және кемсітпеушілік
2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 30-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот әлеуметтік жеңілдіктер беруді тоқтату туралы норманы Конституцияға сәйкес келеді деп таныды, алайда қазіргі ахуалды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелеріндегі тәсілдерді қайта қарауды ұсынды.
Конституциялық Соттың 2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НҚ нормативтік қаулысында жас балаларына тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты ата-анасының кез келгенінің еңбек өтілін есептеу кезінде ескерілуге тиіс деп белгіленді. Конституциялық Сот Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағының 8) тармақшасын ана мен әкенің ата-ана ретіндегі еңбегін тең тануды көздейтін түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Бұл отбасын, ана мен әкені қорғау қағидаттарына сәйкес келеді.
Конституциялық Сот 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 нормативтік қаулысында әлеуметтік заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымды белгілеп берді.
Еңбек ету бостандығы құқығы және мемлекеттік қызметтегі жария мүдделер
2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 57-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот мемлекеттік қызметке кіру мәселелері бойынша заңнамалық тәсілдерді нақтылауды ұсынды.
Меншік және мұрагерлік құқығы
Конституциялық Сот 2025 жылғы 30 қаңтардағы № 64-НҚ нормативтік қаулысында Жер кодексінің өсиет бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлыққа жол бермейтін нормасын конституциялық емес деп таныды. Конституциялық Сот мұрагерлік – кепілдік берілген конституциялық құқық, ал заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлер арасындағы айырмашылық өз еркін білдіру бостандығы мен кемсітпеушілік қағидаттарын бұзады деп атап көрсетті.
2025 жылғы 27 ақпандағы № 68-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот сақтандырылған адам қайтыс болғаннан кейін сақтандыру сомасын алудың мүмкін еместігі туралы норманы Конституцияға сәйкес келеді тани отырып, Азаматтық және Әлеуметтік кодекстердің нормалары мен ережелері арасындағы құқықтық екіұштылықты жою қажеттігін көрсетіп өтті. БЗЖҚ-ға қаражат аудару мүмкіндігін қоса алғанда, сақтандырушы құқықтары мен міндеттерінің өтуін көздеу ұсынылды.
Тең болу және кемсітпеушілік
Конституциялық Сот 2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ нормативтік қаулысында автомобильдерді уақытша әкелу туралы нормаларды қарап, елден тыс жерде тұрақты тұратын және жеке автокөліктің адал ниетті иесі болып табылатын Қазақстан азаматтарының құқықтарын шектеу тең болу қағидатына толықтай сәйкес келмейді деп таныды.
2025 жылғы 16 сәуірдегі № 69-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот жер учаскелерін жалдау конкурсын өткізу кезінде жергілікті тұрғындарға қосымша балл беру туралы норманы Конституцияға сәйкес келеді деп тани отырып, мұндай артықшылық ауыл шаруашылығын дамыту және жергілікті халықты қолдау міндетімен байланысты болғандықтан, басқа қатысушыларға қатысты кемсітушілік болып табылмайды деп атап өтті. Алайда шешімде заңға тәуелді акт ережелерінің Жер кодексі нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында оларды нақтылау ұсынылды.
Осы Жолдауда Конституциялық Соттың мемлекеттік органдарда орындалып жатқан қорытынды шешімдеріндегі негізгі құқықтық ұстанымдар, тұжырымдар мен ұсынымдар баяндалды, оларға заң шығару қызметін жоспарлау шеңберінде назар аударған жөн.
Бұл тұрғыда Үкімет Регламентіне тиісті өзгерістерді енгізу конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерінің орындалуы үшін оң фактор болды, бұл заң шығарушы орган тарапынан да ден қоюдың ақылға қонымды мерзімдерінің белгіленуін көздейді.
Бір жағынан, мемлекеттік органдар конституциялық іс жүргізуге байланыстырмай, қолданыстағы норманың анықталған құқықтық екіұштылығын проактивті түрде жоюға немесе осалдығының алдын алуға міндетті. Бұл, әсіресе, мемлекеттік басқару саласына цифрландыруды енгізуді және жасанды интеллектіні қолдануды қоса алғанда, жаһандық трансформациялар аясында өзекті болып отыр.
Конституциялық бақылау органы шешімдерінің орындалуымен байланысты және Мәжілістің қарауындағы бірнеше заң жобасына енгізілген заңнамалық ұсыныстарды қараудың маңыздылығы да кем емес (2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ, 2023 жылғы 6 қазандағы № 32-НҚ, 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 40-НҚ, 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ, 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 42-НҚ, 2024 жылғы 4 мамырдағы № 43-НҚ, 2024 жылғы 16 мамырдағы № 44-НҚ, 2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ, 2024 жылғы 28 маусымдағы № 46-НҚ, 2024 жылғы 5 шілдедегі № 47-НҚ, 2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 51-НҚ, 2024 жылғы 9 қазандағы № 52-НҚ, 2024 жылғы 9 қазандағы № 53-НҚ, 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 55-НҚ нормативтік қаулылар).
Нормативтік құқықтық актілердің конституциялық заңдылығын белгілеу тетігі істі қарау барысында нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану мәселесін қоюға құқылы соттардың өкілеттігін де қамтиды.
Мемлекеттік органдардың құқық түсіндіру жұмысы Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын қамтуға және тұрақты негізде жүргізілуге тиіс. Бұл қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, елімізде Конституцияға сәйкес заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал ететін болады.
Қабылданған қорытынды шешімдердің негізінде Конституциялық Сот заң шығару күн тәртібі шеңберінде мынадай мәселелерді қарау мүмкін деп пайымдайды:
1. Алқабилердің сот процесіне қатысуына, баланың ұлтын анықтауға және көрсетуге, бала асырап алудың құқықтық институтын жетілдіруге және алименттік міндеттемелерге қатысты құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік, Неке
(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және олармен байланысты баcқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы.
2. Ойын бизнесін, сондай-ақ мұрагерлік пен сақтандыру мәселелерін реттеудегі құқықтық екіұштылықты жою мақсатында Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу туралы.
3. Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілінде есепке алуды, сондай-ақ қазіргі ахуалды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарауды қамтамасыз ететін өзгерістер енгізу туралы.
4. Сақтандыруға және зейнетақы жинақтарына қатысты ережелер бөлігінде азаматтық және әлеуметтік заңнама нормалары арасындағы құқықтық коллизияны жою туралы.
5. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң шеңберінде мемлекеттік қызметке кіру мәселелерінде өтелген немесе алынған соттылықтың құқықтық салдарын реттеу туралы.
6. Қазақстан Республикасына көлік құралдарын уақытша әкелу тәртібіне, жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін жалдау конкурстарына қатысу шарттарына, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәртіптік изолятор режиміне қатысты мәселелерді құқықтық реттеу туралы.
7. Парламенттің келесі сессиясы шеңберінде заң жобаларының тұжырымдамалық негіздемелерін қарау және заңнамалық мониторинг нәтижелерін талдау кезінде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын есепке алу туралы.
Осы тұрғыда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары дайындаған норма шығару және құқық қолдану практикасын жетілдіруге, оның ішінде конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін орындауға қатысты заңнамалық ұсыныстар топтамасы ерекше назар аударуды талап етеді.
Осы айтылғандарды қорытындылай келе, нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттырудың және нормалардың құқықтық айқындылығы, мөлшерлестігі мен болжамдылығы қағидаттарын сақтаудың принципті маңыздылығын атап өту керек. Бұлар сақталмаған жағдайда құқық қолдану практикасында бұзушылық тәуекелдері және соның салдарынан азаматтардың заңға деген сенімінің азаюы туындауы мүмкін.
Заң мен тәртіпті сақтау қағидаты конституциялық заңдылықтың мәні болып табылатын, қоғам мен мемлекет өмірінің, жеке тұлғаны құрметтеудің тұжырымдамалық қағидаларына негізделген. Негізгі Заңды сақтау құқықтық тәртіп пен мәдениеттің басты өзегі болып қала береді. Біздің ортақ міндетіміз – тиімді конституциялық бақылау және заңнамалық ден қою арқылы мемлекеттік иммунитетті нығайту. Демек, конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдері заңнамалық процестің және құқық қолдану практикасының міндетті элементіне айналуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |