Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 70-бабының 3-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Елді мекендер үшін сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымының ең төменгі стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-миниcтріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Министрдің міндетін атқарушы | Р. Исақұлов |
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 4 қарашадағы № бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының елді мекендері үшін сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының ең төменгі стандарты
1-тарау. Негізгі ережелер
1. Қазақстан Республикасының елді мекендері үшін сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның ең төменгі стандарты (бұдан әрі – Стандарт) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 70-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымының тозу дәрежесін, техникалық аудит нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Су кодексінің (бұдан әрі – Су кодексі) 103-бабында көзделген сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының елді мекендерінде халықты сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды белгілейді.
2. Стандарт:
1) даму жоспарын, оның ішінде мемлекеттік органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың инвестициялық жоспарын әзірлеу;
2) сумен жабдықтау мен су бұрудың жаңа жүйелерін жобалау кезінде;
3) қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру объектілерін жаңғырту және қайта құру;
4) сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялардың негіздемесі;
5) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 80-бабында көзделген салалық әдістемелерді әзірлеу кезінде қолданылады.
2-тарау. Қайта құру және жаңғырту үшін негіздер
3. Сумен жабдықтау және су бұру объектілерін қайта құру, жаңғырту немесе салу туралы шешім:
1) құбырлар мен құрылыстардың тозу дәрежесі 60%-дан асқан жағдайда (техникалық аудит деректері бойынша);
2) қолданыстағы сұраныс кезінде құбырлардың нормативтік қысымы мен өткізу қабілетін қамтамасыз етудің техникалық тұрғыдан мүмкін еместігі анықталған;
3) халық санының өсуіне немесе жаңа аймақтардың (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы, көппәтерлі тұрғын үй кешендері, өнеркәсіптік объектілер) қосылуына байланысты су алу көлемін ұлғайту қажеттілігі расталған;
4) жерасты немесе жерүсті көздерінің расталған қорларының (Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректері негізінде), орталықтандырылған кадастрлық немесе геологиялық-гидрогеологиялық бағалау жөніндегі ғылыми-өндірістік орталықтың, гидрогеологиялық қорытындылардың төмендеуі) тіркелген ;
5) су дайындау технологиясын өзгертуді немесе су көзін ауыстыруды талап ететін санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асатын су сапасының нашарлауы анықталған жағдайларда қабылданады.
3-тарау. Су ресурстарының өзгеруін ескеру
4. Ұңғымалардың дебитінің төмендеуі, су сорғы горизонттары деңгейінің төмендеуі немесе жерүсті су көзінің маусымдық тұрақсыздығы расталған кезде:
1) Су кодексінің 30-бабына сәйкес қайта гидрогеологиялық бағалау жүргізіледі;
2) жаңа ұңғымаларды бұрғылау, жерастынан жерүсті көзіне ауыстыру не модульдік тұщыту/сүзу станцияларын орнату;
3) суды үнемдеу және тасымалдау кезіндегі шығындарды қысқарту жөніндегі шараларды іске асыру.
5. Су тартудың жоспарланып отырған көлемдері расталған қорлардың өзекті деректеріне негізделеді, бассейндік инспекциямен және мемлекеттік су ресурстарының мемлекеттік теңгерімімен келісіледі.
Сондай-ақ, Су кодексінің 114-бабына сәйкес су тапшылығы қаупі туындаған жағдайда суды пайдалануды шектеу қажеттілігі ескеріледі.
4-тарау. Қаржыландыру және басымдық
6. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу жөніндегі іс-шараларды қамтитын жобалар Қазақастан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 393 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36952 болып тіркелген) Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу жөніндегі қағидаларға сәйкес іске асырылады.
Бұл ретте, мемлекеттік органдардың немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың инвестициялық жоспарларына енгізілетін инвестициялық жобалар басым тәртіппен іріктеледі:
1) алдыңғы қаржы жылдарында басталған (жалғасатын) мемлекеттік инвестициялық жобалар;
2) аза маңызды нысандар;
3) жалпыелдік маңызы бар жобалар;
4) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен алынған техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманы қолдана отырып, жүзеге асырылатын жаңа объектілерді салу.
5-тарау. Іске асыру құралдары
7. Шешімдердің негізділігін және жобаларды іріктеудің ашықтығын арттыру үшін сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инфрақұрылымның жай-күйі бойынша деректерді (тозуды, қысымды, апат жиілігін, техникалық зерттеп-тексеруді қоса алғанда), цифрлық гидравликалық модельдерді (жүйелер топтары бойынша), диспетчерлеу және мониторинг платформаларын пайдаланылады.
6-тарау. Сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз ету қағидаттары
8. Елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру:
1) халық санына;
2) желілер мен құрылыстардың техникалық жай-күйіне;
3) ауыз су көздерінің болуы немесе болмауына;
4) экономикалық және әлеуметтік орындылығына байланысты қамтамасыз етіледі.
9. Инфрақұрылымдық шешімнің түрі:
1) қолданыстағы желілердің техникалық аудиті;
2) жергілікті атқарушы орган әзірлейтін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспары;
3) тозу деңгейі бойынша қорытындылар (60%-дан жоғары тозу кезінде қайта құру міндетті) нәтижелері бойынша айқындалады.
7-тарау. Елді мекендерді жіктеу және шешімдер түрлері
Елді мекеннің санаты | Халық саны, адам | Сумен жабдықтау | Су бұру |
Қалалық елді мекендер және ауылдық елді мекендер | 200 ден жоғары | Орталықтандырылған жүйе | Орталықтандырылған немесе жергілікті тазарту құрылыстары |
50–200 | Кешенді блок-модульдер (КБМ) | Жергілікті жүйелер (септиктер) | |
50 ден төмен | Су жеткізу, дербес шешімдер | Жеке жиналғыштар, биотуалеттер |
8-тарау. Нысандардың тозуын және жай-күйін есепке алу
10. Сумен жабдықтау және су бұрудың барлық объектілері 5 жылда кемінде бір рет тұрақты техникалық аудитке жатады.
Тозу дәрежесі кезінде:
40–60%— нысан күрделі жөндеуге немесе жаңғыртуға жатады;
60%-дан астамы— нысан қайта құрылуға немесе толық ауыстырылуға жатады.
11. Егер нысан санитариялық немесе техникалық талаптарға сәйкес келмесе — оны пайдаланудан шығару туралы шешім шығарылады.
12. Техникалық аудит нәтижелері:
1) елді мекен инфрақұрылымының паспортын;
2) елді мекеннің немесе ауданның сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарын;
3) инвестициялық даму және бюджеттік жоспарлау бағдарламаларын қамтиды.
9-тарау. Санитарлық және су қорғау жағдайлары
13. Сумен жабдықтау саласында іске асырылатын жобаларда су, экологиялық және кодекс денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес су қорғау аймақтары, белдеулері, олардың шекаралары белгіленеді.
Тазартылмаған сарқынды суларды жергілікті жер бедеріне ағызуға жол берілмейді.
10-тарау. Мониторинг және қайта қарау
14. Жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органдардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, тозу дәрежесін көрсете отырып, электрондық форматта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің тізілімін жүргізеді. Көрсетілген тізілім жыл сайын, есепті жылдан кейінгі айдан кешіктірмей су қорын қорғау және пайдалану саласындағы, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Осы Стандарт 3 жылда кемінде бір рет немесе заңнамалық база өзгерген кезде қайта қаралуға жатады.