Сот орындаушыларының ішкі істер органдарының қызметкерлерімен атқарушылық іс жүргізулер бойынша борышкерлерді әкімшілік іс қозғау үшін күштеп әкелуді жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимылын реттеу мақсатында, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 785-бабын (бұдан әрі – Кодекс), "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26, 35-1-бабтарын және 167-бабының 12) тармақшасын басшылыққа ала отырып БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әділет департаменттерінің басшылары:
1) атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлерді Кодекстің 669-бабы негізінде әкімшілік хаттама жасау үшін шақыру қағазын жіберу арқылы мемлекеттік сот орындаушысына келу туралы тиісті түрде хабардар ету шараларын қабылдауды;
2) тиісті түрде хабарландырылған борышкер келмеген жағдайда, оның өндірісінде бар атқарушылық іс жүргізу жеке сот орындаушысына келуден бас тартқан тұлғаға қатысты күштеп әкелу туралы қаулы шығару қажеттігі туралы хат жолдауды;
3) жеке сот орындаушысы он жұмыс күні ішінде күштеп әкелу қаулысын шығармаған жағдайда, материалдарды сот орындаушысына қайтаруды;
4) борышкерді жеке сот орындаушысы мен ішкі істер органдарының қызметкерлері күштеп әкелгеннен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болған жағдайда әкімшілік хаттаманы толтыруды қамтамасыз етсін.
2. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жеке сот орындаушылары өңірлік палаталарының басшылары:
1) Әділет департаментінен борышкердің мемлекеттік сот орындаушысына келмегені туралы хатты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде борышкерді күштеп әкелу туралы уәжделген қаулы шығарып, оны санкциялау үшін сотқа жолдауды;
2) күштеп әкелу туралы сот санкциялаған қаулыны борышкердің тұратын (немесе орналасқан) жері бойынша ішкі істер органдарына жолдауды;
3) борышкерлерді күштеп әкелу туралы қаулымен таныстыруды және сот орындаушысының қаулысына Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасау құқығын түсіндіруді;
4) ішкі істер органы қызметкерінің қатысуымен борышкерді әкімшілік хаттама жасалатын жерге үш сағаттан аспайтын мерзімге және жұмыс күндері ғана сағат 9-дан 18-ге дейін күштеп әкелу арқылы жүзеге асыруды;
3. Ішкі істер органдарының қалалық және аудандық бөлімдерінің бастықтарына:
1) сот орындаушылары жолдаған, келуден бас тартқан тұлғаны күштеп әкелу туралы қаулыларды қабылдауды және уақтылы тіркеуді;
2) сот санкциялаған қаулыны алғаннан кейін, күштеп әкелуге жататын тұлға бойынша барлық тіркеу деректерін тексеруді (азаматтық қаруының бар-жоғы, ішкі істер органдарында есепте тұруы және т.б.);
3) атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы сот орындаушысына борышкерді күштеп әкелуге жәрдем көрсетуді;
4) қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыру үшін атқарушылық әрекеттер жүргізілетін жерге белгіленген уақытта келуді;
5) қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы оған қатысты соттың қаулысы шығарылған борышкерді арнайы әкімшілік қабылдау орындарына оны тікелей жеткізу арқылы қамауға алуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитетіне және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетіне жүктелсін.
5. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді.
|
Қазақстан Республикасының Әділет министрі |
_______ Е.Ж. Сәрсембаев |
|
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі |
_______ Е.С. Сәденов |