БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеудің және оны өткізу шарттарының, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2020 жылғы 26 маусымдағы № 80, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 199 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 14 шiлдедегi № 675 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20984 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне қызметке кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеутеудің және оны өткізу шарттарының, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидаларында:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) ақпараттық автоматтандырылған дерекқор (цифрлық жүйе) – құқық қорғау қызметіне кіру мәселелері бойынша жоспарлауға, іріктеуге (құжаттарды қабылдауға) және персоналды басқаруға байланысты қызметті автоматтандыруға арналған ақпаратты, жинауды, сақтауды, беруді және өңдеуді қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешен;";
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"4) жеке кабинет – цифрлық жүйеде тіркелгеннен кейін қолжетімді және құқық қорғау органымен электрондық өзара іс қимылды қамтамасыз ететін кандидаттың жеке парақшасы;";
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"14) техникалық қолдау – цифрлық жүйенің үздіксіз жұмысына байланысты мәселелер бойынша кандидаттарға көмек көрсететін қызмет;";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Іріктеуге мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өткен тұлғалар қатысады.
Киберқауіпсіздік, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және деректерді талдау саласындағы кандидаттар үшін (бұдан әрі - цифрлық технологиялар саласындағы кандидаттар) іріктеудің арнайы өлшемшартары белгіленеді.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Кандидаттардың іріктеуден өту үшін цифрлық жүйеде тіркелу тәртібі, қажетті талаптар және іріктеу кезеңдерінің өткізілуін бақылау.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Іріктеу цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады, онда кандидат жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) арқылы тіркеуден өтеді.
Кандидатты тіркеу рәсімінен кейін жеке кабинет цифрлық жүйеде автоматты түрде құрылады.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген құжаттарды жүктеген кандидат цифрлық жүйеде іріктеу кезеңдеріне кіріседі.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Кандидатқа тәуелді емес себептермен, атап айтқанда цифрлық жүйенің техникалық ақаулары, электр энергиясының не интернеттің ажыратылуы бойынша кезеңдерден өту мүмкін болмаған жағдайда, осы фактіні растайтын тиісті ұйым, оның ішінде мүліктің меншік иелері бірлестігі үш жұмыс күні ішінде берген құжат болған кезде кандидатқа қайта өту мүмкіндігі беріледі.
Аталған құжат болмаған кезде кандидат іріктеудің кез келген кезеңінде өткен нәтижелердің күші жоя отырып, алып тастауға жатады.";
16, 17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Цифрлық жүйеде осы Қағидалардың 17-тармағындағы 4), 5), 6), 9) тармақшаларында көзделген кезеңдерден өтпеген, сондай-ақ 7), 8) тармақшаларында көрсетілген кезеңдерге дәлелсіз себептермен келмеген кандидатқа іріктеудің одан әрі кезеңдеріне өтуіне жол берілмейді.
17. Іріктеу цифрлық жүйеде бірқатар мынадай кезекті кезеңдерден:
1) іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) іріктеуге қатысуға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарынан құжаттарды қабылдау;
3) құжаттардың дұрыстығы мен толықтығын, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне түсу үшін кандидатқа қойылатын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
4) кейстік міндеттерді шешу;
5) эссе жазу;
6) психологиялық-социологиялық зерттеуден өту;
7) әскери-дәрігерлік комиссияларда (бұдан әрі - ӘДК) медициналық және психофизиологиялық куәландырудан өту;
8) полиграфологиялық зерттеуден өту;
9) цифрлық жүйеде онлайн режимде әңгімелесуден өтуді қамтиды.
18. Іріктеуді өткізу туралы хабарландыру (бұдан әрі – хабарландыру) цифрлық жүйеде, сондай-ақ құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында орналастырылады.
Бұл ретте, хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.";
20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Кандидат цифрлық жүйенің жеке кабинетіне мынадай құжаттарды жүктейді және толтырады:
1) электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған іріктеуге рұқсат беру және кез келген өңірде қызмет өткеруге келісім беру туралы арыз;
2) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нострификация рәсімінен өткенін немесе танылғанын растайтын білім туралы құжаттарды және оларға қосымшаларды (шетелдік білім беру мекемелері берген дипломдар үшін, салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларды), сондай-ақ білімін растайтын өзге де мәліметтерді кандидат өз қолымен жүктейді;
3) цифрлық жүйеде белгіленген үлгіге сәйкес егжей-тегжейлі өмірбаяны;
4) өлшемі 10 мбайттан аспайтын 3х4 ағымдағы фотосуреті;
5) кандидаттың қалауы бойынша қосымша сипаттайтын құжаттардың, оның ішінде цифрлық технологиялар саласындағы (сертификаттар, куәліктер, дипломдар, грамоталар, наградалар және басқалар) көшірмелері.
21. Цифрлық жүйе құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде құжаттарды кандидаттың құқық қорғау қызметіне кіру үшін белгіленген біліктілік талаптары сәйкестігіне, сондай-ақ олардың дұрыстығы мен толықтығына тексеруді жүзеге асырады.
Сонымен қатар цифрлық жүйе кандидаттың "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне интеграция қамтамасыз етілген цифрлық ресурстар арқылы тексеру жүргізеді.";
24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері цифрлық жүйеде кандидаттармен кейстік міндеттерді жүргізу күні мен уақыты көрсетілген Кестені қалыптастырады және орналастырады.
25. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес цифрлық жүйеде кейстік міндеттерден өту үшін күн мен уақытты таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын цифрлық жүйеге қосылады.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Кандидаттар арасында кейстік міндеттерді бөлу кездейсоқ тәртіппен кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жүзеге асырылады.
Цифрлық технологиялар саласындағы кандидаттар үшін жағдайды модуляциялау және тиісті жоба құрып, оны әңгімелесуде таныстырылымымен жекелеген кейстік міндеттер белгіленеді.";
29, 30 және 31-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Кейстік міндеттерден өту нәтижелерін бағалау цифрлық жүйесі автоматты түрде жүзеге асырады.
Дұрыс жауаптардың жартысын және одан да көбін жинаған кандидаттар кезеңнен сәтті өтті деп есептеледі және келесі кезеңге өтеді.
30. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері цифрлық жүйеде кандидаттардың эссе жазу күні мен уақыты көрсетілген Кестені қалыптастырады және орналастырады.
31. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес цифрлық жүйеде эссе жазу күні мен уақытын таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын цифрлық жүйеге қосылады.";
37, 38 және 39-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеу ғылыми негізделген әдістерді қолдана отырып, кандидаттардың психологиялық, іскерлік және жеке қасиеттерін зерттеуге бағытталған психодиагностикалық зерттеуді қамтиды.
Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесі автоматты цифрлық жүйемен қалыптасады.
Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне психолог-полиграфолог, құқық қорғау органдары комиссиясының төрағалары, мүшелері мен хатшылары ғана қол жеткізе алады.
38. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері цифрлық жүйеде психологиялық-әлеуметтанулық зерттеуден өту үшін күндер мен уақыттарды көрсете отырып, Кесте қалыптастырады және орналастырады.
39. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес цифрлық жүйеде психологиялық-әлеуметтанулық зерттеуден өту үшін күн мен уақытты таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын цифрлық жүйеге қосылады.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Осы Қағидалардың 17-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген кезеңдерден өткен кандидат үшін цифрлық жүйеде ӘДК-ден өтуге жолдама автоматты түрде қалыптастырылады.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Кандидаттың ӘДК-ден өту нәтижелерін цифрлық жүйеде аумақтық әскери-дәрігерлік комиссия қалыптастырады.";
49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"49. Комиссия мүшелерінің құрамын құқық қорғау органының басшысы бекітеді және әңгімелесу күніне кездейсоқ тәртіппен, оның ішінде оның төрағасы айқындалады.
Комиссия құрамына кіретін адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, функционалдық бағыты бойынша кемінде жеті жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуы қажет.
Комиссия құрамына цифрлық технологиялар саласындағы кандидаттармен әңгімелесу үшін осы салада арнайы білімі бар қызметкерлер енгізіледі
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Комиссия мүшелері туындаған мүдделерге қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы Комиссия төрағасын жазбаша нысанда белгілі болған бойда хабардар етеді.
Аталған адамдардың өтініштері бойынша Комиссияның төрағасы немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдайды:
1) осы тармақта көрсетілген адамдарды комиссиясы мүшесінің міндеттерін орындаудан алшақтатады және оны басқа лауазымды адаммен ауыстыруды жүзеге асырады;
2) мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қабылдайды..";
50 және 51-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"50. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері әңгімелесу өткізілетін күндер мен уақытты көрсете отырып, цифрлық жүйеде Кесте қалыптастырады және орналастырады.
51. Кандидат қалыптастырылған Кестеге сәйкес цифрлық жүйеде әңгімелесуден өту күні мен уақытын таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын цифрлық жүйеге қосылады.";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Әңгімелесуге байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), саяси партиялардың өкілдері және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатыса алады.";
57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"57. Әңгімелесуде кандидат үш минут ішінде өзін және қызмет бағыттарын, тиісті сала немесе кәсіпті дамытудағы көзқарасын таныстырады.
Цифрлық технологиялар саласындағы кандидаттар үшін қосымша бес минут олардың әзірлеген жобасын таныстыруға бөлінеді.
Кандидаттың таныстырылымы комиссия мүшелерімен осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бағаланады.";
62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"62. Шешім цифрлық жүйеде хаттама түрінде автоматты режимде ресімделеді және оған комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.";
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"65. Әңгімелесу барысында жазылған техникалық жазу құралдары цифрлық жүйеде бір жыл бойы сақталады.";
67 және 68-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Іріктеу нәтижелері цифрлық жүйеде және құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында соңғы кандидаттың әңгімелесуі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жарияланады.
68. Әңгімелесу нәтижелерімен келіспеген кандидат іріктеу нәтижелері цифрлық жүйеде жарияланғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде апелляцияға бере алады.";
74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"74. Қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия мынадай екі шешімнің бірін қабылдайды:
1) іріктеу нәтижелерін өзгеріссіз, ал апелляцияны қанағаттандырусыз қалдырылсын;
2) кандидаттың апелляциясы қанағаттандырылсын.
Апелляциялық комиссияның шешімі цифрлық жүйеде хаттама түрінде автоматты режимде ресімделеді және оған комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"76. Цифрлық жүйеде алғашқы кәсіптік даярлық курсанттармен 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңба арқылы құқық қорғау органы, Академия және курсант үшжақты келісімшартқа қол қойылады.";
99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Тағылымдама кезеңінде құқық қорғау органының уәкілетті басшысы не құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшысы курсантты киберқауіпсіздік қызметі белгілеген шектеулермен цифрлық жүйелерге қол жеткізуді қоса алғанда, жұмыс үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етеді.";
107-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) тағылымдама кезеңінде Жоспардың іске асырылуы (еркін нысанда), басқа да орындалған тапсырмалар, алған білімдері мен дағдылары туралы есепті күн сайын дайындайды және тәлімгерге ұсынады, сондай-ақ оларды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Академияның цифрлық жүйесіне жүктейді;";
118-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"118. Академия курсанттарын құқық қорғау органының аумақтық органдардың кадрларына бөлу және қабылдау әрбір курсанттың құжаттарды тапсыру аймағын, сондай-ақ аумақтық құқық қорғау органдарында бос лауазымдардың болуын ескеріп, кездейсоқ таңдау алгоритмін қолдана отырып, цифрлық жүйемен автоматты режимде жүзеге асырылады.";
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы:
1) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Құқық қорғау органдары академиясының қызметін ұйымдастыруды қадағалайтын орынбасарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы |
__________Ж. Элиманов |
|
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры |
__________Б. Асылов |