Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының 25-1-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 "Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы" Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті туралы ережесінің 14-тармағы 1) тармақшасының жиырмасыншы абзацына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы Инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу комиссиясын құру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры | Б. Асылов |
| Қазақстан Республикасы | |
| Бас Прокуроры | |
| 2026 жылғы | |
| 20 шілдедегі № 118 | |
| бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы Инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу комиссиясын құру қағидалары
1. Осы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы Инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу комиссиясын құру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 25-1-бабының 1 тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 "Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы" Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті туралы ережесінің 14-тармағы 1) тармақшасының жиырмасыншы абзацына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – Комитет) жанындағы Инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құру тәртібін айқындайды.
2. Комитетке инвестициялық қызметке байланысты дауды сотқа дейінгі реттеу туралы инвестордың, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, мекеменің, квазимемлекеттік сектор субъектісінің, инвестициялық прокурордың өтініші келіп түскен кезде, Комитет төрағасы не ол болмаған кезде оның міндетін атқарушы тұлға өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Комиссия құру туралы шешім қабылдайды.
Жолданым Конституциялық Заңның 25-1-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткеннен кейін ұсынылған жағдайда, Комитеттің мұндай жолданымды қарауға қабылдаудан бас тартуға құқығы бар.
3. Комиссияны құру туралы шешім Комитет төрағасының не ол болмаған кезде оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен ресімделеді, аталған бұйрықпен Комиссияның құрамы, оның төрағасы және хатшысы бекітіледі.
4. Комиссия оның төрағасын қоса алғанда бес мүшеден тұрады. Комиссияның құрамына Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының мүшесі, "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі (төраға орынбасары деңгейінен төмен емес) кіреді.
5. Егер Комиссияның қарауына ұсынылған материалдарды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін тиісті құқықтық қатынастар саласындағы сараптамалық пікір қажет болған жағдайда, Комиссияның отырысына өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдар шақырылады.
6. Комиссияның жұмыс органы Комитет төрағасы айқындайтын Комитеттің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Жұмыс органы Комиссияны құру және оның құрамын бекіту туралы бұйрық шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Комиссияның қарауына материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, күн тәртібінің жобасын қалыптастырады және Комиссия отырысын өткізуді ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
7. Комиссия қызметін жүзеге асыру тәртібін Комитет төрағасы айқындайды.
8. Комиссия отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оның негізінде Комитет қорытынды шығарады.